Хүжраттың 8-ші жылында болған оқиға
Осы жылы Хайбыр қаласы азат етілді. Әбусафиан қызы Хүбәйбе мен Расулалла ғ.с. осы жылы некеленді. Сол жылы Мұхаммед ғ.с. әр тараптағы патшаларды иманға үндеп, хат жазды. Қайсы біреулері қабыл алып, мұсылман болды. Қайсыбірі қабыл алмай әлек болды. Мысыр патшасы бұл жылы хат алған соң иманға келіп, пайғамбар ғ.с.-ға Мәрия, Сәрия атты екі әйелді атады және бір дүлдүл, Яғпор атты бір қашырды сыйлық етіп жіберді. Пайғамбар ғ.с.-нің ғазиз баласы Ібраһим осы Мәриядан туған, ал дүлдүлді хазреті Ғали мінген еді.
ХҮЖРӘТТІҢ 8-ПІІ ЖЫЛЫНДА БОЛҒАН ОҚИҒА
Бұл жылдың Сафар айында, Халит бин Уәлит, Ғамур-ибн Ғас, Ғұсман бин Талха Мединеге келіп ислам дініне қызмет көрсете бастаған еді. Хазреті Халит батыр да қуатты еді. Хазреті Халиттың мұсылман болуына сақабалар мен пайғамбар ғ.с. шат болды.
Пайғамбар ғ.с. бұл жылы Басра патшасына дін исламға сен деп Харс бин Ғамерден хат жіберді. Шамда төрелік етіп тұрған Шәрхәбил хазреті Харсті өлтірді.
Пайғамбар ғ.с. бұл хабарды естіп, ашуы келді. 3000 әскер әзірлеп, Муттә соғысына аттандырды. Зәйд бин Харсані әскер басшылығына сайлады. Егер Зәйд шейіт болса, әскер бастығы Жағыпар ибн Әбутәлиб болсын, ол шәйт болса, Абдолла бин Рауаха болсын. Ол да шәйт болса, жалауды келесі бір адам алсын деп өсиет қылып, пайғамбар ғ.с. ескерді Мединенден сахараға дейін шығарып салды.
Ислам әскері Шам тарапынан Маған деген жерге жеткенде Шәрхабилға жүз мың әскер, Шамдағы арабтардан жүз мың әскер келетінін естіп тоқтатты. «Бұндай көп әскерге қуатымыз жетпес, пайғамбарға хабар берелік. Не айтар екен?» – десті. Сонда Абдоллабин-Рахауа: «Әй, дін ислам мұсылмандары! Біз мұндай соғыстарда әскеріміздің көптігінен жеңбедік. Алла тағала жәрдемімен жеңген едік. Осы жолдан қайтпайық. Жәрдем беруші Алла тағала», – деді. Муттә деген орынға жеткенде, дұшпан әскері қара бұлттай көп көрінді. Оларға қарағанда ислам әскері өте аз еді. Екі әскер қарсы келіп, саптарына тұрысты.
Зәйт-бин Харса оң жағына Хатба-бин Хәтәдәні, сол жағына Ғәбәбә-бин Мәлікті қойып, соғысқа кірісті.
Соғыс қатты болды. Зәйд бин Харса қаза тапты. Онан соң Жағыпар-бин Әбутәлиб кірді. Ол көп уақыт соғысты. Артынан ол да шәйіт болды. Мұнан соң ислам әскерінің қуаты нашарлады. Жеңіліп, ыдырай бастады.
Қатбә-Ғамар: «Әй, мұсылман жамағаты! Не үшін қашамыз? Өлгенше, беріспей соғысамыз», – деді. Мұнан соң бәрі жиылып, Сәбит-бин Ехрам жалауды ұстап, Халит-бин Уәлитке берді.
Хазреті Халит қалған әскерді сапқа тұрғызып, қайраттанып, айқайлап соғысқа кірді. Аш арыстандай дұшпан әскерін қырып, қатты соғыс қылды. Кеш кіргенде екі жақтың да әскері тыйылды. Ертеңінде Халит әскерін өзгертті. Әскерінің солын оңға, оңын солға, алдын артына, артын алдына қойып тізді. Дұшпан әскері алғашқы қуатындай емес. Өлгендері көп еді. Оларға ислам әскері көбейіп кеткендей көрінді. Соғыс қайта басталды. Ислам әскері қуаттанып, үстемдік ала бастады. Мәшрүктер шегінді. 3000 әскерден үш жүз мың әскердің жеңілуі Халиттың батырлығынан еді. Дұшпанның жеңілгенін көргеннен кейін Халит-бин Уәлит әскерін жиып, Мединеге қайтты.
Расулалла һәм сақабалар Зәйд-бин Харса һәм Жағыпар-бин Әбутәлиб һәм Абдолла-бин Рауаханың шәйіт болғандарын естіп, қапаланса, 3000 әскердің 300 мың әскерге төтеп бергенін естіп, шат болды.
