Сыр-сұхбат

Он екі шекушканың хикаясы

Шахизада Қансеитов

Менің мамандығым құрылысшы. Бүкіл қайратты  ғұмырым кешегі Кеңес заманында өтті. Сол кезеңнің талап-тәртібіне сай, бір азаматтай еңбек еткендеймін. Бүгінде жер  ортасынан  ауып,  жетпісті алқымдап, немерелердің саулығын тілеп, қуанышын бөлісіп жүрген кезім.

        Жасымнан ұлы Абайдың өсиетінен нәр алып, атақты ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, елдің тарихын, әдебиетін, мәдениетін, өмір талабын бір азаматтай бойыма сіңіріп өскен, өзімді соны ұстана білетін, қарапайым пенделердің бірімін деп есептеймін. Бұрындары, қолыма қалам алып, бұл өмірде көрген-білгенімді қағазға түсіру ойыма келмепті. Себебі, әдеби көркем сөз өнері, ақындық екінің-бірінің басына қона бермейтін, туа бітетін дарын деп құрметтеуші едім. Осы жағдайдың күрт өзгеріп, шамамның келетін-келмейтініне қарамай тәуекелге барып, қолыма қалам алуыма мына бір жағдай әсер етті.

2014 жылы, Қаратау қаласында тұратын, сыйласып жүрген Әбдікерім құда соғым басына шақырды. Қонақжайда құданың нағашы ағасы, жасы жетпістер шамасындағы бір қариямен, төрге қатар жайғастық. Сол ақсақал, көсілтіп, әңгімені сапырып отырды. Қыза-қыза келіп:

– Соғыс кезінде Қаратау совхозында Мәлімсеит, Шолақтауда Мүсілім деген қожалар бір азаматтай, дәуренді бөктіріп, өмір сүрген көрінеді. Өздері соғысқа бармай қалған. Мәлімсеит қырық шекушка деген өлең шығарып, ішкендері спирт, аңдығандары қыз-келіншектер болып, елді дүбірлеткен екен – деп бөсіп бергені. Және осы әңгімені: “Зүнүн қожа айтып еді” – деп сілтеме де жасады.

Дастархан үстінде елдің шырқын бұзбайын деген оймен:

– Қария өсек-аяңда неңіз бар, Мәлімсеит осы үйдің туған құдасы, менің немере ағам, ел басына түскен ауыртпалықты бір адамдай көтерген көнтерлі, Талас өңірінде еліне сыйлы, беделді де абыройлы кісі болған жан. 1942 жылы өз еркімен соғысқа аттанып, 1945 жылы қыркүйекте оралған. Төрт рет ауыр жараланып, төрт рет медальдармен марапатталған, отан соғысының ардагері. Бір Алланың шапағатымен, 1945 аман-есен елге оралады, бойына ақындық қасиет дарыған адам. Ол кісінің, сіз айтқандай Қырық шекушка емес, он екі шекушка деген өсиет өлеңі бар, соңында:

«Жігіттер бұл шишаға қызықпаңдар,

Бағасын ішпей тұрып сызып қаңдар.

Жамандап арзан ішсең өлең қылар,

Ішінде бұл шишаның бұзықтар бар – деп, түйіндеп айтқан бір ауыз өлеңінен–ақ, ішкілік атаулыны жаны сүймейтінін, ішкілікке әуесқойлықтың соңы жақсылыққа апармайтынын, жастарға өсиет етіп айтқанын түсіну қиын болмаса керек. Өзі төкпе, суырып салма ақын, әрі жыршы. Сіз айтқандай жеңіл жүрісті адам емес, қайта елге сыйлы, халықты өзіне қарата білген азамат. Ал, сіздің Зүнүн қожадан естідім деген сөзіңіздің өзі өтірік, ол кісі ондай әңгімеге ешуақытта аяқ баспайды. Мен, ол кісіні жақсы білемін, біреудің сыртынан ғайбат сөз айтудан бойын аулақ ұстайтын адам. Осы айтып отырғаныңыз, өз басыңызға лайық па? – деп дастарханды құрметтеп, сыпайылап айтқан сөзімді ұқпады, дастархан иесінен:

