Асыл жеңешемізге ақ тілек!
Бүгін, 2021 жылдың 7-ші қаңтарында Атлас жеңгеміз 80 жасқа толып отыр. Мерей тойыңыз құтты болсын асыл жеңешеміз!
Арқаның еркесі, халқымыздың мақтанышы, аталарымыз үзеңгілес болған Естай ақын атындағы ауылда дүниеге келгенімізбен 1955-56 жылдары әкеміздің мұғалімдік қызметіне байланысты сол кездегі Чкалов атындағы совхоздың бөлімшесі Қарабұзау деген ауылға көшіп барып, біз сол ауылда бастауыш мектепке барып оқи бастаған кезіміз. Ауыл үлкен болмағанымен, сондағы 35-40 шаңырақ бір-бірімен шәй-пұлымен араласып бір әкенің баласындай тату-тәтті өмір сүрген заман еді. Қазіргі кезеңдегі деңгейімізден ой жүгіртіп қарасақ сол бірлікке, сол татулыққа діңгек болып отырған сол ауылдың Әпөш, Байсары, Шәймерден, Досмағамбет сынды ақсақалдары екен. Қора-қопсылары жалғасып, бала-шағалары жарасып жүрулері де сол ақсақалдардың арқасы еді.
Бастауыш мектепте оқып жүрсек те сұлулыққа көзіміз түсетін кезіміз болатын. Есімде ерекше сақталып қалғаны осы төрт ақсақалдың аттың құлағында ойнап, неше түрлі жарыстарға түсіп жүлде алып жүрген ұлдары емес, бәйшешектей құлпырып бой жетіп қалған қыздары екен. Әпөш атамыздың Бәдиға, Гүлжазира, Байсары атамыздың Атлас, Шәймерден атамыздың Фарида, Досмағамбет атамыздың Шәкен есімді қыздары күні бойы шешелеріне үй шаруасына көмектесіп, кешкісін киноға, би кешіне сылқымданып шыққан кездерінде олардың сұлулығы қазіргі Дженифер Лопестерің тырнағына тұрмайтындай біздердің есімізде қалған әсер!
Осы қыздардың бірі емес бірегейі Атлас апамыз бір күні бізге ең жақын жеңгеміз болатынын кім білген! Оған да міне 60 жылға таяп қалды.
Бүгін, 2021 жылдың 7-ші қаңтарында Атлас жеңгеміз 80 жасқа толып отыр. Мерей тойыңыз құтты болсын асыл жеңешеміз! Деніңіз сау болып, бала-шағаңыздың, немере-шөберелеріңіздің, ағайын-туыстардың арасында жаратқан иеміз нәсіп еткен жасын жасап ортамызда көркіңізбен, парасаттылығыңызбен, ерекше мінезіңізбен көріне беріп, ақылшымыз, мақтанышымыз болып жүре беріңіз!
Жеңеше! Біз сізбен неліктен мақтанамыз?!
Дүниеге келген соң қыз баланың мойнына түсетін міндеттері көп қой. Жеңеше, Сіз сол міндеттерді абыроймен атқарып келесіз. Сүйікті жар, келісті келін, қамқоршы ана, әже, қайын жұртыңызға сыйлы да, құрметті жеңге болдыңыз! Олай дейтініміз Қайыргелді ағамызға адал, жарасымды жар болып, ғылымдағы, қызметтегі ауыртпалықтарын бірге көтере жүріп Сәуле, Зәуре, Лаура сынды қарындастарымызды дүниеге әкеліп, еліне танымал азаматтар деңгейінде тәрбиеледіңіз. Енді міне немерелеріңіз Алуа Сүйініш, Қуаныш, шөбереңіз Мансур Сізді әже ретінде сүйкімді қылықтарымен қуантуда! Әділбек ағамызға, Қызқан шешемізге деген қамқорлығыңызбен ел сүйсіне қарайтын келін ретінде танылдыңыз!
Әр адамның мойнына түсетін ауыр жүк, ол, әйел, еркек деп бөлмей ел алдындағы азаматтық борышты өтеу деп білеміз. Ол борышыңызды да жоғары деңгейде орындап шықтыңыз. Кеңестер Одағы кезінде орыс тілін білмеген қазақ балаларының қызметте болмасын, қоғамда болмасын келешегі шектеулі екендігін ерте түсініп Қызылорда педагогика институтын бітіргеннен кейін жастарға орыс тілі мен әдебиетін үйрету саласында 35 жылдан астам қызмет етіп тек қана еліміздегі қазақ балаларына орыс тілі мен әдебиетінің көркемдігін, ғылым мен техника саласында әлемде алтын орнын жеткізе біліп қана қоймай Ресейдің Омбы облысындағы қазақ балаларын да баурап алдыңыз. Еңбегіңіз бағаланып «Қазақ ССР-ы білім беру ісінің озық қызметкері» деген атаққа ие болдыңыз, республикалық, облыстық білім беру жүйелерінің Құрмет грамоталарымен, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен марапатталдыңыз, 20 жылға жақын мектеп директоры болып еңбек демалысына облыстық дәрежедегі Дербес зейнеткер ретінде шықтыңыз, мұндай құрметке ие болған азамат елімізде бірен-саран ғана шығар.
Тағы бір ерекше атайтын дүние, ол Сіздің рухани байлығыңыз. Кеңес Одағы кезінде мемлекеттік мекемелерді басқара жүріп жастарды имандылыққа бет бұрыс жасатқызып тәрбиелеуден қол үзген жоқсыз, мұсылманның бес парызының бірі қажылық сапарға барып АТЛАС қажы атандыңыз. Мұнымен біз қалай мақтанбаймыз?!
Әжібай бабамыздан тараған 400-ге тарта Ертіс өңіріндегі қожалар шаңырақтары, Сізді ең сүйікті Жеңгеміз ретінде құрметтейді, мерей тойыңызбен құттықтайды!
Қайын жұртыңыздың атынан құтықтау жолдап отырғандар:
а.-ш. ғылымдарының докторы, профессор, РФ жоғары мәртебелі Петр І атындағы академияның академигі, академик Андрей Болотов атындағы алтын медальдің, Николай Вавилов атындағы күміс медальдың, ҚР жоғарғы оқу орындарының үздік ұстазы атағының иегері қайныңыз Амангелді Қайырбекұлы Апушев, абысыныңыз Раушан Сләмбекқызы.