ҒибадатЖаңалықтар

Баба жолы ұрпағымен мәңгілік

19 сәуірде 2025 жылы ауданымыздағы «Айқожа ишан» мешіт-медресесінде Сыр еліне белгілі дін ағартушыларының мұрасын насихаттау мақсатында «Әулие-ишандардың рухани және материалдық мұрасын сақтау және насихаттау» атты ғылыми семинар өтті.

Осы шара аясында көне кітаптар көрмесі көрермен назарына ұсынылды. Онда Астана қаласындағы «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы қалпына келтір­ген көне діни кітаптардың факсимилиясын мұражайға табыстау және реставрациялау» тақырыбы бойынша арнайы келген маман­дар өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Рухани шарада бабалар мұрасын жинақтап жүрген республика көлеміндегі дін және руханият өкілдері бас қосты.
Алдымен сөз алған аудандық қоғамдық даму бөлі­мі басшысы Әбілғазы Төлегеновтің лебізі төмендегіше өрілді:
– Бабаларымыз мұсылманшылық пен дәстүрді қатар ұштастырып, кең байтақ далада ақиқаттың туын жықпай, әділдік пен ізгілік нормаларының сақталуына мүдделі болып келгені айқын. Бұл орайда жалпы мұсылмен баласына ортақ шариғат пен тарихат талаптарына негізделген ата жолының да маңызын жоққа шығаруға болмас. Тоқсаныншы жылдары ауданымызда 2 мешіт үйі ғана болса, қазірде 34 мешіт, 4 намазхана бар екен. Мәселе, ондағы жамағаттың жан тазалығына негізделген асыл сенімінде болса керек. Дегенмен, өткенді ұлықтау, құндылықтарды жаңғыртуда жалаң сөз, жалған дақпырт жүрмейді. Сондықтан Айқожа баба ұрпақтарының әулиелер мен ишандар өмірінен нақты деректерді дәйектейтін құнды материалдарды жинақтап, ғылыми айналымға ендіруде атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Мұның келешек ұрпақ үшін де маңызы зор, – дей келе, жиынды ұйымдастырушыларға алғысын жеткізіп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Жалпы, мешіт-медресесімен қатар құнды кітаптар мен бабалардың ұстанып тұтқан бұйымдарынан жасақталған музейі, білім­герлер үшін жаңа үлгіде жарақтандырыл­ған жатақханасы бар діни-ағарту кешені өңір бойынша біздің ауданда алғаш бой тіктегені өз алдына, оның құрылысын бастан-аяқ жүргізген осы елдің перзенті Талғат Әзімханұлы (1-ші бетте суретте) ғибадат үйі жұмысын ғылыми негізде өрістетуге бар күшін жұмсап келеді. Бүгінгі өткізіліп отыр­ған ғылыми-танымдық шара да мешіт жұмысын жандандырып, уақытпен үндес сана көкжиегін қалыптасыруға талпынған талғампаз талаптың нәтижесі болса керек.
2024 жылы Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мовзолейінде Яссауи ғылыми орталығы және оның аясында жазба ескерткіштерді сақтау бөлімі ашылған болатын. Осы орталыққа әлемнің түкпір-түкпірінен жинақталған бабаларымыздың түркі тілінде жазылған еңбектерінен 40-қа жуық қолжазба осы күні Айқожа ишан мешітінен орын алған бұл жазбаларды қазақ тіліне аудару мәселесі аса өзекті. Оны мешіт кітапханасына табыс еткен «Әзірет-сұлтан» мешіт-музейі басшылығының ең бірінші аманаты – шағатай, араб тілінде жазылған бұл дүниелерді аудартып, халық игілігіне ұсыну қажет. Онсыз бұл өлі дүние есебінде өз жерінде де шаң басып қала бермек. Шәкәрім қажының «Жасымнан жетік білдім түрік тілін, сол тілге аударылған барлық білім» дегеніндей, бағасы жоқ құндылықты қабылдап алып тұрып осы мешіт үйін салдырған меценат, Айқожа баба ұрпағы Талғат Әшімов бұл жауапкершілікті басыбүтін мойнына алатынын, яғни құнды дүниелерді аударту ісіне бүгіннен бастап білек сыбана кіріскелі отырғанын айтты.
