Ишан сөзінің қолданыстағы мәртебесі
Н.Б.Мансұров, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Ясауитану ғылыми-зерттеу институты.

Аннотация
Мақала тілімізде қолданыста жүрген ишан сөзінің мағыналық сыр-сипаты негізінде қалыптасқан тілдік материалдар бойынша қарастырылған. Сараптауға алынған тілдік әрі тарихи деректер ишан сөзінің қалыптасуына негізделген. Автор талдау барысында аталған сөздің термин ретінде орнығып, оның мағыналық сыр-сипатын, өзінің түпкі ұғымы мен кіріккен тілдегі қолданысындағы жалпыхалықтық ұғымын сөз етеді. Өйткені кез келген тілге енген кірме сөздің басты ұғымы сол қабылданған тілдегі мағыналық қолданыста жалпыхалықтың қолдауын тауып, пайдаланылған жағдайда белсенділік танытатын болады.
Кілтті сөздер: ишан сөзі, кірме сөз, діни сөз, сөздің сыр-сипаты, мағыналық байланыс.
Кез келген тілдің лексикалық қоры қашанда өзге тілдердің әсерінен толыға түсетіні белгілі. Ол жайлы арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілгені де қаншама. Бірі белгілі шығармалардағы қолданыстарын негізге алса, енді бірінде танымал қалам иесінің сөз қолданысындағы кірме сөздер басшылыққа алынып сараланады.
Жалпы алғанда, бір тілден екінші тілге сөздердің кірігуі әлемдегі барлық тілдерге тән құбылыс. Оның солай болуы да заңды. Өйткені кез келген халықтың тілдік қолданысы бір-бірімен араласпай өмір сүре алмайды. Жер бетіндегі халықтардың бір-бірімен өзара қарым-қатынасқа түсуі сөздердің де ауыс-түйісіне септігін тигізеді. Мұндай ауыс-түйістер жаугершілік, саяси, әлеуметтік, материалдық, экономикалық, сондай-ақ діни, рухани, мәдени, т.б. байланыстардың нәтижесінде жүзеге асырылады.
Қазақ тілінің тарихында да өзге тілдерден сөз алмасуы жайлы зерттеулер жетерлік. Осы сөз алмасулардың ішінде шығыс тілдері кеңірек орын алады. Айталық, күнделікті жиі қолданылатын кітап, дәптер, қалам, дәріс, тәлім, тәрбие, ақыл, өсиет, т.б. оқу-білімге қатысты, тамақ, тағам, дәм, зауқ, тәбет, т.б. тағамға байланысты атаулардан өзге көптеген салаларда орын алғанын көруге болады. Ал діни сөздердің орны тіптен бөлек.
Діни сөздердің тілімізге енуі жайлы зерттеулер олардың кірігуі мен қолданылуы жайын кеңірек сөз етеді. Бұл зерттеулерде кірме сөздер кезеңдерге бөлініп, тақырыптық топтарға топтастырылып, сыртқы пішіні мен айтылу, жазылу жолдары арнайы қарастырылғандары да бар. Ал сол кірме сөздердің мағыналық сипатын жан-жақты саралау әлі де болса арнайы зерттеуді талап етеді. Өйткені кез келген сөз бір тілден екінші тілге енген кезде мағыналық өзгеріске ұшырайтыны анық байқалады. Онда сөздердің мағыналары кеңіп, қолданыс аясын ұлғайтуы немесе мағыналары тарылып кетуі де кездеседі.
Сөздердің мағыналары кеңейіп не тарылып кетуі жайлы тілімізде қаралған белгілі шығыстанушы ғалым Л.З. Рустемовтың еңбегін атауға болады [1]. Оның ішінде кірме сөздерге байланысты арнайы зерттеулер де бар [2]. Алайда ол зерттеулерде кірме сөздердің түпкі мағынасы мен бүгінгі қолданыстарын салыстырмалы түрде талдау жұмыстары арнайы әрі кең түрде сараланбаған. Оған қоса ондай зерттеу жұмыстары тілімізде қарастырылған болса, олардың дерлік барлығы кірме сөздерге толыққанды талдау жасалмағандығын көрсетеді. Өйткені кей сөздердің дінге байланысты болғандықтан зерттеуге алынбауы саяси һәм діни мәселе салдарынан. Міне сондықтан кірме сөздердің мағыналық сипаты мен қолдану аясына талдау жасауда көп ретте діни терминдер толығымен қамтылмағандығын алға тартады. Айталық, тілімізде кең қолданыс тауып, кезінде белсенді сөздердің қатарынан орын алған «ишан» сөзі бар. Бұл сөз ертеректе атақ-лауазым ұғымында қолданылып, кейіннен кеңес заманында көнерген сөздердің қатарына енген болатын. Ал бүгінде тәуелсіздік алып, діни еркіндіктің себебімен қайта айналымға еніп келеді.
