Тәліп Ишан шежіресі
Дәстүр бойынша Шежіре тек 40 адамнан тұратын куәгердің көзінше ашылады екен. Тәліп ишан 40 куәнің ортасында, жан басын өзі санап отырып, шежірелердің орауын жазды. Мен 40 адамның көз алдында әкеміз жазып қалдырған 11 атамызға дейінгі тізілімді қойдым.
Тәліп ишанның арғы тегі – Бақшайыс қожа. Мекен-жайы – Самарқанд уәлаяты, Жамбай тұманы (ауданы). Қызметі – осындағы “Әулие Қарахан” мешітінің имамы. Онымен екі рет кездесудің сәті түсті.
Бұл кісіде тек Қарахандықтардың ғана емес, барша Пайғамбар (с.ғ.с.) әулеттерінің шежіресі сақталыпты. Айтушылардың дерегіне қарағанда, оның атасы Қызыләскер қатарында Бұхара әмірін тақтан тайдырып, ордасын ойрандауға қатысады. Сол кезде барлығы ордадағы алтын-күміс, бағалы заттарға жармасып жатқанда оның көзі алаңға шығарылып, өртеліп жатқан кітаптар мен елік терісіне жазылған орамаларға түседі. Арабша сауатты болғандықтан, орамалардың Шежіре екенін көрісімен жинап алып, тығып тастайды. Бұл кісі Кеңес кезінде заң аясынан шықпай, жасырын ишандық та етеді. Баласы колхозда есепші болып жұмыс істейді. Ол бар білгенін баласына емес, немересі Тәліпке үйретеді. Шежіре орамаларын соған мирас етіп қалдырады.
Дәстүр бойынша Шежіре тек 40 адамнан тұратын куәгердің көзінше ашылады екен. Мен мұндай жағдаймен Өзбександағы үлкен анамыздың қазасында бетпе-бет келдім. Самарқанттық ағамыз мені сол жерде таныстырып, бұйымтайымды айтты. Олардың салты бойынша молдалар 3 күннен кейін келіп, беліміздегі “қайғы белбеуін” шешеді екен. Сол кезде көрші үйге куәларды жию жөнінде ескертілді. Бұл 1993 жылғы күздігүні болатын.
Айтылған уақытта Тәліп ишан 40 куәнің ортасында, жан басын өзі санап отырып, шежірелердің орауын жазды (Самарқанд уәлаяты, Бұлынғыр қаласы, Инқлоб көшесі, 83-үй. Отағасы – Қорасандық қожа Таубай). Мен сол жерде, әкеміз жазып қалдырған 11 атамызға дейінгі тізілімді қойдым. Ол кісілердің аттары бірде-бір тізімнен шықпады. Менің туыстарым қобалжи бастады. Өйткені, аталарымыз бұл тізімдерден шықпаса “қара көтен” болады екенбіз. Әлі есімде, үй иесі Таубай қария: “Бәріміз де Қожа Ахмет Ясауиден басталамыз” деп қыбыжықтап отырды. Сол кезде Тәліп ишан: “Енді Хан әулеті Шежіресін қарап көреміз. Бұл Шаһ Мұхаммеди хан Шежіресі”, – деп басқа орамдарын тарқата бастады. Осы тізімде біздің бабаларымыздың есімдері соңғы 4 атамызға дейін толық жазылыпты. Тәліп ишан: “Мінә, бу – сизлар Хан әвләтидан болдингизләр”,– деді жадырап. Бәрінің үстінен тонналаған жүк түскендей қауқылдасып қалды.
Ол бұл Шежірені: “Абд ар-Рахимнан Мұхаммеди Шейх Абд әл-Хасан хан, одан Шаһ Мансур хан”, – деп бастап еді. Мұхаммедидің Абд әл-Хасан Қарахани бабамыздың діни атағы, титулы екенін білетінмін. Өйткені, менің әкем ғана емес, мен сөйлескен, тәрбиесінде өскен барлық көнекөз ағаларым Өтепхан да, Зәйін де, Мүсірепхан да: “Біздің түбіміз Абд әл-Хасан Қараханидан басталады. Оның қабірі Таразда”, – дейтін. Оны Самарқандқа барған соңғы сапарымда Сопы Айдар ишанның баласы Сайдулла қарт та айтты, сөздерін бейнетаспаға түсіріп алдық. Осыдан соң, қанша күмәншіл адам болсам да “Нұр әл-Улумдағы” Абд әл-Хасан бабамыз бен Тараздағы Әулие ата Қараханның бір адам екеніне сенбеске амалым қалмады. Кітапта оның аты “Әли, лақабы – Абд әл-Хасан” делінеді. Біздің Шежіреде Қарахандықтар мемлекетінің ұлы ханы Махрам Әли хан бұл кісінің шөбересі болып келеді. Сірә, аталған кітап осы кісінің заманында жазылуы, кейін оның аты өзгерістерге ұшырап Ұлы бабамызға тіркелуі де мүмкін. Байырғы тарихта мұндай оқиғалар жиі кездескенін “Мың бір түн” қиссасындағы Һарон Рашид туралы хикаялардан анық көруге болады.
Бұдан соң қолыма аталған Жамбай тұманының тұрғыны Махмуд ишан немересінің қолындағы Шежіре тап болды. Бірақ бұл Шежіре мен естіп өскен Шежіреге де, Тәліп ишаннан алған Шежіреге де сәйкес келмейді. Сонда Махмуд ишан немересінен алған Шежіренің көмескі жазылған тұстарындағы кейбір адам аттары кімдікі? Мен оны басқа шежірелерде кездесетін Азбур, Дуа-и-тон, Ербозай, Шаһ Қасым, т.б. түрінде қалдырып, өз білгенімді әрі қарай жалғастыруды жөн көрдім. Өйткені, біз бұл тақырыпқа қайта ораламыз, сол кезде айта жатармыз.
