Ғалымның хаты

Ұлт қамқоры болған тұлға

Мұхамеджан Сералин туралы толғаныс

Мұхамеджан Сералин қазақтан шыққан тұңғыш редакторлардың бірі болды. Егер біз қазақ тіліндегі алғашқы газеттерді сөз етсек, алдымен, «Түркістан уәлаяты газетін» ауызға алар едік. Ол Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласында 1870 жылдың 28 сәуірінен бастап шығып тұрды. Бірақ ол өз алдына жеке басылым емес, орыс тілінде шығатын «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет, екі саны өзбекше, екі саны қазақша шығарылатын газет ішіндегі газет еді. Бұған дейін қазақтың өз баспасөзі болыпты дегенді естіген жоқпыз.

Бұдан кейінгі екінші бір басылым – «Дала уәлаяты газеті» жаңадан құрылған Омбы генерал-губернаторының органы ретінде Омбы қаласында 1888 жылдың 1 қаңтарынан бастап 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін жарық көріп тұрды. Бұл да газет ішіндегі газет.

1869 жылы 2 қаңтарда Орынбор және Сібір ведомствосына қарайтын территория қайта құрылып, Торғай облысы делініп атала бастады. Ал 1879 жылы орталығы Орынбор қаласында облыстық басқарманың газет столы құрылып, оның ресми органы шыға бастады. Осы орысша газетке қосымша ретінде 1895 жылдан бастап қазақ тілінде 15 жылдай «Торғай» газеті шығып тұрды.
Бұл үш газет те өкіметтік органдар еді. Үшеуінде де қазақша қосымшалар өкімет атынан ресми шығып тұрды. Осыдан басқа қазақ халқы ешқандай газетті білмеді. Өз ана тілінде дербес баспасөзі болмады. Мұның өзі халықтың сана-сезімінің шектелуіне, қараңғылық түнегінде ұзақ уақыт қалып қоюына себепкер болды. Оқыған-тоқығаны бар жұрттар дүниедегі барлық оқиғаны оқып-біліп отырғанда, біздің халық құлаққа ұрған танадай тым-тырыс жүрді. Газет оқи аларлық сауаттары да жетіп жатпады.
Қазақтың тұңғыш тәуелсіз баспасөзінің алғашқы қарлығаштары да осы кезеңде пайда болғанын тарихтан білеміз. Оның алғашқысы Троицк қаласында 1907 жылы 2 ақпанда жарық көрген. Ол «Қазақ газеті» деп аталды. Бұл газет патша өкіметінің отарлау саясатына қарсы күрес жариялай келді. Сондықтан да патша өкіметі газетті бірінші нөмірінен бастап мүлде жапты. Екінші бір тәуелсіз газетіміз «Серке» еді. Оның да тумай жатып желкесі қиылды. Газет шыққаннан кейін (газет Петербургте шығарылған болатын) бірер күннен соң полиция келіп, барлық санын жинап алып, құлыптап кеткен. Газеттің ұсталуының себебі, үкіметке қарсы үгіт, Міржақып Дулатовтың еркін ойлы материалдарының шығуы екен. Патша өкіметі 1907 жылдың 4 қаңтарынан 27 сәуіріне дейін Орынбор қаласында шығып тұрған большевиктік «Орал» газетінің де өмір сүруін тоқтатқан.

1911 жылы Орда қаласында басылып, кейін Оралға көшіріліп, 1913 жылға дейін 18 нөмірі шығып үлгерген прогресшіл-демократтық бағыттағы «Қазақстан» газеті де біздің жадымызда. Басылымның редакторы Елеусін Бұйрин еді.

Мұхамеджан Сералиннің «Айқап» журналына дейінгі қазақ баспасөзінің тарихы осындайлық, шолақ қайырылады. Бұл, 1870 жылдан 1911 жылға шекті аралық, қырық жыл мерзім, қанша дегенмен аз уақыт та емес. Халыққа патша бұйрығын, патша тәртібін түсіндірген болып, олардың да көңіліне жағып, бірақ негізгі қызметін халықтың, өз қазағының көкірегін ағартуға жұмсады. «Түркістан уәлаяты газеті», «Дала уәлаяты газеті», «Торғай» газеттерінің қазақтарға еткен еңбегі ұшан-теңіз. Бұл қызмет – газетті газет етіп шығарып отырған азаматтарымыздың қызметі болатын.

