Түркітанудағы тың дерек
Тәзкире-и Бұғра хан
Сұлтан Сатұқ Бура хан ғазының шежіресі
“Тәзкире-и Бұғра хан” – Қарахандар әулеті билеген (X–XIIғ) кезеңдегі түрік қағанатының тарихы мен аталған мемлекеттің басты тұлғалары жайында аса құнды мәліметтер бере алатын әдеби әрі агиографиялық шығарма. Көне жәдігер қара сөзбен жазылғанмен онда парсы және түркі тіліндегі өлең шумақтары да араласып отырады. “Тәзкиренің…” тілі ортағасырлық түркі-қыпшақ диалектісіне икемдігін анық аңғартады. Қолжазба кітаптың түп-төркіні XI ғасырда өмір сүрген ұлы ғалымдардың бірі Әбу-л Футух Әбд-Әл Ғафирдің [Ғариф] “Тарих Қашғар” атты туындысынан бастау алатын тәрізді. Бұл шығарманың мазмұны мен авторы туралы XIV ғасырдың белгілі ғалымы, Қашқардағы Шағатай әулеті өкілдерінің сарай хатшысы Жамал Әл-Қаршидің “Әл-Мүлхақат би-с сурах” деген еңбегінен оқуға болады.
“Тәзкире-и Бұғра ханның” негізгі кейіпкерлері – Қарахан Ислам мемлекетінің негізін қалаған ұлы түркі қағаны Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы мен оның ұрпақтары болғанымен кітапта Орта ғасырдағы Қашқар, Жетісу, Орта Азия – Мәруанаһр аймақтарына Ислам діні мен мәдениетінің таралу тарихынан бірқатар бағалы деректер ұшырайды.
Шығармада Қарахан мемлекетінің негізін салушы Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы ұрпақтары Хасан Бұғра хан ғазы, Сайид Әли Арыслан ғазы, Есен Бұғра хан ғазы, Хұсайын Бұғра хан ғазы, Жүсіп Қадір хан ғазы және басқа да тарихи тұлғалардың, имам – сопылардың Ислам дінін нығайту жолындағы ғазауат күресі әсерлі баяндалады. Кітапта Шығыс Түркістан, Жетісу, Мәуерәнаһр өлкесін жайлаған көшпелі және отырықшы түркі халықтарының әлеуметтік, саяси және тарихи-этнографиялық өміріне қатысты қызықты деректер ұшырайды.
Тарихи-этнографиялық деректер
Шығарма кейіпкерлерінің көшпелі өмірі мен дәстүрі де өзара сабақтасып жатыр. Мысалы, қарахандықтар қайсыбір құрметті адамы немесе сұлтандарының бірі қаза болғанда олардың “жетісін”, “қырқын”, “жылын” өткізіп қана қоймай, салт-жоралғылары бойынша әруақтарға ас береді. Қолжазбаның бірнеше жерінде түркілер әлгіндей ас кезінде бес мың қой, бес жүз жылқы, екі жүз түйе сойғандығы баяндалады. Әлбетте, аталған еңбектің түп – негізі ХI ғасырдың туындысынан алынғандығын еске түсірсек, қазақтармен Қарахан әулеті билеген жұрттың арасында тарихи – генетикалық байланыстың барына ешбір күмәніңіз қалмайды.
“Тәзкире-и Бұғра хан” шығармасынан кезіктірген соны деректің бірі – Орта Азия халықтары мен Қазақ хандығының рухани пірі Хожа Ахмет Йасауи туралы. Қолжазба кітаптың 73-парағында сұлтан Сатұқ Бұғра ханның ұлдары әзіреті Хасан Бұғра хан ғазы, әзіреті Есен Бұғра хан ғазы және әзіреті Хұсайын Бұғра хан ғазылар көп әскер жинап, тұрғындары діннен ажырай бастаған Түркістан мен Ташкент қалаларына аттанғаны баяндалады:
“Мұндай қаһарлы әскердің сұсынан қорыққан Түркістанның үлкен-кіші халқы түгелдей жиналып, Әзіреті падишаһтың аяғына жығылды. Содан соң Әзіреті Сұлтан Хожа Ахмет Йасауи падишаһтың [қастарына] келіп тәуап қылды. Ас-су беріп, Қатым Құран қылып, сауабын шәһидтерге бағыштады. Әзіреті падишаһ сол жаз бен қыста [тұрып] Ташкент пен Түркістанды бағындырып, жыл соңында Әзіреті Сұлтан Ахмет Йасауи падишаһтың жиені Бүбіше Мәриәм ханымды алып, барлық әскерімен аттанды”.