Сонымен, барлық шежірелерде Абд ар-Рахим (р.а.) бабтың немересі, Абд әл-Хасан Қарахани бабамыздың баласы Шаһ Мансур Хумар хан екені оның Сайрамда (Пиром) 43 жыл патшалық құрғаны бірауыздан айтылады. Қархан мемлектінің билеушілерінде ұлы бабамыз Мұхаммед ибн әл-Ханафиядан (р.а.) жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша олардың бірде-бірі билік басында Пайғамбар (с.ғ.с.) жасынан ары бір сәт те отырмаған. Бұл дәстүрді Абд ар-Рахим (р.а.) бап та, Ысқақ (р.а.) бап та сақтаған.
Абд ар-Рахим (р.а.) бап туралы біз жоғарыда айтып өттік. Ал, Ысқақ (р.а.) бапқа қатысты деректердің бәрінде де оның кәрілікке жетіп, Баб ата кентін салдырып, осында өз ханакасында өмірден өткені жазылған. Осы дәстүрмен бабамыз Шаһ Мансур де Таразға қайта оралып, әкесінің ханакасында біржола дінге қызмет етіп, ишандық жасайды. Өмірден озған соң мәйіті Қарахан бабаның жанынан салынған өз ханакасына қойылады. Қазір осындағы Дәуітбек бабаның кесенесі сол кісіге телінеді. Олай болуы да мүмкін, одан өзге қирап кеткен кесенелердің бірінде жатуы да мүмкін. Сүйегінің Сайрамда қалмағаны анық жайт.
Оның ұлы Ғазиз Мұса хан. Тарих: “Мұса ханның патшалығы кезінде Қарахандықтар мемлекетінің ресми діні Ислам болып жарияланды” дейді. Бұл туралы басқа шежірелерде сөз қозғалмайды. Тек Ж.Дәдебаев бұл кісіні Абдол Әзиз, лақаб аты Ербозай хан деп көрсетеді. Махмуд ишан Шежіресінде бұл бабамыздың аты көмескі тартқан, тек “35 жыл патша болды” дегенге ғана қанықтық.
Бұл кісінің Исламды мемлекеттік дін деп жариялауына байланысты біз мына жағдайларға назар аударуымыз керек. “Мың бір түн” хикаяларында Ұлы піріміз Әбу Баязид Бистамидің (р.а.) Меккеге бара жатып, намаз оқу үшін Несториандық христиандар шіркеуіне тоқтап, олармен сұхбат өткізгені, сұхбат үстінде абайламай алдына қойған шарапты ішіп жібергені туралы айтылған. Христиандар: “Сіз шарап ішіп қойдыңыз, күнәға батып қалдыңыз”, – дегенде, ол: “Мынадай сұхбат үстінде ішкен шарапта күнә жоқ”, – дейді. Бұл жерде біз назар аударатын нәрсе: біріншісі, бұл дәуірде мұсылмандар, христиандар және яхудилер қатар өмір сүріп, еркін араласқан. Дін үшін қуғын-сүргін болмаған. Тіпті Хазіреті Омардың (р.а.) өзі Иерусалим алынғанда жолдан үсті-басын шаң басып жетеді. Киімі тазаланғанша поптың киімін киіп отырады. Омеядтықтар кезінде христиандардан қудалау көрген яхудилер халифатқа келіп, осында қорған, пана табады. Бұл оқиға сол дәуірдегі діни төзімділікті, тағаттылықты көрсетеді. Екіншісі, Несториан христиандары Исаны (ғ.с.) Құдай деп емес, пайғамбар деп таныған. Шіркеулеріне суреттер жапсырмаған. Мойындарына өлім құралы – шармық тақпаған. Исламның діни төзімділігінің бір белгісі – Ауғанстанда Кәпірстан деген уәлаят (провинция) бар. Мұнда Ислам ашылғаннан бастап күні бүгінге дейін пұтқа табынушылар мекен етіп келді. Әлемдегі ең үлкен пұт мүсіндерін уахабилық Усама бин Хаттаб пен молла Омар жарып жібергенше сақталып тұрды. Бұл Қарахан мемлекетінің тұла бойында сақталған дәстүр еді. Мұса ханның кезінде де сақталды, бірақ басты тайпалар мен орталық билік құрамы толық Исламға өтті. Мемлекеттік басқару жүйесі Ислам тәртібі мен шариғатқа бағындырылды.
Ғазиз Мұса ханның ұлы – Әзиз Махрам Әли хан.
Мен осы күнге дейін қанша ізденсем де “Махрам” деген сөздің ұшығына жете алмай-ақ қойдым. “Бахрам” деп те оқып көрдім. Бірақ неге бахрам? Жауапсыз сұрақ. Сонымен, “Махрам” дегеннің не мағына беретіні белгісіз, ал, “әзиз” деген сөз “әулие, құрметті, қасиетті, мәртебелі” деген сөздердің баламасы.