Шарада Яссауитану ғылыми орталығы­ның қызметкері, дінтанушы-ғалым Ұлықбек Жүнісбаев хал ілімі туралы баяндама жасады. Ол кісінің айтуынша, хал ілімін бойға сіңірмейінше шариғат іліміне жетік жанның өзі пендешіліктен алыс кете алмасы анық. Адамдардың бойында құдайдан қорқыныштан бұрын жаратылыстан қорқыныштың басым тұратыны осы ілімнің таяздығынан. Бұл ілім құдайдан шын қорқуға тәрбиелейді, оны терең меңгере білген бұл дүниенің қамынан гөрі ақирет қамын көп ойлайды. Бабаларымыздың даңқы сол хал ілімін (Шәкәрім атамыз оны Ар ілімі деп атаған) меңгеру арқылы орныққан. Осынау ілімге жан-дүниесімен құштар болған Абайдың: «Жүрегіме үңілсең, инедейін таза емес, аршып алып тастайтын жағадағы саз емес» деген өкініші көкірегінде сәулесі бар көпшілігіміздің ортақ мұңымыз болса керек. Бұл ілімді – хал ілімі – жүрек ілімін қайдан табамыз дегенге келсек, оны кемел иман иелері болып саналатын шейх, пірлердің жанында сұхбатта жүрумен, соларға қызмет қылумен табуға болады деген дінтану­шы осындай әулие тұлғалардың ұрпақтары осы жолды жалғауы керектігіне тоқталды. Хал ілімін меңгерген адамдар қияметке дейін болады, сондай жандарды танып, тауып, демеп, құрметтеумен еліміздің көсегесі көгереді деген ғалымның сөзі көптің көкейіне қонды.
Келесі шығып сөйлеген Өзбекстаннан келген өкіл, ғалым, журналист Үсен Асқаровтың сөзі төмендегіше өрілді:
– Мен көп жылдар Өзбекстанда қазақ қоғамдастығының төрағасы болдым. Сол кезеңде Қазақстан оқу министрлігімен келісімге келіп, Өзбекстандағы 2 мың қазақ қыз-жігітінің Қазақстанға келіп білім алуына тер төктім. Жеті жыл халықаралық «Би-Би-Си» радиосының Орта Азиядағы өкілі ретінде Лондонда, Парижде хабар тараттым, – деп өз өмір жолына аз-кем тоқталған ол бүгінгі күндері Майлықожа баба­ны тұлғаландыру мәселесі бойынша атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды. Кезінде шынайы бағасын алмай, елеусіз қалғанымен бөлекше феномен болып есептелетін қайрат­кер тұлға – Майлықожаның терме-өлеңдерінен халықаралық фестиваль өткелі отырғаны және оны дәстүрлі шараға айналдыру мәселелері туралы ойын ортаға салды.
Келесі кезекте Ишан әулеттерінң сабақ­тастығы туралы сөз қозғаған Марал баба ұрпағы Мұхамеджан Омарұлының сөзі былай өрілді: –
– Айқожа, Марал, Құлболды ишан үшеуінің дос болып, Бұқараға оқуға бірге барғаны жөнінде білеміз. Айқожа ишанның Бұқара медресесінен алған шатырхаты (дипломы) бір ұрпағының қолында сақталғанын көрдік. Марал ишан 1780 жылы дүниенге келген. Әкесі Құрман батыр Абылайханның емшісі болған екен. Торғай жерінде жергілікті халықты орысқа шоқынудан сақтап қалуда оның еңбегі ересен. Кіші жүз, орта жүзде арғын, найман, тағы біраз ру оның қоластына өткен. «Біріншіден, Алла атымен, екіншіден Хазіреті Мұхамед Мұстафа Әлейассаламның атымен, үшіншіден оның төрт шадияры атымен құлдыққа бел байлаған, дүниенің ісін тастаған, құдайтағала бұйрығын растаған, сансыз мүрит бастаған, кәміл хазіреті ишан Жалаңаяқ Әзиз, мерейі үстем Марал ишан ибн Қалмұхамед имамға ықыласпен, сеніммен өттік» деген мөр басылған жазба қолымызда тұр.
Қазақ даласындағы ишандар 1970 жылға дейін өмірден өтті. Олардың басым көпшілігі репрессия кезінде Түркия, Ауғанстан, Тәжікстан ауды. Ұрпақтары негізіген Торғайда, Солтустік Қазақстан, Қызылорда облысында тұрады.
Марал ишанның қасиеті Абдрахман ишанның ұлы Ахметке дарыған. Ахмет мақсұм Қостанай­да мешіт ашып, бала оқытқан. Қажылыққа бара жатқан сапарында Түркия патшасы Абдулхамитпен кездеседі. Патшаның оған көңілі құлап, қоластында қалуға өтініш білдіреді. Бұл кісі ұсынысты қабылдамаған. Бірақ сол кезде дүниеге келген ұлына Абдулхамиттің есімін еншілетеді. Абдулхамитты кейін халық Әмит атап кеткен. Ол кісі кеңес үкіметі кезінде қудаланып Тәжікстанның Қорғантөбе елді мекеніне келеді. Сонда жүріп бала оқытады. Күндіз әріп танытса, түнде құранға баулиды екен. Содан сауат ашқан 30 тәжік баласының барлығы бірдей жақсы оқып дәрежелі қызмет атқарған екен. Ол кісі жасырын «Байғозы» деген атпен күнелткен. Бүгінде Тәжікстанда үлкен ГРЭС Байғозы есімімен аталады,-деді.
Келесі кезекте ҚР Ұлттық музейлерді дамыту жөніндегі үйлестіру орталығының меңгерушісі Анар Екімбаева сөз алып, Қазақстанның киелі географиясы кеңістігіндегі дәстүрлі шырақшылар институтының орны мен ролі туралы баяндамасын оқыды.
