Ясауи мұрасы

Біздің іздегеніміз қайсы Сопы Мұхамед Данышпан?

Кәрім Аппазов, зерттеуші

ТАҒЫ ДА, СОПЫ МҰХАМЕД ДАНЫШПАН ТУРАЛЫ

Өткенде Ясауи ата төңірегінде болған 4 Сопы Мұхамед Данышпанның үшеуі Зарнұқийлар туралы қысқаша айтқан едім, олар жайына тағы оралармын. Бүгін мен Ясауитану насабнамаларында Орын-Қойлақи лақапты төртінші Сопы Мұхамед Данышпан жайлы әңгіме қозғамақпын. Алдымен, өткендегі «Исламизация» кітабындағы Арқұқ редакциясы, ІІ топ мәтінінен бір үзінді келтірейін:

«…Оның ұлы(Ибрахим шайхтың) Әзірет Сәдір қожа-ата , ол Қыдыр-Ілияспен Арқұққа барып, 45 жыл сыпыра тұтты, жаңылғандарды тура жолға салды. Оның 3000 муриді болып, оларды толығымен кемеліне жеткізді. Екі ұлының бірінің есімі Қожа Мәлік –хан(басқа нұсқаларда Әбд’әл Мәлік), екіншісі – Қожа Мұхамед-хан(басқа нұсқаларда Мұхамед). Ол ғұлама, құдайдан қорқатын дана еді. Оның лақабы Орын Қойлақи болатын.

Әзірет Сұлтан, пайғамбар тектес Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болғанда сыпырасы Қожа Мұхамед Данышпанға өтті. Ол 93 жыл өмір сүріп, 50 жыл Қыдыр-Ілияспен сұхбаттас болды. 20мың үйлі муриді болды. …» (Исламизация и сакральные родословные в ЦА, ІІтом, 114беттен аударылды)

Осы мәтіндегі Қожа Мұхамед хан мен Қожа Мұхамед Данышпан арасында не айырмашылық болуы мүмкін деп, осы ІІ топтағы(ІІ-1, ІІ-2, ІІ-3) насабнамаларды көтердім. Шежіре ІІ-1, ІІ-2-де(ІІ-3-ті шежіре деуге келмейді) Сәдір – Қожа Мұхамед хан – Қожа Мұхамед Данышпан деп жазылған. Бұлай болуы мүмкін емес, амал жоқ кітаптағы алты топтағы 33 насабнаманы салыстыру үшін түгел көтеріп шығайын. Барлық насабнаманың 19-ында Ясауидың бабасы Ысқақ бабтан таратылатын шежіре бар екен, басқалары Әбдірахым баб, Әбдіжәліл бабтан таратылғандар мен оқуға жарамсыздар. Осы 19-дың ішінен алтауында Сәдір қожаның баласы Сопы Мұхамед Данышпан Орын Қойлақи деп жазылған, алтауында ол орында Сайфиддин (Сафиаддин) жазылған, тағы екі шежіреде(І-6, І-7)Әкесі Сайфиддин мен баласы Захидтің орнын ауыстырған, басқалары жоғарыда аталған Мұхамедхан жазылған екі шежіре мен Сәдірдің басқа баласы Әбдәлмәліктен таратылатын бөлек шежіре.

Бұл салыстырулардан шежірелердің барлығында дерлік Сайфиддиннен кейін Захид жүреді, ал Сәдірдің ұлы болып бірде Сопы Данышпан, бірде Сайфиддин қойылған. Бұл олардың мәтінде айтылатын Сопы Мұхамед лақабы бар Сайфиддин Орын Қойлақи есімді бір адам екеніне негіз болып тұр. Осы тұжырымды тексеруге жәрдемі бар тағы бір мәліметті де салыстырып көрейік, 1166-67 жылы Қожа Ахмет Ясауи қайтыс болғанда оның сыпырасын(суфрасын) қабылдап алған адам:

І топ, Орын Қойлақи тірек мәтін – Сафиаддин Орын Қойлақи.

ІІ топ, Арқұқ редакциясы тірек мәтін – Қожа Мұхамед Данышпан.

ІІІ топ, Қайалық ред. Тірек мәтіні – Сафиаддин Орын Қойлақи.

