Бір суреттің сыры

Әке жүрегі

Мәткәрім Досжановтың өзі жазған және ол жайлы  жазылған естеліктер   кітабынан үзінді

Балаға   әке   деген  асқар  тау  ғой,  қолыңды  созсаң  биік   шыңына  жетпейді.  Рас,  әкеге  не  жетсін!   Ол  баланың   сүйеніші,  арқа  сүйер  тірегі,  тәрбиелеп  отыратын  тәрбиешісі,  қиындыққа  төзетін  шыдамдысы,  баласының  еркін   өсуіне  нәр  беретін  кең   жайлау  сияқты  сезінді  маған.

Менің  әкем   өзімен  алты  ағайынды  және  бір  қызбен  жетеу   болыпты.  Сүттібайдың  алты  ұлының  ең   үлкені  Тәңірберген,  одан  кейінгісі  Досжан, Бижан,  Шыңғали, Нұрымбет, Кеншімбай, қарындасы  Ақайша.  Шыңғали  мен Кеншімбайдан  ұрпақ  жоқ.

Атамыз  Сүттібайдың   атасы,  яғни  қайын  жұрты, атамыздан  жиенінің  біреуін   сұрай   келіпті. Атамыз туған-туысқандарымен  ақылдасып,  бір  баласын  бермекші  болады.  Таңдау  менің  әкем Досжанға   түседі. Досжан  ол  кезде  жастау  болса  керек. Әкемнің  нағашысы  Найман (аттарын  ұмытып  қалыппын) руынан  екен.  Оларда  перзент  болмай,  атамыз  Сүттібайдан  бір  баласын   сұрап  келгенде  тілегін  орындайды.  Әжеміз:   «Мен  берсем   осы  Досжанды  берем», – деп, оны   жастайынан  нағашы  атасына  беріп   жібереді. Ол  кісілер  жиенінің  зеректігіне,   алғырлығына  қарап  ауыл  молдасына  беріп  оқытады.  Ауыл  молдасынан  білім  алып,  енді  жетілгенде  нағашы  атасы  дүниеден  өтеді.  Оның  артынша  нағашы  шешесі  де  қайтыс  болады.  Нағашы  атасы  да,  нағашы  шешесі де  дүниеден  жиен  баласын  үйлендіре  алмай өтіп  кеткен.  Бір  үйде  бір  өзі  қалған  менің  әкем әкесі  мен  шешесіне, аға-інілеріне  өкпелеп,  ата-анасының   қолына  келмей Түркістанда  тұратын  керуен  басшы (анам  осылай  атайтын)  болып  сауда  жасап  отырған  немере  ағасының  қолына  келіп,  әрі  жұмыс  істеп,  әрі  оқуын  жалғастарады.  Ғұлама  молдалардан  дәріс  алып  оқи  береді.

…Садық  ағам  көргенін  әлі  жай  баяу  қалыпта  сөйлеп, әңгімелеп айтып  отыр.  Мен  темір  жолда  істеп  жүргенімдегі   көрген  оқиғаны  айтып  отырмын дейтін.  Біз  жайлау  етіп  отырған  «Міртөбе»  қонысы  осы  «Сатымсайдан» бір-екі  шақырым  ғана  жер  еді  дейді, Садық  аға  өз  әңгімесінде.  Садық  ағаның  айтып  отырған  «Сатымсай»  бекеті  қазір  де  бар. Сол  «Міртөбе»    жайлауында  менің  әкем  Досжан  1852 жылы  дүниеге  келген. Бұл  атам  Сүттібайдың  екінші  ұлы.  Әкесі  Сүттібай  бай  болмағанмен  орта  шаруа  кісі  екен.  Төрт  түлік  малы: қойы да,  көшетін  түйесі де,  өзіне  лайықты  жылқысы  да  жетерлік  болған.  Менің  пайымдауымша,  осындай  орта  шаруадан  шыққан  адам  нағашы  атасы  және  нағашы  шешесі  дүниеден  өткенде  қайда  барарын  білмей  дағдарысқа  ұшыраса  керек.  Нағашы  атасының  жақын  туысқандары  болмай,  көмектесетін  нағашылары  болмаған.  Өз  нағашысы  өте  кедей  адам  болған. (Анам  осылай  деп  әңгімелеп  берді).  Кедейлік  басына  түсіп,  нағашы  атасының  елінде  тұрақтап  тұра  алмаған.  Туған  жерінен  алыста  жүріп күн  көре  алмасын  білген  менің  әкем  немере  ағасын  сағалаған. Түркістанға  келіп  орналасқаны  сондықтан  екен. Немере  ағасының  қолына  келген соң  ағасының  жұмысын да  атқарып,  өзінің  оқуын да  оқи  жүріп,  қол  өнерімен  айналысады. Ол  етікшілік  өнер  еді.  Осы қол  өнерінің  арқасында  бүкіл  Түркістан  қаласына  белгілі  адам  болумен  қатар  өте  сауатты  ғұлама  молда  болады.  Осылай  аққан  жұлдыздай  күн  артынан  күн  өте  береді.  Жыл да  өтеді,  жасы да бір  орында  тұрмай  жылжи  береді.

Өткені  білінбейтін  ұшқыр  заманның  зырқырап  өтіп  бара  жатқанын  әкем  жас  кезінде  сезе ме?  Әрине,  әлем  айналғанын  қоя  ма?  Оқтан  жүйрік  уақыт  аққан  судай  өтіп  кеткенін де  білмей  қалады. Қол  өнерімен  айналысқан  әкем  осылай дүние  тауып  отыра  береді. Дүниенің  қызығына  түсіп  кеттім  бе  деп  ойлағанмен,  өзінше талпыну  болмаған  сияқты.