Мұхамеджан Сералиннің «Айқап» журналы қазақ журналистикасының жаңа бетін ашты. Мұны қазақ рухани дүниесінің мүлдем жаңа сатысы деуге болады. Мәдениеттің, өркениеттің дамуының түбейгейлі сапалы бұрылысы деп бағаласақ, артық айтқандық болмас еді. Әдебиетсіз, журналис­тикасыз қалыпты ел болмайды. Әдебиет ауыз әдебиеті үлгісінде жазусыз, сызусыз да болып жатуы мүмкін. Жазба әдебиеттің орнын ауыз әдебиеті атқарып та ұласады. Ал журналистикасы жоқ ел шежіресі хатталмаған, оқиғалары әр жерде шашылып қалып жатқан, жазылмаған соң ұмытылып қалатын әңгімедей, зердесіз ел. Петр патша неге шет елден үйреніп газет шығаруға кірісті?

Газетсіз ел құлаққа ұрған танадай су қараңғы. Сырт түгіл, өзіміздің ішімізде, елімізде не болып, не қойып жатқанын білмеген халық қалай дамитын еді, ойланып көріңізші. Мешеулікке ұшырағанымыз да газетіміздің жоқтығынан емес пе еді? Оны азды-көпті орыс оқуын оқыған ұлдарымыз жақсы түсінді. Бізге, халқымызға ең бірінші керек нәрсе – баспасөз екенін ұқты. Орыстың өзі бұл қажеттілікті Петр патша кезінде әзер жүзеге асырса, қазақ оны жиырмасыншы ғасырдың басында қолға алып жатты. Бірақ оған қазағым кенжелеп қалыпты-ау деп империяның жаны ауырғандықтан емес, көкірегіне ой түскен қазақ ұлдарының тірлігі себеп болды. Солардың бірі – Мұхамеджан Сералин еді. Қазақ халқының рухани өмірінде, Сералиннің әлеуметтік алатын орыны ерекше.

Ғалым Бейсенбай Кенжебаевтың зерттеуінше, патшаның әкімшілік орындарынан көп уақыт сұранып жүріп, рұқсат алып, Сералин 1911 жылдың қаңтарынан бастап «Айқап» журналын шығара бастайды. Журнал 1915 жылдың тамызына дейін Троицк қаласында шығып тұрады.

Сералин журналистік арнаулы мамандық алмаса да, өзінің өмірден жиған рухани білімімен, заманға берік көзқарасымен, ұлттың шаруасын жіті білуімен, ұлтыма қалайша пайдамды тигіземін, оны алға алып шығамын, көзін ашамын, қайтіп жұрт қатарлы ел етемін деген жан толқынысымен іске кіріскен. Білім, білік дегенде оның бойындағы табиғи дарын, ерекше сұңғылалық, зеректігі, дүние танымының ерте қалыптасуына негіз болған еді. Үлкен әкесі Тұрсынбай да, өз әкесі Серәлі де заманында серілік құрған ақындар қатарында болыпты. Серәлі Еруәліұлы – оның әкесі қазақ ақындары антологиясына енген «Бес ғасыр жырлайды» кітабында бар ақын. Оның атақты «Сұлуағаш» өлеңі отаршылдыққа қарсы жазылған, ауыздан ауызға тарап, күні бүгінге жеткен тамаша шығарма. Б.Кенжебаевтың айтуынша, Серәлінің әкесі ретінде Тұрсынбай, ал Еруәлі, сірә, Тұрсынбайдың әкесі болуы мүмкін. Бұл арада әлі де зерттей түсу қажеттей. Серәлі алғашқы бетте бірер жыл молданың алдын көрсе керек. Серәлінің төрт-бес жасарында әкесі қайтыс болады да, шешесімен бірге Троицк­ідегі нағашыларының қолына келіп оқиды да, кейін орыс мектебіне түседі. Оқып жүргенде тұрмыс қиыншылығын көп көреді. Арыстан деген байдың Қостанайдағы орыс-қазақ мектебінде оқитын балаларына Мұхамеджан күтуші болып күнін көреді. Бос уақытында ерікті тыңдаушы болып, сол мектепте сабаққа қатысады. Ильиных деген оқытушының көмегімен осы мектепке кіріп, оны 1891 жылы өте жақсы бітіріп шығады. Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын училищеге түспек болып емтихан тапсырады. Сынақтан өткенімен, оқуға ақшасы болмай, тұрмыс жағдайы көтермей, амалсыздан ауылға келеді. Елде бірнеше жыл мұғалім болып, қазақ балаларын орысша-қазақша бірдей оқытады. Оның білім мектебі осы ғана. Сол кездердегі зиялыларымыз­дың бітірген университеттері орта білімнен аспаған. Ахмет Байтұрсынов бұған қарағанда мұғалімдер семинариясын түгендеді ғой. Сералинде ол да жоқ. Бірақ арыстарымыз аз білімнің өзін көпке балап, аздығын өмірден толықтырыпты. Сералин 1897-1898 жылдары Троицкі қаласына қайта келіп, сондағы жүн жуатын зауытқа сұрыптаушы болып қызметке орналасады.
Осында жұмыс істеп жүріп, Троиц­кі кітапханасындағы бүкіл орыс классикалық әдебиетін оқып тауысады, онымен қоймай, қазақтың халық әдебиетін оқып, зерттеп, өзі де өлең жазады. Көп ізденушіліктің нәтижесінде қазақ, татар, парсы, орыс тілдерін жетік біліп шығады. Сералиннің алғашқы күрделі шығармалары 1903 жылы Орынборда басылып шыққан «Гүлкашима» қиссасы, 1903 жылы жазылып, 1907 жылы Троицкіде басылып шыққан «Топжарған» поэмасы.

