Білген Шайыр айтадыЖаңалықтар

Садық хазірет Теңізұлы мұрасынан

Бәйіттер

Бірінші бәйіт

Бисмилләһир Рахманир Рахим!

Басталмас бисмилләсіз әмір зибәл38,

Тұр39 болмас тау болғанмен әрбір жибал40.

Би-нен бисмилләның жұмлә ғалам41,

Білмесең тәпсір42 қарап, тағылым ал.

Тәпсірге білген адам бақса керек,

Пайдасын бисмилләнің тапса керек,

Жәннатта Фаһри-ғалам43  көрдім деген,

Төрт бұлақ бисмилләдан ақса керек.

Бисмиллә рахматында Раббым Халиқ44,

Бисмилла көп айтамыз өзге анық.

Біздерді жәһаннамнан азат айла,

Дүниеде керек емес падишалық.

Біздерге шафағат қыл Фаһри-ғалам,

Кінәлі үммәтің ғой біз фақыр адам.

Тапсырған сүннәтіңді45  күте  алмадық,

Дүниеде болып тұрмыз ғафыл46, надан.

Біздерге шапағат қыл, Қызыр Ілияс47,

Бола көр, қысылғанда бізге жолдас.

Бола көр шапағатшы Ән хазірет,

Жолымыз сізсіз біздің түзу болмас.

Әбубәкір, Омар, Осман, Шаһимардан48,

Тілейміз және медет сыддиқлардан49.

Ия, сұлтанул-арифин50 қожа Ахмет!

Мадат қыл Баһауддин бәла гардан51.

Мадат қыл біз ғаріпке, пірлеріміз,

Бетте көп ұяламыз кірлеріміз.

Тапсырған антыңды тұта алмадық,

Келіспей тұрса керек түрлеріміз.

Боламыз ертең қандай, бүгін тәуір,

Жолым ұзақ, жолдас жоқ, жүгім ауыр.

Бір мұсылман дейтұғын атымыз бар,

Өзі ақсақ, өзі арық, өзі жауыр.

Атымды күте алмадым мен көзімнен,

Пайда жоқ, уақыт өтті, бұл сөзімнен.

Ертерек сапарымды қамдамадым,

Кінәнің болып қалды бәрі өзімнен.

Ағарды шашымыз бен сақалымыз,

Көзде жас, көкіректе қапалымыз.

Нәрсе жоқ  ішімізде іске жарар,

Әдемі сыртымызда шапанымыз.

Ұқсаттық сыртымызды ишандарға52,

Құдайым қуат берсін бұл шалдарға.

Баста сәлде, тәсбіқ  бар қолымызда,

Жараймыз бұл қалыппен кісі алдауға.

Кітаптан білмесек те, мағына айтамыз,

Бір дұға деп көзді біз алайтамыз.

Жерден, көктен әр хабар беріп,

Әртүрлі кереметті тағы айтамыз.

Ғалым болса, қолынан іс келеді,

Надан болса тіпті жоқ еш керегі.

Бұл заманның алдаушы сопылары,

Сізге лайықты бір түс көреді.

Сопы Аллаяр53 кітабында қалай деген,

Осыны ақылды адам ескереді.

Бұл күнде сопы бар ма нәпсі тияр,

Бұл сопы тоқты, серкеш, шапан жияр.

Қалайша кітабында айтқан екен,

Кешегі ишан өткен сопы Аллаяр.

Насихат бізден сопы пірәдарға,

Иман орын, тәуба қыл күнәһларға54.

Халис55 ниет, риясыз ғамал болсын,

Сырттағы қарамайды құр ажарға.

Ақаид56  иман  ғылымын білмегенде,

Мұнымен күл-күл сынады арба.

Бұл дүние өзі оңғақ бұл бір бояу,

Ғамалға рия кірсе бұл бір қаяу.

Халис ғамал осы деп айтады ғой,

Ғибадатпен57  болсаңыз түнде ояу.

Кімдерді осы дүние алдамаған,

Кімдерді сұм қара жер жалмамаған.

Иннамаль ағмалу бинният58 деген хадис,

Бек оңай тіл ұшымен Аллалаған.

