Ғалымның хаты

Америка ашқан жолжазба

Мұхтар Әуезов – 125 жыл

Қазақстан Республикасындағы Америка Құрама Штаттары елшілігінің демеушілігімен Мұхтар Әуезовтің 1960 жылы АҚШ-қа сапары жайлы очерктері, жолжазба күнделігі; бұл мұраны ұзақ жылдардан соң ғылыми айналымға тартқан М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» ҒМО-ның мамандары Гүлзия Пірәлі мен Диар Қонаевтың осы жазбаларға қатысты зерттеулері; Кеңестер Одағынан барған қаламгерлердің бірі Олесь Гончардың Америкада өткізген күндер, Әуезовтің тұлғалық айрықшалық болмысы туралы естеліктері; сапар маршрутының картасы мен жоба кураторы Деннис Кин «Кіріспе сөз» жазған ағылшын тіліндегі жинақ жарық көрді.

Деннис Кин Мұхтар Әуезовтің Диснейленд туралы егжей-тегжейлі танымдық-ақпараттық жазбасы болашақ Дисней зерттеушілері үшін өзгеше бір олжа болатындығын құлаққағыс етеді. Жазушының бақылау, қызығушылық ынтасы туралы айрықша әсермен айтады.

Америка үшін Әуезов қолжазбасында ашылатын игіліктер тұнып тұр. Бұл сапар жазбасы, сол негізде 1960 жылдың жаз айларында асығыстау хатқа түсірілген «Америка әсерлері» очерктері туралы «Қазіргі мұхтартану» атты екі томдық монографиялық зерттеуінің арнайы жазылған бір тарауында «Әуезов үйі» Ғылыми-мәдени орталығындағы қолжазба нұсқалардың ғылыми айналымға тартылуының өзекті міндеттерінде кейінгі 10 жылда
М. Әуезовтің 50 томдық шығармалар жинағына енген, ғылыми айналымға толық түспеген мәселелерінде жұмыс жүргізіп отырған белгілі әдебиеттанушы Гүлзия Пірәлі кең қозғап сөз бастаған еді. Гүлзия Пірәлі жолжазбаның күнделік нұсқасы мен жазушы қилы себептерден асығыстау, аяқтап үлгермей хатқа түсіріп кеткен «Америка әсерлері» очерктерін мазмұн аясы, дерек, дәйек айналымы, т.б. мәнде салыстыра саралады.

Алыс, айбынды Американы әрбір жолы түсіп, дәмін татқан адам өзінше көреді. Өзінше ашады.

Айналасы 1 ай уақытта Әуезов Американы тарихи, рухани, әлеуметтік-тұрмыстық, географиялық-климаттық тұғырында танып, ашу өлшемдерін қалыптастырушы институттардың ұстанымдарында тоқтамдар айтқан екен.

Мұхтар Әуезовтің Америка сапарына қатысты жазбалары жазушының көзі тіріде жарыққа шықпаған, толық өңделіп, сұрыпталып бітпеген күйде, өз диктовкасымен хатқа түскен алғашқы нұсқасы 1964 жылы газетте басылыпты. Бұл басылым көрген нұсқа Америка туралы көлемді, көп құбылыс қамтылған, айтылған, айтылмағанына «керек», «қайта оралу керек», «есте болсын» деген белгілер түсіп отырған құнды жолжазба күнделіктің тезистері іспетті деуге де болады. Мұхтар Әуезовтің бұл сапар жазбасын қапысыз сұрыптап, қайта өңдеп қайырылуға қайырлы ғұмырының соңғы жылындағы уақыт тапшылығы да әсер еткен; сонымен бірге әлемдік екі державаның арақатынасындағы басқа да салқындау түйткілдері кідірістеткен болуы мүмкін.

Сол жолсапарының хатқа түскен нұсқасын бастарда жазбаларына қатысты сыпайыгершілікпен шектеле сөйлегенімен, «өңделмеген» жолжазбаның өнімді алқаптары, жаһандық ауқымы, шебер сұлу өрімдері көңіл көншітеді.