1905 жылдары Сералин Иван Федорович Голованов басқарған Қос­танай большевиктерінің жасырын жұмысына қатысады. Бұл жөнінде Қостанай большевиктерінің жұмысына қатысқан журналист С.Ужгиннің естелігінде айтылады. «Өзінің біліміне маркстік ілімнен таяныш тапқысы келгендіктен бе, әйтеуір, осы қатерлі істен тартынбады» дейді. Сералиннің большевиктердің үндеулерін қазақ тіліне аударып, қолжазба түрінде қазақ халқы арасында таратқанын айтады. Сералиннің кандидатурасы Бірінші дума депутаттығына ұсынылады. Бірақ оған жала жабылып, кандидатурасы алынып тасталыпты. Сералиннің әдеби-шығармашылық, саяси-әлеу­меттік жұмыстарға араласуға осындай даярлық, бастаулары болыпты.
Сералин заманында интеллигенттердің негізгі екі тобы болғаны мәлім. Олардың бірі – діни оқудың ыңғайында тәрбиеленген панисламизм жағындағылар болса, екіншісі – Мұхамеджан Сералин тәрізді, азды-көпті болса да қоғам даму заңдарын түсініп, халықты өнер-білімге шақырып, елдің мешеу­лігін оқу-ғылымсыз қалғандықтан деп білетін, сондықтан да халықты надандық құрсауынан алып шығу жолында күрескен оқығандар тобынан еді. Халық тұрмысын экономикалық жағынан, мәдениет жағынан көтергісі келіп, олар барлық қажыр-қайратын жұмсады. Өз ықтиярларымен осындай қиын да қатерлі жолды таңдап алды. Оның жолы – орыс мәдениетінен үйрену деп есептеді. Бірінші топтағыларды ұлтшыл оқығандар деген атау­ға лайықтасақ, екінші топтағылар демократ-ағартушылар қатарына жататын еді.
«Мен терең ойшыл болмасам да, ойыма келген бірнеше пікірімді көпшілік алдына салғым келеді. Мал шаруашылығы мен егін кәсібін біріктіріп, жарым көшпелі, жарым отырықшы болып, күн көретін заманымыз өтті. Енді қайтіп келмейді. Ол заманды сағынбасақ, хәм қумасақ керек. Мұнан былай күн көруіміз үшін ең алдымен қала болып отыруымыз тиіс. Қала жұртының істейтін кәсібін істеу керек» деп жазды Сералин 1911 жылы «Айқаптың» 6-санында.

