Ғақлиат

Исламдағы этика және мораль түсінігі

«Мораль», «этика» сөздерінің баламасы ретінде араб тіліндегі «жарату», «жаратылыс» секілді мағыналарға келетін «халқ» сөзімен түбірлес «ахлақ» сөзі қолданылады. «Ахлақ» сөзі араб тіліндегі «ха лә қа» етістігінен шыққан «Хулуқ» сөзінің көпше түрі. Сөздік кітаптарында «хулқ» сөзінің мінез, сезім, табиғат, жомарттық, дін және жаратылыс мағыналарына келетіні айтылады. Яғни, «хулқ» дегеніміз – адамның жаратылысынан бері пайда болған әрі тәрбие жолымен қол жеткізген рухани сезім. Біз мұндай халді – мінез-құлық, әдеп сияқты сөздермен түсіндіруге тырысамыз. Адам мінезі деп – оның моральдық әдеттерінің жиынтығы айтылады.

Әдеп – адамдармен қатынас барысында сыпайылық шегінен шықпау, адамның жеке ерекшеліктерін ескеру, өзгенің де өзінің де ар-намысын қадірлеумен бірге, шама мен шекті сезіне білу.

Әдеттегі әдептілік пен мұсылмандық әдептің ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар. Ислам әдебі діннің ажырмайтын бөлігі ретінде қарастырылады. Сондықтан «ахлақ» ілімі Ислам дінінде өте маңызды орын алады. Әсілінде, ислам діні негізгі үш ілімге құрылады. Олар: иман, ислам, ахлақ. Бұл үшеуі толық болмай иман толық болмайды. Бұдан біз сенім мен ғибадат пен қатар ахлақтың өте маңызды екенін көреміз.

Тарихта «ахлақ» сөзіне мұылман ойшылдары әртүрлі анықтамалар берген. Солардың бірі, танымал мұсылман ғалымы имам әл-Ғазали: «Ахлақ – адам бойына пікірсіз, зорлықсыз оңай жасалынатын туа біткен қасиеттер» деп түсіндірген.

Терминдік мағынасына келер болсақ, Ахлақ – ешқандай ойды немесе пікірді кажет етпей көрініс табатын қимыл іс-әрекеттер мен жаттанды хал.

Хал деп – адам бойында толығымен орнықпаған іс-әрекетті айтамыз. Мысалы, бір адамның анда-санда күлуі, қорқуы, абыржуы т.б. сияқты. Ал, мына бір тұрғыдан қарағанда тағы бір ерекшелік байқалады. Ол адам бойынан оңайлықпен ажырата алмайтын әдеттенген мінез-құлық. Мысалы, жомарттық, шыншылдық немесе олардың антонимі сараң, өтірікші сияқты.

Егер мән беріп қарасақ жомарт адам оңайлықпен бұл мінезін тастай алмайды. Мұндай кісіге ешкім еш нәрсе демесе де қолындағы бар затын қасындағыларға таратып бере салады. Яғни, жомарт кісі қолында беретін еш нәрсесі болмаса да бұл мінезінен ажырай алмайды. Әрдайым бір нәрсеге ие болып, соларды өзгелерге беруге ынтығып жүреді. Шыншылдық та осы тәрізді. Мысалы, бір кісі сот алдында жазаланатындығын білсе де ақиқаттан жалтармай, жазадан қорықпай шындықты жайып салады. Оған шындықты айту ішкі жан дүниесіне орныққандықтан сол әдетінен арыла алмайды. Міне осындай ішкі жан дүниеге негізделген ерекшеліктерді жаттандылық десек жаңылмас едік. Ал егер өзінің пайдасы үшін біреуге жақсылық жасаса ол жомарттыққа жатпайды. Себебі бұл іске оны итермелеген басқа бір себеп.

Басқа тұрғыдан қарастырғанда біздің жан дүниемізде орныққан мұндай жаратылыс жаттандылығы нәтижесінде ортаға шыққан мінез-құлықтарымызды дін қалай ұстану керегін бұйырғанын тыйым да салуы мүмкін. Сондықтан мінез құлықтарымыз жақсы, ұнамды болса, жақсы ахлақ болып, керісінше ұнамсыз ерекшеліктері болса онда ол жағымсыз ахлақ болып табылады.

Сөзімізден, ісімізден жүріс-тұрысымыздан әрі әрекетімізден жақсылық байқалып тұрса, онда мұны ахлақты, яғни тәрбиелілік деп түсінеміз.

Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде: «Иман тұрғысынан ең жетілген мұсылман – өнегесі жақсы мұсылман»,– деген.

«Ахлақ»  ғылыми тұрғыда алғанда, ғасырлар бойы ғылым саласы ретінде қарастырылып келеді. Оған жалпы ғылым салаларының зерттеушілері бірқатар анықтамалар берсе, ахлақ саласын зерттеушілер де ахлақтың анықтамасын беруге тырысқан. Мысалы: Ахлақ – адам баласын жоғары дәрежеге жетелейтін ілім. Ахлақ – жақсылық жасауға шақырып, жамандықтан тыйатын ілім.

Ахлақтың мақсаты – жақсы және жаман мінездерге ие болған адамды көркем мінезге жетелеу. Бірақ ахлақ ілімі адамды материалдық тұрғыдан алып қарастырмайды. Керісінше адамның өз қалауы мен таңдауы арқылы істеген әрекеттерін, жақсы және жаман мінездерін қолға алып, ненің жақсы, ненің жаман екендігін анықтап, рухани жетістікке апаратын жолды көрсетіп, жамандықтан құтылудың жолын үйретеді.

Ислам әдебі ілімінің ерекшелігі о дүниелік сана негіз етіледі. Екінші өмірде ізгілер жәннәтқа кіреді, әдепсіздер тозаққа түсу ықтималға жориды.

Ахлақ ілімі негізінен теориялық және практикалық болып екіге бөлінеді.

Теориялық ахлақ – ахлақтың негізгі қағидалары, үлгі алатын әрекеттер және де ішкі дүниемізді басқару жолын үйретеді. Практикалық ахлақ – адамға жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты, жанұядағы, қоғамдағы міндеттерімізді үйретумен қатар олардың дұрыс жағын алып, іске асыруымызда бағыт бағдар береді. Жақсымен шындыққа бет бұрған адам материялдық және рухани тұлғасын белгілі бір жүйемен тәрбиелейді. Нәпсісін жамандықтан арылтып, өзгелермен тату-тәтті өмір сүруге бейімдейді. Мәнді өмір сүргенде он екі мүшесі сияқты жан дүниесі де сау болады. Әдептілікке жеткен адам осы дүниеде тіпті ахиретте де бақытқа бөленеді. Осылайша ахлақ ілімі өз көздеген мақсатына қол жеткізеді.

Этика – бір жағынан өмір сүру салтындағы мінез-құлық үлгілері болса, екінші жағынан құндылық болып табылады. Күнделікті өмірдегі көрініс беретін мінез-құлықтардың көпшілігі этикаға қатысты әрекеттерден тұрады. Ал философия – этиканы ақыл мен пайымға сүйенетін бір мәселе ретінде қарастырады. Бұл жолға теориялық этика деген атау беріледі. Этика ғылымының негізгі нысаны – «асыл болмысты» бұзып алмастан жалғастыру үшін, өз алдына жеткіліксіз болған қалау – тілектерімізді белгілі бір ұстанымдарға сай жүйеге келтіру. Этика философияның бір тармағы бола отырып, онымен бірге жүреді. Күніміздегі философияның ең ежелгі қайнарларынан саналатын Сократ алғаш рет өз-өзімізді қалай ұстауымыз керектігі жайында келелі пікірлерді алға тарта отырып, құндылықтар философиясының да негізін қалаған. Сонымен қатар этика  философиясына – «ахлақ феноменіне қатысты пайым және адамның жеке және қоғамдық өміріндегі этикалық қимыл әрекеттерін зерттейтін ілім саласы» деген анықтамалар беріледі.

Этика – ең алдымен қағидалар жүйесі. Сонымен қатар, этиканың теориялық бөлімін құрайтын таным саласын – этикалық түсінік немесе этикалық пайым деп те айта аламыз.