Осы бір ғана үзінді деректің өзі әйгілі Түркістан шейхінің әшейін сопы – дәруіштердің пірі ғана болмағандын аңғартады. Тегінде сұлтан, падишаһ сынды жоғары мемелекеттік лауазымдар кез-келген мәртебелінің маңдайына жазылмайтыны былай тұрсын, күллі ислам әлемінің тарихындағы мыңдаған дін иесі – машайых, сопы – мүршид, ұлық дәруіштердің бірде-біреуі “сұлтан” аталған емес. Ал “Тәзкире…” қолжазбасында Йасауидің “падишаһ” мәртебесінде көрінуі – қазақ тарихшыларына тың ой салуы тиіс. Біздіңше, жасы орталанып, белгілі себептермен тақуа өмірге бұрғанға дейін Хожа Ахмет Йасауи Түркістан уәлаятының, яки сахарада бой көтерген қандай да бір түркі қағандығының әмірші-сұлтаны болуы ғажап емес. Сонымен бірге Түркістан қаласының бұрынғы аты – Йасы емес, бұл шаһар ерте Орта ғасырлардан бері осылай аталып келгендігі “Тәзкиредегі…” деректерге қоса, Шарафуд-дин Әли Йазди тәрізді атақты тарихшылардың еңбегінен де байқалатындығына ғалымдарымыз назар аударар деген үміттеміз.
“Тәзкире-и Бұғра хан” және оның авторы
Аталған жазба жәдігер туралы алғаш мәлімет беруші талантты тарихшы әрі шығыстанушы Ш.Уәлиханов екені мәлім. 1858 жылдың жазында Ресей үкіметінің ерекше құпия тапсырмасымен Қашқарға саяхатқа аттанған жиһангер ғалым Шығыс Түркістан өлкесінде жарты жылдай тұрып, 1859 жылдың 11 наурызында қайта оралады. Бұл сапар аса қауіпті болған еді. Шоқан ол жерде Әлімбай деген көпестің атын жамылып жүріп көптеген маңызды ғылыми зерттеулер жүргізді. Ол Қашқардан осынау жұмбақ елдің мәдени, тарихи-этнографиялық, саяси-экономикалық ахуалы мен жағырафиялық жағдайы жайында айрықша бағалы материалдар жинап алып қайтты. Осы сапарында Шоқан шығыстанушы ғалымдарының сұранысына орай бірқатар нумизматика жәдігерлері мен сирек қолжазбалар да әкелген болатын. Өзінің ғажайып саяхаты барысында жазған “Жоңғария очерктері” атты еңбегінде ғұлама әйгілі Мұхаммед Хайдардың “Тарих-и Рашидиі” және XVI – XVIII ғасырдағы Шығыс Түркістан өлкесінің тарихи-саяси ахуалын сипаттайтын “Тәзкире-и Хожаған” тәрізді Қашқар елі жөнінде тұщымды дерек беретін көнекөз кітап-қолжазбаларының мазмұнын талдай келе: “Из книг, приобретенных мною в Кашгаре, еще заслуживают внимание:
- “Тазкиряи султан Сутук – Бугра хан-газы” (Жизнеописание хана Султан Бугра из династии Илеков, который первый принял ислам и распространил его в Кашгаре).
- “Тазкиряи Туглук Тимур-хан” (Жизнь Туглук – Тимур хана Джагатаевичей, который первый из монгольских ханов Могул улуса принял ислам).
- “Ришахат”, или известия о среднеазиатских законоучителях и чудотворцах.
- “Абу – Муслим Марузи” – героический роман, замечательный потому, что в него вошло много местных исторических преданий.”,-деген нақты мәлімет береді. Егер 1865 жылғы Орыс Географиялық қоғамының Шоқан Уәлихановтың “Қашқар сапары” туралы Есебінде бұл саяхаттың “тамаша жағырафиялық ерлік” ретінде бағаланғанын, сондай-ақ европалықтардан Шығыс Түркістанның аталған аймағында XIII ғасырдағы Марко Поло мен XIX ғасырда Қашқар қаласына барып, сонда дарға асып өлтірілген Адольф Шлагинтвейттен өзге ешкім бұл жабық өлкеде болмағандығын еске алсақ, қазақ ғалымының әлемдік Шығыстану ғылымындағы рөлі барынша айқындала түспек.