Расулалла ғ.с. Халитке Сейфулла деп есім қойды. Пайғамбар ғ.с.-нің асыл жұрты Мекке Мүкәрәмәні азат етуі де осы жылы.
Құрайыштар басшысы Әбусафиан салиқ жазуын жаңартсам деп Мединеге барды. Мединеде өзінің қызы Хүбәйбәға кірді. Қызы Хүбәйбәнің үйінде пайғамбар ғ.с-ға бір төсек бар еді. Әбусафиан сол төсекке отырмақ болғанда, қызы Хүбәйбә: «Ол төсекке отырма! Ол – Расулалла төсегі. Сен мәшрүк болғаның үшін – нәжіссің. Саған рұқсат жоқ», – деп төсекке отыруға тыйым салды.
Әбусафиан ашуланып: «Сен менің қолымнан кеткеннен кейін бұзылғансың», – деді.
Қызы Хүбәйбә: «Әл хамдү іллаһи дін исламға кіріп, күнәдән құтылдым», – деді.
Әбусафиан Расулалланы көрді, не үшін келгенін айтты. Расулалла еш жауап бермеді. Әбусафиан үмітсіз шығып, Әбубәкірге барды. «Мен салиқ жазуын жаңартуға келдім. Мұхаммедке айт, менің сөзімді қабыл етсін», – деді. Әбубәкір: «Қолымнан келмес», – деді. Ол одан шығып, хазреті Ғұмарға барды. Ол: «Маған шапағат ет», – деді. Сонда Ғұмар: «Саған шапағат ету қайда? Сенімен соғысудан басқаны білмеймін», – деп жауап берді. Онан хазреті Ғалиға келді. Ешқайсысы Әбусафианға ілтифат етпеді.
Әбусафиан тауы шағылып, түйесіне мініп, Меккеге кетті.
Меккеге жетісімен құрайыш үлкендері Әбусафианға барып: «Не хабар әкелдің? Салиқымызды жаңарттың ба?» – деп сұрады. Сонда Әбусафиан: «Жаңарту қайда, Мұхаммедтің өзінен де, сақабаларынан да жақсылық ізет көрмедім. Бұлар сияқты басшылардың сөзін берік ұстаған халықты бұрын көрмеп едім», – деді.
Әбусафиан кеткеннен кейін пайғамбар ғ.с. сақабаларына «Соғысқа әзірленіңдер!» – деп бұйырды. Шет тараптағы руларға: «Рамазан басында Мединеге келсін», – деп хабар берді.
Мединеден 5 мың, басқа рулардан 5 мың, барлығы 10 мың әскер дайындалып, Рамазан айының 10-шы күнінде пайғамбар ғ.с. әскерімен Мединеден шықты. Шығарында: «Мақсатымыз – Мекке Мүкәрәмәні алу. Мекке еліне ешкім хабар бермесін», – деген. Бірақ сақабалардың біреуі хат жазып, Сара есімді қатыннан Мекке халқына хабар берген екен. Жебірейіл ғ.с. пайғамбар ғ.с.-ға хаттың кеткенін хабарлады.
Расулалла дереу хазрет Ғалиға: «Меккеге бір қатын хабар беруге кеткен. Қазір бәлен жерге жетті. Еш ықтиярға қоймай, хатын алып келіңіз», – деді. Дереу бұлар барып, қатынның соңынан қуып жетіп: «Хатты тез бер», – деді. Қатын бұларды таныды. Хазреті Ғалидан қорыққанынан хатты берді. Хатты алып, пайғамбар ғ.с.-ға әкеліп берді. Расулалла хатқа қарап, иесі Хатаб бин Әбибәләт екенін білді. Оны шақырып алып: «Не үшін хабар хат жаздың?» – деді. Хатаб: «Иә, Расулалла! Иманымда жамандық жоқ. Меккеде қандастарым көп болғандықтан бұл хабарды естіп, өздерін құтқарсын деп жазған едім», – деді. Ғұмар: «Иә, Расулалла! Бұл мұнафиқтың басын кесемін», – деп ұмтылғанда Мұхаммед пайғамбар рұқсат бермеді. Хатабқа кешірім жасады.
Хазреті Ғаббас Меккеден Мединеге келе жатқан еді. Расулалланың әскеріне қарсы кездесті. Расулалламен көрісті. Расулалла хазреті Ғаббаска: «Әй, қандасым! Мен пайғамбардың соңы болсам, сен – мәшүріктердің соңы болдың. Жамағат балаларынды Мединеге жібер. Өзің бізбен бірге Меккеге жүр», – деді.
Хазреті Ғаббас «Жарайды», – деп, балаларын Мединеге жіберіп, өзі соғыс киімдерін киіп, Расулалламен Меккеге кетті.
