Ғалымның хаты

Айқожа ишан ілімін жалғаған рухани мұрагер

Еске алушылар Оспан ишан ұрпақтары - Оспанов Нұрлан Нұрлақұлы, Ремет Сәбит Аппазұлы

Айқожа ишан бабымыздың бастауымен ашылған мешіт-медресе Сыр өңіріндегі ең алғашқы ірі діни білім орталықтарының бірі болды. Мұнда оқыған шәкірттер кейін әр ауылға барып мешіт ашып, молдалық, ұстаздық қызметтер атқарған. Осы арқылы ислам ілімі халық арасында қазақы салт-дәстүрмен ұштасып дамыды. Айқожа ишан әулеті мен шәкірттері дінді ғана емес, жер мен елдің тұтастығын сақтау, әділдік, білім іздеу секілді құндылықтарды насихаттады.

Айқожа ишан бабамыздың он бір баласы да ислам жолында қызмет еткен тұлғалар атанды. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жасап жатқан әулеттің сегіз жүзге тарта шағырақ бар. Бұлар ишан бабаның Ибадулла мағзұм, Жұмаділла мағзұм, Ыбрайым шайх, Мамырайым шайх, Смайыл, Ысқақ қожа, Реметулла қожа, Пірше қожа, Сапар қожа, Мұсахан мен Іскендір қожа атты ұлдарынан өрбіген, асылдың сынықтары.

Ремет бабамыз – жуан толық кісі, жуандығынан ұзындығы білінбейтін. Білім мен тәрбиені әкесінен бойына сіңіріп, елге молдалық жасаған. Тіпті шариғат бойынша сұрақтар мен пікір-таластар туындаса Ислам ақидасы бойынша дәлелді кітаптарын атына салып Түркістан, Сыр өңірлеріне аттана бередеі екен. Жайылма төңірегінде мешіт салдырып, имамдық еткен. Ремет бабамыз 1915 жылы Қарақайлыға сапарынан соң қайтыс болып, Жайылма халқы мәйітін жерге тигізбей, кезекке таласып Жаңақорғандағы құмсабаға (шамамен 10 шағырымдай) алып келген екен.

Айқожаұлы Реметулланың 8 ұлы, 5 қызы болған. Исматулла, Файзулла, Омар, Оспан, Мұстафа, Мүүдін, Маһан мен Үсейін (соңғы екеуі егіз болған). Мүүдін мен Маһан атамыздан ұрпақ қалмаған. Аласапыран заманда елдің барлығы оңтүстікке қарай көшіп жатқанда Мүүдін атамыз 20 бала-шағасымен Ақтөбе жаққа қарай көшіп, жолда ауыр дертке ұшырап, бар балаларын жер қойнауына тапсырып, апамыз екеуі ғана елге оралған. Маһан атамыздың жалғыз баласы Ұлы Отан соғысына қатысып, майданда шейіт болған.

Реметұлы Исматулла (Смет) – Реметтің үлкен баласы. Мығым. Ортадан гөрі үлкендеу. Қайратты дихан еді. Мінезі жуас, мыңқ етпейтін адам болған. Балапан тебеде қоныстанған.

Реметұлы Файзулла – ұзын ашық адам болған. Жуас, қызыл шырайлы, құсбегілікпен қатар диқаншылықпен айналысқан. 24 бекет маңындағы Қожа бауында қоныстанған.

Реметұлы Омар – Реметтің үшінші баласы. Ортадан гөрі төмендеу, домалақ кісі. Қызылшырайлы. Атқа құмар, әулеттің жақсы аты болса сол кісі ғана шабады екен. Омар мағзұмның сүйегі Самарқанда жерленген.

Реметұлы Оспан – Реметтің Төртінші баласы.  Ауыл молдаларынан хат танып, тумысынан өте зерек, алғыр болып өседі. Бұхарадағы «Мір Араб» медресесінде білім алған. Елге келіп мешіттерде имамдық қызмет атқарып, шәкірттер тәрбиелеген. Сондай-ақ, ол өз заманының басқа да діни қайраткерлерімен бірге халық арасында ислам дінінің қағидаларын таратуда маңызды рөл атқарған. Әрі өз дәуірінде дін жолында қызмет еткен көрнекті ишандардың бірі болды.

