Ғалымның хаты

Қайсар тұлға еді Қалағаң

Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры, Қ.Мұхамеджанов кітапханасының ғылыми кеңесшісі

 Қазақстанның халық жазушысы, танымал драматург Қалтай Мұхамеджановтың шығармаларымен біршама таныс болғанмен, оның өмірінің кейбір тұстарынан хабарымыз шамалы екен. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тікелей ұсынысымен Қалағаның жеке кітапханасы Қызылорданың Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап кітапханасына көшіріліп, оған арнайы зал беріліп, соған ғылыми кеңесші ретінде жұмысқа кіріскелі аға өмірі жайлы көп жайттарға қаныға бастадық. Оның үстіне, Жәмила Қалтайқызы қарындасымның ешкімге бермей, сары майдай сақтаған әкесі қолжазбаларын маған ұсынғаны аға өмірінің қилы-қилы қиын сәттеріне байланысты танымдық географиямды кеңейте түсті. Қалтай ағаның қолжазбаларымен таныса келе, оның өмірдің талай құқайларына қасқая қарап, оларға қарсы тұрып қалып тасқан қайсар тұлға екеніне көзіміз жетті. Сондықтан, ұлылар арасындағы кейбір кикілжіңдерді кері айналдырмай, ешкімнің ар-ожданына тиіспей, олардың болмысының бояуын өзгертпей, нақты дәлелдемелер мен дәйектемелер арқылы баяндауды мақсат еттім.

Қалтай аға тағдырының ауыртпалық бастауы – əкесінің жазықсыз «халық жауы» атанып, 1937 жылы атылып кеткен уақытында жатқан сыңайлы. Ескіше сауатты, бірнеше тілдерді меңгерген Қалағаңның жұрт арасында «Қарамолда» атанған əкесі – ақын, діндар Мұхамеджан (1888-1937 жж) саяси сауатты кісі болған. Кеңестік қоғамның ақыры қайыр болмайтынын сезген ол «Заман-ай» деген өлең шығарып, сол үшін атылып кеткен. Тағдыр табыстырған қос тұлға Шыңғыс пен Қалтай «халық жауының балалары» деген жексұрын жаламен қорлау мен кемсітудің, жəбірлеу мен жекірудің талайларын көріп өседі. Бірақ екеуі де қайтпайды, қажымайды, жасымайды. Мұхамеджан əкейдің айыптау қағазын да, жоғарыда аталған өлеңнен де басқа: «Совет мемлекетін құлатып, түрік мемлекетін құруға жақ болған» деген жала да бар екен. Қалағаң көп жылғы ізденісінің нəтижесінде 1954 жылы əкесінің заңды ақталу қағазын алғанмен, күлкімен көмкеріліп, саясатпен астасып жататын шығармаларын жарыққа шығаруда «халық жауының баласы» деген сезіктің салқынын талай тартыпты. Қызылорда пединститутының тіл-əдебиет факультетінде 2 жыл оқыған Қалағаң Ташкенттегі Н.Островский атындағы Орталық Азия университетінің араб-парсы тілі факультетіне түспекші болады. Бірақ əкесінің «кесірінен» бұл ойы жүзеге аспайды. Содан кейін Ташкенттегі өнер институтының орыс бөліміне қабылданады. Алайда, мұнда да əкесінің жайы алдынан шыға бергесін, профессор Михаил Морозовтың ұсынысымен Мəскеудің А.Н.Луначарский атындағы ГИТИС-іне ауысады. Оны 1953 жылы «Театр тарихы мен теориясы» мамандығы бойынша үздік бітіріп, сонда оқытушылыққа, кейін аспирантураға қалдырылады. Қалағаң алғаш жаза бастаған 1952- 1953 жылдары Алматыға екі рет өндірістік тəжірибеден өтуге келеді. Сол кезде «Казахстанская правда», «Социалистік Қазақстан» газеттеріне «Қазақ театр өнерін зерттеудің мəселелері» деген ғылыми-зерттеу проблемалық мақаласы жарияланады. Бұған дейін əкесі жайлы арыздардан қорқып, Мəскеуде оқитынын жасырып жүрген Қалағаңның Луначарский атындағы театр өнері институтының 5-курс студенті екені аталған мақалалар арқылы елге белгілі болады. Мақала Қазақстан Ғылым академиясының өнер секторын да кең талқыланады. Көп ұзамай Б.Ерзаковичтің қолы қойылған жұмысқа шақыру қағазы келіп, өмірбаяны мен анкетасын сұратады. Сол жолы əкесінің 1937 жылы атылып кеткенін жасырмай жазып жібереді. Бітіру мемлекеттік емтиханын тапсырып жатқанда, сол Б.Ерзаковичтен «орын болмаған себепті жұмысқа ала алмаймыз» деген қағаз келеді. Қазақстанда 1953 жылы Мəдениет министрлігі құрылып жатқанда, министр Қайырғали Байғалиев маман тапшылығына орай, ГИТИС-тің ректорына өтініш айтып, Қалағаңды Алматыға алдырады. Бірден министрлік те драмалық шығармаларды сараптан өткізетін бөлімнің бас редакторы болып тағайындалады. Өмірдің шаршы алаңына жастық жалынымен шыққан 26 жастағы маман сол сəттен əдебиет сынына құлаш ұрады. Соның бірі – Сəбит Мұқановтың 1948 жылы шыққан «Сырдария» романына айтқан сыны болды. Міне, тап сол күндерде театр корифейі Шахмет Құсайынов оған: «Біздерді сынай бергенше, өзің ең болмаса бір актілі пьеса жазып көрсеңші, сонда түсінесің», – деген екен. Осы сөз Қалағаңа қамшы болып тиіп, ол сол кезден бастап бірыңғай драма жазуға қарай ойысады. Қазақстан Жазушылар одағының 1966 жылғы наурызда өткен пленумында Ғабит Мүсіреповтің дуалы аузымен Қалжан Нұрмаханов, Қажықұмар Қуандықов, Қалтай Мұхамеджанов «жас нигилистер» атанады. Бұл туралы ағаның өзі кейін: «Албырттықпен аузымызға келгенді айтып, қаламымызға ілінгеннің бəрін жаза берсек керек. Жасыратыны жоқ, ұлы ұстаздың бұл айтқаны бізге өмірлік сабақ болды», – деп жазыпты.

