Ал, ағайын, мені Алла жеткізді, 82 жастамын.
Атам қазақ «Ашыққан қарын тойынады, ашылған етек жабылады, көргенің естен шықпасын» деп айтып кеткен. Мен оқусыз қалғаныммен көргенсіз болған емеспін. Алдымда айтуға тұрардай ағаларым болды. Ел арасында шежірені білетін, көптеген аталарды қойдай өргізетін ақсақалдар, ел ағалары болды. Мен солардың қолына су құйып жүріп айтқанына ұйып өскен адам едім. Кеңестік жүйе қирай бастаған сәттен мемлекеттік жұмысты тастап өз бетімше күн көрудің қамына кірістім. Ұртын алып мұртына жалғаған заманнан аман өтіп 2000 жылдардан шежіреге, ата-баба жадына бет бұрдым. Қалам алып бірінші жазғаным «Иман Исламның негізі» атты шағын ғана кітап еді. Бірақ салмағы тым ауыр болды. Абд Жалил баб (Хорасан ата) еларалық тарих, ислам тарихына арналды. Исламдық дүние танымда ел үшін, дін үшін жанын қиған адамды Шахид деп атайды. Біздің қолымызда Түркілер еліне алғаш Ислам аша келген ағайынның шежіресі Сафи ад-дин Урынк Қойлақийдің «Насаб намасы» болды. Ислам аша келген қауымның ішінде бірінші болып, «Сары тонды Өтемістің»қолынан Шахид намын алған Хорасан ата болған деп айтылады. 1995-жылы ағайын болып, ел болып жиылып Хорасан атаға ас берілуі болды. 2005-жылдың соңына қарай Шамшиддин інім «Хорасан ата» жайлы шежіре жазып берсеңіз жақсы болар еді деп қолқа салды. Ойландық, толғандық, тәуекел деуге келдік. Бұл жердегі айтылар ой мен толғаным Әулиелар жайына қарай ауысса мақсат орындалар еді. Ол солай болды. Бұл кітапта Ислам дүниесі мен Түркілар арасындағы Әулиелік мақамға қатты көңіл бөлінді.
Екінші «Мұхтар Әуезовтың ата тегі» атты кітап. Мұрат Әуезов пен Диар Қонаев екеуі Шығыстану институтына келіп Мұхтар Әуезовтың ата-тегін түгелдеп беріңіз деп Әшірбек Муминовқа өтініш берген. Әширбек маған мен ел аралық шежірені білмеймін Сіз далалық шежірені шешіп берсеңіз мен ғылыми жолын дайындайтын едім деді. Мен келісім бердім.
Мұратпен кездесіп-шарт жасасып Семейге бардым, ел араладым. Ілгеріден екі түйін шешілмей келген. Бірінші Әуездің әкесі Бердіқожаның әкесі кім, екінші қожалардан кімді Найман ішінен Тобықтыға әкелді. Семейден Бөрілі, Ералы, Ақшоқы, Еңлік Кебек тасасы- Жидебайды аралап Бөріліде қалдым. Бекен ағаның бір түн әңгімесіне қарық болып ертесіне Арқаттың тауындағы Бердіқожаның әкесі Абдіқожаның басына құран оқыдық.
Мұндағы ел Бердіқожаның әкесі Саяқып дейлі. Жалпы Саяқыпқа Ақтайлақ би көшіріп келген 40-шақты үйдің бәрінде таңа салған, тіпті Шұбартаудағы Қарақожаның әулетінде Саяқыптың бір әйелінен туған дейді. Мұхтар Әуезов «менің бабам Бердіқожаны Найман ішінен ағайындарымен көшіріп келген Құнанбай» дейді. Бөрілідегі М.Әуезов музейінде Саяқып – (Әбдіқожа) деп жазылған бір дерек бар. «Тобықты Шыңғыстау шежіресі» кітабында тап осылай жақша ішінде атайды. Әбдіқожаның сүйегі Арқаттың тауында, Бердіқожаның сүйегін ешкім білмеді, Қыдырдың қызылында болуы мүмкін дегенді Бекен ағам айтады. Әуез – Ақшоқыда, Омархан – Бөріліде, Мұхтар -Алматыда. Бұл кітапта Қожалар Арқаға ың-жыңсыз көшіп келген, тыныш өмір сүрген, әліде бір бірін ағайын, туысқан деп таниды. Онан басқа да ел арасындағы айтты-айттыға біраз көңіл бөлініп нақты жауабы берілді.
«М. Әуезовтың ата- тегі» атты кітап Мұрат Мұхтар ұлымен келісіп жазылған еді. Кітап біткен соң оқуға Бөрілідегі Бекен ағама бір нұсқасын, Семейдегі Төкен Ибрагимов ағама бір нұсқасын беріп-оқып танысыңыздар, соңынан алғы сөз жазып беріңіздер дедім. Ағаларым: «Сейтомар мырза, құнды тарихи деректі сақтап келуші бір емес, бүтіндей бір халықтың топ-топ, шоғыр-шоғыр өкілдері екенін көрсете алды. Демек,біз жүздеген мыңдаған жылдар өтсе-де сол «тарих тәбәрігін» бүгінге дейін сақтап келген асыл текті қожалар ұрпағына, қол қусырып, тізе бүге отырып, алғысымызді білдіруіміз керек»-деп жазды. Аталған кітап – 6 бет.
