Тәзкире-и Бұғра хан

Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазының әңгімесі

Бисмиллаһ-ир рахман-ир рахим!

Тоғызыншы бапта әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғрахан ғазының өмір шежірелерін баяндайды. Олардың  рухтарын пәк қылғай. Кемдік-кесірінен сақ қылғай, Құдай тағала. Ол  әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғрахан ғазы күпірлік пен барлық бұзықтықты жоқ қылушы еді. Пайғамбардың [ғ.с.] шариғатын таратып,  иманның нұрын – исламның жолын көрсету үшін кәпірлер   мен екіжүзділердің бәрін де өлтіруші еді. Зұлымдарды зар жылатып, сорлыларға мейірім қылушы еді. Оның қадірлі затын анықтау да һәм   сипаттауда ақылдылардың ақылы жетпес. Оның әлемді әсемдеуші  жамалын  баяндауда ой-сана да қайран қалып сергелдең болар. Ол  Сұлтан  Сатұқ  Бұғра хан ғазыға Рүстем  Дастанның  білегінің  күшін, әзіреті Шаһмардан Мұртаза Әлидің қайратын, Әмір Хамза –  ұлы мәртебелінің   жарағын берді. Ол әзіреті сұлтан қылықсыз кәпірлерді исламмен қауыштырды. Құдайдың дәргаһына алып келді. Надандарын,  адасқандарын надандық пен адасудан  арылтып, тура жолға салды.  Құдай тағала кемел құдіретімен даналық кеңістігінде осындай шарапатты   жанды   жаратты. Ол Алла әзіреті пайғамбардың (с.ғ.с.) мазһабының  есіктерін  ашушы болуды осы қадірменді заттың қолына тапсырды. Хақ Тағала Әзіреті сұлтан бұл әлемге келмес бұрын бірнеше жыл ілгеріде [оның] рухын Миғраж түні әзіреті Пайғамбар рухының қатарында көрсетті. Әзіреті Пайғамбар (с.ғ.с.): «Бұл қай Пайғамбардың рухы  мұнша ұлық дәрежеде Құдай Тағала жаратқан?», – деп әзіреті Жәбірейілден (ғ.с.) сұрады. Жебірейіл (ғ.с.): «Әй, Алланың елшісі, бұл ешбір пайғамбардың рухы   емес. Сіздің үмметіңіздің рухы. Ол үмметіңіз сіз дүниеден өткен соң үш жүз отыз жыл өткеннен кейін дүниеге келіп, Түркістан уәлаятында кәпірлерді ислам дініне кіргізіп, Сіздің шариғатыңызды халық арасында әшкереле қылады. Оның аты – Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы» деп жауап берді. Тағы әзіреті Пайғамбар (с.ғ.с.): «Әй, Жебірейіл (ғ.с.), менің   бұл үмметімнің рухы пайғамбарлардың рухының қатарында  жаратылуының  себебі  не екен?», –  деп  сұрады.  Әзіреті Жебірейіл: « Әй,  Алланың Елшісі, екі себептен бұл үмметіңіздің рухын Құдай Тағала  пайғамбарлар рухының қатарында жаратты. Бірі – Сіздің хикметіңізді   халыққа жеткізуі болса, екінші себебі, кейбір мұсылмандар бар жоғы екі  кісіден артық кісіні мұсылман қыла алмай дүниеден өтті. Бірақ сіздің  бұл үмметіңіз шексіз халықты исламға қауыштырып, адасудан тура жолға салды. Міне, осыған орай үмметіңіздің рухын Құдай тағала Пайғамбарлар  рухының қатарында жаратты. Сіздің қызметіңізде болып, әлгі үмметіңізді тәлім-тәрбие беріп, кемелге жеткізер кісі уақыты болғанда қасыңызға келер, мақсатыңызға жеткізер», – деді.

Әзіреті Пайғамбарға ондай болса, мен иманды сол кісінің қасында айтамын деген бір әулие кісі қоймай, әзіретке иман сөзін айтқызды. Бірақ,  «шаһадат» сөзді [айтқызу] Хожа Әбу Нәсір Саманиға лайық болған-ды. Бұл ұлық адам Құдайдың кітапшысы Іскендір патша кезінен ғайып абзалдардың бірі Әзіреті Хожа Қызыр пайғамбар еді. Кейбіреулер ол ұлық адамды  періште деп санаған. Кейбірі  болса, оны  Хожа  Әбу Нәсір Самани деп болжайды. Дұрысы, ол ұлық адам әзіреті Қызыр Пайғамбар деген рауаят болар. Дегенмен, халық арасында [шаһадаттың] мөлдір сөзін әзірет Сұлтанға Хожа Әбу Нәсір Самани үйреткен деген әңгіме кең тарап, мәшһүр болған. Дейтұрғанмен, шынында, Хожа Қызыр шаһадат[1] сөзін сұлтанға үйретіп мұсылман қылды. Бірақ та Хожа Әбу Нәсір Саманимен кездескенше әзіреті сұлтан мұсылман болғандығын аян қылмады. Сол себептен, шәһадат сөзін  әзіреті сұлтанға Хожа Әбу Нәсір Самани үйретті деген әңгіме ел арасында мәшһүр болды. Қысқасы, Әзіреті Сұлтанға толық иман, көрнекті иманды, өзге де ғылымдарды әзіреті Хожа Әбу Нәсір Самани үйретті. Әзіреті сұлтанға «шаһадат» сөзін әзіреті Хожа Қызыр  үйретіп ғайып  болды.

Әзіреті Сұлтан жалындап [өз] ордасына түсті. Неше күннен кейін  әзіреті  Сұлтанға аңға  шығуға ынта пайда болды. Содан қырық  кісімен  аңға шықты. Аң іздеумен Астын Артұшда Бақфу деген жерге жетті. Маңайына қараса, бірнеше көрікті, жарқын жүзді адамдар бір  жайлауға түскен екен. Әзіреті сұлтан жолдастарымен бірге бұл керуенді  көріп,  бұл шаһарда мұндай адамдар жоқ  еді. Бұлар қандай адамдар екен деп таң қалды. Тұрағына барып көрейік. Бұл керуендер қайдан келген екен. Кім білсін, мүмкін бізге алыстан хош хабар алып келген шығар, хабар алайық деп керуен жаққа бет алды. Ол керуен әзіреті Хожа Әбу Нәсір Саманидікі еді.