V топ, Қараспан редакциясы тірек мәтіні – Сүлеймен Уәли Қарашықи.

VІ топ, Катта қожа насанамасы тірек мәтіні – Сопы Данышпан

Бұл жерде Қожа ахмет Ясауидың қазасынан кейін сыпырасын қабылдаған екі адамның бірі болуы мүмкін: Бірі – інісі Сәдір қожаның баласы яғни Сафиаддин десеңіз де, Сопы Данышпан десеңіз де бәрі бір, бір адам, ал екіншісі – қызы Гаухар хұштәжінің күйеуі Сүлеймен Уәли Қарашықи. Сонымен Қожа Ахмет Ясауи атаның төңірегінде болған Сопы Мұхамедтердің төртіншісі – інісі Сәдір қожаның баласы Сопы Мұхамед Данышпан лақапты Сафиаддин Орын Қойлақи деп отырмыз.

Ал енді Қожа Ахмет Ясауидан кейін оның орнына отырған адамды өзіңіз таңдап көріңіз, айтпақшы танымал түрік ғалымы Неждет Тосун өзінің «Мират’ул қулуб» зерттеу еңбегінде бұл орынға – Сүлеймен Уәли Қарашықиды бекітіп қойған екен.

Суретте: Сопы Мұхамед Данышпан Зарнұқийлердің үлкенінің мәйіті жатқан төмпешік шарбақтың аржағында, Арыстан баб кесенесі мен Отырартөбенің ортасында.

ӘЛІ, СОЛ СОПЫ МҰХАМЕД ДАНЫШПАН

Сонымен Ясауи тарихы бойынша Әзірет Сұлтан ата маңындағы Сопы Мұхамед Данышпандарды түгелдеп орын орнына қояйық деген кешегі сұрағым жауапсыз қалды. Ғалымдармен пікір алмасуға дәрежемнің төмендігі өз нәтижесін көрсетіп жатқан сияқты. Бір нұсқам бар еді, соны көрейінші…

Құрметті Досай Тұрсынбайұлы! Dosay Kenjetay Сіздің өткен жылы Халықаралық Қазақ-Түрік Университеті өткізген «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи» тақырыптағы Халықаралық ғылми-тәжірибелік конференциядағы тамаша баяндамаңыздан өзіме ұнаған үзіндіні келтіріп, пікір айтайын:

Баяндама тақырыбы: «Тарихи жазба деректерде Иасауи тұлғасы»

«…Иасауи туралы дерек қалдырғандардың көшбасында Имам Хисаметдин Сығнақи тұр. Оның «Манақиб-и Ахмет-и Иасауи» атты трақтаты ӨҒА Шығыстану Институтының кітапхана қорында(N11084 11а-11б б. арасында) сақталуда. Еңбек парсы тілінде , бірақ жылы көрсетілмеген.

Осы трактатты қолжазбасынан алғаш рет түрік тілінде жариялаған ғалым Неждет Тосун рисаланы ХІІІ ғасыр соңында деп пайымдайды.

Бұл рисала көлемі жағынан шағын болғанымен Иасауи жайлы кейіннен жазылған барлық деректерге барлық деректерге негіз боларлық тарихи маңызы бар еңбек. Мысалы, Иасауи туралы мәлімет қалдырған Алим Шайх өзінің «Ламахат» атты кітабын, Мұхамед Шариф «Хужжат уз-Закирин» трактаттарын жазарда Сығнақидың осы рисаласын басшылыққа алған.

Иасауи сөздерін алғаш хатқа түсірген «Көңілдің айнасы» деген атпен насихаттаған, Иасауидың тариқаты туралы ондағы мақамдар мен психологиялық халдер, сопылық категориялар мен негізгі ерекшеліктерін жазба дерек ретінде қалдырған сопылардың бірі мәулене Сопы Мұхамед Данышпан болатын…»