«Екінші сырттай қарағанда жеңіл-желпі көрінгенімен, адамның жеке басына өте мөте ауыр тиетін «Мұхтар кімнен туды. Әкесі кім еді» деген өрескел, зұлым пікірлер. Оны ұлы жан әр жерде, әр жайлы есітіп, бейпіл сөйлегендерге ұтымды жауап берумен тойтарыс беріп келген. Оны айтып өрбіткендер жұртқа мәлім тұлғалар. Олардың сүйенгені жоғарыда айтылған мемлекет билігіндегі күштер болған соң не қайран жасарсың. Мұхтар ондай рухани қорлаудың қаншасын басынан өткізбеді десеңші. Бұл шығарма авторы Сейтомар мырза Мұхтардай асқан дарынды түбегейлі ақтап алды. Оның келтірген дәлел иелері кімді болсын иландырар, есімдердің өзі сендірмей қоймайтын тарихи тұлғалар емесп е? Дәлелдің мазмұны қандай салмақты». Аталған кітап 12-13-беттер. Бұл үлкен баға еді. Жалпы Қожа халқына берілген баға болып табылды.
Майлықожаның шығармашылығына арнап 2009-жылы Досай Кенжетай бастап ғылыми конференция өткіздік, 2010-жылы Өмірзақ Сәрсеновтің сүйемелімен Астанада Президенттің мәдениет сарайында Терме кеші өтіп. 11 қарашада Майлықожаға арнап Астанада Өмірзақ Сәрсенов пен Мырзатай Жолдасбеков бас болып құран оқылып, ас берілді.
2015 жылы Майлықожа атты құжатты фильм түсірілді. Өте нашар болды. Бірақ жоқтан гөрі бар жақсы.
2011 жылы Сарыағаш демалыс жайнап Екібастұздан Совет ағамен Гулжиян жеңге дем алуға келіп елден сұрап шежіре білетін адам деп мені тапты. Таныстық, білістік арты үлкен туыстық жүйеге келіп «Аққу ешан» Әуезқожа әулеті: Бағдат ешан, Мұрат ешан, Исабек ешан әулеттерімен табысып елден ағайын келіп араласып кетті.
Екі мың он бірінші жылы ғалым Мекемтас Мырзахметов мені іздеп тауып алып, «сенің қолыңда біраз ескі өлең- жырлар болуы керек, әкел біз Оңтүстік Қазақстаннан 500-кітап шығарамыз деп отырмыз» деді.
Қолымдағы Мәделіқожа мен Майлықожаның еңбегін бердім де апыл-ғұпыл Қытайға аттанып кеттім. Бір айдай жүріп Жүсіпбек Шайхисламұлының қолжабаларын алдым. Күн-түн демей отырап Жүсіпбектен 10-том кітап бердім. Шәді төреден 5 том кітап бердім. Молда Муса бір том, Шортанбайдан бір том кітап, Майлыдан соңғы ақындар-1 том. Тұрсынәлі Айнабекұлынан үш том бас аяғы 24-том кітап болды. Бұл екі арадағы ескі араб жазуындағы еңбектер қалып кетпесін деу болды.
Әсілхан Оспанұлы Оңтүстік ақындарының еңбегін жинауды жүйелі жолға қойған бірінші ғалым. Бірақ бұдан бұрын ескі ақындардың еңбегін бағалап жинап отырған азаматтар көп болған. Бір ғана Қысраубек Амантаев ақсақалдың өзі не тұрады. Мен қолыма осы ақсақалдың жазған 706-санды қолжазба кітабын алған соң Майлықожаның әлі зерттелмеген дүниесі көп екеніне көзім жетті. Сарыағашқа келіп Майлықожаның көзін көрген аузынан сөзін жазып алған Жүсіпқожа Қалқожа ұлының шөбересі Ыбрахымге барып қолжазбаны көрсет деп өтініш жасадым. Бір ауыз сөзге келмей қолыма ұстатты. Көшірмесін тегіс алып, Асан молда Әсілбек ұлының немересі Рустемге келдім. Бұл жерден де 600-беттей қолжазба алдым. Соны мен үйге келіп бір қыс үш айдан артық отырып 1080 бет өлең аударып дем алып келуге Қожа тоғайға кеттім. Бөкейхан екеуміз Кайфиддиннге келіп кәні бізге нең бар дедік. Бұл жігіт те айтарлықтай қолжазба берді. Барлығын жиып, жиналғанды аударып компьютерде теріп Алматығы Жұрынов Мұрат ағама бардым. Аға барлығын тыңдап алып академияның ғылыми кітапханасына бастығы Төлтаевқа хабарласып мені таныстырып, жәрдем беріңдер деп тапсырды. Ғылыми кітапхана өзара ойласып «Майлықожаның толық шығармалар жинағын» 940-беттік кітап етіп шығарып, ғылыми конференция өткізіп берді.