Әлбетте, бұл арада қазақ ғалымы Ш.Уәлиханов “Қашқар сапарынан” әкелген қолжазбаның тағдыры “не болды?” деген заңды сұрақ туындайтыны ғажап емес. Біздіңше бұған тиянақты бір жауап беруге әлі ерте. Тіпті, ғалымның таңдамалы шығармалары мен 5-томдық толық жинақтарында да Шоқан қолжазбаларының кейінгі тағдыры мен олардың қайда сақталғаны жөнінде ештеңе айтылмайды. Әйткенмен, шығыстанушы ғалымның өзі келтірген мәліметтеріне сүйене отырып, А.Мугинов “Сипаттамасына…” енгізілген №109 шығарманың яки қолжазбаның (Тәзкире Сұлтан Сатұқ Бұғра хан. ИАН , РФ: ш.А237/589 de) тақырыбы мен мазмұны қазақ ғалымы тапқан нұсқамен дәлме-дәл келетіндігін аңғаруға болады. Мәселен, Ш.Уәлиханов Қашқар өлкесінің ежелгі тарихи мазар – қорымдарына байланысты зерттеу еңбегінде Сатұқ Бұғра ханның хижра бойынша 429/1037-38 жылдары қаза болғанын жазады. Аталған қолжазбаның мәліметтері де осы мерзімді қайталайды. Егер шынында да бұл Шоқан Шығыс Түркістаннан әкелген жәдігер болса, онда сипатталған шығарма (№109) мен біздің қолымыздағы нұсқаның мазмұнында пәлендей айырма жоқ. Бұған екі шығармадағы оқиғалардың ұқсас баяндалуы, кейіпкерлердің есімдері бірдей болуы дәлел. Тек факсимиле нұсқа (ОҒК) мен Шоқан қолжазбасының арасындағы негізгі айырмашылық алғашқысында Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазидің өлген жылы 409/1015-16 жылдар болса, соңғысында, 429/1037-38 жылдар шамасын көрсеткен. Қалай болғанмен, Шоқан Қашқардан әкелген қолжазба мұралардың сақталған орнын тауып, оларға ғылым тұрғысынан жан-жақты зерттеу – кезек күттірмейтін маңызды міндеттердің бірі.
Өкінішке орай, Шоқанның Қашқардан басын қатерге тігіп, зор еңбек сіңіріп, соншалық қиындық көре жүріп, барынша ғылыми ыждағаттылықпен жинаған бұл қолжазбаларының кейінгі тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Жоғарыда аталған төрт жазба жәдігердің арасында айрықша назар аударарлық шығарма “Тәзкире-и Бұғра хан” екендігі де ешбір дау тудырмасы анық. 90-жылдардың соңында ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасының сирек қолжазбалар қорының каталогынан осынау бағалы да байырғы ескерткіштің фото-факсимилесі барын білгенімде қатты таңырқап, шифрін (РФ. 139) жазып алған едім. Кейінірек, қолым қалт еткенде асықпай оқып көріп, бұл сирек қолжазбаның қазақ халқының тарихы мен мәдениеті үшін аса маңыздылығын әрі тақырыбы мен мазмұны Ш.Уәлиханов Қашқардан әкелген кітаппен бірдей екендігін де түсіндім. Содан бергі бес-алты жыл уақыт бойы “Тәзкире-и Бұғра хан” жазба ескерткішінің шығу тегі, уақыты, авторы, нұсқалары, шығармадағы кейіпкерлердің тарихи тағдыры туралы көптеген ғылыми-деректемелік мәліметтер жинастырдым.
