Ғалымның хаты

Қарахандық қаһандар кімдер?

Қазақстанның алғашқы муфтиі Ратбек қажы өзінің өрекпіп сөйлейтін мәнерімен бір сөзінде сұқ саусағын  көтеіп, «Орта Азияға ислам дінін алғашқы әкелгендер – Қарахандықтар!-«деп айтып салды. Бұл тақырып әзірге ешкімге онша мұнша керек бола қоймаған, қозғала да бермейтін әңгіме. Түркі халқы мен жергілікті Соғдылардың мұсылдануының өзі ресми деректерде 4-5 ғасыр алшақтықпен айтыла береді. Оған таласып жатқан ешкім жоқ. Әдепкі Араб қосындарының Түркілер жеріне сонау 7-ші ғасырдың ортасында –ақ келуімен ислам діні орнай қоймағаны белгілі. Тіпті Алтын Орданың алғашқы хандарының бірі Өзбек ханның тұсында да ислам миссионерлері дін таратты.

Бүтін дүниенін бір бөлегін бөрліктіріп жататын Шығыс Түркістан мен Орта Азияның қала, далаларында сол шақтарда салтанат құрған Қарахандықтар хандықтардың осынау алаулы шақтардағы рөлі қандай еді? Жалпы Қарахандықтар кімдер өзі?

Ежелгі сақ, ғұн, скифтердің салт, дәстүр өмір кешенін біз қазір тамаша білеміз, жақсы зерттедік. Кейінгі Түркі дүниесі де әсіресе Қытай деректері арқылы көп қазбаланды, көп жазылды, қаһандары түгілі сарай қанымдарының аттарына дейін білетін болдық. Олардан кейін келіп Шығыстың алтын ғасырын жасаған, ғұламалары мен даналары, шайырлары мен ақындары, хафиздары мен фикх ғалымдары дүниеге ілім таратып, сәнді салтанатты сарайлары мен қалалары өркениеттің Шығыстық керемет үлгісін қалдырған Қарахандықтар заманы неге сонша көмескі?!

Шығыстан бастап Батысқа дейігі Азия жерінде адамдар мен қоғамдардың бұрқылдап қайнаған қара қазаны еш қашан ортаймаған екен, хандықтар, патшалықтар, қағанаттар бірінен кейін бірі келіп, бірінің толқынын бірі басып жөңкіліп жатты. Солардың өмірлері жүз жылдың о жақ, бұ жағынан аспағаны белгілі. Ал Қарахандық дәуір?…

Танымал шежіреші, көне дүниенің білгірі Сарыағаштық Сейіт Омар Саттарұлы көкеміз былай дейді: «Көп уақыт келіп енді қолға алына бастаған, жалпы тарихта Қарахандықтар дәуірі –деп аталып, ешкімнің қолы тимеген күйі тың жатқан бір тарих осы Түркі қауымдарының алғашқы исламды қабылдаған уақытынан бастап 400 жылға созылған Қарахандықтар дәуірі» (С.О Саттарұлы. Әбду Жалил баб.431 бет)

Осыған қарап бұл тарих тасада қалған ба, еш қаралмаған ба –деуге тағы болмайды. Керісінше көбірек зерттеліп, тым көп жазылған сыңайы бар. Алайда жазылып, пайымдалған сайын құпиясы қалыңдап, айтылып талқыланған сайын ақиқаты тасала түскені байқалады. Оны атақты академик Бартольд : «Исторические и географические источники не дают нам даже ответа на вопрос, к какой Турецкой народности принадлежала та династия из которой вышел Сатук Богра хан и которую в русской науке обыкневенно называют Караханидами»-деп жазады.

Ал енді орыстың тағы бір ғалымы Ярослав Пилипчук болса «Одним из интереснейщих и тайных аспектов историй является государство Караханидов» -дейді.

Осындай түсініксіз құпияллыққа тұнып тұрған тарихқа қарап өзіңнің де таң қалмасқа шараң жоқ. Бұл жерде ғұмыры 3-4 ғасырға кеткен қуатты, құдіретті мемілекеттің болғаны рас, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Осынау Ұлы далала бірде тасып, бірде басылып, өз заманының көшін ілгері сүйреген бұл керуен тарих өз бетімен өмірге келіп, кеткен сияқты. Керуеншісі жоқ?! Бұл жөнінде ресми тарихтың өз жауабы бар. Бірақ ол жауап болса жоғарыдағыдай таң қалыстар мен таным дағдарыстары болмас еді. Дегенмен оны да қысқаша баяндайық.