Қ.Мұхамеджановтың драматургия саласындағы төл шығармасы – «Бөлтірік бөрік астында» комедиясы 1959 жылғы ақпанда қазіргі М.Əуезов атындағы академиялық театрда алғаш рет қойылды. Шығарманың негізі – ұлт мəдениеті мен тілінен қазіргі жас- тардың қол үзіп бара жатуы. Автор өмір де болған Марфуға мен Арыстан образдары арқылы білімсіздік, мансапқорлық, ұлттық əдет-ғұрып, ана тілінен безіну сияқты қоғамда жиі кездесе бастаған келеңсіздіктерді ащы күлкімен көрерменге жеткізеді. Комедия жұртшылық арасында үлкен резонанс туғызды. Сондықтан билік басындағылар үшін де бұл бейжай қалатын нəрсе емес-тін. Сол кездегі КП Орталық Комитетінің үгіт-насихат жөніндегі хатшысы Нұрымбек Жанділдин Жазушылар одағының съезінде: «Бөлтірік бөрік астында» пьесасының авторы жас жігіт болмаса, қоюшы режиссері мен əртістері кілең жастар болмаса, орыс тілін мазақ етіп, ұлы халықпен достығымызға қаяу салғаны үшін, ұлтшылдық бағыттағы сарыны үшін біздің бұл қойылымды мүлдем жауып тастауымыз хақ еді. Бірақ бəрі жастар болған соң əзірге кеңшілік жасап отырмыз», – деген сөзінде біраз зəр жатты.

