Хожа Әбілқасымның хикаясы
Бисмиллаһ-ир рахман-ир рахим!
Әзірет мәртебелі әзиз пәк жан әлемнен өткенде, ол ұлықтың перзенті Хожа Әбілқасым елу жаста еді. Бұл ұлық та Меккеге барып тауап етіп жүрген кезде әкесінің назарында болып, кемелге жетіп еді. Әкесінің өсиетін өзі орындап шейхтық қылып, халықты Құдай Тағаланың жолына бастап, әкесінің сөзін екі қылмаған. Халық шейх Әбілқасымға сенім білдірген. Оның себебі, шейх Әбілқасымның кереметтері әулиелікте әкесінен жоғары еді.
Шейх Әбілқасымның кереметтері
Әкесі дүние салған жылы жұт болды. Бір-бірінің етін жеп тоймады. Содан тағаты таусылып, Хожа Әбілқасымның алдына барып жәрдем сұрады. Хожа Әбілқасым сол басқосуда қолдарын көтеріп, дұға қылып, мінәжат етті: «Илаһи, сен жомарт падишаһсың, сенің рахмет жаңбырыңның бір тамшысы пенделеріңнің күнәсін жуып пәк қылуға жетер. Бұл әлсіз пендеңнің дұғасын қабыл қылғайсың. Бұл әлсіз пендеңнің мұқтажын бергейсің. Халықты бұл жұттан құтқарғайсың, мендей көңілі құлазыған пенденің дұғасын қабыл алып, ол халықтың хақында қаласаң, әлсіз пендеңе сенім артсаң, мен де оларды сенің ғибадатыңа жетелейін. Бұл халықтың жейтұғын тағамына игіліктеріңнің есігін ашып, кеңшілік жасағайсың», – деп тіледі.
Сол кезде құлақтарына: «Әй, Әбілқасым, бір биікке шығып, екі иініңді төмен салып, менің құдіретімді тамаша қыл», – деп әуез келді. Хожа Әбілқасым бұл әуезді естіп солай жасады. Хожаның екі жеңінен бидай құйыла бастады. Бір сағатта бидай биіктеп, үйіліп қалды. Сосын халыққа рұқсат берді: «Әй, мұсылмандар, бұл бидайды көтергеніңше алыңдар, – деді. Бұл халық қаптарын толтырып және өздері көтере алғанынша алды. Одан кейін халық: «Әй, мәртебелі, енді қажетіміз қалмады. Тоқтатың, енді алуға қажет емес», – деді. Сосын Әзірет ұлық екі жеңін бір-біріне қағып сілкіді. Кенет бидай тоқтады. Халық Әзірет Хожадан бұл кереметін көріп, аяқтарына жығылды. Фәрхарда құрмет қылмаған кісі қалмады. Сол күні оған Хожа Хан Жомарт деген ат қойды. Фәрхарда жиырма жыл шейх болды.
Жиырма жылдан кейін Меккені тауап қылмақты армандады. Сонда дәруіштерінің бірі: «Әй, мәртебелі, Меккеге барғаннан не пайда бар? Қағбадан не береді? Құдай Тағаланың бір пендесі ғимарат қылыпты. Құдай Тағаланың Сізге бұйырғанын түгел орындадыңыз. Меккеге баруды неге ойладыңыз. Егер мұнда болсаңыз, мүміндердің көңілін алғаныңыз артық емес пе? Хақ Тағаланың ризасы үшін мүміндердің көңілін алмақ жөн емес пе?» – деді. Әзірет Хожа: «Әй, дәруіш, дұрыс айттыңдар. Ілгеріде өткен әлуиелер Меккеге тауап қылыпты. Мүміндердің де көңілін алыпты. Ол әзиздердің жолын қуу дәруіштіктің шарты болып табылады. Дәруіштерге бару қажет. Бір рет барып едім, әкемнің қызметтері үшін ол барғаным – нәфіл болды. Бұл жолы бару – мойныма парыз деп орындауға тиіспін».
