
Алланың мол мейірімімен екі дүниесін абат қылған адамзаттың бірі екенінің дәлелі – Атамыздың бүгінгі жиыны деп ойлаймын. Артында қалған ұрпағының ынтымағына, Ата-баба рухына деген құрметіне тәнтіміз! Сауаптан жазып, бабалардың рухы шат болғай!
Осы өңірде дүние есігін ашып, от пен судың ортасынан аман келіп, ел иігілігіне күшін сарп етіп, ел-жер, әулет шежіресіне үңіліп, халқымыздың ұлы тұлғалардың мұрасын түгендеп, қатар жүрген үзеңгілестеріне дос-жора бола білген қайраткері, жазушы, ғалым-зерттеуші, өнегелі әкенің өмірі адалдық пен адамгершілік, парасаттылықтың үлгісіндей.
Ат жалын тартып атқа мінген жас жылдарында ұстаздық еткен, партия қызметкері, ұзақ жылдар Отырар ауданындағы «Арыс» ұжымшарының, аудандық тұрмыстық қажетті өтеу комбинатының басшылығындағы абыройлы қызметімен үлкен ортада ел бастады.
Шардара мен көне Отрардың жолында жатқан халық қазынасын терген абыз, Қосжарсуат қазіргі Қожатоғай ауылына ерекше назарын салыпты. Себебі бұл жердің әрбір талы, әрбір тасы, аққан суында да ілгеріде өткен жақсылардан қалған ізді көрді. Енді өз сөзіне кезек берсек: «ХХ ғасырда бір әулеттен қазақтың үш бірдей ақиық ақыны дүниеге келді. Олар:Қазақ халқының бостандығы жолында қол бастап, сыртқы жаулармен күресіп өткен батыры әрі жалынды ақыны Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы (1816-1889) халқына маржандай жыр сыйлаған, ақындық деңгейі Абаймен иықтасып тұратын Майлықожа Сұлтанқожаұлы (1835-1889) Ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, қисса-дастандарын Петербург, Қазан, Уфа, Ташкент қалаларында бастырған адам – Жүсіпбек Шайхысламұлы (1857-1936» деп, үшеуін бөлек ұлықтайды.
Мәделі батырдың өмір жолын түгелдеп, оның өміріндегі ірі-ірі оқиғаларды анықтап, оның айналасындағы адамдардың да қарым-қатынасын зерделеп жеткізген. Мәделқожаның ақындығы бір төбе, батырлығы ол бөлек. Әрқайсысының бүгінгі заманғы зерттеушілері үлкен жолға түсер алдында Әдіһам Шілтерхановтың еңбегіне бас тірейтіні анық. Автор бұл зерттеуі туралы «Бұл қысқа еңбекте Мәделіқожаның барлық қадыр-қасиетін теріп айып шығу мүкін емес. Ғасырлар, жылдар жасырған іздің сөздерін ізденуге де болады. Сөзді әсте тот баспайды. Мен Мәделі қожа өлеңдерінің қандай жағдайда, қалай туылғанын айта отырып, оның өмір жолына тереңірек үңілуге тырыстым. Әсіресе Мәделі қожа туралы Майлықожа өлеңдерінің құпиясын ашсам деген ниетте болдым. Еліміз егемендік алып еңіреп өткен ерлерін түгендеп жатқанда, халықты Мәделі қожа өмірінің кейбір тұстарымен таныстыруды жөн көрдім» дейді.
Майлықожаның биыл 90 жылдығы болып жатыр. Бұл ақынынң мұрасы біршаам түгенделіп жатқаны қуантады. Әбдіһам атамыз оның ұлы «Исабек те ер еді» деп, ақынның ұлы Исабекті жарыққа шығарған ғалым. Алайда өзінің мақаласында замандасы Тұрсынәлі Айнабековтің еңбегін атап өтеді.