Бұл жолы да шежірелерде алшақтық бар. Мысалы, Ж.Дәдебаевта бұл кісіні “Шаһ Махмуд, лақаб аты Сатұқ Боғра Әулие Қарахан” деп көрсетеді. Осы жерде оның пікірі мен “Нұр әл-Улум” кітабындағы деректе ұқсастық бар. Аталмыш кітап бойынша Махрам Әли ханның куньясы, яғни лақабы Абд ал Хасан деп көрсетілген. Онда Тараздағы Әулие ата Қарахан дегеніміз – Махрам Әли хан болып шығуға тиіс. Ұрпақ арасын орташа 30 жылдан есептесек, бұл кісі 860 – 880 жылдар шамасында туған. Бұл жағдайда кітапта айтылғанындай Махрам Әли хан ұлы ұстаз Әбу Язид Бистами (р.а.) пірімізді көрмей-ақ, увайсия жолымен бата алған, Махмуд Газнави мен Ибн Сина іздеп келіп кездескен кісі болып шығады. Бірақ біз осы тұста Софы Аллаяр арқылы жеткен бірқатар мәліметтерге де назар аударуымыз керек. Оның айтуынша, Хазіреті Әбу Язид Бистами (р.а.) тумысынан аса қабілетті болып өседі. Жасы 15-ке толғанда ұстаздан барша ғылымхатты оқып, игеріп алады. Оған қасындағылардың бірі: “Сіз ұстаздан барша ілімді алып болдыңыз. Ендігі жүрісіңіз бекершілік. Құранда ысыраптың ысырабы өлшеп берілген уақыт ысырабы екені айтылған. Ал ысырапшылар шайтанның туысы. Уақытты бекер өлтіргенше еліңізге барып, Ислам есігін ашпайсыз ба?” – дейді. Осы сөздерден соң ұстаздан бата сұрау үшін алдына барады. Ұстазы оған: “Сені іздеп отыр едім, жақсы келдің. Менің саған бір өтінішім бар. Дүниедегі ең жаман, қажетсіз бір затты тауып әкелші”, – дейді.
Әбу Язид піріміз ұстазының тапсырмасын тез арада орындау үшін асығып сыртқа шықса көзі жарға жабысып тұрған жапалаққа түседі. Сол сәтте-ақ жапалаққа тіл бітіп: “Ей, Алланың дәрменсіз пендесі. Менен не жамандық көріп тұрсың. Үстімдегі қауырсын да, жүн де өзімдікі. Қиянат жасап алған еш затым жоқ. Не ішсем де, не жесем де Алланың бұйыртқаны, біреуді өлтіріп алған дәнеңем жоқ. Сен өзіңе қара, үстіңдегі – ненікі, жегенің – ненікі. Бірінің етін бірі жеп күн көретін адамзаттан менің қай жерім жаман!” дейді. Піріміз: “Астапыралла! Астапыралла!” деп одан әрі жүреді.
Желдің өтінде бір әжетхана тұр екен. Одан шыққан сасық иіс қолқаны қауып, тыныс алу мүмкін болмай кетеді. Піріміз шапанының жағасымен мұрнын тұмшалайды. Сонда әжетханаға тіл бітіп: “Ей, Әбу Язид. Менен жиіркеніп қалдың ба! Мен ұшып жүрген құс, жайылып жүрген мал, жайқалған жеміс, сабағы майысқан дән едім. Сен секілді пенделердің құлқынына кіріп, қарнынан осылай болып шықтым. Сен менен жиіркенсең өзің арқалап жүрген қарныңда тұрмын. Жарып таста онда!” дейді. Піріміз: “Астапыралла! Астапыралла!” деп одан әрі жүреді.
Кездескен қалың шеңгелге кіреді. Шеңгел бұтасының ұшындағы бір шөңгеге иттің қыл аралас қиы ілініп қалыпты. Піріміз шапанын ластап алмау үшін етегін түріп, секіріп өте бергенінде жаурынынан тиген қатты соққыдан етбетінен түседі. Қараса жарылардай боп ашуланған бір әйелді көреді. Әйел дереу қалтасынан жібек орамалын алып: “Он жыл іздеп, әзер тапқанымда сені бір оңбаған бүлдіріп тастай жаздады-ау” деп, қиды орамалына түйіп алады. Піріміз: “Астапыралла! Астапыралла!” деп, отырған жерінде ойға қалады. Сосын: “Мен – менмін деп жүрсем, біреулер үшін ит екеш иттің қиынан да кейін тұр екенмін ғой. Басқадан жаман нәрсе іздеп әуре болғанша ұстазға өзімді апарайын” деп ұстазының алдына қайта келеді. “Тақсыр бұл әлемнен өзімнен жаманды таппадым,” – дейді. Сонда Ұлы ұстаз: “Өмірдің мәнін енді түсіндің”, – деп батасын беріп, ишандыққа (иршод) рұқсат етеді.
Қазақтың Аяз би қиссасына прототип болған Әбу Язид Бистами (р.а.) піріміздің ұстазы, оған 16-ға толғанда бата берген суфизм силсиласы бойынша Хазіреті Әли (р.а.) бабамыздың Фатима (р.а.) анамыздан тарайтын немересі имам Жағыфар Сыддық (р.а.) еді. Оның ұстазы – Хазіреті Оспанды (р.а.) өлтіруге қатысушы, “Түйелер соғысынан” кейін Хазіреті Айша (р.а.) анамызды алып Мединеге келген, Суфада біржолата қалып қойған, Хазіреті Әбу Бәкір ас-Сыддықтың (р.а.) туған, Хазіреті Әлидің (р.а.) өгей баласы Мұхаммед ибн Әбу Бәкір ас-Сыддықтың ұлы Қасым ибн Мұхамед болатын. Имам Жағыфар Сыддық осы кісінің әрі шәкірті, әрі күйеу баласы болған. Бұл жерде жоғарыдағы келтірілген дәлелдерден көрініп тұрғанындай ешқандай увайсиялық тізбек жоқ. Бәрі бірінің алдында бірі тізе бүгіп жүрелеп отырып ілім алғандар. Хазіреті Әбу Бәкір ас-Сыддық (р.а.) 574 жылы туып, 634 жылы өмірден өткен. Хазіреті Оспан (р.а.) 656 жылы өлтіріледі. “Түйелер соғысы” 656–657 жылдардағы оқиға. Демек, Мұхаммед ибн Әбу Бәкір 630 жыл шамасында туған. Оның ұлы Қасым 660 жылы тууы мүмкін. Имам Жағыфар Сыддық (р.а.) осы кісінің күйеу баласы. Оның туған уақыты шамамен 680–690 жылдар болады. Әбу Язид (р.а.) піріміз бұл кісінің (оның өмірден қарілікке жетпей өткенін дәлелдейтін деректер аз емес, дегенмен) қартайғандағы шәкірті дегеннің өзінде ең берісі 740 жылдар шамасында туған. Бұл есептеулер “Нұр әл-Улумды” зертеушілерге қарағанда Әбу Язид (р.а.) піріміз бен Абд әл-Хасан (р.а.) бабамызды кездестіретін “Мың бір түн” хикаялары шындыққа неғұрлым жақын екенін көрсетеді.