Алыс жүр наданның қастарынан,

Сырты бүтін, іші шығар астарынан.

Қатындардың жаулығы артық деген,

Алдаушы сопылардың дастанынан.

Ұқсайды надан қазақ адасқанға,

Қарғалар гүл бақшаға жарасқан ба?!

Қобыз тартқан бақсыларға көңіл беріп,

Нанады құмалақпен бал ашқанға.

Жақсылар жақсылармен жанасып жүр,

Жамандар жақсылардан адасып жүр.

«Кітап айтты» десең де құлақ қоймай,

Надандар құмалақпен бал ашып жүр.

Бұл сөзді білер де бар, білмес те бар,

Ақылы мың кісінің бір ерде бар.

Бұл адам бір қалыпта тұра алмайды,

Бір уақыт күлер де бар, жылар да бар.

Аррафиқ суммат-тариқ59  деген сөз бар,

Жолдасты бұл сапарда түгендеп ал.

Достың бар төрт жар деген жақсы көрсең,

Дін исламда бұларды басшы көрсең.

Әһли сүннәт уәл-жамағат60  жолдасымыз,

Бұлардың жолымен жүр басшыға ерсең.

Иншалла, сыйға-сый болса керек,

Бұл айтқан сөздерімді жақсы көрсең.

Мақтану бұл дүниеге бекер дейді,

Қар басып тез заманда кетер дейді.

Пайдасын әркім өзі ойламаса,

Біреудің біреу жүгін көтермейді.

Ізгі ғамал сыртыңда нұрың болып,

Ғабитлер61  аттай шауып өтер дейді.

Пайда жоқ түрлі ғамал ұзын ойда,

Шайтан тұр тозақ құрып ізгі жолға.

Сақтанбасаң тозаққа ілінерсің,

Ілінсең тұра алмассың түзу халда.

Әуелі Адам ата көтеріпті,

Аманат бар емес пе біздің бойда.

Жоқ болса көзің тоймас қанағатың,

Аяққа тозақ деген бала, қатын,

Бұл аманат мойындағы қырық парыз,

Саламат тапсырсаңыз аманатын.

Аяқ сөйлеп, куәлікті қол береді,

Ешкімнің жаба алмассың жаман атын.

Ойлаған көкіректегі сырды білесің,

Аллаға бәрі аян, заһир батын62.

Баршасы осылардың  кітап сөзі,

Естісек молдалардан шариғатын63.

Барамыз не кәсіпте жалғанда біз,

Жете алмаймыз анау байға армандамыз.

Аманатын саламат тапсырмасақ,

Береміз не деп жауап барғанда біз.

Бақыт, дәулет, қатын, бала – дұшпан деген,

Бұларға ғұрурланып алданбаңыз.

Мінезім, табиғатым жеңіл еді,

Біреудің біреу сырын не біледі?

Қазақтың мақалында бар емес пе,

«Ұяда нені көрсе, соны іледі».

Белгілі ғалым еді атам менің,

Ойласам толып жатыр қатам менің.

Осылай Алла берген өнерімді,

Ішіме қалай сақтап жатам дедім.

Аспанда қыран бүркіт қалықтаған,

Жорғалар дейді жүріп арықтаған.

Мағынасы сөздердің түседі ғой,

Әр заманда ойға салып фаһамдаған64.

*  *  *

Түсінсең мағынасын сөзім алтын,

Айтамын ишарамен сөздің салтын.

Он екі айда төрт фасыл бар,

Көктеммен бір болмас күзгі салқын.

Алтынның қолда барда қадірі жоқ,

Ағайының, қарындас өзім халқым.

Суратул-мумин шифа65  дегендеймін,

Жастарға бір насихат сөзім сарқын.

Бізден дұға, пірлерден болсын жәрдем,

Айырған достарыма сөздің фарқын66.

Тіл сөйлеп, құлақ естіп, көз көру бар,

Сарғайып алтын болмас, мыс пен жез бар.

Алжинсу маъал жинси67  дегендейін,

Күлли шайин яржиғу илә аслиһи68  деген сөз бар.

(Тәмам)

 

Екінші бәйіт

Бисмилләһир Рахманир Рахим!