Исабек Майлықожаұлы қысқа қамшының сабындай ғана ғұмырында 1930 жылдардағы қуғын-сүргін, қазақтың басына түскен зобалаңды қағазға хаттап, сол күннің ауыр демін жеткізгенімен құнды. Оқиға былай басталады: 1930 жылы Сарыағашқа Қазақ АССР Орталық атқару комитетінің төрағасы Елтай Ерназаров келеді. Ашыққан, тарыққан, торыққан халық Елтайдан салықты азайтуды, ашыққан халыққа қайта көмектесу керектігін айтады. Ал, белсенділер халықтың тұрмысы тәуір, салық жинауды жалғастыра беру керек деген көрінеді, соған иланған Елтай қайта үй басына жинайтын салықтарының мөлшерін көбейтіпті. Бұл шешімге наразы болған Исабек Елтайға қарап: «Қазақ, азап, мазақ, дозақ, дегендердің айырмасы қалмады ғой» деп реніш білдіреді. Исабектің:
Елтай келді ауданға,
Халықтың халін көргелі.
Ал, халық тұр шаршауда,
Лажы жоқ өлгелі.
Сенген төре келген соң,
Алдына халық барыпты.
Алдына барған халыққа,
Он пұт бидай – төрт сом пұл,
Қымбат қылған нарықты.
Ақыл қайда өзіңде,
Ажыратар парықты.
Алла рахым қылмаса,
Ғарып пендең тарықты.. деп келетін өлеңі сол күні-ақ ел арсына тарап кетеді. Содан кейін көп ұзамай-ақ, Исабек қуығынға ұшырайды. Кінәсіз қамалады. «Осы қиямет-қайым қиянатты Исабек ақындай батыл ашып айтқандар некен-саяқ. Оны Исабектің түрмеде отырып, Елтай Ерназаровқа жазған хатынан анық көреміз», дей келе өлеңнің толық мәтінін ұсынады.
«Қойшы менен қолаңшы,
Жұлма шапан кедейлер
Абақтыда көбейді.
Жұлма шапан кедейлер
Абақтыға сыймайды.
Буындырған немедей
Ұрмай-соқпай қинайды.
Өліп қалған өлікті
Бір бұрышқа жинайды.
Толып жатыр әңгіме
Айтуға аузым қимайды» деп әрі қарай сол күннің дерегін білеміз.
Айта кететін нәрсе, Әдіһам атамыз көкірегінде сақтағандарын зейнетке шыққанда қағазға түсіре бастайды. 1988 жылдардан бастап зерттеулері жарық көрген. Бұл елде қайта құрулар деген атпен есте қалған жылдар еді. Осы жылдары Исабек мұраларын көп жылдан бері зерттеп жүрген Тұрсынәлі Айнабеков, ұстаз-ғалым, аудармашы Әсілхан Оспанұлы және басқа қазақ руханиятына адал азаматтармен сұхбаттас болды. «Ұстаз, ғалым, әдебиетші, аудармашы Әсілхан Оспанұлының жарты ғасырлық еңбек жолын шола қарағанда, Майлықожа шығармашылығын зерттеуге сіңірген еңбегінің шоқтығы биік екеніне бірден көз жетеді. Ғылым академиясының үлкен бір оқымыстылар тобы он жылдар жұмыс істейтін ісін даңғаза-даурықпасыз, мақтан-марапатсыз бір өзі атқарды» дейді.
Енді Қосжарсуаттан шыққан абзалдарымыздың бірі Жүсіпбек Шайхысламұлына қатысты Әдіһам Шілтерхановтың мына бір ойын еске сала кетсе артық емес. Өйткені Атамыз айтып кеткен заманнан бері ештеңе өзгерген жоқ. Ол күйініш біздердің де жүрегімізді күйдіреді. «Кешегі кеңестік дәуірде Жүсіпбек қожаға селқос қараудың өз себептері болды. Біріншіден оның қожалық тегі шошытты. «Қожа мен молданы қойдай қу қамшымен» деген жылдарда шығармашылығын зерттеуге көп жасықтың батылы жетпеді. Екіншіден, оны діншіл деп қарады. Өйткені ол шығармаларында зұлымдықты-әділетке, өтірікті-шындыққа, қатыгездікті жақсылыққа жеңдіру мақсатында періштелердің, Ғайып ерен қырық шілтеннің, Құдайдың, әулиелердің құдірет-көмегіне сүйенеді. Үшіншіден оның Қытайдағы Қазақ-ұйғыр провинциясына кетіп қалуы Отанға сатқындық деп бағаланды. Осының бәрі ұлы жыршының асыл есіміне, өз халқына еткен қалтқысыз еңбегіне, тәрбиелік мәні зор мұраларына көлеңке түсіріп келді.
