Бір суреттің сырыЖаңалықтар

Мұңлы жыр

Жанас  ШАҺХАЙЫМҰЛЫ  

19-20 ғасыр аралығында Алтай-Қобда бетіндегі ағайын жұрттың діни-рухани бірлігін нығайту, «қилы заман, қиын өткел кезінде» қасиетті дініміздің Алтай тауының күнгей бетінде жүйелі де тиянақты таралуының негізін қалаған Мұхаммед Мүһмин Шахмансурұлы (1807 – 1902) хазіреттің ұрпақтарынан қалған жыр-мұра

Қолыма бісміллә деп алдым қалам,

Жаратқан рахманыңмен өзің панам.

Жазайын арманымды білгенімше,

Бере көр өзің жәрдем Алла тағалам.

Аз сөйлеп арманымды тауыспасам,

Бойымнан тарқамайды қайғы санам.

Әкем менен ағамды ұстап кетті,

Мен шіркін соны ойлап қайғыланам.

Қайырымсыз пәни жалған шіркін дүние,

Барады желдей есіп мына заман.

Бұл өмір өлгенімше естен кетпес,

Зар еңіреп жылап қалды қатын-балаң.

Патшаға жаламенен сұралды ғой,

Мал-мүлкі дәулеті де «құралды»  ғой.

Істеген мойынында қылмысы жоқ,

 

Өтірік шағымменен бұралды ғой.

Шағыммен көп сабаздар бәрі кетті,

Құдайым мұсылманды тепкілетті.

Қашаннан ызыттары арылмаған,

 

Бұл кәпір сөйтіп жүріп түпке жетті.

Байларды, моллаларды тұтқынға алып,

Ұрпағын артындағы тентіретті.

Бұлардың ұрпағына сенбеңдер деп,

Төменгі бастығына бұйрық етті.

Алмады шаруа менен сабаққа да,

Қарайды жай жүрсең де қабаққа да.

Қорқамыз сол уақытта көлеңкеден,

Қорықпайтын біз байқұста шара бар ма?!

Жеңгеміз Өкей деген адам қалды,

Өкімет малды түгел тәркіге алды.

Көнбесе лаж бар ма құдай салды,

Көп адам бұл әмірге күманданды.

Төрт айлық құрсағында қалды бала,

Туыстар оғандағы етті, тәубә.

Көз жасы туыстардың бетін жуып,

Ат берді Тұяқ деген сол балаға.

Сол жылы ел есінде барыс жылы,

Жақсылық ауылдастар қабыстырды.

Екі дүниеде қалайша ұмытайын,

Байтаза Рысбай ұрқы жақсы жүрді.

Сөйтіп сол барыс атты жыл да өтті,

Үш жылдай сол жеңгеміз орнын күтті.

Әркімнен көре алмастық өсек шығып,

Отаудың ошағына қаһар тікті.

Aпaмыз жеңгемізбен мұңдасады,

Егіліп мұңын айтып сырласады.

«Қарағым, сен отырмай орның тап» деп,

Сол жерде тамам достар жиналады.

Оны естіп Ақкөлден Кере кепті,

Қасына Айтақын да ере кепті.

Мән-жайын осы істің білгеннен соң,

Сөйлесіп, келісті де алып кетті.

Бірге еріп осылармен Жұбақ кетті,

Біздерге қайғы-уайым тағы жетті.

Артынан екі айдан соң сол жеңгеміз,

Қонаққа апамызды келсін депті.

Сол үйде біраз жатып мейман болған,

Құрметтеп апамызды жолға салған.

Одан соң аз күннен соң хабар кепті,

«Кешікпей Жанас мұнда келсін» депті.

Ол ауыл шақырған соң дереу бардым,

Қарсы алып аға-жеңгем күтіп алды.

Сол күндер кедей едік тыржалаңаш,

Жас кезде не көрмеді бұл ғарып бас.

Тұр екен қолы жетіп аға-жеңгем,

Шіркін-ай, киіндірді құдайға бас.

Аулыма әрең жеттiм өліп-талып,

Мен түгіл дән разы болды халық.

Бір-екі ай мерзім тағы өткеннен соң,

Айтақын тағы жетті хабар салып.

Анас деген ағам ол дағы жүдеу еді,

Соған тез келсін депті дайындалып.

Жайлауда ат сабылтып ол да барды,

Аға-жеңгем мәз болды қабыл алып.

Депті оған: «Қайғыруға етіп тағат,

Осында көшіп келіп жаныңды бақ».

Бұл сөзге ағамыз да етті ыждағат,

Бармасқа киім-кешек керек тамақ.

Ел жұрттан алты түйе көлік алдық,

Еншіні олар берген бөліп алдық.

 

Боламыз қанша уақыт кім біледі,

Ақшиге дәм тартқан соң көшіп бардық.

Айтақын бірлестіктің бастығы екен,

Кәсібі егін-өнім астық екен.

Бәріміз бірлестікке мүше болдық,

Мал баққан, егін еккен, әк істеген.

Торғайдай тозған ауыл басын құрап,

Жеткізді тіршілікке аға-жеңгем!

АНАС АҒА

Дүниеде Анас кетті ол да арманда,

Армансыз кім бар дейсің бұл жалғанда.

Басқарып бригада жүрген еді,

Қырық бес жаста ғана дүние салды,

 

Жас бала, жаман қатын тағы қалды.

Айналып ғаріпшілік түсті басқа,

 

Айтақын елін іздеп Алтай асса.

Қарасар енді кім бар содан басқа,

Үлкені баласының алты жаста.

Қабылтай өзі момын жуас еді,

 

 

Өзі де жарлы болды қара қасқа.

Қаражат, ауқат та жоқ, болдық кедей,

Дерт болды жүрегіме бір төбедей.

Бірақ та семіремін ішпей-жемей,

Аруағы Қазірет атам қолдап жатыр.

Сыйлайды мұсылмандар бәрі бірдей.

Осымен түгесілмес сөздің нарқы,

Бек қатты құрметтейді Қобда халқы.

Әкеден, аталардан жас қалдық қой,

Дәл менде толық емес ақыл жарты.

Осымен аз уақыт тағы да өтті,

Ер жетіп балалардың бәрі ержетті

. Әлпештер сүйеушісі болмаған соң,

Олар да жетімдікті білмей кетті.

Сол үшін сыйынамын патша құдай,

Дұшпанға патша құдай қылма таба-ай.

Мен жүрмін бір Алланың арқасында,

Хазірет өзің қолда ата-баба-ай!

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button