*Менің ойымша Неждет Тосун Имам Сығнақи(1240-1310) Иасауи трактатын ХІІІғ. Басында жазған деп дұрыс пайымдаған. Осы трактаттың бір нұсқасы Ысқақ Қожа(шамамен (1250-1350) еңбегінің зікірге арналған бөліміңен үзінді депТашкентте (ИВРУз-1де)N3386 санмен неге бөлек сақталынып жақтанын анықтау керек шығар. («Хадикат-ул арифинның» Ташкенттегі ИВРУзда 9 нұсқасы жатыр ғой, оның төртеуі Ысмайыл ата ұрпақтарынан шыққан. Оның үстіне жоғарыда сіз атаған Мұхамед Шарифте Ысмайыл атаның ұрпағы болып отыр(«Хужжат аз-закирин», Санкт-Петербургская рукопись, СПБ ИВР, В3787, л.140б ))

Ал, Сопы Мұхамед Данышпан жазған «Көңілдің айнасына» келсек, ол Имам Сығнақи еңбегінен бұрын жазылған. Тек қайсы Сопы Мұхамед жазған деген сұрақ туындайды. Өйткені 40жыл Ясауидың алдында болып, 40 жыл Отырарда сыпыра тұтқан Сопы Мұхамед Данышпанның үлкені(шамамен1105-1200жж.) де, 12жыл Ясауи алдында болып Шыңғыс ханмен Үргенішке баратын кіші Сопы Мұхамед те Ясауидың тариқатты жүргізу бойынша ілім-амалдарынан өткен, кереметтерін меңгеріп көп санды мурид ерткен сопылар. Тек манақибта аттары аталатың Нажметдиң Қубро(1145-1221), Зеңгі ата(ХІІ ғ. ортасы -1258) сияқты сопы муршидтерінің көрініс табуы олармен замандас болған кіші Сопы Мұхамед Данышпан жазған болар деген ойға жетелейді.

Тағы бір сұрақ: Құрметті Сайпулла Моллақанағатұлы !

Әзірет Сұлтан Ұлттық Музей-Қоры веб-сайтына жазылғанмын, таратылған хабарларын көріп тұрамын. Осыдан іайға жуық фейсбуктан Әлқожа ата кесенесінен берілген хабарда Әлқожа атаның ғылымда бар насабнамалардан басқа таныс емес насабнама көрсетілді. Мен жазып алған едім. Соны ғылымда бар насабнамалар бойынша жасалған кестемен төмендегі суретте беріп отырмын. Бұл не сонда келушілерді шатастыру ма, әлде ғылымға келген жаңалық – Ясауитану бойынша түскен жаңа насабнама ма?

Осы сұрақтарды мен неге қойып отырмын? Сіздердің назарыңызды, сіздер арқылы басқа Ясауитанушы ғалымдардың назарын өзіме аудару үшін.

Себеп? Түрік ғалымы Неждет Тосун біздің зияратжайы, мазары бар әулиемізді, аңыздарымызда айтатын ешкінің пірі – Сөксөк атамызды Қожа Ахмет Ясауидың немересімен екеуін бір адам – Сүзік ата етіп Ташкентке жайғастырып, айналымға салып, Сопы Мұхамед Данышпанның «Мират’ул қулуб» еңбегіне зерттеужұмысымен ғылым әлеміне жар салып отыр.

Біз тарихи құжат, деректері мен насабнамаларын, тарихи орындарын көтеріп – Ясауи атамыздың алдында қызмет етіп, мыңдап мурид ерткен Сөксөк атамызды неге ажыратып алмаймыз? Не айтасыздар, Ясауитанушы қауым?

БІЗДІҢ ІЗДЕГЕНІМІЗ ҚАЙСЫ СОПЫ МҰХАМЕД ДАНЫШПАН?

