Сыр-сұхбат

Төртуыл шежіресіндегі Тоқтарқожа деректері

Асқар Игенұлы "Төртуыл шежіресі" кітабынан алынды

Асқар Иген ұлының (Құдайиген) Темірбайдың «Тоғыз таңбалы Найманның бірі – Төртуыл шежіресі» кітабы Алматы 2024 жарық көріп, қолымызға түсті.

Бұрындары «Найман Тоқабай шежіресін» жинақтауға араласып, Найман Ата тарихынан хабарымыз бар болғандықтан, осы аталықтан өсіп-өнген Байыс байдың қызы Мақта апайдан тарайтын Бәйжігіт тармағына қатысты мол мәліметті кездестіргенде қуанып қалдық.

Асқар Игенұлының аса ұқыптылықпен ел аузында жүрген, Қытайда жарық көріп тұрған «Мұра» журналынан және басқа да аймақта жарық көрген шежірелерден, көнекөз қарттардан жазып алынған мәліметтерді тұтастай келтіріпті.

Барлық деректердің бір кітапта басын құрап,  жинақтаудың өзі ерен еңбек. Сол үшін де алғыстымыз.

Кітапта Бәйжігіттің әкесі Тоқтарқожа, оның  атасы туралы  көп айтылады. Берілген мәліметтерге ортақ бір нәрсе – Байыстың малын жұттан аман алып қалып, қысы жұмсақ таудың етегінде қыстатып аман алып келгеннен кейін, қызы Мақтамен некеленуі. Екіншісі – Тоқтарқожаның Байыстың қызы Мақтадан  екі ұл көріп, бірін өзімен бірге алып,  екіншісінің анасының  қолында қалғаны. Тоқтарқожаның өз еліне қайтуына қатысты да бір-екі қызықты жайтты айта кетуге болады.

«-Сол тұста елде ердің құны туралы үлкен дау болады. Соның билігін Байыс  бай күйеу баласы  Тоқтарқожаға айтқызыпты. Байыстың бәйбішесі Мұрын: -Дау немен тыңды? Билікті кім айтты?-деп  сұрап қалса керек, сонда билікті  Тоқтарқожаның айтқанын, кісі құнының әділдікпен  шешілгенін  айтады. Оған Мұрын бәйбіше: – Билікті өздерің айтпай Тоқтарқожаға айтқызғандарың  қалай? -депті.  Бұл сөз Тоқтарқожаның құлағына жеткен  соң, Тоқтарқожа. –Бұл елген  қанша сіңісті болсамда, келімсектігім қалмайды екен-ау, есің барда  еліңді тап дегені шығар деп  ойлап өз еліне  қайтыпты,-дейді.

Әрі қарайғы оқиғаны аталған  кітапта былайша өрбітеді. Бұл деректі Тұрысбек Құдайбергенұлының  «Байжігіттен тараған Мәмбет елінің шежіресі» кітабынан  алған екен.

Содан, Сарыөзеннен алдына Жанжігітті, қасына Бәйжігітт алған Тоқтарқожа  алдымен өтіп кетеді. Мақта судан өтпей, жағада кідіріп қалады. Бәйжігіт  судан  өткізбек болып, қасына келсе, Мақта жылап тұр екен. Бәйжігіт «елді қиса да жерді қимаған» Мақта анасының қасында, әкесінің «шешеңе опалы бол» деген батасын алып найман жерінде қалып қояды.

«Тоқтарқожаның кеткеніне 30 жыл болғанда Жұмықтың бір батыры  қасына 30 жігіт  ертіп  Тоқтарқожаны, оның  ұлы Жанжігітті  іздеп барып Ауғастан жерінен тауыпты, өсіп-өніпті.  Бір қауым ел болыпты деген сөз бар». Шежіре беруші «Батырдың атын ұмыттым. Осы кезде  Өзбекстанның  Шыршық деген  ауданында «Жанжігітпіз» дейтіндер бар деседі» десе, кейінгі жылдары  Жұмықтан Жанұзақ  ақынның  онан соң оның ұлы Әріпжан ақынның  Жанжігіт ұрпағын іздеп қазіргі  Өзбекстанға қарап қалған Самарқан, Перғана,  жерлеріне барғаны, әйгілі  Әріпжан ақынның  жас кезіндегі  «Перғана қызы» деген  өлеңі  сөзімнің дәлелі деп едім» деп түйіндейді.