Бисмиллә есімің бізге сәна69,

Кешіргін күнәмді я Раббана!

Есімің бар Рахман, Рахим, Ғафу, Карим,70

Ғаламға он сегіз мың сан-сан фәна71.

Көңілге дүние тұр қайғы салып,

Бисмиллә деп шығар ме екен іштен саңа.

Аллаға бәрі аян қылған ісім,

Сөйлейін бір аз ғана келсе күшім.

Бұл дүние не көрген қызығымыз,

Секілді бір  ұйқыда көрген түсім.

Ғаламды он сегіз мың жаратыпты,

Хабибі72 Мұхамедтің құрметі үшін.

Расулге үммет болғай әртүрлі зат,

Сүннәтін тұтқан адам болады шат.

Шапағат үміт етсең, ғазиз73 бәнда74,

Айтыңыз пайғамбарға көп салауат!75

Көп болса бұл салауат мұсылманға,

Көрерсін шапағатын қысылғанда.

Сираттың көпірінен айдағанда,

Иманың ашылады әне сонда.

Егер сен болам десең ер секілді,

Көресің босағаны төр секілді.

Не жапа көрсең де, көтере бер,

Боларсың жеміс шыққан жер секілді.

Кей адам мақтанады мал мен баққа,

Атымды шығарам деп әр тарапқа.

Өзінің надандығын өзі білмей,

Сүйеніп сөз сөйлейді тіл мен жаққа.

Шабан ат тең келмейді  жүйрік  атқа,

Тең келмес надан кісі асыл затқа.

Қашады көре тұра тура жолдан,

Дауласса жоламайды шариғатқа.

Созасың аяғыңды дүние тарға,

Құлайсың мақтанам деп биік жарға.

Асылдың бәрідағы аласада,

Ағашта ұзын, биік жеміс бар ма?

Жаралған Адам ата топырақтан,

Жігіттер тәкаббурден қатты сақтан.

Ғәзәзіл76  сол адамды кім деп білдің,

Лағынет қамыт киген Жаббар77  хақтан.

Тәкаппар78  болма деген бала жастан,

Көп адам тәкаппарға араласқан.

Кітапта тәкаппарлық үлкен күнә,

Жігіттер тәкаббурден қатты сақтан.

Кей нашар  кәсібі жоқ, үйде жатар,

Бұзауын сиырынан тумай сатар.

Кигені аяғына биік өкше,

Мініп алып жалғыз атын қарандатар.

Кей адам кәсібі жоқ, жүрер босқа,

Арада сөз жүргізер тату досқа.

Өзінің қой-қозылық ұрлығы бар,

Шығып жүр күнде сондай шошқа.

Ұлықтың пара болды қаражаты,

Нашарға толып жатыр қиянаты.

Айтады билер билік пұлға қарап,

О дағы ақырзаман әламаты79

Жиегін жаһаннамның жар демейді,

Қабірде80  жатар жерін тар демейді.

Болатын пара  жеумен жұмыстары,

Үнемінше шариғатқа бар демейді.

Екі жол көрініп тұр обал-сауап,

Дауласса қисық іске кетер сабап.

Пара жеп қисық бітім бітіргендер,

Береді қияметте қалай жауап?!

Жейді екен кез келгенін лашын, сұңқар,

Олардан қалған жемді қарға жұлқар.

Бәндада осы күні насихат жоқ,

Секілді әмір мағруф, нәһи мүңкар81.

(Тәмам)

 

Үшінші бәйіт

Салих (Садық) қажы бір бәйітін жазып,

Шойынбайдың Жақиясына жіберіпті. Жардың Құсаны Жақиянікіне келіп отырып, терезе жақтан Салих қажының жазған бәйітін оқып көріп, жиегіне былай деп жазып кетіпті. Бірақ кім жазғанын білдірмепті:

Молланың қажыменен бірі өзің,

Кітапты қолмен ұстап көрді көзің.

Қасқырдай қойға тиген дүркіретіп,

Бүлдірген ағайынның бәрін өзің.