Зерттеушілерді шатастыратын тағы бір жағдай, біз айтып отырған Абд әл-Хасан, Шаһ Мансур, Мұса, Әли бабаларымыздың бәрі де әулиелер (Аллаһтың досы) қатарында болып, мойындалған кісілер. Олардың төртеуіне де тайпа-тайпа елдер келіп, баят етіп Исламды қабылдаған. “Аллаһтың досы” деп тірісінде-ақ құрмет көрсетілген. Бәрі де Таразда туып, билік құрып, осында өмірден өткен Қарахандықтар болған. Бірақ Тараздағы Әулие ата Махрам Әли хан бабамыз болуы мүмкін емес. Біріншіден, оның есімі Хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.) бабамыздан басталатын силсилада жоқ. Екіншіден, Тараздың Әулие ата атануы Әбд ал-Хасан Қарахани бабамыздың күллі исі түркі әулиелерінің атасы болуына байланысты. Тіпті бұл туралы Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қалған хадис түрінде айтылатын қағидат та бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Менің үмметімнен шыққан Аллаһ достарының (әулие) дәрежесі Исрайыл (с.ғ.) әулетінен шыққан пайғамбарлармен тең болады”, – деп айтады.
Бұдан әрі Махрам Әли ханның ұлы – Ядгар хан.
Басқа шежірелерде – Жұхра хан, Жуграх хан, ал Ж.Дәдебаевта – Абдол Фаттах, лақабы – Мансур хан.
Оның ұлы бізде де, Тәліп ишанда да Насыролла хан. Басқа екі деректе – Исмайыл хан. Ал, Ж.Дәдебаевта Арыстан ханға дейін сәйкестік жоқ. Насыролла ханның ұлы Исмайыл хан, басқаларда – Ілияс хан.
Исмайыл ханның ұлы Ілияс Тамғаш хан, Махмуд ишанда Сайд Хасан хан және Сайд Хусейін хан, басқаларында – Ахмад хан. Ата-бабамыздың баян етуінше бұл бабамыз қара құрымдай қаптаған қытай атауылының бәрін бас идіріпті. Тамғаш хан деген титулы соны, қытайларды билегенін көрсетеді екен. Осы кісіге дейінгі ата-бабаларымыздың барлығының да мекені, Туын тіккен жері Тараз болған. Бірақ біз бұларды әулиелер деп емес, Ұлы Хақандар, ел билеушілер, ғазылар деп білеміз.
Біздің нұсқада Ілияс ханның екі ұлы болады: Сайд Хасан хан және Сайд Хусейін хан. Бұл Махмуд ишан Шежіресінде – Ишан Истиджод хан, басқаларында Санжар хан, Арыстан хан болып келеді.
Ілияс Тамғаш хан бабамыз өлген соң билік тұқымның басқа тармағына өтеді. Бұл бүгінгі тарихи деректерде жиі айтылатын, билікте Шараф ад-Даула – Сүлейман шахтың тарих сахнасына шығар сәтіне сай келеді. Бір кісі маған: “Қарахандық қожалардың Шежіресін оқысам, қып-қызыл қан ғой!” деп еді. Бұл – сол заман. Қарахан әулеті билікке таласып қырық пышақ болып, бірін-бірі қырып жатқан кезең. Амалы біткен Шараф ад-Даула әрқайсысы көкжал қасқырдай тақтың айналасында тарпа бас салуға дайын тұрған туыстарын тыныштандыру, олардан құтылу үшін осы тұста 92 тайпалы мемлекетті өз бектікке (дербес бектік, автономия) бөліп, әрқайсысына әулеттің бір-бір өкілін ишан (Ұлы хан атынан билеуші) етеді. Осы бөлісте біздің бабамыз Сайд Хусейінге Отырар алқабы тиеді. Екі ағайынды бөлініп, Сайд Хасаннан ішінен кейіннен өздерін Фатимидтерге теліп жүргендері де бар басқа әулеттер тарайды.
Оған себеп, Сайд Хасанға тиісті бектікті Қарақытайлар қаптағанда ақырзаман басып, ту-талапай етеді. Бұл қырғыннан аман қалғандары некен-саяқ. Қарақытайлар қаптағанда өзен болып ағып, көл болып жиналған қаннан кейін бұл әулеттің билікке деген құлшыныстары да біржола жоғалады. Бұл біздің Шежіреде бір ата ұрпағының жол айрығы ретінде ғана айтылады. Ілияс ханның қос бірдей ұлының Шежіреде қатар аталуын да олардан екі әулет таралатынынан деп түсіндіріледі.
Осы заманда 92 бектікке жеке-жеке ие болған Қарахандық билеушілердің арасында “сырты – бүтін, іші – түтін” дейтіндей бақталастық өрши түседі. Әрқайсысы өз бектіктерін нығайту, сол арқылы Ұлы хан дәрежесіне көтерілу үшін жанталасады. Сайд Хусейін бабамыз да осындай әрекеттердің соңында өмірден өтеді.
Отырардың гүлденуі Сайд Хусейіннің ұлы Муса ханның кезінде басталады. Басқа шежірелерде бұл кісінің орнына – Хасан хан, Ядак хан деген кісілердің аттары жазылады. Махмуд ишан Шежіресінде бұл кісіні бір ұрпақ шегіндіріп, “Әзиз Мұса хан, лақабы – Қожа ата” десе, ендігі бір шежірелерде “Мұхаммед хан (Білге хан), Абду Халық хан” делінген. Бұл кісінің тұсында Отырардың ықпалында Ясы, Сауран, Өзгент, Созақ, Сығанақ сияқты қалалар болған. Бірақ ол дербестікке қол жеткізе алмайды. Оның есімі де ерекшеленіп аталмайды. Ал, Отырардың аты бұл кезде Фараб алқабымен шектесіп жатқан ең қиырдағы, көшпелі тайпалардың отырықшы мемлекеттермен шекаралық қаласы болуы арқылы ғана белгілі еді.
