Тоқсан тоғыз мың машайықтан қалған сөз
Қазіреті Сұлтан Қожа Ахмет Ясауи бір күні тоқсан тоғыз мың машайық аталған мүриттерін жамиғ қылып, баршасына бұйырды:
— Ан қазіретіміз Мұхаммед ғалайхиссалам миғраж ашып барғанда, Құдай тағаланың құдіретімен тоқсан тоғыз мың сөз сөйлескен екен. Отыз үш мың шариғат, отыз үш мың тариқат, отыз үш мың хақиқат – соның бәрі бір кітапта болмайды, бәрі бір жерден табылмайды. Сіздер баршаңыз бір жерде отырып, бас-басыңызға бір ауыз сөзден сөз айтыңыздар, кейінгі заманға жәдігер болып қаларлық болсын. Сол Құдай тағаланың құдіретімен Мұхаммед Пайғамбармен сөйлескен сөзін пендеде білуші жоқ. Бірақ сіздердің сөздеріңіз сол сөздің көлеңкесі сықылданып, жұрт аузында қалсын дегенде, қай ретті қылып сөйлейміз деп, Сұлтан қазіреттің өзінен сұрағанда, өзі айтты дейді: «Мақал» деп айтылатұғын сөз болсын. Шаруа көшсе байиды, дәруіш кешсе байиды. Уақытсыз ерден, бақытсыз ұрғашы артық». Осы мақалдар Сұлтан қазіреттің өз аузынан шыққан.
Тоқсан тоғыз мың машайх бір төбенің басына орнап, сол жайға «Мәслихат төбе» деп ат қояды. Сондағы орнаған жайлары дария жағасы екен. Бұл Қазіреттің бұлай айтысында бір сыр бар ғой дескеннен, сонан бері дария «Сыр суы» атанды. Қазірет баршамызға бас-басымызға бір-бір сөз айт деп ақырды. Жастарың дәнеме айтпайсың, өзің білме, білгеннің тілін алма, деген осы екен-ау, – дейді. Сонда олардың аяқ жағында қалғанын айтқан екен. «Сендердін қастарыңа құйысқанға қыстырылған боқ сияқты болып жүріп мен не айтамын», – деген екен. Орта буында біреу дәнеме айтпаған соң: «Кел, мұны қол-аяғын байлап, тіпті ештеме айтпаса, суға тастап жіберелік», – деп бас салғанда: «Құдая, тәуба, көп қорқытады, терең батырады деген осы екен-ау», – депті дейді. Сол ретпен әрқайсысы бір сөз сөйлеп, қазақ ішінде «мақал» деп айтылып жүрген сөз тоқсан тоғыз мың машайықтан қалған десіп келеді.
(Материалдар “Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты аңыз, әпсана, хикаялар” кітабынан алынды. Құрастырған ф.ғ.к., Б.Қорғанбек. Алматы: “Эффект”, 2011ж.)