Биыл Сыр елінің тумасы, қыз бен жігіттің қайымға негізделген жұмбақ айтысының негізін қалаған Күдеріқожа Көшекұлының (1820-1858 жж) 200 жылдығы.Осындай атаулы оқиғаға арнап, Ералы Әсілханұлы Оспановтың құрастырып көркемдеуімен «Күдеріқожа мұрасы» атты ғылыми-зерттеу негізінде жазылған кітаптың тұсаукесері үстіімздегі жылдың 16 қазанға белгіленіп отыр. Екі ғасырда тұңғыш рет баспа бетін көрген Күдеріқожа Көшекұлының мұрасының жинағы туралы Қызылорда университетінің профессоры Қазбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТІҢ мақаласын ұсынамыз.
Оның шығармаларынан бізге жеткені – дарынды ақын Ұлбике Жанкелдіқызымен айтыстары. Кейінгі зерттеулер ақынның саясаткер, би екенін, айтыс өнеріндегі тума таланттығын да дәлелдейді.
Біздің қолымызға «Асыл мұра» айдарымен Ералы Әсілханұлы Оспановтың құрастырып көркемдеуімен «Күдеріқожа мұрасы» атты ғылыми-зерттеу негізінде жазылған кітап тиді. Аталған шығарма жайлы ой-тұжырымдарымызды айтпас бұрын, оның жарыққа шығуға есепсіз тер төккен адам туралы ой толғауды жөн көрдік.
Е.Оспанов Шымкент қаласында тұрады. Әбілхан Қастеев атындағы көркемсурет училищесінің «Көркемдеуші-суретші» бөлімін, Ташкент мемлекеттік көркемсурет институтының «Кітап графикасы» бөлімін тәмамдаған. Ол тек осы мамандықтармен шектелмей, тынымсыз еңбегінің нәтижесінде ғылыми-зерттеушілік, жазушылық дәрежесіне жеткен ғалым. Осыдан 3 жыл бұрын Мәскеудегі антикварлық орталықтың үлкен залында тоқсан суреттен тұратын «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» топтамасы қойылған көрмесі ашылды. Бұл көрмеге бес жылдан аса дайындықпен келген ол жазушы Максим Горькийдің Қазақстанда болғанда, «Вы, казахи, сидите на золотом сундуке, который еще не открыли» деген сөзін келтіріп, халқымыздың көшпелі мәдениетін қыр-сырын осы көрме арқылы әлемге паш етті. Биыл Алматы қаласындағы Еуразия ғылыми-зерттеу институтында «Жалаң аяқ Әздер – Абылай ханның пірі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Этнограф-суретші Ералы ініміздің еңбектері Англия, Франция, Америка, Ресей және т.б алыс- жақын шетел көрермендеріне белгілі.
Автордың «Күдеріқожа мұралары» ғылыми-зерттеу еңбегі, өзінің алғысөзімен, Қорқыт ата университетінің доктаранты К.Құдайбергенованың Күдеріқожа жайлы зерттеу мақаласымен ашылған. Одан әрі «Өлеңдер», «Толғаулар», «Айтыстар», Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы хаттап қалдырған екі ақынның айтыстары, «Қосымша», «Зерттеулер», «Өзекті мәселе», Күдеріқожа Көшекұлының ата-тегі туралы, Күдерінің атасы Қылышқожадан тараған ақын-жазушылар сияқты бөлімдерден және түсініктерімен қорытындыланған.
«Өлеңдер» бөлімінде Күдерінің бала кезіндегі қарақалпақтар мен қазақтар арасындағы шабындыққа талас кезіндегі билік айтуы, Ұлбикемен сөз қағысуы, Күдерінің Құнанбай Өскенбайұлының аға сұлтандыққа сайланардағы отты өлеңмен айтқан тоқтау билігі келтірілген. Бұл тараудың қазақ даласына жер аударылып келген демократ-поляк Адольф Янушкевичтің (1803-1857 жж) Құнанбай жайлы: «Тобықты руының сеніміне ие болып, ол ел билеушінің қызметіне сайланған. Ол өз қызметін бақайшағына дейін біліп, бар қайрат-жігерін сарқа төгіп атқарады» деген сөздері Күдеріқожа Көшекұлының билігін дәлелдей түседі. Өскенбайұлы Құнанбайдың Меккеге қажылыққа Сыр елінен аттануы, бабамыз Күдеріқожа Көшекұлына деген құрметінің көрінісіндей.
