«Өскен өркен» романы мен жазушы жолжазбаларындағы ұлттық мүдде мәселелері
Ұлт туралы толық та, тұтас түсінікті бізге жазушының өнері беретінін ескерсек, Мұхтар Әуезовтің ұлт тұлғасы болып қалыптасуына оның шығармашылық өмірбаяны өзек болғаны аян. Мұхтарға 6 жасында атасы Әуез Абайдың өлеңдерін жаттатқызып, қазақтың қамын ойлауды еншілеп бергендей. Соңыра Абай өлеңдеріндегі қазаққа тән қасірет пен қасиет ұлы суреткердің өмір мен өнер өзегіне айналды. М.Әуезовтің 13 жасар кезінде,1910 жылы 11 октябрь күні тұңғыш рет жазған тұтас сөйлемін «Қара күш ақылға төтеп бере алмас» деген ақылды сөздерден бастағанын еске алсақ, Абай тағлымының тегін кетпегеніне көзіміз жетеді. (Бұл сөйлем жазылған дәптерді 1910-11 жылдары Семейде орыс мектебінің 2-ші класында оқытқан ұстазы 40 жыл бойы өз архивінде сақтап, кейін жазушыға тарту еткен екен).
Сол кезеңдегі Ресейдегі саяси төңкерістер,Уақытша үкіметтің, Алашорда халықтық кеңесі (тамыз,1917) мен үкіметінің (желтоқсан 1917) құрылуы сияқты ірі саяси оқиғалар көкірек көзі ояу, жаңаша сауатты Мұхтар Әуезовтің өміріне де үлкен өзгерістер әкелген-ді. Ол Семейде алғашқылардың бірі болып, «Алаш жастары» одағын құрып, түрлі саяси үйірмелердің ашылуына ұйытқы болады. Алашорда ұйымының белсенді мүшелері Жүсіпбек Аймауытовпен бірге жазған «Қазақтың өзгеше мінездері, (1917ж.10 наурызда «Алаш» газеті), «Сарыарқа» газетіндегі әйгілі «Адамның негізі-әйел», «Оқудағы құрбыларыма», «Қайсысын қолданамыз?» деген алғашқы мақалаларының өзінде-ақ оның ұлтжанды қасиеті айдан анық байқалған. Семей жастарының өкілі ретінде 1918 жылдың 5-13 мамырында Омбы қаласында өткен Жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланған ол «Алашорда» үкіметі мен Алаш қозғалысының бағытын ұстаған «Жас азамат» атты Бүкіл қазақтық жастар ұйымының жұмысына белсене араласып, қазақтың тағдыры мен келешегіне керекті мәселелерге мән береді.
1919 жылы Семейге қайтып оралып, сол жылы сәуір айында Кеңес үкіметі Алашорда үкіметі қайраткерлерімен келіссөзге келіп, қазақ халқына автономия беру келісіледі. 1919 жылдың 4 желтоқсанында Семейде большевиктер билігі орнаған кезден бастап Әуезов Семей губревкомының жанынан ашылған қазақ бөлімінің қызметкері, 1920 жылдың ақпанынан бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. «Қазақ тілі» газетінің ресми шығарушысы болып тағайындалады. Ол «Қазақ оқығандарына ашық хат» жазып, оларды Кеңес үкіметіне қызмет етуге шақырады. 1921-22 және 30-шы жылдардағы ашаршылық тұсында ол Қазақстан Орталық атқару комитетінің жауапты саяси хатшысы еді. Бұл жолы да өзіне жүктелген мансап билігін ұлт мүддесіне жұмсай білді.
Өзінің шығармашылық өмірбаянында байқалғанындай өз көзімен көріп, көңіліне түйген ,куә болған өмір көріністерін, қилы қызметтерде жүріп түйген тәжірибелерін ғана өнеріне өзек ететін жазушы сол кезеңдегі әлеуметтік әділетсіздіктерді көркем әдебиеттің өз тәсілімен таныта білді. Жазушының 20-шы жылдары жазған шығармаларында («Қорғансыздың күнінен» бастап, «Жетім», «Жуандық», «Ескілік көлеңкесінде», «Барымта» т.б) бұл жағдай анық көрінеді. Сол дәуір әдебиетінің басты көркемдік бағыты болған социалистік реализмнің ғана емес, жалпы сөз өнерінің талаптарының бірі – өмір құбылыстарын, оның өсу-өзгеру, даму үрдісін зерттеп, суреттеу міндетін жақсы ұғынған М.Әуезов жазар тақырыбын түбегейлі тексермей қолға қалам алмайтын. Ұлы суреткердің өз кезеңдегі саяси талапқа мойынсұнбай жалған жала мен қиянатқа төтеп беруінің түпкі сыры да –осы ұлт мүддесін бәрінен жоғары қоя білуінде еді.
Бала кезіндегі Абай шығармаларынан тамыр алған ұлтжандылық қасиет оның соңғы «Өскен өркен» романына дейін үзілмей, жүйелі жүрде әртүрлі деңгейде зерттеліп әрі жазылып та келді. Суреткердің шығармашылық өмірінде өзіндік із қалдырған осы шығармасының жазылу тарихы мен онда көтерілген ұлттық мүдде мәселелерін зерттеу сондықтан да маңызды.