Дөңгелектей  айналып  тұрған  заманда  адам  баласы күлуден  бұрын  жылауды  үйренген  ғой.  Адам  туғанда  жерге  жылап  түседі. Содан  ба,  алдамшы  өмірдің  алданышына  ренжігің  келеді.  Сөйте  тұрып,  кейде  көңілді  көтергің  келіп,  айналаңдағы  адамдарды  сүйеніш  етесің,  барға  қанағат,  жоққа  сабырлық  қылған  пейілмен  тағдырды  шексіз  талқыға  салудан  ауаңды  аулақ ұстап, Тәңірге  тәуба  дегенге  тіреліп  тоқтайсың.  Осы  тоқтамды  созсақ, ойлаған  ойың да  бір  тоқтамға  келмей  ме?  «Шүкір,  артында  мен  сияқты  ізгілікті ұрпағы  қалса,  одан  артық бақыт  бар  ма?»- деп  те  ойлайсың.  Дегенмен,  жақыны  мен  жайсаңынан  айырылу  оңай  ма,  әрине  ауыр.

Уа,  Тәңірім , ата-анаң  өлмесе  екен,  мәңгілік  ғұмыр  иесі  болса,  қандай ғанибет  дерсің. Бірақ  бұған  тіршілік  келісе  ме? Дүниеден  алдымен  әкесі,  оның  артынан  анасы  дүние  салады.  Менің  әкем  Досжанның  жағдайын  ойлайтын  қамқоршы  әкеден де,  шешеден  де  айырылып,  басына  ауыр  қайғы  түседі. Басына  түскен  қайғымен  біраз  жыл  жылжып  өтіп  кеткенін  де аңғармай  қалады. Жағдайын  немере  ағасы  ойлап  не  қылсын,  туған  ағасы  Тәңірберген  мен  інісі  Бижан  ойламағанда.  Заманның  ағымына  қарай ойламайды.

Алты  ағасының  ортасындағы  ең  кенже  қарындасы  Ақайша  ағасының  жасы  үлкейіп  қалғанын  ойлап, елге  сөзі  жүріп,  билігі  асып  тұрған Бижан  ағасына  келіп, ағасы  Досжанның  әлі  басы бос  бойдақ  жүргенін   мұң  етіп   айтады. Міне, қыз  баланың  бауырмашыл  екенін  осыдан-ақ  біл.

Қыз  жат-жұрттық  демесең ата-анасына  да,  аға-інісіне  де бауырмашыл,  қамдарын  күні  бұрын  ойлап  тұрады. Баланың  бауырмашылдығына  келгенде  қызға  не  жетсін,  шіркін!  Аға-інісі  дегенде  жүрегі  елжіреп  тұрады  ғой. Қыз  деген  қадірі  жоқ  қолдағы  алтын  ғой. Оны  біз  пендешілікпен  біле  бермейміз. Осы  жеріміз  осал  тиіп  жатады. Қарындасы  Ақайшаның  сөзімен  ағасы  Бижан  шын  ойланып, ағасының  қырық  үшке  келгенше  отау  құрмағаны   енді  есіне  түскендей  болады.  Өзімен  үзеңгілес  жүрген  Ноғай  руының  сөз  сөйлер  адамы  Еламанмен  көңілі  жақын  екен. Қонақ  болып  араласып  жүріп,  Еламанның  қарындасына  көзі  түседі.

Менің  анам  Еламанның  қарындасы. Анамның  әкесі  Жоламан  Еламанның  туған  ағасы,  екеуі  де  Сауранбайдың  баласы. Менің  анам 3-4 жасқа  шыққанда  әкесі  Жоламан  қайтыс  болады.  Анамның  шешесі  Айымды  қайнысы  Еламанға  қосады.  Бұл  сол  кездегі  із  жол  еді. Айым  анасы  қайнысы  Еламанға  қосылған  соң  Өтебек,  Сейіл  деген  екі  ұл,  Күлшай, Шамшай  деген  екі  қыз  дүниеге  келеді. Екі  баласы  Өтебек  пен  Сейіл   Бұхарада   оқып,  үлкен  білімді  болып  елге  оралады. Елге  келген  соң  білімді  екі  ұлы әкесінің  даңқын  елге  танытады.  Осындай  аты  шығып  тұрған  үзеңгілес  жолдасының  он  үш  жастағы  қарындасын  әрдайым  көріп  жүреді.

Бір  күні  Бижан:

-Елеке! Менің   екі  інім  бар, қарындасыңды  сол  екі  ініме  бер,- деп,  сөз  айтады.

-Әй,  Бижан,  мен  қарындасымды  екі  ініңе  бөліп  бере  алмаймын  ғой,  үлкені  алсын,-  деп  уәде  етеді.

Ол  кездегі  айтылған  сөз,  берілген уәде қандай  мықты болған  десеңші. Менің  әкем  Досжан  қырықтың  үшінде  екен  де,  анам  Әйткүл  он  үш  жастағы  қыз  екен.  Ойлап  отырсам,  арасындағы  жас  айырмашылығы  орасан   емес  пе?  Міне,  осындай  уәдесіне  берік  адамдар  да  дүниеден  өтіп  кетті.

«Елеке,  мен  қарындасыңды  қызымдай  етіп  алақаныма  салып  өсіремін» деп,  уәде  еткен  екен. «Қайным  сол  уәдесіне  жетті» деп отыратын  анам,  әңгімесінде.  Бірақ  қыз  бала  малға  сатылатын  дейтін  кейде.  Малды,  дәулетті  бай  адамға  ол  баруға  тиісті. Ол  жылайды. Ата-бабаларым солай  еткен. Бұдан  басқа  жол  жоқ. Бұл  діни  дүние  таным. Жұмбағы  мен  құпиясы ,  сыры  мен  қыры  шексіз  жалған  өмірді діни  негізде  қабылдайтын  сенім.

Менің анам –  Әйткүлді   ағасы  еш уақытта  бетінен  қақпай  өсірген.  Анам  адуын,  сөзін  өткізе  алатын,  өте  салмақты,  сабырлы  кісі  еді. Халқы  қатты  сыйлаған. Әкем  үйленіп,  бір  басы  екеу  болып,  тұратын  тұрақты  жай  іздесе  керек.  Өзі  білімді,  ғұлама  молда  болса, қандай  жер  қолайлы,  әрине  мешіті  бар  жер.  Ол – Ақтас  мешіті.