Сол мезетте Хожа Әбу Нәсір Самани қараса, бірнеше аттылар келе жатыр. Жақын келіп бақса, тауарихта көрген әзіреті сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы екен. Әзіреті Хожа Әбу Нәсір Самани оны көріп: «Құдайға шүкір арманым орындалды», – деп қатты қуанды. Дереу қызметшілеріне: «Дүние мен ақыреттің Сұлтаны және менің арманым келе жатыр. Менің де бұл өлкеге келуімнің себебі – осы  еді. Әй,  қызметкерлер, жүктерді  ашып, сол келген патшазадаға лайықтап, атына сай сыйлық тауып  қойыңдар»,– деп бұйырды.

Қызметшілер жүкті ашып, әзіреті Сұлтанға сыйлық таңдауға кірісті. Бұл керуендегі бір кісі намазға [арнап] азан шақыра бастады. Жүктерді ашып, әзіреті Сұлтанға сыйлық таңдаушылар да сол мезетте Хожа Әбу Нәсір Самани бас болып барлық керуеншілер қатарында намаз оқыды. Намаз оқылып болған соң орындарына оралған-ды. Сол уақытта әзіреті Сұлтан да ат үстінде келіп қалды. Сұлтан қайран қалып: «Ғажайып  керуен екен, жүктерін ашып қойып, бізден аямай бастарын да жерге июге  кірісті», – деп, бұл  жайтты ойланып қалған-ды.

Әзіреті Хожа Әбу Нәсір Самани жеті қадамға барып, Әзіреті Сұлтанның алдарына келіп сәлем қылды. Әзіреті Сұлтан атынан түсіп, әзіреті Хожа Әбу Нәсір Саманимен көрісті. Әзіреті Хожа Әбу Нәсір  Самани  ізет, сый-сияпатпен  әзіреті  Сұлтанды өздері түскен жерге  нұсқап   алып келді. Содан заттарын қос-қостап әзіреті Сұлтанға тарту етіп,   алдарына қойды. Одан кейін Хожа Әбу Нәсір Самани әзіреті Сұлтанға  насихат айтуға кірісті. Түрлі тақырыпта сөз қозғады. Әзіреті Сұлтан жан  жүрегімен қабыл алды. Әзіреті Сұлтанның көңіл тереңінде «кім де біреу   пайда болып мұсылмандықты сол кісі үйретіп, тәлім берер», – деп  әзіреті  Қызыр айтып еді. Сол біреу осы кісі ме екен деп  күманданып: – Атыңыз  кім? – деп сұрады. Онда Әзіреті Хожа Әбу Нәсір Самани: «Менің атым – Хожа Әбу Нәсір Самани», – деді.

[Оған] Әзіреті Шаһмардан Мұртаза Әлидің табандылығын, биік мәртебелі Әмір Хамзаның жарағын берді. Әзіреті Сұлтан мінезсіз кәпірлерді исламға шақырып, Құдайдың дәргаһына келтірді. Надандар мен адасқандарды надандық пен адасушылықтан шығарып, тура жолға салды. Құдай тағала кемел құдіретімен хикмет кеңістігінде қадірменді затын Әзіреті Пайғамбардың (с.ғ.с.) мазһабының есіктерін ашуды осы қадірлі   заттың қолына берейін деп оны жаратты. Әзіреті Сұлтан бұл әлемге келместен бұрын неше жыл ілгері оның рухын Миғраж түні Хақ тағала әзіреті Расул Аллаға  пайғамбарлардың (с.ғ.с.) рухының қатарында көрсетті.

Әзіреті Пайғамбар (с.ғ.с.) бұл хош хабарды естіп, қатты қуанды. Құдайға шүкір, Түркістан жақтан көңіліміз тыныш тапты. Өйткені,  көңілімде ылғи да Түркістан жағы мұсылман болмай, иманның  дәулетінен  нәсіпсіз қала ма деген  уайым бар  еді. Әрі  ертеңгі қиямет  күні  Түркістан  тарапындағы  үмметімнің  халі қалай болар екен деп  қатты абыржытатын-ды. Енді әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғрахан ғазының  тәрбиесіне кірісті.  Күнде   әзіреті Сұлтан рухына үзбестен бір рет фатиха оқитын. Сахабалары «Әмин» дейтін. Бірақ кімнің рухына арнап фатиха оқитынын білген жоқ.

Бірде Әзіреті Мағаз Жабал [Алла оған риза  болғай]: «Әй, Алланың Елшісі,  күнде   үзбестен бір  рет  фатиха  оқып  тұрасыңыз. Оны   кімнің  хақында  оқисыз», – деп  сауал қойды. Онда  әзіреті  Алла Елшісі:  «Әй, Мағаз Жабал, Түркістан тарапына ислам тағы тимей, мұсылман болмай қалды  деп көңілім қатты абыржулы еді. Миғражға шыққан түнде ғарышта пайғамбарлар рухтарының қатарында бір рух көрдім. Бауырым   Жәбірейілден сұрадым, бұл рух қай Пайғамбардың  рухы деп. Сонда   Әзіреті  Жәбірейіл: «Әй, Алланың  Елшісі,  бұл   рух  ешбір  пайғамбардың  рухы емес. Түркістан жақтағы халықты мұсылман қылатын үмметіңіздің   рухы», – деп хабар берді. Сол үшін күнде сол рухтың хақына үзбей   фатиха оқимын,- деп Мағаз Жабал бастаған барлық сахабаларға хабар берді.

Сахабалардың бәрі қуанып, барлығы бірге әзіреті Сұлтанға дұға   қылды. Сондай-ақ, әзіреті Мағаз Жабал орнынан тұрып: «Әй, Алланың  Елшісі,  сіздің  Пайғамбар екеніңіз  рас. Хақ  дұғаңыз қабыл болып,  дүние   және ақиретте Құдай Тағала Сіз үшін мейір жаудырар екен. Бір дұға қылсаңыз, әумин десек, Құдай Тағала әзіреті Сұлтанның пәк рухын осы жерге даяр қылса, біз де көзімізбен көре алар едік. Әзіреті  Сұлтанның  бұл жаһан  көркіне  көз  жеткізіп,  содан  барып  Түркістан  тарапынан  көңіліміз  тыныш  болар  еді», –  деп  арыз  қылды.