– Құдеке, рұқсат болса, нағашы ағаңыз екеуміз сыртқа шығып келсек? – дедім, сыртқа шыққан соң:

– Қария, жасыңыз болса жер ортасынан ауып, төріңізден көріңіз жақын дегендей, бір алладан тек иман ғана күтуге тиіс пенде емессіз бе. Мәлімсеит ағам, мұсылмандықты берік ұстаған, сол елдің имамы, халықтың адамы болған жан. Ал өзін көрмей-білмей тұрып, кінәсіз пенденің үстінен өсек айтқанның қаншалықты күнәһар болатынын білмейсіз бе. Ата-бабасының жүріп өткен ізімен өнегесінен, өмірлеріне нәр алатын ұрпағыңызға қалдырар өсиетіңіз осы болғаныма? Сыйласып жүрген құданың көңіліне қаяу түсірмейін деп, бізді құрметтеп жайған дастарханды аттап кете алмай, амалым таусылып отыр. Егер, осы әңгіме басқа жерде болғанда, бет-жүзіңе қарамай толық жауабын беретін едім. Бір Алладан, бұдан былай біз екеумізді бір дастарханның басында бас қостырмасын, деп тілеймін, – деп қатаңырақ айттым. Не ұққанын түсінбедім, үн шығармай тұрып қалды. Ұзақ уақыт, осы жағдай, көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қойды, қанша ұмытайын десем де, ұмыта алмадым. Өсек-аяңмен, ғайбат сөзге сусындап өскен жан, менің сөзіме тоқтай қоюы екіталай еді. Өсекші қарияға жауап ретінде, осы өңірге алғаш қадам басқан Әмірсеит бабамыздың ұрпақтары туралы, өмір жолдарын қағазға түсіруге бел байладым. Қолыма қалам алғанда, Мәлімсеит ағамның бір өлеңі есіме түсті.

Өресін насихаттың өсек алды,

Жел сөзге жеткізбейтін»көсем» алды.

Пайдасыз өткен – кеткен қу сөз айтып,

Бермейтін сөзге кезек»шешен» алды.

Шайырдың нахлихатын қадір тұтпай,

Астына аяғының төсеп алды,

Тұсалып тұлпар аттар жолда қалып,

Бәйгенің алдын озып есек алды, – дейді.

Егер осы мысал өлең қандай пенделерге арналғанына өресі жетіп, ой-елегінен өткізіп көрсе, ешкімнің көмегінсіз-ақ, өзінің қаншалықты ағаттық жасап, күнәға батқанын білер еді.

Ал енді, Зүнүн қожадан естідім дегені, шындыққа мүлде жанаспайтын, таза өтірік. Ол кісі бүкіл Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарына белгілі, өте жоғары ғұлама адам. Біздің әулетпен жақсы араласып тұратын. Мен Зүнүн қожаның кенже баласы Сыдықпен құрдаспын. 1966 – 68 жылдары Айнаев Мүсәніпхан ағамыздың үйінде жүріп, екеуміз бірге оқыдық. Бірнеше рет, Зүнүн қожаның от басында болып, қарияның өсиетнамасын да тыңдаған едім. Ол кісінің бір айтқаны: «Әр пенденің артықшылығымен бірге, кемшілігі де болатыны айдан анық. Сондай пенделердің кемшіліктерін елдің көзінше бетіне басу, немесе, сыртынан ғайбаттап әңгіме айту, үлкен күнәлардың бірі болып табылады. Қателікке ұрынбаудың бірден-бір амалы, әр пенде бойына сабырлылықты жинақтап, ғайбат сөзден бойын аулақ ұстағаны абзал» – деп отырғанын өз құлағыммен естіген едім.