Содан кейін-ақ газеттер пьеса жайлы сын мақалаларды толассыз ағыта бастады. Сол тұста «Алматинская правда» газетінде Əнуар Əлімжановтың: «Из пушки по воробьям», «Қазақ əдебиетінде» Ш.Аймановтың «Өнерлі жасқа өткір сын» атты мақалалары жарияланды. «Бөлтірік бөрік астында» комедиясы көрермендер назарына ұсынылып кетіп, басшылар тарапынан қолдау болмағандықтан, жастар ұйымдары мен қала студенттері 1959 жылғы мамырда пьесаны талқылауға арналған көрермендер конференциясын ұйымдастырды. Онда сөйлеген Қазақстанға еңбегі сіңген архитектор Шота Уəлихановтың сөзі көпшіліктің көңілінен шығады. Оның Қалтай ағаның қолжазбалар қорынан алынған сөз мəтінін де: «Кейбір авторлардың пьесаларында «аттың сұлы жейтінін», қыстың күні пештің жағылатынын «айтып», «жаңалық» ашқанындай емес, драматург Қалтай Мұхамеджанов өмір қай нарынан алынған шынайы бейнелер жасайды. Солардың бірі Марфуға дей келіп: «Жақында «Алматинская правда» газетінен өзім жақсы көретін жазушы Əнуар Əлімжановтың осы комедия туралы жазылған мақаласын оқыдым. Мақаладағы «вопросы изучения родного языка для нас не является общественной проблемой» деген жолдар мені таңғалдырып қана қойған жоқ, қатты ренжітті. Жазушы: «Əртүрлі жағдаймен ана тілін білмейтіндер аз ба, ол жаққа назар аудармау керек еді», – деп қорытады. Аталған комедия үшін Қалтай ағаның басына үйірілген қара бұлт спектакльді Орталық Комитеттің екінші хатшысы Фазыл Кəрібжановты, қала басшысы Ахмет Əділовті ертіп барып көрген М.Əуезовтің «Лениншіл жас» газетіне «Бұл күлкіге дəн ризамыз!» деген мақала сы шыққаннан кейін серпіледі. Ол заңды да. Себебі, «Абай жолы» роман-эпопеясына Луи Арагоннан «ХХ ғасырдың ең ұлы шығармаларының бірі» деп баға алған Лениндік сыйлықтың лауреаты, жиырмадан астам шетелдерде болып, адамзат қоғамының дамуы, рухани ынтымақтастығы үшін шексіз үлес қосқан əлем таныған саясаткер Əуезов пен жергілікті билік те санасуға мəжбүр болған. Өткен кеңестік кезең түйткілдерінің арғы жағында талай дүниелер жатқан ащы күлкімен елге жеткізетін Қалтай аға шығармаларының қайсысы болса да, талас-тартыспен сахнаға жол тартып, көрермендерімен қауышатын. 60-жылдардағы əдеби жиындардың бірінде жер айдалып келген ақсақал ақын Қалағаңның əкесі Мұхамеджан пірəдардың абақтыда бір түнеп үлгермей жатып, өзгелерге орын босату үшін сотсыз, тергеусіз атылып кеткенін өз көзімен көргенін жылап тұрып естіртіп: «Қайдасың, Қалтайжан?! Бұдан хабарың бар ма еді?» – деп сұрағанда, жазушы состия қарап: «Естіп тұрмын, білемін, аға» – деп еді. Қалағаңның саңқ еткен даусын 1962 жылы жазып бітірген «Менің дертім» драмасы айтқызған болатын. Қабылдануы қабылданғанмен, театрларда қойылған жоқ. Оның əуелде сахнаға жол тартпауы, біріншіден, сонау 30-жылдардың репрессиясына қатысы бар бірталай адамдардың əр алуан əкімшілік лауазымдарында нық отырғанынан болатын. Екіншіден, əдебиет пен өнер төңірегінде еңбектетерімен көзге түсіп жүргендер сонау жылдардың санаға салған үрейінен əлі арылмаған еді. «Менің дертім» драмасы кейін «Біз періште емеспіз» деген атпен шығып, Ғ.Мүсіреповтің басқаруындағы Жазушылар одағында талқылауда жоғары баға алып, театрға ұсынылады. Бірақ біреулердің «сыбырымен» Орталық Комитетке жетіп, 1964 жылғы октябрь Пленумында бірінші хатшы Исмаил Юсуповтың баяндамасында «совет шындығына қара күйе жаққан шығарма» ретінде атап көрсетіледі. Сөйтіп, театр сахнасына дайындалып жатқан жерінен жабылады. Бұл жайлы Қалағаң күнделігіне: «Бүгін Юсуповтың баяндамасында атымыз шыға бастады. Демек, бұл енді біраз дауға апарады-ау», – деп жазыпты. Ет пен сүйектен жаралған жанға, Абайша айтқанда, «мың мен жалғыз алысу» оңай болмайтыны бесенеден белгілі. Осындай сəттердің бірінде Қалағаң күнделігінен: «Алла тағала іштен де, тыстан да түсінетін адам таптырмай қор еттің-ау. Енді қайтсем екен?» – деген жолдарды оқыдым. Былай тарыққанын ешкімге білдірмей күнделігіне ғана жазғанына қарағанда, Қалағаң шығармашылық шабытын бəсеңдетпей өзін-өзі қайраған-ау!