Жас болса ада ислам ілімін зерек меңгергендіктен болар уағыз айтып, ислам тарихы, ақидасы бойынша жамағатқа насихат жүргізіп жатқанда ағалары мен інілері үстіне басып кіре алмайды екен. Мал жинап, оны көбейтуге пысық болған, күздігіне аға-інілері мен ауылдастарына таратып беріп отырған.

Оспан ишан арақадағы Мұса мырзаның еліне жиі барып тұрған. Мұса мырза атақты Шорманның баласы. Шорман Шоқан Уалихановтың нағашысы. Мұса мырза «қожамын» деп барғандардан шариғаттан сынақ алып барып білімін мойындайды екен. Оспан мағзұм барлық сынақтарынан өткен соң, жыл сайын арқаға шақырылып тұрған. Бір жылы қыс ерте түсіп, елге қайта алмай қалады. Ол жақта қыс 6 айға созылуына орай, алты ай арқада қалуға мәжбүр болып, Мұса мырзаның үйінде жамағатқа пайдалы уағыздар айтып беріп жүрген.

Мұса мырзаның он мыңдаған жылқысы болған екен. Сол қыста бір бөлігін Сырға, екіншісін қырға айдаған екен. Оспан мағзұмға зекет есебінен бөлген жылқыларын «Қайда қосайын дегенде?» атамыз: «Сырға қосыңыз, көктемде әрі қарай елге айдап кетемін» деген екен. Көктемде жұт болып, Сырдағы жылқышылар құрығын сүйретіп келіпті де, қырдағы жылқыдан бірде бірі өлмей аман келіпті. Сонда Мұса мырза барлық аман жылқыдан қырықтан бірін ұстатып: «Ал тақсыр, Сырға барыңыз Айқожа ишан медресесі мен әулетіне деген құрметім осы болсын» деп  500 жылқыны беріп жіберген. Осылайша Оспан атамыз арқадан еліне үлкен жылқы қосынын айдап келген. Арқамен байланыс Айқожа ишан бабамыздан бастау алса, немересі Оспан ишанның осы жағдайдан соң аяқталғаны бар.