«Бар мен жоқтың, асыл мен жасықтың мөлшері салыстыру арқылы ғана танылмақ»,-десек, жазушы қай шығармасында болсын қазақ халқының хал-ахуалын, әлеуметтік тұрмыс жағдайын өзге өркениетті елдермен салыстыра отырып, ой айтады, таразылап, талдайды. Ұлт тағдырымен тұтасқан талант М.Әуезов «Абай жолы» романын жазуды жоспарлаған кезде-ақ келешекте өз замандастары, жаңа кеңестік кезеңнің өмір шындығын көрсететін 7 кітаптан тұратын көркем шығарма жазуды жоспарына енгізіп қойған.
Осы ретте М.Әлімбаевтың: «Тамаша кітап» атты сұхбатында: «М.Әуезов:- Мен қазір «Ақындар ағасы» деген шартты атпен жаңа кітап жазып жүрмін.Бұл кітапта Абай өмірінің соңғы он бір жылы қамтылады. Мұнда мен ойшыл, ақындық мектебінің жетекшісі болған Абайды көрсетпекшімін. Ол Абай орыс мәдениетінің өз сахарасындағы өкілі, адамгершіл, алысушы қайраткер. Бұл жөнінде Абай көпке қайрат береді. Роман Абайдың өлімімен аяқталады. Өзінің жолын және мүддесін, бар тағдырын еңбек елімен бірге қосқан Абай, сол еңбек елінің жүрегінде өлмес орын алады. Бұл романды биыл аяқтамақпын… Бұл-қазақ халқының жүз жылдық, соңғы бір ғасыр өмірін баяндайтын жеті романымның үшінші кітабы. Қалған төрт кітап совет дәуіріне арналады»,-делінген («Қалам қайраты». Эсселер,сын мақалалар. Алматы. «Жазушы»,1976.-224 б.6 бет). Сонда М.Әуезов «Абай жолын» жазуды жоспарлағанда-ақ жүрегінің бір түкпірінде әлгі сұхбатта өзі келтіргендей «Өскен өркенді» жазуды армандап қойған екен . «Кітапты жазып болып, ақырғы бетін жапқаныңда, сондай тағы бір кітап жазарлық мүмкіншілігің болу керек»- деген ұлағатты сөзді ұстамына айналдырғаны ұғынықты .
Осы мақсатпен бірнеше рет Оңтүстік өңірін аралауға шығады. Бұған 1959 жылдың көктемінде Түркістан сайлау округінен Жоғарғы кеңеске депутат болып сайлануы да себеп болады . Жалпы, ұлы суреткердің Оңтүстікке сапарының түпкі сырын зерттеушілер әрқалай болжайды.
1-себеп- жазушының арғы аталары ХІХ ғасырдың басында Қаратаудан Семей өңіріне, Аягөзге, Құнанбайдың қалауы бойыншаТобықты ішіне ауысқан. Сол ата-бабаларының жұрты Қаратау өңіріне барып, олардың әруағына тәубе ету де мақсаты да болған сыңайлы.
2-ші себеп-1922-26 жылдары, 1928-30 ж.ж. Түркістан республиканың астанасы Ташкент қаласында тұрып , бұл өңірді бір кісідей білетіндігі.
3- себеп- Абайдың ұрпақтары, туысқан бауырларына 1928 жылы «бай-феодалдардың тұқымы, алашордашылардың балалары» деген айып тағылып, әулетімен қоса Оңтүстік Қазақстанға көшіп кеткендігі .
Осы орайда көрнекті ғалым Рымғали Нұрғали жазушының Оңтүстікке сапарының тарихы ілгеріде-ақ басталғанын, оның Ташкентте жүргенде тарихи тұлға Тұрар Рысқұловпен бірге жүріп, идеялас, рухтас, сырлас серік болғанын, оның арты Т.Рысқұловтың өмірі, әкесінің тағдыры жөнінде көп томды шығарма жазу идеясына ұласқаны, соның нәтижесінде «Қараш-Қараш оқиғасы» атты тамаша туындының өмірге келгендігі туралы: «…«Қараш-Қараш оқиғасы» оқиғасы ойдан алынбаған. Бұл жағынан М.Әуезов оқшау жазушы. Ол жер, кейіпкер атын өзгертпейді. Әдебиетшіл повестке арқау болған Т.Рысқұловтың әкесінің басынан өткен оқиға екенін дұрыс айтады. Географиялық атаулар сәл өзгерген, адам аттарында өзгеріс бар. Мұнда күрескер бар. Мұндағы атылған оқ Ғазизалардың кегі. Бақтығұл санасындағы психологиялық құбылыстарды, сапалық эволюцияны көреміз»,-деген ойлар айтады /195/. Мұхтар Әуезовтің драматургиясын алғаш зерттеген ғалым оның соңғы романының жазылу тарихына да осындай соны ой, тың дерек қосады.
Сол кезеңдегі саяси қыспақтың арқасында көп шығармаларының бірнеше нұсқасын жазуға мәжбүр болған ұлы суреткердің қаламынан туған әрбір нұсқа өте құнды әрі қымбат және олардың бәрі шығармашылық лабораториясының құпия сырларына апарар жол екендігін естен шығармаған мақұл. Өркениетті елдер өз ұлыларының әр шығармасының қай нұсқасын да құнды дерек деп танып, көздің қарашығындай сақтайтынын ескерсек, М.Әуезовтің де әрбір нұсқасы, әрбір сөйлемінің жөнделген жолы біз үшін қазына байлық. Мәселен, Л.Н.Толстойдың Мәскеудегі мемлекеттік музейіндегі қолжазбаларының ( 170 мың парақ қағаз-шығармаларының) автор қолымен жазылған нұсқасы –орыс халқының зор рухани қазынасы ретінде бағаланады. Ол мемлекеттің қамқорлығында.Олай болса бір шығарманың бірнеше нұсқасы болуы қаламгерлердің шығармашылық өмірбаяндарындағы қалыпты жағдай. Сол себептен де бұл тарауда әрбір шығармаға жазушының келу себептері мен оның орындалуы барысындағы үздіксіз жүріп жататын шығармашылық үрдістер төңірегіндегі ізденістерге ғылыми түсініктер беру көзделген.
