Насаб-нама

Құлболды ишанның шежіресі

…Фазыл ишанның екінші баласы Әбдіхалық ишан ғылымды игеріп, оны халыққа үйреткеннің сауабы мол екенін медреседе оқып жүргенде-ақ түсінген. Тумысынан зерек болып өскен ол Ислам дінін ұстануға жас  кезінен бастап ден қояды. Қырық жастан асқанда Мекеге барып, қажылық парызын өтеп, одан соң Мәдина қаласына ат басын бұрып қайтып келе жатқан жолында Қара теңізде кеменің үстінде қайтыс болады. Кеме басшысы марқұмның жаназасын шығартып мүрдесін теңізге тастатады. Қара теңізге тасталған кебінделген мүрде кеме ізіндегі судың толқынымен ілесіп жүзіп, соңынан қалмай қояды. Бұны көрген қажылыққа бірге барған сапарластары кеме басшысына барып: «мына марқұм болған кісі тегін адам емес болса керек, Тәңірден берілген қасиеті бар кісі-ау, сірә. Мәйіті кеменің соңынан жүзіп, қалмай қойды, не де болса судан шығарып алып, жағаға апарып жерлейік, бұлай істемесек кемеге зиян келіп, біз жағаға жете алмаспыз» дегенді айтып, оны көндіреді.

Тәңірдің жазуымен марқұм болған Әбдіхалық ишанға Қара теңіздің жағасынан топырақ бұйырады, сапарластары оны жер қойнына беріп, басына белгі орнатады. Онымен қажылық сапарда бірге болғандардың бірі елге келген соң Құлболды ишанның шаңырағына іздеп келіп, болған оқиғаны баян етіп, оның қазасы жайлы естіртеді. Әлгі кісі Әбдіхалық ишанның Қара теңіздің жағасынан мәңгілік жай тапқанын, Мәдинадан елге тәбәрік етіп алып келе жатқан біраз заттары болғанын, оның ішінде төртінші халиф Әзіреті Әлиден тараған ұрпақтардың шежіресі бар екендігін де айтады. Ол заттардың өзі жерленген елде қалғанын жеткізеді.

Құлболды ишанның әулеті елді жинап, ас беріп, Әбдіхалық қажыға құран шығартады. Қаралы шаңыраққа көңілқос білдіруге келушілердің аяғы саябырсыған күндердің бірінде Тоғжан анамыз Жәмила келініне:

– Қарағым, Жәмила, сен барып Сейітқазы мен Сейітнесіпті шақырып келе қойшы, – деді. Бұйыра сөйлеп, шорт кесіп отыратын Тоғжан бұрынғыдай емес, бұл жолы жұмсарып қалыпты. Үні де бәсең шықты.

Қырықтың қырқасына асылған Әбдіхалықтың қазасы бүкіл бір әулетке басшы болып отырған Тоғжанның жанына батқан секілді. Өзі де алғыр, ілім-білімді терең меңгерген жалындап тұрған жас еді. Артында шаңырағына еге болар ұл бала да қалған жоқ. Әйелі қыпшақ Пақыраддиннің Орынкүл деген қызы еді екі құрсақ көтерді. Тұлымшағы желбіреген қос қыз туған-ды, оның біреуі бала күнінде шетінеп кетті. Үлкені Тапал ахунның баласына ұзатылған, одан туған екі бала да жас күндерінде қайтыс болды. Жетілмей жатып жиендері де жер қойнынан жай тапты. Орынкүл де қырыққа жетпей о дү- ниелік болды. Қайран балам, Әбдіхалықжан-ай, өмірің қысқа болып, өркенің жайылмай қалды-ау, қарағым-ай!» деп, «аһ»    ұрады Тоғжан ана…