Ысқақ бабтан таратылатын киелі насабнамаларды түгелдеу бойынша Швейцария Ұлттық Ғылыми Зерттеу Фонды қаржыландырған жоба бойынша 7 ел шығыстанушы ғалымдарының қатысуымен ұйымдастырылған экспедициялар кезінде жинақталған материалдар – 33қолжазбаны камералық өңдеуден өткізіп, ҚР ҒАМ Шығыстану Институты, ӨР ҒА Шығыстану Институты және ХҚТУ қолдауымен Ә. Момынов(Қазақстан), Аньке фон Кюгельген(Швейцария), Девин ДиУис(АҚШ) және Михаель Кемпер(Франция) құрастырған ғылыми-зерттеу еңбек – «Исламизация и сакральные родословные в ЦА», 2том, Алматы-Берн-Ташкент-Блумнгтон – 2008 жылы баспадан шыққан. Ясауи насабнамалары бойынша ең толық жинақталып зерттеу жүргізілген бірден-бір еңбек болып тұр. Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи құрған тариқаттағы оның халифтерінің қазақ жеріндегі бізге ең белгілісі – Сопы Мұхамед Данышпан, ол әйгілі Ясауиды Әзірет Сұлтан деп алғаш атаған «Мират’ул Қулубты» жазған.

Жоғарыда аталған еңбектегі насабнамаларда аталатын Сопы Мұхамед Данышпанның саны төртеу. Біздің мақсатымыз осы Данышпандардың ішінен іздегенімізді тауып, орын орнына қою. Ол үшін жоғарыдағы еңбектен біраз үзінділер терейін:

  1. «… Ахмет қожа атаның Сопы Мұхамед Данышпан деген муриді болды. Оның өте көп кереметтері болатын. Ол бұлтқа отырып, таудан тауға ұшып жүретін. Оның әкесі Махмұд қожа сыпырадар Зарнұқи. Оның әкесі Мұхамед қожа Зарнұқи. Ол Татика ханға күйеу болып келеді. Махмұд қожа сыпырадар әкесі жағынан – Омари, анасы жағынан – Әлауи еді. Шайх Ахмет Ясауи Сопы Мұхамед Данышпанға Отырарға барып, сыпыра тұтып шайх болып, өткен-кеткен сопыларға ас-су беріп, қонақ етуді тапсырды.

Сопы Мұхамед Данышпан Отырарға барып, 70 жыл сыпыра тұтып, шайх болып 70жыл Қыдыр-Ілияспен сұхбаттас болды.Оның Айша Хұштәжі деген қызы болды. Оны Сәдір қожаның баласы Әбд’әл Мәлікке тұрмысқа берді. Бір кездегі қарбаластағы жер-сулар туралы көп таласты әңгімені еске алады..

Ахмет Ясауидың қызы Гаухар Хұштәжі бибі шариғат бойынша неке қиылған соң: «Бізге ата-анамыз сыйлаған Бәрісін, Қыз суы деген жерлер мен оның төңірегінің жайын осында отырғандардың барлығы біледі. Әулие Мәлік лақабы бар Ахмет қожа ұлымның қатысуымен сол жерлерді балам Әбд’әл Мәлікке, әкемнің інісінің баласына беремін. Бүгіннен бастап бұл жөнінде баламыздың, қыздарымыз бен туыстарымыздың ешқандай қарсылығы болмасын. Мен мұның барлығын 3000мысқал қызыл алтынға бағалап, Айша Хұштәжі бибіге «муәжжал» ретінде бердім. Әбд’әл Мәлік «сүт бауырым» болады. Балалығында Сопы Мұхамед Данышпан Әулие Мәлікті сыпыраға қабылдап, «ол менің айырылмас(қиямет) балам», деген. Әкелерің Сүлеймен қожа Қарашықи өмірден өтерінде сендерді қалай орнына қойса, біз де сендерді солай орнымызға қоямыз,» – деп рұқсатын берді.

Әбд’әл Мәлік болса, ол өзінің біржарым жасар баласы- Әбд’әл Әліні Қарашықи Ахмет қожаның сыпырасына отырғызды. Сондықтан Ахмет қожа Әбд’әл Әліні өз бауырының баласы деп қызы Дәулет Хұштәжі бибіні оған ерге берді.

Өмірден өтер кезінде Сәдір қожаның Захид Афзун лақапты Мұхамед шайхтың баласы Сафиад дин Афзун Қойлақиды(басқа нұсқаларда Орын Қойлақи) әкеледі. Ол оны Ахмет қожа атаның ұрпағы ретінде қабылдап, өз орнына отырғызып рұқсатын береді.

Афзун Қойлақы (жер атауы) Бөгетті су өзенінің жолдан алыс емес жерінде орналасқан болатын. Су тартылып тұздану мен су жетіспеушілік себебімен адам тұруға жарамсыз болған соң , адамдар ол жерді тастап кеткен еді. Сондықтан ол жер – Бұзық қорған аталған.