Тағы дәруіш: «Сіздер ілгерідегі әулиелердің жолын ұстандыңдар, бізге ұқсас пақырлар да сізге ұқсап әулиенің жолын ұстанып жүргенде бұл қандай хал болмақ?» – депті. Ұлық үндемеді.
Бұл сапарда мың кісіні ертіп жолдас қылды. Әр күні Құдай Тағаланың әмірімен Әзірет Хожаның кереметтерімен бірнеше жабайы жануар келіп, әр бір тұрақта дәруіштерге азық болды. Керуен Хижазға жеткенде мың киік сонда әзір болды. Керуеншілер жетпіс мың кісі еді. Әзірет мәртебелі бұл жануарларды керуеншілерге бөліп берді. Күнделік дәруіштердің азығы болды. Керуен жұрты Хожадан бұл түрлі кереметтерді көріп, бәрі де иман келтірді. Қысқасы, Әзіреті Хожа жетпіс мың мүридпен Қағбаға жетіп, Мүбәрак үйді тауап етуге қол жеткізді. Одан кейін Меккеге келместен бұрын дөрекілік көрсеткен дәруіш әзиз Хожаға күнәсін мойындап, аяқтарына жығылып: «Әй, мәртебелі, Меккеге келудің жөні бұл екенін білмеппін», – деп кешірім сұрады.
Әзіреті шейх тауап қылғаннан кейін бір бұрышты таңдап отырды. Біраздан кейін Мина тауына баруға рұқсат берді. Ол дереу тұрып сол жаққа бет алды. Барса, Мина тауында он мың әулие әзір болып тұр. Ешкімнің олардан хабары жоқ. Хожа олармен көрісті. Оған: «Кел, әй, Әбілқасым, хош хабар бар саған. Саған дейін еш уақытта мұнша кісінің қажылығы қабыл болмап еді. Бұл сенің қуанышың, берекетіңнен мақұл болды», – деді. Хожа Әбілқасым: «Мен білмеппін, маған қанша бақ иесінің қажылық ниеті қабыл екенін», – деді. Әулиелер: «Мың жеті жүз кісінің қажылығы қабыл болды», – деп хабар берді. – Тоқта, саған тағы бір хош хабар бар, саған ұлықтық шапанын кидіреді», – деді. Хожа Әбілқасым: «Әй, Құдайдың жақындары, мен бұл мәртебеге лайық емеспін. Мені құрмет етіп, ұлық тағайындаса қаламас едім», – деді. Әулиелер: «Не үшін қаламайсың?» – деді. Хожа: «Оның үшін қаламаймын. Мені Құдай Тағала әзиз қылыпты. Бұл ұлықтық мансапты мен оның өзіне қайтарамын, оған лайық емеспін. Мен ұзақ ғұмыр тілеймін және Құдай Тағаланың пендесі болуды қалаймын», – деді. Бұл ұлықтың бұ екі сөзін естіген әулиелер бір-біріне қарап айтты: «Әй, жарандар! Құдай Тағаланың дәргаһына күштеп кісіні іс қылдырмақ жоқ. Өз еркіне қойыңдар. Не болам десе де өзі білсін».
Соңында Хожа Әбілқасымға рұқсат берді. Толықтай тауапты орындағасын, Хожа Әбілқасымның құлақтарына: «Әй, Әбілқасым, сен ұзақ ғұмыр тіледің. Жүз жиырма жыл ғұмыр жомарттық қылынды», – деген әуез естілді.
