Ясауи мұрасы

Шайқым Ахмет Ясауи

Сұбхан Ием өсірді,

Айтты Расул кесімді,

Арсылан Баба жетірді

Шайқым Ахмет Ясауи.

 

Хақ Мұстафа Арманын,

Білдік – Құрма алғанын,

Құрды алқасын Қағбаның

Шайқым Ахмет Ясауи.

 

Басса таулар шегінген,

Бақса Қағба көрінген,

«Хал» ілімі берілген

Шайқым Ахмет Ясауи.

 

Асыл еді нәсілі,

Білмес пенде пасығы.

Хақтың ғана ғашығы

Шайқым Ахмет Ясауи.

 

Ысқақ Баба ұрығы,

Шайх Ибырайым құлыны,

Машайықтар ұлығы

Шайқым Ахмет Ясауи.

 

Ясы суы арасы –

Жатыр гауһар парасы,

Машайықтар сарасы

Шайқым Ахмет Ясауи.

 

Қаршығаны баптаған,

Лашын сұңқар ұстаған,

Сансыз мүрид бастаған

Шайқым Ахмет Ясауи.

 

Шариғатта сыны жоқ,

Тарихатта түбі жоқ,

Ақиқатта міні жоқ

Шайқым Ахмет Ясауи.

 

Шариғатты  жұқтырған,

Тарихатты жұп қылған,

Ақиқатты ұқтырған

Шайқым Ахмет Ясауи.

 

Батыс, Шығыс жақтарда

Одан мәшһүр ат бар ма?!

Құлдық қылған Саттарға

Шайқым Ахмет Ясауи.

 

Он сегіз мың ғаламда,

Аты мәлім кәләмда,

Орны-Дарис-сәламда

Шайқым Ахмет Ясауи.

 

Бабтың бабы – Хорасан,

Сансыз түмен  – Үндістан,

Бабалар басы – Арсылан,

Шайқым Ахмет Ясауи.

 

Астында Хақ пырағы,

Жұпар борап тұрады.

Екі дүние шырағы

Шайқым Ахмет Ясауи.

 

Қызырменен сырласқан,

Ілияспен сыйласқан,

Хақ қасында нұрды ашқан

Шайқым Ахмет Ясауи.

 

Түркістанға баралық,

Қызметінде болалық.

Үлес берсе алалық

Шайқым Ахмет Ясауи.

 

Баба Машын* сүлейден

Бастап бәрі  бір оймен,

Келді  Хакім Сүлеймен –

Шайқым Ахмет Ясауи.

*Баба Машын – Ясауидің шәкірті, хорасандық уәли

Өлең авторы – Сүлеймен Бақырғани (туған жылы белгісіз —1186 ж.) Түркістан қаласында дүниеге келіпті. Ол өзінің «Ақырзаман» кітабында: Ысқақ Баб ұрығы, Шайқы Ибраһим құлыны, Машайықтар ұлығы — Шайқым Қожа Ахмет Ясауи. Шариғаты мінсіз, Тариқаты түпсіз, Хақиқатта өрен жүйрік — Шайқым Ахмет Ясауи,- деп жырлағандай, әйгілі Әзірет Сұлтанға шәкірт болған. Кейін Самарқанд, Бұхара, Хорезм, Шам қалаларында білімін толықтырды. Халық арасында Әкім Ата деген атпен белгілі.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button