Садық қажы Жақиянікіне келсе, терезеде өзінің жазған бәйітін көреді, оның аяғына жазылған Құсанның бір ауыз өлеңін байқап, бірақ кім жазғанын білмейді. Сәкең қажы былай деп жазады:

Бір адам өлеңіме өлең қосқан,

Болды ма деп ойлаймын жақын достан.

Бұйырғанын әмір мағруф деп сөйлейін,

Кім екен шариғаттың жолын тосқан.

Ақылсыз ағаңызды састырмай жүр,

Би, болыс осы күнде қасқырдай жүр.

Не керек аяғыңды түзегенің,

Би, болыс аяғыңды бастырмай жүр.

Жүйрікке қосылып қал қабырғалап,

Жақсы ғой фәни дүние еткен талап.

Ақ сұңқар көл жағалап ұшқан кезде,

Қалмағай суға бұғып  шабырқалап.

Кісі жоқ осы күнде менен жаман,

Жүйрікке қосылмайтын деген шабан.

Шырағым, бұл сөзіңде еш өкпе жоқ,

Ақсақал түк білмейтін деген заман.

(Тәмам)

Төртінші бәйіт

Бисмилләһир Рахманир Рахим!

Төртінші жаңа да бір жазған сөзім,

Түркілік шала молла менің өзім.

Бағызы бір хали82  болған уақытта,

Осындай бәйіт жазған бір мінезім.

Жақсылап тыңдасаңыз, жамиғатым,

Айтамын Пайғамбардың шариғатын.

Жылы жүз, жақсы сөзге мәз боламын,

Ұқсайды балаларға табиғатым.

Көп ойлап салауатпен, сүннәтін тұт,

Үміт етіп әз-Хазіреттің83 шапағатын.

Жол алыс, жүгім ауыр, атым арық,

Тәуба бұзып, күнәға  болдым ғарық84.

Қорқамын бір Алланың қаһарынан,

Дертім көп көкіректе мен байғұста.

Жігіттер, одан қалай құтыласың,

Тағы тұр ажал деген ғаріп баста.

Байлардың мал біткені бір харазы85,

Харам мен халалға бар бір таразы.

Бізде жоқ еш қорқыныш, жүрміз есіп,

Халалға ұқсамайды біздің кәсіп.

Осыған кірмей қалар бар ма мұршаң,

Тағы тұр қабір деген қараңғы есік.

Дүниеде олай шаптың, былай шаптың,

Өзі бай, шешен, мырза, өнер таптың.

Байқарсың өнеріңді оқығанда,

Бергенде ғамал деген бір кітапты.

Япырмай, көңілім неге шат болмайды,

Көңілде іші асыл тат болмайды.

Иннамал муминуна ихуатында86,

Мұсылман бір біріне жат болмайды.

Әлфақру фахри87 деген әз-Хазірет,

Науазиғи сақи88  болмақ әннан мұрат.

Байды артық, фақырлерді қор тұтпа деп,

Бұл хадис үммәтларға бір ғибрат.

Оқыған жұрттың бәрі молла болмас,

Ақылды оңға басар, сол да болмас.

Мән ташәббәһә биқаумин фәһуә минһу89,

Батыл мазхаб90  адаммен болма жолдас!

Күнәмнің дариясына болма ғаріп,

Шариғат нұр емес пе қолда жарық.

Әл-жинсу маъал-жинси91 деген жоқ па,

Аррафиди92 деген сөз бар сүннәт тәрік.

Демеңіз бұл сөзімді бір хикая,

Білгенге пайдасы көп би ниһая93.

Таусылмас жаза берсең қағаз-қалам,

Білгенге бұл сөзім сөз кифая94.

(Тәмам)

 

38 Әмір зибәл – есепті іс, ақылмен бастаған жұмыс. 39 Тұр – Синайдағы таудың аты. 40 Жибал –тау. 41 Ғалам – алуан түрлі формада болатын әрі ұдайы өзгеріп отыратын, кеңістік пен уақыт бойынша шеті де, шегі де жоқ бүкіл дүние. 42 Тәпсір – түсініктеме. Құран тәпсірі. 43 Фаһри ғалам – әлемнің мақтанышы, Мұхаммед пайғамбар с.ғ.с. 44 Раббым Халиқ (Халық) – жаратушы. «Менің Раббым – мені және бүкіл әлемдерді Өз нығметтерімен тәрбиелеген Алла. Ол – құлшылық ететін тәңірім. Одан басқа құлшылығымды арнайтын тәңірім жоқ. Бұған дәлел ретінде Алланың сөзі: «Әлемдердің Раббысы – Алла барлық мақтауларға лайық» («Фатиха» сүресі, 1-аят). Алладан өзге барлық нәрсе әлем, әрі мен де сол әлемнің бірімін».