Ақыры, Алла сәтін салып “Тәзкире-и Бұғра хан” кітабының түпнұсқасы туралы жеткілікті мәлімет алудың жолы табылды. Кезінде С.К.Ибрагимов, Н.Н.Мингулов, К.А.Пищулина, В.П. Юдин бастаған бір топ қазақ тарихшылары Ленинградтағы Азия халықтары институтының ғылыми қызметкерлерімен бірігіп “XV – XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығының тарихы бойынша материалдар” деп аталатын аса бір құнды кітап құрастырған болатын. Бұл кітапқа енген материалдар негізінен Орта ғасырдағы парсы-түркі оқымыстыларының тарихи, әдеби және агиографиялық шығармаларынан аударылған үзінділер екендігі мәлім. Аталған кітапты оқи отырып, мұнда тарихи дәуірі тым әріде жатқан “Тәзкире-и Бұғра хан” кірмесе де ғылыми түсініктерінде оның Ленинград мұрағаттарында сақталған бір нұсқасына сілтеме жасалғанын білдім. Сонымен бірге кітаптың 233-бетіндегі“Ходжа Мухаммед Шариф явился “открывателем” многих ложных мазаров в Кашгарии. Его перу принадлежит сочинение на персидском языке, затем переведенное на староуйгурский, под названием “Тазкира-и Богра хан” деген мәлімет қолжазбаның тегін білу үшін аса маңызды еді. Күткенімдей, ғылыми сілтемеде аталған қолжазбаның сипаттамасы енген кітапты да көрсетіпті. Авторы – А.М. Мугинов. Кітап “Описание Уйгурских рукописей Института народов Азии” деп аталады.
Бүгіндері сирек басылымның біріне айналған осы кітапта Сатұқ Бұғра хан мен оның әулетінің шежіресін баяндайтын 30-дан аса қолжазба нұсқалары сипатталған. Бұлардың жалпы мазмұны бір-біріне ұқсас, көбінесе өзгеріссіз қайталанып отырады. Қолжазбалардың тақырыбы негізінен, Сұлтан Сатұқ Бұғрахан мен оның ұрпақтары: Хасан Бұғра хан ғазы, Сайид Әли – Арыслан ғазы, Есен Бұғра хан ғазы, Жүсіп Қадір хан ғазы және Хұсайын Бұғра хан ғазылардың Қашқар мен Мәуерәнаһр өлкесінде ислам дінін орнықтыру үшін жүргізген ғазауат соғыстарына арналған. Сондай-ақ, Қарахан мемлекетінің тұңғыш мұсылман билеушісі Сатұқ Бұғра ханның қыздары: Несіп Түркан, Әла Нұр[Ғалиянұр], Һәдие Түркан ханымдар һәм олардан туған жиендері жайында да әулеттік шежірелер мен түрлі тарихи оқиғалар қамтылған. Бір ерекшелігі, Сұлтан Сатұқ Бұғра ханға қатысты көне жәдігерлердің кейбір тараулары Әбу Нәсір Самани, Хожа Әбілқасым, Хожа Әбу-л Фәттаһ, Хожа Фаһреддин, Хожа Фәкиһ Аийуб, Шейх Мұхаммед Аттар т.б. дін иелері: хожа, шейх, сопы-дәруіштердің өмірін сипаттауға құрылған. Сөйтіп, біз көне түркі тілінен қазақшалап отырған “Тәзкире-и Бұғра хан” кітабының (факсимиле) түпнұсқасы осылай табылды. Ең басты дәлел – ОҒК-де сақталған факсимиле – қолжазбаның әрбір бап-бөлімдерінің немесе тиісті тақырыптардың атаулары, орналасу реті мен беттері А.Мугинов “…Сипаттамасына” енген жеке жәдігерлердің ғылыми көрсеткіштерімен “үтір нүктесіне” дейін сәйкес келіп отырды.
Шындығында да, бір қарағанда бұл жәдігерлер күллі мазмұн болмысымен-ақ жеке қолжазба туындыларға ұқсайды. Әйтсе де, біздіңше олай емес. Өйткені, біріншіден, алуан түрлі (13 атау) шығармалардың қолжазбаларының беттері рет саны бойынша және жалпы көлемі жөнінен де мұншалықты дәл келуі еш мүмкін емес. Сондай-ақ, мазмұны жағынан да қандай бір ауытқу сезілмейді. Екі мәтіннің жазу үлгісі (насталик), стилі, сюжеттердің басталуы мен бітуі, басқа да құрылымдық ерекшеліктері бірдей. Екіншіден, факсимиледе бір кітапқа телінген 13 тақырыпты біреу әдейі қосқан деуге келмейді. Себебі, аталған шығармалар аса көлемді емес, мәтіндерін ажырату да қиын – бір тақырып аяқталса, екінішісі сол бетте жалғасын тапқан. Үшіншіден, Бұғра хан ғазы мен оның ұрпақтарына байланысты жазба мұралардың көпшілігінде осы әулеттің өкілдері ғана емес, бірқатар сопылық тариқаттың белгілі тұлғалары, әзіреті Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с.) мен сахабалар туралы аңыздар да қоса әңгімеленіп отырады. Мұны “Сипаттамаға…” енген “Тәзкире-и Бұғра ханның” өзге нұсқаларынан аңғару қиын емес.
