Қабыл мен Әбіл қиссасы
Хауа ананың әуелгі баласы Қабыл еді. Қабылмен бірге егіздің сыңары қыз туды. Ол өте сұлу, Ақлима есімді қыз еді. Екі жылдан соң Әбілмен бірге бір қыз туды. Оның есімі Лабуда еді. Лабуданың сұлулығы Ақлимаға жетпейтін.
Бұлар өскенде хақтағаладан әмір келіп, «Лабуданы Қабылға, Ақлиманы Әбілге неке қыл», – дейді.
Адам ғ.с. Хақ сүбіхана уа тағаланың үкімін Қабыл мен Әбілге жеткізгенде, Әбіл разы болып, Қабыл разы болмайды. Ол: «Мен өзіммен бірге туған Ақлимаға тиістімін», – деп ашуланады.
Мұнан соң Адам ғ.с: «Құрбан шалыңыз, қайсыларыңыздың құрбаныңыз қабыл болса, Ақлиманы сол алсын», – деді.
Қабылдың кәсібі егін егу еді де, Әбілдің кәсібі хайуан асырау еді. Қабыл құрбандық орнына бидай әкеп шалды да, Әбіл семіз түйе шалды.
Әбіл құрбанының қабыл болғаны үшін Алланың үкіміне разы болды. Қабыл құрбандығының қабыл болмағаны себепті Алла үкіміне ашуланды.
Қабылдың күншілдігі артып, ашумен Әбілге: «Мен сені өлтіремін», – деді. Әбіл ағасына: «Ақиқатында Алла тағала жақсы адамның құрбанын қабыл қылады. Сенің құрбандығың қабыл болмауы менен емес, өзіңнен. Сен мені өлтіру үшін қол көтерсең де, мен сені өлтіру үшін қол көтермеймін, өйткені Алладан қорқамын. Мені өлтірмек болсаң, адам өлтіру күнәсімен тамұқтық болуыңды тілеймін. Тамұқтық болмақ – залымдар жазасы», – деп, Әбіл Қабылдың өлтіруіне бойұсынды.
Қабыл Әбілді өлтірді. Қабыл жазаланып, өкінушілер қатарына кірді. Қабыл Әбілді өлтіргеннен кейін жүз жыл тіршілік етті. Сол жүз жыл ішінде бір рет ашыла күлмеді. Тәні қараланып, өзі мардүт болды.
Қабыл Әбілді өлтіргенде жиырма жаста еді. Әбілдің өлген жері Қара тауы жанында, бұл кезде Басрадағы үлкен мәсжт (ғибадат) орны.
Бір рәууәйәтта былай айтылған: Қабыл Әбілді өлтіргеннен кейін не істерін білмеді. «Ол кезде адамзат өлген адамды жерлеуді білмеген). Сондықтан Алла тағала екі қарғаны жіберді. Екі қарға таласып, біріншісі екіншісін өлтірді. Өлтірген қарға жерді тұмсығымен, аяғымен қазып, өлген қарғаны көмді. Мұны көрген Қабыл: «Енді маған өкінетін не бар. Мен де қарғаға ұқсас мүсәпірмін», – деп қатты қайғырып, уайымдап, қарғадан көргеніндей өз қандасын жерге көмді. Қабылдың ұстазы қарға болды.
Қабыл Әбілді бір жыл бойы арқасына салып жүріп, азапқа түскеннен кейін ғана көмген еді. Сөйтіп қан төгіп, кісі өлтіру Қабылдан қалды.