 

…Айқожа Ишан  мешітінің  қазіргі  тұрған  жерінің  қасында  бұлақ,  одан  шыққан  су – алдында   үлкен  көлге  айналған. Осы  бұлақтың  пайда  болуы  туралы  ел  арасында  мынадай   аңыз  әңгіме  бар:

«Айқожа  бүкіл  ауылымен  қотарыла  көшіп,  жаңадан  қоныстанатын  қоныс  іздеп,  сусыз  далаға  осы  жерге  ат  басын  тірейді.  Ол  кісі: «Осы  жер  бізге  құт  мекен  болады»-деп, қолындағы  асасын  жерге  шаншиды. Сол  кезде  асасының  шаншылған  жерінен  бүлкілдеп  су  шыға  бастайды».  Осы  жерді  тұрақ  етіп  қалады.

Қазіргі  Ақтастағы  Айқожа  Ишан  мешітін,  бабаларының  өсиеті  бойынша  қайтыс  болғаннан  кейін,  жиырма  жылдан  соң  ең  үлкен  баласы  Ибадулла  Мағзымның  басшылығымен  1877  жылы  Сырдарияның  оң  жағалауында  Алланың  құдіретімен  Айқожа  Ишанның  асасының  түбінен  су  атқылаған  бұлақтың  басына  салынады.  Шеберін-Халитті  Бұхарадан  алдырып,  кірпішін  құюды  жергілікті  халық  өз  күшімен  атқарған.  Мешіт  1884  жылы  пайдалана  бастайды.

Адамзат  жүрген  жерде  көре  алмаушылық,  күндеушілік  болмай  тұрмайды. Ол  біздің  өткен  тарихымыздан  белгілі  нәрсе. Ибадулла  Мағзым  елді  қанап  жатыр, ел  жүдеп  кетті  деген  арыз  ақ  патшаға  жетіп,  Ақмешіттен ( Қазіргі  Қызылорда)  адамдар  келіп бірінен  соң  бірі тексерулер  жүріп,  тексерістен  жеті  жылдай  жұмысы  жүрмей  тоқтап   тұрады. О баста Ибадулла  Мағзым мешітті  Қожа Ахмет Иассауидің  кесенесіндей  етіп,  көлемін  үлкен  еткен  дейді. Жеті  жыл  ісі  тоқтап, ақ-қарасын  ажыратып,  қайтадан салуға  ұрықсат  берген  соң  шебер  ұстаға  «маған  бір  күмбезді  етіп  салып  берсең де  болады»  деген  өтінішіне  сай  бір  күмбезді  етіп  салады.  Қарап  тұрсаң  қалай  жасағанына  таң-тамаша  қаласың,  өте  әдемі  және  өте  биік, көрікті  етіп  тұрғызған. Мешіт  Алланың  жердегі  үйі  дейді, десе  дегендей  кереметтері  көп  және  көзге  көрініп  тұрады.  Мұны  Алланың  жаратқан  жанының  бәрі  сезеді,  көзімен де  көреді. Олай  дейтінім,  қышты  жоғарғы  биігіне  арқалап  шығады,  яғни  адамның  күшімен  бітетін  іс. Сол  жоғарғы  биік  күмбезге  қыш арқалап  бара  жатқан  жігіт  құлап  кетеді. Ол  құлап  келе  жатқанда  қолтығынан  ақ  сақалды  қария  жерге  дейін  сүйеп  келеді, әлгі  жігіт  дым  болмағандай  түрегеледі. Ол  Айқожа  Ишан  емей  кім? Аңыз, аңыз да  болса  шындық. Мына әңгіме  Айқожа  Ишанның  кереметінің, білгірлігінің  дәлелі. «Өзімен  бірге оқып  жүрген  шәкірт-талабалар  Айқожаның  оқуды  тез  бітіріп,  елге  жіберілуіне  іштей  қызғанады  да,  таңданады. Сонда  Ислам Шаих  Айқожаның  зеректігін,  өзгелерден озықтығын  дәлелдеу  мақсатында  мынадай амал  жасайды: Ұстаз  табалдырықтың  астына  ешкімге  көрсетпей  Құранды  жасырып  қойып, шәкірттерінің  ішке  енуін  сұрайды. Бәрі  табалдырықтан  қаннен-қаперсіз  аттап  өте  береді. Тек  Айқожа  ғана  табалдырықтан  атамай  тұрып  қалады. Ұстазы: «Сен  неге  кірмей  тұрсың?»-дегенде, Айқожа: «Табалдырықтың  астында  қасиетті  нәрсе  жатыр. Егер  Сіз  қарсы  болмасаңыз,  мен  соны  көтеріп  алып  өтейін»-дейді. Сонда  ғана   Айқожаның  шәкірт  достары  оның  өздерінен  озық,  зерек  екеніне  көздері  жетеді. Осындай  кереметі  бар  адам қолтығынан  сүйеп  келеді  дегенге  қалай  нанбайсың, әрине, нанымды  әңгіме.  Мұны  сол  кездегі  ғұламалар  айтқан.

Мөлдір  суы  ағып  жатқан  бұлақтың  басына  салынған Алланың  жердегі  үйі – мешіт   біткен  соң,  бір  қауым  ел  болады. Тарихтың  тегіршегі  айналып  тұрады. Ибадулла  Мағзымнан кейін баласы Саруар Ишан  бас  болып істі  жүргізе  береді. Мешітте  балаларды  оқытатын  бөлім  ашылып,   сол  кездегі  тәртіп  бойынша  оқыта  бастайды. Оқитын  балалар  жататын жай  салынып, асхана  салынып,  жан-жағы  көгалдандырылып  көріктене  бастайды. Оқитын  балалар да  көбейіп,  халық та  жиналып қоныстана  бастайды.

