Рабғұзи

Хазреті Ғали Кәрәмоллаһу Уәжіһаның иман келтірген қиссасы

Расулаллаға дүйсенбі күні пайғамбарлық келді. Сейсенбі күні хазреті Ғали кәрәмоллаһү уәжіһа иман келтірді. Қатындардан иман келтірген бірінші кісі Хади-ша еді. Балиғатқа толған ерлерден иман келтірген хазіреті Ғали еді. Мұнан соң Зәйд ұлы – Хараса, Ғұсап ұлы – Ғафан-Зүлнәурайын, Забер, Ғабрахман, Сағыт, Ебүні-Оқас, Талһа иман келтірді.

ҒҰМАР РАЗИАЛЛАҒАНҮҺІНІҢ ИМАН КЕЛТІРУ ҚИССАСЫ

Мекке кәпірлері әр күн хәрәмдә жиылып отырып Пайғамбар ғ.с.-ға қастық жасауды ойлайтын. Бір күні Әбужәһил айтты: «Әй, Ғұмар! Майданға кір. Егер Мұхаммедтің басын жасырын кесіп әкелсең, қызыл түкті жүз түйе, мың алтын беремін», – деді. Бұл сөзге Ғұмар риза болды. Хамар (арақ) ішті. Қолына қылыш ұстап, Мұхаммед ғ.с.-ға қастық қылуға жәнелді.

Сол кезде Хақтағала: «Әй, Ғұмар! Сен Мұхаммедке қастық қылмақсың. Ал мен сені Мұхаммедке қызмет етер деп тіледім», – деді.

Ғұмар Мұхаммед пайғамбардың басын алуға кетіп бара жатқан жолда Хабаб есімді сақаба жолықты. Бұл Хабаб Ғұмардың қыз қандасын алған еді. Ол Ғұмарға: «Қайда барасың?» – деп сұрады. Ғұмар Мұхаммедке деп айтуға арланып, «Әбутәлиб жетімінің басын алуға барамын», – дейді. Хабиб айтты: «Әй, Ғұмар! Олай етпе, Расулаллаға иман келтір!» – деді. Сонда Ғұмар: «Қарай гөр, сен де оның дініне кіріп пе едің?» – деді. Сонда Хабиб: «Мен түгіл, қыз қандасың да иман келтірді», – дегенде Ғұмар: «Олай болса, хош. Не сізді, не пайғамбарыңызды қалдырармын», – деп ашуланып, қарындасының үйіне кірді. Бір тауық көріп, қылыш ұшымен шауып өлтіріп, қыз қандасына беріп: «Мынаны пісір» – деді. Қарындасы пісіріп, Ғұмардың алдына қойды. Ғұмар қарындасына: «Кел! Бірге же?» – деді. Қарындасы: «Ол тауық өлексе. Мен оны жемеспін», – деді. Ғұмардың ашуы қысты, қарындасына қылыштың ұшын көрсетіп: «Сөйле!» – деді. Қарындасы: «Не сөйлеймін? Мені жаратқан Раббым. Рабымды сүйемін», – деді. Ғұмар тауықты жалғыз жеді де ұйқыға кетті.

Хабиб қатынымен отырып құран оқи бастады. Ол қайта-қайта бір аятты оқыған еді. Ұйқыда жатқан Ғұмар құранды естіп оянды. Тыңдай түсті. Құран аяты көңіліне қош келді. Көңілі біраз жұмсарып, орнынан тұрып: «Неге оқисың? Қолындағыны маған бер, қайда?» – деді. Сонда қарындасы: «Қолың таза емес, саған бермеймін», – деді.