Әбіл көмілгеннен кейін жеті күн қаны жерге сіңбеді һәм жер сілкінді. Адам ғ.с. Қабылдан: «Әбіл қайда?» – деп сұрады. Сонда Қабыл: «Әбілдің қойлары менің егініме түсті. Сол себепті, мен Әбілді өлтірдім», – дейді. Адам ғ.с. қатты қайғырып, Хауа анамен қосылып көп жылады. Адам ғ.с. дүниенің опасыздығынан тарылып: «Шаһарларда тұратын адамдардың өзгеріп, қияметті күтті. Әрбір көркем жүз иесі, шаттық иесі өзгерді. Қабыл өзінің қандас туысы, көркем, сұлу Әбілді өлтіріп, қасыретке кенелді. Тәтті жемісті ағаш, ащы жемісті ағашқа айналды. Өз тіршілігіме өзім зарлап жылаймын. Менің қасіретім – ұлым Әбілдің өлімі болды», – деп зар айтты.
Адамға Ібіліс Малғұн: «Қабылды мен азғырдым» – деді. Қабыл Әбілді өлтіргеннен кейін Ібіліс Қабылға келіп: «Сен Әбілдің құрбанының қабыл болып, өзіңнің құрбаныңның қабыл болмау себебін білемісің?» – деді. Қабыл: «Білмеймін», – деді.
Ібіліс: «Әбіл отқа ғибадат ететін, сондықтан от оның құрбандығын жандырды да, сенің құрбандығыңды жандырмады», – деп азғырды. (Ол заманда құрбандыққа шалған малды Алла әмірімен от келіп, өртеп кетеді екен.)
Мұнан соң Қабыл отқа табынып, қамыр (шарап ішіп, зинә (бөтен әйелге көңілі түсу) ұқсасты күнә болар нәрселермен айналысты. Барша күнәға себеп болушы, барша күнәнің басы Ібіліс пен Қабыл болды. Қабыл Әбілді өлтіргеннен кейін Адам ғ.с.-ға көрінбей, қашатын еді. Адам ғ.с. Хақтағаладан: «Жерді менің ықтиярыма бер», – деп тіледі. Хақтағала Адам ғ.с.-нің сөзін қабыл етті. Мұнан соң Адам Қабылдың жанына келіп: «Әй, Жер! Қабылды тұт» – деді. Жер Қабылдың тізесіне дейін тұтты. Сонда Қабыл: «Әй, Ата! Маған рахым қыл», – дегенде, Адам ғ.с. «Сен туысыңа рахым етпегенсің. Әй, Жер! Қабылды тағы да тұт», – деді. Жер Қабылды беліне дейін тұтты. Қабыл: «Әй, Ата! Сен Хақтағалаға жалбарынғаңда, Хақтағала сенің қатеңді кешірді. Бүгін сен де мені кеш», – дейді. Адам ғ.с. сонда: «Мен бидай жедім, бидай жеу күнә еді. Ал сен кісі өлтірдің. Кісі өлтіру – харамдық. Сенің күнәң мен менің күнәм тең емес. Әй, Жер! Қабылды тұт» , – дейді. Жер Қабылды көкірегіне дейін тұтты. Қабыл: «Әй, Ата! Рамазан айының әр кешінде жүз үлес рақым жауар. Тоқсан тоғыз үлесі момындарға, бір үлесі барша нәрселерге тиер», – дейді. Адам ғ.с: «Рақымсыздарға ол рақматтан үлес жоқ», – дейді. Қабыл Адам ғ.с.-нан үмітін үзіп, Хақтағалаға жалбарынып: «Иллаһи, атамнан естіп едім. Сенің Рахман, Рахим деген екі есімің бар екен. Осы екі есімнің құрметі үшін мені дүниедегі мынау азаптан құтқар», – деді. Қабылды жер жұтпай, үстіне шығарды. Мұнан соң Қабыл Иемен жұртына қашты. Адам ғ.с. Қабылдан құтылғаннан кейін Әбіл өлімі есіне түсіп, қайғырып отырғанда Хақтағаладан Жебірейіл ғ.с. сүйінші келтірді. «Хақтағала саған жақын арада бір бала берер. Адам баласының қожасы Мұхаммед Мұстафаның нәсілінен болады», – деді. Ол Шіш пайғамбар еді.
Аударған Роза Мұқанова, жазушы, драматург