Аққан  судай  адуын  уақыт  тасқынын,  өмір  көшін  кідіртіп, кім  тоқтата  алмақ ? Кеткен  келмес, өшкен  жанбас… Жоқтан  бар  жасаған  кімді  көрдің?  Бар  нәрсе  әруақта  іске  аса  бастайды. Ақтас әулиенің  маңайы  елге  толады. Әрбір  аптадағы  «Жұма»  намазға  жиналған  халықпен  бірге оқып  жатқан  молдапатшалар да  намазға  қатысып,  қызық   думан  күн  кешеді.  Пайғамбарымыздың  мынандай  өсиет  сөзі  бар: «Сауап  іздесең, жұма  намазға бар»-деген.  Жұма  намазға  адамдардың  көп  жиналатыны да сондықтан, әрі  ислам  дінін  халыққа  түсіндіреді.

Қазақтың  топырағында  қасиетті  ислам  дінін, ілімін  таратуда  өткен  ғасырларда  қадау-қадау  ғұламалар  болғанын  бүгінгі  ұрпақ-біздерге  ел  аузындағы  әңгімелерден,  көне  көз  қариялардың  сөзінен, баланың  баласына  айтылып, таралып, жоғалмай  келген  аңыз  әңгімелерден  жақсы  білеміз.  Айқожа  Ишанның  артында  он бір  баласы  қалған. Әр  баласын  Қоңыраттың  әр  руына  діни  уағыздар  айтып,  көптің  көкейіне  имандылық  сәулесін  сепсін  деп  таратып  берген. Әкем  Досжан атағы  елге  жайыла  бастаған  Ақтасқа  көшіп  келеді.

«Көктемнің  жайма  шуақ  кезі  еді, менің  ұзатыу  тойыма  дайарлық та  жүріп  кетті,-дейтін анам. Ағамның  жаманды-жақсылы  атағы  бар,  еліне  қадірлі  адам,  тойға  алыс  жердің  адамдары  шақырылған, оның  бер  жағында  құда-жекжаттар  да  келіп,  сән-салтанатымен  мені  отаулап  ұзатты. Бұл  жаққа  келген  соң әкең  үйлену  тойын  үлкен  етті. Тойда аламан  бәйге  болатынын  хабарлады. Ат  құмар, той  құмар  жұрт  қалсын  ба,  Майдамталдан, Құсшы  қара жоннан,  Талдысу,  Ынтымақтан, бұл  тау  жағы  болса, сыр  жағалауынан,  Көктөбе,  Қаратөбе, Баспақкөл, Абызтөбе, Келінтөбеден,  не  керек,  көп  жерден  естіген  халық  қара құрымдай  жиналды.

Тойға  ақын-жыраулар да  келді. Аламан  бәйгенің  алдына түйе  бастаған  бір  тоғыз, екіншісіне  ат  бастаған  бір  тоғыз, үшіншісіне  өгіз  бастаған  бір  тоғыз. Сосынғысы  шапан-шаттық  болады. Әрине, бәйгеге  аз  ат  қосылмаған. Бәйгеде  бірінші  болып Саруар Ишанның  күрең  аты  келді»,-деп  отыратын, анам  маған  айтқан  әңгімесінде.

…Әкең  білімді,  сауатты  адам  екенін  өмірдің  өзі сол  кездегі  өз  ортасына  танытты.  Өзі  оқыған, оқығанын  көңілге  тоқыған ғұлама  молда  екенін  өзі  көрсете  білді.  Сол  білімділігі  себеп  болса  керек,  әкең  Ақтас  мешітіне  шырақшы,  әрі  азаншы  болып   орналасты.  Сол  кездегі  Ақтас  мешітін  салдырып,  оған  басшылық  әрі  қамқорлық  жасап  отырған  Сәруар  ишан  жоғарыдағы  жұмыстарды  сенің  әкең  Досжанға  тапсырып еді,- деп  айтатын  маған  анам.

«Әкең  мені  жас  қой   дей ме, немесе  балаларына  өсиет  етіп  айтып  отырсын  дей ме,  сөзінің  барлығы  болашаққа   өсиет  болатын. Мына  бір   өсиет  сөзі  есте  қалыпты,  балам,  соны  саған  айтайын.  Жассың,  талай  жақсылық  пен  жаманшылыққа  кездесерсің,  өйткені  сендердің  болашақтарың  алдарыңда  ғой,  біз  жасарымызды  жасадық,  көретін  қызығымызды да  көрдік.  Таршылықты  да,  қайғыны да  бастан  өткердік.  Сен де  таршылықты  аз  көрген  жоқсың,  соғысты  да  бастан  өткеріп  келдің,  жетімдікті  бастан  өткердің,  бәрі  артта  қалды.

Жігіттің  жолын  бөгейтін,  қолын  қысқартатын,  басына  сор  болып  жабысатын  тоғыз  жауы  бар,  әкеңнің  сол  жөніндегі мына   өсиетін  есіңнен  шығармасаң  қор  болмайсың,  балам,-  деп,    айтқан  өсиеті  мынау  еді:

Ең  басты  жауың-жалқаулық,  сорлататын  жаныңды.

Осалдығың – аңқаулық,   соқтыратын  саныңды.

Жасқаншақ  болсаң  ұры  алар,  қорадағы  малыңды,

Жалатқызбас   жасықтық,  аузыңдағы  балыңды.

Өтірік  айтсаң – өңмеңдеп,  жоғалтасың  арыңды.

Өсек  терсең  телмеңдеп, суға   кетірер  салыңды.

Көпірме  босқа  мақтан  ғып,  түкке  тұрмас  барыңды.

Көрінгенге  жалтақтап,  бола  алмайсың  жағымды.

Біреуді   алдап-арбаумен, аша  алмайсың  бағыңды.

                                                (Сүттібайұлы Досжан)

«Әкең  түбі  терең  ақын  еді,  бірақ  онымен  айналыспай,  тек  молдалық  жолды  ұстады.  Алланың  ақ  жолымен  жүрді»,- дейтін.

-Апа,  әкемнің  ақын  екенін  айттыңыз,  ол  кісі  сонша  ақын  болса,  өлеңдерінен  жаттап  алғаның  бар  ма?, – дегенімде,

-Жас  кезімде  көп  білетін  едім,  бәрін  ұмытып  кеттім  ғой.  Мына  кәрілік  не  істемейді,- деп  мұңайып  қалатын,  терең  ойға  кететін.