Хожа бұл хош хабардан қуанып, шабытпенен Меккеде он жыл тұрып, жарубкештікті таңдады. Меккеде тұрғандықтан шексіз қасиеттер көрді. Он бірінші жылы әзірет Мәдинеге барып, он жыл Пайғамбардың Гүлзарында болды. Одан кейін Шамға барып, шейх Кимиаи Кәсраның қызметінде болды. Ол сол кезде хатиб42 еді. Шейх Кәмиаи Кәсра Хожа Әбілқасымды алыстан көріп күліп: «Әй, Әбілқасым, ынта көрсеткін», – деді. Әзіреті Хожаға бұл сөз өте ұнады. Арты-артынан үш рет қайталады. Бірақ мәжілістегі жиналған кісілер таң қалып: «Бұл шейхтің жаһадтық сипатында көрінгеніне неге сонша көңілі хош болды?» – деп айтты. Бұл халықтың өзі туралы әңгіме айтқаны Хожаға мәлім болды: «Әй, анайы халық, мен не үшін қуанбайын: неше жылдан бұл істі зерделеп жүр едім. Мен өз жүрегімнің қай пайғамбардың жүрегіне ұқсас екенін білдім. Бұл түйінім шейхтің алдында анықталды. Сол себептен де қуанып, шарқ ұрдым» деді. Мен әлсіз пенденің жүрегі әзіреті Мұсаның (ғ.с.) жүректері екен, – сол сәтте [оның сөзін] мәжілістегі барлық халық қабыл қылды. Одан соң әзіреті Хожаға Әбілқасым әзіреті шейх Кәмиаи Кәсрадан рұқсат сұрады.
Ол: «Біраз тұрың, сізден сауалым бар. Оған жауап берің», – деді. Шейх: «Ол күні Мина тауында сізге хатибтік киімі тігілгенде сіз неге қабыл қылмадыңыз. Оның орнына бөлек нәрсе тіледіңіз?» – деді. Хожа Әбілқасым: «Иә, онда мені ұят басты. Өйткені, сіздер бұ өріске лайық болып жүргенде, менің бұ өріске қадам қойғаным аса еркелік болар еді. Оның үшін қабыл қылмадым», – деді. Хожаның бұл сөзі шейхті қатты қуантты. Сосын Хожа Әбілқасым хақында фатиха оқыды және бұларға қайтуға рұқсат берді.
Хожа Әбілқасым шейхтың қонысынан шығып, өз жұртына неше күн жол жүріп, Фәрхарға жетті. Отыз бес жыл Фәрхарда болды. Тағы жиырма бес ұл, он екі қыз тапты. Бұлардан екі ұл, үш қыз ол мәртебелінің жетекшілігімен әулиелік мәртебесіне жетті.
Бір күні отырған еді, құлақтарына: «Әй, Әбілқасым, біл, өмірің соңына жетіпті. Енді сенің Хотан тарапына баруың керек. Сенің топырағың сол жерде», – деген әуез келді. Әзіреті Хожа Әбілқасым сол күні алды-артына қарамай, дереу Хотан жаққа баруды шешті. Он екі жақын мүридімен бірге тағы бір ұлын да жолдас қылды. Оның аты молда Фәхред-дин еді. Ол дүниеуи ғылымда да кемелге жеткен-ді. Өлеңдері де бар еді, айтыс-тартыста да сөз шеберлігінің күштілігінен сол уақытта тәлібтер оны молда Фәхред-дин «жанжалкеш» дейтін.