Адамзаттың ХХ ғасырдағы самғап кеткен айрықшалықтарын Әуезов әуежайдан бастап тізбелеп жазуында көргенім – көкейімде ғой демей, көбінде көштен қалған өз жұртының әрбір адамы білсін, сезінсін деген пейілмен, жақсымен бөлісуге асық жомарт дағдысымен түбегейлі, жалықпай зерделеу, зерттеу әдістерімен, ара-тұра өзінен басқа байқамайтын, көре алмайтын құбылыс-сұлулықпен сәулелендіріп, еміне, елжіреп, қазақ баласы бұрын-соңғыда енді тап келген ХХ ғасырдың ғажайыптарын бірінен кейін бірін түгендеп, тастамай таңбалайды.

Жеке, арнайы институттар бас-басына шұқшия шұғылданатын әлеуметтану, елтану, адамтану, жертану мәселелерін «үй артында кісі бар» уақытта еш тартынбай, тайсалмай сөйлейді.

Америка халқының дінге ұйыған, дін ұстанған, Библиясы бірге жүретін халық екендігін екпін түсіре айтып отырған. Вашингтондағы мұсылман мешіттерінің көптігі жүрегін жылытқанын да жасырмайды. Жұрттың өз өмірлерін қауымдаса реттеу құқын сөз арасында аңлатып отыратын тұстары көп.

Капитолий. Сенат. Конгресс. Дін өкілдері де, әйел адам да, бай да, бағылан да, қай нәсілден де қатысады. Бақылайды.

Қалалар. Оқу орындары. Егістік алқаптар. Шатқал, шөлдер. Орман-сулар. Резервация. Зәулім үйлер. 85-қабатқа 1,5 минутта көтеріп жеткізетін озық жүйріктік. Жүз бояулы, мың бояулы Нью-Йорк. Ірілік. Молдық. Озық технология.

Небір жетілдірілген фотообъектив бәрібір де адамның қос жанары қамтыған тылсымдарды жарқ еткізіп ашуға қауқарсыз. Көрініс көрсетіп, әсер жеткізуде алдына жан түспейтін Мұхтар Әуезов аспанда отырып та, отарбаға мінгенде де, асығыс-қапылыс, абыр-сабыр әбігерде де, алыс жолдан шаршағанда да жазудағы құдіретінен жазбайды.

Адам мен Аспан «жақындай» түскен ұшақ үстіндегі күй. Көрінбесті көру.

«Таң сызып атып келіп, қазір көк сәуле молайды». Мұны көру ғажап!!!

Жолжазбаға қаншама танымдық ақпарат тартылған. Адамзат мәдениетіне соншалықты лайықты ынтықтық, білгірлік өресі. «Америка әсерлері», «Америка сапары (жолжазбалар) туралы Гүлзия Пірәлі ықтияттап, қорыта айтқан тоқтам, болжамдардың екпінінде Мұхтар Әуезовтің қолжазба күнделігі мен хатқа түскен очеркін кідірістеп, салыстыра ұзақ аялдап қайта оқыдық.

Батыс өңірінің негізді құндылықтарына зер салуында, айрықшалық тұғырларын танытуда арнайы зерттеулерде ашыла, айтыла бермейтін құбылыстарға тарихи ақиқат төрелік жасап отырған екен.

Тұрмыстың ұсақ-түйегінен адамға деген ұдайғы қамқорлықты көріп қызығады. Америка халқының сол кездің өзіндегі жайлы, жағдайлы тұрмысына жасырмай, байыптап жазып, шалғай, тау етегіндегі бір қонақ үйді «Гостиница Нью-Йорк, Вашингтон гостиницасынан бір кем емес» дегеніндей баға беріп отырған.

«Бұнда Америкада бар жерде сондай адам жағдайы». Байлар да, қызметкер де лыпып тұрады дейді.

«Бір үлгімен пішкендей біркелкі жанға жайлы өмір. Бұнысына, цивилизацияның, жалпы адамнық жайлы жағдайына еріксіз сүйсінесіз. Ол жағына қарағанда, бұнда, Америкада қала мен деревня айырмасы жағы былай тұрсын, тіпті столица мен провинция деген, орталық пен аудан деген арасындағы айырмыс мүлде жойылған» (Күнделіктен) (38-том, 235-б.).

