Ғақлиат

 «Пара алған да пара берген де тозақылық»

      Ахметжан ұлы Ауданбай қажы

Өмірде кездесетін арамның көп тараған түрі пара алу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «пара алғанда пара бергенде тозақылық» деп параның үлкен күнә екендігіне назар аударған. Параның бұзбайтын қамалы, алмайтын алаңы болмайды. Пара беруші параны тек ісі түскен уақытта емес, жүретін жүрісін алдын ала есептептейтін кәсіби шахматшылар сияқты, басына іс түсуден, не болмаса істің  қаралатын уақытынан көп ілгері осыған ісім түседі ау деген лауазым иесіне не болмаса істің ақырғы нүктесін қоятын құқық қорғау орындарының басшыларына алдын ала берілуі.

Айталық атаулы даталарда, лауазым иелерінің от басы мүшелеріне кішігірім  сыйлық  тартудан бастап және оны үзбей беріп дәндетеді.  Уақыт өтекеле  қолында билігі бар лауазым иесі  кезекті сыйлық уақытында келмей қалса елеңдеп тосып отыратын деңгейге жетеді. Енді шек қарны араласқан «досы істі болғанда» жаңағы ел сенген ұлығымыз жауапкердің ноқталаулы есегіне немесе басы байлы «құлына» айналып, жауапкердің ісі қанша қате болса да соның жағын жақтап бар атақ-абыройы мен қолындағы билік берген рычагтарымен қылмыскерді қорғауға кіріседі. Міне осының салдарынан қолында байлығы немесе билігі жоқ жәбірленуші өзінің әділ ісін қорғай алмай қорқауға жем болады.

Енді сен қайда барып, кімнің есігін қақсаңда  бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай қорқаулар бірін-бірі қорғап адал жәбірленушінің өзіне пәле іздей бастайды. Кейде ойдан шығарылған жаламен шағымданушының құйрығына шала байлайды. Енді жәбірленуші өзінің басқаға кеткен үлесін іздеу түгілі «байтал түгіл бас қайғының» кебін киіп өзінің жұмысты болмай қалғанына шүкіршілік етуге мәжбүр болады. Параның жеркеніштілігі сол, ол қоғамда өмір сүрген барлык пенденің санасына, парасыз ешқандай іс шешілмейді пікірін қалыптастырып сол қоғамның мүшелерінің бәрін пара беруші мен пара алушылардан қылатындығында. Ел санасынан әділдік, шындық, мейрімділік сезімдерін өшіріп, адами қасиеттен жұрдай жасайтындығында.

Әрине бұндай қоғамда өмір сүрген пенде жалған – тұрақсыз сенімге бой алдырып, адамгершілік қасиетке әлде бір ертегіде болған ойдан шығарылған миф деп түсініп дұрыстықтан қашықтаған үстіне қашықтай береді. Міне мұндай қауымнын келешек те куту, жөні түзу ұрпақта өсіп өнеді деу де өте күмәнді . Бұндай лас істен үмметін қорғауды мақсат тұтқын Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Мен сендерден біреуіңді Аллаһтың маған жұктеген бір ісіне тағайындасам, ол адам келіп: «Мыналар сізге тиесілі, ал мыналар маған берілген сыйлықтар дейді. Егер әлгі адам дұрыс айтқан болса, сол сыйлықтар, ол әкесінің үйінде отырғанда неге келмеді?! Уаллаһи, кімде-кім хақсыздықтпен  (пара ретінде) бір нәрсе алған болса міндетті түрде қиямет күні Аллаһтың алдына соны мойнына асып алған күйде шығады» деген.  Пара алушыға қандай  қасірет, бірақ дүние-түлкі оны сақтанбағанға байқатып тұр ма?.

