Кітапхана

Ұрпағыма ұлағат

бекен аМенің жастайымнан  жүрегімнен Жаратушы хақтың бар екеніне деген берік сенімімді өшірмегеніме, тіпті, сол сенімім көп жерде мені сақтап қалғанына негіз болған басты күш – шыққан тегімнің қожа руынан болғандығы деп ойлаймын. Әкем үнемі айтып отыратын: «біз жүрегіне иман ұялаған, ислам дінін уағыздаған білімпаз, ғұлама қожлардың ұрпағымыз, бізге ешуақытта асып-тасуға,  әсіре сөйлеуге, ешкімнің ақысын жеуге, обал-сауабын аяқасты етуге болмайды. Осыны есіңе берік ұста!» деп. Өмірде жалғыз жортып жол тапсам да, қаншама теперіш көрсем де, әкемнің осы өсиетін бойтұмарымдай  есте сақтадым. Осы ой-ниетім мені қасиетті парызымды өтеуге – Меккеге қажылыққа баруға итермеледі де тұрды.

Әрине, өз басым бұл сапардың оңай еместігін де, бұл әлдекімдер ойлайтындай туристік саяхат еместігін де жан-тәніммен түйсіндім.  Сондықтан да, бұл сапарға іштей қатты дайындалдым. Ең әуелі  көнеден жеткен дерек бойынша Мұхаммед пайғамбардан бастау алатын қожа руының  шежіресімен танысып, бойыма терең қанықтырдым. Жетпіс жыл бойы Кеңес өкіметі шыққан теңіңді ұмыттыруға күш салса да, өзімнің қожа руынан екенімді іштей мақтан  тұтатын едім. Сол сүйіспеншілік маған ерекше рух берді. Том-том кітаптарды ақтарып, тіпті, Қожалар шежіресін зерттеушілермен де тікелей байланысқа шықтым. Айталық, жазушы-зерттеуші Сейіт Омар маған өзінің көптеген кітаптарын жолдады.

Сол көне шежірелердің көрсетуіне жүгінсек, сонау пайғамбарымыздан  бастау алатын ұрпақтардың ішінде Дуана қожа атанған Мәдіқожа деген бабамыз өткен екен. Сол Мәдіқожадан Қожжан, Қылыш, Пірзада, Бақмұқаммед атты төрт ұл қалған. Олардан тараған ұрпақтар жүздеген жанұя болып, бүгінгі таңда Қызыл орда, Оңтүстік Қазақстан және басқа облыстарда бақытты тұрмыс кешуде.

Жалпы, қожалар тұқымы қазақ жерінде дін тартуды мақсаттап ІХ-ХІІ ғасырларда араб елінен келген көрінеді. Олардың бәрі дерлік дінді, соның ішінде мұсылман дінін насихаттаған. Арабтан жан-жаққа тараған қожа өкілдері  еліміздің шығысына да, батысына да келген еді. Тіпті,  Орта жүзге келіп жеткен Мұхаммед пайғамбарымыздың 28-ші ұрпағы саналатын Макайыл софыдан Айна софы және Кәмеледин шейх (Бақсайыс қожа) атты екі ұл туады. Кейіннен біздің пір тұтатын ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов Кәмеледин шейхтан, ал атақты драматург Қалтай Мұқхамеджанов Айна софыдан тараған ұрпақ екенін бүгінде екінің бірі біле бермейді.

Қазақ тарихында ислам діні Бати ханның  немересі Өзбек ханның тұсында, яғни, 1312-1342 жылдарда мемлекеттік дін болып жарияланғаныын тарих куә. Х ғасырда қожалардың бір тобы біздің жерімізге де келген. Келу мақсаттары да анық. Ораза ұстау, намаз оқу, жаназа шығару, мұсылман пендесі үшін бала сүндеттеу және басқа да Құдайға құлшылық ету міндеттерін орындаған. Ел арасында олар киген киіммен де, ибалы мінезімен де  ерекшеленген.

Атыраулық белгілі шежіреші Ыбыраш Қорқытовтың естелігіне сүйенсек, біздің жақтағы қожалар екі арыстан тараған. Олар: Мырзақожа мен Кедейқожа. Мырзақожадан елге белгілі бес ұл – Құлжанқожа. Текеқожа, Байтақожа, Шорнаққожа және Бабажанқожа туған. Осындағы Мырзақожаның баласы Бабажанқожадан Қарауылқожа туыпты. Кедейқожадан – Аққожа, Қарақожа, Қызылқожа, Өзбекқожа, Мәтенқожа, Төленқожа, Қожахметқожа болып таралыпты. Біз осы Кедейқожаның Аққожа деген баласына тараймыз. Яғни, Қызылқоға жерінде мәңгі тыныс тапқан Мәтенқожа әулие де біздің атамыз.

Мәтенқожаның әулиелігін жұрт мойындап, басынан әлі күнге дейін кісі арылмайды. Ата құлпытасынан әлі  күнге май шығып тұр. Тәу ете келгендер құран бағыштағаннан кейін қолдарымен сол майды үсті-бастарына жағады. Қолыңа желімше жабысқан сол май бетіңе, мойныңа жаққаннан кейін еш белгі қалмай жоғалып кетеді. «Осыдан елу жыл бұрын сондай еді» деседі жұрт, әлі сол күйінде. Ал күніне қанша адам сүйкеп алып бетіне жағады, құлпытас құрғамай, бәрібір баяғысынша майланады да тұрады. Аруақ құдіреті деген осы шығар.