Есесі түгел, адамы адам болып өмір сүретін елдің Әуезовке ұнаған дүниесі көп еді. Айналасы бір ай уақыт… Жазушы алыс елдің тәртіпке бағынған, мығым жүйеде түзу түзілген тіршілігіндегі жарқын сәулелерді армансыз шуақтап, қысталаңқы көп өміріндегі ендігі бір өлшеулі бір игілікке балаша шаттанып, бір жасап қайтқан еді…

Бұл жерде әңгіме ішіп-жем емес, жан азаттығына тартады.

Америка туралы жолжазба күнделікте Әуезовтің қайталанбас сөз қолданыс үлгілері аз емес. Намазжай дейді синагогаға қатысты. Қазіргі тілге керек сөз. «Іркіштеу» дейтін сын есім кездесті. Бұл да тілдік айналымнан «кетіп қалған» сөз сияқты. «Ымырат» деген сөзі бар. «Ғимарат» емес. Нью-Йорктің көкке шаншылған, сүйріктей, жұтына елеңдеген асқақ, оқшау үйлерін «Адамзат цивилизациясының сан алуан сеңгірлері» деп те әспеттейді.
«ХХ ғасырдың Манхеттен аралының аспанына таспен жазылған поэмасы» дейді.

Күнделік жазбада очерктен іркіп қалған (бәлкім кейін толықтыра жазуды жобалады – Қ.М.) дерек, дәйек, детальдар мол. Очеркте американдықтар қоймай-қоймай қайтара сұраған Борис Пастернактың есімін атамайды, «жеке жазушы», «бір жазушы» деп келтірген.

Қолжазба күнделікте Пастернак айтылған. Кеңестер Одағы елшілігінде өткен кешкі ас жөнінде күнделік жолжазбада толымдырақ тоқталады.

«Кешке өзіміздің елшілік сарайында болдық. Қонақтарды елші, Полянский, Димаштар қат-қатар тұрып қабылдап тұр». Димаш – Дінмұхамед Қонаев деп ұйғардық.

Сапарда жүрген Әуезов америкалықтардың бар тұрмыс, киім киіс, жүріс-тұрысын байқап, барлап, баға беріп отырады. Ресми қасаңдыққа ыңғай бермейді, қызық етіп, қызуын баспай, табиғи жеткізеді. Бір қонақтан шыққан сәттерін былайша суреттеген: «Бастар жалаңбас. Ең жетіскені берет сияқтыны киеді». Жаны жай тауып, әсерін ірікпей жазған сәттері мол. Осының барлығын жұртымен қапысыз бөлісуге асықты. Көргенін кеңдікпен, кемітпей жеткізетін, іштарлығы жоқ ақ көңіл адал халықтың ақжүрек елшісі еді.

Заман басқа, заң басқа дәуірде ақ ту көтеріп адамзат үшін алаңдаған бітімгер, елдестіруші қайраткер еді.

Очеркте күнделік жазбадағы көп деректің уақыт жетпей, қорытылмай қалып қойғандарынан басқа, арнайы іркіп, алып тастап, айтпай өтіп отыратын тұстар да кездеседі. Колумбия университетінде оқытылатын тілдердің ішіндегі түрік тілі очеркте көрсетілмеген.

Батыс жұрттарындағы қайырымдылық шаралар туралы таңырқауын жасырмайды. Құны 1 млн. долларлық көркемсурет коллекциясын қайырымдылыққа жұмсаған Александр Мэнланд туралы «Бұл да бір ғаламат қызық мінез» депті.

Америка табиғатын, оңтүстік жақтарын Қызылорда, Жосалы маңайына ұқсатып отыратын жерлері бар.

Америка ілгеріде өрлетіп жіберген атыс-шабыс фильмдері, оның теріс ықпалы; оқушы балаларды бір апталық орманшылар курсына апарып, табиғат қорғаушылық дағды қалыптастыру өнегесі туралы айтқандары адам тұлғасы тәрбиесіндегі өзекті мәселелер.

Барған жерлері, қонақта болған үйлері, олардың иелері аталып отырады. Жақсының жақсылығын айтуға асығады. Көргеніне зер салмайтын салғырт сәті жоқ.

