Ғақлиат

Бір қайыры бар дүние

Мәлік Отарбаев

Не үшін жанталасамыз?

 Әлемнің картасы ауысты. Ел мен жер талан-таражға түсті. Таланғандар жерсіз қалды. Көз жасы, қан төгілді. Жетім-жесір, аш-жалаңаш. Соғыстың саудасы – бақай есеп. Жазушы ағамыз Бердібек Соқпақбаев айтқандай: «Соғыс біреуге соғыс болса, біреуге ырыс». Ай дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ.

Дүние дүрбелең. Мықты дейтін елдердің өзі мазасыз. Шаңырағы шайқалып тұр. Ошақтың оты өшкен. Бей-берекетсіздік орнаған. Кедей о бастан қайыршы-тұғын, бай да садақаға алақанын жайған. Надандықтың кесірі, тексіздіктің кесапаты күллі шығыс елдерін жайлаған…

Сондықтан да, жазушы, қайраткер Шерхан Мұртаза секілді: «Адамдық пен надандық арпалысқан заманда Алла надандықтан сақтасын! Тектілік пен тексіздік текетірескен қоғамда Тәңірі тексіздіктен сақтасын! Көргенділік пен көргенсіздік кескілескен кезеңде Құдай көргенсіздіктен сақтасын!» деп шын ниетімізбен тілек тілеуіміз қажет.

Адамдыққа асықпасақ, сойлының сойылын соқпасақ, көргенділікке жол ашпасақ, қалай сақтанамыз? Рухымызды көтермесек, мәдениетімізді дамытпасақ өз-өзімізді қалай қорғаймыз?

Ең үлкен қорғаныс күші – рухтың биіктігі, жанның тазалығы, мәдениеттің тереңдігі. Осыны жан-жүрегімен сезінген көрнекті ағылшын саясаткері, премьер-министр Уинстон Черчилль соғыс кезінде мәдениет саласына бөлінетін қаржыны қысқартайық, ақшаны әскерге жұмсайық деген министрге: «Онда біз не үшін соғысып жатырмыз?» – деген екен.

«Мәңгілік Ел» атты ұлы мақсатқа мәдениетіміз, әдебиетіміз қызмет етіп, қолдау көрсете алмай, қаржыдан қысылып, жадап-жүдеп отыра берсе, мынау ұлан-байтақ жерде қалайша «Ұлы дала елі» болып еңсе көтермекпіз?..

 Көзқарас

 Әркімнің өз «шындығы» бар. Сол шындықты жеткізетін «сөзді» де әркім әрқалай түсінеді. Түптің түбінде «ақиқатқа» жүгінбесеңіз, күнделікті шындығыңыз тіршілік ауанына қарай бірде олай, бірде былай өзгере береді.

Ал ақиқат пен шындықты ажырата алмаған бүгінгі шығыс халықтарының жағдайы баршаға мәлім. Олар қазір кімге сенерін білмейді. «Араны ашылған қыран аңды да алады, аңшының өзін де алады» деген бар. Ендеше екеуі де ашкөздіктің, дүниеқоңыздықтың құрбаны болғаны анық.   Бір анадан туғандар бір-біріне қас. Араздасқан ағайындардың ішінде өлгендер не үшін өлгенін, өлтіргендер не үшін өлтіргенін білмейді. Өйткені көретін көз, ұғатын сана, сенетін көңіл қалмаған.

Шынтуайтында, бар мен жоқты, ақ пен қараны, дос пен қасты ажырататын көзқарас қажет. Керек десеңіз, бар бітім-болмысыңызды өзгертетін де сол. Көзқарас.

Заман өзгерді десек те, ақиқат сол күйінде қала береді. Өзгеретін адамның өзі.

Сол сияқты ажалды  да «тажал» деп, «сұм» деп қанша кінәласаңыз да, ол  Әзірейіл періштенің Құдай алдындағы ақиқаты мен міндеті болып қала береді.

Ендеше зұлымдықты қаншама әділдік деп дәріптеп, әділетсіздіктің оркестріне қосылып қандай ән шырқасаңыз да бәрібір, ақиқаттың алдында зұлымдық – зұлымдық, залым – залым болып қала береді.

