Рабғұзи

Қисса Қызыр мен Мұса ғалайһи-уәссәләм

Мұса ғ.с.-ға Тәурат келгеннен кейін Тәуратты оқып бітіріп, көңілі толып: «Әй, Раббым! Бұл ұлы кітаппен бірге маған ғалымдық бердің. Бұл күнде менен артық ғалым құлың бар ма?» – дейді. Сонда Хақтағала: «Әй, Мұса! Мәшқұр тарапында бір құлым бар. Сенімен салыстырғанда оның білімі дариядай да сенікі тамшыдай ғана», – деді. Мұса ғ.с: «Әй, Раббым! Ол құлың кім? Оны қайдан табамын?» – деді.

Хақтағала: «Ол Қызыр. Парсы мен Рүм дариясы қосылған жерден табасың», – деді. Мұса ғ.с. өзінің шәкірті Ючеғ бии Нүн Бин Абраһимді ертіп жолға шықты.

Мұса ғ.с. Хақтағаладан сұрады; «Мен Қызырды қалай табармын?» – деді. Хақтағала: «Қапшығыңа пісірілген бір балық сал. Сол балық қай жерге келгенде жоқ болса, Қызыр сол жерде болар», – деді.

Мұса ғ.с. мен Ючеғ екеуі дария қосылған жерге б-рып жетті. Мұса ғ.с. демалып ұйықтады. Ючеғ бір бұлақтан дәрет алды. Дәрет алған сәтте су қапшықтағы балыққа шашырап, балық тіріліп, дарияға түсіп кетті. Ючеғ балықтың тіріліп, дарияға түскенін Мұса ғ.с.-ға айтуды ұмытып кетті.

Мұса ғ.с. ұйқысынан тұрып, Ючеғпен тағы жолға түсті. Ертеңгісін, Мұса ғ.с. бек жүдеп, қарны ашып, Ючеғқа: «Азықты әкел, бұл сапар бізді қиындыққа душар ететін түрі бар», – деді.

Сонда Ючеғ: «Сіз білесіз бе, Расулолла! Кеше біз тас жанына келгенде балық сол жерде тіріліп, суға кеткен. Мен балықтың тірілгенін айтармын деп, ұмытып кетіппін. Оны ұмыттырған шайтан», – деді.

Мұса ғ.с: «Біздің тілегіміз сол балықтың тірілгені ғой», – деп кері қайтты.

Ғалымдардың бәрі Хақтағала маңайында болған. Соның бірі Қызыр ғ.с. еді. Қызыр есімі – Бәлия еді. Атасы Мәлкен есімді болатын. Бәлияны Қызыр деп атауының себебі, әр басқан жері жасыл болғаны үшін және дүниенің ақырына дейін ауырмай ғұмыр кешкені үшін.

Мұса ғ.с. Алла тағала айтқан құлды көргенде, «Әссә-ләмү-ғәләйкүм иә нәбиоллаһү», – деді. Қызыр ғ.с: «Уә ғәләйкүмәссәләм, итә Кәлимолла», – деді. Мұса ғ.с: «Менің Кәлимолла екендігімді қайдан білдің?» – дегенде, Қызыр ғ.с: Саған менің Қызыр Нәбиолла екендігімді білдірген Алла тағала маған да білдірді, – деді. Сол кезде, бір құс ауадан ұшып келіп, Мұса ғ.с. мен Қызыр ғ.с. ортасында қалықтап тұрып, аузынан бір-екі тамшы су төкті. Қызыр ғ.с. жымиып күлді. Мұса ғ.с: «Неге жымиып күлдің?» – деп сұрағанда, Қызыр ғ.с: «Бұл құс, сенің ғалымдығыңның жанында бұл кісінің білімі екі тамшыдай ғана дегені. Сол үшін жымидым», – деді. Мұса ғ.с. кәмал әдептілік пен кішілік етіп: «Әй, Қызыр! Алла тағала берген ғалымдықты сенен үйрену үшін саған ерейін бе?» – деді. Сонда Қызыр ғ.с. «Ақиқатта, менімен бірге жүріп, сен сабыр қыла алмассың. Өйткені, сен ұлы дәрежелі пайғамбар, менің ішімнің қулығы мен бұзықтығынан бейқамсың. Егер сен маған ерсең, өзің білмейтін нәрсені мен саған ұнамайтындай етіп әрекет жасағаныма сабыр сақта, сұрама. Өзім кейін айтып түсіндіремін», – деді. Мұса ғ.с. Қызыр сөзін қабыл етті.