45 Сунна – сүннет, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) жолы. «Сунна» (сүннет) сөзі араб тілінде «салт-дәстүр», «әдет-ғұрып», «үлгі-өнеге» деген мағыналарда қолданылады. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) нұсқаулары мен өнегелері мұсылмандардың күнделікті өмір салтына, әдет-ғұрыпқа айналып, «сүннет» деген ұғым аясында қарастырылады. 46 Ғафыл (ғапыл) – хабарсыз, бейқам, жайбарақат, қамсыз адам. 47 Қыдыр, Хизыр, Хидр, Хадр, Қызыр баба пед рабмағйап сяилІ ыно радмылағ ышунатнід рібйек – )ата рыдыҚ ‎رضخلا.бара( жорамалдайды. Құранда Кәһф (66-аят)сүресінде Мұса пайғамбар сапарға шыққан кезде Қыдырға жолыққаны, Алланың оны Мұсаға тағылым үйрету үшін арнайы жібергені жайлы айтылады. Түркі халықтары мифологиясында Қыдыр ата мен Қызыр ата, Ілияс есімдері дербес үш тұлға ретінде аталады (“Қызыр ата, қырық шілтен; Қыдыр менен Ілияс; олар да болсын жолдасың” немесе “Қызыр Ілияс жар болып, Қыдыр ата қолдасын”). Осыған байланысты “Қыдыр” мен “Қызыр” бейнелерінің екі түрлі мифтік бастаудан өрбіп, уақыт өте, есімдерінің сыртқы ұқсастығына және мифтік сәйкестігіне қарай бір бейне ретінде түсіндірілгенін топшылауға болады. Қазақ халқының ұғым-түсінігінде Қыдыр сәттілік пен бақ беруші. Яғни, күнделікті кездесетін адамдардың арасында Қыдыр-ата болуы мүмкін: ол әр түрлі кейіпте (көбіне кедей кейіпте) жүреді. Одан сый алу үшін кез келген адамға, оның әлеуметтік мансап-мәртебесі мен байлығына, киіміне, түр-әлпетіне қарамай, қонақжайлық көрсету керек. Өйткені ол Қыдыр болып шығуы мүмкін. “Қырықтың бірі Қыдыр” деген тағылымды сөз бар. 48 Шаһи мардан – ерлік падишасы, хазіреті Әли халифаның лақап есімдерінің бірі. 49 Сыддиқ (сыдық, садық) – шыншыл, турашыл. 50 Сұлтанул-арифин – (Алланы) білушілердің патшасы. 51 Бәла гардан – бәлені қайтарушы.