Мысалы, №71-сипаттамада: “Неполная сокращенная редакция. Нет конца. Тазкира-и Бугра-хан смешана с Тазкира-и Султан Сатук Бугра-хан,” делінсе, №109-сипаттамада Сатұқ Бұғра ханмен бірге қағанның ұстазы Шейх Әбу Нәсір Самани және оның ұлы Хожа Әбу-л-Фәттаһтың өмірбаяны әңгіме болатыны жазылған. Кітапта сипатталған нұсқаларда мұндай мысал көп. Бұл жалғыз “Тәзкире-и Бұғра хан” туындысына ғана емес, Орта ғасырдағы барлық түркі, парсы мұсылман әдебиетінің мұраларына тән құбылыс. Төртіншіден, А.Мугинов сипаттайтын Санкт-Петербург нұсқасы (С 544/589 dc) мен ҚР БҒМ ОҒК-де сақтаулы фото-факсимиле кітаптың авторы бір адам. Сипаттаманы құрастырушы оның есімін – Мулла Ходжи-бейдеп көрсеткен. Бірақ сәл қателесіпті. Дұрысы қолжазбада былай делінген: “… Әзіреті Сұлтан Әли Арыслан хан тұлғасының бір белгісі, ұлық әулие [Әулие Ағзам] немересі дүр (оған Алла рахмет қылғай) Несіб Хожа пәкизат дүр. Тағы да [оның] кемел ақ көңіл, ісін Кітап пен шариғатқа, ұранын тақуалық жолына сай қылған ата-бабаларының ахуалы ежелгі кітаптарда айтылған. Оларды жалпы да жалқы да білмек үшін түрік тіліне жинақтауды мен пақыр – Саллахийат, яғни Молла Хажы әлсізден [бей истита‛ғат] өтініш айлады. Мен де бұл сұранысты қабыл алып, Тауарих Әзіреті Хасан Бұғра хан ғазиді һәм өзге тәзкире шежірелер мен сенімді рауаяттарды жинадым. Бұл жинақ адам болмысының төрт мінезінен құралғандай төрт бөлімнен реттелді. Бір кіріспе, екі әңгіме мен қорытындыдан тұрады. Бұл бөлімдердің әрбіріне аят, хадис, ұлықтардың әңгіме-хикаяттарынан нақты айғақ ретінде отырып еңбекті бекіте түстім”.Үзіндіге қарап, А.Мугинов “бей+истита’ат”(мағынасы: нашар, лажсыз, шарасыз) тіркесіндегі «бей» парсы тілінің жалғаулығын түркіше «би» лауазымының мәнінде қолданып қиыс кеткені көрініп тұр. Бұған қоса, автордың өзі де кітапты жинақ ретінде жоспарлағанын, Бұғра хан әулетінен “өзге тәзкире шежірелерді, ұлықтардың әңгіме рауаят, хикаяларын” да келтіргенін мәлімдеп жазуы – біздің әуелгі ойымызды қуаттай түседі.
Яғни, біздің қолымыздағы факсимиле (ОҒК) мен “Сипаттамада…” шашырап кеткен шығармалардың түпнұсқасы – біреу және сол бүтін күйінде Санкт – Петербург Шығыстану институтының Қолжазба қорында (1935 жылдан бері қарай – С.Қ.) сақтаулы тұрғаны шүбәсіз. Біздің пікірімізше, “Тәзкире-и Бұғра ханның” фото-факсимиле қолжазбасын Алматыға әкеліп, сол кездегі Тіл – әдебиет институтының қорына өткізуші ленинградтық түркітанушы, Шығыстану институтының профессоры, академик А.Н.Самойлович болуы мүмкін. Себебі, кейбір деректерге қарағанда ғалым 30-жылдардың соңында алдымен Алматыда, кейін Ташкенттегі ғылыми мекемелердің бірінде қызметте жүріп, 1938 жылы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған. Жалпы мұндай құнды қолжазбалар 40-50 жылдарға дейін жинақталып біткен болатын.
