
Бірінші бәйіт
Бисмилләһир Рахманир Рахим!
Я, Алла, мен қайтемін өлген күні,
Алланың аманатын берген күні.
Көтеріп көп жамағат алып шығып,
«Ассалату жаназа!»221 деген күні.
Шырағын бұл ғұмырдың сөндірерсің,
Хауіптан көзден жасым мөлдіресің.
Тән жаратып жан берген өзің едің,
Не түрлі қиындыққа көндірерсің.
Ей, жігіттер, бір күні ажал келсе бұрқыратып,
Атылған бір оқтай болып зырқыратып.
Неше жыл жолдас болған жан мен тәнді,
Айырса бір-бірінен шырқыратып.
Жанға көңіл қалып тұр,
Жан бұл күйге салып тұр.
Тәнге көңілім қалып тұр,
Тән шыдамай азып тұр.
Жаны ашыған жақынның,
Көзінен жас ағып тұр.
«Ей, сені ме?» дегеннің,
Айызы әбден қанып тұр.
Пәни деген төбетің,
Балтырымнан алып тұр.
Адал сөзім қор болып,
Жұртым жалғанға нанып тұр.
Екінші бәйіт
Көруге жазған ғалымды,
Ойлап көңілің алаңды,
Көп қарасаң кітапқа,
Көтереді санаңды.
Дүниенің анық жалғаны,
Тәңірімнің болар салғаны,
Ескірмейді дүниеде,
Ғалымдардың артында жазып қалғаны.
Опасы жоқ бұл жалған,
Батырды неше байды алған,
Бақ дәулет қанша болсада,
Өтпейді адам жоқ арман.
Шат болады адамзат,
Бақыттың тасып өрісі,
Жақсы әйелдің белгісі,
Еріне қарсы келмесе.
Шын жақсының белгісі,
Дұшпанға ұстап бермесе,
Туыстың жақсы белгісі,
Үлкеніне қарсы келмесе.
Ағаның бары не керек,
Екі талай болғанда,
Ат құйрығын бермесе.
Баладан қанша пайда бар,
Айтқаныңа көнбей,
Бетіменен өрлесе.
Ағайын туған не керек,
Қысылғанда көмек қып,
Кемдігіңді көрмесе.
Келіннен қанша пайда бар,
Жұмсауыңа көнбесе.
Жақынның қанша қажеті,
Амандыққа келмесе.
Досыңнан қанша қызық бар,
Сұрағанда бермесе.
Бәрін айтта бірін айт,
Ақиретке еріп бармайды,
Дүниеде қызығын көрмесе.
(Тәмам)
Жастық шақ туралы айтқаны
Сұлу сүйрік сүмбідей,
Сәнді күнім жиырма бес,
Ақтаған таза алтындай,
Таза күнім жиырма бес.
Қылт еткенді көретін,
Шабыттанған қырандай,
Қырағы күнім жиырма бес.
Қырағы болып қияға,
Қонған күнім жиырма бес,
Қырағы болып қияны,
Шолған күнім жиырма бес.
Талмас қанат талаппен,
Ұшқан күнім жиырма бес,
Сүйеу қылып сұлуды,
Құшқан күнім жиырма бес.
Сүйгенімді құшақтап,
Қысқан күнім жиырма бес,
Тобылғыдай қып қызыл,
Қанды күнім жиырма бес.
Жаңа піскен жаңғақтай,
Дәнді күнім жиырма бес,
Келбетіме келісті,
Көрік біткен жиырма бес.
Табиғаттың бәрісін,
Беріп біткен жиырма бес,
Тұлғам толған толықсып,
Сәнді күнім жиырма бес.
Жарығы жоқ күндерде,
Жарып шыққан жиырма бес,
Найзағайдай жарқырап,
Жанып шыққан жиырма бес.
Жастық шақты талпынып,
Биік шыңның басына,
Алып шыққан жиырма бес.
(Тәмам)
Арақтың зияны туралы
Мынау – байлаусыз жын,
Ішіп мас болғандарға мін.
Арақ – ақылдың ажалы,
Ақымақтың базары.
Ақылдың жауы,
Қалтаның жұты,
Өмірдің құрты,
Төбелестің төрағасы.