Асқар Игенұлы әрі қарай былай деп өрбітеді:  «Тоқтарқожаның  аржағын түрлі деректер әр түсті сөйлесе де, оның Байыс байдың  қызы Мақтамен  некеленіп, арысы Қаракерей, берісі Байыстың бірі есебінде  ортадан ойып алған тарихи тұлға екені күллі  Қазақ баласына белгілі.  Сол Тоқтарқожаның яғни, Мақта апайдан туған ұлдың үлкені – Бәйжігіт. Сол Бәйжігіттен: Ақбура, Тоғас,  Жұмық, Мәмбет туған. Бәйжігіттің тұңғышы Ақбура  жас өліп,  одан Ақтайынша  деген жалғыз ұл қалған. Кейін ол да жас өліп, одан Әйтімбет (Теке, Қартеке деп те айтады)  Алыс, (Арыс деп те айтады) деген ұл қалып,  Әйтімбет (Теке) пен  Алыс екеуі  екі ауыл болып, шет жайлап, қиыр қонып жүргенде, Алыстың ауылын  қырғыз шауып (тағы бір деректе қалмақ  шапты деп те айтылады), мал-мүлкін тонап,  адамдарын өлтіріп, үй ағаштарын отқа жағып кетіпті.

Мәмбеттің үлкен ұлы Өмір батыр келгенде, жайрап жатқан аадмдарды көріп: – Ойпыр-ау, туысымнан  бірде ұрпақ қалмады ма?-деп қатты қамығып, ат үстінде  тұрып, төңкерулі қазанды найзаның ұшымен көтеріп тастағанда,  жер ошақ  астынан күйелеш  қарынды бір баланы тауып алған.  Бала атын білмейді. «Бір ұрпақ қалыпты» деп қатты қуанады.  Баланы қара құрсағым деп  еркелетіп өсіріпті. Қарақұрсақ атаныпты. Басына отау тұрғызып,  бауырына қазан асып үйлендіріп, үлкен баласы Сопақпен еншілес  бөлек ауыл қондырыпты.  Кейінгі кезге дейін Қарақұрсақ-Сопақ  егіз аталған. Сол Қарақұрсақтан – Қалтай, Әлібек деген екі ұл туған.  Осы екі ұлдың  ұрпағы  өскендіктен Текенің (Әйтімбеттің) балалары Жылқайдар мен Мөңкенің ұрпақтары да оған қосылып, «Қарақұрсақ» атаныпты.  Қарақұрсақтардың Мәмбетпіз, Өмірден атраймыз дейтіні осыдан». Автор: «Бұл жерде бұны  кірістіріп отырғаным кейбір шежірелердегі  көбінекей Қарақұрсақ пен  Текені Бәйжігіттен тіке туғызып  жүрген жаңылыстың алдын алу» деп ескертеді.

Ендігі сөз, Бәйжігіттен туған  ұлдың бірі  – Жұмық туралы. Ол алты балалы болып,  «алты Жұмық» аталыпты. Болат, Сайболат, Саты,  Қожан, Қараша, кіші әйелден – Тәуке. Бұл әулетке де қатысты қызықты  мәліметті осы кітаптан оқуға болады.

«Жұмықтан ұрпағы өскен бір баласы – Сайболаттың: Сүгір, (Жансүгір, Жақсылық, Жаныс, Қарабас, (Жақсыесен), Жолымбет (бергі Жолымбет) есімді бес баласын «бес Сайболат» деп те атайды.  Жақсылықтың үш ұлы  – Мәметек,  Қошқарбай, Шотай деген ұлы болады. Олар өз кезегінде  «кесек Жақсылық» атанады.  Оның екінші әйелі  қырғыз қызы Бұйдабектен  – Қазақбай, Әлменбет туады.  Ал үшінші әйелі  Айкерім ханымнан  Тоқтанай жалғыз туып, өз ішінде  «алты Жақсылық» атады.