Сонымен жазушының Оңтүстік өңірімен таныстығы тарихына көз жіберсек, 1930 жылдардың ортасында Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас, Жуалы аудандарында бірнеше рет болып, очерк, әңгімелер жазғанына куә боламыз.
Көрнекті ғалым М.Мырзахметұлының («Әуезов және Абай» А. «Қазақстан», 1996,-272 б.) «Түлкібастықтар- М.Әуезов кейіпкерлері» атты мақаласында жазушының шығармашылық өмірбаянына, жазу әдісі мен материал жинаудағы өзіне тән машығы жайлы мынадай мәлімет береді: «Мұхтар Әуезов творчестволық қалыптасу жолында қай туындысы болса да, оны жазуға кіріспес бұрын көркем шығарма негізіне өмірдегі нақтылы шындықты алу, ол үшін шарқ ұрып іздену, зерттеу, көрген-білгендерін ой сарабына салып, көңілге ұялатып, қойын дәптеріне жазып алу жағына ерекше зейін қойған қаламгер. Қазіргі кезде жазушы архивінде сақталып қалған көптеген қойын дәптерлер тобы осының айғағы іспетті.
Ұлы қаламгер ойға оралған пікірін, оны тудырған нақтылы өмір шындығын дер кезінде хатқа түсіріп, ұқыпты түрде жазып отырған. Қойын дәптерлері жазушы шығармасының жазылу тарихын дүниеге келу жолындағы творчестволық сыры мен көркемдік кілтін ашуға айғақты тарихи деректер көзі болып табылады. Мұхтар Әуезовтің «Білекке білек» әңгімесі үлгі-өнеге тұтарлықтай мәнге ие» /158 бет/.
Мұхтартанушы ғалым Е.Күзембаев болса 1933 жылғы бұл сапардың себебін Тұрар Рысқұловтың өтінішімен байланыстырады (Е.Күзембаев. «Мұхтартану».105 бет) . Жазушы мұражайының қорында сақтаулы тұрған №476 папкідегі «Жолдан» деген тақырып қойған арнайы қойын дәптері мен № 457 папкідегі «Қызыл Шығыс» колхозы жайлы асығыс түскен деректер «Білекке білек», «Іздер» әңгімелерінің жазылу тарихынан, жазушы лабораториясынан көп мағлұмат береді. Жүрген жерінде жергілікті елдің сөйлеу мәнерін, тіл байлығын, диалектілерін жинап, жазып жүруді әдет еткен М.Әуезов кәсіби жазушы ретінде өзі кездескен кейіпкерлерінің тағдырлары мен табиғатына тән ерекшеліктерді, іс-әрекеттерді қағыс қалдырмай қағазға түсіреді. Жазушының қойын дәптеріне өзі аралаған 33 колхоздың жер, су атаулары, кездесіп, әңгімелескен 40-тан астам адам тағдыры мен тіршіліктері , табиғат көріністері түгелдей бейнелі сөздермен түсірілген. Суреткерлік өнерінде ұстаным еткен өмір шындығынан ауытқымау, нақты деректер ғана шығарма шырайын ендірер нанымдылық М.Әуезовтің өзіндік қолтаңбасын танытады. Суреткердің «Күндей жылы, нұрдай жарқын дәурен» деген мақаласында : «… Дүниеде адамның ойы мен қолынан құралып туған ұлы көркем қазынаның барлығында адамның екі үлкен ерекше қасиеті бар. Бірі – ірі, терең даналығында, екіншісі – бұлдырсыз айқын ашықтығында, мөлдірлігінде. Ең ұлы көркемдік-ең ұғымды, ең қонымды көркемдік еді» ,-дегеніндей , шығарма шырайы- шындығында екені даусыз /М.Әуезов (50 томдық шығармаларының толық жинағы, 49 том, 5 бет).
Осы «Өскен өркен» романаның жазылу тарихы мен осы сапардың себебіне қатысты пікірді белгілі мұхтартанушы ғалым Керімбек Сыздық «Ұстаздық ұлағат» деген еңбегіндегі «Мұхтар Әуезов және Оңтүстік Қазақстан» деген мақаласында айтады: «…жазушы «Білекке білек» әңгімесінің кейіпкері Жақыптың прототипі Жұмағұл Жұмаділовтың үйінде бірнеше күн қонып жатқан. Осы өңірден жинаған материалдары негізінде «Колхоз үшін күрес» деген атпен роман да жазбақ болған жоспары кезінде «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланып еді» (90 бет). №57, 58, 366, 383, 384, 476,537, 538, 543, 544, 545, 564 папкілерінде сақталған жазушының оңтүстік сапарына байланысты қойын дәптері мен қолжазбалары әлі де өз зерттеушілеріне құнды мәліметтер берері хақ. Сондай-ақ , суреткердің Оңтүстікке сапары туралы көп тарихи, әдеби және мұрағаттық мәліметтерді мұрағаттанушы Талатбек Әкімовтің «Даналық мәйегі» (.Алматы: «Ана тілі», 1997,-189 бет ) деген зерттеу еңбегінен де танысып, біле аламыз.
