Кітапхана

Зар заман сарындары

Шортанбай жырау (ортадағы сәлделі) өз отбасымен бірге

ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясының ең көрнекті  өкілдерінің бірі Шортанбай мұрасы күні бүгінге дейін жұртшылыққа жаңсақ немесе жадағай ұғындырылып келді. Бұл түсінікті де. Шортанбай сөздері – елдігінен, мемлекеттік жүйесінен айырылып, отарлық халге түскен арда жұрттың  ащы зары, өшпес өкініші, арман-мұратынан нәр алған еді. Сондықтан да, Қазан төңкерісінен соңғы  кезеңде ұлттың рухын жаныштап, өткенін ұмыттырып, жаңа ұрпақты меңіреу, мәңгүрт кейіпте тәрбиелеуді мақсат тұтқан ресми саясат Шортанбайды халыққа жат, кертартпа, зиянкес ақын деп жариялады, оның шығармаларын жарыққа шығаруға тыйым салды. Тіпті, ақын есімі жамандап болса да атала бастаған, оның мұрасы там-тұмдап баспа бетіне жол тапқан, аз-маз кеңшілік кезеңнің өзінде,  күні кеш ғана, «идеялық тазарту» науқандарында Шортанбай елдің алдымен ілігіп отырды.

Шортанбай 1818 жылы туып, 1881 жылы қайтыс болған. Асыл сүйегі қазіргі Қарағанды облысы шет ауданының жерінде тыныс тауыпты. Шортанбай Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде жекелеген кітап түрінде де, әр түрлі қолжазбалар арқылы да,  ауызша да кеңінен таралады, ақын мұрасын жинастыру ісіне В.Радлов сияқты ұлы ғалым, Н.Коншин сияқты білімдар адвокат – орыс халқының парасатты, зиялы ұлдары айырықша мән береді, оның қазақ халұқның сөз өнеріне, рухани өмірінде алатын орнын анық бағамдайды. Ақынның әдебиет тарихынан шығарылып, туған елінен алыстауы – «көз ашылған», «теңдікке жеткен» кейінгі кезеңде ғана. Мұхтар Мағауин.  (Жұлдыз. 1991, №3)

Қос бөлімнен тұратын бұл томдықта ұлы ақынның қилы кезеңдер шырғалаңында бұрмаланған, аласталған, кейінірек жинақталған біраз туындылары текстологиялық сүзгіден өтіп, таным ізденісіне, ғылыми ойлар сарабына кең орын берілген.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button