– Қазақстанда халықтың 99 пайызы зиярат жасайды. Бірақ бүгінге дейін шырақшыларға арналған бір ғылыми кеңес өткені жөнінде естіген емеспіз. Осы олқылықтың орнын толтырған 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарлоамасының бір бағыты- Қазақстанның киелі географиясы» жобасы болды. Осы жоба аясында Қазақстандағы киелі жерлердің тізімі жасалып, 285 өңірлік мешіттер, 489 діни обьектінің тізімі нақтыланды. Осы бүкіл өңірлік эукспедицияның жұмысын жүргізу барысында киелі жерлерді аралап шықтым. 80-ге тарта шырақшының тізімін жасадым. Оларлы екіге бөліп қарастыруға болады екен. Дәстүрлі шырақшы, екіншісі, жай қарауылдап отырғандар. Осы шырақшылардың 70 пайызы жоғары білімді, 20 пайызы діни сауаты бар, Әйел адамдар да кездесті.
Қазақстан шырақшыларының қоғамдағы атқаратын қызметін, әлеуметтік, мәдени, діни аспектілерін, ерекшеліктерін анықтау, сондай-ақ киелі жерлерді сақтаушы ретінде шырақшылардың мәдениетін қалыптастыру жұиыстарын жүргізу керек деп ойлаймын. Зияратшыларға негізінен шырақшылар қызмет көрсетеді. Яғни, Қазақстанның ішкі және сыртқы туризмін дамытуда ең негізгі роль атқарады.
Шырақшылар – келушілерге жөн-жоба көрсететін адам ғана емес, тарихтан, мәдениеттен хабары болу керек. Әулиелі жердің қасиетін үкілеп, дертіне дауа іздегенге рухани дәрумен беруші бола білуі керек. Сондай-ақ шырақшыларлың біліктілілігін артыру, бірыңғай киім үлгісін қалыптастыру маңызды, – деді ол.
Бізде қалай? Көбіне білімі таяз, бабалар туралы аңыз әңгімелер, асыра сілтеу, бұрмалап айтатын үрдіс басым. Сондықтан алдағы уақыт­та шырақшыларды тағайындаудың, оларды категорияларға бөлудің нақты тетігі қабылдануы керек деген тұжырымға тоқталды.
Маман пікірінше, шырақшы деген сөз «шырағың сөнбесін» деген мағынадан шыққан, яғни әулие басында отырған зираттың өз егелері шырақ жағып отыруы мұсылманшылыққа теріс келмейді. Ол – бабалар рухының сөнбегені­нің белгісі деген ойларын ортаға салды. Торғай өңірінен келген қари, дінтанушы, бүгінде Мекке мен Мединаны зерттеп жүр­ген Амангелдіқа­жы Еренғайыпұлы бауырымыздың пікірі көптің көңілінен шықты:
– Мен Торғай өңілінен келіп тұрмын, – деді ол. Біздің бабаларымыз қыпшақтарға пір болған екен. Құлжан бабамыз Ыбырай Алтынсаринді оқытқан. Алты жасында құранды оқытып, екі жылдан соң дүниелік білімге оқыту үшін әкесі Ыбырайды Торғайдың және Орынбордың гимназиясында оқытқан екен. Бабамыз Марал ишанмен замандас болғанын әжем айтып отырушы еді, – деп тарихтан қозғай келе, шырақшы сөзінің мағынасына тоқталды. «Шырақшы – адамдардың жүрегіне білімнің нұрын себетін адам» деген мағынаны береді.От тұтату емес. Әулиенің басында отырған адам таза болуы керек. Шырақшылар Алла тарапынан тағайындалады. Ол жерде әдептен аттауға болмайды. Әдептен аттаған кезде бабаларды жоғалтамыз. Сондықтан шырақшы мәселесіне үлкен маңыз беру керек» деген ойларын ортаға салды.
Ол одан әрі мешітке тапсырылып жатқан кітаптар жөнінде: «Әр кітаптың артында тағдыр жатыр. Осынау қымбат мұраны сақтап қалу жолында қаншама жанның басы да кетті. Қаны төгілді. Енді осы жаууһарларымызды ұрпақ игілігне айналдыруға тиіспіз. Оның әрбірінде хиқаялар, хадистер, өсиет-өнеге, Пайғамбардың өмірі, әдебі мен тағылымы тұнып тұр. Оны оқып, тәлім алған ұрпақтың тәрбиесі кемелденеді, ел мен халықтың көсегесі көгереді» деген ойларын айтты.
Шараны қорытындылаған «Айқожа ишан» қорының президенті Әбутәліп Бакиров бабалардың бізге қалдырып кеткен жауһар дүниелерін жинақтауда жанашыр болып қана қоймай, келелі кеңестерімен бөліскен сан тараптан жиналған зиялы қауым өкілдеріне Жаңақорған жұртшылығы атынан ризашылығын жеткізді.
(Мақаланы «Жаңақорған тынысының» бүгінгі санынан оқи аласыздар)

Баян ҮСЕЙІНОВА

 

 

 

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button