Нақтырақ айтқанда, біз Қожаның Қоңырүйлісі, оның ішінде «Көкей-Киік сауған» деп аатлған – менің он үшінші  атам Назар деген кісі. Біз кездері  Маңғыстауға келіп, ер жүрек халық адайлардың  пірі Бекет атаның нағашысы болған «Қоңыр үйлі Сейіт Назар қожа болса, елге танымал Шамалықожа атанған, Еспенбетқожа әулиенің және Әбішқожа мен Қалам қожалардың түп атасы Сейіт Кедейқожа қасиетті Сейіт қожалардан болады. Осы жерде айта кету керек, «Алтын Орданың, яғни Дешті Қыпшақтың ханы Өзбек ханды мұсылман дініне кіргізген, Зейнеләбидиннің әулетінен тарайтын Сейіт ата да Сейіт Назар қожа мен Садық кедей қожаның тікелей түп атасының бірі болып саналады»,-деп жазады Нуриддин Үсен өзінің «Құрайыштар және сейіттер мен қожалар» атты іргелі зерттеу кітабында.

Жалпы, арғы бабамыз Сейіт Кедейқожаның Маңғыстау өлкесіне келгендігі туралы нақтылы деректі елдегі көнекөз, құймақұлақ ақсақалдардан бұрын да естіп жүретінбіз. Соңғы кезде Сарыағаш ауданында тұратын Сейіт әулетінің өкілі Тұрсын ағамыздың «Сайтнама» атты кітабы жарыққа шықты, осы кітаптың 122-бетіндегі Сейіт Кедейқожа жөнінде мынадай өлең жолдарын оқып, оның Маңғыстау өңіріне қалай келгендігіне толық көз жеткізуге болады.

…Әзіреті Әлінің жұрағаты,
Пәк сезімді, сенімді Сәиид-заты.
Жетпіс бесінші ұрпағы Адам Ата,
Мұхаммад Әмин екен алғашқы аты.

Мәди екен екінші оның лақап аты,
Болған  дер ел-жұртына шапағаты.
Қыдыр мен Кедей одан туылады,
Біздерміз сол Қыдырдың жұрағаты.

Келіспей Кедейқожа Қыдырменен,
Кетіпті елге ауып біз білмеген.
Маңғыстау, Каспий теңізі жағасының
Кеткен дер қазағы алып пір іздеген…

Енді «Киік сауған» деген атаудың қалай пайда болғаны туралы ел аузындағы мына бір дерекке назар аударайық.

Бағзы бір замандар болса керек. Елді аштық құрсауы қысып, талғажау етер дым таба алмай дағдарады. Сонда біздің Назар атамыз өзіне үмітпен қараған жұртын жұбатып:

-Жарайды, бір амалын қарастырайық,-деп топтан бөлек шығады да, сөзін жалғасырады.-Мен анау төбенің басына барып отырамын, келіндерім, сендер шамалы уақыттан кейін сол төбеге шелектеріңді алып келерсіңдер…

Осылай дейді де, өзі бір төбе басына шығыпты. Бір кезде артына белгі беріп, шақырады. Шелектерін салдыратқан келін-кепшік те жетеді ентелеп.  Келсе, адам айтса нанғысыз ғажайып көрініске тап болады. Алдарынна бір топ киік көрінеді. Ішінен бір үлкен ана киік келіп Назар атаның алдына тұра қалыпты.  Ақсақал асықпай басындағы тақиясын алып, киікті сауа бастайды. Сосын келіндеріне:

-Осы ешкілерді тездетіп сауып алыңдар, байқаңдар, үстерінен бір қылы түспесін,-деп ескертеді.

Келіндер жапырлап киіктерді сауып алып, дүйім жұрт сол сүтті талғажау етіпті. Міне, осыдан кейін бабамызды «Киік сауған Назар» деп атап кетіпті.

Біз осындай ерекше  қасиетке ие, дініне берік, жан сарайы терең, көңілі дария қожалар ұрпағымыз. Бұл – біз үшін ерекше мақтаныш, ата-баба рухын қастерлер, олардың ұстанған бағыты мен аманатына адал болуды ұрпағымызға Алла тағала  нәсіп еткей!

Негізі, қазақтың бір  тамаша қасиеті – жеті атаңды білу дәстүрі бар. Әрине, жеті атаның аты-жөндерін білгенімен, кімнің немен шұғылданғанын білу қиын. Ондай  дәйектерді табу  тіпті мүмкін емес те. Соған қарамастан, соңғы үш-төрт ұрпақтың немен  айналысқаннын білсек болғаны, одан алыс ата-бабаларымыздың кәсібін жорамалдай алмаймыз.

Бәріміз сәл кідіріп, немен шұғылданғанымызды ойланып көргеніміз жөн. Күнделікті күйбең тіршілік пен  уақыттың жетіспеушілгі шежіремізді егжейлі-тегжейдлі оқуға мүмкіндік бермейді. Бірақ  балалармыздың тегімізді, шежіремізді жете оқып білу мүмкіндігіне ұмтылып жүргенін байқап, қолымыздан келгенше ұрпақ жалғастығы үшін шежірені құлақтарына құйып өсуіне көмектесу – Әке парызы.

Алла өзі жаратқан пендесіне: «Сен маған қарай бір қадам жасасаң, мен саған қарай он қадам жасаймын, егер сен маған он қадам жасасаң, мен саған қарай жүгіремін» деген екен. Ұрпақтарымыз әрдайым Алаға қарай қадам жасап тұрушылардан болғай.

 

Сахибеден БЕКЕНОВ, зейнеткер
Атырау қаласы

Ұқсас мақалалар

2 пікір

  1. Менің шығу тегім Қожа. Мəтен Қожа.Оны əрдайым мақтан етемін. Үрпағыма ұлағат атты кітапқа қалай қол жеткізуге болады? Шежіремді біліп жүргім келеді. Хабар болса жақсы болар еді.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button