А.Мугинов құрастырған “Сипаттамада…” бүтін қолжазбаның бөлшектеніп берілуінің мынадай себептері болғанға ұқсайды. Мәселен, кітапта жазылғандай, шартты түрде ұйғыр қолжазбалары ретінде сипатталған материалдардың көпшілігін (88 атау) жинақтап әкелген Ресейдің Қашқардағы бұрынғы бас консулы Н.Ф. Петровский еді. 1909 жылы марқұмның туыстары әлгі қолжазбалардың барлығын Санкт-Петербургтегі Азия музейіне өткізген.Ілгеріде көрсеткендей, факсимиленің алғашқы парағына түсірілген “Тәзкире-и Бұғра хан” жинағына қатысы бар 13 шығарманың қолжазбасы туралы “Сипаттамада…:” “Коллекция Н.Петровского” деген анықтама берілген. Бірақ бүтін бір қолжазба не үшін бөлшектенді деген заңды сауал туындайды. Оған Н.Петровский емес, орыс шығыстанушысы К.Г. Залеман “кінәлі” болып шықты. Жұмбақтың шешуі А.Мугиновтің кітапқа жазған алғысөзінен табылды. Онда құрастырушы: “При составление описания рукописей были использованы имеющиеся в Институте народов Азии картотеки тюркских рукописей и список К.Г. Залемана “Мусульманские рукописи, вновь поступившие в Азиатский Музей в 1909 – 1910 гг”. (ИАН, 1911), что в известной степени облегчило работу по описанию значительной части рукописей Уйгурских коллекций.” деп жазған-ды. Былайша айтқанда, А.Мугинов біз сөз еткен “Тәзкире-и Бұғра хан” (589 dc; С 544) қолжазбасын оқымай-ақ, К.Г. Залеман тараулары бойынша жеке картотекаларға бөліп тастаған әлгі материалдардың дайын құжаттық көрсеткіштерін “Сипаттамаға…”енгізе салған. Содан соң құрастырушы қолжазбаларды бірыңғай әліппе тәртібі бойынша орналастырған кезде “Тәзкиренің…” тараулары тарыдай шашылып қалған. Ең ғажабы, жоғарыда аталған 13 қолжазба – тараудың сыртқы түрі, сақталу күй-жайы бірдей екендігі. Олардың 12-не “Внеш. опис. см.: №123 наст. описания” деген ескертпе жасалған. Бұл – факсимиледе, яғни, түпнұсқада да “Тәзкире-и Бұғра хан” жинағының 2-тарауына кіретін “Тәзкире Шейх Бәһауед-дин” қолжазбасы.
Осы мәліметке қарағанда біздің бар ынта-жігерімізбен зерттеп, зерделеп, аударып отырған шығармамыздың Азия музейіндегі Қорда тіркелген сыртқы сипаты мынадай: Авторы – Саллахийат Молла Хажы (Молда Қажы). Жазылған жері – Шығыс Түркістан, Қашқар уәлаяты. Жазылған мерзімі – шамамен XVII – XVIII ғ.ғ.Шығарманың көлемі – 135п. (137п. титуль парағымен)Басталуы: Әмма рауаян ахбар уа нақлан әсар… (2 а.п.) Соңы: Үш нәмерсе барып йанмас – бірі атқан оқ, бірі – айтқан сөз, бірі – өткен ғұмыр.