Ишан парсы тілінде – ушә – ана кісі, у – ол кісі, т.б. мағыналарында қолданылады. Бұл көне замандарда ұлық билеушілерге көрсетілген құрмет ретінде сөздік қордан орын алған. Бір қарағанда сөздің аса бір мағыналы екендігін көре алмаймыз. Алайда заманына орай оның мағынасы мен қолдану аясы кең көлемді қамтығандығын анық көреміз.
Н.Оңдасынов бұл сөзге «Дін басыларының жоғарғы атақтарының бір атауы дей келе, ишан – олар деген сөз. Содан дін басыларын құрметтеу ретінде «олар» деп атап кеткен» деген түсінік береді [3,37 б.].
Расында, сөздің алғашқы қолданысы осы ел билеуші, жоғары лауазымды кісілерге құрмет көрсету мағынасын басшылыққа алған. Алайда ол бертін келе дін басылардың атақты адамдарына да қолданылуы қалыптаса бастаған. Өйткені ел билеушілер мен дін басыларға да көнеде аса ерекше құрмет көрсетілген. Бұл ретте қатынастық өлшем дәрежесі біркелкі болған.
Сөз жоқ, алғаш ишан сөзі – ұлы, қаған, шейх, хан, т.б. ел билеушілеріне көрсетілген құрмет, мәртебелі есім мағынасында жұмсалған. Себебі көне замандарда билеушілердің өздері иеленген аймақтарда жергілікті жердің өкілдері не болмаса өздері тағайындаған өкілеттіліктері, яғни басқару жүйесін жүзеге асырушы атқарушылары болған. Осы өкілдікке ие болғандар өздерін сайлаған ұлық задалардың атымен, сол билеушілердің атынан билік жүргізген. Олар кез келген сәтте солардың атын жамылып, әмірлерін, бұйрықтарын жүзеге асырған. Ең бастысы, аймақтарда осылайша ел басқарғандар өз билеушілерінің берген үлкен құрметтерінің арқасында тіпті олардың есімдерін де атамайтын болған. Міне мұндай билеушілік сол аймақтың билерін «ишан-ишандар» деп аталуына септігін тигізген.
Алғашқыда осы мағынада қолданылған ишан сөзі кейіннен кісі есімдеріне тіркесе бастаған. Нәтижесінде, еркін қолданыс тапқан мұндай сөз жеке дара қолданылып, тілдік айналымға еніп кеткен. Осы сияқты мысалдарды тарих беттерінде көптеп кездестіруге болады.
Ишан парсы сөзі – ол кісінің өкілі, атынан әрекет етуші. Әбу Бәкір ас-Сыддық Суфа сахабаларының рухани ұстазы, қамқоршысы, барлық амалдарда Пайғамбарымыз (с.а.у.) ісін жалғастырушы болды. Хазіреті Саламан Фарси (р.а.) оның хулафасы, яғни Суфа сахабалары арасындағы орынбасары, ишаны қызметін атқарды [4,11 б.].
Бұл ишан сөзінің қолданылу мақсатының бір сыры болса, екінші бір сыры осы атаққа ие болған азаматтардың өз бойындағы жеке қасиеттерімен танылғандығы деп ұғыну керек. Себебі тектіліктің бір сыры да осында болуы мүмкін. Айталық, әулиелігі мен мұғжизаларды таныта білген қасиетті жандарға осы «ишан» сөзі тіркесіп айтылған. Мысалы, тарихтағы Айқожа ишан, Марал ишан, Қалқай ишан, т.б. әулиелігімен танылғандар. Бұлар ілімдерінің молдығын, діни білімдерінің жетіктігін, шариғи үкімдер мен пәтуа беруде көрегендіктерін таныта білген жандар. Мұндай сөздің сыр-сипаты кісінің лауазымы мен атағына емес, енді олардың діни білімділігіне қарай ойысқан деуге болады. Демек, бұл тұста ишан сөзінің көптік ұғымнан жалқыға ауысқандығын көруге болады.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеев те осы сөздің атақ-дәреже ретінде діни сауаты бар адамға тиесілі болғандығын айтады. Ол: «Ишан اشان – халық арасында сауат ашу, ғибадат айту қызметін атқарып жүрген діни сауатты адамға берілетін діни атақ. Ишан қазы, имам тәрізді лауазым болып саналмайды. Дәстүрлі қазақ қоғамында, әдетте, Ишанның дәріс беретін белгілі бір ауылдары болған. Ишанның міндеті – өзінің қарамағындағы ауыл тұрғындарының діни сауатын ашу, шамасы келгенше діни ғұрыптарды атқару. Еңбек ақысы ретінде ауыл тұрғындары Ишанды мал, азық-түлік және ақшамен қамтамасыз ететін болған. Әрине, ишан болу молдалардың дүниеге деген мұқтаждығынан туған іс емес.