Өткенді білмейінше, бүгінгі күннің мәнін және келешектің мақсатын түсіну мүмкін еместігі тағы айқын. Жазушының Оңтүстік өңірімен өзектес өмір және шығармашылық байланысының осынау қызғылықты тарихы мен оның себептерін нақтылар болсақ, жазушыны бұл өлкенің көне тарих пен ескі ескерткіштерге байлығы, олар жөніндегі аңыз-әңгімелелердің көптігі және облыс шаруашылығының өзге өңірге қарағанда жан-жақтылығы (егін де, мал да, мақта да, астық та, көк өніс те, ірі өндіріс орындары ) жаңа қалалардың жоғары қарқынмен өсуі қатты қызықтырса керек. Қашаннан қазақы облыс болып саналатын оңтүстік өңіріндегі сол кезеңдері басты тақырыпқа айналған халықтар достығы, интернационализм идеясы қалай көрініс тапқанына да зерттеу жүргізуді ойлаған жазушы бас кейіпкерді әдейі орыс ұлтынан алып, барлық ұлт мәселесін соның сөзімен беру айласын тапқан. Қазақ әдебиеті үшін жаңа образ-Карповтан біз суреткердің өзін көргендей боламыз. Өйткені, «Оңтүстік сапары» жолжазбасына түскен келешектегі күрделі шығарманың эскизі, асығыс әрі қысқартылып берілген жоба-жоспары, өзі бірнеше рет кездесіп, сұхбаттасқан, сырласқан кейіпкерлерінен естіген өмірлік фактілер сол қалпында қағазға түскен. «Оңтүстік сапарында» көңіліне түйген тарихи шындықтарды М.Әуезовтің айтуы бойынша секретары- Ғ.Бейсенова машинкаға терген. Мұнда авторлық идея әңгімелеуші тарапынан баяндалады. Қазақ әдебиетінде алғашқылардың бірі болып бүгінгі қаһарман бейнесін- интеллигенция өкілдерінің тағдыры мен табиғатын, оның ішкі әлемі, ой-өрісі, кәсіби білім деңгейі мен дүниетаным кеңдігін екі қоғамдық формация ауысу барысындағы қайшылықтар арқылы көрсете алған дарынның даралық ерекшелігі болса керек-ті. Өкініштісі, өз кезеңінің көркем шежіресін жазбақ болған 7 романнан тұратын шығармалар циклінің алғашқы кітабы-«Өскен өркеннен» кейін жаңа заманның кейіпкерлер көші өрбімей қалғаны. Әйтпегенде М.Әуезовтің өзі айтқандай: «..тоқсан жыл жазсаң да, тоқсан шығарма жазсаң да қайталауға, сар жұртты қайта жағалауға, қайта тебіндеуге лайық емес, жол жоқ..» екенін, «…әр адамды жазғанда қайталамай, штамппен тұсалып қалмай өсе білу…» керектігін ескерсек, жазушы ұлт әдебиетіне талай ұрпаққа ұлағат-үлгі боларлық тың образдар галереясын жасауы әбден мүмкін еді. (М.Әуезов.Шығармаларының елу томдық толық жинағы»14-т.Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі,2004.-376 б, «Ленин ұлы идеясының ескеркіші»-14 бет).
М.Әуезов – қашанда жаңалыққа, тың тақырыпты игеруге құмар қаламгер. Бұл құбылысты «Өскен өркен» романының туу тарихынан да жақсы аңғаруға болады. Әдетте, Мұхтар Әуезовтің қолжазбаларындағы араб, латын, орыс графикасымен, түрлі сиямен, карындашпен жазылған әріптердің қағазға түсуінен асығыстық аңғарылса, кей беттерінен ойда әбден пісіп-жетіліп, жүйелі түрде қағазға түскен «айналасы жұп-жұмыр» жинақы ойларға, құнарлы ойлардан құралған күрделі құрмалас сөйлемдерге де кез боламыз. Қалай болған да қай қаламгердің мұрағатынан да мәлім бір нәрсе- жөнделмеген, сызылмаған, сан алуан өзгерістерге, өңдеуге түспеген тап-таза парақтар мен «періштедей» мінсіз сөйлемдер болуы мүмкін емес. «Қырқыншы жылдардың ортасына дейін шығармаларын қағазға жазып түсіретін Әуезов кейін әуелгі нобай, нұсқаны машинисткаға, стенографисткаға айтып жаздыруды дағдыға айналдырды. Редакциялау, ажарлау, тереңдету, көркемдеу әр түрлі вариант, нұсқаларды тудырды» (Р.Нұрғали .418 б). Кезінде осыны олқылық тұрып сынға алғандар да болған. Ол жөнінде М.Әуезовтің Т.Әлімқұлов пен З.Шашкинге 7.ҮІІІ.1956 жылы жазған хатында: «…Бұл іске Фаизова (Разия Фаизова «Абай жолының»2-інші кітабын В.В.Смирнова сырқаттанып қалғанда аударуға алған кісі-Г.П) біраз қырсық жасап жүр деп естимін. Оны қазақ тілінің қасиетін білмейтін себепті мен браковать еткен соң, әсіресе шаптығатын көрінеді. Мені «диктовать» етіп жазады, асығыс стенограмманы ұсынады, тілі нашарлап кеткен, «исписаться еткен» деп те орыс адамдарына, редакцияларға сөйлейтін көрінеді. Өзінің ертеден қара кешке мақтайтыны татар әдебиеті, татар жазушылары болатын да, менің өзгелерден басқарақ абырой-жәйімді қызғанатын кеселі де бар-ды. Ал менің диктовать еткенімді айтса, мен анау «Абай» романының да қақ жарымын-жұрт сүйсініп жүрген қақ жарымын да солай жазғам. Мен диктовать еткелі 14 жыл болды. Заманында Марк Твен, Лопе де Вега-талай жазушы тәжірибе ала келе жазған-ды. Қазір Симонов солай жазады. Вообще, бұл не былшыл, не сандырақ!..Жәй бір кездегі біздегі ит қызғаныштан шашыраған танту-қаңқу сөз болса-ол кімге дәлел, неге дәрі?!..» ,-деп жазғаны да бар (50 том. Хаттар.289 б).. Көркемдік ойлау жүйесі әбден машықтанған талантты жазушылардың дені осы диктовкамен небір даналықтарды дүниеге әкелсе ,оның несі айып? .Бір ғана Ф.М.Достоевскийдің шығармашылық тәжірибесінің өзі неге тұрады? Өзі бола алмаған, өзгені көре алмаған «сырқат» жандардың бұл сандырағын ұлы суреткер осылай сынға алады.