Америка адамының еңбекшіл, қарапайымдығы аңғартылып отырады. Әйелдердің қоларбамен сәбилерін қыдыртып жүргеніне қатысты «прислуга жоқ» деп түйіп қояды.

Әуезов Америка кино өндірісіндегі, Голливудтағы таңқаларлық молдық, кино байлығы, ондағы дін мазмұнды туындылардың басымдығы, Диснейленд, Гранд каньон туралы сүйсіне жазады. Индеецтердің қайсыбір өз тілі жоқ тайпалары, негізінде жер-суы бар, шаруасын күйттеп, жағдайлы өмір сүріп жатқандарын көңіл толған, жағымды әсерде жеткізеді. Есік алдын, үй-жай тұрмысын баптап отырған қаладан жырақ мекендерге «елсіз жыраққа мәдениет осылай да келе салады» деп қызығып қарайды.

Америка табиғатын суреттеуінде қазақ даласын да көріп отыратындай. Мұхтар Әуезов прозасындағы шалқар суреттеу кеңістігі менмұндалайды. «Шынайы құлазыған елсіз көп-көп қоңыр таулар, адырлар».

Өзіне «құлатып» алатын (распологать ететін – Қ.М.), тіршілікпен тұтастандыратын сырлы, қайратты тілі. Ыждағаты асып төгілген тілі. Образ ашып, олжа үлестіріп кететін шүлен тілі.

«Вашингтонға самолет отырар-отырмасы белгісіз боп келе жатты» (ауа райына байланысты – Қ.М.). Күнделік жазбадағы ықтияттылық, тоқтаған кент, қонақүйлердің мекенжайына дейін жазып көрсетіп отыру; тазалық, күтім сапасы; шақырған ортаның дәм-тұзын дәріптеу; елең еткізер айрықшалықтарды «есте боларлық жайлар» деп даралап отыру; бөтендігі жоқ, жат демейтін қазақы болмыс; алпыстан асар-аспас ғұмырдағы асу-асу ауыр жолдар; тындырған мың сан шаруа; еңсесі биік ер бітім; адамсүйгіш, өмірсүйгіш қызу құштар болмыс… Сарқылмайтын кісілік игілік.

«Мұхтар Әуезов. Америка әсерлері» басылымын ағылшын тілінде оқитын алыстағы америкалық ағайынның осы ізгілікпен ортақтасатыны марқайтады.

* * *

Гүлзия Пірәлі соңғы он жылға тақау уақытта «Қазіргі мұхтартану» (2014), «Мұхтар Әуезов Ленинградта» (2015), «Мұхтар Әуезов кітапханасы» (2015), «Автограф» (2015), «Мұхтар Әуезовтің эпистолярлық мұралары» (2017), «Әдеби байланыс: Мұхтар Әуезов және Зоя Кедрина» (2017), «М.О. Әуезовтің беймәлім мұралары» (2021) атты еңбектер жазып, жарыққа шығарды.

Мұхтар Әуезов көзі тірісінде де, дүниеден озғаннан кейін де халқының көзінен таса болмаған тарихи тұлға. Әуезовтің әдеби шығармашылығы, әдебиет тарихын зерттеу өнегесі тұрғысында ондаған зерттеу, жүздеген мақала, эсселер жазылып келеді.

Әуезов жайлы түгендеп, тауысып сөйлеу, ХХ ғасыр қысталаңдарында арқалаған, көтерген рухани жүгін, әр сөзінің арғы негізін, бар сырын танып, ұғыну, тұтс игеру бір ұрпақтың еншісіне бұйырмаған игілік.

Гүлзия Пірәлі еңбектерінде бірегей тағдырлы тұлғаның ұлтжандылығы; зор ғылыми әлеуеті; кісілік бай мазмұны әуезовтанудағы танылым тарихы, өзекті әуезовтану өрісінде негізделді.

Өмірді ұдайы сау, сергек жүрекпен сүйген Әуезовтің сөз мұрасын жазушы арихивіндегі қолжазбаларына қарайлап, қайырылып отырып зерделеуге бейім.

