Ақ пен қара айқасы
Әмір Темір өзінің шатыры алдына ағаш қадап, оған қоңырау байлап қояды екен. Кімде-кім сөйлесуге келсе өзі онымен ауызба-ауыз сөйлесетін болған. Сөйтіп олар еш кедергісіз әмірдің өзімен сөйлесуге мүмкіншілік жасалатын болған.
Бір күні таңертең ерте есік алдындағы қоңырау шылдырлайды. Уәзірі Әмірге келіп, келіп тұрған адам емес ақ жылан екен дейді. Темір сауытын киіп тысқа шықса, шын мәнінде қоңыраудың арқанына оралып тұрған ақ жыланды көреді. Жылан Темірді көріп арқаннан сытылып түседі де тәжім қылады, сөйтіп соңымнан ер дегендей ишара білдіреді. Жылан жылжып отырып тауға келіп үлкен үңгірге кіреді. Онда тола ақ жыландар бар екен, олар Әмірге екіге айырылып жол ашады. Түкпірде үлкен сандық тұр,соны аш дегендей белгі береді Темір сандықты найзасының ұшымен ашып қалса, ішінен дәу қара жылан шығады. Темір оны қылышымен шауып өлтіреді. Бұл жағдайдан Темір жыландардың да кәпір, мұсылманы болатындығын түсініпті. Ақ жыландар мұсылман екен да, қара жыландар кәпір екен, сол қара жылан ақ жыланның ұрғашысын тартып алып, сандық түбінен шығармай жатыр екен. Темірді ертіп келген ақ жылан оған сандық түбінде жатқан айнаны ал деген ишара жасапты. Бұл айна Сүлеймен пайғамбардың сиқырлы айнасы көрінеді. Сол айнаны алғалы Әмір Темір көреген болғандығы осыдан қалған дейді.
Әмір Темір жаңа жорыққа дайындалып жатқанда, бұл жолы Қытай жерін жаулап алмақшы болып, қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Темір станциясы жерінде тоқтағанда, күн суық болып, оған суық тиіп ауырған көрінеді. Өзінің қайтып оңалмасын, ажал жеткенін сезіп, Әмір Темір жанына аздаған сенімді сарбаздарын жинап, өсиетін айтқан екен. Екі үлкен терек ағашын кесіп алып, оны көлденеңінен қиып тор жасаңдар да, ортасына мені қойып алдыңғы жағынан екі, соңынан екі ат жегіп Самарқантқа жеткізіңдер деген екен. Сөйтіп, қаланың оңтүстік қақпасындағы үлкен мешітке барып, песін намазын оқып отырғанда, ақпан айында кенеттен қайтыс болады. Сол заманның өзінде омарташылар болған көрінеді, мәйітті балға орап, Самарқандтқа жеткізіп, қазіргі Гүр-Әмір кесенесі тұрған жерге жерленген екен.
(Материалдар “Қожа Ахмет Ясауи есімімен байланысты аңыз, әпсана, хикаялар” кітабынан алынды. Құрастырған ф.ғ.к., Б.Қорғанбек. Алматы: “Эффект”, 2011ж. )