Қара Ертісте (Сұңқар) Тоқмағанбет ата (Садуақас Ғылмани-83-бет) әулеті мәмлеге тез келді. Түбі Шыңғыстаулық Бақшайыш қожалардан. Бұл әулеттен Бейсенбай, Сәлмен аталар қажылыққа барған. Сәлмен ата 1908 жылы Меккеде Қағбаның жамылғысын алуға қол жеткізген сауатты болғаны көрініп тұр.
Түркілер арасына 680-750-жылдар шамасында Ислам аша келген қауым 13-ғасыр ішінде түркіленіп – Өзбек ішінде Өзбек,Татар ішінде Татар болып араласып кеткені мен Қазақ ішінде Қожалар Қожа болып қалды. Бұл Қазақ халқының қан тазалығын сақтаудағы ең бір ұлық дәрежесі.
2016 жылы Мәделіқожа Жүсіпқожа ұлының 200-жылдық мерей тойына арнап ғылыми конфернция және Республикалық ақындар айтысы өтті. «Әділет деп соққан жүрегі» атты кітап жарық көрді Күзде Ас берілді. «Қыдырқожа әулеті ақындары» атты кітап шықты.
Оның алдында «Әл-Әмин баб әулеті», «Ертіс бойындағы қожалар» 2015 жылы жарық көрді. Бұл кітапқа өзек болған Амангелді Апушев деген азамат. Арғындар шежіреге қоспай қойған соң, Қожа екенін дәлелдеп той берді
Мен үшін өте қымбатқа түскен «Мүсірәлі сопы әзіздің» тағдыры болды. Жас кезінен Керейттің ішіне барып имамдық жасаған, сол елде үйленген өскен, өнген-ұлдары сол елдің қыздарына үйленген, сіңіп кеткен. Енді Керейт етіп алуға кіріскен. Бірақ шежересінде ағаттық көп. Бозонжар, Шыңғысхан, Рабия Адбия -деп Шыңғысханды Бозонжардың ұлы етіп көрсеткен. Қажылыққа барған бір әйелге Керейтті байлап беріп Керейтті Түркілер қауымынан шығарып жібереді. Қолында жүйелі шежіресі жоқ болған соң 1700-жылғы жеті рудың басына Пір етіп сайлаған Нәдірқожаға сол бұйрыққа қол қойған Мүсірәліні 12-ұрпақ етіп қосып жіберді. Ақтөбеге екі рет, Қарабұтаққа екі, Қазалыға екі барып Қабыртастардағы сүреттерді алып келіп жүріп ақырында 2016-жылы «Мүсірәлі сопы әзіз» атты кітап жазып тындырдық.
Соңғы кезде Келес ауданы көлемінде өмір сүрген «Ет жемес ешан» атаның өмір баяны-қызметі, кереметі елді соңынан ерте білу, тың жерлерге су шығару, бау егу, Базар ұйымдастыру, елді отырықшы етіп жамағатқа ұйыту, мешіт салдыру секілді ұлан-ғайыр еңбегін зерттеп, ғалымдармен бірігіп жұмыс істедік. Майлықожаның ұлы Жолбарыс ақын «Ет жемес ешан» бабаға арнаған жыр толғау хаты бар
Шәуілдірдегі Балта көл маңында Икрам ешан атты бір абыз өткен. Қолжазбалары қолыма түсті, аудардым. Өз басы 1923-жылы мундағы жағдай ауырлап бара жатқан соң Өзбекстанға өткен. Сол жақта әлемнен өткен. Барлығын анықтап бір кітап дайындап отырмыз.
Сарыағаштан шығып Қалмақтан босаған ата қонысқа келіп орналаса бастаған елге барып жол жорық көрсетіп ,өлгенге дуа, тіріге береке тілеп, елге қолдау көрсетіп біраз адам біздің елден Арқаға қатынаған. Заманқожа әулеті Алматы-Байсерке-Талғар маңында қалып қойған. М.Әуезовтың анасы осы Заманқожа әулетінің қызы. Заманқожа мен туысқан Абдрахманқожа Арқаға барып келіп жүріп Түлкібас пен Шақпақ арасында қаза болған. Сол бабамыздың жатқан жерін анықтап. Елден пәтуа алып қабырын қоршап қойдық.
Жоғарыдағы елдерді аралап жүргенде шежіресінде жия жүрдім, соның арқасында 2016-жылы шартты баспа табагы 78,12-671 беттік «Қожалар шежіресі» деген кітап шығардым. Қолыма түскені осы болды. Ел шежірені мойындап керекті дүние екеніне ден қоя бастады. Аталған кітапты толықтырып қайта баспаға берсем деген ниетім бар. Алдағыны Алла біледі!