Ресейдің провинциалды шағын қаласы-Троицкі ол кезде бүкіл Батыс пен Шығыстың сауда жолында тұрған әрі орта дәрежелі діни, басқа да оқу орындары, қолөнер училищелері бар, орыс шіркеулері, бірнеше мұсылман мешіттері бар діни де, мәдени де орталық еді. Бұл қалада негізінен орыс, татар, қазақтар тұрды. Татар көпесі Яушев­тің сау­да орындары, дүкендері, кәсіпорындары орналас­ты. Даланың түкпір-түкпірінен қазақтар отар-отар қой, ірі қара табындарын әкеліп, сатып, пайдаларын шығаратын. Медреселерде қазақ шәкірттері білім алатын. Орыс мектептері де қазақ балаларын ішінара қабылдайтын. Қазақстанның шекарасында тұрған қала қазақтардың сауда, мәдени, экономикалық орталығы болуы оның географиялық орналасқан жағдайымен де байланысты еді. Ол орыс пен қазақтың қаласы еді. «Айқап» журналының редакциясы осы қалада орналасуы қазақ мәдениетіне айырықша әсер етті. Бұл қала Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Бейімбет Майлиннің де еңбек еткен қаласы еді. «Айқап» өз маңына қазақтың жаңа өсіп келе жатқан талантты жастарын топтастырды.

Сералиннің редакторлық қызметі, міне, осы қалада басталды. Ол өзінің істі жетік білуі арқасында журнал жұмысын жүйелі түрде құра білді. Журналда бет толтыру үшін жүрдім-бардым, көр-жер басылған жоқ. Ермек үшін де ештеңе жарияланған жоқ. Әуел бастан берік мақсат – ел мүддесін көздей, ел үшін бірдеме жасаймыз ба деген ниетпен кіріскен Сералин, оның тобы журналды халықты соңынан ертетін, болашақ дүниеге бастайтын, елдің басылған санасын көтеретін рухани күшке айналдыруға тырысты.
Троицкі Қазақстан мен Ресейдің шекара сызығында тұрған қала болғандықтан, Сералинге және оның журналына саяси-экономикалық, әлеуметтік мешеулік көзбен көріп, қолмен ұстағандай түсінікті әрі айқын болатын. Бір жағынан, орыс іші, екінші жағынан, қазақ тұрмысы, бейнеті, бір-біріне әсер-ықпалы, қарым-қатынасы, екі жақты қанау, отарлық езгі, қараңғылық, оның үстіне басқа сұрқай дала өмірі, қазақ күнкөрісі, оқу-білім, надандық жайлаған жабайылық жағдай көз алдарында.

Сералин өз бағдарына адалдықпен кетті. Оның алдында ірі-ірі әлеуметтік мәселелер тұрды. Жалғыз өзі бұл мәселелерді, әрине, халқына талдап жеткізіп бере алмас еді. Баспасөздің де мақсаты бүкіл халықтық мінберге жарағанда жүзеге асатынын ол білді. Сералин – жалғыз адам, ал баспасөз жалпының мінбері. Оның дауысы әр қазаққа жетуі үшін оның журналы халықтың мінберіне айналуы керек. Сондықтан да Сералин өз журналына қалам ұстаған, сөз білетін барлық қалам иесін топтас­тырды.
Ол кездері күйіп тұрған мәселелер – жер дауы, отырықшылық жәйі, әйелдер, оқу-білім, ауыл мектебі халдері еді. Ұлт мәселесі еді. Журнал беттерінде Сералин ұлтшыл оқығандар, демократ-ағартушылар демей, аузында сөзі, көкірегінде пікір-ойы бар зиялылардың бәрін тартты.
Ол өзі шығарып отырған журналын елді ел болуға үгіттеуге, ел болуға бастайтын бастауларды насихаттауға қызмет еткізіп қана қоймай, қалай ел болуды да үйретті. Халықты отырықшыландыру сияқты үлкен мәселені бірді-екілі оқығандар шешіп бере алмайтынын Сералин жақсы түсінгендіктен, бұл шаруаны көпшілік болып ойласуды, ақылдасуды ұсынды.