Мұхтар Әуезовтің «Өскен өркен» романының жазылу тарихы, Оңтүстік сапары туралы баяндауында Гүлзия Пірәлі елжанды Мұқаңның кең жүрегінің бір түкпірінде тұншыққан ұлттық қасірет, зар заманнан бері жалғасқан жалпықазақтық шер мен мұң туралы әуезовтануда дәл осы деңгейдегі деректік маңызында зерделенбеген құбылыстарға кідіріс жасайды.

Жазушы жазбаларындағы ұлттық кадр туралы бірнеше қайтара көлденең түсіп отыратын өзекті мәселені тарқата баяндауында Алаш қайраткерлерінің күрес жолындағы елдік мүдде сабақтастығы таңбаланған қойын дәптер құпияларына құрмет көрсетеді.

«… Цех бастығы жалғыз-ақ қазақ. Қобдабергенов. Сауық, кружок, қазақтан мүлде жоқ. оларды ешкім тыңдамайды дейді… Киоскаларда «Қазақ әдебиеті» жоқ. Сейфуллин кітабын қырғын очередпен алдық. Қазақ тілінде ешкім сөйлемейді… сөйлесе аудару жоқ. Жас кадрды тәрбиелеу, өсіру жоқ…» (148-б.).

«Байділдаев Орынбек 12 жылдан бері смена мастері, өзгермейді. Неге оқытпайды, өсірмейді. 1935 жылдан істеп келеді. Кешкі техникумда оқиды. Без отрыва, веч. Политехникум, тоғыз жыл оқыды, бітіртпейді. Оқыға барарында орнында істейтін адам болмай қалады. Кадр, директор, начцехтар жауапты» (148-б.).

«Жазушы өз тарапынан кеңінен толғайтын түсінік (комментарий) бермесе де әрбір сөйлемінен, ондағы дауыс, дыбыс ырғағынан, сырын ішке бүккен әрбір үтір, деректік деталь, нық қойылған нүктенің өзінен өзегін өртеген өкініш пен ыза ызғары сезіледі емес пе? Байділдаевтың 12 жылдан бері қызметінің өспеуі – жол кесудің, өсірмеудің амалы. Байділдаевтың тағдыры – қазақтың тағдыры, ұлт кадрының тағдыры. Сегіз сөйлемге коммунизмге, интернационализмге, теңдікке, жарқын болашаққа үкілі үмітін артқан бүкіл қазақтың тағдыры сыйған» (Пірәлі Г. Қазіргі мұхтартану, 1-кітап, 117-б.).

Кеңестік саяси жүйемен санасып ғұмыр кешуге тура келсе де, түптұғыр жалпыадамзаттық санасын айнытпаған озық жанның шет ел сапарларындағы қатарындағы көптен оқ бойы жүйріктігі, кісілік алымы, көргеніне көз қуантып марқаюы, ой түбін ақтарып ашылған тұстары Гүлзия Пірәлі зерттеуінде қаз-қалпында қайта оралып, данамен дидарласудың және бір орайы келеді. Ғұмырының әр сәті ғибратты, әр сөзі құнды Әуезовтің кісілік қырлары шет ел сапарнамаларында және бір беймәлім тұстардан ашылып, тұлғалық тұлабой кісілік қуаты қайран қалдырады.

Әуезовтануда қадап айтылмаған, қайсыбір шығармашылық сырға нақтылы бір ситуация, сондағы кесімді, шешімді әрекет, Әуезовтің көпжанрлы шығармашылық мұрасының жеке түр спецификасында пәндік айқындамаларға жүгініп отыру Г. Пірәлі зерттеулерін жалаң, жалпы шолумен шектелуден сақтайды.

Әуезовтің «Индия күнделіктері», «Индия очерктері» атты Үндістан сапарынан жарық көрген жазбаларын жазушының қолжазба мұрасында сақталған қойын дәптерге түскен дерек-мағлұмат, әсер-сәттерімен сабақтастыра саралауы оңтайлы, ұтымды орайласып, Әуезовтің суреткерлік шеберлік кеңістігіндегі тосын, таңсық сырлармен қанықтырады.