«Мен  есте қалғаны  болса  айт  деп  өтінгеннен  кейін,  ойланып  отырып  «мына  біреуі  ойыма  келді  ғой»,-  деп  бір  шумақ  өлеңін  айтып  еді.

Ішінен   анамыздың   беріп  жайды,

Өсірді   көрсетпестен  күн  мен  айды.

Ақылы  осы  араға  жеткен  пендем,

Ырысқым   қайда  екен  деп «қайғырмайды».

(Сүттібайұлы Досжан)

Әкемнің  бұл  бір  шумақ  өлеңінде қарап  тұрсам,  терең  мағына  жатқан  сияқты.  Адамзаттың,  яғни адамның  бүкіл  өміріндегі жағдайды  толық  баяндап  тұрғаны  көрініп  тұр.  Қандай  ойға  жүйрік,  сөзге  шешен.  Тұнып  тұрған  шындық. Күн  мен  айды  көрмей  өсетінің  рас,  осыған  орай  несібем  қайда  деп  ойлаудың   өзі  қате  сияқты.  Бірақ  қатарыңнан  озық  болғанға  не  жетсін.  Шын  еңбектенсең  мақсат-мұратқа  жетіп  отырасың.  Менің  әкемді  көрген  Әззам  ишан да    әкемнің  ісін  жыр  етіп  талай  айтып  еді.  Соның есте  қалғандарын  қағазға  түсірейін,  балаларым  оқыса атасының  қандай  адам  болғанын  біліп  отырар.

Әззам   ишан  Ибадулла  мағзұмның  Балта  деген   баласының  баласы, яғни  Балтаның  баласы.  Мен  бұл  кісіні  көруіме  себеп  болған  жағдай,  1960  жылы  Жетісай  жақта  тұратын  нағашыма  және  туған  бөлеме  шешемді  қыдыртып  апардым.  Жиені  мен  інісі  менің  шешемді  түрлі  жерлерге  қыдыртты.  Дастархан  басында  сөзден  сөз  туып, інісі  Аяп:

-Апа, Ақтаста  отырдық  дейсің,  мына  жаңадан  ашылған  «Мақталы»  совхозына көп  үйлер  Тәжікстаннан  көшіп  келіп  еді.  Солармен  бірге  Әззам  ишан  деген  қожа  келген  екен.  Жұрт  шұбырып  барып  жатыр,-  деді. Анам  Әззамның  атын  естісімен:

-Мені  соған  апар,-  деді.

Сонда  менің  анам  жетпіс  алты  жаста  еді.  Інісі  апасының  сөзін  қимай  машина  тауып,  сол  машинамен  Әззамның  үйіне  әкелді. Ол  кезде  менің  отыз  алтыдағы  кезім. Менің  анам  мен  Әззам  бірін-бірі  көргенде  құшақтасып  жылап  жіберді.  Қарасам  екеуі  де  жылап  отыр  екен. Көңілдері  басылғаннан  кейін  «адам  бірін-бірі  көреді  екен-ау»- деп,  таң  қалысып  отырды.

Бұл  екеуі  өткен  күннен  сөз  бастады.  Халықты  бір  жерге  ұйымдастыру  үшін  құрылған  колхозды  әңгімелей  келіп, қалай  ажырасып  кеткеніне  тоқталды.  Сол  кездегі  шолақ  белсенділер  байлар  мен  молдаларға  тиіскенін  айтып  бір  тоқтады. Досжан  пірадардың білімінде,  адамгершілігінде,  халықпен  қатынасында,  мейірімділігінде  сөз  жоқ , кең  адам  еді.  Өте  білімді  еді.  Ақтасқа  көшіп  келгендеріңе  біраз  уақыт  болған.  Ағам  Саруар  ишан  мешітке  адам  таңдағанда  осы  Досжаннан  артық  ешкім  болмайды.  Білім  десең  білімі  бар,  сабырлы  десең  сабырлы. Ақтас  мешітінің  шырақшысы да,  азаншысы да  Досжан  болады,  дегенде  талай  қожалар  қарсы  болған.  Бірақ  білімділігіне  келгенде  олар да  мақұлдаған.  Кейін  ісінің  тиянақты  екенін  көргенде  барлығы  риза  болған  еді,-  деді. «Бізде  қожалық,  Досжанда   қаралық  жоқ»,  бір  адамның  баласындай  болдық  қой, «Ер  басына  күн  туса,  етігімен  су  кешеді» дегендей, 1930  жылғы  зобалаң  халықты  тарыдай  шашып  жіберді  ғой,  сол  зұлмат  заманда  Тәжікстан  ауып  кеттік.

Егерде  халық  даналығына  сүйенсек:

Есіл-үйдің  есігі,

Жайық-үйдің  жапсары.

Түркістан-үйдің  төрі,-деген.

Көрдіңіз  бе, апа (менің  шешемді  апа  деп  отырды),  қазақтың  даласын  бір  киіз  үйге  теңеп  отыр. Бізге  осы  кең  даладан ұлтарақтай  жер  тимей,  қуғын-сүргінмен қуылып  қайдан  шықтық?  Алла  ол  заманды  қайтып  келтірмесін  деді,  жарықтық  көзіне  жас  алып. Ол  кісінің  ойына сол  уақытта  не  түскенін  білмей  отырдым. Менде  қайталап  сұрауға  дәрмен  жоқ. Ұзақ  уақыт   үнсіздіктен  кейін  барып,  бұрынғы  өткен  Әйтеке  бидің  мына бір  нақыл  сөзін  есіне  алып  айтып  еді. Сонда  Әйтеке  би:

Біз- қазақ  деген  бір  ұяның  балапаны  едік,

Сұңқар  болып  самғап  аспанға  ұшайық.

Біз- қазақ  деген  бір  тоғайдың  ағашы  едік,

Орман  болып  жайқалып,  жасыл  алайық.

Біз – қазақ  деген  бір  биенің  құлыны  едік,

Тұлпар  болып  жетіліп,  бәйгеден  озайық.