Әбд’әл Халық ханның баласы Хасан хан әкесінің орнына отырып Сопы Мұхамед Данышпанның муриді болған соң, ол барша қауымның қатысуымен Қарашық-кент, Сури-кент, Ортақ-Арық, Тоған-Арық, Созақ-кенттердің жер-суларын вакууф қылды. Ол мұны, Әзірет Ясауи ата ұрпақтарының мүлкі етуді бабаларының кесенесінде сопыларды ас-сумен күтіп, жағдай жасауы үшін істеді…» (Жоғарыда аталған еңбек, 230-231бб, бұл, Vтоптағы Қараспан редакциясы бойынша құрастырылған тірек мәтіннен)

  1. «…(Ясауидың) алдына Сопы Мұхамед Данышпан келеді. Ол Ахмет қожа атаның алдында хилует жасап 40 жыл қызметте болады. Осыдан кейін:

– Отырарға бар, сонда сыпыра тұт, – деп, Сопы Мұхамед Данышпанға рұқсатын береді. Ол Отырарда 40 жыл сыпыра тұтып, 70 жыл Қыдыр, Ілияс және абдалдармен сұхбаттас болады. Сонымен бірге, оның Суксук қожа деген муриді болды. Ол Ясауи қожа атаның алдында 12жыл қызмет етті. Барлығы 112 жыл өмір сүріп, 3000 муриді болды. Оның таңдаулы шәкірті Әулие Мәлік болды, (1.2-де Әулие Мәлік өз орнын Мәлік атаға берді.) Мәлік ата 92 жыл өмір сүрді, 70 жыл Қыдыр, Ілияспен сұхбаттас болды. (Бұл да сонда, 76 бетте, Ітоп, Орын Қойлақи насабнамаларының бірегей нұсқасы мәтіні негізінде құрастырылған.)

  1. «…Қожа Ахмет Ясауидың алдында Зарнұқи деген бір муриді болды, аты Махмұд қожа. Ол өзінің 14 жасар ұлы Мұхамед Данышпан қожаны Атаның хилуетханасына береді. Ол онда 12 жыл қызмет етіп, 40 жыл хилуетте болады және 110 жыл өмір сүреді. Оның соңында 3000 муриді болды. Оның таңдаулы ізбасары Қыдыр, Ілияспен сұхбаттасатын Әулие Мәлік еді…» (Бұл да сонда, 134 бет, Тарихнама, Қайалық редациясының бірегей мәтіні бойынша қарастырылған.)

Есімдерге түсініктеме:

Ахмет қожа ата – Қожа Ахмет Ясауи, Әзірет Сұлтан.

Сопы Мұхамед Данышпан – Қожа Ахмет Ясауидың Отырардағы халифі, Отырардың ханы Татиканың күйеу баласы, Сырдың Отырарға қарсы бетіндегі Зарнұқ қаласынан. Жалпы Ясауи төңірегінде 4 Сопы Мұхамед Данышпан бар, зерттеушілер көбіне осы аттастарды шатастырумен болады.

Татика (Шах Мұхамед) хан – Отырардың ханы(б.қ.ж.1080-1135), 87жыл өмір сүрген.

Сәдір қожа – Қожа Ахмет Ясауидың інісі. Екі баласы бар, үлкені – Сопы Мұхамед Данышпан(шамасы лақабы болса керек) кейбір нұсқаларда Сафиад -дин дейді. Екіншісі – Әбд’әл Мәлік.

Сүлеймен қожа Қарашықи – Қожа Ахмет Ясауидың қызы Гаухар Хұштәжінің күйеуі. Әулие Мәлік лақабы бар Ахмет қожа деген ұлы бар.

Әбд’әл Халық хан – 1135жылы әкесі қайтыс болған соң Отырар тағына отырады. 1167жылы Ясауи қайтыс болғанда, мәйітті жууға кіріп, су құятын осы Әбд’әл Халық хан.