Құлболды әулетінің тауығының тырнағы қисайғаны жанына батып тұратын Тоғжан мына төтеннен болған қазадан біраз қайғы жұтып қалды. Бірақ күйзелгенін, күйінгенін сыртқа білдірмейді, бәрі ішінде. Биік таудың шыңына ұя салған ұябасардай, осы әулеттің баршасын қанатымен қымтай көмкеріп, бауырына басып келеді. Ешқайсысын бөле-жармайды. Бәрін де іштей жақсы көріп тұрады, онысын сыртқа білдіре бермейді. Өз қанасынан шыққан жалғызы Абзалға да жүрегі елжіреп тұрса да, еміреніп айналып-толғанғанын жұртқа көрсетпеді. Сырт көзге сұсты болғанымен, осындай әулеттің басына түскен ауыртпалыққа тысқа білдірмей құмыға күңіреніп, жүрегімен жылап отырады. Әбдіхалықтың мұсылмандық парызын өтеу жолында қазаға ұшырағанын естігелі бері талай күн түнімен ой кешіп, дұрыс ұйқы көрмеді. Бес уақыт намаздан соң Әбдіхалықтың аруағына бағыштап құран аяттарын оқыды. Бір уыс топырақ елден бұйырмай, сүйегі жат жерде қалған Әбдіхалық ойынан әсте бір шықпай-ақ қойды. Сүйегі қалған жердегі жат жұрттың адамдары оның кім екенін қайдан білсін. Көрмеген-білмеген адамның басына барып ол жерде кім дүға оқи қояр дейсің. Ертең біз дүниеден көшкен соң оған арнап бұнда дұға бағыштайтын ұрпағы да қалмады артында. Қазір елден апарып бейітіне кім бір уыс топырақ салып қайтады? Бұны атқаратын қандай адам бар? Кім бару керек?…

Тоғжанның Үсейіннің ұлдары Сейітқазы мен Сейітнесіпті шақыр дегендегісі – осы түйткілді тарқатпақшы еді. Екеуін Әбдіхалықтың жерленген бейітіне жіберіп, мұндағы ата-бабасының жатқан жерінен бір уыс топырақты апарып қабірінің бетіне септіруге тоқталған-ды. Бұл – бүгінгі түнді ұйқысыз өткізіп, таң алдында жасаған байламытұғын. Сордан соң барып, таң бозынан күн көтерілгенге шейін ғана аздап көз шырымын алған еді.

Сейітқазы мен Сейітнесіптің есік алдына келіп тұрғанын Жәмилә айтып еді.

  • Кірсін, – деді, құс мамықтың үстінде таспих тартып отырған Тоғжан.
  • Ассалаумағалейкум, – деп, екеуі оң қолдарын жүрек тұсына қойып, еңкейіп есіктен кірді. Бұлардың бұлайша сәлемдесуінің мәнісі – үлкен шаңырақпен және Тоғжан анамызбен сәлемдесу салты еді.
  • Бар болыңдар, үй-ормандарың аман-есен бе? Келіп мында жайғасыңдар, – деп, оң жағындағы жаюлы құрақ көрпешені меңзеді.
  • Шүкір, Аллаға – десті, көрпешеге жүгіне отырып жатқан екеуі.
  • Әбдіхалық көкелеріңнің білімі де білігі де басқалардан асық еді, қарағымның өмірі қысқа болды, бұл жаныма бір батса, оған топырақтың жат жерден бұйырағаны екі батады, – деп тоқтады Тоғжан. Жанарына лып етіп келіп қалған көз жасын қатарында отырған екеуіне байқатпай.
  • Жаратқанның жазуы солай болды ғой, ана, – оған басқадай бір әддміз бар ма? – деді, Сейітқазы, даусы дірілдей.
  • Қолдан келер қайран бар ма, бұл іске? – деп, Сейітнесіп қою қасын түзегендей болып, жанарына келіп қалған жасты саусағымен жасқап өтті.
  • Иә, Тәңірдің ісін түзету қолдан келмес, адамның қолынан келетін істі қолға алайық ендеше, – деп, Тоғжан оң жағында жүгініп отырған Сейітқазы мен Сейітнесіпке бұрылды.

Үшеуара әңгіменің сүреңінен көңілдері бұрқан болып, еңсесі түсіп отырған екеуі енді барып бастарын жоғары көтерді.

  • Ол қандай тірлік еді, ана? – деп, Сейітқазы екі қолын тізесінің үстіне қойған күйі бойын тіктеді.