Адам болмысын құртатын, қоғамды адастыратын – күнә. Кей кісілер күнәні де «шындық» деп қабылдауы мүмкін; біреу мойындайды, біреу мойындамайды. Оған дау жоқ. Алайда күнәдан бойын арылтып, жан-дүниесін тазартатын тәубе – ол да нақ ақиқаттың өзі.

Осындайда А.Линкольннің бүкіл әлемге әйгілі бір сөзі еске түседі: «Кей адамдарды әр кезде, кейбір халықтарды кей-кейде алдауға болады. Бірақ барша халықты алдай алмайсыз».

Иә, «шындық – көп, ақиқат – жалғыз» деген сөз бекер айтылмаған.  Ақиқат өзгермейді, адамның көзқарасы ғана өзгеріп отырады.

 Күтпеген кездесу

 Анкарадағы емханалардың бірінде өз кезегімді күтіп отырғанымда, қасымдағы орындыққа бір ақ шашты, қарт кісі келіп жайғасты. Көз әйнегін орамалымен сүртіп, жан-жағына көз тастап, маған қарай бұрылып:

– Қазақсыз ба? – деп сұрады.

Әншейінде түрік ағайындар қазақ пен қырғызды түстеп тани алмай, «жапонсың ба?» деп сұрап жатушы еді. Ал мынау бейтаныс кісі менің қазақ екенімді тап басып, қайдан біле қойды екен?

– Иә, қазақпын, – дедім.

– Бәрекелде! – деді қолымды қысып ұстап. – Қазақ деген ұлы халық қой! Басымызға бұлт үйірілгенде қасымыздан табылды. Елмен елдестіріп, жұртпен татуластырды, – деп ризашылығын білдірді.

Мен де ол кісінің ақ пейіліне алғыс айтып, аты-жөнін, қайдан келгенін сұрайын деп оқталып отырдым да, кенет жаны қиналып, ауыр күрсінгенін байқап:

– Қалыңыз жақсы ма? – дедім денсаулығына алаңдап. – Әлде дәрігерді шақырып келейін бе?

– Жо-жоқ, қажеті жоқ. Қазір онсыз да кіремін ғой. Кейде осылай ұстап қалатыны бар, – деді ол демін ішіне тартып.

Сонсоң:

– Демек, қазақ екенсіз ғой? – деп әңгімені бастапқы арнасына қарай қайта бұрды. – Олай болса, кезінде білім саласын басқарған Шәмшә Беркімбаева деген кісіні білетін шығарсыз?

– Әрине, білемін. Ол кісі мемлекет қайраткері, ұлағатты ұстаз. Ал сіз оны қайдан білесіз?

– Мен бес уақыт намазымды оқып, ол кісінің атын ылғи атап, дұғамды арнап отырамын. Өйткені ол кісі жарқын болашақ үшін аянбай қызмет етті. Білімді әрі зиялы ұрпақтың тәрбиесіне орасан зор үлес қосты. Елі үшін ердің қолынан келе бермейтін ерлік жасады. Біз оны шын жүректен құрметтейміз. Иә, ол кісіні біздер осында қуана қарсы алып, қызықты әңгімесіне тәнті болғанбыз. Дастарқандас болу бақытына да кенелдік, – деді бейтаныс адам.

– Біз де Шәмша Көпбайқызының еңбегін жоғары бағалаймыз. Әсіресе, қазақ пен түрік халықтарының жақындасуына үлкен үлес қосты, – дедім.

– Бұларыңыз жөн екен. Жастар ұмытпаса, естен шығармаса болды. Ал біздің елде қазір не болып жатқанын өздеріңіз көріп жүрсіздер. Жала-жалған өршіп барады. Сатқындық та белең алды. Жақсыны жаман деп жағасына жармасады. Зиялыны зиянды деп алқымынан қысып, тұншықтырады,  – деді ол ауыр күрсініп.

– Түбі бір жақсылық болар. Біздер қашанда түрік бауырларымызға жақсылық тілеп жүреміз.