52 Ишан – халық арасында сауат ашу, ғибадат айту қызметін атқарып жүрген діни сауатты адамға берілетін діни атақ. Ишан қазы, имам тәрізді лауазым болып саналмайды. Дәстүрлі қазақ қоғамында, әдетте, ишанның дәріс беретін белгілі бір ауылдары болған. Ишанның міндеті – өзінің қарамағындағы ауыл тұрғындарының діни сауатын ашу, шамасы келгенше діни ғұрыптарды атқару. Еңбек ақысы ретінде ауыл тұрғындары ишанды мал, азық-түлік және ақшамен қамтамасыз ететін болған. Әрине, ишан болу молдалардың дүниеге деген мұқтаждығынан туған іс емес. Ишандықтың негізін Алла тағаланың разылығы үшін халыққа дінді, ақиқатты үйрету мақсатындағы адал ниет құрайды. Ишан болу атадан балаға өтетін мұрагерлік іс десе де болады. Себебі, әкесі дүниеден өткен жағдайда оның қарамағындағы ауыл тұрғындарының діни мұқтажын өтеу баласының міндеті болып есептелген. Қазақ арасындағы атақты ишандардың көпшілігі өз міндеттеріне дәстүр жалғастығы ретінде қараған. Дүниеден өткен ишанның ұл баласы болмаған жағдайда, ауыл тұрғындары діни сауаты бар, халықтың сенімін ақтайтын басқа бір кісімен ишан болу мәселесін келіскен. 53 Сопы Аллаяр – сопылық мәдениеттің көрнекті тұлғасы, ойшыл ақын. Ақын 1644 жылы Кәттақорған ауданына қарасты Мыңдар қышлағының Аллақұлы бөлімшесінде дүниеге келген. Сопы Аллаяр Шахлар қыстағындағы мешіт жанында орналасқан мектепте, одан соң Бұқарадағы медреселерде тәлім алған. Медресені бітіргеннен кейін Жүйбар шайхтары Шығыс Түркістанды қолында қызмет қылған. Кейінірек Сопы Аллаяр қысқа мерзімде Бұхарада, Абдулазизхан сарайында салық жинаушы болып қызмет істеген. Бірақ табиғатынан рақымшыл, нәзік жанды Сопы Аллаяр бұл қызметте ұзақ істей алмады. Байлық жинамай, ілімін арттыруға, хәл ілімін терең меңгеруге жан-тәнімен кірісіп, тынбай ізденеді. Меңгерген ілімін арттыру мақсатында өзінен мақамы жоғары мәшһүр сопы шейх Хабибұллаға қол беріп, мүрид болады. Он жылдан кейін шейхтік мәртебеге көтеріледі. Сопы ақын осы уақыт ішінде «Маслак ул-муттақин», «Сабат ул-Ажизин», «Мурат ул-арифин», «Сираж ул-ажизин», «Нажад ут-талибин» секілді діни-философиялық, сопылық туындыларды жарыққа шығарады. Сопы Аллаяр бұл шығармаларында Құран аятары, хадистердің хикметтері мен сопылық негіздерімен ұштастыра білген. Ойшыл ақын шығармаларында жолдан тайған адамдарға ізгілік жолын көрсетуде, әділдікті, пәктік пен туралықты, парасаттылық, ғашықтық, қылует секілді басқа да көптеген құндылықтарды тілге тиек етіп, нәпсі мен жаман қасиеттерді сынға алады. Дүниелік ләззаттан баз кешіп, өзін Хақтың еркіне беру философиясын алға тартады. Орта Азияда кеңінен етек алған Иассауия-Жахрия тариқатының құндылықтары үшін күреседі. Сопы Аллаяр шығармаларында ғашықтық махаббатын тебірене жырлайды. Ақын шығармаларында қолданылған ойлар оқырманды таң қалдырады. Сопы Аллаяр тек қана ғашықтық тақырыбымен шектелмеген. Сопы Аллаяр адам бойындағы жағымсыз қасиеттерді қаншалықты сынға алса, игі қасиеттерді соншалықты шабыт-әсермен жырлап мадақтайды. Адамзат баласын сүйіспеншілікке, рақымдылыққа, кішіпейілдікке шақырады. Аллаярдың сопылық танымындағы ең басты тақырып – Алла. Алланың бар және бір екендігі мәселесіне теориялық философиялық дәлел іздеп әуре болу негізінен сопылыққа жат нәрсе, әрі сопылық ұстанымы мен идеясына сәйкес келмейді. Өйткені, сопылық ілімі -хәл. Ал дәлелдер, аналогия, қияс, хәл ілімінің мәселесі. Сондықтан Аллаяр да Алланың бар екендігіне емес, Оның хикметтеріне үңіледі. Алланың адамды жаратудағы мақсаты, мұраты, тілегі, ниеті, үміті осы шеңберде қаралады. Аллаға адамның тек қана шүкірлігі, тәубасы, ризалығы, құлшылығы, махаббаты мен ынтызарлығы оның шығармаларының желісі. Яғни, Аллаяр философиясы – адамның ары мен жан тазалығын желі ететін моральдық философия. Ақын шығармалары Ташкент, Қазан, Баку, Ыстанбұл және басқа да қалаларда бірнеше мәрте басылып шыққан. 54 Күнә – діни өсиеттерді (Құдайдың, құдайлардың ғақлияттарын, бұйрықтары мен дәстүрлерін) тікелей немесе жанама бұзу; қоғамда қалыптасқан басты адамгершілікті-этикалық ережелер мен нормаларды бұзу. Жалпы мағынада күнә жеке адамның ерік актісінің нәтижесі. 55 Халис –таза,(шын ниет). 56 Ақаид (араб.: ақида сөзінің көпше түрі) – сенімдер. Ақида ілімі – Аллаға, Ақырет күніне, пайғамбарларға және басқа да иман негіздеріне сенуді зерттейтін ғылым. Ол «таухид ғылымы» деп те аталады. 57 Ғибадат – құлшылық. Алла тағала жақсы көретін барлық сөздер мен жасырын және жария істер.

