Ғақлиат

Өзімнің өткенімнен айтайын

Ауданбай қажы Ахметжанұлы

Мен өз басым әлдебір қарапайым шешім қабылдамас бұрын, бұл қылығымды ел қалай қабылдайды деген сұрақ алдымда көлденең тұрады. Кейде өзімді өзім «жауапкершіліктен жалтарасың», «шешімсізсің» дегендей ойша кіналайтын кездерім де болып қалады. Бір жағынан, бұл көпшілік алдында жауапкершілігің деп бір ойым жұбатса, екінші түйсігім – ел көзінше теріс шешім қабылдаудан қашқақтайтын қорқақтығың, жаман атақ жабыла ма деген өзімшілдігің деп кінәлайды. Бұл екіұдай түйсіктің қайсы дұрыс, қайсы қате екенін осы уақытқа дейін біле алмадым, дұрысын Алла біледі.

Осы орайда басымда болатын мына бір жәйді бөлісуді жөн көрдім. Жастайымыздан Алла жалғыз, пайғамбар хақ деген сенімді санамызға ұялатып өскенімізбен, Аллаға құлшылықты кеш бастадым. Алғашқы кезде бірден құлшылыққа кірісіп кетуге құлшылықтың барлық парыз, уәжіп, сүннәт амалдарын толық орындай алмай, намаз оқымаған күнәмнан да көп күнә жамап аламын ба деген қорқыныш пен үрей бірден намазға жығылмауға себеп болды. Осылай әрі-сәріде оқырмын-оқырмын деген ниетті күнде кейінге қалдырып жүрген кезімде, жатқан жері жайлы болғыр Мырзақожа әкеміз бірге болған кездерінде ылғый намаз оқысайшы деп ескертетін. Жұбайым Қалимаш та бірлі-жарым намазға неге жығылмайсың дегендей ой айтып қалатынды шығарды. Алла нәсіп етіп, намазға жығылдым. Намаз сабағын, жатқан жері жайлы болғыр Мырзақожа әкемізден үйреніп, сол кісіден ақыл-кеңес алдым. Жаттаған сүрелерімнің дұрыс айтылуын сол кісіге айтып түзетіп алуды әдетке айналдырдым. Ол кісі негізінен мінезі жұмсақ, кісіге ұрсып, зекіп, әйт-бүйт дейтін мінезі жоқ, айтатын ой, ақыл-кеңесін бұлай істесейші деген сипатта жайлап жеткізетін әдеті болатын.

Намазға жығылып, аздап төселгеннен кейін, маған жайлап, «неге Құран әліпбиін үйреніп, Құран оқыуға талпынбайсың» деген сияқты ақыл-кеңесін реті келген жерде айтып қалып жүрді. Содан сол кісінің сөзі себеп болып, араб әрпін үйреніп, ежелеп Құран оқуға кірістім. Бірталай шаруа тындырдым ғой деген оймен өзіме өзім тоқмейілсіп жүрдім. Бір күні осы Құранды арап әліпбиімен оқудағы деңгейім қай мөлшерде екен деген ниетпен Астанаға көшіп келген соң С.Ғылмани атындағы мешітке барып, білім деңгейімді байқасам, айтуға келмейтін төменгі дәрежеде екеніне көзім жетті. Сол күннен бастап мешітке барып білгілікті ұстаздардан дәріс алуды бастадым. Ұстаздардың көмегімен бұрынғы жаттаған сүрелерімнің қатесін түзеп, жаңа сүрелерді дұрыстап жаттап, Құранды біршама тәжиуд ғылымына сәйкес оқуға машықтанған сияқтымын. Бұл туралы ұстаздардан да дұрыс пікір естідім. Ұстаздарымыз, жаттаған сүрелерімізді әлсін-әлсін жатқа айтқызып, қателерімізді түзетін.

Бірақ мен табиғатымнан қорқақпын ба, әлде Алла алдында жауапкершілікті сезінген әрбір адам солай ма, Қасиетті Құраннан аят оқығанда толқымай оқи алмаймын, өзіммен бірге сабақ алып жүрген ақсақалдармен бұл туралы сөйлескенімде олар да өздерінің осындай толқуда болатынын айтты. Осыдан кейін бұл сезім жалғыз менде ғана емес, басқаларға да тән екен деген ұғыммен өзімді тыныштандырдым.

Дегенмен, ел алдында әлде қалай қасиетті Құраннан сүре оқи қалсам, бір әріпті, не бір сөзді айтқанда қате жіберіп аламын ба, болмаса ұмытып, аяттан сөз қалдырып қоямын ба деген үрей көлденеңдеп тұра қалады. Ал сол көпшіліктің арасында құдайыға жиналғандардың ішінде оқыған аятының асыра айтса жартысын қате оқитын «моллалар» бар дауысымен әндетіп, бір емес өзі шала-шарпы жаттаған сүрелерін қоймай-қоймай оқығанда оларға таң қалып, бір жағынан жаным ашып отырады. Өйткені, Құран «бір әрпін қате оқыған адамға лағнет айтады» дегенді білмей ме, әлде білсе де керек қылмай ма, қайдам?! Өткенде жолда жүріп жасы өзім қатар азаматпен жамағат болап намаз оқыдым. Өзі имам болуды қалап тұрған соң артына тұрып ұйып намаз оқыдым. Намаз біткен соң, мына жерде, мына жерде жаңсақтық бар екен көзі қарақты, білімі терең кісінің алдында оқып, түзетіп алсаңыз болады деген досшарлық кеңесімді әжептәуір көңіліне алып, өзінікінің дұрыстығын қуаттады. Осыдан кейін біреуге мынау былай екен деудің өзі керегі жоқ екен деген ойға келдім. Өйткені білмегенімді білейін, қатемді түзейін дейтіндер  аз сияқты. Осыларға қарап, кейде анау да сондай біліммен сөйтіп жүр ғой, молдалық құрып табыс табуды кәсіп қылып жүргенім жоқ, бісмиллә білмейтіндердің арасында қасиетті Құраннан аятын оқығанға неге қиналасың деген ой кінәлайды. Құран оқып отырып, қате жіберіп қоямын ба деген қорқыныш Алладан басым ба әлде жамағаттан басым ба, не екеуіненде ме. Алланың жарылқауына жолықсаң кешпейтін күнә-қатесі жоқ деген Аллатың кеңшілігінен үміт күткендіктен, қатені кешіре бермейтін пенделерден қорыққанда дұрыс па деп ойлайсың.

Қалай дегенде де, қорқыныш – адамды көп қате-күнәлардан ауыздықтайтын сезім. Егер адамда қорқыныш сезімі болмаса, ол жыртқыштардан әлдеқайда сойқан бұзықтық істеуге барары сөзсіз. Содан да халқымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық, қорыққаннан қорықпа» деп кеңес беріп, Құдайдан қорыққан пенде, жамандыққа жоламайтынын, ал қорықпаған адамның неше түрлі қылмыс-күнәға баратындығын меңзеген. Әлі күнге дейін екі біріне-бірі кереғар түйсік бірін-бірі жеңе алмай күресіп әуре. Оларға тиянақты уәж айтып келістіре алмай мен де екі ұдай.

 

Басы. жалғасы

https://kozhalar.kz/20207995-namazda-zhii-oqylatyn-ayattar-men-sureler

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button