Қазіргі уақытта ишандық қызметін ауыл имамдары атқарады. Ол өз өлеңдерінде ишан жайлы да жазған. Соның бірі «Исабек ишан» атты жоқтау ретінде жазылған көркем туынды. Исабек ишан Екібастұз қаласының тұрғыны, өз әулиелігімен жұрт назарын аударған адам. Сол дүниеден озған кезінде Мәшһүр-Жүсіп артынан былай деп жоқтап қалған еді:
Бір халфе Төртуылдан жұрт бастады,
Қылған ісін хылап деп жұрт тастады.
Қанша ишан, қанша мүрид шықсадағы,
Бәрі де Ишекемнен бір аспады! – десе, өлеңнің басында Исабектің ишандығы жайлы: «Өзі – ишан жұрт бастаған, заты қожа, Сейітзада нәсілі сондай таза…», – деген [5, 115 б.].
Ишан ايشان (ишан). ир. 1. Олар (көп ретте бір адамға байланысты). 2. Оларды (сөз тіркесінде анықтауыш мағынасында). Діни тұрғыда ишан – діни лауазым деген түсінік те бар [6,32 б.].
Бұл сөз тілімізге кіргенде неге бастапқы мағынасынан ажырап кеткен деген сұрақ ирантанушылар арасында бұрыннан айтылып жүретін. Өткен жылы Иранның Шахид Бехешти университетінде өткізген ғылыми іссапар барысында әйгілі «Эсрар-от-тоуһид» кітабынан бұл сұрақтың жауабы табылды. Осы кітаптың Тегеранда «Агаһ» баспасынан 1367/1988 жылы шыққан нұсқасының 16-бетінде төмендегі жолдар бар:
…شیخ ما، هر گز خویشتن «من» و «ما» نگفته است، هر کجا ذکر خویش کرده است گفته است، «ایشان» چنین گفته اند و چنین کرده اند
(…Шейх-э ма, һәргез хиштән «мән» вә «ма» нәгофте әст. Һәр коджа зекр-э хиш кәрде әст, гофте әст: «ишан» ченин гофте-әнд вә ченин кәрде-әнд)
…Біздің шейхымыз, ешқашан өзі туралы айтқанда «мен» және «біз» деген емес, «олар» деп айтатын және істейтін деген тұжырым да ұсынылды (Боранбаева А. «Ишан» сөзі қандай мағына береді? «Ана тілі» газеті. № 11 (1311) 10-наурыз, 2016).
Осы айтылған ұғымға сәйкес тұжырымды В.В.Бартольд та келтіреді: Ишан – персидское местоимение 3 лица мн. числа. Слова употребляется в Туркестане в значении шейх, муршид, устад, пир (учитель, см. Derwish, EI, I, S. 990), в противоположнесть мюриду (последователь, ученик) [7, с.675]. Оған қоса ол бұл сөздің алғаш нақты қай кезде пайда болғаны әлі анықталмағанын айтып, оның орта ғасырларда қолданыста болғандығын жорамалдайды.
Жоғарыда келтірілген мысалдар мен дәйектемелердің барлығын бір арнаға тоғыстыруға болады. Ең бастысы, қолданыстағы мағыналық байланыстың барлығы. Алғашқы пікірдегі ушә-ол мағынасы мен екінші пікірдегі діни атақ ретіндегі лауазым. Мұның барлығы да бір ұғымды алға тартады. Бірінші – өзінің билеушісі мен діни ұстазының мәртебесі (шені, атағы). Екінші – сол билеуші мен ұлы ұстазының есімін атамай оған көрсетілген сый-құрмет. Үшінші – өздерінің (ишан атанғандардың) яғни билеушілері мен ұстаздарына лайықты қызметте болуы. Төртінші – діни тұрғыдағы сауаттылықтың болғандығы. Себебі бұрынғы билікке келген билеушілердің дерлік барлығының діни сауаты мықты болған.
Міне мұндай мағыналық байланыстың негізінде парсы тіліндегі ушә-ол сөзі қолданыста өз мағынасын кеңейтіп ишан – діни атақ дәрежесіне дейін жеткен. Көне заманда мұндай атақ дәрежедегі билеушілер биліктегі мерзімі біткеннен кейін осы ишандық қызметпен айналысқан. Шариғат жолына бекем болған билеушілердің Пайғамбарымыз (с.а.у.) жасынан асып ел билегендері болған емес. Бұл белгілі дәрежеде дәстүр ретінде сақталған. Ал кейіннен билік пен шариғаттың ара-жігі ажырап, діни пәтуа беру, діни үкімін айту, шариғи шешімін шығаруға байланысты жеке құрылым қалыптасқан. Осылайша діни сауаттылықтың да биліктен аластатылғандығы айқын көрініс табады. Бұдан әрі қарайғы кезеңдерде дін биліктен біршама алшақтаған деуге болады.