Отырар тарих сахнасына Қарақытайлар Қарахан әулетінің бас қаласы Таразды, Сайрамды басып алып, Қарахан әулетін тақтан түсіріп, Исламға қарсы жойқын соққы бергеннен кейін ғана шыға бастады. Ата-бабамыздан қалған аңыздарға қарағанда Қарақытайлар Тараздан Сайрамға дейінгі әр ағаштың басына бір-бір ишан мен пірлердің бастарын іліп, қақтап қойған екен. Олардың қолына Қарахандықтар әулеті түссе бесіктегі баласына дейін бауыздап, өлтіріп отырған. Бұл туралы барлық тарихта, тіпті қытайлар түсірген «Шыңғысхан» киносында да жан–жақты айтылады.
Мұсылмандарды мың-мыңдап қайта пұтқа табындырып, сәлделерімен боқ тазартқан. Сол заманнан бізге жеткені: “Қарақытай қаптағанда ақырзаман болады” деген бір ауыз сөз ғана. Хазіреті Ысқақ бап салдырған Қараасманды суға алдырған. Олардан қашқан мұсылмандар мен Қарахан әулетінің қалдықтары топ-тобымен Отырарға келіп бой тасалайды. Көкіректерін ашу-ыза мен кек кернеген қашқындар есебінен Отырардың халқы да, әскері де еселене түседі.
Бұл Мұса ханның ұлы – Арыстан ханның (Арыстан бап) заманы еді. Жалпы Мұса ханның бір ұл, бір қызы болған делінеді. Ұлы – Арыстан бап, қызы – Қарашаш ана. Мұса хан бабамыз қызын Ысқақ (р.а.) бап бабамыздың ұрпағы Ибрагим әзизге ұзатады. Олардан атағы күллі әлемге мәшһүр Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыз туады. Арыстан бап – Арыслан хан бабамыз туралы ақын Әбдіраш Жәмішев өзі құрастырған Қожа Ахмет Ясауидің хикметтер жинағының кіріспесі мен қорытынды сөзінде ойға оралымды, көкейге қонымды етіп жазған. Мен бұдан аталарымыздан естіген аңыздың толық болмаса да кітап бетіндегі нұсқасын тұңғыш рет көрдім.
Біз жоғарыда Қарақытайлардың қырғынын айттық. Көз жастары қан болып аққан бауырларының көрген азабына қабырғалары қайысқан отырарлықтар Арыстан бап бабамыздан жорыққа шығуды талап етеді. Оған туыстас Селжұқтар сұлтаны Санжар хан да қосылды. Селжұқтар мен отырарлықтардың біріккен әскері Таразға жорық ашып, Қарақытайлардың күл-талқанын шығарады. Бірақ бұл жеңіс олар үшін баянды болған жоқ, уақытша ғана жетістік еді. Осы жорықтан оралған соң Санжар сұлтан мен Арыстан хан Ясы қаласының іргесіндегі жазықта жеңіс құрметіне ұлан-асыр той береді. Осы тойда Қожа Ахмет Ясауи (нағашы) бабасын іздеп келіп, бабасы оны 40 балаға бас етіп, 50 мың алтын ақшамен Самарқандтағы Қожа Юсуб Хамаданиге оқуға жібереді. Арыстан баптың бұдан басқа жорықтары туралы мәлімет бізде жоқ. Біздің білетініміз Қарақытайлар соққысынан шаңырағы шайқалып, 92-ге бөлініп тоз-тозы шыққан Қарахан мемлекетін кім ерінбесе сол жаулап алған заман басталады. Мұндай тегін несібеден Үргеніш (Хорезм) патшасы да құр қалмауға тырысты. Ол 40 молдаға Арыстан бапты дінсіз, Тасаввуфты (сопылық ілімін) Ислам емес деген пәтуа жасатып, Ұлы бабамыз ұйқтап жатқанда 40 жерінен пышақ ұрғызып өлтіртеді. Қалада алдын-ала келіп жасырынып жатқан Үргеніш ханының жансыздары бүлік шығарады. Арыстан баптың туыстары Сарайды жаулап алған бүлікшілерден қорқып бабамыздың жаназасын жасырын шығарып, Сарай дуалының ортасына түн қатып жерлейді. Өздері бір сәт те аялдамай қаладан қашып шығады. Бұл туралы Қожа Ахмет Ясауидің “Арыстан бабама” деген хикметінде кеңірек айтылып, Қорқыт баба қобызымен зарланған.