Этика философиясы осындай бейнеде танылумен қатар, «қандай да бір іс-әрекетті моральдық тұрғыдан не бағалайды? Жақсылық пен жамандықты бір-бірінен қалай ажыратамыз? Қимыл әрекет орындаушы кісінің ниетіне қарай ма, әлде нәтижесіне қарай бағаланады ма?»,– дегендей бірқатар сұрақтарға да жауап іздейді. Аталмыш сұрақтарға берілген жауаптардың нәтижесінде  этикалық теориялар ортаға шығады. Діннен бастау алатын және діннен тыс болған теориялар осындай тұжырымдардың қатарынан саналады. Сонымен қатар, «жақсылық дегеніміз не немесе жақсы болу дегеніміз не?»,– деген сарындағы сұрақтарға берілген жауаптар әртүрлі мәдениет пен қоғамдарда, әрқилы тұлғалар арасында да бір-біріне ұқсамайтын көзқарастарға жол ашқан. Ақиқаты сол, этикаға қатысты таным әркімнің дербес бағасынан бастау алады.  Мәселен, бір адамның «жақсы» деген нәрсесі екінші бір адам тарапынан олай бағаланбауы мүмкін. Бірінің қол жеткізуі үшін аянбай еңбек ететін арман – мақсаты басқа біреу үшін соншалықты құнды болмауы да мүмкін. Сол себептен этиканы теориялық және практикалық деп бөлуінің мәні мынада жатыр, яғни теориялық этика – біздің қандай кезде қалай әреке ететінімізді көрсететін ережелер жүйесі. Мұндай жүйелер біздің жүріс-тұрысымыз бен ұстанымдарымызға жөн сілтейді. Ал практикалық этика болса, айналамыздағы тұлғалармен қарым-қатынас жасау барысында туындайтын мәселелерде қалай әрекет етуіміз керектігі мен қажет болған нәрселердің не болғандығымен байланысты. Теориялық этика таным алаңындағы қажеттіліктерге қатысты болса, практикалық этика өмір сүру барысындағы нақты мәселелермен байланысты. Теориялық түсінік – практикалық жүріс-тұрысқа бағыт сілтейтіндігі секілді, практикалық іс-әрекеттерден де теориялық таным қалыптасады.

Практикалық этика – теориялық ережелер мен қағидаттардың  нәтижесі немесе орындалуы. Өйткені ол теориялық этиканың формасын кеңінен жайып, таралуына себепкер болады.  Осылайша тұлғалық қасиеттеріміз бен қоғамдық міндеттерімізді назарға ала отырып, теориялық этиканың ақиқаттары арқылы іс-әрекеттеріміз бен мінез-құлығымызды реттеуге қызмет етеді.  Практикалық этика – жеке түсініктерді зерттеу емес, керісінше мәселелерді шешуге лайық болған әдістермен айналысады. Осы себептен тұлғаның көркем-мінез құлыққа ие болуы үшін қалай өмір сүруі, нендей әркеттерді жасап, нелерден бас тарту керектігін және міндеттер мен қажеттіліктердің неден пайда болатындығын білу үшін практикалық этика қалыптасқан.

Адамдардың күнделікті өмірінде орын алатын барлық іс-әрекет пен мінез-құлығына теориялық және практикалық этика тұрғысынан баға беріледі. Теориялық этика – міндет-парыздың түп негізін және сипаттарын қарастырса, практикалық этика – күнделікті өмірде орындалуы тиіс болған парыздарды тұлға мен отбасыға, қоғам мен үкіметке қатысты  міндеттерді, отан мен адамзат алдындағы борышты әмір етеді.

Леви Брюльдің пікірінше, теориялық этика пайдаға жарайтын дүние емес.  Оның айтуынша практикалық әмірлер мен ережелерде үйлесімділік болса, теориялық бөлім олай емес. Керісінше бір-біріне қайшы келіп жатады. Мәселен стоиктік, эпикуршылдық, позитивистік, спиритуалистік, эвалюциялық және теологиялық этика түсініктері теориялық тұрғыдан қарама-қайшы болғанымен, жарыққа шығарған этикалық ережелері тұрғысынан бір-бірімен үйлесімдік табады. Леви Брюль осылайша теориялық этиканың қажетсіздігін айта отырып, әдет-ғұрыптың сатылай даму жолының одан тәуелсіз түрде жарыққа шыққандығын дәлелдеуге тырысады.

Этиканы қандай бейнеде танитын болсақ та, сайып келгенде барлығымыз оған маңызды орын беруге тырысатынымыз анық.

Қорыта айтқанда, практикалық этикамен айналысқан әлеуметтанушы ғалымдар этиканы нақты жүзеге асатын істерге сүйене отырып, бекіте түседі. Ислам ғұламалары да қоғамдық ережелерге қуатты заң үкімі ретінде қараған. Этикаға қатысты мәселелерде Ислам ғұламалары батыстық әлеуметтанушылардан, практикалық ережелерді Құраннан, яғни нақты мәтіндерден шығару тұрғысынан ерекшеленеді. Осылайша Ислам ғалымдары жүріс-тұрыстағы ережелерді бекітуде, теориялық ережелерге жүгінген.

Қуаныш Тоқсанбайұлы, дінтанушы

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button