Редактор ол заманда халық қайраткері, оның саяси жетекшісі дәрежесінде көрінді. Редактор, журнал басшысы ретінде ол қайт­кенде де өзіне артылған халық жүгін адал көтерді. Заманының ақыл-иелерінің аса көрнектілерінің бірі, ол, халқын кедей, бай деп бөлмей, бірдей ардақтап, қазағына өзі тұрпаттас замандастарынша еңбек сіңірді. Ол өз журналын әуел бастан жүйелі жолға қойып, кездейсоқ ой-пікірлерден сақтап, тек ел мүддесін қорғайтын, оның еңсесін көтеретін, ұлттық сезімін жоғалтпауына әсер ететін, надандықтан сақтандыратын, тарихи жадын ұмыттырмайтын, тірлікке, бірлікке шақыратын, ойы бүтін, сапалы басылым ете білді. «Айқаптың» сөзіне жұртшылық құлақ асты, сенді, ілтипатқа алды. Журналды халық іздеп, күтіп отыратын болды. Бірінен бірі алып оқыды.

Журнал нендей мәселе көтерсе де, оны барынша аяғына дейін түпқазық етіп ұстап отырды. Оған жұртшылықтың ықыласы ауғаны соншалық, көбіне осындай мәселелердің басы-қасында жүретін оқығандардың өзі, мысалы, халықтың отырықшылығы туралы мәселе «Айқапта» көтерілген соң екі топқа жарылды. Демократ-ағартушылардың тобы Сералинді қолдаса, жаңа аренаға көтерілген жаңа интеллигенция тобы оған қарсы платформада болды. Бұлардың арасында тек жер мәселесі ғана емес, оқу-ағарту, дін, басқа да әлеуметтік мәселелер жөнінде көп уақытқа созылған айтыс басталды. Кейін бұл айтыстар «Қазақ» газетінде ұласты. Алайда баспасөз осынысымен де құнды. Ұлт мәселелері, әлеуметтік мәселелер жөніндегі айтыстар қай ел интеллигенциясы да бас тарта алмайтын пікірталастардың бірі. Бола да береді. Оны ұсынып отыратын уақыттың өзі. Айтыстан қашуға болмайды. Ұлы журналист Сералин оны жақсы түсінген.
«Айқаптың» алғашқы санындағы «Қызмет иесі мырзаларға» деген мақалада «Журналымызға «Айқап” деп есім бердік…Біздің қазақтың «Әй, қап!» демейтін қай ісі бар? «Қап!» дегізген, қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз өкінішімізге лайық «Айқап» болды» деп жазады. Оның 1915 жылға дейін, жабылғанша шыққан нөмірлерін қарап отырсақ, сол кездің жоғары сапалы басылымы болғаны беп-белгілі. Сералин атамыз жоғары білімді кәсіби журналистен еш кемдігі білінбейді. Әр материалдың мазмұны мен тақырыбы алдын ала ойластырылған. Бірінші бетіне елдің ішкі өмірінде болған жаңалықтар, ресми хабарлар, екінші, үшінші беттерінде «Ашық хат» деген айдармен оқыр­мандар хаттарын жариялайды. Жер туралы, съезд, сайлау туралы, т.б. материалдар тақырыптар бойынша 4-6 беттерде орналасқан. «Фельетон», «Хабарлар» тәрізді материалдар журналдың орта тұсында орын алады. Шет ел жаңалықтары, көңіл айтулар мен басқармадан ескертулерді, жаңа кітап туралы рецензияларды журналдың соңғы беттерінен оқуға болады. Тұрақты айдарларының болуы да ұқыптылықты танытып тұрады. Журналдың безендірілуі де көз тартарлық. Журнал Қазақстанның әр түкпірлерінен хабарлар, материалдар жариялап, бүкіл қазақты қамтыған басылым болғанын тағы паш еткен. Оның Шымкент, Зайсан, Торғай, Қарқаралы, Қызылжар, Көкшетау, Астрахань губерниясынан, Бөкей Ордасынан, Ақтөбеден, Семейден, Тараздан, Қостанайдан тілшілері хат жолдап тұрған.