Біз – қазақ  деген  бір  дастархан  едік,

Ата-мекенді  түгел  қамтиық,- деген  екен, деді.

Сол  кезде  бізге  бірлік  қымбат  болды  ғой.  Басымыз  қосылмады,  басымызды  қосуға  да  шамамызды  келтірмеді. Сауатты,  әрі  молда  деп  айып  тақты  ғой, –  деп,  үнсіз  қалды.  Менің  анамда ары  қарай  әңгімені  созбады.  Өйткені,  ауа  көшпегенмен  өзінің  басында  да  осы  жағдай  болып,  қызылдың  құмында  тұратын  сіңлісінің  қасына  көшіп  барған  екен.

Әззам  ишан  әңгімені  қайта  бастады. Тәжікстанға  барып  жан  сақтау  қиынға  соқты,-деді,-  Ол  кезде  мен  бала  едім, бала  болғанмен  бәрін  білемін. Жаспын,  жас  болғанмен  білім  жетеді.  Қазақстанның  белсенді  шабармандары  сол  жаққа  барып,  ағам  Сәруар  ишанды  ұстап  алып  кетті. Міне,  біз  қазақ  бір-бірімізді  іштен  шалып  құлатып  отырмасақ  ішкен  ас  батпайды.  Сен  інім,  мұғалім  екенсің,  мына  бір  ақылымды  еш  уақытта  естен  шығарма,  әлі  талай  қиындыққа кездесесің,  сонда  есіңде  жүрсін,-  деп  айтқан  нақыл  сөзі  мынау  еді:

Адамның  басшысы – ақыл,  жетекшісі – талап.

Шолушысы – ой,  жолдасы – кәсіп.

Қорғаны – сабырлық,  қорғаушысы – мінез.

Сынаушысы – халық.

 «Әруақытта  халықпен  бірге  болғайсың, қолыңнан  келсе  халықтың  қамын  ойла,  інім», деген  еді.  Не  деген  көреген  адам.  Болашақты  болжап  отырған  сияқты  болып  көрінді  менің  көзіме.

Біз  азанда  сағат  сегіздер  шамасында бардық. Бізге  арнап  бір  мал  сойды.  Соның  етін  жеп  болғанымызда  және  бес-алты  қонақ  келді. Оларға  да  арнап  бір  мал  сойды. Олар  сол  ауқатты  жеп  аттанып  кеткен  соң  және  бес-алты  қонақ  келді. Оларға  да  арнап  бір  мал  сойды.  Келген  қонақтардың  бәріне  арнап  мал  сойып  жатыр.  Қалған  еттерін  қоңсыларына  таратып  жатыр.  Міне,  халықтың  қамын  ойлайтын  адам  екені  көрініп  тұр.  Маған  айтқан ақыл-кеңесінде  халықтың  қамын  ойлағайсың  қолыңнан  келсе,  дегені  сол  екен  ғой  деп  түйдім  көңіліме. Біз  анам  екеуміз  сол  күні    Әззам  ишанның  үйіне  қонып  қалдық.  Анам  екеуі  кісілерден  босаған  соң  әңгімеге  қайта  көшті.  Тәжікстанда  отырғанда  да  жағдайлары  жақсы  болған  екен. Тек  хабарсыз  кеткен  ағасы  Сәруар  ишан  болмаса.  «Шіркін,  елге  не  жетсін»  деп  отырды.  «Ел,  ел  деп  осы  Жетісай  ауданынан  жаңадан  ашылған «Мақталы»  совхозына көшіп  келдік,  апа,  елге  де  тұз-дәм  айдаса  барып  қалармыз»,-  деді.

Әззам  ишанның  елді  сағынып  отырғаны  айтпаса  да  сөзінен  білініп  отырды.  Білімді,  ұлағатты  адам  екені  де  көрініп  тұрды. Ондай  білімді  адам  дүниеге  сирек  келетіні  бұрыннан  белгілі. Айтқан  әңгімесі  кісіні  өзіне  тартып  кетеді. Тәжікстаннан  бір  өзі  емес,  елу   шақты  үй  еріп  келген  екен. Біз  шешем  екеуміз  Әззам  ишанның  үйінен  нағашымның  жіберген  машинасымен  түсте  қайттық.  Менің  әкем  туралы, оның  адамгершілігі  туралы,  білімі  туралы,  арада  көп  жыл  өтседе  есінен  шығармай,  істеген  істерін  айтып  отырған  адамды  қалай  ұмытасың,  ұмыту  мүмкін  емес. Анам  өзінің  інісі  мен  жиенінің  үйіне  келген  соң «шырақтарым,  мені  сыйласаңдар  сендерді  Алла  сыйласын»,-деп  алғыс  айтты. «Әкеңнің  жақсылық  жасаған  адамдары  баршылық, бірақ  сыр  шашып  айтпайтын,  сырлары  көп  еді,  балам»,-  дейтін.

Ақтас  мешітінде  шырақшы  болып  жүргенінде  талай   көмек  берген  нашар  адамдардың, қуғын-сүргін  кезінде  әкеңді  қорғап,  ешкімге  айтпай  жасырғандары  көп  болды. Оны  заман  тарылғанда  көрдім. Қолыңнан  келсе  тек  жақсылық  жаса, жаманшылықтан  аулақ  жүр  деп  ақыл  айтып  отыратын. Халыққа  жақсылық  жасағанға  не  жетсін. Заман  өзгеріп,  белсенділер  бай  мен молданы  қуғынға  ұшыратқанда әкең  қызылдың  құмының  ішіндегі  менің  Күлшай  сіңлімнің  қасына  халықтың  көмегімен  көшіп  барып  жан  сақтадық. Әрине,  қызылдың  құмының  ішіне  кім  барсын, жол  білмейтіндер  адасып ел  таба алмай  далада  қалады. Сол  сіңлімнің  қасында  қанша отырғанымызды  ұмыттым,  бірақ  сол  кездегі  өкіметтің  қазақ  халқына  қолдан  жасаған  ашаршылығы  елдің  есінен  осы  күнге  дейін (қанша  уақыт  өтсе  де)  еш  кетпейді.   Қолдағы  малды,  ұрадағы  астықты, үйдегі  жарамды  мүлікті  жинап  алып,  елді  ашаршылыққа  ұшыратты. Халықтың  күші  келгендері  Өзбекстанға шұбырды,  күші  келмегендері  елде  аштан  қырылды.  Елдегі  ашаршылық  екі жылға  созылды.  Өлген  адамдар  көмусіз  далада  қалды.  Жаңа  өкімет  халыққа  не  көрсетпеді,  дейтін  қариялардың  әңгімелерін  тыңдағанымызда.  Қазақ  халқының  құрып-бітуін,  жерін  иемденіп  алуды  мақсат  еткен  өкімет   сияқты  болды. Өкіметке  тек  жер  керек  болған  сияқты. Шолақ  белсенділердің  істеген  ісінің  нәтижесі  екі  жылға  созылып,  халық  набыт  болып  кетті  дейтін,-  анам.