Жалпы Айқожа ишан бабамыз бен оның ұрпақтары туралы зерттеу жүргізіп, сол заманның куәгері болған адамдардан сұхбат жинаған, оқиғалар хронологиясын түзген Қалила Омаров ағамыз болды. Оспан ата туралы бұл зерттеуімізде де қазақтың кино режиссері, документалист Қалила Омаровтың мына естелігі назар аударуды қажет етеді. 1984 жылдың ортасында Ленинградтағы оқуымды аяқтап, Жаңақорғандағы мәдениет үйінде инспектор болып қызмет атқардым. 1986-87 жылдары қолыма қалың дәптер алып, ата-бабаларымыз туралы деректерді түзе бастадым.  Жаңақорғанның барлық жерінен бастап оның арғы жағы Қазалы, Қармақшы және бергі жағы Арыс, Шымкент, Жетісай мен Ташкент өңіріне дейін араладым. Көптеген тарихшы, шежірешілер мен әулеттің көзі тірі ақсақалдарымен сұхбаттастым. Сол кездегі кездесулердегі жазбаларымның бірінде Жетісайдағы Әбдіразақ деген нағашы атам мен Гаухар апамызбен болған кездесу еске түсті. Жетісай өңіріндегі ағайындардың ішінде молдалық жасаған, абыройлы әрі жасы үлкені осы кісі еді. Әулетімізден шыққан тұлғалар  мен оқиғаларды түртіп жүрген қалың дәптерімды алып Әбдіразақ нағашыммен арнайы сұхбаттастым. «Әулетімізде елден ерекше, қылығы есте қалатын тұлғалардан кім болды дегеніме» Әбдіразақ атамыз еске алып, жымиған сәтін жазып алыппын. Әбдіразақ нағашым «Ол кезде тыныштық заман еді, нәубеттің иісі де жоқ, жайма-шуақ кез болатын. Реметтің баласы Оспан ишан Ақтастағы мешітте имамдық атқарған. Өйткені Айқожа ишаннан кейін Бұхарадағы «Мір Араб» медресесін тәмамдап, білім алып келген Оспан көкеміз болды. Елге келген соң барлық діни рәсімдерді, мешітте имамдықты атқарған сол кісі болды. Әулеттің үлкендері қайтқан кез болатын. Ол кісі сабырлы, сөзі нақты, дін уағыздауда оны ұйып тыңдайтынбыз. Жұма күні болатын, елдің барлығы жұма намазға жиналып, Оспан ишанның уағызын тыңдап отырғанбыз. Бір кезде Оспан көкеміз «жұма уақыты болды, азан айтып намазға тұрайық» дей бергенде сырттан өзгеше дауыстар естіліп, есіктен өзгеше қылықпен кіріп келе жатқан Мәллахан деген жездемізге назарамыз ауды. Мәллахан жездеміз өзі бір қызық адам еді, істеген істері мен әрекеттері күлкіге душар ететін. Назарымыздың ауғаны, әлгі Мәллахан жездем жұма намазына тұрамыз деген әрекеттерді естігенде дәретін дереу аяқтап, мешітке бет алғанда бір аяғымен мал тезегін басып кетіпті. Сол асығыс күйінде тезекке тиген аяғын көтеріп, бір аяғымен ақсаңдап мешітке кіріп, Оспан көкемнің қасында тұрған Раушан Әбенқожа (қазақтың алғашқы гидротехнигі) маңына дейін келді де «Тақсыр, дәретімді жаңа алған едім, намаз уақыты болды дегенге асығып мал тезегін мына мәсеммен басып кетіппін, енді қайтадан дәрет алмай осы аяғымды көтеріп, жайнамазға тигізбей оқысам бола ма» деп Оспан көкемізге сұрағын қойғанда жамағат болып ду күлдік. Сонда да жездеміз сөзін тоқтатпай «Оспан тақсыр, мына тезек тиген жерімді жайнамызға тигізбей оқып шыға салайынш» деп тұрды. Күлкі мен қызық оқиғаға тап болған жамағатқа Оспан көкеміз еш эмоцияға бой алдырмай, тыныштық сақтауға ишарат білдірді. Осы кезде Раушан көкеміз досы әрі имамдық етіп жүрген Оспанның жауабын түсініп, әлгі жездеме қарап «әй патшағар, қайта барып дәрет жаңарт» деп есік жақты көрсетті. Раушан көкеміз сары реңді, дауысы жарықшақтанып шығатын еді. Әлгі жездеміз қайта ақсаңдап мешіттен шығып кетті. Осылайша Ақтаста үлкен қауым ел болып тұратын едік, Оспан көкеміздің насихатын тыңдап өстік. Уағыз айтуда, діни жоралғыларды жасауда ең алдыңғы болып Оспан көкеміз тұратын еді. Өйткені ол кісінің бойында Бұқарада адаған ілімі бар, Айқожа ишан атасынан дарыған қасиеттері бар, уағыз айтқанда өте сабырлы, сауатты және ешқандай ашуға бой бермейтін еді. «Осы қасиеттір үшін жұрттың барлығы Оспан көкемізге ұитын еді «деген Әбіразақ нағашымның естелегі менің дәптерімде жазылыпты.