Қуғын-сүргін кезінде Зүнүн атаны түрмеге қамайды. Намаз оқу үшін дәретке шығар уақытта, есіктегі құлып кілтсіз өзі ашылып қалады екен. Намазын оқуға кірген кезде, құлып кісінің араласуынсыз, қайта құлыпталатын болған. Осы әңгіме күні бүгінге дейін ел аузында айтылып жүр. Міне, осындай мүбарак жанның сыртынан әңгіме айтқан, әлгі қарияның қаншалықты жеңіл қасиетті адам екенін көрсетсе керек. Бірақ, бұл қаңқу өсек әңгіме жан-жүйкеме қатты әсер етті. Менің ата-бабаларым осы Қаратау өңірінде қадір-қасиетімен аты қалған, елге сыйлы, белгілі тұлғалар еді.

Белгілі қоғам қайраткері, әдебиетші Мырзатай Жолдасбеков «Жүз жыл жырлаған жүрек» кітабында Сеитмаханбетов Мәлімсеит туралы естелік жазып бағасын берген. Мәлімсеиттей ақсақалға жалған өсекпен, қара күйе жақпақ болған қарияның атын атағым келмей отыр. Осы жерде Қансеит атамыздың баласы Бекзатханға айтқан өсиеті есіме түсіп отыр: «Балам, қызмет істеп жүрсің, қазақта құдайдан қорықпағаннан қорық деген ұлағатты сөз бар. Құдайдан қорықпайтын адамдар деп, обал-сауапты білмейтін, өзінен басқаға қайырымы жоқ, өзінің қатарындағы өсіп келе жатқан адамдарды көре алмайтын, ғайбатшыл, біреуді біреуге айдап салып, қырғи-қабақ етіп жүретін пенделерді айтса керек. Сондайлардың ісін әшкере етем деп, көпшіліктің көзінше ұрсысып, салғыласудан бойыңды аулақ ұста. Біреудің жағымсыз істерін, қиянатын екінші біреуге айтудан сақ бол. Ондай іске барған адам, өзінің бойындағы бар қасиетінен айрылып, соған теңеседі. Осыны есіңе сақта» – деген, өсиет сөзі қаперіме келіп, ол адамның атын атамауды жөн көрдім. Біздің бұрынғы өткен ата-бабаларымыз кімдер еді, ел ішінде қандай іс-әрекеттерімен қаншалықты деңгейге көтерілді. Осылар жөнінде қолыма қалам алып, шама-шарқыма қарай, баяндағым келіп отыр

Біздің тегіміз, қожалардың ішіндегі Камалиддин (Бақсайыс) бабадан тарайды. Осы бабамыздың, жиырма бірінші ұрпағы болып келетін Якуб (Жақып) бабамыз Самарқандта ғұмыр кешкен, үлкен ғұлама кісі екен. Осы Талас өңіріне, ел ағаларының өтінішімен Жақып бабамыз өзінің ұлы Әмірсеитті жіберген. Біздер содан тараған ұрпақтар боламыз. Қазіргі кезде, осы Әмірсеит бабадан тараған ұрпақтар бір ауылды құрайды.

Мәлімсеит көкеміз, 1938 жылы күзде оспапрививатель болып жұмысқа орналасқан соң, әкесі Жүсіп: «балам, ел қатарлы жұмыс істеп жүргеннен кейін өз ортаңа бейімделіп, заманыңа қарай өмір сүру керек сияқты. Сенің болмайтын нәрседен қызметіңде опық жеуің мүмкін. Сол үшін қажетті жерлерде ішкілікті ішуге тура келеді. Құранда шайтанның қаруына айналатын ішкілік сынды нәрселер, пендені теріс жолға салып жіберетін әсері болғандықтан, ислам дінінде харам саналған. Ал енді заманыңның әдет-ғұрыптарының бірі болып кеткен арақ ішу жағдайын мен де түсінемін. Сондықтан қызметіңе зияны тиетін, өз ортаңнан шеттеп қалатындай жерлерде оны пайдалануыңа қарсы емеспін, бір Алла өзі кешірер. Бірақ, айтарым қанша ішетініңді, кіммен ішетініңді біл, бас амандық үшін істеген қарекетті, егер басқа адамға зияны болмаса Алла кешіреді» – деп рұқсатын береді. Ішімдікті қанша ұнатпасам да соғысқа дейін үкімет адамдарымен, уәкілдермен бас қосқанда бір-екі рөмке арақ ішуге тура келді дейтін.