Адамзат  барлығына  шыдайды екен  ғой,-  дейтін, анам – Арғысын   және  бергісін  ойлағанда. Ешнәрсеге  түсінбейтін  қараңғы  халықты  осылай  қырған  сияқты. Малмен  күн  көріп  отырған  халық  бірден  күйзеліп  кеткен  сияқты.  Оған  мысал: әкеңнің  үш  тоғай  толған малы (Жамантоғай, Сарықамыс, Шырдабай)  егесіз  осы  тоғайларда  қалған. Ол  малдарды  қайда  айдап  кетті  немесе  кімдердің  бөліміне  түсіп  кетті,  оны  біз  білмейміз. Тек  екі  түйеге  бес  қанат  керегесімен  ас  үйді  ғана  артып  алдық. Он екі  қанат  «ақ  орда»  ішіндегі  жасаулы  жиһазымен Ақтаста  тігулі  бойынша  қалды. Сол  малдар  мен  есепсіз  дұние-мүлік  қалғанда  да  өлгеніміз  жоқ.  Дүниеге  қызықпа,  балам, «дүние  қолға  ұстап  тұрған  мұз, бір күні ериді де кетеді» екен.   Алла  берем  десе  ешнәрсе  емес.  Өзінен-өзі  оралып,  басы  құралып  кетеді»,-деп  отыратын  анам. Анамның  айтқан  әңгімесін  ары  қарай  тыңдай  бергім  келетін, бірақ  ойланып  көп  тоқтап  қалатын. Әлде  менің  жүрегіме  ой  салмайын  дей ме,  болмаса  сонша  дүние,  мал  далада  қалған  соң  өзі  ойға батып, «Бұл  сұм  дүние  кімге  жолдас  болады  дейсің» деп,  ойлай ма,-әйтеуір  үндемей  отырып  қалатын.  Анам  мені  де  дүниеге  қызықтырған  жоқ.  Өзі  де  дүниеге  қызыққан  емес.  Тек  Алладан  денсаулықты  тілеп  отыратын.  Қызылдың  құмын  жайлап,  сыртпен  хабарласып  отырады. Ел  тынышталып,  ашаршылық  кетіп  ел  тойына  бастағанда,  бұрынғы  Ақтаста  отырған  халық  «Шырдабайға»  келіп, ұйымдаса  бастаған  болуы  керек,  яғни бір  ауыл  болып  отыр  екен.

Мен ол  кезде  жеті  жаста  болуым  керек. Менің  әкемді  бәрі  қатты  сыйлайтын.  Жаңа  бас  қосқан  ауылдың  ынтымағы  күшті  еді.  Кішілері  үлкендерін  қатты  сыйлап  отыратын. Мен  оны  бала болсам да  аңғаратынмын. Анамның  Өтебек  деген  інісінен  қалған  немере  інісі Шайдазым  біздің  үйде  болды.  Малдан  қолымызда  екі  түйе,  бір  атымыз бар.  Ат  әкемнің  мініп  жүрген  жорғасы.  Мен  жаспын, ешнәрсенің   парқын  білмеймін,  тек  нағашымның  қасынан  еш  қалмайтынмын. Олда  мені  қасынан  тастамайтын. «Сусыған  сынаптай жыл  артынан  жыл  өтіп,  өзімізше  заман  түзеле бастады. Халық  есін  жиды,  бұрынғыдай  емес   қалпына  келді. Біз де  халық  қатарына  қосыла  бастадық,- дейтін анам.  Тек  сен  жас  едің,  оңың  мен  солыңды білмейтін. Үйдің  барлық  шаруасын Шайдазым  істейтін. Бір  сөзбен  айтқанда,  бізді  тоқшылыққа  кенелтіп  отырған  тек  інім  болды.  Алланың  бізге  берген  дәулеті  шығар  деп  шүкіршілік  етіп  отыра  бердік. Әкеңнің  есіне  туған  жері түскен  болуы  керек,  Қаратаудағы  інілеріме  барып  келейін  деді. Бұл 1935  жылдың  жазы  еді.  Әкең  елдегі  туған  інісі  Нұрымбет,  немере  інілері Махамбеджан,  Ахметжандарға  кеткен. Солардың  амандықтарын  білейін,  жағдайларын  көрейін,  жағдайлары  жақсы  болса, барғанда  біздерге  қамқорлық  жасай  алатын  болса  елге  көшіп  барайық  деген  мақсатпен  кетіп  еді.  Бірақ  барған  соң  бірден  ауырып,  інілерінің  қолында  әкең  дүниеден  қайтты.  Топырақ  қай  жерден  бұйырса,  Алланың  пендесі  сол  жерде  қалады  деген.  Әкең  өзінің  туған  жерінде  қалды».  Анам  мен  нағашым  барып  жерлеп  қайтады.