Қарахандар әулетінің тарихына қатысты дереккөздер де, осы тақырыпты зерттеу жұмыстары да кемшін екендігі белгілі. Ертеректегі шетел оқымыстылары В.Бартольд, К.Залеман, В.Григорьев, О.Притцак т.б түрік ғалымдары Аталай, И.Кафесоғлы, Р.Арат, Р.Генчтің еңбектерін және өзбек, ұйғыр, қырғыз тарихшыларының соңғы кездегі зерттеу жұмыстары болмаса, бұл күрделі дәуірдің құпиясы әлі толық ашылған жоқ. Қарахан мемлекетінің саяси ахуалы Қазақстан тарихына еніп, аталған кезеңнің басты оқиғаларына қысқаша шолу жасалды. Сондай-ақ, “Алаш” тарихи – зерттеу орталығы әзірлеген, көп томдық еңбектің 1-томында Бұғра хан әулеті жайында, бірқатар ғылыми болжамдар жасалған. Өкініштісі, Қарахан мемлекеті мен оның белгілі тұлғалары хақында кәсіби тарихшылардан гөрі қатардағы өлкетанушылар белсендірек айналысып жүр.
Түркілер тарихы мен мәдениетінде Сұлтан Сатұқ Бұра хан мен оның ұрпақтары билеген кезеңнің маңызы өте зор. Қарахан мемлекетінің тұсында әлемдік ақыл-ойдың маржаны саналған Жүсіп Баласағұнның “Құтты білігі”, түркі халқынан шыққан тұңғыш эпциклопедист-ғалым Махмұт Қашқаридің “Түркі сөздерінің жинағы”, даңқты сопы-шайыр Ахмет Жүйнекидің “Ақиқат сыйы”, күллі түрік дүниесіне мәлім Түркістан Пірі, ғұлама әрі ақын Әзірет Сұлтан Хожа Ахмет Йасауидің “Хикметтері” дүниеге келді. Түркі дүниесінің төрт діңгегіне айналған осынау ғажайып туындылардың құт-мекені, киелі, қонысы, қасиетті ордасы һәм сәулетті сарайлар мен мазарлар салдырған дәулетті қағандарымыздың өткен дәуренін зерттеу мен зерделеу қазақ ұлтының да мәңгілік борышы. Біздің келешек ұрпақтарымыз сонау Қашқар уәлаятының Артыш кентінің түбінде күмбезін күн сүйіп жатқан Әзіреті Сұлтан Сатұқ Бұғра хан мен түмен бабтың ордасы, қазақ халқының рухани байтағы Түркістанда маңдайын көкке тіреген маңғаз мазардың иесі, иісі түркінің киесі Әзіреті Сұлтан Ахмет Йасауи арасын жалғайтын алтын жүлгелердің құпиясын құмарта оқып, үйренуі тиіс. Сол асылымыздың сынығы, мәңгілік құндылықтардың мәйегі, мәдени мұрамыздың ең мәндісі назарларыңызға ұсынылып отырған – “Тәзкире-и Бұғра хан”.
“Тәзкире-и Бұғра хан” – қазақ рухының қайнары
Шамамен ХҮІІ ғасырдың аяғы, ХҮІІІ ғасырдың басында өмір сүрген қашқарлық сопы Саллахийат (Молда Хажы) Сұлтан Сатұқ Бұғрахан ғазы мен оның әулеті туралы көне жазбалар мен аңыз-әңгімелердің басын қосып, оның мазмұнын уәийсия және нақшбандия ордені әулие-дәруіштерінің өмірбаянымен толықтыра отырып, тұңғыш мұсылман-түрік мемлекетінің іргесін қалаған ұлы қаған жайында бағалы жәдігер жазып қалдырған.