«Индия халқы рет, тәртіпке өзгеше бір момын тәрбиелікпен бой ұсынған халық. Жол бойындағы қай станцияда, қай қалада, қай базарлы жиын немесе қыстақ жай-жайда болсын адамның қалыңдығы бірде-бір сиремейді деуге болады. Ерсілі-қарсылы жол бойында жүрген топтар үздіксіз ағын судай. Бірақ бірде-бір жерде алды-жұлды дескен қатты даурық, қақтығыс, әсте ұрыс-төбелес дегенді көрмейсің. Мас атаулы мүлде жоқ, бейпіл ауыз, ұят сөз сөйлеушілер де сезілмейтін тәрізді. Біреуге біреудің түз шайғаны, доң қылғаны да білінбейді. Көп адамның жүзінде сәл түйілген жүдеулеу ажар, үнсіз, қоңырқай қабақ қана байқалады. Ыстықтан, жоқшылықтан, бәлки аштық, панасыздықтан да қажыған жандар көп ышғар. Жалп-жалп қаққан ұзын кірпіктер, жаудыраған үлкен қара көздерді ұдайы бір ажарлы мұңмен, ұяң сырмен танытқандай болады» (354-355 бб.).

Гүлзия Пірәлі Үндістан сапарындағы әр кездесу, әрбір жиын, әрбір жеке тұлғамен танысу, т.б. сәттердің барлығына дерлік Әуезов жазбаларының мазмұндық құнарынан зер салып, қайсыбір мәнде сол құбылыс орайында өз зерттеу кеңістігін де кіріктіріп отырып жалықпай, жалықтырмай, көркемдік құбылысындағы ғылыми-теориялық интерпретацияның өзіндік бір қисындарымен баяндап отырады.

«Қазіргі мұхтартану» атты зерттеу еңбектің 1-кітабында «Жапония күнделіктері» туралы да нақпа-нақ әр сәт, әрбір таңбалы әсер жинақы, жан-жақты айтылады. Қай елдің да, қай халықтың да өмір салтын, тіршілік қалпын тарихи негізде бағалап, саралау өнегесі оқшау Әуезовтің қойын дәптеріндегі құндылықтар қоймасын ашқарақтықпен ақтарған зерттеулердің танымдық-ақпараттық, көркемдік-эстетикалық тұғырлары қазіргі әуезовтану бағытында зерттеулер жүргізетін жас мамандарға, білімгерлерге тәжірибелік мәнде де ас қажеттілігі бар.

«Қазіргі мұхтартанудың» 2-кітабы Әуезов және қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің даму үрдісінің тарихи, көркемдік-теориялық негіздері мәселесінің кешенді, жүйелі зерттеу кеңістігін түзу бағытында, тұтас таным қалыптастыру міндеттерінде жазылған.

Әуезовтің шығармашылық бағытындағы ғұмырбаяндық-деректік, ғылыми-публицистикалық, эссе-толғам еңбектері 2015 жылы «Мұхтар Әуезов Ленинградта» атты зерттеуімен жалғасын тапты.

Бұл жинақта Әуезов өмірінің таңбалы, өткелді кезеңі – Ленинградтағы оқу жылдары тарихи ақиқат маңыздылығында өмірбаяндық тың фактілермен, орта, оқиға, ой кеңістігімен жаңаша пайымдалу өзектілігінде желі тартады.

Жас Мұхтардың білімге құштарлығы, «озып» кеткен жұрттармен терезесін тең ұстаған, бойына сенген лайықты кісілік қалпы, Ленинград жылдарында бастан кешкен Батыс өмірімен бетпе-бет сәттердің олжалы, қайырлы, құнарлы құбылыстары туралы ізге түсіп, Петербург барып, архив ақтарып, өзіне дейінгілер байқамағанды байқауға да кетәрі емес зерттеуші Гүлзия Пірәлі жас Мұхтардың рухани кеніштерінің бірі болған орыс қаласын жақсы көріп жазады. Мұхтар Әуезов «қазақтың ұлттық құты, рухани реңі» деп шаттанады.

Гүлзия Пірәлінің Ресейдегі жеке қаламгер өмірбаянын, шығармашылық мұрасын зерттеудегі озық ғылыми өнегеге қарайлап отыру өзектілігін құлаққағыс етіп отыруы жайдан жай емес.