Мұсылмандардың екінші билеушісі хазіреті Омар ибн Хаттаб халифалық құрған кезінде елеусіз күйде ел аралап, халықтың жәй күйін өз көзімен көріп-біліп жүруді  әдетке айналдырған. Кезекті  ел аралап жүргенде, анасы мен қызының сөзіне куә болады. Қыздың шешесі қызына сатуға сүт құйып беріп, бұған су қосып көбейтінкіреп сатарсын деген кеңес айтады. Қызы «Апа оныңыз не, Омар халифаның сүтке су қосып сатуға тыйым салған жарлығы бар емеспе» деген қарсылығына шешесі: «Шырағым Омар көріп тұр дейсінбе, су қоста сата бер» деп өз сөзін жақтапты. Қызы сіз неге олай дейсіз, «халифа көрмесе Құдай көріп тұрған жоқпа, ертең ол дүниеде не айтамыз» деп көнбепті. Міне тұрақты сенімнің  жоғарылығы мен жауапкершілігі. Осы қызға Омар баласын үйлендіріпті

Хазіреті Әлиге-мұсылмандардың билеушісі төртінші халифаға бірі араб, екіншісі-күң еврей, екі әйел келіп қажеттіліктерін айтады. Ол, екеуіне бірдей азын-аулақ азық пен қырық дирхамнан ақша беруді әмір етеді. Бірінші кезекте күң тиесілі сыбағасын алып кетіпті. Ал араб әйел хазіреті Әлиге (р.а): «Ей мұсылмандардың әміршісі! Мен арабпын, ол болса күң. Неге маған тура соған бергендей мөлшерде ғана көмек  бердің? дейді. Әли: «Мен Ұлы Жаратушының кітабында хазіреті Ысмайылдың ұрпақтарының Ысқақтың ұрпақтарынан жоғары дегенін кездестірмедім, деп жауап беріпті. (Ысмайылдың ұрпақтары- арабтар, Ысхақтың ұрпақтары- еврейлер )

Әділдіктің салтанат құруына ерекше мән берген Әли заң алдында мансабы мен лауазымына қарамай пенденің бәрінің тең болатындығын өз өмірінде көрсетіп кеткен

Ұлық  имам, имам Ағзам  Абу Ханифаға (р.а) бір құл келіп Алладан дұға жасап құлдықтан босанума тілек тілеңізші деп өтініпті. Имам Ағзам жарайды деп келіскені  мен дұға жасап Алладан  құлды босату туралы  тілек тілеуді екі- үш жеті кешіктіріп тілепті. Дұғасы қабыл болып құл құлдықтан босанып ол кісіге алғысын білдіріп « сіз Алладан дұға жасап тілек тілеуді  неге кешіктірдіңіз» деген сұрағына  Имам Ағзам (р.а) : «Дәл сол кезде құл сатып алып, оны босатуға пұлым болмады. Қалай ақша жинап құл сатып алып оны босатқаннан кейін дұға жасадым»  деген екен. Бұл жерде имам Ағзам өзі құл босатып, содан алған ләззәтін өз ағзасы арқылы өткізіп,  түйсініп барып Алладан  дұға   тілек  тілеген екен.

«Балам бурыл аттың алдына сен, артына мен мініп мінгесіп отырмыз ғой»

Абай хакимге екінші бір адамнан алашағын алып беруін өтінген өтініш түсіпті. Жауапкер өзінің кінәлі екенін, Абай хакимнің істі міндетті түрде әділ, талапкердің пайдасына шешетінін алдын ала пайымдап Абайға ықпал жасаудың жолын іздепті. Жауапкердің айтулы жүйрік бурыл атына Абайдың жақсы көретін ұлы Мағаштың қызығып жүретінін білетін жауапкер, атты Мағашқа әкеліп береді. Қолы жетпей жүрген айтулы жүйрік қолына түскеніне қуанып Мағаштың атты мініп жүргені Абайға жетеді. Абай дауды қарамай, баласы атты иесіне қайтарар деген оймен созыңқырапты.  Жақсы атты иесіне қайтаруға қимай даудың шешіле қоймағанына алаңдаған Мағаш сөз арасында жауапкердің атын атап  әке солардың дауын немен бітірдіңіз дегеніне Абай: «Балам бурыл аттың алдына сен, артына мен мініп мінгесіп отырмыз ғой» деп жауап қайырыпты. Осы сөзден кейін Мағаш өз қателігін түсініп, атты иесіне қайтарыпты. Абай даудың әділін шешіп жәбірленушіні ырзаландырыпты.