Қазір қолдан жасалған өктемшіліктің бөгеттері алынып тасталған, асылдарымызды тарих түкпірінен аршып алып жатқан шақта, Жүсіпбек Шайхысламұлы шығармаларына да бет бұратын мезгіл жетті» деп Бұл 1997 жылы жазады. Қазір 2025 жылдан асып барамыз. Жүсіпбек шығармашылығын зерттеуде қазақ ғылымының көші ілгері оза қойған жоқ.
«Үлкені Әулиенің Қосым еді» деген мақаласында Шаяндағы мешіттің әу басындағы қалпына, медресеге айналдыру, оған Қосым атын қайтару туралы пікірі әлі де маңызды.
Әдіһам Шілтерханов – кез келген нәрсенің сыртына емес ішіне үңілетін соның болмысынан мән іздеген жан. «Қамбар батыр», «Мұңлық-Зарлық» жырына қатысты жер-су аттарын анықтап, жырдың әр жолындағы оқиғалардың кісі аттары мен жер атауларын саралап Қаратаудың қазыналы көмбесін тауып ала ма?!
Ұзақ өмір жолында Отрар төбенің зерттеушілерімен Кемал Ақышев, Карл Байпақовпен кездескен, атақты сазгер Шәмшіні туған жерінде қарсы алып, оның халықпен кездесуін әсерелеп жазады. Одан бөлек жазушылық еңбегін алсақ, ғалымының үлкен ой иесі, ақылдың кені екенін байқаймыз. Зейнетке шыққан соң жаңа құлшыныспен кірісіп, қазақ тарихының бір кірпішін қалап кетуге ат салысқан жағдайы көбіімзге үлгі болары анық.
Біз Ә.Шілтерхановтың қожалар мұрасына ғана қосқан үлесін ойып алып отырғанымызда оның өзі әулеті тұрғысында бітірген жұмысын айтпай кетуге болмайды. Тоқсанышы жылдары өз қиындығымен көбіміздің есте қалды. Осы тұста өзін-өзі тану, арғы тарихты іздеу саналы азаматтардың алдында тұрған мол мүмкіндік және міндет те болды. Зиялы інісі Сейітомар Саттарұлымен бірге өзі өкілі болып табылатын Әл-Әмин баб (Қырық Садақ) ұрпақтарының шежіресін жинақтады. Бұл да үлкен жұмыс. «Әл-Әмин баб – әділ халиф Омар ибн Хаттабтың 27-ші ұрпағы. XV ғасырдың екінші жартысы мен XVI ғасырдың басында өмір сүрген. Қазақтың әйгілі Қасым ханының айрықша белді, жаужүрек батырларының бірі болған. Ол жорықтарда өзінің ұлы бабасы, халиф Омар Фаррух Хаттабтың қолданған ерекше әскери жүйесін тиімді пайдалана білгені үшін халық сол тактиканың атауына сай халық оған «Қырық садақ» деген ат берген. Орта Азияда ислам дінінің орнығуына ұшан-теңіз еңбек сіңірген. Өмірінің соңғы жылдарын Ташкент шаһарында өткізген баб жұртқа білім беріп, ұстаздық еткен, мешіт пен медіресе ашып, шәкірттер тәрбиелеген» делінеді шежіреде.
Мен көп жылдардан бері «Qojalar. kz –тарих. таным. тағлым» сайтын жүргізіп келемін. Он шақты жылдан бері қожалар мұрасына байланысты көптеген деректер оқырмандарына жетіп жатты. Бабалар мұрасына деген игілікті істе біздердің алдымызда өткен ұрпақтың жиған-тергені, ізденіп жазғандары көп көмек көрсетті. Біртұтас қожалар мұрасын қалыптастырды. Осы ретте Әдіһам ағамыз бен оның замандастарының орны ерекше.
Айгүл Уайсова