…840-шы жылы Испиджаб (Сайрам) қаласының билеушісі Білге Құл Қадірхан өзін осы өлкенің Ұлы Қағаны –деп жариялайды. Ресми тарихта қала Қарлұқтарға тиесілі делінгенмен дәл осы 840-шы жылы Ферғана түбінде Қарлұқтар мен Арабтардың арасында үлкен соғыс болып, ауыр жеңіліске ұшыраған Қарлұқ тайпалары жоғарыға қарай шегініп кетеді.

Дәл осы жылы Хорасан өлкесінен жаңадан пайда болып күшейтілген Нұх Саманидің әскері де Сайрам, Тараз қалаларына шабуылдай бастайды. Оларға қарсы ұзақ күрестен кейін Қадірханның үлкен ұлы Базыр Арыслан қаза тауып, кіші ұлы Оғылшақ 893-ші жылы Таразды тастап Қашқарға ауысады. (Қашқар қалай тез қабылдады, бұл жеке зерттеуді керек ететін керемет тақырып) От басынан, көп әскерінен айрылған ол ағасының әйелі мен ұлы Сатұқты ала кетеді. Осы Сатұқ кейіннен Қашқарда билік басына келіп, 942-ші жылы Баласағұн қаласын жаулап алып аңа мемілекет құрылғанын мәлімдейді. 960 шы жылы Сатұқ Боғра ханның ұлы Мұса мемілекетті түгелімен ислам дініне көшіреді. Ресми тарихта осы уақыт «Қарахандықтар қағанаты»-деп аталып кейінгі ғасырларға созылып жатқан дәуірдің басталуы. Кейде Қарлұқ –Қарахан дәуірі –дейді, ол кезде тарих 840-шы жылдан басталады. Бұл –Білге Құл Қадірханның құрған мемілекеті Қарлұқтар мемілекеті, Қаһанның өз осы тайпалардың бірінен шықты –деген түсінік.

Қашқардан шығып, Түркілер арасында исламды алғаш қабылдаушы –делінетін Сұлтан Сатұқ Боғра хан Әбді әл Кәрім ғазы –«Қарлұқтардың Шигил немесе Яғма руларының бірінен шықты»-деген бір негіз осы.

Осыны мақұлдамас бұрын жұртқа белгілі тағы ббір-екі тұспалды қарап көрейік.

Қытай тарихшысы Вэй Лянтао бұл әулетті Ұйғырлардан шыққан –дейді. Өйткені сол тұста да Қашқардың негізгі халқы алғашқы қағанаттардың қантөгістерінде тарап кеткен Ұйғырлар болатын. Бірақ бұл жауынгер халықтың сол замандарда Сатұқтың атасы билеген Сайрам, Тараз маңында ізі жоқ.

Қырғыз ғалымы Өмірқұл Қараев «Бұл әулет Таулық Қырғыз руларынан болуы мүмкін» -дейді. Бұл да тым сенімсіз, өйткені бұл халықтың кейінгі Қарахандық билеушілермен не туыстық не құдандалық байланыстары белгісіз.

Қытайлар «Хайханьчао»-деп атаған екен. Яғни –Қара Қаһандар династиясы.

Ал енді ең маңыздысы, терең зерттеуді керек ететіні араб дерек көздерінде бұл Қарахандық билеуші топты «Арасияб әулетінен» -деп жүр. Осыны мақұлдайтын әуесқой тарихшы, зерттеушілер өз арамызда да өте көп. Сондықтан мұны сөз соңында қадыра тұралық.

Қарахандықтар тарихының 3-4 ғасырлық кезеңінде билік басында тұрғандардың ересен көптігі де ойландырмай қоймайды. Мысалы осы өлкеде дүркіреп өткен не бір дүлей хандықтар мен династиялардың бастарында тұрған әміршілері мен патшаларының есімдері саусақпен санарлықтай әрі кетсе екі бетке де толмайды. Жарты әлемнің жанын алардай болып 73 жыл күркіреген Кеңес Одағының тағында да 7-ақ әмірші болыпты. Қытай тарихшылары Гы Шымын тағы басқалары Қағанат басында тұрған 59 қаһанның немесе ханның тізімін көрсетеді. Ал жеке зерттеулерде оған қосыларлары тағы көп. Егер осынша билеуші атадан мұра қылып бір әулеттен тарап жатса, неге олардың тұқымдары осы күнге дейін күмәнді, белгісіз?

Алдымен Қарлұқтардан шықты –деген тұспалды талдап көрейік. Қарлұқ рулары Өзбектердің ішінде бар.