Сонымен  біз  елге  көшпестен  қожалардың  ішінде  отыра  бердік. Сол  жерде  халық  өз  күшімен ағымға  қарай  мектеп  салып,  балаларын  оқыта  бастады.  Мені  сол  мектепке  беріп,  мен  сонда  оқыдым.  Жағдайымыз  өте  жақсы  болды.   Өйткені,  екі  түйе,  бір  атымыз  бар.  Ондай  мал  ол  заманда кімде  бар,  ешкімде  жоқ. Түйені  сауып  қымыран  жасаймыз.   Ол да   болса  кісіге  тамақ. Нағашым  аң  аулап    келеді. «Біз  осылай  жақсы  өмір  сүріп  отырғанымызда  сол  кездегі  өкіметтің  шолақ  белсенділері  келіп әкеңнің  жорғасын  алып  кетті»,- дейді анам. -Оны  қайдан  білді  деп  көп  ойланбай-ақ, әкеңді  жерлеуге  барғанымызда елге мініп  барғанымыз есіме  түсті.  Нағашың  астына  мініп  жүрген  атынан айрылып  қатты  қапаланды,  бірақ  қолдан  келер  дәрмен  жоқ.   Жаңа  орнаған  өкіметтің  халыққа  істемегені  қалды  ма,  жоқ  бәрін  істеді. Бірақ,  халық  сол  ауыртпалықтың  бәрін  көтерді. Ойлап  қарасам,  көрмегеніміз  жоқ  екен. Сен  он  екі  жасқа  енді  шыққаныңда  қолымыздағы  екі  боталы  түйемізді,  шолақ  белсенділер  тағы да келіп  алып  кетті.  Мұны  сен  жақсы  білесің,- дейтін анам.    Мұнан  кейін  анам да,  нағашым да  елге  баруды  тоқтатқан.  Сол  «Шырдабайда»  отырған  халық  ұйымдасып  «VIII Партсъезд»  колхозы  болды.   Ұйымдасқан  халықтың  егетіні  тек  тары  болды.  Нағашым  осы  колхозға  мүше  болды.  Әкемді  сыйлаған  халық  анамды да  қатты  сыйлады.

«Шайдазымды  армияға  шақыртып  алып  кеткенде,  бір  үйде  екеуміз-ақ  қалдық,- дейтін анам. – Ендігі  жұмыстың ауыртпалығы  менің  басыма  түсті. Сен  жассың, ешнәрсе  көрмеген,  менің  болса  жасым  келіп  қалды. Бұл 1939 жыл  еді. Сол  жылы  қатты  қиналдық,  бірақ  халық  тоқ,  бейбіітшілік  заман  еді. 1940 жылдың  наурыз  айында «Баспақкөл»  колхозы  мен  «VIII партсъезд», «Қаратөбе»  колхоздарын  «Мақтаралдағы»  канал  бітіп,  халықты  сол  жаққа  зорлықпен  (милициямен)    көшіре  бастады. Халық  «Мақтаралға» көшкен, екеуміз  қамқорсыз  айдалада  қалдық.  Басқа  қиындық  енді  түсті. Сен  жассың,  мен  болсам  елу  алтыдамын.  Тұрмыстың  ауыртпалығы  сені  мен  менің  мойнымызға  түсті. Осы  ауыртпалықты мойынға  алып,  біз  ол  жаққа  көшпей  қалдық.  Өйткені,  менің  де  өзіме  лайықты  елім  бар  екенін  анам  сол  кезде  ғана  айтып,  көшпеу  себебімізді  түсіндірді. Анам  көп  ойланып,  қой  баламды елімен  табыстырайын  деген  ойда  болған  екен.  Осы  ойын  өзінше  іске  асырмақ  болған.

Бұл 1940  жылдың  жазы  еді. Жалғыз  үй  бір  тоғайда  отыра  бердік. Бізге  қол  ұшын  кім  береді. Бірақ  дүниеде  мейірімді  адамдар  көп  қой. Кім  көмек  етер  деп  отырғанда,  Ақжігіт  деген  құдамыз  үйге  келді. Анам  оған  мән-жайды  айтқан  соң, ескі  «Сауранның»  түбінде  отырған  бір  колхоздың  қой  фермасының  жанына  көшіріп  әкелді. Сол  Ақжігіттей   мейірімді  адамның  арқасында ешкім  көрмес  «Шырдабай»  тоғайының  ішінен сар далаға  шыға  келдік.  Ферманың  қасында  көп  отырған  жоқпыз.  «Адамның  күні  адаммен  деген, балам,-дейтін анам. -Сол  фермадағы  халықпен  бір  адамдай  болып  отырдық. Оларға да  жағдайды  айттық,  олар да  қолдан  келген  жәрдемін  аяған  жоқ. Сол жылы  тамыз  айында елге  көшіріп  әкеліп,  сені  еліңмен  табыстырдым,- деп анам  әңгімесін  аяқтады. Мен  сонда  он алты  жаста  едім.

Елде Әкемнің  ең  кіші  інісі  Нұрымбет,  немере інілері  Махамбетжан, Ахметжандар  бізді  қуанышпен  қабылдап,  Нұрымбет  ағамның   менімен  жасты  Қайбулла  деген  баласы,  Сыздық  ағамның  Тұрсынбай  деген (әке-шешесі  ашаршылық  жылы  қайтыс  болған)  баласы,  ол  менен  бір  жасы  кіші  ойнап  бірігіп  кеттік.  Мен  туысқандарыммен, анам  абысын-ажынымен  қосылып  мәре-сәре  болдық  та  қалдық.  Бұл  шешеміз  екеуміздің  елге  келіп  ағайынға қосылғанымыздың   берекелі  жылы  болды.  Ағаларыма  келіп,  көңіл  көтеріліп  қалды.  Сонда  анам  қайындарына  қырық үш  жылдан  соң  келіп  қосылған  екен,  яғни  елге  келген  екен. Жаңа  оқу  жылы  басталған  соң «Октябрь»  деп  аталатын  жеті  жылдық мектепке  барып  алтыншы  класында  оқыдым. Тұрсынбай  екеуміз  бір  класта  оқыдық. Елдегі  балалармен  бірге  жүріп,  бірге  тұрып,  балалық  шақты  енді  бастадық.  Міне, бастан  өткен бір  тауқымет, міне, енді көре бастаған бір жақсылық.

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button