Хасан хан – Әбд’әл Халық ханнан кейін Отырар тағына отырған ұлы, онан кейін оның ұлы Білге хан болады. Білге ханды 1207 жылы Хорезмшах Мұхамед өлтіріп, орнына анасының немере інісі қаңлы Қайыр ханды қояды яғни билік қарахандықтардардан хорезмшахтарға өтеді.

Менің түйгендерім:

Біз іздеген Қожа Ахмет Ясауидың халифы осындағы Сопы Данышпандардың үлкені болуы керек. Ол Татика ханның (б.қ.у. 1080-1135жж.) куйеу баласы, 40жыл Ясауидың алдында болған (шамамен 1120-1160жж.), 40 жыл Отырарда(1160-1200жж., қайтыс болғанша) болған.

Екінші Сопы Мұхамед Данышпан кейбір нұсқаларда Мұхамед деп аталатын оның баласы Махмұд қожа. Ол өзінің(кей нұсқада 14 жасар) ұлы Мұхамед қожаны Қожа Ахмет Ясауидың алдына қызметке береді.

Үшінші Сопы Мұхамед Данышпан біріншінің немересі, екіншінің ұлы Мұхамед қожа(осындағы екінші үзіндіде Ясауи алдында 12жыл қызмет етіп, 110 жыл өмір сүріп, 3000 мурид ертетін Сүксүк қожа) Ясауидың қазасынан кейін, Отырарда өзінің атасына мурид болған. Ясауидың немересі Ахмет қожа алдын үлкен Сопы Мұхамедке, кейін оның немересінің таңдаулы муриді болып, сыпырасын қабылдап Әулие Мәлік атанған болуы керек. Екінші үзіндіде аталған Сүксүк қожаның шын есімі Мұхамед қожа екенін Сүксүк атаның муриді Ыбрайым атаның немересі Ысқақ ата өзінің «Хадикат’ул арифин» еңбегінде айтады. Бұл мәлімет те оның үшінші Сопы Мұхамед Данышпан екендігін айтуға себеп болса керек.

Тағы бір дерек, Рашид’ад Диннің «Жами’ат тауарихында» айтатын Шыңғыс хан әскерімен 1220 жылы Үргенішке баратын Сопы Мұхамед Данышпан осылардың үшіншісі болуы керек. Себебі, Ясауидың алдында 40 жыл болған бірінші Сопы Мұхамед 1200жылдары (Өмір сүрген уақыты шамамен 1108-1200жж.) дүниеден өткен, тірі болғанның өзінде жасы 110-115-ке келген адамды жолға шығару мүмкін емес, сондықтан оның аттас немересі барған деу сенімдірек.

Ал, төртінші Сопы Мұхамед Данышпан, осындай лақабы бар Сафи ад Дин Орын Қойлақи атты Қожа Ахмет Ясауидың інісі Сәдір атаның үлкені.(шежіре нұсқаларында Сопы Мұхамедті бірде Сафиаддиннің әкесі деп, бірде лақабы деп көп шатастырылған) Ясауи ата қаза болғанда мәйітін жуып, оның сыпырасын қабылдап алатын осы – Сопы Мұхамед Данышпан.

Бұл тақырыпты әлі де жалғастырармын, ғалым емес әуесқоймын. Сондықтан қателескен жерім болса айтыңыздар, бірігіп түзетейік.Өткендегі постардың бірінде Әзірет Сұлтандағы ғылыми орталыққа барғанымды, Зікеңмен Зікірия Жандарбек келіскенімді айтқан едім. Әулиелерімізді әкетіп жатыр, бұл мәселеге Зікең екеуміздің шамамыз келмейді-ау, үлкен абыройлы шығыстанушы ғалымдарымыз араласпаса болмас деп те айтқан едім. Ғылымда осы мәселе көтерілмегеніне көңіл толмаған жанайқай деп түсінерсіздер…

Төменде салып жатқан суретімдегі: Арыстанбабтың жанындағы қоршаудағы Ясауи тариқатында Әзірет Сұлтаннан кейінгі екінші әулие – Сопы Мұхамед Данышпан жатқан төмпешік те сол көңіл-күйді көрсетіп тұр емес пе?

Кәрім Аппазовтың ФБ парақшасынан алынды

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button