Әзіреті  Алла   Елшісі  Мағаз Жабалдың  сұрауын   қабыл  қылып,  дұға  оқуға   кірісті. Бір сағаттан кейін қырық бір жігіт басына киіз қалпақ киіп, қарақасқа арғымақ мініп, аттарының төрт тұяғы соғыс орайына сәнделген күйінде бір бағыттан пайда болып келді де, Алла елшісіне және барлық сахабаларға  сәлем қылып тұрды.

Әзіреті Пайғамбар Сахабалардың барлығына: «Түркістан жақтағы  халықты мұсылман қылатын әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазының  рухы осы», – деп көрсете айтты. Барлық сахабалар әзіреті Сұлтанның рухын көріп: «Аллаға шүкір, бұл жамағаттың қолынан әрі іс келеді» деп көңілдене  айтты. Әрі құттықтап жатты. Фатиха оқып рұқсат берді.  Әзіреті Сұлтанның рухы ғайып болды. Алланың елшісі сол жерде: «Қырық  кісінің  бірінің аты – Хожа Әбу Нәсір Самани осы  әлемде  бар болды. Дүниеуи ғылым оқып, әзіреті Сұлтанның рухына иманды, Құранды үйретіп жүр және мұнда да жолдас болып жүр екен, ақыры бұл ғаламға келгенде де әзіреті Сұлтанды осы Хожа Әбу Нәсір Самани иманға кіргізеді, – деді.

Сол мезет сахабалар тарих[2] қылды: «Әзіреті пайғамбар дүниеден өткесін үш жүз отыз жыл өткеннен кейін Түркістаннан әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан атты бір қадірменді зат дүниеге келіп, он екі жасында  иманға  кіріп, көптеген халықты  мұсылман  қылып,  ғазылық  сипатқа  да ие  болады», – деген.

Сол жерде пайғамбар (с.ғ.с.) тағы да: «Әуәл мән әслама мин әт-түрки әл-мұттақин» деген еді. Яғни бұл хадистің мағынасы: «Түркістан  тарапында әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы бірінші мұсылман болар», – депті.

Сондай-ақ, Құдай тағаланың әмірімен біраздан кейін әзіреті Хожа  Әбу Нәсір Самани  бұл  әлемде  бар  болып,  дүниеуи  ғылым  оқып  жүріп: «Түріктен кім бірінші мұсылман болды?» деген хадис көрді. Ол әзіреті Сұлтан қандай екен  деп сырттай ғашық болды. Тарихқа қараса, әзіреті Сұлтанның дүниеге келуіне аз ғана уақыт қалыпты. Сүйіспеншілігі  үстемдік құрып, Пайғамбардың (с.ғ.с.) рұхсатымен әзіреті Сұлтанды естіп,  Түркістан жаққа сапар қылды. Сондай-ақ, бұл сөздің айғағын алтыншы  тарауда баян қылдық. Бірақ, анығы әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғрахан ғазы   бұл дүниеге келгенінде аспандағы періштелер сондай заттың шарапатты   рухы дүниенің кесепатханасына жетті, оның халі қалай болар екен деп  өкініш қылды. Тағы бір періште: «Осы қадірменді заттың қалағаны болар», – деді. Әзіреті Сұлтан дүниеге келген күні Құдайдың әмірімен жер сондай  қатты тебіренгенде сулар шықты. Бұлақтардың суы сылдырап ағып  жатты.  Қыстың күні еді. Гүлдер қауыз ашты. Хакімдер «киелі тағдыры» бойынша бұл сәби жаһангер болып, Мұхаммедтің дініне кіреді деп жорыды. Кәпірлер хакімдерден бұл сөзді естіп, әзіреті Сұлтанды өлтіруге ниеттенді. Бұл әлдебіреулеріне ұнамады. Олар: «Әй, кәпірлер, бұл баланың  Мұхаммед дініне кіретінін қалай білдіңдер? Біраз өсіп ержеткенде Мұхаммедтың дініне кірсе, онда өлтірерсіңдер», – деп қоймай қойды.

Сөйтіп, әзіреті Сұлтан жеті жасқа кіргенде әкелері қаза тапты. Аналарын күтуші етіп Һарун Бұғра хан алды. Бес жыл Сұлтан Сатұқ Бұғра хан  ғазыны  бағып  қақты.  Содан әзіреті  Сұлтан он  екі  жасқа  келді.  Он екі жасқа толған соң кәпір кейпінде бір кем қырық кісімен аңға шықты. Аңда жүргенде бір тікен бұтақтың түбінен бір тауышқан[3] шығып қашты. Әзіреті  Сұлтан  бір  кем  қырық кісіден  айырылып,  тауышқанды  қуалап  атойлап  арқасынан  кетіп  барулы еді. Бұл  тауышқан  тоқтап  тұрды  да,  бір үлкен адамның кейпіне енді. Ол: «Әй, перзент, келің, сіздің  арманыңызда жүр едім. Аллаға шүкір, Сізбен  қауышуға жазды. Ақыры, маған  қарай  қадам басыңыз. Аттан  түсің,  біраз сөзім  бар оны айтайын, – деді.

Әзіреті Сұлтан бұл оқиғадан таң қалды. Кенет аттан түсіп бұл үлкен кісінің алдына келіп жүгініп отырды. Үлкен кісі: «Әй, перзент, бұл  күпір дұғасызды не үшін керек қылдың? Бұл істі неге таңдайсың? Өз  ойыңызда анық – сізді жаратқан Жаратушының Досы Пайғамбар  Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.) жүрген жолда жүрің», – деп насихат қылды. Әзіреті Сұлтан бұл  сөзді естіп бұл қандай  кісі  екен? Неге  сөздерін  маған айтады? Бұл өлкеде мұндай кісі жоқ еді. Мұндай сөздер де болмаған. Қайдан пайда болды екен деп қайран қалып, таңдай қақты. Сосын: «Әй, ақсақал, неге сөздеріңді маған айтасың? Мақсатыңыз не?», – деді. Үлкен кісі: «Әй, бақытты перзент, менің мақсатым нәзік тәніңіз тозақ отында қалмасын деген өкініш», – деді. Онда әзірет Сұлтан: «Тозақ қандай жер екен?» – деп сұрады.