Толғаулар бөлімі М.Ж. Көпейұлы жазып қалдырған «Күдерінің Абылай ханның қалмақты аударғаны», «Күдеріқожаның Қарқаралы тауымен қоштасқаны», «Найманның Сыр, Қуаңдария жағына қоныс аударуы» сынды ұзақ толғаулардан тұрады. Олар сол кездегі қазақ халқы үшін ауыр болған. Қалмақтардың Еділден өтіп, қытайлықтар жойып жіберген Жоңғария жеріне қазақ жерін баса көктеп Қытайға өту әрекеті, оларды Абылайдың қырып салуы, орыстардың Сарыарқа жеріне ене бастағанда қазақтардың үдере көшу кезіндегі Қарқаралымен амалсыз қоштасуы сияқты тарихи оқиғалар желісіне құрылған.
«Айтыстар бөлімі»: «Алты ақын мен Ұлбике», «Өтебике мен Күдері», «Ұлбике мен Күдері», «Ұлбике, Жанкелді және Күдеріқожа айтыстардың үш нұсқасы», «Ұлбикенің Күдерімен айтысының В.В.Радлов пен М.Ж.Көпейұлы қалдырған төрт нұсқасы» және Ұлбике мен Күдерінің інісі Таспақожаның айтысы, Жанкел мен Ұлбикенің айтысы топтастырылған. Бұлардың ішінде Күдерінің Өтебикемен айтысы бұрын еш жерде жарық көрмегендіктен, күдерітану ғылымына қосылған үлкен жаңалық деп түсінген абзал. Жоғарыда келтірілген айтыстарды салыстыра зерттеп, кейбір заманауи ерекшеліктерін елеп, ғылыми айналысқа жіберуді зерттеуші жас ғалымдардың үлесіне қалдырайық. Десе-дағы Ұлбикемен Күдерінің айтысы жайлы Кеңестік дәуірде жарық көрген еңбектерде, Жаратушыны жоққа шығарған атеизмге негізделген идеология үстемдік жасап тұрғанда Күдеріні жеңілдіріп отырған, себебі ол – қожа ислам дінін уағыздаушы. Елді бірлікке, ауызбіршілікке, бейбіт өмірге, әділеттілікке шақырған. Сөзіміздің дәлеліне Мәделіқожа, Майлықожа, Шортанбай, Күдеріқожа, т.б өмірін зерттеу арқылы көз жеткізуге болады. Ал Ұлбикемен көп айтысқан Күдері ақынның жеңу, иә жеңілу деген мақсаты болмаған. Екеуінің айтысы шынайы сезімге, сыйластыққа, махаббатқа құрылған. Сөзіміздің дәлелі ретінде айтыста кездесетін Күдерінің:
«Кішкентайдан бірге өскен-ай, Ұлбике, Әрі отырма, бері отыр, жақындайық», «Қожаменен бас қосып ойнап күлсең, Тұла бойың шымырлап мейірің қанар», «Көзіңді тоқсан екі төңкересің, Сені қалай тартайын қастарыма», «Ұлбике еш ойымнан қалған жоқсың, Сенімен жарым көңілім мұңды қалып» деген сезімге толы шумақтарын келтірсек жеткілікті. Ұлбикенің де Күдеріге деген іңкәр сезімі бөтен болмағандығын, айтыстағы мына өлең жолдары – «Ағарып атқан таңдай қайдан келдің, Қыраны қаршығаның тұйғыным-ай», «Барады іштегі ыстық сыртқа теуіп, Бассайшы лебізімді суды сеуіп», «Мақтайсың Ұлбикенің жүзін көріп, Сарғайдым жүрген жолың ұзын болып» дәлелдейді. Бұл ойымызды Күдерінің тікелей ұрпағы, немере ағам Әбиболла Мұхамеджановтың «Ақын арманы» өлеңінің үзіндісімен қорытындылайын. Ақын ағам былайша тебіреніпті:
– Айналдым аруағыңнан бабам менің,
Іздесем қабіріңді табар ма едім?!