Құрайыш руы Расулалланың әскерімен келетінін білмеген. Бұлар Меккеге жақын «Мараззахран» деген жерге тоқтады. Кеш болғанда пайғамбар ғ.с. мың орынға от жаққызды.
Құрайыш руы оттың көптігін көріп, қорқып, Әбусафианның жанына жиналды.
Әбусафиан: «Бұл көп әскер кімдікі екен?» деп, Хакім бин Бәдбил есімді кісіні алып, қарауылдағы әскер жанына келді. Оларға хазреті Ғаббас: «Мекке халқы ойран болмасын, Расулалладан иман сұраңдар», – деді.
Хазреті Ғаббас Әбусафианды алып келгенде: «Әй, Әбусафиан! Лә іләһә ілла ллаһ деп айтуға уақыт болды ма, әлде болмады ма», – деді пайғамбар ғ.с. Әбусафиан: «Лә іліһә ілла ллаһ» – деді. Расулалла тағы да: «Мұхаммадүр-рәсүлүл ллаһү» – деп айтуға болмады ма?» – деді. Әбусафиан: «Маған азырақ кеңшілік бер», – деді. Хазреті Ғаббас: «Әй, Әбусафиан! Тез айт. Әйтпесе, ана шатырда хазреті Ғұмар қылышын көтеріп тұр», – деді. Әбусафиан қорыққанынан, «Мұхаммәдүр-Расулү-ллаһү» – деп иман келтірді. Мұның иман келтіргенін Хакім бин Бәдбил көріп, олар дереу иман келтірді. Хазреті Ғаббас: «Иә, Раббым! Әбусафиан мақтануды жақсы көретін адам. Оған біраз айырма берсең жақсы болар еді», – деді.
Сонда пайғамбар ғ.с: «Кімде-кім Әбусафианның үйіне кірсе, мешітке кіргендей Әмин десін», – деді. Әбусафиан Құрайыштарға барып: «Әй, жамағат! Мұсылман болыңыз, сонда сәләмәт боларсыз», – деді.
Әбусафианның әйелі Хинді бұл сөзді естіп, Әбусафианның сақалына жармасты: «Әй, құрайыш халқы! Мынау диуана қартты өлтіріңдер», – деп айғайлады. Мекке халқы бұл хабарды естіп, не істерін білмей, абыржып қалды.
Пайғамбар ғ.с. Меккеге жеткеннен кейін, әскерін бөліп, әрқайсысын әр жерден кіргізуге әмір берді. Халит бин Уәлитке бірнеше әскермен Меккенің төменгі жағынан кіруге бұйырды. Егер Мекке халқы өздері соғыс қылмаса, ешқайсыңыз ешкімге тиіспеңіз. Тек, Ғәкәрәмә, Сафиан Ғабдолла бин Сағат, Абдолла бин Зәбіғари, Ғабдул Ғази, Хуайрс, Мақис, хазреті Хамзаны өлтірген қатын – Әбусафиан қатыны Хинді, Бин хаталының екі жариясы және де Сара атты қатынды, ерлерден сегіз кісіні, қатындардан төрт кісіні ұстап алып, өлтіріңіздер! – деді.
Сонан соң сақабалар пайғамбар ғ.с.-нің әмірі бойынша түрлі-түрлі жолмен ақырын барып қалаға кірді. Мекке халқы еш қарсылық жасамады. Ғәкәмәрә Меккенің төмен жағынан Халит бин Уәлитке қастық қылып, соғыспақшы болса да Халит бин Уәлит тез соғыс қылып, 13 мәшрүкті өлтірді. Басқалары қашып кетті. Онан соң Халит Мекке Мүкәрәмәға кірді. Пайғамбар ғ.с. Халиттің соғыс қылғанын көрсе де мәжбүр болғаны үшін түсініп, ғафу етті.
Пайғамбар ғ.с. біраз уақыт Меккеде тұрып, Мекке маңында тұрған руларды дін-исламға үндеуге әскер жіберді. Халит бин Уәлитті бір керуен әскермен Жазима нәсіліне жіберді. Жазима нәсілі Жәһлит заманында Халиттің атасымен бір туған қарындасын өлтірткен еді. Халит олардан өш алуды ойлап жүретін. Осы жайды пайдаланып, Халит Жәзима руының көп адамдарын қырып жіберді. Бұл оқиғаны пайғамбар ғ.с. естігеннен кейін: «Әй, Раббым! Мен Халиттің қылған ісінен безіндім», – деді. Одан кейін хазреті Ғалиді көп малмен Жәзима халқына жіберіп, өлтіргендерінің хақысын төлеп, разы қылды. Мекке маңындағылар мұсылмандар болды. Сөйтіп, дін ислам тағы да қуат алып, күшейді.
XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова
Суретті түсірген Сұлтан Сейіт