58 Иннамаль ағмалу бинният – амалдар ниетпен болады (саналады). 59 Аттариқ сумматтариқ – жол және жол (тасаууф жолы). 60 Әһлу сунна уәл-жамаға – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) сүннеті мен мұсылман жамағатымен бірге жүретін мұсылман үмбетінің негізгі бөлімі.

64 Фаһымдаған (фаһамлаған) – түсіндірген. 65 Суратульмумин шифа – 1) момынның бейнесі шипа. 2) «Муминун» сүресі (Мүміндер)  – оқығанға шипа. Қасиетті Құранның 23-сүресі, 118 аяттан тұрады. Сүреде сенімнің негіздері ақида, таухид, монотеизм, рисалаһ, қайтадан тірілу, қиямаһ мәселелері талқыланады.

66 Фарқ – айырмашылық. 67 Альджинсу мааль джинси – адам өзіне ұқсаған (тартқан) адамдармен болады. 68 Күлли шайин ярджиғу иля аслиһи – әр нәрсе өзінің түбіне оралады (ат қазығын табады).

69 Сана – мадақ, мақтау. 70 Рахман, Рахим, Ғафу, Карим – Алланың есімдері: Ерекше мейірімді, Аса рақымды (аса қамқор), Кешіруші (ғафу етуші), Жомарт. 71 Фәна – өнер. 72 Хабибі – сүйіктісі. 73 Ғазиз (Азиз) – араб тілінде «күшті», «сирек» және «құнды» деген мағыналарды белдіреді.Қадірлі, қымбатты. 74 Бәнда (бәнде,бенде) – пенде. 75 Салауат – Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) арнап оқылатын дұға. «Салауат» сөзі араб тілінде «береке», «құрмет көрсету», «тілек» сияқты мағыналарды білдіреді.  Салауат айту  – Пайғамбарымызға  (с.ғ.с.) деген жақындығымыз бен сүйіспеншілігіміздің белгісі, оған деген алғысымызды білдіріп, сағынышымыз бен құрметімізді жеткізу. Қасиетті Құранда: «Расында, Алла (ең сүйікті құлы, пайғамбарлардың ең ардақтысы Мұхаммед) пайғамбарға үнемі шексіз нығметі мен рақымын төгіп, күннен күнге мерейін өсіруде. Ал Оның періштелері болса, ол үшін үнемі игі тілек тілеп, дұға етуде. Уа, мүміндер! Ендеше, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар (яғни, оны шын жүректен ардақтап, оған Алланың рақымы мен есендігін тілеп, бар ықыластарыңмен дұға етіңдер және оған қалтқысыз мойынсұнған күйде сәлем жолдаңдар)!» делінген («Ахзаб» сүресі, 56-аят).

76 Ғәзәзіл (Әзәзіл) – азғырушы, арбаушы; діни әдебиеттегі адамдарды Алланың ақ жолынан тайдырып, күнәға батырушы жынның бір аты, шайтан. 77 Жаббар (Әл-Жаббар) – Алланың есімі. Мағынасы: өктем; түзетуші. Яғни Ол мұқалған жүректерді тәртіпке келтіріп, түзетеді, әлсіздер мен дәрменсіздерді қолдап қуаттайды және Өз қамқорлығын паналағандарға жәрдем береді.