Сонда бұл әулие кісі: «Әй, перзент, тозақ деген оты мен шаяны көп мекен. Кәпірлерді, күнәһарларды салып түрлі азаптарға кіріптар етеді», – деді. Бұл сөзден әзірет Сұлтан көңілінде бір қорқыныш пайда болады. Сұлтан: «Әй, ақсақал, айтарың болса, айт, мен де айтайын», – деді. Сонда бұл үлкен кісі: «Лә иллаһа иллалла уаһдәһу лә шәрик уә әшһәд-у әннә мұһаммадан әбду-уә расулуһу», – дең. Әзірет сұлтан: «Әй, үлкен кісі, бұл қандай сөз? Мағынасы не?» – деп сұрады. Үлкен кісі: «Әй, перзент, бұл сөзді айтқан мұсылман болады. Пейішке кіреді. Пейіште қызметші- хорлар, тағамдар, тәтті шарап сынды бар. Кімде кім бұл сөзді айтпаса, ол кісіні күн сайын тозаққа салып түрлі азапқа кіріптар қылады», – деп айтты. Сұлтан: «Әй, үлкен кісі, сөзіңізді қабыл қылдым. Бірақ, есейіп ер жеткенде айтайын», – деді. Бұл үлкен кісі: «Әй, перзент, сіздің үлкейгенде айтатын, үйренетін сөз толып жатыр», бірақ қазір айтатұғын сөз – осы», – деді.

Әзірет сұлтан: «Әй, үлкен кісі, менімен күнде кездесің, мен тәлім алайын», – деді. Үлкен кісі: «Әй, перзент, сіз білесіз», – деді. Әзірет сұлтан: «Әзіреті Қызыр айтқан кісі осы екен» деп қуанды. Әрі: «Әй, ұлық, әр не десеңіз қабыл қыламын, бірақ біз аттың үстінде тұрғанда, сіздер жүктеріңізді ашық тастап, біздер алып кетер ме екен деп үрейленбей-ақ, бастарыңызды жерге соғумен болдыңыздар. Біз де бұл ісіңіздің мәнісін білмей қойдық. Бізге осы ісіңіздің ақиқатын баян қылыңызшы», – деді. Хожа Әбу Нәсір Самани: «Әй, патшазада, бұл дүние тұрақты дүние емес, адамдардың бәрі де бұл дүниеден кетеді. Пұл-мал, дәулеті де бұл адамға опа қылған емес. Бәлкім пұл-малдың салдарынан адам тозаққа кіріптар болады. Тағы бәріміз бұл дүниеден ақыретке сапар қыламыз. Бұл дүниеден сапар қылатын кісіге азық болар жабдық керек. Біз басымызды жерге ұрып намаз өтеп, ақыретке сапар шегудің жабдығын дайын қылдық», – деп жауап берді. Онда әзірет Сұлтан Сатұқ: «Ақырет деген не?» – деп сұрады. Хожа Әбу Нәсір Самани: «Ақырет деген сондай бір жер, ол жерде шырайлы қыздар бар-дүр, алуан түрлі жемістер, тағамдар, пейіштік киімдер, сарайлар, сәкілер, бақ пен ғимараттар бар. Ол жерге бес уақыт намаз өтеген кісіні кіргізеді. Тозақ деген бір жер бар. Онда лаулаған от пен шаян бар. Ол жерге бес уақыт намаз өтемеген кісіні салып, әр түрлі азап қылар», – деп насихат қылды.

Әзіреті Сұлтан Хожа Әбу Нәсір Саманидың бұл сөзін естіп көңілінде бір қорқыныш пайда болды. Сосын: «Әй, Хожа, мұсылман болатұғын нені айтың, мен де айтып, мұсылман болайын», – деді. Әзіреті Хожа Әбу Нәсір Самани: «әшһәд-у-әннә лә иләһа илаллаһ Мұхаммад-у расул Аллаһ уаһдаһу лә шәрик ләһу уә әшһәду әннә мұхаммад-ән әбдуһу уә расулуһу – дең»- деді. Әзірет Сұлтан «шәһадат» сөзін айтты. Одан кейін: «Мұхаммед деген қандай кісі?»- деп сұрады. Әзірет Хожа Әбу Нәсір Самани: «Мұхаммед деген кісі – Құдайдың досы және пайғамбары, Құдай Тағала дүние мен ақыретті Мұхаммед үшін жаратты. Ол қиямет күні күнәһарларды тозақтан құтқарып, пейішке алып барады. Мұхаммедтің діні рас, шариғаттары өзге пайғамбарлардай емес. Өзге пайғамбарлардың [45-п.] шариғаты қолданыстан шыққан және күші жойылған. Кімде-кім Мұхаммед жүрген жолда жүрсе, мұрат-мақсатына жетеді»,-деп Алланың Елшісін баян қылды. Сосын әзірет Сұлтан Хожа Әбу Нәсір Саманиға: «Адасқандарға жол көрсететін шәһадат сөзінен басқа тағы да үйренетін нәрселер болса үйретің, Құдайға құлшылық етейін» – деді. Әзірет сұлтанға қысқа қайырылған иман, толық иманды, күпірді жоққа шығаратын сөзді, «Құнұт»[4] дұғасы, «Тәһийат»[5], «Фатиха», «Ықыласты» сол жерде үйретті.