1959 жылдың 15 қыркүйегінен басталған Оңтүстік сапарын суреткер облыс орталығы-Шымкенттің ірі өндіріс орындарын аралап, ондағы еңбек адамдарымен кездесуден бастайды. Күн сайын, кейде тіпті бір күнде бірнеше мекемелер мен колхоз-совхоздарды аралап жұмысшылар мен екпінді еңбекші қауымның ерліктерімен , олардың тұрмыстарымен танысып, әлеуметтік, қоғамдық, мәдени жағдайларының жай-жапсарымен, талап-тілектерін, мұң-мұқтаждарын тыңдайды. Содан қазанның 12-не дейін облысты түгел аралап , көргендері мен естігендерін облыс басшыларына айтып, мүмкіндігі барын түзеттіріп, одан қалғанын республика басшыларына жеткізбек ниетпен шығармашылық сапардың қорытындысы есебінде – «Талап та, тақырып та-тек мақта», «Қадімнен мәлім Қаратауда», «Қаратау тәжі-Кентау», «Баға жетпес қасиеттер» деген тақырыптарға бөліп, «Оңтүстік сапарынан» атты очерктер циклын жариялайды. Әсіресе, қазақтың даласында сұлу да сәулетті сарайлар салынып, әсем де көрікті Кентау сынды қаланың архитектурасының ажарлылығына тәнті боп, өркениеттің өз өлкесіне өң бере бастағанын асқан тебіреніспен толғануынан туған сезімдер романда да суымайды.
Осы ретте ұлы тұлғаның қасында көп жүріп, сырлас, сапарлас болған М.Әлімбаевтың «Көңіл күнделігі» деген естелігіндегі М.Әуезовтің шығармашылық өмірбаянына, оның тақырып таңдаудағы талғампаздығы мен табанды ізденісін танытарлық зертханалық құпиясына құлақ қоялық: «…сонау елуінші жылдар соңын ала Мұхтар Әуезов Оңтүстікке сапар шеккеннен кейін жол жазбаларын жариялайды. Соның біреуі «Қаратау тәжі-Кентау» деп аталған. Бұған дейін тура мағынасында, жағымсыз ұғымда айтылатын «тәж» атауы қаламына оралған сөзінің құнын-парқын арттыра ізденгіш Әуезов қолданысында енді жаңарып, жағымды қасиетке ие боп шыға келді. ….
…. Сөйтіп, өлгенді тірілту де-өнер үлесі екеніне көзіміз жетеді. Мұхтар қаламы арқылы қатарға қайта қосылған сөздердің бірі-«қадым» атауы…Бұл атаудың арғы төркіні, әрине арабта. Бұ да – өткен ғасырлардағы кітаби ақындардың жазғандарында болмаса, қазақ тілінде күнбе-күнгі қолданыстан біржола шығып қалған сөз еді. Әуезов сол Оңтүстік жолжазбаларында осы сөзді де өмірге қайта әкеледі. «Қадымнан мәлім Қаратау» атты очерк те жазды. Көнергеннің де сандығынан сан дүниені тауып бүгінгінің кәдесіне асыруға болады-ұлы ұстаз үрдісі әр шәкірт қаламгерді осыған да үнсіз шақырады»,-деп қазақтың әдеби тіл байлығын қордаландырудың бір тәсілі ретінде ерекше сүйіспеншілікпен атап көрсетеді (57 бет М.Әлімбаев. «Көңіл күнделігінен» эссе,зерттеулер. Алматы,»Жалын» 1980-240 б.).
Сол М.Әлімбаев тағы бір мақаласында: «…Шығармаға ат қоюдың азабы да аз емес. Шығарманың өз тағдырындай аты да сәтті және сәтсізі болады, соның сәттісі саусақпен санарлықтай аз. Сәтті атты табу үшін сарылып, талай рет творчество тақсіретін шегуің керек. Машинкамен басылғанда бас-аяғы көлемі бес-ақ беттік очеркке Әуезов Мұхтар үш мәрте ат қойып, өзгертіпті….Автор әуелі «Қарағанды мен Балхаш сөйлейді» деп атапты да, артынша өшіріпті. Одан кейін «Қайсар қайрат шахтада» деп ат қойыпты. О да ұнамаған соң, «Конвейерде күй басым» деп бір көріпті. Ақырында «басым» деген сөзді өшіріп, оның орнына одан гөрі салмақтылау, құлаққа жұмсақтау , күйлірек «мығым» дегенді алады да, ең ақырында «Конвейерде күй мығымға» тоқтайды. Жалпы, Әуезов дыбыс үндестігіне (ассонансқа да, аллитерацияға да, ішкі ұйқасқа да) аса шебер, әрі құштар. Бұл, әлбетте, қалайда осылай жасаймын деген зорлықпен емес, зергерліктен туған інжулер.