Бірде жаздың күні, бір құнанын Шолақтауға базарға апарып сатып, балаларға киім-кешек алып қайтуға бармақ болған. Осыны білген колхоз басшылары «спирт ала кел, базарлық сенен болсын, қазанның құлағы бізде емес пе, ренжітпейміз»– дейді. Сол спиртті алып келген мысалын қағазға түсіріпті. Соны толық келтірейін:

Он екі шекушка.

Базарға күрең тайды сатқан жолы,

Жігіттің еңбек етсе кетер соры.

Отбасың қарны тойып, тұрмыстанып

Жарқырап, жаңаланар шапан, тоны.

Тайымды алып бардым Шолақтауға,

Сатып же қаржың болса денің сауда

40–жыл май айының жиырмасында

Үй тігіп ауыл қонған, бие бауға.

Колхозда Қызылжалау он жігіт бар,

Басқарып іс істеткен бұл ауылға.

Олар айтты он литр арақ әкел,

Базарлық сұраймыз деп, сатал–сауға.

Мен айттым, алған кісі берер болар,

Аяғы қап жүрмейін үлкен дауға.

Завхоз айтты еңбек күн алынады,

Жарармыз семьяңа үш қап ұнға.

Тайды алып, жарайды деп жүріп кеттім,

Бүгіл, Көктал өзенін кесіп өттім.

Түн қайтіп, базар қыза сәске түсте,

Шолақтау базарына келіп жеттім.

Базарға өткеніне сатылды тай,

Алынды киім–кешек, қант пен шай.

Базар алды көп пұлға тай сатылып,

Болып тұр күншуақты, көңілім жәй.

Дәл 12 бөтелке спирт алып,

Қоржынға одеалмен орап салып.

Ауылға түстен кейін жүріп кеттім,

Рюмка шайханадан ұрттап алып.

Шайхана жолаушының жайын білген,

Рюмка ауқат болды шайыменен.

Өрлемей тамды өзенін, тура тартып,

Мен қайттым Сүлеменнің сайыменен.

Желкілдеп атымда жоқ, жүрісі жорға,

Келемін басым ауырып, әрең зорға.

Ішінен қоржынымның шуылдаған,

Бір дыбыс құлағыма келді сонда.

Тыңдасам шишаларым шуылдасқан,

Біреуі – біреуінен өршіп асқан.

Сап етті құлағыма сонда даусы,

«Нарқымыз отыз пұт бидай» деп таласқан.

Мен айттым шишаларым үнінді өшір,

12 – ң су қосқанда алты – ақ литр

6 пұт болсаңдарда жаман емес,

30–пұт боламыз деп айтпа кесір.

Шиша айтты 1000 кесірім бар,

Нанбасаң бір ұрттада есіріп ал,

Бермесе ішушілер 30 пұт

Алмай–ақ 6 пұтты жайыңа қал.

Мен өзім бар ауқаттан қымбат нарқым,

Тау тіліп, тасты бұзған біздің қарқын,

Қасиетім дертке шипа, денге саулық,

Сол үшін құрмет тұтар барша халқым.

Нарқымды сенен бөлек білер барша,

Спирт жоқ жерде жатқан тегін онша.

Құрылық тасқа түсіп, талқан болып,

Бидайға жалғыз пұттан сатылғанша.

Қоржыным ерден ауды осыны айтып,

Жалынып, екі қолмен қалдым тартып.

«Бір ауыз арызым бар тыңдаңыздар» – деп,

Тоқтаттым әрең, зорға үзір айтып.

Бір шишам аузын ашып, жатыр құсып,

Ызақор көрінеді өте пысық.

Қарағым қайтып алдым сөзімді деп,

Тоқтаттым құсқан аузын қолмен қысып.