Тоғжанның әңгіменің түйінін айтарда кеудесін көтеріп, ақ кимешектің алдыңғы тұсын жая түзетіп қоятын әдеті бар еді, сонысынан тағы да жаңылған жоқ. Бармағына тәспі ілген оң қолын екеуіне қарай созып:

  • Екеуің көкелеріңнің сүйегі жатқан жерге барып, бетіне топырақ салып, басына белгі орнатып келесіңдер. Сол елден мұсылмандарды жинап, ас беріп, құран шығартасыңдар. Мекке мен Мәдинадан алып келе жатқан қасиетті заттарын тауып алып келесіңдер, Құдай қалап қолдарыңа түссе, енді сол заттарды Әбдіхалықтан қалған көз деп сақтап жүрерміз. Төрт-бес күн беделінде сапарға дайын болыңдар, жол қаражатын әзірлеп береміз, Ишан атамның аруағы жар болсын – деп, сөзін түйіндеді.

Тоғжанның қайнысы Үсейіннің бұл екі ұлы ымқырулы, пысық жігіттер. Жиырманың жуан ортасында болса да жөн-жобаны түсінетін, алыс сапарларға шығып, жол жүруге әбден ысылған азаматтар.

Сейітқазы мен Сейітнесіптің алыс жолға шығатыны жайлы әулеттің адамдары лезде құлақтанды. Жолға қамдану басталды. Екі мініс ат әзірленіп, азық-түлік пен басқа да керек-жарақ артатын атан дайын болып, жолаушылар сапарға аттанды. Екеуіне Тоғжан: «аман барып, сау қайтыңдар, қарақтарым» деп батасын берді, қатын-бала көздеріне жас алып қала берді.

Сейітқазы мен Сейітнесіп екі айға жуық жол жүріп, Тоғжанның тапсырмасын аман-есен орындап қайтты.

Сапардан қайтқан ағалы-інілілер ешқайда бұрылмастан бірден «Үлкен үйге» келіп, бүкіл әулеттің жиылған үлкен-кішісінің ортасында төрде отырған Тоғажанға сәлем берді.

  • Ат-көлік аман жеттіңдер ме, арыстарым, – деп, көзінен жасы мөлтілдеп, екеуін кеудесіне басты. – Сендер  кешіккен сайын, қаупім көбейіп, қатты уайымдадым, шырақтарым. Аллаға шүкір, екеуіңді аман-есен көрдім. Әбдіхалықтың аруағын риза еттіңдер, сауапты істеріңнің қайырымы өздеріңе, ұрпақтарыңа тисін, қарақтарым, – деді, Тоғжан ана, әдепкідегі көмейіне өксік тығылып құмығып шыққан даусы енді жөнделіп.
  • Құдай сәтін беріп, айтқаныңыздың барлығы да орындалды, ана, – деп, Сейітқазы барғандағы істеген істерін түгел жіпке тізгендей етіп айтып берді де, түкті қоржынның бір жақ басының тізбесін ағытып жіберіп Мәдина қаласында жазылаған орама шежіре мен күміс мөрді алып Тоғжанның қолына берді.
  • Бисмиллаһир рахманир рахим, – деп, Тоғжан алдымен ораулы шежірені маңдайына үш рет басты да жазып жіберіп көрді, сосын бармақ басынан сәл үлкендеу мөрді бас бармағы мен сұқ саусағымен ұстап тұрып айналдырып көрді. Аса құнды қасиетті жәдігерлік заттардың Құлболды ишанның шаңырағына келгеніне Тоғжан ананың қуанғаны шырайланған айдай жүзінен анық байқалып тұрды. Құлашжарымнан асатын жібек шүберекке алтын жалатылған араб әріпімен қатарлап жазылған шежірені сол қолымен ұшынан жоғары көтеріп оң алақанымен төмен қарай аялай сипап өтті. Шежіре жазылған көгілдір жібек матаның сыртын жұп-жұқа мөлдір матамен қаптап қойса да, алтын әріптер көздің жауын алып жалтырап анық көрініп тұр. Ораманы бастан-аяқ біраз уақыт қарап шыққан соң Тоғжан:

Екі дүниенің сардары, пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа саллалаһу ғалейһи-с-салам өмірінің соңғы он   жылын Мәдинада өткізіп, бақилық болған соң осында жерленген. Қаланы арабтар Аль-Мәдина ан-Наби деп атапты.  Оның мағынасы – Пайғамбардың қаласы дегенді білдіреді екен. Мына менің қолымдағы құнды жәдігерлер сол асыл Пайғамбарымыз жерленген жерден келген қасиетті дүние. Бұны сонау Мәдина қаласында жаздырып алып келе жатып ардақты ұлымыз Әбдіхалық марқұм болды, оның иманы саламат болсын. Жарты жолда елге жете алмай, жат жерден мәңгілік жай тапқан ұлымыздың бейітіне Сейітқазы мен Сейітнесіп алыс жолда жандарын шүберекке түйіп барып топырақ салып, бауырларына құран бағыштап, ақырында оның аманатын елге алып келді. Аллам бұл арыстарымның өмір жастарын ұзақ қылсын, деп сәл сөз аялын жасады да Тоғжан ана:

  • Мә, Сағидаш, мыналарда не жазылғанын оқып берші, қарағым, – деп, сол жағында сәл төменде отырған Сағидаға ұсынды. Сағида Пазыл ишанның бәйбішесінен туған Әбибулланың қызы. Оны Құлболды ишан әулеті Әбу деп атап кеткен. Сағида араб тіліне өте жетік, әрі құран сүрелерінің көбісін жатқа оқитын, бес уақыт намаз оқып, жайнамазы жиылмайтын діндар еді. Тоғжан ұсынған орама мен мөрді қолына алып, даусын шығармай, сыбырлаңқы үнмен бір дұғаны оқып жіберіп, шежіреге бас жағынан бастап көз жіберді. Мәдинадан келген қасиетті заттың сырын ұққанша асық болып отырған әулеттің барлық адамдарының назары енді еріндері жәймен жыбырлап, іштей күбірлеп отырған Сағидаға ауды.

Шежірені бастан-аяқ оқып шыққан соң, Сағида:

Бұл Хазіреті Әлиден бастап бізге дейінгі жазылған шежіре екен. Шежіренің ең жоғарғы жағына Әлемді жаратушы Аллаға мадақ, одан төмен Мұхаммед саллаллаһу алейһи уә саллам Пайғамбарға салауат жазылыпты. Үшінші бөлігінің ең басына Хазіреті Әлидің (радиаллаһу анһ) есімі тұр. Одан соң екінші болып Мұхаммед-Ханафиядан тарайтын аталықтардың есімдері жазылып, отыз алтыншы етіп Мүршид Кәмил Мұхаммад Құлболды ишан, одан кейін Мәдірзада Шейхул Фазыл ишан деп жазылыпты. Ең соңында отыз сегізінші болып Абдулхалық деп көкеміздің есімі жазылыпты. Мына менің қолымдағы құнды дүниенің аяқ жағына «Шежірені жазған хаттат Махаммад Шукри ибн Хадж Али Әфенді Мәдина қаласының «Махмудия» медресесінде жазған, хижри, 1324 жыл, зульхиджа айы» деген жазу бар. Бұл яғни, біздің ұлы бабаларымыздың шежіресі екен, ана – деп, шежірені бастан-аяқ дауыстап оқып шықты да ораманы жинап, Тоғжанға ұсынды. Ол:

  • Қолыңдағы мөр кімдікі болды? – деп, сұраулы раймен Сағидаға қарады.
  • Бұл да Әбдіхалық көкеме тиесілі мүлік екен. Мөрдің табанына «Абд-ул-халқ ибн Фазыл, хиджраның 1324 жылы» деп ойып жазыпты.

«Үлкен үйдің» шаңырағына жиналған әулеттің адамдары бір-біріне қарап жымыңдасып қалды.