Нумизматик ғалым Кочнев: «Родоначальник Караханидов Сатук Богра хан в 942 году сверг правителя Карлуков в Баласагуне» -деп дәлелдейді. Әр әмірші өз аталастарына, әр ру өз әміршілеріне тәуелді заманда мұны қалай түсінуге болады?

«Қарахандықтардың хандараы Ибраһим мен Хүсейін 1156- шы жылы Қарлұқтардың көтерілісі кезінде қаза тапты»

Мұндай ірі көтерілістердің болғаны, мұның ақыры Қағанатты әлсіретіп құлауға алып келгені бұл күндері анықталған дүние. Соның бірі Қарлұқ бегі Аййар бек басқарған көтеріліс, Селжұқ Сұлтандарының көмегімен басылады. Жалпы кейінгі Қарахандықтар билігіне қарсы төтемді қарсы тұрған тайпалардың ең ірісі осы Қарлұқтар болды.

Афрасияб?!

«Қашқар мазарларына қатысты айтқанда олардың ең біріншісі –Сатұқ Боғрахандікі. О –Афрасияб әулетінен шыққан. О Түркілер арасынан ең алғаш мұсылман болды» (Мұхаммед Хайдар Дулати)

«Бұдан басқа тағы Афрасиябтың ұрпағы –деп саналатынСұлтан Сатұқ Бура ханның ғази мазары бар. Ол -943 ші жылы Әбунасыр Саманидың дәлелдеуімен ислам дінінің шарапатына жетіпті» (Молла Мұса Сайрами)

«Кей –Хосрау оны (Афрасияб) өлтіргеннен кейін моласы Бұхараға жақын Ма абат төбесінде жатыр» (Наршахи)

«Сатұқ Боғра хан ал Муджахид Әбд әл Кәрим ибн Базыр Арслан хан ибн Тангла (Билга) Бахур Қадир хан. Афрасияб әулетінен ибн Пушанг ибн Алп ибн Рисиман» (Жамал Қарши)

Осы жерде бір қызық жайттың астары сезіледі, Сатұқтың жалпы Түркілерден аулақтау, түсініксіздеу екенін көрсеткісі келетіндей. «Біздің Афрасияб!»-дегендей ниет жоқ.

Ал енді өзі осы әулеттен шыққан Махмуд Қашқари да сол кездегі билеуші топтың тегін Афрасиябқа апарып, аңыздық Алып Ер Тоңаға теңеген?! Әрине, зейін қоя отырып, мұқият қараса мұның жауаптары табылары сөзсіз. Бірақ негізгі сұрақтарға жауап іздейік.

Түркілер заманында, Күл тегін, Бумын замандарында құдіретті, жоғары билікке таласы бар «Афрасияб әулеті» -деген тайпа, ру туралы айтылмайды. Бүгінгі күні де біздің түп тегіміз Афрасиябтан –деп жүргендер жоқ. Олай болса –Қарахандықтарды неліктен Афрасияб әулетінен тарады –деген қауесет тарады?

Бұл қағанатты Арабтар «Ал и Афрасияб әл Хакания» -деп атайды. Сондықтан көптеген тарихи деректерде «Хакания» -деп те жазылып келді.

Афрасияб –парсы классигі Әбілқасым Фирдаусидің әйгілі «Шаһнамасындағы» негізгі кейіпкерлердің бірі. Ол өз жұрты Ираннан бөлініп кетіп, Тұран жеріне келіп билік жүргізеді. Зұлым, дуақант, қатал күштердің жиынтық бейнесі. Бұл Фирдауси шығармасынан да көп ғасыр бұрын араб, парсы әдебиетінде белгілі тұлға болған. Осының бәрін өте жақсы білетін араб тарихшылары, жылнамашы, ғұламалары баяғы өз аңыздарындағы Пурсанг ұлы Афрасияб Түркі жұртының арасында Хақан болып әлі жүр –деп ойламағаны анық. Олардың тұспалдары мүлде басқа. Арабтарда бір әдет болады, жақтырмаған, жек көрген адамын одан да өткен жағымсыз кісісінің есімімен атайды.

Сондықтан осы жерде халифат тарихына көз жүгіртейік.