Оспан атамыз ауқатты, бай кісі болған. Малы көп, бірақ жоғалған, ұрланған малды «Бұл дүниеде жоғалған, ұрланған мал ақыретте тиеді» деп  іздетпейді екен. Ал Жәмилә әжеміз сақ екен, жаяу кетіп бара жатқан адамды көрсе шақырып алып «Мына малды астына мініп ал, ауылына жетіп алған соң Оспан ишанның малы деп біреулерден беріп жіберерсін» дейді екен. Қарны ашып отырған отбасыны көрсе «Жүр біздің үйге мына қойды ал да, сойып жеңдер» деп беріп жібереді екен. Бір күні Оспан атамыз сапардан үйіне келсе бір қызы жоқ «Әй, Гүлжахан қайда?» деп қызын таппапты. Сонда Жәмилә әжеміз «Анау сары кемпір (Фатима болуы керек), сол біздің әулеттен ау сары кемпір Ақтөбе жаққа көшіп, жолда қызылша ауруынан 16 баласынан айырылыпты, содан әлгі кемпір мен шал сұрап келді, қызымды беріп жібердім» депті. Оспан атамыз әйеліне қатты дауыспен «мал таратқанды қойып, енді менің бала-шағамды таратыйын дедіңба» деп қамшысымен жерді ұрған екен. Түнімен қызын уайымдап, таңертеңімен тұрып әйеліне «дұрыс та болған шығар, бөтен жерге кетпепті, біздің қызымызды кім меншіктеп алады, көріп тұрамыз ғой деп» ашуын басқан екен.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1918 жылдың 20 қаңтарында шіркеуді мемлекеттен бөлу туралы, «Ұждан бостандығы туралы декрет» қабылданғанымен, Орталық Азия жерінде молда, қожаларды қуғындау тоқтамаған еді.

Оспан атамыз еліміздің арқа тұсы, қазіргі Жезқазған, Қарағанды аймақтарындағы Арғынның, Қаржас руы ішінде ишан, молдалық қызметпен осы аймақта көп болатын. Осындай сапарлардың бірінде қазақ әдебиетінің негізін құраушы, ақын және жазушы Сәкен Сейфоллаұлы Сейфуллинмен кездесіп, бірер күн әңгімелесіп, бір-біріне бауыр басады. Қоштасар күн келгенде Сәкен Сейфуллин Оспан атамызға «Тақсыр мынадай қиындықтар басталып кетті, болмаса Сізден көп нәрсе алуға болады екен» деп қайыстан жасалған ер тұрманды сыйға тартады. Бұл ер тұрман 80 жылдарға дейін Бибайым апамызда сақталып, Нұрлақұлы Нұрлан ағамыз әскерде болғанда апамызға қолқа салушылар көп болып, ауылдастарға сыйға берілген екен.

1917-1924 жылдары Кеңес өкіметі орнап, бүкіл ел аумағын түгендеу, көшіп-қоныстандыру арқылы еңбек ресрустарын реттеу саясаты басталған. Ал, 1920-жылдардан бастап қазақтарды Тәжікстанға көшіру — кеңестік биліктің күштеп қоныс аудару және шаруашылықты ұжымдастыру саясаты аясында жүзеге асқан үлкен этнодемографиялық қозғалыстың бір бөлігі Жаңақорған аумағына да жеткен болатын.  Қазақ жеріндегі азамат соғысы, ашаршылық, тәркілеу мен саяси тұрақсыздықтың салдарынан халық өзге өңірлерге көшуге мәжбүр болды.

1924 жылдың қазанында Тәжік автономиялы Республикасы құрылғаннан кейін Хисар, Қорғантөбе, Гарм, Душанбе, Куляб алабындағы қамысты да батпақты жерлерді игеру науқаны басталып кетті. Ол кезде Тәжікстан жерінде, Кеңес өкіметінің басқа жерлеріне қарағанда, біршама тыныштық орнаған болатын. Сондықтан да Қазақстан және Қырғызстаннан қысым көріп қудаланғандар, байлар мен молдалар Тәжікстанның шекарасы арқылы Ауғанстанға өтіп кету қауіпсіз деп санап, осы аймаққа көше бастаған болатын.

1925 жылы Орталықтың ұйымдастыруымен атеистер (құдайсыздар) ұйымдары құрылғаннан кейін бай-кулактармен бірге қожа-молда, имамдарды да қудалау етек алды. Кеңестік идеологияның орнауы үшін елдегі білімді хат танитын өзге тілдерде жаза сөйлеу білетін адамдармен ашық күрес болды. Сол заманның ел ағалары мен діни қайраткерлеріне қарсы арыз-шағымдар қолдан ұйымдастырыла бастады.

1928 жылдан бастап жүргізілген «байларды тәркілеу» және ұжымдастыру саясаты нәтижесінде, ауқатты қазақтар (байлар, орта шаруалар) «кулак» ретінде танылып, отбасыларын Орта Азияның шалғай аудандарына – Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстанға жер аударды.