78 Тәкаппар – өзін жоғары санау.  «Алла тәкаппарларды (өзін жоғары санағандарды) жақсы көрмейді» («Нахыл» сүресі 23 аят), «Жер жүзінде тәкаппарланып (дандайсып) жүрме… Осы барлық жаман нәрселер, Раббыңның қасында жек көрілген» («Исра» сүресі, 37-38 аяттар), «Адамдарға паңсып, қырындама да жерде кердеңдеп, жүрме. Расында Алла, бүкіл дандайсыған мақтаншақты (такаппарларды) жақсы көрмейді. Жүрісіңде орташа бол да даусыңды бәсеңдет. Сөз жоқ, дауыстардың ең жаманы есектің дауысы» («Лұқман» сүресі, 18-19 аяттар) деген екен. 79 Ақыр заман, заманақыр — адам баласының және бүкіл әлемнің ең соңғы тағдыры. Әділдік пен зұлымдықтың, жақсылық пен жамандықтың, жарық пен түнектің көрінбейтін, жасырын күресінен бастау алады. Жер бетінде имансыздық пен зұлымдық ниеттің басым күш алуы Ақыр заманды, яғни адамзат ұрпағының түгелдей апатқа ұшырау сәтін жақындатады. Ақыр заман туралы мұндай түсінік дүниедегі ірі діндердің (ислам, христиан, иудей т.б.) бәрінде де бар. Мұсылман дінінде ақыр заман туралы ұғым құдайдан қорқу қағидасымен байланыстырылады. Алла-тағала тек құдайдан қорқатын адамдарды ғана сүйеді. Ондай адамдар үрейлі сәттерде де, қуаныш-сүйініш кезінде де, қайғыда да бір құдайға табынады. Өз ашуларын көп сақтамай, басқалардың кінәсін тез кешіреді. Аллатағала тек жақсылық жасайтын адамдарды ғана сүйеді. Оларға ақыр заман кезінде жәр темяиҚ .ідерідліб іднегед намаз рықА ашныйоб інід малси — )әмяиҚ-лә муәИ — ‎‎ةمايقلا موي ашбара( інүк темяиҚ .ідете мед Күнге иман келтіру – иман тіректерінің бір, мұсылман ақидасының ажырамас бөлігі. Ақырет күнi – адамдардың сый не жаза алу үшін және есепке тартылу үшін қайта тiрiлетiн күн. Оның бұлай аталуының себебі, өйткенi одан кейiн күн жоқ, ол – ақырғы күн. Яғни жәннаттықтар – өз мекенiне, тозақтықтар өз мекенiне қоныстанатын күн деген сөз. 80 Қабір азабы – қабірдегілердің тартатын азабы. Ислам ақидасы бойынша, қайтыс болған адам ақыретке дейін барзах әлемінде болады. Ол адамға жаннат бұйырып тұрған болса, қабірі жаннаттың бір бақшасына айналып, оған жаннаттағы орны көрсетіліп, азаптан аман болады. Ал кімде-кімге тозақ бұйырған болса, оның қабірі тозақтың бір шұңқыры секілді қара түнек болады. Және қабырғасы бір-біріне кіріп кететіндей дәрежеде қысылып, ауыр азап шегеді.

81 Әмір мағруф (әмір мағрұп), нәһи мұнкар – екі парыз: 1. Адамдарды тура жолға салу. 2. Күнә қисық жолдан қайтару.

82  Хали – бос (уақыт). 83  Әз-Хазірет – Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.). 84 Болдым ғарық – баттым. 85 Харазы – «халас» (?) болуы мүмкін. Халас – соңы, бітті деген мағынаға ие.

86 Иннамаль муминуна ихуатун – шын мәнінде иманды адамдар бір біріне туыс (Құран). 87 Әлфақру фахри – кедейлік  менің мақтанышым (Хадис). 88 Науазиғи сақи – лайықты болуға ұмтылу,сәйкес болу.

Әулиелер ордасы: әдеби-танымдық мұра / Жауап ред. Д. Қамзабекұлы; түсініктерін жазған К. Тиышхан, арабша мәтінді саралаған М.Смағұлов. – Нұр-Сұлтан: «Астана полиграфия» баспасы, 2019. – 322 б.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button