Қазақ әдебиеттану ғылымының тұлғатану бағытында ізіне түсіп, іргелі, кешенді зерттеулер жүргізіп, шығармашылық тұлғаны тарихи ақиқат ауқымында танып, бағалауда қилы ішкі, тысқы себептерден кенде қалған тұстары бар.

«Әдеби байланыс: Мұхтар Әуезов және Зоя Кедрина» атты (2017) көлемді зерттеуде де автор әуезовтануда дерегі бар болғанымен, нақтылы фактілер фонындағы тарихи, саяси, рухани-әлеуметтік, қоғамтанушылық, әдебиеттанушылық тұғырлар арнайы талқыға түсе қоймаған елеулі өмірлік, шығармашылық құбылыстар туралы баяндайды.

Аударма теориясына, «Абай жолы» роман-эпопеясының аударылу үрдісіне қатысты ұлт мәдениетінің жалпыадамзаттық құндылық өрісі мәнінде ой қорытылып отырған.

Жеке бас, отбасылық өмір, достық пейіл ауқымында да көп сыр ақтарылған.

Мұхтартанудағы жалықпай жазылған еңбегінің бірі – «Автограф» (2015) бұл да өз алдына бір шежіре. Әуезов қолтаңбасы…

Автор аталған жанрдың теориялық негіздемесіне арнайы зерттеу болмағандығын ескертеді. Көп мәселені саясатқа сырып қойып «құтылатынә салғырттығымыздың бірі.

Жинақта автографтың әлемдік тарихынан беймәлім, таптырмас деректер келтіріліп отырған.

2017 жылы «М. Әуезовтің эпистолярлық мұралары» атты кітабы шықты. Жанр теориясы, поэтикасы, эпистолярлық мәдениет пен әдеби дискурстар; қаламгердің хаттары, ондағы адам тағдырлары туралы алғаш рет пайымдалған.

Қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы, әдеби сын бойынша сөйлеген сөздері мен баяндамалары – Мұхтар Әуезовтің ұлттық құндылықтарды қорғау бағытындағы қайраткерлік мұраттарымен, табанды қайырлы ғұмырлық еңбегімен сабақтастықта, кешендік тұтастықта туған қастерлі мұра.

«М. Әуезовтің кеңестік кезеңдегі КСРО Жазушылар одағының Әдебиет пен өнер Орталық мемлекеттік мұрағатындағы (ДГАЛИ), «Қазақфильм» студиясының мұрағатындағы және Қазақстан Жазушылар Одағындағы съезд, пленумдардағы баяндамалары мен Мәскеудегі Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар беру комитетінің мұрағатында сақталған ұлт әдебиеттерінің көрнекті өкілдерінің сыйлыққа ұсынылған шығармалары туралы сөйлеген сөздерінің стенограммалары, өзге де руханият кеңістігіндегі ой-пікірлері, 50 томдық академиялық жинақта алғаш рет жарық көргенімен, әдеби-ғылыми айналымға енбеген. Бір архивтен алынып, екінші кітаптағы архивке көшіп, жалпы оқырманның рухани игілігіне айнала қойған жоқ».

Тұлға мұрасын қастерлеудің озық өнегесінде өмірбаяндық тың фактілер бойынша кешенді саралау тұтастығында Гүлзия Пірәлінің «М.О. Әуезовтің беймәлім мұралары» атты еңбегі – қазақ әдебиеттану ғылымында әлде де кенде қалып отырған тұлғатану бағытындағы толымды зерттеудің бірі.

ХХ ғасырдың бастапқы ширегінде ұлт қайраткерлері әдеби мұраны тану, игеру, ғылыми негіздеу мәселелеріне де, жаңа дәуірдегі әдебиеттік көркемдік негіздерінің орнығу, даму бағыттарына да елеулі мән беріп, әдебиеттің ұлттық азаттық ауқымындағы мәртебесіне екпін салған кезеңде белсенді еңбектенген Мұхтар Әуезов жаңа әдебиетті жасауға да, ұлтының ұлы сөз мұрасын тарихи-теориялық тұрғыдан зерттеп, жүйелеуге де тұтас бұрылып, жедел екпінді кіріскен.