Әзірет Сұлтан қырық кісіні бір-бірден шарлап келіп:

«Әй, жарандар, егер менімен жақын болуды қаласаңдар, маған ұқсап мұсылман болыңдар. Алланың Елшісін ұлықта, даналық кеңістігі артық осы дінді қабылдаңдар», – деп насихат берді. Бұл бір кем қырық кісінің кейбірі өз еркімен, кейбірі әзіреті Сұлтанның семсерінің арқасында мұсылман болды. Оларға намаздыгерге дейін Исламның Иманын үйретті. Намаздыгерден кейін әзірет Сұлтанның басшылығымен бұл бір кем қырық кісі Хожа Әбу Нәсір Саманидан рұқсат алып, үйлеріне тарасты. Әзірет Хожа Әбу Нәсір Самани: «Тараңдар. Егер тарамасаңдар, сіздерді іздеп келіп, біздің қасымызда тауып алса, басымыз өлімге кетеді. Бұл кәпірлер бізге амандық бермей, түрлі азапқа ұшыратады», – деп рұқсат берді. «Алайда менің қасыма кешкісін Құранды, намазды оқуға тәлім берейін», – деді. Әзірет Сұлтан басшылығымен бұл бір кем қырық кісі үйлеріне тарады. Кешкісін түн ортасынан ауа тұрып, әзірет Хожа Әбу Нәсір Саманидың алдында Құран оқып үйіне тарады. Осылайша жеті күн бойы осылай болды. Сегізінші күні кешке түн жарымында әзірет Сұлтан басшылығындағы бір кем қырық адам Құдайдың ілтипатымен құранды хатым қылып, намаз  үйреніп,  Құдайдың  құлшылығына кірісті.

Әйтсе де бұл бір кем қырық адам арасынан әзіреті Сұлтан Алла сөзін жаттап алып, таңдаулы хан болды. Алты айға дейін осы тариқатта болды. Әзіреті Сұлтанның ағасы Һарун Бұғра хан кәпірлікте тастан да қаттырақ еді. Сансыз әскері бар-тын. Әзіреті Сұлтанның парасаттылықпен мұсылман болғанына шүбәланды. Бірақ әбден  анығын  білгенше  ешкімге  айтпады. Бір күн Һарун Бұғра ханның түсінде бір жолбарыс оны мес қылып жұлмалап өлтіреді. Һарун Бұғра хан ұйқыдан оянып, әзіреті Сұлтанның шешесінен: «Бұл түстің жорамалын не?» – деп сұрайды. Әзіреті Сұлтанның анасы: «Мұндай түсті  шайтан дер-дүр», – деп жауап береді.

Бірақ Һарун Бұғра ханның көңілі тыныш таппайды. «Әй, антұрған бұл балаңды өлтірмеске қоймадың. Біздің дінімізді ойран қылып, бізді  өлтіргенше  тыным  таппайды,  демедім  бе мен. Түсімде көрген  жолбарыс – сенің балаң. Ақыры, сенің сол балаң мені өлтірер. Ол мені  өлтірмес бұрын оны өлтіріп, өзімді құтқарып аламын». Сөйтіп, Әзіреті Сұлтанды  өлтіруге  ниеттенеді.  Әрі: – Әй,  сорлы,  өзің  «менің балам  ержеткен  соң  сіздердің діндеріңізді ойран қылып, Мұхаммедтің дініне кірген кезде ықтияр – сенде»  деп   айтып  едің.  Ол  балаң  біздің  дінімізді  ойран қылмастан ілгері [оны] өлтіруді жөн көрдік, – деді. Ертесіне  бектерінің барлығын жиып алып: «Әй, бектер, бізге қарсы дұшпан пайда  болыпты. Ол дұшпанды зиянсыз қылмасақ, бәрімізді ол жойып жібереді», –  деді.

Жұрты: «Әй, Һарун Бұғра хан, жанымызға келген дұшпанды не үшін  жоқ  қылмайық», – деді. Мұны әзіреті Сұлтанның анасы естіп айқай салып: «Әй, кәпірлер, неше жыл тақуалық жасап, қиындық көріп тапқан перзентімді не үшін бейкүнә өлтіресің?» – деп ара түсті. Һарун  Бұғра ханның ашуы келіп: «Ол сорлы біздің дінімізді ойран қылып,  Мұхаммедтің дініне кірген болса күнәһар болды», – деді. Әзіреті Сұлтанның анасының қайғысы арта түсті. Ол: «Әй, кәпірлер, перзентімді сынап көріңдер. Егер Мұхаммедтің дініне кірген болса, оны өлтірің», – деді. Һарун Бұғра ханға бұл сөз мақұл көрінді. Әзіреті Сұлтанның өз аталарынан қалған қызметкерлердің бірі: «Жақсы айтты, сынайық», – деді. Һарун Бұғра хан бектерінің бәрімен кеңесіп: «Жақсы айтады, сынайық» деді. Бір пұтхана салайық деп кірпіштерін даярлар біркісіні жіберіп әзіреті Сұлтанға хабар берді. Һарун Бұғра хан: «Әй, перзент, сізді біздің дінімізден шығып, Мұхаммедтің дініне кірді дегенді айтады», – деді. Әзіреті Сұлтан кәпірлердің рәсімі бойынша ант ішті. Һарун Бұғра хан шын сенбеді. Ол: «Бір пұтхана саламыз. Сол пұтхананың іргетасын сіз  қалайсыз. Сонда біз шын сенетін боламыз», – деді. Әзіреті сұлтан абыржып, тұрып ойланып: «Қандай қылсам болар екен?», – деп әбігерге түсті. Дегенмен қабыл алды. Кеш болған-ды. Тарасып, жолдастарымен бірге үйге кетті. Түн  ортасында  достарымен Хожа Әбу Нәсір  Саманидың қасына келіп: «Әй, ұлық, Һарун Бұғра хан менің мұсылман болғаныма  күманданып, мені сынамақ болғаны үшін «бір пұтхана саламыз, ол пұтхананың іргетасын ең бірінші болып сіз қалайсыз» деді. Егер қабыл алмасам мені өлтіреді. Ал қабыл алсам, ислам дінінен шығып кәпірлер қатарына кіремін. Менің жөнім не болар  екен?», – деп, Әзіреті Хожа Әбу Нәсір Саманидан сұрады. Хожа: «Әй, перзент, өзіңді қорғап сақтану үшін  кейбір тыйым салынған істерді орындауға тиіссің. Егер там салғанда ниетіңде «мешіт» деп салсаң, Құдайдың  алдында сауап тиеді. Кәпірлердің де бәлесінен құтылған боларсыз, абыржымаң», – деді. Әзіреті Сұлтан бұл сөзді естіп қатты қуанды.  Үйлеріне  тарады.