Шежіре мен тарихты біріктіретін бұдан басқа да деректер көп-ақ. Біздің Ислам тарихшысы М.Бұлытай да бұл заманды бір адамның зобалаңы ретінде атап өтіп, “Жамиғ ат-Таурихқа” (І том, 2-ші кітабы) сілтеме жасап, Қарақытайлар Лиау патшалығы кезінде “іслам діні бойынша киінген адамдарды шөл далаға қуғындады”, бұл аймақта “кәпірлер іслам дініндегілерге қаратқан зорлық-зомбылық әрекетін әшкерелеуді (жария) күшейте түсті” деп жазады. Бұл шындығында бер жағы, осыдан көп ұзамай-ақ Кучлук хан Сұлтан Мұхаммед Хорезмшахпен одақтасып, Қарақытай билеушісі Гурханнан билікті тартып алған соң бұдан да масқарасын жасайды. Ол өзі жеңіп алған жерлерде М.Х.Дулатидың “Тарих-и жаһангушайдан” алып баяндауынша: “Мұхаммед дінінен шығуды бұйырды. Не христиан, не пұтқа табынушылықты – екеуінің бірін қабылдасын немесе нәсари (христиан) қытай киімін кисін деді” дейді. Осы баяндауда Кучлуктің Хотанда аса даңқты имам Ала-ад-дин Мұхаммед әл-Хотаниды өз медресесінің есігіне дарға асқанын келтіріп: “Осыдан соң мұсылмандық жұмыстар күрт тоқтап, бірден жойылды” деп (319-б), зұлымдық пен бұзақылыққа жол ашылғанын айтады. Ұлы имамға кітабының тұтас тарауын арнайды (мұсылмандарды мұндай азаптан құтқару үшін Алла Шыңғысханды жіберді. Мұсылмандар үшін азаттық таңы қайта атты, Ислам нұры қайта шуақ шашты). Тарихи деректерде Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы Қожа Юсуб Хамаданидің 1140 жылдары өмірден өткенін баяндайды. З.Жандарбеков оның шәкірті “Қожа Ахмет Ясауиді 1200 жылдары” қайтыс болған деп шамалайды. Бұған З.Жандарбеков келтірген Ясауидің шәкірті Мұхаммед Данышманд Зернукидің Зернук қаласын Шыңғысхан әскерінен соғыссыз алып қалғаны туралы дәлел келтіреді. Ал, “Қожа Ахмет Ясауиді 120 жыл өмір сүрді” дейді. Онысы енді ақылға сыймайды. Біз үшін қазіргі мәселе онда емес, Арыстан баптың тұлғасы мен тарихтағы орнында жатыр.
Тарихи деректерде Арыстан хан мен Селжұқ Санжар ханның біз айтып өткендей, 1110 жыл шамасында бірігіп, Таразға Қарақытайларға қарсы жорық жасағаны айтылады. Бұл оның билікке енді келген кезі болса керек. Оның осы кезде жасы мықтағанда 30-дың төңірегінде болуы мүмкін. Шындығында Ясауидің емес, Арыстан баптың туған жылы 1080 жылдар шамасы. Біздің қолданыстағы ресми тарихта осы оқиғалар ескерілмей, Арыстан бапты Балхыда опат болған онымен аттас Арыстан ханмен шатастыру арқылы “1130 жылы ауыр науқастан қайтыс болды” деп жазып жүр. Соны негіз етіп, “Қазақ ССР тарихының” ІІ томының 22-бетінде “ХІІ ғасырдың бірінші жартысында Қарахан мемлекеті іс жүзінде тарихи сахнадан шықты” деп қорытынды жасайды. Шындыққа келмейді.
Өйткені, Отырарда одан кейін де, 1165–1177 жылдары Арыстан бап – Білге хан атынан шақалар соғылған*. Қарахандықтар ықпалы Түркістаннан арғы Сауран, Зернұх, Сығанақ сияқты қалаларда сақталып тұр. Қожа Ахмет Ясауи өмірден өткен соң оның ханакасын Қарахандықтар әулеті үстінен көтеріп, қайта кеңейткені де тарихта дәлелденген оқиға. Бүгінгі күмбезді Әмір Темір соның үстінен кигізіп жасатқан.
Арыстан хан бабамыз барлық суфилер сияқты парыз сүннет амалдарына аса берік болған. Ол өзінің әр ісін шариғатқа салып, Пайғамбар (с.ғ.с.) бабамыздың сүннетімен таразылап отырған. Сыйға алған, есігінің алдындағы қара күңіне некелесіп, қосылған. Оның артында 40 баласы қалған десе, солардың бірі осы қара күңінен туған Зәңгі баба.
Ал тағы бір ұрпағы – біздің тамырымыздың бастауы – Барат хан.
*Шақа–мыс теңгелер
Барат ханның хандық дәрежесі қандай болған? Қай жерді мекендеген? Бұл жағы бізге беймәлім. Махмуд ишан Шежіресінде де, басқа шежірелерде оған қатысты деректер ашықтан-ашық бұрмаланған.
Біздің нұсқа бойынша Барат ханның ұлы Қара хан деген бабамыз болады. Ол Хореезм шахтан Отырарды қайтаруға түрлі әрекеттер жасайды. Өздігінен амалы жетпеген соң Шыңғысханға барып қосылады. Шыңғысханның үлкен ұлы Жошы ханмен достасып, Исламға кіруіне ықпал жасайды. Солардың көмегімен Отырарды азат етеді. Шыңғысхан өз әмірімен оны Отырар алқабына Мәлік шах етіп тағайындайды.
Қытайдың “Шыңғыс хан” деп аталатын көп бөлімді телефильмінде Жошы ханды Бұхарада төсек үстінде қайтыс болды деп көрсетеді. Оны Меркіттен туған деп Шағатаймен шатастырып қояды. Біздің шежіреде оның бәрі жалған, Шыңғыс хан жазмыштан жіберілген Иллаһи тұлға. Ар мен ожданның адамы. Ол дініне, тіліне қарамай барша көшпелі халықтарды бір Орданың астына біріктіре білді. Мен осыған орай бірқатар қарапайым сұрақтар қойып, бірде-бір тарихшыдан оңды жауап ала алмай келемін. Мысалы:
Этнограф Ә.Диваев өз зерттеулерінде Шыңғысхан шыққан Қият тайпасын да, Қоңырат тайпасын да 92 бауылы өзбектің бір-бір бектігі ретінде көрсетеді. Ендеше неге оларды “көк қандылар, ақсүйек” дейді?
Олардың бабасын Алтын хан деп неге атаған? Қытай Боғдыханы не үшін оны ағаш атқа шегелеп өлтіреді?
Қоңыраттар Исламды ерте қабылдаған түркі тайпасы. Олар неге өздері мұсылман бола тұрып Қияттар түркілік болмаса олармен құда-құдандалы болған?