Сөзімді тыңдап тұрды содан кейін.

Мен айттым, қатемді кеш үндемейін

Үйіме 5-6 күн сақтап қойып,

5 – пұттан әрқайсыңды мен берейін.

Шарт жасап көндік осы келісімге

Бұл жанжал «Қотыр тастың тегісінде,

Көкталдың» өзеніне келіп түстім

Бедел мен Серпер отыр егісінде.

Жүр екен жүгері мен қауын айдап,

Қоржында арағымды білді байқап.

«Қарағым кеш боп қалды қоныңыз» – деп.

Түсірді үйіне әкеп атты байлап.

Текемет, төр алдына көрпе жайған

Жоғары отырғызды жақсы жайдан.

Екі пар шынтағымда кірсіз жастық

Қадірлі мұнша нағып болдым қайдан.

Шай қойып, жұмыртқасын асып жатыр,

Айранды ауыз тамнан тасып жатыр

«Апырай ет табылар жер жоқ–ау» – деп

Ұялып самай шашын қасып жатыр.

Ауызы ашылған шишаға аз су қосып,

Екі шал соғыстырып басып жатыр.

Қолына не түссе де аяр емес,

Келгендей Сабыр – Мағзұм сасып жатыр.

Атымды шабылмаған сазға қойды,

Ет табылмай 16 – тұқым сойды.

Айран, шай, май салған нан, жұмыртқаға

Лықиып келген маймен әбден тойды.

Тез пісті ауқаттары созылмады,

Самаурын бес минутта божылдады

Аузынан құсық шыққан шишаны ішіп,

Екі шал өлең айтып қожылдады.

Мен айттым Саудышан мен Күмісайды,

Жүргіздім стаканмен кесе шайды

Екеуі де әкеммен жасты кісі

Түсінер бар ма екен біздің жайды.

Бедел мен басқа адам жоқ, Серпер ішті,

Серпекең ішкен сайын серпи түсті,

Байда өзі, батыр да өзі түніменен

Рүстем– Дастаннан да болды күшті.

Таң атып шәй ішкен соң жүрмек болдым,

Екі дос ырзалықпен қош айтысты.

Екеуміз әкеңменен жасты едік,

Айтпағын деді балам бұл жұмысты.

Бір жақсы домбыра істеп берем деді,

Көбейтіп қауын дарбыз егем деді.

Қыркүйекте айналып бір оралып,

Бір арба қауын алғын менен деді.

Бұл сөзі екі достың дұрыс болды,

Екі дос тіпті маған ырыс болды.

Баяғы бұзық шиша ішілген соң,

Қоржыным шуылдамай тыныш болды.

Көлденең Көктал суын кесіп өтіп,

Төтелеп тесік тастан тесіп өтіп.

Жаралған жол үстінде жарты бастау

Шөлдеген жолаушыға нәсіп етіп.

Қойыпты жаратылыс Дарбазаны,

Дайын жол кіріс–шығыс есік етіп.

Спирттің мұнша сырын білмеуші едім,

Бала емдеп жүргенменен кәсіп етіп.

Құндызбай, Таңсық, Тоқтас, Завхоз, Хатшы

Тұрмекен қос бригада бізді күтіп,

Сейдахмет, Әбдіразақ, Даниярбек

Арақ көрсе кетуші ед есі кетіп,

Еңбекпен бір азамат алып келсе

Іше бермей барады несі кетіп.

Жігіттер бұл шишаға қызықпаңдар.

Бағасын ішпей тұрып сызып қаңдар

Жамандап арзан ішсең өлең қылар.

Ішінде бұл шишаның бұзықтар бар

Егерде, дүние аямай іші қалсаң,

Бір күнде мың жасайтын қызықтар бар.

Тетрадьқа түгел жазып бұл өлеңді

Көрсін деп орадым бір бөтелкені

Сол жылы елде азық тапшы болып

Халықтың азырақ ед нан жегені.