Міне, кезінде Исмаил Юсупов жаптырып тастаған «Біз періште емеспіз» пьесасын арада ширек ғасыр өткенде, 1988 жылы келесі бірінші хатшы Геннадий Колбин сахнаға шығаруға рұқсат еткен екен. Оның ақпан айында өткен бірінші премьерасына бірінші хатшы нөкерлерімен келіп қатысады. 1986 жылғы желтоқсан ызғарының басылмай тұрғандығынан залдағы көрер мендердің қол шапалақтары алдыңғы қатарда отырған лауазым иелеріне түрпідей тиеді. Сондықтан спектакль аяқталған кезде театр басшылығы дайындаған дастарқанынан ауыз тимей, асығыс шыққан Колбин: «Смелая, интересная вещь», дегеннен аса алмаса, қасындағылар: «Оказывается у нас есть свой Шатров», «Да, понятно…», деп кекетіп кеткеннен арыға бара ал майды. Осыдан кейін-ақ пьесаның басқа театрларға қойылуына тыйым салынады. Тарихи хронологиясына қарағанда, 1966 жылы жазылып, келесі жылы сахналанған Қалағаңның «Жат елде» драмасы еш талас тартыссыз, айқай-шусыз көрермендерге жеткендей көрінеді. Үкімет тарапынан комедияға тапсырыс алған автор дың кенет драмаға ауысуының себебі неде? Ол сол тұста «Голос Америки», «Би- би-си», «Свободная Европа» радиостансаларының күн сайынғы түймедейді түйедей еткен саяси соқырлығына қайтарылған нақты жауап еді.

