Қарабураның қарғысы
Жанкенттің билеушісі Санжар сұлтанның жары Бегім ана Қарабураның қызы екен. Күндердің күнінде Санжар «көзіме шөп салдың» деген желеумен Бегім сұлуды үлкен жазаға тартады. Бұған қатты ашуланған Қарабура келіп: «Менің қызым жазықсыз. Оған дәлел: оның кесілген бұрымы мен қолы орнына бітуі тиіс», – дейді. Ақыры ханға әбден наразы болған Қарабура дұға оқып, «еліңді жылан жайласын», – деп қарғайды. Артынша-ақ дұғасы қабыл болып, қаланы улы жылан басып кетеді. Қалаға кірмекші болғандардың бәрі түгелдей қырылған. Қала тұрғындарын да, билеушісі Санжарды да жылан шағып өлтіреді. Бұхара қаласының әміршісі Жанкент шаһарының байлығына ие болғысы келіп, әскерін жібергенімен, одан да ештеңе шықпайды, бәрі тегіс улы жыландарға жем болады.
Басқа аңыз-әңімелерде Қарабураның шын есімі – Бұрханназар. Жауға қарсы шапқанда ол тек өзінің қарабурасына мінген көрінеді. Содан Қарабура атанса керек. Қарабура атаның кесенесі – Қаратаудың теріскей жағындағы ежелгі Созақ шаһарының орнында.