«Алты жақсылықтың» бірі – Шотайдан  айтуларда он жеті  ұл өрбіп-өсіп,  ұрпақ жалғап бірқыдыруы шешелерінің намымен рулы елген  айналған. Сөйтіп Шотай  да «он бір Қошқарбай», «он сегіз Мәметек» сияқты  «он жеті Шотай»  сөз тіркесін қалыптастырған  үлкен рулы  елге айналып, ұлағатты ұл, зерделі қыз өсірген өнегелі ауыл болып  отыр. Шотай дерегіне талдау жасаған автор, мынаны тағы да нақтылап көрсетіп берген екен.

-«Шотай сегіз емес,  бес некелі болған. Осы бес  әйелінен туған он жеті  ұлды атап айтар болсақ,  бірінші әйелі  матайдың Қызай   руының қызы  Болдық есімді бәйбішеде : Жанторы, Боран,  Баймырза  (Баймырзаның  Мәмила есімді  әйелінен туған  балалары «Мәшекең» аталып өз алдына  рулы ел болып кетті),  Итемген, Елемес,  Ақжан,  Божан,  (Бозжан)  туып бұларды «жеті Болдық»  деп атады. Әрі Божанды Болдықтың қарашаңырағы деді. Екінші әйелі Қоңырат руының қызы Жезікеден: Қасқырбай (Ит-құс), Маса, (Бәкең) Жалқабай (Жәбекең), Бекен, Жантай туып, бұларды «бес жезіке» деп аатды.  Кейін келе келіндері  атамыздың аты кетеді деп ат тергеп Қасқырбайды «Ит-құс» атандырып жіберсе де  ел Жезікенің үлкені Қасқырбай болғандықтан  да ол  ауылды «Атаң ауылы» депа атап кетті.  Үшінші әйелі Айтуғаннан  Ерметай,  Желдібай туса, төртінші әйелі Күлжібектен (Көкбас): Жылқыайдар,  Қозыбағар туған.

Айтуларда Күлжібек Жезіке ұзатылып келгенде қолғанат етсем деп өзімен бірге алып келген туысының қызы делінеді. Не себептен  екенін кім білсін қолаң қара шашы қайызғақтанған  бір кезде  шәшін ұстарамен бірақ сыпырып тастайды. Қалың шаштың орны қандай, көрер көзге тотияйын жаққандай көгеріп көрінсе керек содан оның ат тергегіш қазекең «Көкбас» атандырып жіберген.  Кейін Көкбасты  балдыз жолымен Шотай алып одан  туған екі ұлдың екеуін де Жезіке омырау  сүтімен  асырап бағып алғандықтан бұл екеуінің ұрпақтары күні  бүгін  «Жезікеміз» дейтіні осыдан.

Расында  Шотай дүние салғанда Көкбас 21 жасында жесір қалыпты. Оны әмеңгерлік жолмен аламыз деп басын таласқа түсіргенде Жезіке оған рұқсатын беріп, басқа  күйеуге  кетуіне жол қойған. Бесінші әйелі Моңғол қызы бәтуадан Ыласбай есімді  ұл, Күлжан, Марғуа есімді  екі қыз туып айтуларда Күлжанды Болдық бәйбіше  бауырына сап алған дейді.

Жоғарыдағы он жеті Шотайдан  өркен жайған әулет тұтасымен 1884 жылғы шекара бөлісінен соң Жұмық үкірдаын құраған Мәметек, Қошқарбай, Шотай, Қазақпай, Әлменбет сынды бір-бір  аудан  елдің  басты руларының бірі болса, кейінгі қилы заманда көп нәрсе өзгергенін айтады.

Бұл мәліметтер Тоқтарқожаның Мақта апайдан тараған Бәйжігіттің әулетінің шежіресін түгендейді. Жанжігіттен тараған ұрпақтардың шежіресін зерттеп жүргендерге септігі тиер деген оймен  термелеп жазып едім.

Айгүл Уайсова

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button