Шығарманы жазу үстінде автор бұрын құпия саналатын, «жабық», «жасырын», «қауіпті» делініп келген сан алуан құжаттармен танысты. Олардан өзіне керегін тауып алып, Құрбан, Асан, Жұман, Кəрім, Бекмырза, Байбол образдары арқылы тағдырдың əр алуан шырғалаңымен отанынан көз жазып, пұшайман болғандардың туған елін, жеріне деген сағыныштарын шынайы көрсетеді. Драмалық туындыларға жарияланған республикалық жабық бəйгеде жүлде алған «Жат елде» драмасы тақырыбымен, əлеуметтік-саяси ұстанымымен, қазақ əдебиетіндегі тосын сипатымен, жаңалығымен, өткір күрескерлік даусымен, ащы шындығымен көрермендерін дүр сілкіндірді. Қалтай қарымының шырқау шегі – тағдырлас досы Ш.Айтматовпен бірге жазған «Көктөбедегі кездесу» драмасы. Кейін Шықаң шығарманың туу тарихы туралы өзінің «Менің Қалтай досым» деген мақаласында мейлінше қысқа əрі нақты айтқан. Ол пьесаның идеясы мен орыс тіліне аударылуы өзінікі де, драматургия түрінде жазылуы Қалағаңа тиесілі екенін ашып айтыпты. Осы туынды 1972 жылы КСРО-ның 50 жылдығы қарсаңында Мəскеудің «Современник» театрында бас режиссер Галина Волчектің алғалауымен «Восхождение на Фудзияму» деген атпен қойылып, атағы əлемді аралап кетті. Бірақ мұнымен ел ішінде Қалекеңе шабуыл жасау тыйылған жоқ. Көре алмаушылар қолдарынан келгенше «Көктөбедегі кездесуге» кедергі келтіріп бақты. Соның салдарынан ол М.Əуезов атындағы мемлекеттік академиялық театрда тек 1975 жылы ғана сахналанды. Бұл амалсыздыққа спектакльдің «Современник» театрында қойылуы жайында К.Симонов («Известия», 1 февраль., №28. 1978), Е.Сурковтың («Правда» 16 январь, 1978), В.Максимов («Вечерняя Москва», 27 январь, 1971), Б.Панкин («Комсомольская правда», 20 январь, 1973), В.Левин («Советская культура», №66. 24 июнь, 1974) сияқты аттарын əлем танитын өнер қайраткерлерінің тартымды, танымдық мақалалары əсер еткенге ұқсайды. Себебі, күңкілдеушілер жоғарыдағылардың көлеңкесінде қалғандары мен бірге, көрермендердің де олардың көсегесін көгертпейтінін сезінген де болуы керек!

Шығарманың шетелдегі қойылымдағы премьераларына шақыру алса да, оған барудың талай машақаттарын бастан өткізген Қалағаңның алдын «халық жауы» атанған өз əкесі нің кес-кестей бергенін, осы фактінің күндеушілерінің көсеуі болғанын да білетінмін. Пьесаның мəтінінің таралуы да жатқан тарих. Ол тек 6 жылдан кейін ғана Қалағаңның 2 томдығында ғана жарық көріп, ал орысша толық мəтіні 16 жылдан кейін Ленинградтан шығатын «Аврора» журналының 1988 жылғы №8 санында жарияланды. Осының өзі қызғану мен көре алмаушылықтың, күпірлік пен күншілдіктің соқырға таяқ ұстатқандай мысалдары ғой. Бірақ осының бəріне қасқая қарсы тұру, үнемі қайрағын қалтасынан тастамай жүретін Қалағаңның денсаулығына да кері əсері болды. Қалағаң көзі тірісінде Ə.Əлімжанов, Ə.Əбішев, С.Кеңесбаевтарға ашық хат жазып, Р.Нысанбаевпен теле сайыс қа шықты. Олар жайлы, кейбір шығармаларының мазмұны мен тағдыры жайлы осыдан он жыл бұрын Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Абыз» атты мақаласында (16.05.2006 ж.) толығырақ айтқан. Оған қосарымыз, Қалағаң қолжазбаларынан С.Кеңесбаевтың жазбаша жауабы мен Ə.Əбішевтің Қалағаңа деген ыстық ықыласқа толы жазбасы кездесті. Екі ағаларымның ресми баспаларда жауаптары шықпапты. Соны ескеріп, кейінгі жастар үшін ұлылардың таразыласып татуласатынын білсін деп республикалық «Тіл сақшысы» газетіне академик С.Кеңесбаевтың «Жариялылық мерейіне дақ түсірмейік» деген жауабын жариялаттым.