Кеңес үкіметі Орта Азия республикаларында жаңа өндіріс орындары мен ирригациялық жобалар ашуға кіріскен кезде, жұмыс күші ретінде қазақтар да тартылды. Мысалы, Вахш аңғарында канал қазу, мақта шаруашылығын дамыту сияқты жұмыстарда қазақтар еңбек етті.

Қилы заман басталып, елдің жақсыларының ізіне түскен нәубет Айқожа ишанның немерелері мен шөберелерінің тұсына тап келді. Немерелері Сәруар ишан, Сейдахмет, Оспан ишан, Мұсахан, Сапар, Іскендір, Балта, Мұстафа, Усейн мағзұмдар, Ата мағзұм, шөберелері Әззам ишан, Омар, Жапар, Бұрхан, Мәді қожа, Махмұт ишан, Әлмұхаммед ишан, Инаят мағзұмдар қуғыншылық көріп, Өзбекстан,Тәжікстан асып Ауғанстанға жетпек болған. Бұл әулеттен шыққан көптеген адамдар сол жерлерде мәңгіге қалды. Кейбірі елге келіп, түрмеде жазасын өтесе, енді бірі оқтық болып атылып кетті.

Осылайша Оспан атаның басына да қара бұлт үйіріліп, ауылдастары арыз ұйымдастырып, «Оспан ишан ісі» жасақтала бастайды. Осы уақытта Петерборда қазақтың тұңғыш кәсіби гидролог-инженер маманы атанған, Кеңес Өкіметі орнаған соң Түркістан автономиялық Республикасының мемлекеттік басқару аппаратында, кейіннен Орталық Комитеттің Орта Азия Бюросының жер комиссары қызметінде жүрген ағайын бауыры Раушан Әбенқожаұлы елге арнайы «Оспан бауырым, сенің атың орталыққа жетті, елден кетпесен болмайды» деген хабар бергізіп жібереді.

Суыт хабардан соң Тәжікстанға көшті дайындаған Оспан атамыз темір жол арқылы жетуді ойластырып, арнайы пойыздың вагондар қосындысын әзірлейді. Оспан атамыз малының бір бөлігін арқадағы Арғыннан тараған Қаржас руына «Бұл малды аман келсем алармын, келмесем сенікі» деп аманат етіп айдатып жібереді. Бір бөлігін туыстары мен ауылдастарға таратып берсе, үшінші бөлігін жолға дайындайды.

Бір вагонға қой, екінші вагонға жылқы, үшіншісіне мал азығын, қалған вагондарға түйелерді артады. Оспан атамыз отбасын алып, құдасы Мәдәлі мағзұмның отбасыларымен бірге бір товарный вагонға жайғасып, Тәжікстанға жол тартады.

Суық, әрі қараңғы вагонда от жағып, кілемдерді төсеп, жолда түрлі тексерулер мен қиындықтарды көреді. Жолда пойыздың машинисі сигналды қатты шығарғаны сол еді вагондар қара түнекке еніп, таудың қара түнегінен өткенде Оспан атамыз отбасына қарап «Осы түнекке кіргеніміз кірген, енді қайтарға жол жоқ бізге» деп күрсінген екен. Шынында сол кездерде елден шекара асып барған ағайындардың біраз бөлігі елге жете алмай сонда қалыпты.

1931 жылдың күзінде Пойыз қосындысы Тәжікстан астанасы Сталинабадқа жетіп тоқтағанда 15 қазан күні Оспанұлы Нызанқожа атамыз отбасында жас сәби дүниеге келеді. Енді көшіп келіп, жаңа жерге қоныстана бастаған жерде дүниеге келген сәбиге қызыға қарап, атын сұраған жас балаларға Жәмилә апамыз Оспан атамыздың көш соңында қалғанын, әлі отбасына жете алмауы себебінен сәбидің есімін туылған қала атауымен «Набат» деп атайды. Кейіннен Оспан атамыз отбасына жетіп, қуанышты хабарды жақсылыққа балап, келген қалалары «нұрлы», жолдары «ақ» болсын деп азан шақырып немересінің есімін «Нұрлақ» қояды.