Хазреті Ғұмар қандасына: «Әй, қандасым! Егер мен тәубә қылып, иман келтірсем, Хақтағала күнәмді кешіре ме?» , – дегенде, қарындасы: «Хақсүбіхана уатағала шәйіт күнәңді кешірер», – деді. Ғұмар: «Әй, қандасым! Мені Мұхаммед жанына алып бар», – деді. Дереу екеуі Расулалла ғ.с.-ға барды. Сол кезде Жебірейіл ғ.с. келді. «Әй, Расулалла! Сүйінші! Ғұмар аты кәпірлерден өшіріліп, мұсылмандар дәптеріне жазылды. Ғұмар келді, қарсы алуға шық», – деді. Расулалла ғ.с. Ғұмарды қарсы алды. Ғұмардың көзі Расулалланың көзіне түскенде жақсы сәлем беріп: «Әй, жарандар! Маған бұрын Мұхаммедтен дұшпан ешкім жоқ еді. Бүгін Мүбәрәк жүзін көргенде, енді Мұхаммедтен дос, сүйікті ешкім қалмады. Мен Мұхаммедтің басын алуға келген едім, енді жанымды Расулаллаға пида қылдым», – деп Расулалланың аяғына жүзін сүртіп: «Иә, Расулалла! Хақ пайғамбары сен маған иман қарыз қыл», – деді. Расулүллә, Кәлимә и тайбәны оқыды.

Хазреті Ғұмар: «Ла іләһә ілла ллаһ Мұхаммәдү р-Расулү ллаһ» – деп иман тілімен айтып, таза мұсылман болды.

Расул ғ.с. Ғұмарды құшақтап құрмет қылып: «Бәрә-кәаллаһү, Ғұмарға Алланың рахметі жаусын», – деді. Хазреті Ғұмармен мұсылман қатары қырыққа толды. Ислам діні қуат тапты. Ғұмар мұсылман болған уақытында намаз уақыты кірді. Хазреті Біләл азан айтқанда, Ғұмар: «Бұл қандай зікір», – деп сұрайды. Сонда Хазреті Біләл: «Бұл – азан. Намаз ғибадатқа үндер», – деді. Ғұмар: «Намазда Қағбаға барып, ашық оқитын болайық», – деді. Сонда сақабалар: «Дұшпан күшті, олардан қорқамыз», – деді. Сол уақытта Жебірейіл ғ.с. мына аятты келтірді.

«Әй, Мұхаммед! Саған ерген мүміндер жетекшісі Аллатәбәрәкә уә тағала», – деді. Пайғамбар ғ.с. барлық сақабасымен аман-есен қағбаға барды. Ол кезде Әбужаһил араб ұлыларымен Ғұмар хабарының соңын күтіп отырған кезі еді. Ғұмар Мұхаммед пайғамбардың басын кесіп әкелер деп сүйсіне қарасқан болатын. Жақындап келе жатқан мұсылмандардың жүрісі бөлек, ғажап еді. Расулолламен Ғұмар бірлесіп, бір-бірімен қол ұстасып келе жатқан-ды.

Ғұмар қылышын көтеріп: «Алла тағала бізге имам жіберді. Ол имам Мұхаммед ғ.с. Сіздерді қылышпен соғысып жүріп өлтіреміз. Бірге туған ата мен қарындастарыңды да қалдырмаспыз», – дегенде, Әбужаһил мен араб ұлылары хазреті Ғұмардың бұл сөзін естіп, қаша бастады. Ғұмар Қағба есігін ашты. Расулалла бастаған барша сақабалар сонда кірді. Ол күні қағбада 360 пұт (кәпірлердің құдайы) бар еді. Ғұмар сурет-құдайларға қарап аят оқыды. «Әй, суреттер! Айтқан сөздерім хақ болса, сәжде қылыңдар». Ғұмар бұл сөзді айтқанда барша пұттар сәжде етіп бүгілді. Әбубәкір айтты: «Егер пұттар сәжде етпесе. Ғұмар ислам дініне шүбә келтірер», – деп.