Қарахан мемлекетінің билеушілерінде ұлы бабамыз Мұхаммед ибн әл-Ханафиядан (р.а.) жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша олардың бірде-бірі билік басында Пайғамбар (с.а.у.) жасынан ары бір сәт те отырмаған. Бұл дәстүрді Абд ар-Рахим (р.а.) баб та, Ысқақ (р.а.) баб та сақтаған.
Абд ар-Рахим (р.а.) баб туралы біз жоғарыда айтып өттік. Ал Ысқақ (р.а.) бабқа қатысты деректердің бәрінде де оның кәрілікке жетіп, Баб ата кентін салдырып, сонда өз ханакасында өмірден өткені жазылған. Осы дәстүрмен бабамыз Шаһ Мансур да Таразға қайта оралып, әкесінің ханакасында біржола дінге қызмет етіп, ишандық жасайды деген мәліметтер жоғарыда айтылған тұжырымдарды растайды [4,88 б.].
Сөзімізді түйіндей келгенде, тіліміздегі ишан сөзінің тарихи қалыптасуы орта ғасырға барып тіреледі деген пікір оңды. Ал одан беріде сөздің мағынасы кеңейіп, билеушіден діни лауазым ұғымына ауысқан. Бірақ сөздің ұғымындағы жалпыхалықтың түсінігінде бүгінде тек қана діни атақ ретінде сақталып қалуы да осы мағынадағы қолданыстың саладарынан орын алса керек. Себебі діни қызметтің де атақ дәрежесі алғашқы ел билеудегі дәрежемен тең болмаса да қадір-қасиеті мен құрметі солармен бірдей болған. Сондай-ақ кейінгі билеушілер атынан өкілетті болған атқарушылардың атақ дәрежелері де алмасып кеткен соң сөздің алғашқы қолданысының мағынасы тарылып, діни ұғымдағы қолданысы айналымға енген деген тұжырым жасауға болады. Ал бүгінгі тіліміздегі қолданыстағы мағынасы да осы негізде қалыптасып, орнығуы да айтылған ұғымға негізделген. [8, 218 б.].
Пайдаланған әдебиеттер
- Барлыбаев Р. Расширение и сужение значений слов в казакском языке. Автор.дисс.кан.фил.наук. Алма-Ата, 1963. – С.16.
- Рустемов Л.З. Қазіргі қазақ тіліндегі араб-парсы сөздері. Алматы: Ғылым, 1982. – 160 бет.
- Оңдасынов Н.Д. Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: «Қазақстан», 1974. – 384 бет.
- Ә.Әбдімомынов. Қарахан әулеті. – Тараз: «Қарахан» баспасы, 2011. – 246 бет. 11-бет.
- Мәшһүр-Жүсіптің лингвистикалық көзқарастары: оқу құралы. / А.Қ. Тұрышев – Павлодар: Кереку, 2009. – 193 бет.
- Мансұров Н.Б. Қазақ тіліндегі діни терминдер сөздігі. – Астана, 2013. – 100 бет. 32-бет.
- Бартольд В.В. Сочинения VІ том. Работы по истории ислама и арабского халифата. – Москва: «Наука», 1966. – 780 стр. – С. 675.
- Мансұров Н.Б. Ишан сөзінің мағыналық сыр-сипаты. Қазақ білім академиясының баяндамалары. Ғылыми журнал. № 4, Астана, 2016. – 246 бет. 213-218 бб.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматривается общий смысл слова ишан, в том числе анализируется связь значений слова в зависимости от ситуации использования. Поскольку образованное слово ишан формирует разные понятия, отличные от оригинального путем расширения концепции. В результате, первое понятие в переносном значении будет использоваться в более широкой концепции.
SUMMARY
The article deals with the common sense of the word Ishan, including analyzes the relationship meanings depending on the situation of use. Since the formed word forms Ishan different concept, different from the original by expanding the concept. As a result, the first term in a figurative sense to be used in a wider concept.
АЙҚОЖА ИШАН ТЕМІРҰЛЫНЫҢ 250 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «АЙҚОЖА ИШАН ЖӘНЕ СЫР БОЙЫНДАҒЫ ТАСАВВУФ ИЕЛЕРІНІҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚИЛЫ ТАҒДЫРЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫНАН
Жаңақорған, Айқожа ишан мешіт-медресесі
2023 жылы 14-15 қазан