Белгілі жазушы Ə.Əбішев аға «Қарқаралы» атты журналдың 1991 жылғы 4-нөмірінде жарық көрген «Мен кешкен тайғақ кешулер» деген көлемді эссесінде Қалтай інісін «түйреп» өтіпті. Онда: «М.С.Горбачевтің сөзімен айтқан да, «білім жағынан мейлінше жетілген, саяси жағынан мейлінше кемелденген болып көрінуі» мансапқа жету үшін жасап алған жалауы. Ғабит ағамыздың сөзімен айтқанда, оқыған надандық. Соның бір кейпі – Қалтай Мұхамеджанов. Мен оның 1988 жылы (дұрысы 1987 жылы – Қ.Қ) «Правда» газетінде халқымызды қаралаған мақаласының шетіне мынандай сөздер жазыппын: «Қалтай, сен Желтоқсан қарғысына күйініп айтқан былтырғы бір сөзіңде: «Қазақ болмай, қожа болғаныма қуанамын» деп едің, мына мақалаңды оқығаннан кейін мен сенің қазақ болмағаныңа қатты қуандым. Өйткені, сен қазақтың бір опасызын азайтыпсың…», – деп жазыпты Ə.Əбішев аға. Бұл мақала жайлы Қалағаң: «Келесі жылы октябрь айында «Правда» газетінің тілшісі Т.Есілбаевтың өтінішімен Желтоқсанның туу себептері туралы 20 беттік мақала жаздым. Онда Қазақстанның оқу орындарында халқымыздың өткен тарихы, рухани мұрасы оқылмайтындығын, ел басын дағылардың онымен ісі болмағанын баяндадым. Мақаламды Бруно Ясенскийдің «Не бойся врагов – в худшем случае они могут тебя убить, не бойся друзей – в худшем случае они могут тебя предать. Бойся равнодушных – они не убивают и не предают, но только с их молчаливого согласия существует на земле предательства и убийства» деген сөзін келтіріп, «Нетер пимо равнодушие и в межнациональных отношениях ибо там, где берет верх равнодушие нет дружбы», деп аяқтағанмын. Бұл бағдарымнан мен бүгінде таймаймын. Ал «Правда» газеті Маркс пен Лениннен басқа кім жазса да, өз саясатына жүгіндіріп жариялайтынын журналистер былай тұрсын, кез келген сауатты адам білсе керек», – деп жазыпты.

Мен Қалағаңның машинкаға басылған 20 беттік «Бойся равнодушие» деген мақаласын 1987 жылғы 6 қазанда «Правда» газетінде жарияланған «Бойся равнодушных» деген нұсқамен салыстырып шықтым. Əлжаппар аға күйінетіндей, газет Қалағаңның көп ойларын бұрмалап, тақырыбының өзінде өзгертіп басқан. Мүмкін Қалағаң Əлжаппар ағасына өзі жазған мақаланың толық мəтінін көрсеткен де болар! Содан кейін Қалтай інісіне кезінде күйіне өкпелеген Əлжаппар аға мақаланың толық мəтінімен танысқан мына жазбасын келтіре кетейік: «Қымбатты Қалтай! Құрметті қожа! Сені өзгеше атағым келетінімнің себебі, өзгеден бөлек өзгеше көреді екенмін. Өзгеше, ашығырақ айтқанда, ерекше көретін себебім: сен біз өскен топырақта өсіп, біз мəуелеген бақшада мəуелесең де, тамырыңды тереңге жіберіп жеке-дара бойлап келеді екенсің. Ешкімге ұқсамай, ешкімді ұқсатпай шоқтық талып келесің. Сол үшін екен сені ерекше сүйетінім. Əрине, оның бəрінің тамыры адамшылықта жатыр. Бойлай бер, мəуелей бер, əуелей бер, бауырым. Ағалық ақ тілегім осы. Əлжаппар». Ағалар мен інілер арасындағы осы сыйластық, осы түсіністік кейінгілерге үлгі бола бергей деген тілегім де бар. Əлемді дүр сілкіндірген 1986 жылдың желтоқсанында Қалтай ағадан артық зəбір көргендер санаулы-ақ шығар. Көпшілік оқырман оны да білсін деп айтып отырмын. Бұл оқиғаны жақын туыстарының өзі – біздер де кейін білдік. Өйткені, Қалағаның күлкісі мен келбеті, шырайы мен шыдамы іште алаулап жанған күйігін білдірмеген ғой!