– Әрине, қазір біз ғана емес, бүкіл әлем ауыр жағдайды бастан кешіп жатыр. Бірақ көбісі дағдарыстың шешімін саясаттан іздейді, меніңше, бәрі адамның өзінен, рухани болмысынан. Қайткенде де, қақаған аяздан кейін міндетті түрде жылымық келеді. Бұл табиғаттың заңы! – деді енді өз-өзін жұбатқандай болып.

– Жағдайларыңызды жақсы түсінеміз, ондай сұмдық біздің де еліміздің басынан өткен.

– Білесіз бе, Алла разы болып, алайда дүн-дүние өкпелеп кетсе, оның ешқандай мәні жоқ. Егер Хақ тағала қабыл қылып, бірақ ел-жұрт бас тартатын болса, оның да ешқандай әсері жоқ. Біз осыған кәміл сенеміз! – деді қария.

Содан кейін қалтасынан бүктелген ақ қағаз шығарып:

– Сізге бір атақты ойшылдың сөзін жазып бергім келеді, – деді. – Осыны есіңізде сақтап жүріңіз!

Аздан соң әлгі қағазды қолыма ұстатты.

– Елге барғанда Шәмшә ханымға түрік бауырларының атынан сәлем айтыңыз.

Сөйтіп, ол кісі менімен қоштасып, дәрігердің бөлмесіне кіріп кетті.

Мен әлгі қағазды ашып оқи бастадым:

«Құлға бәле келмес, Хақ жазбаса,

Хақ та бәле жазбас, құл азбаса…» – деген Мәулананың дана сөзі екен.

Дәрігерге қаралып шыққан соң әлгі бейтаныс кісіні іздедім. Өкінішке қарай, таба алмадым. Танысуға мүмкіндік болмады.

Мен осы күтпеген кездесуді де бір қайырға жорыдым.

«Бісміллә»-дан басталған әңгіме

 Алматыда оқып жүрген кезіміз еді. Талай ән-жырға арқау болған «Саяхат» автобекетіне шұғыл жетуім керек болды. Такси тоқтатайын деп қол көтеріп едім, ақ түсті «Жигули» жанымнан сырғып өте бере тоқтады.

«Амансыз ба! «Саяхатқа» барасыз ба?» дедім. Жүргізуші «Отыр!» дегендей, иегімен алдыңғы орындыққа нұс­­­қады. Көлікке жайғаса бере: «Бісміллә!» деп қалдым. Әдетте әже­лері­­­міз бен аталарымыз үнемі айтатын дәс­түр­лі сөз ғой. Біздікі де сол сияқты әдет.

Қыр мұрын, ашаң жүзді, ақ самайлы көлік иесі мұныма риза болып:

– Әп-бәрекелді! «Бісміллә» десең, жолың болады, – деді.

– Мұсылман баласы емеспіз бе, көке, – деп қойдым көңілім көтеріліп.

– Дұрыс айтасың, балам. Оныңа келісемін. Кезінде… өзің білесің, мұндай әңгіме қозғауға болмайтын. Ал енді, такси айдап жүргенім болмаса, негізі мен физикпін. Физиканы жақсы білетіндер Құдайдың бар екеніне және өмірде ештеңенің кездейсоқ емес екендігіне сенеді.

– Оныңыз рас, көке. Атақты Эйнш­тейннің: «Жаратушы, жалпы, ғаламды тас ойнап отырып жарат­паған!» деген сөзі әлі есімде, – дедім мен өзімнің оқығанымды білдіргім келіп. – Сосын мына сөзі қандай ғажап десеңізші: «Өмір сүрудің екі жолы бар. Біріншіден, бұл дүниеде таңғал­дыратын керемет күш жоқ деп ғұмыр кешу. Екіншіден, таңғажайып тылсым күш бар екеніне сеніп өмір сүру».