Аталған шығарма агиографиялық жанрдың ықпалына орайлас жазылғанымен, еңбектің өн бойындағы оқиғалардың тарихилығы, кейіпкерлердің өмірде болғандығы, сондай-ақ нақты жыл мерзімдерінің көрсетілуі, соғыс қимылдары өткен яки түркі халықтары мекендеген қалалар мен елді мекен, жер-су атауларының шынайылығы да қолжазба кітаптың мәдени мұра ретінде айрықша маңызын аңғартады. Қолжазбаның авторы мен оның көшірушілері сонау Х-ХІ ғасырлардағы түркі қағандарының тілін сақтады деу қиын. Дегенмен, А.Мугинов жазғандай, “Тәзкире-и Бұғра ханды” – ұйғыр халқының төл мұрасы ретінде қарастыру да қисынға келмейді. Өйткені, құрастырушы қолжазбалардың авторы, олардың шығу тегі, тілдік ерекшеліктері, ескерткіштердің тарихи-әлеуметтік мазмұны сынды маңызды мәселелерге мән бермеген сыңайлы. Шындығында Қашқарда өмір сүріп, әртүрлі тақырыптағы ғылыми, діни және тарихи жәдігерлер жазып қалдырған қалам иелерінің басым көпшілігі бұл өлкеге Орта Азия аймақтарынан қоныс аударғандар болатын. Сөйтсе де автор ілгеріде есімі аталған Хожа Мұхаммед Шәріпті айтпағанда, тіпті ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ тарихшылары Молда Мұса ибн Айса Сайрами (“Тарих-и Әмнийаның” авторы. – ауд.) мен Құрбанғали Халидұғлы Аякөзидің шығармасын да (“Тарих-и жәрида-и жәдида”) ұйғыр қолжазбаларының қатарында атаған. В.П.Юдин бұл өрескелдіктерді сынай отырып, “Сипаттамадағы…” қолжазба ескерткіштердің тілі туралы мынадай әділ пікір білдіреді: “Термин “уйгурский” введенный в “Описания…”, применяется условно для обозначения места происхождения рукописей” (с.3), что вряд ли оправдано, так как в число описываемых сочинений входят произведения и переводы среднеазиатских авторов, которые пользовались тем же литературным языком, что и восточнотуркестанские писатели”
Әлбетте, қашқарлықтардың тілі ХІХ ғасырдың соңында ғана шартты түрде “жаңа ұйғыр тілі” деп атала бастағанын Шоқан да жазған. Мұның өзі Европа ориенталистері үшін ғылыми қажеттіліктен туындаған еді. Шындығында Шығыс Түркістанда туған жазба ескерткіштердің тілі Орта Азияда қалыптасқан шағатай диалектісіне етене жақындығы белгілі болатын. Бұл орайда В.Юдиннің “Тарих-и Әмнийа” кітабының авторының мәліметтеріне сүйеніп жазған: “Его сочинение все еще не оценено по достоинству, оно является источником самых разнообразных и иногда неожиданных сведений по истории и этнографии, и не только уйгурского народа. Кстати говоря, как и все авторы, писавшие одновременно с ним или за несколько веков до него, Мулла Муса тюркоязычное население Восточного Туркестана не называет уйгурами. Уйгуров он, в ряду с несколькими другими народами, называет завоевателями Восточного Туркестана, когда-то правившими этой страной,” деген пайымды пікірлері соның айқын айғағы.Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, “Тәзкире-и Бұғра хан” ескерткіші ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда Орта Азия мен Қашқар аймағында қалыптасқан шағатай-түркі жазба стилінің аздаған әсері бар аралас тілде жазылған деп санаймыз. Ең ғажабы, шығарманың түпнұсқасын оқыған әр бір түркітанушы ғалым сөз болып отырған жәдігердің мәтінінен жүздеген қазақ сөздерін жолықтырар еді. Ал бұл кітапта суреттелген тарихи оқиғалар, көптеген этнографиялық мәліметтер мен әскери атаулардың ежелгі қыпшақ елінің салт-дәстүр, тұрмыс тіршілігінен мол ақпарат беретіні шүбәсіз.Сондай-ақ, ескерткіштің негізгі тарауларының баяндалу стилінде қазақ батырлар жырына тән асқақ екпін сезіледі. Бір ғана “тобышақ ат” тіркесін алайық. Бұл – Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазының жиені Сайид Әли Арыслан ғазының тұлпары. Мұндай сирек ұшырайтын жылқы атаулары басқа түркі халықтарында кезіге бермейді. “Қобыланды батырдың” Көшелек, Айса нұсқаларында оның жауынгерлік серігі – “Тобышақ” атымен танымал, яғни – аяғы, тобығы ақ түсті арғымақ деген ұғымды білдіреді. Қолжазбадағы жылқы тұқымына, оның өң-түсіне қатысты өзге атаулар да қазақ-қыпшақ елінің көшпелі тұрмысына сай. Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы алғаш ұстаз-пірі Әбу Нәсір Саманимен далада кездескенде оның басында киіз қалпағы, астындақара қасқа арғымағы болғандығы туралы эпизод та еріксіз назар аударатыны сөзсіз. Түркітанушы ғалымдар қай пікірді қолдаса да, осы тектес құнды айғақ-куәліктердің айтары мол, дәлелі даусыз.
Серікбай ҚОСАН, филология ғылымдарының кандидаты