Күн ыстық, жаман атпен жорта желіп,

Үйіме шаңқай түсте түстім келіп,

Ішінен киім–кешек, матаны алып

Қоржынды арағымен қойдым іліп

Жігіттер келісімен қамалады,

Қоржыннан он бөтелке арақ алды

Өлеңді басынан аяқ оқып шығып

Бидай деп 4 центнер шамалады.

Еңбегі, тартуы бар, өлеңі бар

Алтау деп Әбдіразақ бағалады.

Біреуі жетеу айтады, біреуі алтау

Аузымен болып жатыр қалағаны.

Үш ай болды бұл жақта арақ жоқ деп

Қуанып санын ұрып сабалады.

Ақ көңіл арсыз жігіт Сейдахмет

«Тағы бар» – деп үй ішін аралады.

Сандықты ашып қарады, шамаданды.

Жоқ нарсе іздегенмен табылама,

Бұғанда сегіз шиша су қосамыз,

Тоғыз литр болар деп жобалады.

Алтынбектің үйіне бір қой сойды.

15 пұт көк бидайға балап алды,

Жарты етін астырып бір қазанға

Майлады шөміш, табақ шараларды.

Шай құйылып, стакан соғылысып

Екі кезек, үш кезек жағалады.

Адамдық ақыл – есін сақтағандар

Аз ішіп, әлін байқап шамалады.

Әлін білмей әлек болып, бәз біреулер

Өзінің үйін қайтып таба алмады,

Қалыпты екі – ақ литр ертеңіне

Ойлады арақ болса тағы алғалы.

Түнімен бесплатный менде отырдым,

Аяғы не болар деп бұл топырдың.

«Көлмеге барып келсең береміз» – деп,

Ап қойды провасын бір шопырдың.

Көлмеге арақ келді деп естіп,

Кінәсіз шопырменен бос өшігіп.

Колхозға машинаны пайдаланбай,

Жұмысқа келесің деп сен кешігіп.

Шопырға қосып берді Балабекті,

Ақша алып ортасынан жүріп кетті.

Түсте кетіп, машина күн батқанда

Алты литр арақпен келіп жетті.

Жиналдық кеш болған соң отырысқа,

Қатыспаушы едім бұрын бұл жұмысқа

Жаратпай семьямның пайдасына

Шығыным екен дедім бекер босқа.

Наны жоқ жарты қойдың еті асылып,

Дастарханда прензе, құрт шашылып.

Бір үйден үш киладай ұн табылып,

Ет пісті, ел қызғанда, нан салынып.

Артықша, ізет, құрмет, алың – келің,

Татулық шырын жолдас мықты сенім,

«Мырзағаның табағы осы ма» – деп,

Сәлемін істеп жатыр жеңгелерім.

Отырдық таң атқанша көз ілінбей,

Ақылын біреу біліп, біреу білмей,

«Тайдың құнын төлейміз» – деп қояды,

Отырмын біреуіне көңілім сенбей.

Алып келген мен ақымақ деп ойлаймын,

Бойымды алып қашып, жайыма жүрмей.

Араққа ақылы кеткен жігіттердің

Жүргенім жақсы еді – ау деп соңына ермей.

(мас болған бір жігіт айтады)

Мәлеке жараймыз ғой қолқаңызға,

Сақтық қор азық бар ғой ортамызда.

Бір тонна бидай сізге босатамыз.

Жүрміз ғой қызмет істеп қорқамыз ба.

Қорқамын, айтқан сайын зәрем ұшып,

Үкімет соттайды – ау деп қойса естіп,

Алмаймын бидайыңды сыйлап бердім,

Азырақ демал деймін үнің өшіп.

Күн шықты жай–жайына кетті тарап,

Мастардың бірі күліп, бірі жылап,

Ырзамын дедім сонда жігіттерге,

Алмаймын сіздерден мен бидай сұрап.

Қолында Таңсық ердің тал – таяғы,

Білмеймін не болады енді аяғы.

Олар әкеп бермеді, мен алмадым,

Белгілі қорқақтығым бәз – баяғы.