Қосылсаң тағдыр жазып Ұлбикеге,
Ізі боп қос тұлпардың қалар ма едім?!
Ұлбике болар еді-ау әже маған,
(Бұл қиял талай мені мазалаған)
Қос арман қосыла алмай қыршын кетті,
Қу тағдыр қалай қатты жазалаған?!
В.В.Радлов Ұлбике мен Күдеріқожаның өлең айтысының нүктесін «Қыз жеңілді. Қожаға бір шапан берді» деген сөзбен қойған. Бұл сөзді М.Ж.Көпейұлы В.В.Радловтың нұсқасын үстінен түзеп шыққан соң алып тастаған. Ұлбике мен Мәделі айтысында қыз жауап таппай:
«Қожадан оқып шыққан кәлпелердің, әйтеуір қайда болсын ырысы бар» деп ағасына, оның әулетіне деген өзінің құрметін көрсетеді (Қараңыз: «Айтыс жинағының екінші томы, 1988 ж»). Бұл мысалдарды келтіріп отырғанымыз, Ұлбике анамыздың беделін түсіру емес, қайта оның ұлылығын дәріптеп, теңдессіз ақын екенін елге жеткізе отырып тарихты ешқашан бұрмалауға болмайтынын келешек жас зерттеушілердің естеріне салу.
Кітаптың «Қосымша» бөлімінде Ұлбикенің соңғы сөзі, Жәнкел мен Ұлбикенің айтысуы, екеуінің тағы бір айтысы топтастырылған. Бұл айтыс бұрын жарияланбаған. Ұлбикемен қарақалпақ Жанкел ақын арасында өткен тағы екі айтысты да Е.Оспанов оқырмандар алдына тартып, ғылыми айналымға ене беруін мақсат еткен. Айтыстарды тапсырған әдебиетші-ғалым Саттар Өмірзақов.
«Зерттеулер» бөліміне өмірден ерте озған журналист, әдебиет зерттеушісі Ибраһим Мұхамеджанов пен Қорқыт ата университетінің доктаранты К.Құдайбергенова мен С.Төлегеновтың Күдері ақын жайлы терең зерттеулері енген. Ғылыми негізде жазылған бұл жұмыстар нақтылығымен ерекшеленеді.
«Өзекті мәселе» бөлімі кітапты құрастырушы Е.Оспановтың Ұлбике мен онымен замандас кейбір ақындардың туған және қайтыс болған жылдары жайлы көлемді зерттеу еңбегін қамтиды. Қазақтың көнекөз ақындарының туған және өмірден озған уақыттары негізінен аңыз әңгімелерге, естеліктерге сүйеніп анықталғандықтан, автор Ұлбике ақынның көпке тарап әдебиеттерде орын алған туған 1825, қайтқан 1849 жылдардың шындыққа жатпайтынын нақты тұжырымдармен дәлелдеген. Алдымен мына мәселені айта кетейік. Алты ақын – Майлықожа, Мәделіқожа, Күдеріқожа, Жанкел, Бұдабай, Құлыншақ Тәшкент жақтан келе жатып, демалу үшін Мұсабай байдың үйіне тоқтайды. Үйінде бай да, бәйбіше де болмай шығады. Алтауы шынтақтап демалып жатып, сол мезетте болған ыңғайсыз жағдайға Майлықожадан бастап күлдіргі өлең шығарады. Ақындар аттанып кеткенде Ұлбике келіп арттарынан қуып жетіп, қайта қонақ болуларын өтінеді. Бірақ Мәделіқожа көнбей Ұлбике сөз бастап екеуі айтысады. Ұлбике ақындардың барлығымен айтысып, Мәделіқожадан басқасын жеңіп шығады. Осы оқиғаны Е.