  • Бағанадан бері қолдарыңа ұстағанша ынтыға асығып отырғандарыңды байқадым, алыстан келген асыл дүниені сіздер де көріңіздер, – деп, Тоғжан шежіре мен мөрді оң жағындағыларға қарай берді. Отырғандар «бисмилла аррах- ман рахим» деп бірінен соң бірі қолдарына алып, маңдайла- рына басып, ораманы жазып, алақандарымен сипап, мөрді уыстарында ұстап көрді.
  • Бұл Мәдинадан келген құнды шежіре баршамызға құтты болсын, жарты жолда қалып қойған жәдігерді алып келген мына Сейітқазы мен Сейітнесіптің істері ерлік десе болады.

«Жар басындағы жантақты жанынан безген нар жейді» дегендей, қос арысым өздерінің нағыз нар жігіт екендігін танытты. Елден ел асып, жат жерде жол тауып, ойға алған мақсаттарын сәтімен орындап қайтты. Бар болыңдар нарларым, еңбек сендердікі, – деп, Тоғжан үй ішінде отырғандар көріп болған орама шежірені оң қолына алып:

  • Сейітқазы қарағым, сен екеуің болмасаңдар Мұсаның асасындай мына қасиетті дүние менің қолымда болмас еді. Бұның ендігі егесі сенсің балам, еге бол, – деп, қолына ұстатты.

Сол шежіре көп жылдар бойы Сейітқазының үйінде сақталды. Кейін Құлболды ишанның шаңырағына қайтарылды. Қазіргі күні Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында сақтаулы тұр.

 «Құлболды ишан» кітабынан үзінді,

143-149 беттер

Авторы ишанның бесінші ұрпағы

Қабдеш Шағырұлы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1906 жылы Құлболды ишанның немересі Әбдіхалық Фазылұлы

Мәдина қаласындағы «Махмудия» медресесінде жаздырған

Ш Е Ж І Р Е

 

 

  Жоғарғы бөлігінде:

–   Аллаға мадақ жазылған.

–   Мұхаммед с.а.у. пайғамбарға салауат жазылған.

Ортаңғы бөлігінде:

Хазіреті Али р.а. бастап Әбдіқалық Фазылұлына дейінгі шежіре жазылған.

1. Хазреті Али

2.   Мұхаммад –Ханафия

3.   Абдул Фаттах

4.   Абдул Жаббар

5.   Абдул Қаһхар

6.   Абдур Рахман

7.   Исхақ Баб

8.   Шейх Харун

9.   Шейх Мумин

10.    Шейх Муса

11.    Шейх Хасан

12.    Шейх Осман

13.    Шейх Омар

14.    Шейх Ифтихар

15.    Шейх Мұхаммад

16.    Шейх Махмуд

17.    Шейх Ибрахим

18.    Абдур Рахим Баб

19.    Абдул Жалил Баб

20.    Данышпан сопы

21.    Микаил сопы 22. Айна сопы

23. Бадір ата

 

 

 

 

 

Өлшемі: шамамен, ұзындығы – 190 см, ені – 20 см, жібек мата

24.    Сүйіндік ата

25.    Күйіндік ата

26.    Ибрахим ата

27.    Исмаил ата

28.    Абдул Малик ата

29.    Кәләм Қожа ата

30.    Сүйіндік Қожа

31.    Диуан Маһди

32.    Қожа Жаһан

33.    Қожа Кәлән қожа

34.    Сәйд Қожа

35.    Сұлтан Қожа (Ғаусуд Дияр) – лахаб аты – Елге                            көмектесуші

36.    Мүршид Кәимл Мұ- хаммад Құлболды Ишан (Тарих Таза ең жоғары дәрежелі ғалым)

37.    Мәдірзәдә Шейхул Фазыл Ишан

38.    Абдул Халық

 

Соңғы бөлігінде:

«Шежірені жазған хаттат Махаммад Шукр Ибни Хаж Али Әфәнді.

Мәдина қаласының «Мах- мудия» медресесінде хи- жраның 1324 жылы, зуль хиджа айында жазылған» деген сөздер бар.

Ескерту: бұл шежірені араб әліпбиінен кириллицаға Алматы қаласындағы дін танушыларға 2020 жылы аудартқан Құлболды ишанның ұрпағы Жеңіс Мұфтаһаддинұлы Икрамов

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button