Ертесі таң атып күн шыққанда Һарун Бұғра хан барлық әскерлерінен пұтхананың тұрғызылатын жеріне / жиналыңдар деп жариялады. Кәпірлердің бәрі де пұтхана салынатын жерге жиналды. Әзіреті Сұлтанды Һарун Бұғрахан шақыртып алып келді. Ол: «Әй, перзент, егер сіз біздің дінімізде болсаңыз, біз жасаған істі жасаң. Біз бүгін бір пұтхана саламыз.  Әуелі, сіз бастап іргесін қалап берің.  Біздің  көңіліміз сонда барып  тыныш  табады», – деді. Әзіреті Сұлтан «хош болғай» деп, өз қалауы бойынша іргесін қалауға кірпіштерін апаруға білек сыбанып, барлық достарымен бірге «мешіт саламыз» деген ниетпен екіден кірпіш көтеріп пұтхана  салатын жерге алып барды. Төртінші рет кірпіш алайын деп барғанда Һарун Бұғра хан шақырып: «Әй,  балам, әй  перзентім, тоқтан, мұнан  артық тәніңізді  іске салуға төзімім жоқ. Қазірге дейін сізге мұндай  іс жасатуға сондай бір мақсатым бар-ды. Енді көңілім тынышталды. Не қаласаңыз, соны жасаңыз», – деді. Әскерлер тарасты.

Сол күні әзіреті Сұлтан түн ортасы ауғанда бұл бір кем қырық адамды алып, әзіреті Хожа Әбу Нәсір Саманидың қасына барды. Ол: «Әй, ұлық,  әзіретім бұйырғандай істеп, кәпірлердің қолынан құтылдым»,- деді. Әрі: «Әй, ұлық, қай күні кәпірлер біздің мұсылман болғанымызды біліп  ажал  құштырады. Мұның жөні қалай болар екен?», – деді. Әзіреті Хожа Әбу Нәсір Самани: «Сіз жақсы білесіз», – деді. Әзіреті Сұлтан: «Егер дұрыс деп  тапсаңыз, қарсы шығып кәпірлерді шабуылдайық. Бәлкім, Құдай тағала  бізге жеңіс бергей», – деді. Әзіреті Хожа Әбу Нәсір Самани:  «Құлшынысыңызды Құдай тағала әбден біледі», – деді. Сөйтіп әзіреті  Сұлтанға  рұқсат  берді. Әзіреті Сұлтан: «Әй, Хожа, Құдай тағала қаласа  пенделерін қаһарына ұшыратады. Құдай тағала бұл кәпірлерге қаһар  қылып,  бізді  бұл  лайықсыз  адамдарға үстем қылғай», – деді. Хожа Әбу Нәсір Самани: «Әй, перзент, бұл маслихатымыз жақсы, бірақ ислам әскерінің саны аз», – деді. Әзіреті Сұлтан: «Әй, ұлық, тәуекел қылдым Алла Тағалаға дегендей, жеңіс үмітіміз – Құдайдан болғай. Әскеріміз аз болсын, немесе көп болсын бәрібір шайқасамын, – деп  көтеріліске шығуға бел буды.

Сол заманда да кейбір халық мұсылман болып, кәпірлерден қорықпай, қайта Алла Тағаланың мейірін  айтып, құлшылық қылатын. Әзіреті Әбу Нәсір Самани  келді  деп  естіп,  бірден,  екіден алты айға дейін жиналып, алты жүз кісі бас қосты. Сондай-ақ,  бұл кештен таңға таман әзіреті Сұлтан бір  кем қырық адаммен  Әзіреті Хожа Әбу Нәсір Саманидың қасына келді. Сұлтан: «Әй, ұлық, бұл істі кешіктіретін шаруа емес. Қосындарымызды кідіртпей таң атқанша өзімізді бір жерге жеткізейік», – деді. Содан Хожа Әбу Нәсір Самани мұсылмандардың тобымен жолға шықты. [Олар] Һарунның ордасына жетті. Әзіреті Хожа Әбу Нәсір Самани қолдарын көтеріп дұға оқуға кірісті. Ол: «Илаһи, кемел игілігің мұсылмандарға жеңіс берсін, кәпірлерге қатты ұйқы берсін», – деп дұға қылды. Сол кезде Әзіреті Әбу Нәсір Саманидың дұғалары орындалып, кәпірлер сондай ұйқыға кеткендіктен бір-бірлеп белінен ұстап сүйреп жатса да бірі хабардар болмайтын. Ислам  әскері кәпірлердің ордасына  кіріп, қоражайда  төрт жүзінің қару-жарағын үстерінен шешіп алып, кейбір кәпірлерді тойтарыста өлтіріп шығып жүре берді. Ешқайсысы тоқтамай, таң атқанша жол жүріп, таңертеңгісін Түйе тауына жетті.

Ертесі түскі уақыт Һарун Бұғра хан қырық мың әскермен келіп, ислам әскерін қоршауға алды. Мұсылман баһадүрлері үстеріне соғыс сауытын киді. Тау шатқалынан шығып, шайқас майданына келіп соғысқа  кірісті. Ол күні бесін намазына дейін шайқасты. Кәпірлердің қаны өзендей боп ақты. Кәпірлердің бес мың адамы тозаққа кетті.  Мұсылмандардан  екі  кісі жарақаттанды. Кәпірлер жеңіліп, жан-жаққа бытырап кетті. Ертеңінде [олардан] ислам жағына алты мың мұсылман болып қосылды. Кәпірлер  бір-бірден, екіден мұсылмандарға қосылып, ислам қосыны осылайша жеті  мың  әскерге көбейді. Ол күні ілгергі  күннен  жүз есе кескілескен  шайқас  болды. Жеті күнге  дейін  күндіз-түні  қақтығыс жалғасып жатты. Қан өзен болып ағып жатты. Кәпірлер жеңіліс тауып, мұсылмандар жеңіс тапты.  Ислам  әскері  күнен-күнге  толыса  берді.  Он  екі  мыңға  жетті.