Оспанов оқиғалы айтыс деп ерекше атап, 2002 жылғы «Ұлбике» кітабына енбегендігін, әкесі, әдебиетші ғалым Әсілхан Оспанұлы мен Тұрсынәлі Айнабеков 11 жыл бұрын, яғни 1991 жылы «Алты ақын мен Ұлбике» деген айдармен жариялағанын келтіреді. Оқиғалы айтыстың үш нұсқасы табылған, ондағы алты ақынның ішінен Мәделіқожа, Құлыншақ және Майлықожалардың туған жылдарына қарап, көптеген дәйекті дәлелдермен Ұлбикенің туған жылы – 1841, ал қайтқан жылы – 1865 деген шешімге келеді. Сонда Ұлбике ақын 24 жасында емес, 18 жасында өмірден озған ғой. Біздің ойымызша, бұрын қыздардың ерте тұрмысқа шығатындығы, 20-дан асқан қыздың «отырып» қалған болып есептелетіндігі, Таспақожамен айтысқанда Ұлбикенің 13-14 жаста екендігі, тағы басқа көптеген деректер Ералы інім көрсеткен жылдар шындыққа жақындайды. Автордың бұл жаңалығы зерттеушілерді осы бағыттағы ғылым жолында белгісіз жаңа соқпақтарға, ой-тұжырымдарға, ұсыныс-пікірлерге жетелейтіні даусыз.
Күдеріқожа Көшекұлының ата тегі бөлімін Ералы інім «Күдері ақынның әулеті» деген мақаласымен қысқа әрі нұсқа етіп ашып көрсеткен. Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың немере інісі әрі күйеу баласы Әзіреті Әлінің ұлдары Хүсейін мен Мұхаммед Ханафиядан бастау алатын қожалардың Ислам дінін таратудағы орны, бұл процесті зерттеушілерді, оның ішінде отандық тарихшыларды, Мәдіқажыдан (Дуана) тарайтын Қожжан-Қылыш-Пірзада-Бақмұхаммедтен тараған көрнекті өкілдерді атап өтеді.
Күдерінің атасы Қылышқожадан тараған ақын-жазушылар бөлімінде Шортанбай Қанайұлы (Молла Мұхаммедәли), Таспақожа Көшекұлы, Әбрәш Жәмішов, Мұхаммеджан Нұрекеев, Ахметжан Нұрекеев, Әбиболла Мұхаммеджанов, Қалтай Мұхаммеджанов, Ибраһим Мұхаммеджанов, Жақып Ыдырысұлы, Қазбай Құдайбергенов есімдері аталған. Олар туралы қолда бар, кейбіреулері баспа бетін көрген материалдар топтастырылған. Аталған есімдердің әрқайсысының өмірі мен шығармашылығы жеке кітаптарға толық материал болатындығын және газеттің мүмкіндігін есептеп, оларға тоқталуды жөн көрмедік.
Сөзіміздің соңында айтарымыз: Күдеріқожа Көшекұлының мұрасы аталған еңбектегідей жан-жақты зерттеліп жеке кітап болып шыққан жоқ. Еңбектің тағы бір ғылыми құндылығы бұрын баспа бетін көрмеген Күдері мен Ұлбике, Жанкел ақындарға байланысты тың материалдармен толыққандығы. Зерделеп оқып шыққан оқырманды құрастырушы этнограф, суретші, ғалым, жазушы, тарихшы, режиссер Е.Оспановтың «Өзекті мәселе» бөлімі бейжәй қалдырмайтынына сенімдімін. Күдеріқожа Көшекұлының 200 жылдық мерейтойына бұл еңбектің тартымды әрі тағылымды тарту болатыны сөзсіз.