Ғалым, ақын Әбділда Тәжібаевтың куәлігі бойынша В.Шекспирдің «Укрощение строптивой» комедиясын аударған Әуезов Мұхтар пьеса атын қазақ сахнасында премьерасы қойылғаннан кейін ғана тауып, «Асауға-тұсау» деп атаған. Міне мұнда «асау, тұсау» деген екі сөз ұйқас-үйлесімін ғана емес, мән-мағынаны тереңнен аңғартады. Толағай талантқа жанасып кеткен жеріңде бір тағылым аласың»,-дейді ( М.Әлімбаев. «Көңіл күнделігі» .Алматы. «Жалын».1980-240 б. 59 бет).
М.Әуезовтің шығармашылық зертханасынан тағлым беретін бұл үзінділер өткен күн мен бүгінгі күн фактылерін шебер суреткер оқушы үшін қалай құлпыртып, жаңғыртып беретіндігін байқататын мысал болғандықтан М.Әлімбаев сөзіне терең мән беріп отырмыз.«Ұлы ақындардың бірде-бір жолын тастамау керек» (Джек Лондон) деген даналардың тағлымына сүйенсек, біз де ұлы суреткеріміздің әрбір сызған сөйлеміне дейін қасиет тұтып, қастерлей білуіміз парыз. Бір облыстағы өнеркәсіптің тынысы, жаңа колхоз-совхоздардың құрылысы мен ондағы әр алуан мәдени мекемелердің өзекті мәселелері арқылы ұлт тағдыры мен ұрпақ келешегіне керекті көкейкесті мәселелерді қозғаған қаламгердің очерктеріндегі сындарға дер кезінде көңіл бөлініп, тиісті шаралар да қолданылғаны тарихи шындық. Бір қызығарлығы кеңестік кезеңде баспасөзде көтерілген мәселе қараусыз қалмайтын. Жазушы жолжазбаларында баяндалған оңтүстік өңірдің табиғаты тарту еткен шипалы суларын пайдаланып, демалыс орындарын салу және мәдени, ағарту істерін ілгерілту, оларды халық игілігіне айналуды мақалаларында өзекті мәселе етіп көтерумен бірге мемлекеттік деңгейде шешілуін де талап етіп, қадалаған.
Бүгінде әлемге әйгілі Сарыағаш демалыс орны – М.Әуезовтің алғашқылардың бірі болып көтерген мәселесінің жемісі.
Әдебиет тарихы мен фольклористиканы үзбей зерттеп жүрген жазушы оңтүстік өңіріндегі бай әдеби, мәдени мұралары жөніндегі ғылыми пікірлерін, ой-толғаныстарын көне Түркістан, Сайрам, Отырар, Құмкент, Созақ, Баба ата сынды өлке тарихтарымен өзектестіріп, Созақтан қазақтың үш жүзі таралатынын, Көкмұрын деп аталатын қос төбеде үш жүзге жататын рулардың таңбалары қашалғанын, Көрұғлының баласы Әуезханның Кұмкентте өскендігін, атақты Едігенің туған жері Баба түкті Шашты Әзіз екендігін, Қамбар батырдың мекені де осында екендігін, Ақсақ Темірге қатысты қаншама аңыз-әңгімелердің тарихына қанығып, өзіне таныс әдеби және тарихи деректермен салыстырып, теориялық тұжырымдар жасайды. Жоғарыда аталған очерктеріндегі осынау тарихи деректер, аңыз әңгімелер келешектегі көлемді шығармада кеңінен жазылып, көркем шындыққа айналуы әбден мүмкін еді. Бірақ ,ол арман оқыстан келген ажалдың себебінен орындалмай орта жолда қалды. 7 кітаптан тұратын роман-эпопея жазуға ғұмыры жетпесе де ол ойға тамызық болар ой түрткілер «Мәдениет және тұрмыс» (1962, №2), «Жұлдыз» (1962, №3) журналдарында, «Оңтүстік Қазақстан» газетінде (1967,13 желтоқсан) жарияланған очерктерінде баяндалды. Тұңғыш рет 1962 жылы Алматыда жеке кітап болып шыққан очерктері 1977 жылы қайта басылды, кейін 12, 20 ,50 томдық шығармалар жинағына енді. Орыс тілінде Пантиелев аудармасымен «Дружба народов» журналында (1965,№1) жарияланды. Мәскеудегі «Молодая гвардия» баспасынан (1966), 1977 жылдары жеке кітап болып басылып шықты . Молдаван тілінде А.М.Липканың аудармасымен жарық көрсе (1969), кейін басқа да бірнеше тілдерге аударылды.
Осы очерктердегі ойлардан жүйеленген романның жазылу жоспары жазушының «Еңбегім ұлы Отанымдікі», «Қазіргі роман және оның геройы» деген мақалаларында «Өскен өркеннің» өзі аса аумақты болып жоспарланғанын, жетіжылдықтың әр жылына бір бөлім арналатынын, соңғы бөлім жетіжылдықтың соңғы жылдарын қамтуы тиіс болған ойын 1961 жылдың мамырында айтылғанымен, олардың жүзеге асырылмағаны белгілі.