Ақыры сақтық қордан бере алмады,

Халыққа да, өз–өзіне сене алмады,

Ар–ұятын сақтаған жолдастарым.

Ұялып бермей тағы тұра алмады.

Районға, сельсоветке арыз жазды,

Үй басы жүз килодан аванса алды,

Өкіметтің қазынасының кілті ашылып,

Колхозым нанға тойып рахаттанды.

Он жігіт үйді – үйден ұйымдасып,

Бидайды 400 кило берді жиып.

Арада жиырма бес күн откеннен соң,

Қайтарды азаматтар сыйға – сыйлық.

Жігіттік кезім екен бойым жеңіл,

Сондағы еске түсіп өткен өмір.

Ойыма сол он жігіт түсіп кетсе,

Көз жасаурап, қамығып босар көңіл.

42–жылында әскер кеттім,

Отанды қорғау үшін қызмет еттім.

45–жылында сентябрде,

Соғыс өрті өшкен соң елге жеттім.

 

Бұл күнде он жігіттің біреуі жоқ,

Ойлансам ішім күйіп, болады шоқ,

Көңілден жылдан – жылға ұмытылып

Барады түсте көрген жұмыстай боп.

Ия, Мәлімсеит ағамыз, батыстан келген ішкілік ішу әдетінің, қазақ аулындағы алғашқы күлкілі көріністерін, тамаша суреттеп көрсеткен. Шайтанның қаруына айналған арақ ішу салты, бүкіл елімізге жаппай тиген ылаңдай бүлдіріп біткені тарихтан белгілі. Осы жетпіс жылдық тарихымызда ұлтымыздың атадан қалып келе жатқан тектік құндылықтарымызды түбірімен өзгерте жаздаған, улы шарапатын кім мойындамас дерсің. Ағамыздың ақындық асыл қасиеті сол, ең алғашқылардың бірі болып әжуалап дастан шығарғандығында. 1939 жылдың көктемінде болған осы уақиға жайлы жазылған дастанды естіп, қызарақтап ұялыс тапқан Серпер қария:

– Мәлімсеит, мені неге өлеңге қостың? – деп өкпелегендей ренжіпті. Оның қасындағы Бедел қария қайтыс боп кеткен екен.

– Сізді өлеңге қосқан мен емес, Таңсық деген қу ғой, – деп жалтарып, өкпесін құрдастарының біріне аудара салған.

– Олай болса, он екі шекушканың қайырмасын, кідірместен Таңсыққа аударып айтып берші! – дейді, сонда:

Он екі шекушканың қайырмасы:

Он екі шекушканың қайырмасы,

Бұл сөздің ішінде көп айырмасы.

Жапсырған қиянаттан қырсық сөзге,

Кісінің кемиді екен жарым жасы.

Мен емес Сепекеңді өлең қылған,

Жігіттер көз жіберіп пайымдашы

Бұл кісі жездем емес, құрдас емес,

Әзілкеш, не болмаса сырлас емес.

Апарған арағымды азырқанып,

Таңсықтан бұл туралы шыққан кеңес.

Таңсыққа ұят сөзді жазба дедім,

Қудалап бір шишаны қазба дедім.

Жарайды бір екі күн тамашаға,

Он екі шекушка аз ба дедім.

Сөзіме Таңсық батыр тоқтамады,

Сондағы жалғыз литр жоқтағаны.

Әкеміздей кісіні сөзге қосып,

Арақтың мастығымен оттағаны.

– Пәлле, сөз тапқанға қолқа жоқ деген. Бәсе, мен білетін Мәлім балам бүйтіп айтпас болар, А..ха..ха,– деп қарқылдап шын пейілімен күлген екен. Бұл 1946 жыл болатын. Өсекші қарияның өсекке айналдырған қырық шекушкасы осы өлең еді. Өлеңді толық оқып, байыбына бармады ма, әлде санасына жеткен жері осы болды ма екен. Тоқтықтан не істерін білмеген есерсоқтың әрекеті сияқты.

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button