– Е, балам, сол бір тылсым күшті өз көзімізбен көрдік қой, – деп, әлгі кісі бір оқиғаны есіне алып, сыр шерте бастады. – Ауыл басқарып отыр­ған кезіміз. Молданың жазықсыз қама­лып кеткеніне екі жыл болған. Сол кезеңдерде бір тамшы суға жары­май қалдық. Еккен егініміз шықпады. Содан әлгі молда босатылды деген хабар жетті бір күні. Ауыл тұрғындары жиналып, «тасаттық берейік, бір Алладан тілемеске шара жоқ» десті. Келіспеске амал қайсы?! Әлгі молдамыз бастап, ел жотаның төбесіне шықты. Мал сойылып, Құран оқылды, ақсақалдар бата берді. Сол кезде мына қырсықты қара­са­ңызшы, «орталықтан комиссия келе жатыр» деген хабар жетті. «Ойбай-ау, енді қайтеміз, жотадағы жұртты көрсе басымыз кетеді ғой» деп шыж-быж болдым. Аспанға қайта-қайта қараймын жалтақтап. Бұлттың қарасы көрінбейді. Рәсімді тезірек аяқтасын деп, балаларды төбеге жүгіртемін. Бірақ оған ешкім көне қоятын емес.

– Қызық екен!

– Иә-ә, қызықтың көкесі әлі алда. Соны­­мен комиссия келді. Оларды бастап жүрген бір орыс келіншек екен. Кең­сеге кіріп, үстел басына жайғас­ты. Мен жанымды шүберекке түйіп отыр­­мын. Комиссия құжат тексеруге кірісті.

Кенет терезеден жотадағы жұрт­ты көрген орыс келіншек:

– Ана жақта не болып жатыр? – деп сұрады көңілі елеңдеп.

Амал жоқ шындықты айтуыма тура келді.

Әлгі келіншектің жанындағы аудан­дық партия комитетінің нұс­қау­­шысы, шомбал қара жігіт басын шайқап, ырқ-ырқ етіп күлді де:

– Осы жұрт не болса, соған сенеді, – деді.

Келіншек үн қатқан жоқ. Қайта­дан құжаттарға үңіліп, өз ісін жалғастыра берді.

Содан бір кезде күтпеген жерден аспан тесілгендей жауын құйды да кетті. Ойпырмай, мұндай да болады-ау! Терезеге үңіліп, әлгі жұрт жиылған жота­ға қарасам, ешкім жоқ. Бәрі тым-тырақай боп, пана іздеп, ауылға қа­рай қашыпты. Бұны енді ешқандай да фи­зи­каның заңымен түсіндіре алмайсың.

– Ғажап екен!

– Ғажап болғанда қандай! Алладан сұрасаң береді ғой. Дұға-тілек деген терең ұғым. Оны біз түсіне бермейміз. Қадіріне жетпей жүрміз. «Дұға етпесеңдер, тіршілік етудің қандай мәні бар?» деп Құранда айтылған ғой.

– Содан әлгі комиссия мүшелері не айтты?

– Иә, айтпақшы, құжат қарап отырған орыс әйел орнынан атып тұрып, терезенің алдына келді. Сөйтті де, сырттағы жаңбырға таңдана қарап тұрып, менен терезені ашуға бола ма деп сұрады. Неге болмасын?! Оның үстіне комиссия басшысы сұрап тұрса. Әп деп, терезені шалқайтып аштым да жібердім. Сол кезде талайдан бері жаңбыр күтіп жатқан кең даланың хош иісі ішке лап қойды.

Қуанғанынан қолын шапалақтап жіберген орыс келіншек енді:

– Мұндай ғажапты кім көрген! – деп алақанын бұғаттан сорғалап жатқан суға тосты. Сөйтті де:

– Құжаттардың да дұрыс екен­дігіне толық сенімдімін, – деп күлді.

Осы кезде мен:

– Көке, «Саяхаттың» алдына да кеп қалдық, – дедім қызық әңгіменің әсерімен байқамай өтіп кетпейік дегендей алаңдап.

– Жарайды, балам. Айта берсек, талай оқиғалар еске түседі. Үйдегі апайыңмен осы жерде – «Саяхатта» танысқанбыз. Е-е, ол да бір дәурен екен-ау!..

Қашанда бір қайыры бар мынау ғажап дүниеге қараңызшы; сол күннен бастап, таксиге мінген сайын әлгі оқиға есіме түсіп, Ұлы Құдіретке сыйынып отыратын болдым.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button