Оқып жүрген кезде бір күн кітапқа анықтама жасап отыр екен. Кенет, оқуға зауқы болмай, ұлықтарды жолдас етіп бір сапарға шықты. Сонда жолдары бір баққа түсіп, Хасан Бұғра хан ғазыға тоқайласты. Ол кеште сол жерде түнеді. Сол түні бұларға сүйінші хабар болды: «Әй, Әбілқасым, хош келдіңіз, қадамыңыз, пәк ниетіңіз мүбәрак болсын!» деп айтты. Тағы: «Пәлен жерде бір ауру бар, оның айығып кетуі сіздің мүбәрак қадамыңыздың ол жерге жетуіне байланысты», – деді. Бұл түні, осы оқиғаны көріп, ертең сәресі жолға шықты. Бір өзенге жетті. Біраз сонда аялдады. Жауырыншы: «Әй, Хожа, бір сағат тоқтаймын. Хош ауа жер екен. Ас дайындасам, дәруіштер тынықса, одан кейін жолға шықсақ», – деді. Әзіреті Хожа қабыл қылып, өз істерімен айналысты. Дәруіштер асқа кірісті. Әзіреті Хожа бір мезгіл жатып еді. Кенет көздерін ұйқы басты. Бір түс көрді. Біреу пайда болып: «Әй, Хожа Әбілқасым, бұл отауда мен саған аз ғана аманат қойып едім. Сенікі еді, оны алғайсың». Әзіреті Хожа Әбілқасым ұйқысынан шошып оянды. Дәруіштерді шақырып: «Әй, дәруіштер, жиналыңдар! Мына жерде бір нәрсе бар», – деді. Дәруіштер кетпен-күректерін алып келіп, бұл жерді қазып ашты. Сол жерден он батпан қаш тасы шықты. Мұны алып дәруіштерге жұмсады. Сосын бұл мекенге «Қаш отау» деп ат қойды. Ол күні жол жүріп, ертеңгісін кешқұрым әлгі аурудың үйіне жетті. Көрсе, ол кісінің ауруы әбден асқынып, халі нашар болыпты. Әзіреті Хожа Әбілқасым ұлы молда Фәхред-динге: «Әй, балам, бұл аурудың хақында дұға қылың, фатиха оқың», – деп тапсырды. Молда Фәхред-дин әкесінің рұқсатымен ол аурудың хақында фатиха оқыды.
Әзіреті Хожа «әумин» деді. Ол жеті жылғы ауруынан дереу айығып, орнынан жүгіріп тұрып, қызметке қол қусырып тұрды. Ол кісі әулиелікті өзі білмейтін еді. Халық та білмейтін. Бірақ өздері дәруіш кейпінде жүретін-ді. Тегі Ирактан еді. Бұл әзиз өз жұртына қайтуды молда Фәхред-диннен арыз қылды. Ол: «Әй, падишаһым, сіздердің фатихаларың дертіме дауа болды», – деді. Сондықтан оған «Дауаи» деп лақап қойды. Ол мәртебелінің шын есімі молда Фәхред-дин еді. Тағы оған «Жанжалкеш» лақап есімін берген-ді. Бұл «Дауаи» атымен де атады. Соңында бұл «Дауаи» лақабы қалып, сол баяғы «Жанжалкеш» атымен мәшһүр болды.
Хожа Әбілқасым бірнеше күн сол мекенде тұрып, төртінші күні дүниеден өтті. Әкесі дүниеден өткеннен кейін мәртебелінің ұрпақтары өзгеріссіз ата жолымен жүрді. [Кейінірек] ұлы да: «Әй, ұлық әке, мені бұл ғаріптікте пенде қылды. Менің бұ ғаріпшілікті көтеріп жүруге төзімім жетпейді. Тезірек мені өзіңнің жаныңа шақыр», – деп еді, әкесі: «Қырық күннен кейін менің қасыма келің», – деді. Әкесі айтқандай, қырық күннен кейін ұлы молда Фәхред-дин де әлемнен өтті. Сосын молда Фәхред-динді әкесінің жанына қойып жерледі.
Дәруіштер қырық күн молда Фәхред-диннің қабірінің басында болды. Бірде дәруіштер түсінде Хожа Әбілқасымды көріп: «Әй, мәртебелі, ахуалың қалай екен?» – деп сұрады. Әзіреті Хожа Әбілқасым ахуалын баян қылды. Ол: «Әй, дәруіштер, сіздерге рұқсат бердік. Көңілдерің қай жерді қаласа, сонда жүріңдер», – деді. Бұл сөзді естіп, кейбірі пірлерінің рұқсатымен өз Отандарына оралды. Кейбіреулері пірлерінің астанасын таңдады. Дұрысын Алла біледі.
Мәтіндерді көне түркі тілінен аударған
филология ғылымдарының кандидаты Серікбай Қосан