Журналдың хатшысы болып 1911-1912 жылдары Әкірам Ғалимов, 1913-1914 жылдары Сұлтанмахмұт Торайғыров істеді. Қызметкер, тілші болып, автор болып Жиханша Сейдалин, Спандияр Көбеев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Бақытжан Қаралдин, Молдағали Жолдыбаев, Бекмырза Бекжанов, Нұралдин Айтмұқамбетов, Есенғали Хасболатов, т.б. қатысқан.
Империяның тонаушылық сая­сатының ең ұшынған кезеңінде жарық көрген «Айқап» патшаның озбырлық мәселелерін тереңнен жазды. 1912 жылы журнал 31-санында патша өкіметінің басқару-әкімшілік істері жөніндегі отаршылдық саясатын сынаған мақала жариялады. Онда 1867-1868 жылдардағы Ережелерді патша өкіметінің тек үстем тап өкілдері кеңесімен шығарғанын, комиссия мүшелері – болыс, билер өз пайдаларына ғана көшкенін, оны тек марқұм Шоқан Уәлихановтың әшкерелеп, Дала генерал-губернаторына хат жазғаны, қазақ үшін сайланған халық судьяларының екенін мәлімдегені айтылды. Мұндай ерлік Мұхамеджан сияқты табанды редактордың ғана қолынан келеді. Ол саналылық, ержүректілік көрсетіп отыр. Бұл тақырыптағы Бақытжан Қаратаевтың корреспонденциясында айтылатын Шідерті болысы елінің отырықшы болып жер алулары туралы жазғаны «Қара шекпендер қырық тоғыз қала салдырып алды. Қара шекпендерге ең жақсы бірінші дәрежелі жерлер кетті. Жеті руға ең жаман жерлер қалды» деген пікір де өткір.
1911 жылғы 3-санда жарық көрген Бекмырза Бекжановтың «Қазақтың қазіргі халы» деген мақаласында артта қалуымыздың басты себебі феодалдық қоғам, ұлттық томаға-тұйықтық, көшіп-қонумен жүріп, көрші елдердің өнегесінен үлгі алмай қалғанымыз деп көрсетілген. Осы мақаламен аттас келесі бір материалда озық елдер қатарына қосылу үшін фабрика, зауыттар салып, өнеркәсіпті өркендету туралы сөз болады. Мұның бәрі сол кезең үшін саяси-әлеуметтік мәні зор мәселелер болатын. Осының бәрін халық алдына қойып, жаза білуде шын мәніндегі ерлік істер еді. Қазақ журналистикасының ержеткендігінің белгісі еді.
Сералин оқу, білім, елді ағарту, әйелдердің қоғамдағы орны, т.б. мәселелер жөнінде «Айқапта» көптеген мақала, материалдар бас­тырды. Соның қай-қайсысын да ол елдің қайғы-мұңын, аса қажеттерін жүрегінен өткізіп, көз алдына келтіріп, қарлығаштың қанатымен су құйғанындай қайырым жасауға әзір қалпымен жариялады. Дағдарып отырған елге ең зәру мәселелерін шешіп беруге қолынан келген көмегін мейлінше аямады. Езілген, қор болған елге қайтіп көмегім тие­ді дегенде, оған өзінің бойындағы дарынын, талантын, ұйымдастырушылық қабілетін қосты. Ел үшін баспасөз ашу, онда ел мүддесін жанын салып қорғау, елдің жүрегіне жеткізу, патша өкіметіне де сөзін өткізу қажеттігін ол терең түсінді. 1912 жылғы «Айқаптың» 10-санындағы бас мақалада ол барлық қазақ жерінде тәртіпті бір мектеп жоқ деп күйінді. Балаларды қыста оқыту керектігін ұсынады. «Бір ауыл бірлік қылып, оңаша бір үйді мектеп қылып, жаңа тәртіппен оқытатын бір мұғалім ұстап, октябрь числосынан майға дейін оқытса, бұрынғы бес-алты жыл оқытқанды оқиды» деген пікір таратады. Осыдан соң кешікпей қазақ даласында қыстаққа айналған жерлерде балалар қыстыкүні оқытылатын болған. Сералин балаларды орысша оқытуға шақырды. Келешектен үмітіміз болса, осылай етейік деді. «Тіпті үстімізден қарап тұрған Россия болғандықтан, орыс тілін білу біздерге қарыз деп айтсақ, кінәлі болмаспыз» деп оны міндеттендіре түсіндірді. Бұл сол кездердегі қазақ интеллигенциясының алдыңғы қатарларының пікірімен бірдей.