Неше күн өткен соң мұсылмандардың азығы таусылды. Семіз аттары арықтады. Мұсылмандар әбігерге түсіп, жиналып Хожа Әбу Нәсір Саманидың  қасына барды. Олар: «Әй, ұлық, қанша уақыт мұнда  жатамыз,  азық таусылды. Аттар арықтады. Баһадүрлер әлсіреді. Біздің жөніміз қалай болар екен?» – деп арыз қылды. Әзіреті Әбу Нәсір Самани: «Әй, мұсылмандар, өздерің жақсы білесіңдер», – деді. Мұсылмандар: «Әй,  ұлық, тұтқиылдан шабуыл  жасайық. Құдай не жазса, соны көреміз»,–  деді.  Әзіреті  Хожа  Әбу  Нәсір Самани:  «Әбден  болар», –  деді. Хожа  Әбу  Нәсір Самани он екі кісінің соғыс жарағын даяр қылды. Әскерлер  қаруланып, сауыттарын киіп, шайқасқа дайындалып аттарына отырып,  кәпірлердің басына күтпеген шабуылын жасады, Хожа Әбу Нәсір Самани  қолдарын көтеріп дұғаға кірісті. Құдай Тағала кәпірлерге аяқ-қолдарын кессе де тоймайтын ұйқы берді.

Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы  атынан  түсіп, семсері жалаңдап Һарун Бұғра ханның ордасына кірсе, ұйықтап қалыпты. Ұйқыдағы оны бір қызметшісі жарағымен күзетіп отыр екен. Һарун Бұғра ханның басын кесейін деп семсерін қолға алып, оны өлтірмек болды. Бірақ «дұшпанды  ұйқыда  өлтірмек мәрттік емес» деп көңіліне түйді.

Сондықтан осы кәпірді оятып, иманға келуді міндеттейін, бәлкім Құдай Тағала көңіліне илаһи қолқабыс беріп, иманға келтіргей – Расул Алланың дініне кіргізгей, «Көзіңмен көр, ұнамаса, онан кейін басын кеселі», – әрі қаншама кәпір болса да тұзын жеп едім. Тұзының хақын сақтайын, – деп семсердің  ұшыменен аяғынан түйреді.

Һарун Бұғра хан үрейленіп оянып қараса, әзіреті Сұлтан семсерін  жалаңдатып басында үңіліп тұр екен. Бұл кәпір: «Әй, Сұлтан Сатұқ  Бұғра хан сондай дәулетті тұрып жатқаныңа қарамастан нендей себептен  мұндай  іс  қыласың?», –  деді. Онда  Әзіреті  Сұлтан: «Әй  кәпір, істің  мәнісі – мен қылған  істі сен де жаса. Уақыт тығыз, осы мұрсатты ғанибет  біл.  Мына  шарапатты  сөзді: «Лә илаһа иллалла,  Мұхаммаду расул Алла [ны] айт», – деді. Ол бақытсыз кәпір қабыл қылмады. Әзіреті Сұлтан қанша  тартысса да, ол тозақтық кәпір келісім тауып мұсылман болғанды  ұнатпады.  Әзіреті  Сұлтан  неше  рет  семсерін  сілтесе  де  көнбеді.  Басын  шабайын деп тағы ойға кетті. «Тұзын жедім, әкелік хақы бар» деп семсерін түсірді. Мұқтаж жүзін еш нәрсеге мұқтаж емес Құдайдың дәргаһына қаратып: «Әй, Құдай, барлық жаратқандардың халін көріп тұрсың, басын  кесейін деп қанша ұмтылсам да тұзының хақын, әкелік хақын сақтадым. Мейлі, әкем болса да қаһарлық сипатыңмен әмір қылып жерге жұтсаң  екен», – деп мінәжат қылды. Әзіреті Сұлтанның дұғалары қабыл болып,  жер жарылып, Һарун Бұғра ханды жер қойнауы жұтты. Әзіреті Сұлтан  Сатұқ  Бұғра хан  ғазы: «Әй, кәпір, көрдің  бе, бұл  не халге келді. Иман  келтіргіл, мен саған дұға қылайын. Бұл  бәледен құтыласың», – деп кеңес берді. Һарун Бұғра хан: «Әй, Сұлтан Сатұқ Бұғра хан, жерге кіргенім жақсы. Сен айтқың келгеніңді айт»,– деп қабыл  қылмады.

Әзіреті Сұлтан ашуланып, тағы дұға қылды. Һарунды жер жұтты. Сол заман бақыт таңы шығыстан арайлы нұрмен пайда болды. Әзіреті Сұлтан: «Ислам дабылын менің атыма соғыңдар. Енді менің дәуірім басталды. Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазының Дәуірі деңдер. Намаздың  азанын  асқақтатып  оқыңдар!»,–  деп  әмір  етті.   Даңғырашы  дабыл қақты. Кәпірлердің әскері исламның күшейгенінен хабардар  болды. Соғыс  сауытын  киіп  мұсылмандармен бесін  намазына  дейін  шайқасты. Аспан мен жер селкінді. Кейбір рауаяттарда: «Ат беліне дейін  қан  кешті» деп  айтылады.  Бірақ  дұрысы –  жер  жүзінің  бәрін  қан  басты.  Сол  күні  Құдай  тағаланың  ілтипатымен  әзіреті  Мұхаммед  Мұстафаның (с.ғ.с.) көмегімен  жиырма  мың  кісі  мұсылман болып иман  дәулетіне  бөленді. Ғазылар  жеңіс  тауып, сол  күні  әзіреті  Сұлтан Сатұқ  Бұғра хан ғазының бірнеше кереметтері көрінді. Бір кереметі Һарун  Бұғра ханды  әзіреті  Сұлтанның  әмірімен  жер   жұтты.  Тағы  бірі – әзіреті  Сұлтанның семсері жалпы халықтың семсеріне ұқсамайтын. Өйткені,  кәпірлерге  сілтеген  кезде  қырық кез[6] ұзаратын  еді. Енді  бірі  – әзіреті  Сұлтанның  ауызынан  бір  шұғыла  от  шығып, кәпірлерді  жоқ  қылатын. Кәпірлер  осы  оттан  қорқып,  топ-тобымен  әзіреті  Сұлтанның қасына  келіп  мұсылман  болды.  Сол  күні  әзіреті  Падиша  ғазылық  атағын  алды. Кейбіреулер  сол  күні  әзіреті  патша  он  жарым жаста еді дейді.  Бірақ  әңгіменің  турасы  Әзіреті  Сұлтан сол уақытта он алты жасында еді. Дәруіштер хош дәулетке, бақытқа жетті. Әзіреті Сұлтан жас та болса  сондай дәулетке қол жеткізіп, ғазылық атқа ие болған. Исламды жариялады. Мәлім болғандай, әзіреті Сұлтан он екі жарым жаста ғазауатқа кіріскен. Жаздықта кәпірлермен ғазауат қылды. Қыста Аллаға құлшылық пен ғибадат жасайтын.

Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы тоқсан алты жас өмір сүрді. Соған шейін ол Балхтың алдындағы Махмұд дариясына дейін, бұ тарапты күн  шығысқа шейін, солтүстігі Қарақұрым [Қаркөрім] деген жерге шейін семсерінің күшімен кәпірлерді мұсылман қылып, әзіреті Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) шариғаттарын һәм дін миллеттерінің бірегей негізін қалады.

Әзіреті Сұлтан бір күні аңға шығуға әуестенді. Барлық достарымен  жапан  далаға аңға шықты.  Әзіреті  Сұлтанның  алдынан  бір  киік  секіріп шықты. Әзіреті Сұлтан киікті қуалап барып төрт фәрсаң[7] жерде атып, жықты. Бауыздап, сойып кәуап пісіруге от жаққанша Әзіреті Сұлтанның достары жетіп келді. Кәуап  жейін десе тұз жоқ. Әзіреті  Сұлтан  аспанға қарап  мінажат қылды. Ғайыптан  бір уыс  тұз  келіп  түсті. Тұзбен кәуап жеді. Тұздың қалғанын  әзіреті Сұлтан бір тау жаққа тастады. Ол тау түгелдей тұзға айналды. Қиямет күніне дейін таусылмас болды. Әзіреті Сұлтанның осыған ұқсас кереметтерінің халық арасында кең жайылған мәшһүр үлгілері бар. Бірақ  мынаны білген жөн: Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы соңғы Пайғамбар, Махаббат  тәжі,  әзіреті  Мұхаммед  Мұстафа (с.ғ.с.)-ның пәк Рухынан тәрбие алды. Әзіреті Сұлтан Пайғамбардың жебеуінде болып,  Хожа  Әбу  Нәсір Саманидың тәрбиесін алған болатын. Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы ғазауатта болғандықтан мүрид алып біреуді кемелге жеткізіп тәрбиелеуге шамасы болмады.

Әл-қисса, бір жылы Қытай тарапына ғазауатқа аттанады. Құдай тағаланың ілтипатымен Тұрфанға дейін мұсылман қылды. Әзіреті Сұлтан ауырып, Тұрфанның өзіне бара алмады. Сондай ауырып жатқан кезде Әзіреті Сұлтанға Кашғарға бару сүйінші хабар болды.

Әзіреті Сұлтан неше күн жол жүріп Қашғарға жетті. Бір жыл ауырып жатты. Ақырында сол әлсіз күйде жатқанда достарының бәрін шақырып: «Әй, жарандар, білгендерің жөн болар – менің рухым ғарыштан бұл дүниеге келетін күн Көктегі періштелер: «Жүз мың рет өкініш болғай, өйткені осындай пәк рух дүниенің кесапатханасына кетіп бара жатыр. Ол дүниеде жүз мың кесапатқа былғанып кетер» деп өкініш қылды. «Құдайға шүкір, періштелер айтқандай еш бір кесапатқа кіріптар болмадым», – деді. Әзіреті Сұлтан бұл сөзді айтқанда бір ұлық дәруіш: «Бұл дүниеде күнә қылмаған кісі қандай кісі екен?», – деп, Әзіреті Сұлтанды теріске шығарды. Бұл дәруіштің теріске шығарғаны мәлім болды. Бұл дәруішке дәруіштік жолын байлап, ұлылығын жоққа шығару үшін Әзіреті Сұлтан мүбәрак көңілінің қалғанын айтты. Сол заман оның дәруіштік әулиелігі жоқ болды. Еш бір шартта оның дәруіштік жолы ашылмады.

Әлқисса, Әзіреті Сұлтанды теріске шығарғаны үшін ол дәруіш жүз мың рет өкінді. Соңында Хожа Әбу-л Фәттаһті, шейх Нәжм-ед дин Аттарды араға салып, қатты сұрана Әзіреті Әбу Нәсір Саманидің рухынан шапағат тілеп теріске шығарғанына жүз мың тәубе қылды. Әзіреті Сұлтанның  аяқтарына жығылып, Хожа Әбу-л Фәттаһ, шейх Нәжм-еддин Аттар, Хожа Әләмдар «бұл дәруіштің күнәсін кешірсін» деп Әзірет Сұлтаннан сұрады. Әзіреті Сұлтан оның күнәсін кешірді. Сөйтіп, бұл дәруіштің әулиешілігі, дәруіштігі көңіліне қайта қонды.

Әлқисса, әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазыға сол аурудан ажал жетті. Бір күні отырған-ды. Дәруіш кейпінде біреу кіріп: «Алланың заты», –  деді. Әзіреті Сұлтан «бұл қандай кісі, мақсаты не екен» деп: Әй дәруіш: «Не тілейсің?» деп сұрады. Онда дәруіш: «Әй, әлем патшасы, ақылды кісі әр істі ишаратпен біледі, менің айтуым қажет емес», – деді. Әзіреті Сұлтанға бұл әзіреті Әзірейіл екені, аманатын алуға келіп тұрғаны мәлім болды.

 

[1] Шаһадат – иманға куәлік сөз. Құдайдың барлығы мен бірлігіне және Мұхаммед (ғ.с.) Пайғамбарға кәлима – сенім сөздерін келтіру.

[2] Тарих /а/ – мерзім, уақыт белгілеу, жылнама.

[3] Тауышқан (т) – қоян.

[4] «Құнұт» – намазда оқылатын дұғалардың бірі.

[5] «Тәһийат» – намазда сәлем беру рәсімі.

[6] Кез – бір метрге жақын ұзындық өлшемі.

[7] Фарсаң – 6 шақырымға тең.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button