Содан кейін олар кеме іздеп, дария шетіне келді. Қызыр ғ.с. балта алып келіп, кеменің бір тақтасын қопарды. Бұл іс Мұсаға ұнамады. Ол: «Кемедегі халық әлек болсын деп тестің. Опасыз іс қылдың», – деді. Сонда Қызыр: «Иә, айтпадым ба, ақиқатта сенің менімен жүруге сабырың жетпес», – деді. Мұса ғ.с. кешірім сұрады.

Кемеден шыққан соң, Мұса ғ.с. мен Қызыр екеуі біраз жүрді. Жолда бір ер бала жолықты. Мұнан соң Қызыр ғ.с. баланы өлтірді. Ол ер баланы өлтіргенде Мұса ғ.с: «Күнәсіз баланың жазығы не еді?» – дегенде, Қызыр ғ.с: «Мен саған айтпадым ба? Менің ісіме араласпа. Сабыр сақта. Сұрақ қойма», – деп реніш білдірді.

Сонда Мұса ғ.с. қатты ұялып: «Сенен сұрайтыным, енді мені өзіңе жолдас қылма», – деп, үш мәртебе сабыр сақтамағанына қынжылды.

Сонан кейін жүріп, Қызыр мен Мұса ғ.с. Антокия жеріне келіп, тамақ іздеді. Олар бір қойманы көрді. Ол қойманың биіктігі 100 аршын еді. Жаңағы қойма бір жаққа бүтіндей қисайып, құлағалы тұр екен. Қызыр ғ.с. бұл қойманы селкілдетіп, сол селкілдеу арқылы оны қалпына келтірді.

Мұны көрген Мұса ғ.с: «Сен бұл қойманы түзеткенің үшін ақысына тамақ аларсың», – деді. Мұса ғ.с.-нің бұл сұрағынан кейін Қызыр ғ.с: «Бұл сенің үшінші сұрағың. Сондықтан екеуміздің айырылар кезіміз келді», – деді. Сөйдеді де болған оқиғаларға түсінік берді.

«Ол кеме он жетім баланікі еді. Олардың бесеуінің кәсіп етер шамалары жоқ еді. Ал, бесеуі дарияда кемемен кәсіп ететін. Жетімдер Мәнуар есімді патшасына жалынып, күн көріп отырған кемесін тартып алмауды өтінді. Жетімдер кемесін ол патша тартып алмасын деп қиратып тастадым», – деді.

«Екінші, жолда кездескен ер баланың әке-шешесі мү’мүн еді. Ол ер бала өзінің азғандығы, кәпірлігі себепті, ата-анасына азап әкелуінен қорықтым. Сонан соң, біз Алладан ол азғын бала орнына жақсы бала беруін тіледік. Ол ізгі бала азғындықтан пәк, ата-анасына шапағаты тиер, мейірімді болар».

«Үшінші, екі жетім баланың қазасы сол қисайып, құлағалы тұрған қойма еді. Оның астында бір алтын тақта бар болатын. Сол тақтада жазылған ғылым түрлері бар еді. Осы екі жетімге керекті қазына сол болатын. Егер қойма қабырғасы құласа, бұл қазына көміліп жер астында қалар еді», – деді.

Мұса ғ.с. Қызыр ғ.с.-нан айырылысар сәтте: «Әй, Қызыр! Маған насихат айт», – деді. Сонда Қызыр ғ.с: «Біріншіден, ашық жүзді бол, ашушаң болма. Екіншіден, адамдарға пайда тигіз, зиян келтірме. Үшіншіден, өзіңді пайдасыз істен сақта, ақырудан, ұрсысудан сақта. Төртіншіден, қажетсіз жерге барма», – деді.

Қызыр ғ.с.-нің төрт насихатын естігеннен кейін Мұса ғ.с. үш жыл ғана ғұмыр өткізді. Мұса ғ.с. дүниеден өткен соң Алла тағала Ісраил жұртына Дәуіт пайғамбарды жіберді.

 

XІІІ ғасырдың аяғы мен XІV ғасырдың басында көне түркі тілінде ірі туындылар әкелген Насируддин Бұрһануддин Рабғұзидің «Қисса-сүл-әнбийя-и» еңбегін татаршадан аударған Роза Мұқанова

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button