Мұсылман әлемінде соңғы әділ халифқа қастандық жасалынғаннан халифат ішінде тыныштық кетті. Омеядтар Әли әулетіне қысымды күшейтті. Бұл үлкен қақтығыс, сілкіністерге алып келді. Орталыққа қарсы күрестің басында Хорасан арқылы Түркі даласына араласып, Соғды қалаларына сіңісіп үлгерген ірі күштердің басшылары, талай майдандардан шынығып шыққан қолбасшылар болды . Осы тайталаста пайғамбардың қос бірдей немересі –Хасан мен Хұсейін өлтірілгеннен кейін ашық көтеріліс орын алды. Көтерілістің басында аса беделді тұлға, кезінде Тараз түбіндегі Атлах соғысында Қытайларды мың жыл бойы есін жимастай етіп талқандаған Әбу Мүслим тұрды. Көтеріліс жеңді. Омеядтардың орнына Аббасидтер келді. Бірақ сол жеңісті алып берген Әбу Мүслимді Бағдатқа алдап шақырып алып өлтіріп жібергеннен кейін наразылық қайта өршу қаупі туды.Мұсылман әлемін осындай үлкен бүліктен, фитнадан сақтап қалу үшін пайғамбарымыздың күйеу баласы Хазіреті Әлиден тараған ұрпақ, әйгілі үш баб 765-770 ші жылдары күллі әулет –жұртымен , әскерімен Шығысқа қарай хижра жасайды. Яғни қоныс аударады. Бұл кезде Балх, Мерв, Бұхара, Самархан, Шаш тағы басқа көптеген Соғды, Түркі қалалары мұсылманданып үлгерген еді. Көптеген ірі орталықтарда арабтардың алдыңғы лекпен келген ірі әскери құрамалары тұрды. Тарихта бұл бөліну Кордова халифатын құру сияқты болып көрінбесе де, орталық халифаттың еңсесін түсіретін олар үшін ауыр әрекет еді. Бұл «Түркілер» халифатқа бағынған жоқ. Тез арада күшейіп алып, төбесінен төніп қыр көрсетіп тұрды. Араб саясаты оларды Ираннан бөлініп шығып Тұранға келіп күшейгесін өздеріне қарсы соғысқа шыққан Афрасияб ұрпағына теңеп «Әл и Афрасияб әл Хакания»- деп кекесінмен жазатын болды. Расында да осы әулеттің қанатының астынан шыққан жауынгер тайпалар Бағдаттың да үстінен талай шаңдатып өтті. Бірақ олардың да таққан жағымсыз аты тарихымыздан жаңылыстырып келеді. Кейбір кісілер «Афрасияб –ол Алып Ер Тоңа» -дегісі келеді. Бұл енді мүмкін емес. Егер «Афрасияб» есімі соншалықты танымал болмаса, мақұл еді. Олай болмағасын бұл жалған атпен жасырына алмаймыз. Бұл жерде осы есімді кім, не үшін таққанын түсіну арқылы біз Қарахандық қаһандар әулетінің кімдер екенін біле аламыз.

Қазақ ілімінің данагөйі Әлкей Марғұлан өзінің «Ежелгі жыр аңыздар» еңбегінде «Испиджабтан шығып Таразды билеген Құл Қадыр Сатұқ Боғра хан-шежіредегі Әбді Рахим баб болуы мүмкін»-деп жазады. Ғұламаның осы пайымының астарында үлкен ақиқат жатпасын?! Бұл жердегі Әбді Рахим баб –деп отырғаны сол араб әлеміндегі аласапыранда Әбді Жәлил баб, Ысқақ баб –деген екі інісін ертіп, үш үлкен әулет болып көшіп келген мұсылмандар. Олардың келгенін жоққа шығаруға ескі жәдігерлер, аңыздар мен шежірелерден бөлек ел, жер аттары, кесене, мазар, күмбездер көз алдымызда тұр. Соның бірі аты айқайлап тұрған Тараздағы Шах Махмут Әулие Қараханның кесенесі. Келесісі Арыс қаласындағы Қараасман ауылының маңындағы «Сатұқ ата» бейітінің кешені. Шежіре деректері бойынша осы жерге келіп 105 жасында Әбді Рахим баб мәңгілік байыз тапқан. Қазіргі орыны оталып бара жатқан сияқты, бірақ Қожа Ахмет Иассауй заманында мұнда келіп шейхтер қырық күндік құлшылықта отырған. Өз заманының сайыпқыран әміршісі Әмір Темір осында келіп әскерін иіріп қойып ұлы бабасына сыйынған. Бұл жерде кейінгі қазақ хандығы тұсында да хандардың зиярат еткені баяндалады.

Осы жағдайларға қарағанда біздің бүгінгі білмегенімізді бізден сәл бұрынғылар білген сияқты. Осы теңдессіз тарихымызды жоғалта бастағанымызға да көп болмаған сыңайлы.

Онда ертерек іздегеніміз абзал.

Мақсұт Әбдімомын

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button