Айтайын. Алтай Мұхамеджанов – Қалағаңның жалғыз ұлы. Ол 1978 жылы Ішкі істер министрлігінің Қарағандыдағы жоғарғы милиция мектебін, 1982 жылы Мəскеудегі КСРО Ішкі істер министрлігінің академиясын бітіріп, сонда кандидаттық диссертациясын қорғаған. 1986 жылғы желтоқсанда Алматыдағы Министрліктің нашақорлар мен күрес бөлімі бастығының капитан шеніндегі орынбасары болатын. Сол жылдың 17 желтоқсанында Алтай іздестіру бөлімі бастығының орынбасары, полковник Рахым Меңдешевпен формасыз алаңда болады. Кешкілік алаңдағы шеруші жастарды күшпен басу əрекеттері басталып кетеді. Алаңның қарсы бетіндегі Агропром үйі алдында режиссер Ə.Мəмбетовті алты милиционердің резина сойылмен соққыға жығып жатқан жерінен Алтай араласып, құтқарып қалады. Алматыдағы жоғары милиция мектебінің курсанттарына басшылық жасап тұрған подполковник Плясулияны кейін танып, түсінік жаздыртады. Обком, Ішкі істер министрлігі, республикалық прокуратура түсінігін қайта жазып беруді, Ə.Мəмбетов алаңда бұзақылардың ұлттық сезімдерін қоздыратын ұрандарды айқайлап, ешкімді тыңдамауға шақырды», деп жазуды талап етеді. Бұған көнбеген Алтай ақыры қызметтен қуылады. Үш жылдан астам əуре-сарсаңға түсіп, атасы – Мұхамеджан татқан түрменің де дəмін татады. Сол Алтайдың ісін алты рет қарап, ештеңе таппағандықтан, қызметіне қайта оралады. «Осы бір қиын кезде басшылық тарапынан Басаров (Ішкі істер министрлігінің бірінші орынбасары) пен Меңдешов (іздестіру бөлімі бастығының орынбасары) қолдады. Ал папам жағынан Ə.Нұрпейісов, Ə.Жұмабаев, Ə.Кекілбаев, Ф.Оңғарсынова маған рухани демеу болды», – деп еске алады Алтай. Жалғыз ұлының жазықсыздан жазықсыз істі болуын əкесі Қалтай аға мен анасы Фарида жеңгейдің қаншалықты қинала көтергенін жазып жеткізу қолымнан келмейді. Ол түсінікті де. 18 желтоқсан күні сағат 16.00-де өнер жəне мəдениет қайраткерлері Р.Бағланова, Е.Серкебаев, Қ.Мұхамеджанов, Ə.Кекілбаев, Ш.Мұртаза, Е.Рахмадиев, Т.Əбдіков алаңға келіп, жастарды ақылға келуге шақырады. Бірақ бұларды ешкім тыңдамай, ақыры жазықсыз жастардың қаны төгілді. «Советская культура» газетінің (24 желтоқсан, 1987 ж.) бір нөмірінде: «Драматургия Розова, Салынского, Макаенко, Мухамеджанова, Коломийца открыто и страстно выступила против таких массовых явлений в застойный период как злоупотребление властью, карьеризм, коррупция, чванство, гражданская пассивность», – деп жазыпты.

Қоғамдағы келеңсіздіктерді əртүрлі дəрежедегі басшылардың «көңілдеріне қарамай шыжғыра» айтудан Қалағаң тайған емес. Сондықтан да болар, көре алмаушылықтың талай кесапат-кесірін көрген. Бірақ Қалағаң еңкеймеді, қайыспады, қайта қақтығыс пен қалыптасып, жігерлене түсті. Сондығымен қайсар тұлғалы Қалағаң болып бəріміздің жадымызда қалды.

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button