Шыңғысхан мұңғұл болса үйленгеннен кейін түркілік әйелімен қай тілде түсініскен?
Хазіреті Әли (р.а.) ұрпағының бір тармағы Қарахандық қожаларды індетіп жүріп биліктен кетірген, қырып-жойған Ақсақ Темірге өз тегін Шыңғысханға қосып, бұдан әрі Хазіреті Әлиге (р.а.) апарып тіркеудің не қажеттілігі болды?
Ғылым мен ресми тарих жауап бермейтін осы сұрақтардың бәріне Қазақ даласын аралап, аңыз-әпсаналарын тыңдаған кез-келген адам жауап табар еді. Жошы ханның Қарахандықтар үлгісімен салынған мазары Сарыарқаның төрінде күні бүгінге дейін қасқайып тұр.
Жошы ханға шығарылған жоқтау – “Ақсақ құланды” қазақ күйшілері бүгінгі күні де зарлата тартып келеді.
Осы жерде Қарахандықтар үлгісімен салынған “Алаша хан” атты тағы бір мазарат бар. Қаншама ғалым, қаншама білгіш зерттесе де оның иесін бірде-бірі Шыңғысхан әулетінене жақындастыра алмай дал болып келеді. Ол кімдікі, неге Қарахандықтар үлгісімен салынған? Атының тегі “Аланча”, яғни жиһангер, жеңімпаз, алушы деген сөзден шыққан Алаша хан мазарын Жошымен дос болған кейінгі Қарахан бабамыз емес па? Әлбетте оны бір Алла біледі.
Менің білетінім “Алаш” деген сөз еденге төселетін, қабырғаға ілінетін алаша бұйымынан емес, керісінше, қазақ рухын білдіретін “Алаш” деген сөзден шыққан. Алаша өрнегіне зер салып қараған кез-келген адам одан басы Тараз, Атуштағы Қарахан бабалар мазарынан басталытын Қарахандық безендіру үлгісін көреді. Бұлардың барлығы да парасаттап, пайымдап қараған адамға бізге жеткен Шежіренің шындығын ғана көрсетеді.
Махмуд ишан Шежіресінде мұның бәрі көмескіленіп кеткен. Ондағы – Хусейін хан, басқаларда Абдал Халық хан (Білге хан), Ахмад хан болып жалғасады.
Біздің Шежіреде бұл Қара ханның ұлы Абд әл-Жалил хан деп аталса, Махмуд ишанда – Хамид хан, өзге шежерелерде – Көк бөрі хан, Ақ Арыстан хан.
Бұдан әрі Абд әл-Жалил ханның ұлы – Баба хан.
Байқап отырғандар үшін шежірелер арасындағы жеті атаға дейінгі нағыз алшақтық Арыстан баптан кейін басталады.
Өзге шежірелердің бірде-бірінде Барат ханның, оның ұлы Қара ханның, оның ұлы Абд әл-Жалил ханның, оның ұлы Баба ханның, оның ұлы Қара ханның (лақабы – Оғыз хан), оның араб (қожа) әйелінен туған ұлдары Күн ханның, Ай ханның, Жұлдыз ханның және ажам (түркі) әйелінен туған Көк ханның, Тәңір ханның, Тоқ ханның, Айханның ұлы Халдар ханның аттары тіпті де айтылмайды.
Баба ханның ұлы Қара ханның (Оғызхан) орнына 1– Махмуд ишанда Көк Бөрі хан, 2 – Обид Суфиханда Білге хан, 3 – үшінші нұсқада Сайд хан деп жазылады. Біздің Шежіреде Қараханнан Айхан болса, басқаларында 1 – Хусейін хан, 2 – Көк Бурут хан, 3 – Шаһ Һидоят Панох карамат, Садыр-ад-дин хан Баба Туклас Шашти Әзиз болып жалғасады.
Біздің Шежіреде Айханнан – Халдар хан болса, басқаларында 1 – Рашид хан, 2 – Хасан хан, 3 – Махмуд хан.
Махмуд ишан Шежіресінде: “Шаһ Һидоят ханның лақап аты Хазіреті Шейх Садр-ад-дин баба еді” (Баба Туклас Шашти Әзиз) деп оған мынадай мадақ айтылады: “Ол – Достың (Алланың) досы, үмматтың нұры, Хақ жолына халықты бастаушы мүршид, діннің, ұлыстың, ақиқаттың жұлдызы, құтыбтардың құтыбы еді”. Тарихта болмаған адамға мұндай мадақ айтылмаса керек!
Егер шынымен ондай адам өткен болса ол кім, қайда жатыр, қандай деректер қалған? Бұл сұрақтардың бәрі аталған шежіреде жауапсыз қалған. Керісінше қазақтың “Болат–Жанат” дастаны мен “Саудагер ишан” хикаясында біздің Шежіредегі Халдар ханның аты сақталған. Мысалы “Болат–Жанат”* дастанынада:
Бір падиша бар еді,
Ақылы диқан, дана еді.
Жас өспірім бала еді,
Өзінің аты Халдар хан,
Әкесі Жұлдыз хан еді, –
делінеді. Оқиға бүгінгі Созақ жерінде өтіп жатады. Қала аттары, табиғаты дәл сақталған. Барлық оқиғаларға қарағанда бұл кісі Шаһ Һидоят хан Баба Туклас Шашты Әзиз Садр-ад-дин шейхқа келіп тұр…
Халадар ханнан Махмуд хан болса, басқаларында 1 – Шаһ Хидоят хан (лақабы – Садр-ад-дин баба) 2 – Рашид хан, 3 – Садыр хан.