Әйтсе де оқиға желісі мен тақырып идеясын өз санасы мен жүрегінен өткізу мақсатымен мақалалар мен әңгіме-очерктерінде барлаған қаламгер «Об эпосе семилетки» атты пьесасында да келешектегі күрделі көркем шығарманың шағын эскизін жасайды.
Шығармаларына материал жинаудағы жазушының өзіне тән мәнері қайсы бір жол сапардан қайтса да алған әсері мен көңілге түйгендерін лезде-ақ қағазға түсіріп, жазып тастауға қалыптасқанын танытады. «Оңтүстік күнделіктері» де соның бір айғағы. Осы очерктерге еніп, кейіннен суреткердің сапалық сүзгісінен өтпей қалған мол деректер де, кітапқа енбей қалған өзі кездесіп, әңгімелескен кейіпкерлер де, өзінің жоба-жоспары бойынша кейінгі кітапта баяндалуы тиіс деген тарихи деректер де, елдегі шежірешілерден естіген аңыз -әңгімелердің желісі , ойдағы мен көкейде қалып қойған қаншама құнды қазыналы ойлар барлығы алғашында «Өскен өркен адамы» деген атау беріп, жасаған жұмыс жоспарында жүзеге асырылыпты . Тезис түріндегі ой түрткілер емес, кәдімгі көркем шығармадай оқылатын тек қысқартылған түрдегі «Өскен өркен адамы (әзіргі аты)» деген жоспарлы жұмысын 5 тарауға бөліп, тіпті 5-ші тараудың өзін «Бірінші оқиға», 2-3-4-5-ші оқиға» деп, бірнеше тараушаларға бөлгені тек жазушының өзіне ғана тән тәсіл-тәжірибесі сыңайлы. Және мұндай мехнатты ізденіс жұмысын өзге жазушылардан кездестіру сирек. Бұл тәсіл бір шығармасына біршама бейнет сіңірмесе, бойына асы жұқпайтын жанкешті жазушыны танытады. М.Әуезовтей ғұлама ғалым, дарынды жазушының мұншалықты жауаптылығы, әрбір сөзіне деген ұқыптылығы қолына қалам алғандарға үлгі-өнеге боларлықтай. Мұхтар Әуезов бір барған жеріне 4 рет барып, әр кездескен кейіпкерімен сан рет қайта жолығып, және соңынан бірнеше хат жазып, хабарласып, таныстарына өтініш білдіріп, жинаған мәліметтерін жаңа деректермен толықтырып, үнемі ол облысты бақылауда ұстап, баспасөз бен елден естіген жаңалықтарын, маңызды мәліметтерін анықтап, қосып отыруы, сөз жоқ, өз кәсібіне адал нағыз шығармашылық тұлғаның тынымсыз еңбекқорлығын танытса керек-ті.
Бірнеше беттерге ұласқан ұзақ-сонар материалдар шығармаға енбей қалса да өзінің құндылығын жоймақ емес. Өйткені, ұлы жазушының көзіне түсіп, көңілін аударған мәліметтердің мәнсіз болуы әсте мүмкін емес-ті. Жазушы жоспарындағы айтылғандардың көп тұстары жарым-жартылай жазылса , мүлде қозғаусыз қалғандары да жоқ емес.Бұл жөнінде мұхтартанушы ғалым Талатбек Әкімовтің ғылыми түсінігінде: «…Осылардың ішінде екінші тарауының кейінге ысырылу себебін автордың өзі де айта кеткен. Онда химфарм заводынан аса аумақты көлемдегі морфийдің ұрланғандығы, онымен байланысы бар қылмысты топтардың бір ұшығы алыс қиыр шығыс елдеріне жалғасатындығы да қамтылмақ екен, соған қарағанда, қаламгердің қылмыс дүниесіне де қалам тартпақ болғандығы аңғарылады» ,-делінген (39-т.290 бет).
Одан өзге де шығарма арқауына ене қоймаған көптеген оқиғалар желісі –Шәуілдірдің бір қызына үйленіп, бір қыз баласы бар шопан жігіттің тағдыры, Медеу мен Сағадат қыздың махаббаты және бар. «Өскен өркенде» сюжет желісіне арқау болған әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени жағдайлардың жақсартылуы, бүкіл қазақ ауылдары мен қалаларындағы ірі өндіріс орындары – тоқыма, химфарм, пресс-автомат, май комбинаты сияқты завод-фабрикаларда еңбек ететін ұлт кадрларын даярлау, оларға қолайлы баспана, өз білімдерін жетілдіру үшін түрлі деңгейдегі оқу орындарын ашу, оларға арнап жатақханалар салу, алыстағы ауыл мекендеріне адамға қажетті барлық жағдайлар жасау – от, су, газ, үйлер тұрғызу, әйелдер босанатын перзентханалар тұрғызу, кітапханалар, мектептерді көбейту, мәдени орындар ,моншалар , шопандардың тұратын бүгінгі күн талабына сай келетін тұрғын үйлер салу, жылы қоралар, құм жерді суландыру, онда көкөніс егу, дала жолдарын дұрыстау, толып жатқан мемлекеттік мәселелер іске асуына автордың ықпалы зор болды. «Өскен өркен» романына деректер жинау сапарында бірге жүрген, сырлас болған аудан, облыстағы қоғам және мемлекет қызметкерлерінің кейінгі жылдары жазған естеліктерінде ұлы жазушының табаны тиген топырақтың бәрі