«Әйімкүл ертеңіңді ойлай отыр»

Жаңарқа ауданының аумағында орналасқан Қарағаш мекенінің тұрғыны, қырық жылдан артық болыс, Ақмола уезінің жер жөнінде төбе биі қызметін атқарған Шоң Телқозы баласы ел аралап аулына келе жатып ауылдан қашық емес талдың арасында матаулы тұрған бір айғыр үйірі қысырақты көріп, бұл жақта неғып жүрген мал екен деп қасына барса матаулы малдың ен таңбасы ол маңайдың малының ен таңбасына ұқсамайды, бөтен ауылдың малдары. Далада ағаш арасына өзбетімен жылқы маталып қалмайды, арнай біреулер әкеліп параға беруге дайындап қойған мал екенін іші  сезеді. Ал параны бас жоқ, көз жоқ, әкеліп мынау саған берген пара деп   бере салмайды. Пара алыушы мен берушінің арасын жалғастыратын делдал, болмаса, пара беруші алдын ала параның мөлшері және нендей түрде берілетіні жөнінде келісім болады. Өзінің бұндай жұмысқа бармағаны өзіне анық. Бұл істің басы қасында не бәйбішесі, не биі жүргенін топшылап. Үйіне келген соң биі мен бәйбішесін шақырып «жаңа келе жатып ағаштың арасында матаулы бір айғыр үйірі қысырақты көрдім. Бұл не   жылқы ?» десе, ана екеуі істің шындығын айтуға Шоңнан именіп, Шоңды, сыйлап маңайы атын атамай Мырза дейді екен. «Мырза біз білмедік» деп  жалтарыпты. Шоңкең «Әә сендер білмесеңдер сол жылқы иесін табатын болсын» деп шегелеп тапсырып шығып кеткен екен. Қай заманда болсын пара көп жағдайда ұлықтың әйелі арқылы беріледі. Міне осыны білген Шоңкең әйелі Әйімкүлге «Әйімкүл ертеңіңді ойлай отыр» деп ескертуден жалықпапты. Бұл жерде ертеңің  дегені «таңда мақшар» әлемнің жаратушысы, жалғыз  Алланың  алдында беретін бүкіл пенденің   жауапкершілігін меңзегені. Міне қандай болған тура билер.

Біздің кәзіргі өмірдегі билік басында отырғандар анау жетінші ғасырда заманның таршылық, жетімсіздік уақытында аш жалаңаш өмір кешіп әділдікке қол жеткізгендермен салыстырғанда жердегі жұмақта өмір сүре тұра, барға шүкіршілік етпей байыған үстіне баи беруге тырысып, әділдіктің ала жібін аттауы өте қынжыларлық жәйт. Біздің тұстастарымыз, неге осындай қалге келді десек, оларға бір жақты білім ғана беріліп, жеткілікті дұрыс тәрбие берілмеуі. Осыдан ұлы ойшыл ғалым әлемде екінші ұстаз аталған  Әл Фараби бабамыздың: «Адамға ең алдымен білім емес тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адам заттың қас жауы» деген   даналық сөзі ойға оралып, өсіп келе жатқан жастарымызға дұрыс тәрбие мен білімді қатар алып, екеуін тең игереді Аллаһ нәсіп еткей.

Ұзын сөзді қорыта айтсақ, еліміздің болашағы, келесі өмірдің тұтқасын ұстайтын иелері, жеткіншек ұрпақ өмір атты ұзақ та, қысқа да жолға адамдықтың туын берік ұстап, аттары аңызға айналған ұлағатылардың ұстанымына адал болып қазақ елінің, халқының тарих атты ұлы көште көш басшысы болуына ықпал жасайтын. Үлгілі де, ұлағатты, білімдіде білікті, қажырлы да қайратты өмір талабына дұрыс  шешім жасайтын  ұрпақ ер жетіп есейіп келеді деп, біз өмір сақынасынан қайтуға беттеген ұрпақ сенеміз.

Астана  2011ж

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button