ҒақлиатЖаңалықтар

Түлектерге тілек

Биыл мектепті бітіріп жатқан түлектерге, барша оқушыларға өз ұл-қыздарыма айтып отыратын тілектерімді жеткізбекпін.
Құрметті түлектер!
Бірінші тілегім – сендердің өздеріңе деген сенімдерің, ең бастысы – Аллаға деген сенімдерің – мықты болсын!
Екіншісі – алға қойған мақсаттарың асқақ болсын! Алдына үлкен мақсат қойған адамдар ғана үлкен жетістіктерге жетеді.
Адамның санасы мен сенімі жеткен жерге – қолы да жетеді.
Все, что можно осознать и во что можно поверить – достижимо для человека. Әрине, бұның үшін ерен еңбек, табандылық пен тасты бұзар талпыныс қажет.
Бір мысал келтіре кетейін. Қарақалпақстан Автономиялық Республикасын 21 жыл бойы басқарған Қаллыбек Камалов деген мырза болған. Камалов бала күнінде бір папканы қолтықтап, тапқан қағаздарын сол папкасына салып, «обком боламын» деп жүреді екен. Жеңешелері де «обком қайным» деп шақырады екен. Мұны «Мысль материализуема» дейді.
Құрметті түлектер!
Адамның басты арманы – үлкен бастық немесе бай болу емес. Адамның басты арманы – бақытты болу. Отбасында, жұмысында, араласатын ортасында – бақытты болу. Өз саласының маңдайалды маманы болу!
Сендерге тілерім алған жарларың мен таңдаған мамандықтарың дұрыс болсын. Сонда таңертең – жұмысқа, ал кешке – үйге асығатын боласыңдар!
Құрметті түлектер!
Табыстың көзі – терең ой мен парасаттылықпен атқарылған еңбек. «Ойлан да – бай бол», «Думай и богатей»деген сөздер босқа айтылмаған…
Тек жұмыс, жұмыс және жұмыс қана уақытты байлыққа, жетістікке айналдыра алады.
Ал еріншектік – кедейліктің әкесі. Еріншектің миы – шайтанның үйі. Орысша: «Голова лентяя – дом шайтана» дейді. Осыны ешқашан ұмытпаңдар!
Құрметті балалар! Қателесуден қорықпаңдар. Қателер – сендердің өмірлік капиталдарың. Жұмысты бастаған кезде жасаған қателерің – ертеңгі табыстың көзі болмақ. Тек қателерді қайталамау керек!
Құрметті түлектер! Ешқашан үрейге бой алдырмаңдар. Екі заңдылық бар: біз неден қорықсақ сол нәрсе болады, ал екіншісі – біз нені қатты, бар болмысымызбен қаласақ – сол нәрсе жүзеге асады. Бұл қағидадан туындайтын тұжырым – қашанда жақсы ой, ізгі ниет пен асқақ армандардың жетегінде жүруіміз керек. Орысша бұны «Страх неудачи – хуже самой неудачи, страх смерти укорочивает жизнь» дейді.
Сендерге деген келесі тілегім – қай елде, қай ортада жүрсеңдер де ана тілдеріңді ұмытпаңдар. Қазақ тілі – бар болмысымыз, идентификациялық, яғни тектік кодымыз. Миымызға май ерітіп құйғанмен орыс немесе ағылшын бола алмаймыз – орыс не қазақ болмай, арасатта қаламыз. Осыны ұмытпаңдар!
Құрметті түлектер! Қашанда көркем мінезді болыңдар! Конфликтке, дау-дамайға бой алдыру, басшылыққа, билікке оппозициялық әрекетте болу – қашанда аяқтарыңа тұсау, жолдарыңа тосқауыл болады.
Құрметті түлектер!
Адам өмірі үшін тәрбиенің маңызы – білімнен жоғары. Мұның себебі – адамның табиғатында зұлымдық, жыртқыштық басым. Ізгілік – тәрбиенің жемісі. Бүкіл әдебиет пен мәдениеттің басты миссиясы – қоғамды  ізгілендіру, зорлық-зомбылық пен қатыгездіктің алдын алу, адамдарды көркем мінезге шақыру.
Діннің де миссясы – осы: сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с.: «Мен адамдарды көркем мінезділікке шақыруға  жіберілдім» дейді.
Мектеп артта қалады, ата-ана – алыста, енді тәрбиелерің үшін өздерің жауаптысыңдар. Осыны ұмытпаңдар!
Ия, айтуға оңай. Арабтар: «Как легка война для зрителей» дейді. Қорықпаңдар. Ата-аналарың қашанда дуада болады.
Ертең ертеңнің желі еседі. Ертеңнің желі желкендеріңді  желбірете берсін!
Сендерге Алла жар болсын!
Елім-жұртым бар болсын!
Түлектеріміз қашанда –
Қайыспайтын нар болсын!

Құрметпен Қаңлы сейіттердің төрағасы Үсен Асқаров.
23.05.2025 ж.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button