ХХ  ғасыр басындағы 20-жылдар М. Әуезов үшін ізденіске толы өте жемісті және шешуші кезең болғандығын Гүлзия Пірәлі Мұхтар Әуезовтің 1927 жылғы «Әдебиет тарихы» оқу құралының фактісінде тарқата баяндап, әдеби мұраны зерттеу методологиясын қалыптастыруда да бұл еңбектің теориялық мығым тұғырлары айтулы міндет атқарғандығына мән береді.

«Қандай болғанда да 1905 жылы Л.Н. Толстойдың: «… Век и начало века на евангельском языке не означают конца и начала столетия, но означают конец одного мировоззрения, другой веры, другого способа общения» деп жазғанындай ХХ ғасыр басындағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік өзгерістер қазақ әдебиетінің өсуіне, жаңа эстетикалық көркемдік қабылдаулардың қалануына дәнекер болған дәуір».

Зерттеуде Мұхтар Әуезовке қатысты елеулі ғұмырбаяндық, мәдениеттанушылық, әдебиеттанушылық жеке деректерге ден қойылады.

«Жалғыз қазақ әдебиеті емес, бүкіл түркі тілдес туысқан ұлт әдебиетінің туын көтеріп шыққан М. Әуезов ортақ ұлы мұратты жүрексінбей еркін жеткізеді: «… Ведь и устное творчество у наших народов теперь далеко не прежнее какова природа и сущность социалистического реализма, воплощенного в самом советском устном песнетворчестве? Каково качество и наличие традиций фольклора, естественно проникающего в новые жанры, ранее неведомые для него, скажем, в наших романах, повестях, драмах!..».

«Кеңестік кезеңдегі саяси идеологиялық талап бойынша орыс мәдениеті мен әдебиетінен үйрену, үлгі алу басты қағида, тапжылмас талап болғанымен оның да өзіндік әдісі, ғылыми тұжырымы, тәжірибелік тағылымы бар екенін әдебиетші ғалым былайша түсіндіреді: «… при этом я бы подчеркнул две стороны вопроса. Во-первых, изучать критически степень плодотворности, культурности данной конкретной учебы. Во-вторых, на положительных фактах глубоко продуманной истинно творческой учебы писателей. Но задачу учебы некоторые критики и литературоведы сами понимают недостаточно ясно и правильно. Часто они смешивают понятия метода и темы. Зачастую по сходству тем или иных признаков, которою даже чисто внешних признаков, находят учебу у Горького или у Маяковского примерной, плодотворной у данного национального автора…» деп олардан үйреніп емес, жалаң еліктеген жазушылардың шығармаларындағы кемшіліктерге тоқталады».

Қазақ қалам қайраткерлерінің арақатынасына орай кеңестік кезең ыдырағаннан соң ушыға түскен қауесет әңгімелердің қайсыбір дерегін осы «М.О. Әуезовтің беймәлім мұралары» атты еңбектен де табамыз.

Зерттеуде Мұхтар Әуезовтің рухани дос, іні, әріптес жандарға әр жағдайда әдебиет мәселелеріне қатысты ойын бөлісіп жазысқан хаттары да қамтылған. Ілгеріде бұл мәселеде жеке монографиялық еңбек жазған Гүлзия Пірәлі осы жаңа жинақтың мазмұндық тұтастығында өзекті міндеттерінде күн тәртібіне шығып отырған дерек, дәйектерді Мұхтар Әуезовтің тақырыптық жиындарда; әдеби мұраны оқыту үдерісінде; жеке дос-жар, әріптестермен әдебиет төңірегінде жазысқан хаттарында түзілген, Әуезовтің шығармашылық, тұлғалық болмысымен бітеқайнасқан іргелі ғылыми зерттеу методологиясының біртұтас маңыздылығында зерделенген.

Зерттеу бағыты қазіргі әдебиеттануда өзіндік мәнімен бағасын алған Гүлзия Пірәлі – қазіргі қазақ әдебиетіндегі қаламгерлік қолтаңба, көркемдік басым беталыстарға еркін, оңтайлы саралаулар жүргізіп отырған жетекші ғалым.

 

Қанипаш МӘДІБАЕВА,

М.О. Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер

институтының бас ғылыми

қызметкері.

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button