Сералин «Айқап» журналы жабылған соң, Троицкіде орыс тілінде шығатын «Степь» газетінде біраз уақыт істейді. 1918 жылы большевиктер партиясына кіріп, саяси-әлеуметтік жұмысқа белсене араласады. Осы жылы революция­лық комитетте және жер бөлімінде жұмыс істейді. Өлкелік ревкомның атынан 1919 жылы шыға бастаған өлкелік «Ұшқын» (кейін «Еңбекші қазақ» деп аталады) газетінің шығарушылар алқасына мүше болады. 1920-1921 жылдары Қос­танайға келіп, губерниялық партия комитетінде жауапты қызмет атқарады. 1921-1925 жылдары Қостанайдың «Ауыл» газетінің редакторы болады. Сонымен қатар губерниялық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімін басқарады.

1926-1928 жылдары Сералин сал ауруына ұшырап, өз ауылында болады. Осы кезде Ақсор деген жерде сәулетті село орнаттырып, онда мектеп, клуб, монша салдырады. Су қоймасын жасатып, ағаш, жеміс ектіреді. Сөйтіп жаңа ауыл мәдениеті­нің үлгісін көрсетуге тырысады. Оның сол кездегі елдегі тірлігінің жәдігерлерінің әлі күнге дейін сүлдері жер бетінде байқалады. 1928 жылы денсаулығым түзелді ме деп көңілі көтеріліп, қайтадан Қостанайға келгенінде, Өлкелік партия комитеті оны «Еңбекші қазақ» газетіне ауыстыр­мақшы болады. Бірақ денсаулығы бұрынғыдан да нашарлап кетіп, төсек тартып жатып қалады. Осы ауру оны жер қойнына алып тынады. Ол 1929 жылы мамыр айында қайтыс болған.
Қазақ тілінде тұңғыш рет «Айқап» журналын шығарған, оның редакторы болған, халқына баспасөз арқылы шексіз қызмет еткен, бүгінгі республика баспасөзінің – «Егемен Қазақстанның» да негізін қаласқан, «Ауыл» газетінің де шығарушы-редакторы болған Мұхамеджан атамыздың жөні осындай. Қазақтың сол кезде там-тұмдап құрала бастаған зиялыларына «Айқап» қазақша ойлауды, ойлағанын қазақша жазуды үйреткен еді. Газет-журнал шығару қазақ оқығандарының да қолынан келетін іс екенін Сералин жеке басының өнегесімен дәлелдеген еді. Қазақтың тұңғыш редакторы, міне, осындай болған еді.
Сонау Қарабалық жерінде Ескі Өрнек деп аталатын ауыл түбінде оймақтай жарқыраған Серәлі көлі бар. Қыр басында Мұхамеджан Сералиннің бейіті жатыр. Осында қазақтың екі бірдей ақыны әкелі-балалы Серәлі мен Мұхамеджан мәңгі ұйқыда тыныс тапқан. Мұхамеджан атамыз қайтарында киіз құрымға орап бір сандық кітаптарын, қолжазбаларын жер астына көмдірген екен. Жетпісінші жылдары сол маңды трактормен талай қаздырып, таба алмапты. Көмген орыны өзі отырған қыстау­дың іші болса керек. Көз көрген адамдар да болыпты. Бірақ тап басып ешкім көрсете алмаған. Алдымен, Мұхаңның үйінің орнын табу керек қой, оны ел ұмытқан. Ашаршылық, қиын-қыстау күндерде адам баласы бас сауғалап әр тарапқа кетті емес пе, мынау Мұхаңның үйі тұрған жер еді дейтін адам табылмаған ғой. Осы күнге дейін қандай қойма сақтала қояр дейсің, әлдеқашан шіріп кеткен де болар. Дегенмен сандықтың көмілгені анық.
Қостанайда, Астанада М.Сералин атында көше бар. Ескі Өрнекте мектеп бар.

Ең бастысы – қазақтың тұңғыш журналы «Айқапты», Қостанайдың тұңғыш қазақ газеті «Ауылды» шығарған, қазақтың тұңғыш журналист-редакторы, қазақ журналистерінің бастауында болған Мұхамеджан Сералин жайында ұрпақтарының қолында деректер, жадында естеліктер бар. Оның есімі көмес­кіленбейді!

«Астана Ақшамы» 4 Тамыз, 2018

Есенгелді СҮЙІНОВ,
Астана қаласы.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button
Жабу