Ғұмар ол пұттарды сүйреп Қағбадан шығарып тастады. Бір үлкен пұтты қол жеткізбес жерге, жоғары мінгізіп қойған екен, Расулалла ғ.с. Хазреті Ғалилға: «Иә, Ғали! Үстіме шығып, анау пұтты түсір», – деді. Хазреті Ғали; «Иә, Расулалла! Не себепті үстіңізге аяқ қоярмын?» – деді. Сонда Расулалла: «Әй, Ғали! Менің сөзімді аяқ астына тастағаннан гөрі, менің тілімді алып, үстіме аяқ қойғаның артығырақ», – деді. Сонда Ғали: «Сен мені көтеруге қуатың жетпес», – деді. Расулүлла хазреті Ғалиді көтеріп тұрып; «Әй, Ғали, қолың жетті ме?» – дегенде, хазреті Ғали айтты: «Иә, Расулалла! Сондай жоғары шықтым. Егер қолымды созсам, ғарышқа да жетер еді», – деп пұтты түсірді.

Ғұмар ислам дініне еніп, ислам діні қуат тауып, Қағбадан пұттар шығарылды. Содан кейін Мекке мәшрүктері Қағбаға ешбір пұт кіргізе алмады.

Мұхаммед ғ.с. Меккеде дүниеге келген. Ана құрсағында алты ай кезінде атасы Ғабдолла опат болды. Алты жасқа толғанда анасы Әлимә қайтыс болды. 8 жасында бабасы Ғабдүлмүтәлиб опат болып, пайғамбар ғ.с. Әбутәлиб тәрбиесінде жүріп, балиғатқа толды. Алладан әмір келіп, 40 жасында пайғамбар болды. Пайғамбарлық қонғаннан кейін 13 жыл Меккеде тұрды. Одан кейін Мединеге көшті. Мединенде 10 жыл тіршілік етті. 63 жасында Рабиғұл айының 12-де, дүйсенбі күні бұ дүниеден о дүниеге көшті. Яғни фәниден бақиға көшті.

Мұхаммед ғ.с. бірінші Хадишамен некелескен. Анамыз Хадишадан екі ұл, төрт қызы болды. Үлкен ұлының есімі Ғабдолла еді. Бұл Ғабдолланың лақап аты – Таһир-Тайып еді. Екінші ұлының есімі Қасым еді. Ал қыздарының есімі Зейнеп, Рухия, Үммікүлсім, Пәтимә. Пайғамбарымыздың барлық баласының саны жетеу.

Адамдардың өз пайғамбарымыздың балаларын білместігі үлкен кемшілік. Сондықтан әр мүміндер өз балаларының атын қалай білсе, пайғамбар балаларының атын солай білуі тиіс.

Пайғамбар ғ.с.-нің ер балалары сәби күнінде опат болған. Пайғамбар ғ.с. Пәтимәні хазреті Ғалиға адал жұптыққа берді. Зейнепті Әбілқасқа, Рухияны Ғұсманға берген. Рухия опат болғаннан кейін Үммікүлсімді Ғұсманға тағы да жұптылыққа берген.

Мұхаммед ғ.с. дүниеден өткенде соңында 9 қатыны қалды. Пайғамбар ғ.с. көп әйел алуға тиіс болған. Сондықтан да шариғат үкімінде көп мәселелер бар. Қатындар өздері пайғамбар ғ.с.-нан сұраса әдепсіздік болар еді.

Пайғамбар ғ.с. Алланың ерекше нұрына бөленген. Пайғамбар ғ.с. еш уақытта қатты күліп, қатты сөйлемес еді. Жымиып қана күліп, көңілі таза, сөзі ләзатты, ғайбат сөйлемес, ұялшақ, ешкіммен ренжіспес еді. Мағынасыз сөз сөйлемейтін. Ешбір адам баласына қол көтеріп ұрмаған. Оның мәжілісінде ғылымдықтан басқа сөз айтылмайтын. Үлкендерге құрмет қылып, жастарға мәрхабат етіп, әркімге жақсылық қылған жан еді.

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Суретті түсірген  Сұлтан Сейіт

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button