Махмуд ханнан Ибрагим хан, басқаларында 1 – Махмуд хан, 2 – Шаһ Хидоят хан, 3 – Абдуллах хан. Бұдан әрі Махмуд ишан мен біздегі нұсқада айырмашылық жоқ. Қалған үш шежіреде де Шаһ Һидоят ханның лақап аты Садр-ад-дин баба (Шаһ Хидоят, Шаһ Һидоят Панох карамат) ханның, Көк бөрі (Көк Бурат, Көк Барат) ханның аттары әртүрлы диалектіде қайталанады. Тек реттері, орындары сақталмаған. Екі шежіреде
*Бабалар сөзі, 6–том, 30–бет Астана -2004. де Шаһ Һидоят ханның әкесі Рашид хан. Үш шежіреде де Шаһ Һидоят хан Махмуд ханның әкесі ретінде көрсетіледі.
Екі шежіре де Махмуд ханнан:
Ибрагим хан;
одан – Шайиф хан;
одан – Яхия хан;
одан – Исмайыл хан;
одан – Ысхақ хан;
одан – Баба хан;
одан – Юсуб хан;
одан – Салых хан;
одан – Шайим хан;
одан – Молла Ибрахим азиз;
одан – Қара ишан;
одан – Ханқожа азиз;
одан – Қарақожа азиз;
одан – Әзиз Абзалхан ишан;
одан – Әулие Қарахан әзиз;
одан – 1) Аралхан; 2) Мұсахан (Бурахан) және 3) Төрехан.
1) Аралханнан – Махмуд ишан;
одан – Әбдікәрім ишан;
одан – Сыздыққожа, Сәйидқожа ишан, Исанқожа, Пердебай қожа (одан – Уәли (Өзбекстанда тұрады).
Сыздыққожадан – Зәйін қожа;
одан – Әбілқасым (одан – Айбек, одан Абылай), Жолдас (одан Жәнібек, Әділбек. Жәнібектен–Бекет, Бекзат), Бекбай, Қазыбек (одан Азамат), Мәдіхан (одан Медет).
2) Мұсаханнан – Мағруфхан;
одан – Әшілді құндыз;
одан – Омархан ишан (бұл кісінің бір туған бауырларынан Нияз, Намаз деген кісілер бар (Өзбекстанда тұрады);
одан – Өтепхан, Мүсірепхан.
Өтепханнан – Айдархан (одан Алмас) (одан Құлмұхамед), Нұрлан, Абзал, Қанат. Шайзатхан (одан Рашид), (одан Қадыр Қарахан), Жандос, Шыңғысхан, Жұмахан (Мұрат, Абдолла, Мақсат), Сұлтанхан (одан Нұрсұлтан, Нұрдәулет, Нұрмұхамедәлі), Сайд Батталғазы (Айдос, Нұрхан), Сайпырхан (одан – Ғафур). Мүсірепханнан – Ағзам (одан Нұрмұхамед, Асыл, Тимур, Болат)
3) Төреханнан – Тайыр Халпе;
одан – Есібек (ұрпақ жоқ), Орал (одан – Абдолла (Сары ишан, одан – Жалал-ад-дин, одан – Әбд ар-Рахман, Әбд ас-Салам, Үсенхан (бәрі де Өзбекстанда тұрады) және Әбдімомын;
Әбдімомыннан – Әбдіқайым;
одан – Хамидолла (одан – Арыпхан, Бахтияр), Мақсұт (одан – Жомарт, одан – Фархад), Орынбайқожа (одан – Шыңғыс, Мұхамбетқали, Нұрқожа, Бахр-ад-дин), Әбдікәрім (куньясы – Икрам-ад-дин, одан – Әбд әл-Хасан).
Осылайша, бүгінгі күнге жетеді.
Соңғы Әулие Қараханның үш ұлының ұрпақтарының бір бөлігі – Самарқандта, бір бөлігі Шиеліде тұрады. Осы кітапта мен жақын туыстарым қатарында аттарын атаған және ылғи да ауыздан тастамай айтып жүретін Сайпырхан ишан, Мәмбет ишан, Омархан ишан, Сейіт ишан, сондай-ақ Өтепхан, Мүсірепхан және Зәйін ағаларымыз осы үш атадан тарайтын әулеті болып табылады.
Қалған екі Шежіреде Махмуд ханнан Садыр хан мен Сабыр ханның аттары аталып, бұдан әрі екеуінен де бірдей Абдуллах хан, одан – Халил хан, одан – Хасан хан, одан – Баба хан, одан – Абдоллах (Ғайбдулла) хан, одан Абд әл-Малик хан болып жалғасыды. Бұдан әрі тағы да екі тармаққа бөлініп кетеді (бұл деректердің біз білмейтін басқа да аталастарымыз үшін жазылғанын қаперге алған жөн).
Мен өз Шежіремізді тағы бір сұрыптап, тексеріп алу үшін Әулие Қарахан мешітіндегі Тәліп ишанға Шежірені қайта ақтарттым. Ол бұл жолы өткендегідей орама шежірелерді емес, өзінің солардан жазып алған көшірмелерін әкеліпті. Қарахандықтар Шежіресін қайта оқытып, бейне-таспаға жазып алдық. Бұл жолы ол Ханқожа әзиз бабамыздың бауырлары мен екінші ұлы Аққожа ишаннан тарайтын ұрпағының Шежіресін айтып кетті. Бәрі сол қалпында қайталанып отырды. Тағы да Қара хан (Оғыз хан) оқиғасы айтылды. Өзі өкілі болып табылатын Бақшайыс қожаларын әкеліп Абд ар-Рахим бап әулетіне тіркеді (толығырақ кейін тоқталамыз). Тәліп ишанның жазбаларын Бақшайыс қожалар әулетін зерттеп жүрген Сейіт Омар ағамызға бердім.
Бұрын аңыздарға, қолда бар деректерге, Шежіреге арқа сүйеп Қарахан әулетін зерттеуде жалғыз шауып жүрсем, енді соның бәрін қайта қарауға мәжбүр болдым.
Әбдікәрім Әбдімомынов, «Қарахан әулеті» кітабынан алынды
автордың байланыс номері: 87777291459