Сталинабадқа қоныстанған Оспан атамыз ауыл шаруашылық жұмыстарының жаңа лебі басталғанын көріп, Тәжік елімен бірге жаңа жобаларды іске асыруға ден қояды. Барлық түйелерін жер игеру, басқа да жұмыстарды іске асыруға пайдаланады. Жұмысқа пайдаланған малдың ақысына өкімет ұн және құмшекер береді екен. Жиналған ұн мен құмшекерді төбенің басына жинап, отбасының қажеттілігіне жаратып отырған.

Тәжікстандағы қоныстанған аймақта отын, ағаш деген жоқ. Есесіне жаңғақ ағаштары көптеп өседі, жаңғақты шағып, жиналған қабығын отын етіп, жылу, ас дайындауға апаларымыз пайдаланған екен.

Бірде Кеңес өкіметінің орнауына қарсы басмашылар тобы атамыздың ауылына баса көктеп кіргенде елде Оспан атамыз болмай қауіпті топтың алдына Нызан атамыз бен әпкесі Шәрбан апамыз екеуі шығып, басмашыларға бұл «Оспан ишанның ауылы» деп мәлімдегенде олар ешкімге тиіспей, кері қайтып кеткен екен.

Оспан атамыздың Ауғанстанға шекара асып өту бойынша бастамалары кеңес өкіметінің шекараны бекітуі, әскери жасақтарды көбейтуі салдарынан іске аспай қалады. Тәжік ағайындар жанашырлық танытып, Сізді осы жақтан да іздей бастады, еліңізге аман-есен оралғаныңыз дұрыс болар деген ойларын ортаға салады.

Тәжікстаннан елге ораларда, шамамен Өзбекстанның Қазақстанға жақын тұсы, Жетісайға дейінге аймақта қатты жел, қолайсыз аймақта Оспан атамыз қайтыс болған екен. Ислам шарты бойынша қайтыс болған жеріне жерленген ишан бабамызға арнайы белгі қойылғанымен елге оралған ұрпақтарының тағдыры да баба басына көк тас қою ісін кейінге қалдыртқан жағдайы бар.

Оспан атамыздың үлкен ұлы Сразиддин тәжікстаннан қайтар көшке ілеспей сол жақта жергілікті тәжік қызға үйленіп, отбасымен қалған. Балалары кейіннен елге көшіп келген. Қазір Қызылордада тұрады.

Профессор Абдусаттар Нуралиевтің «Тәжікстандағы қазақтар» кітабында Қилы заманда түрлі оқиғаларды басынан кешірген, жергілікті әкімдерден қысым көрген зиялы қазақтардың үлкен бір тобының Тәжікстанға қоныс аударуының тарихы әлі күнге дейін толық зерттелмегенін жазады. Ал сол тауқыметті көші-қон кезінде 20-жылдардың басында өз елінде молда, ишан, діндар деп қудаланған адамдар көп болған көрінеді. Олардың ішінде ой-санасы биік, халық сыйлайтындай ғұлама адамдар да бар екен. Тәжікстан жерін мекендеген қазақтардың ішінде дін жолын ұстанған адамдар да бар болғанын, олардың бірен-саранын ғана білеміз, ал білмейтініміз қаншама» деп жазады.

Қорыта келе, бабамыз Айқожа ишанның мұрасын насихаттау, оның бойынан дарыған тектілікті ұрпақтар бойынан сақтау, балаларымызды көркем мінез бен имандылық тұрғысынан тәрбиелеу бізге бір міндет болса, екіншісі Оспан атамыз туралы деректерді іздену, тағылымды жолын қайта жаңғырту міндеті біз секілді ұрпақтарына жүктеледі. Елді ұйыстыру, бабаларымыз секілді қазақи ұлттық салт-дәстүрді, дәстүрлі діни жолды насихаттау ісінде ниетімізді Алла қолдасын.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Айқожа ишан: әулеттің асыл мұрасы» Алматы 2023, Айгүл Уайсова
  2. «Тәжікстандағы қазақтар» Алматы 2024, Әбдісаттар Нұрғалиев
  3. Qojalar.kz – тарих, таным, тағлым медиа порталы

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button