Осы күні мен қатарлылар өткен өмірін, әкесін еске алғанда «Бұрынғы уақытта әкелеріміз намаз оқығанда есік-терезені қымтап жауып, тысқа бізді күзетке қойып оқитын» деп бастайды. Мен сексеннен астым, өзім ес білгелі, өткен ғасырдың қырық екінші, қырық үшінші жылдардан бастап ұрланып намаз оқыған адамды көргенім жоқ. Біздің туыстарымыздың үлкендерінің бәрі, бірі қалмай намаз оқып, ораза ұстайтын. Солардың ешқайсысының терезесін жауып, есігін бекітіп, сыртқа күзет қойып намаз оқығаны есімде жоқ. Себебі, ондайды көрген емеспін. Елдің айтуымен, Тілеухан баласы Қаная зейнеткерлікке шыққанша намазын жасырып оқыды. Ол кісінің жатқан жері жайлы болғыр, намазды жасырып оқуға себебі де бар еді. Олай деуге себеп, жастайынан жұмысқа араласып, Коммунистік партияға мүше болып, ауданның халық сотының төрағасы, прокурор лауазымына дейін жоғары қызметке көтерілді. Ондай дәрежелі қызметке партияға мүше болмаса жібермейді. Ол кездегі партияның негізгі ұстанымы бойынша, «коммунистер партиясына мүшелікке оның жарғысы мен алға қойған мақсатының жобасын мойындаған азаматтар мен азаматшалар басқа партия мен діни ұйымдардан біржола қол үзіп, олардың таным-сенімдеріне үзілді-кесілді қарсы шығып, тек қана коммунистік сенімді қолдап, қорғауға міндетті» болатын. Соның ішінде, партияға мүшелік пен намаз біріне-бірі қарама-қайшы сенім мен ағым. Егер ол кісінің партияға мүше бола тұрып, намаз оқып, Аллаға тағат-ғибадат қылғаны партия басшыларына белгілі болса, оны міндетті түрде партияға мүшеліктен, барлық лауазымынан аластап, жазаға тартылатындығы анық болатын. Міне, осындай, бірлі-жарым партияға мүше болып, жоғарғы лауазымды қызмет атқарғандардың намазды жасырып оқығандары шындыққа саяды. Міне намазды жасырып оқитындар осылар ғана. Марқұм, Кәкеңнің тілегін Алла қабыл қылған шығар, оның бала-шағаларының барлығы, қандай қызметте болса да, қандай кәсіппен шұғылданса да Аллаға құлшылығынан жаңылмағандар. Үлкен ұлы Мұхаметжан дәулескер күйші, одан кейінгі ұлы Рамазан Кеңес үкіметі кезінде генералдық шенге ие болған аздаған қазақ азаматтарының бірі болса, кенжесі Бекболат мемлекет және мәдениет қайраткері, аты әлемге белгілі жезтаңдай әнші, композитор. Басқа балалары да елдің құрметіне бөленген азаматтар. Қазақтың Алматы мемлекеттік политехникалық институтының ұстазы, әлемге аты әйгілі техника ғылымының докторы, ислам дінінің білгірі, әлемде екінші ұстаз аталған Әл Фарабиді тарихтың тереңінен алып шығып әлемге, әсіресе қазақ халқына қайтарған Ақжан Машанов ешбір партияға мүше де болмаған, ораза, намазын ешқашан ешкімнен жасырмай оқып, қаза қылмаған. Сондықтан, мақтан үшін бе, әлде сөздің бояуын қанықтыру үшін бе, партияға мүше емес, саясатпен айналыспайтын, қарапайым еңбеккерлердің барлығы ашық намазын оқып, оразасын ұстай алмады деп өткенге топырақ шашу шындыққа қиянат болар деймін. Міне, Атам ораза-намазын, тағат-ғибадатын жария орындап, қаза қылмаған және кейбіреулер сияқты моллалықты кәсіп қылып табыс көзіне де айналдырмаған, шамасы жеткенінше құлшылығын Аллаһтың ырзалығы үшін атқарған адам. Нұрбай елінің молласы Сердәлі, Сейткәмәл деген кісілер Атаммен жастары қатар кісілер болатын. Бірде ел жиналған жерде аты аталған моллаекеңдердің біреуі елге діни уағыз айтып отарғанда, «әй, сен осы елдің молласысың ғой, білсең айтшы, ауыздың неше жерінен араб әліпбиі шығады» деп сұрапты. Мұндай сұрақтың тууына анық ненің себеп болғанын білмеймін. Осы жағдайды қағаз бетіне түсірем-ау деген ол кезде мақсат болмағандықтан шығар, айтушы кісіден оны сұрамаппын. Бірақ өз пайымдауымша, анығын Аллаһ біледі, сөз арасында арап сөздерін пайдаланды ма әлде, Құраннан аят оқығанда моллаекең бір әріптің айтылуын тиісті махражынан (әріптің ауыздан шығатын орны) шығармай қате жіберді ме, қайдам? Моллекең жөппелдемеде қойылған сауалға жауап таппай, тосылып қалыпты. Бұл сұрақты молла білмейді екен деген жағымсыз ойдан молланы құтқару үшін, моллаға жақын отырған Мырзақожа әкеміз, «Ой, Әуке, оймақтай ауыздың он жеті жерінен дыбыс қалай шығады деңіз» деп моллаға сыбырлапты. Міне, осы бір мысалдың өзі Атамның тәжуид (Құран кәрімді дұрыс оқу ережесі) ғылымын жақсы меңгергенінің бір көрінісі.
Келесі оқыңыз
Сыр-сұхбат
10.01.2024
Көлденең көк атты
Сыр-сұхбат
25.11.2015
Тобылда табысқан туысқандар
Сыр-сұхбат
06.12.2016
Асылзада
02.05.2017
“Триумфатор трагедиясы” – ғұмырнамалық шығарма
10.01.2024
Көлденең көк атты
25.11.2015
Тобылда табысқан туысқандар
06.12.2016
Асылзада
Ұқсас мақалалар
Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
-
Ежелгі тарихтың тамыршысы12.01.2018
-
Туған жерде туың тік…06.11.2016