түлеп, түрленгенін, ауылдар ажарланып, қалалардың құлпырып, әлеуметтік-мәдени жағынан өсіп, жақсарғанын мақтанышпен еске алады. Кемеңгер суреткердің шығармасына материал жинап қана қоймай жүрген жеріне шырақ жағып, жұрттың жағдайын, елдің еңсесін, қала мен ауыл мәдениетін марқайтуға мөлшерсіз үлес қосқанын нақты деректермен нақыштайды. Ұлттық құндылықтарды ерте танып, оны өмір бойы өзінің шығармашылық өміріне өзек ете білген ұлы тұлға осындай мәңгілік мәселелерді мұрат тұтты. Жазушы Оңтүстікке сапарында Созақта көп болған. Ол мұнда алғаш рет 1954 жылы 24-25 қыркүйекте келіп, ауданның басты шаруашылық, тарихи-мәдени ескерткіш орындарында, атап айтсақ, Баба ата, Құмкент, Баба түкті Шашты Әзіз, Шолаққорған, Жыныс ата, Сызған, Ақназар, Суындық, Балықшы ата, секілді басты шаруашылық, тарихи-мәдени ескерткіш орындарында болып, «Балықшы» шопандар демалыс үйінің естелік кітапшасына естелік жазып қалдырған екен. Соңғы рет 1961 жылы сәуір айының соңында Т.Әлімқұлов, Ж.Еділбаев, К.Жарқынбековтермен бірге бірер күн болып қайтқан. Сол кездегі аудандық партия комитетінің 1-хатшысы Ә.Сасбұқаевпен жақын пікірлес болып, хат алысып тұрған. М.Әуезовтің 50 томдық толық шығармалар жинағының 50 томына жинақталған эпистолярлық мәтіндердің бір тобы осы облыс басшыларымен жазысқан хаттары. Созақтағы Әбдірахманов Балтабай, Берденов Кенжеғұл, Өмірбеков Есіркеп,Үрмізі сияқты шежіре кісілердің әңгімелеріне және Сүгір Әлиев, Файзолла Үрмізов,Төлеген Момбеков сынды күйшілердің өнеріне тәнті болып, айтқан: «Созаққа барсаң, күйшімін деме, Шаянға барсаң, әншімін деме» деген даналық сөзі бүгінде мәтелге айналғаны мәлім . Қаламгердің адам мен жер аттарының тек бір әріптерін өзгертіп қана беретін тәсілі мұнда да толық сақталған. Мәселен, тарихтағы Созақ-«Ұзақ», Шолаққорған-Биікқорған, Құмкент- Көнекент, Тасты-Састы деп қана өзгертілген. Созақтағы Баба ата мешітінің маңында өткен қайғылы қанды оқиғаға байланысты туған «Үміттің ажалы» атты деректі жырдың мазмұны аздаған өзгертулермен «Алуаның ажалы» деген тақырыппен романның 3-ші тарауына енген. Осы сапарға қатысты көптеген құнды қолжазбалар мен қойын дәптерлер жазушы мұрағатында сақтаулы.
Материал жинаудағы тағы бір ерекше қасиеті қай деректі кімнен, қай мезгілде, қандай жағдайда алынғаны, оның кейінгі тағдыры туралы толық мағлұматты ерінбей тізіп отыруы дер едік. Мәселен, «Үміт қыздың өлімі туралы» поэманың кейбір деректерінде» былай дейді: «…23 күні біз Қымкенттен шығып, қырық бес шақырымдай жүріп Мырзабай даласын басып, Қызылкөлді жағалап отырып, атақты Бабаатаға келдік. Осында 21-жылы үлкен трагедия – «Үміт қыздың өлімі болған» (қолжазба қоры, 543-бума, 6-б.) десе, «осы қайғылы оқиғаны дастанға айналдырған жергілікті ақынның шығармасын Шымкент драма театрының артисі Жұмабеков Отызбай Кентау қаласында тұратын Дәнібек дейтін алпыстан асқан қариядан жазып алғандығы жөнінде жинаушының ескертпесі бар»-, делінген қолжазбада (359-бума,1-42 –бб).
Оңтүстік Қазақстан өңірінде 1959-1961 жылдар аралығында болған 4 сапарында да кездескен адамдарының мінез ерекшелігін, дара қасиеттерін, сөйлеу мәнерін, міндері мен жақсы мінездерін тізіп, олардың әңгімелеріндегі есте қалар әдемі тіркестерді, бұрындары білмеген бөгде сөздерді, әйтеуір өзіне бейтаныс деген дүниелердің бәріне таңырқаушылық білдіріп, әрбір сөздің мәнісін, аңыз-әңгімелердің тарихын түртіп алып отырған. Тіпті өзі болған, ауыл, аудан, облыс орталығының барлық шаруашылығындағы тұрмыстық, әлеуметтік-мәдени, экономикалық мәліметтердің бәрін молынан алған жазушы табиғат, елді мекеннің әрбір көріністерін де көзінен де көңілінен де таса жібермей көкейіне тоқиды. Жастайынан өзіне жаққан жәйттерді жад-жанарына желімше жапсырып жүретін әдетін бұл жолы да жап-жақсы пайдаланған-ды.
Елінің ар-ұяты мен ақыл-ойының озғыны саналған М.Әуезов бұл шығармасында сөз жоқ, жан дүниесі бай, жан-жақты білімді жаңа ұрпақтың озық образын жасауды ойлады. Қоғамдағы қандай да бір құбылысқа немғұрайды қарамайтын нағыз ұлтжанды қаламгер сол кезеңдегі соцреализм әдісінің талабы бойынша жағымды кейіпкерді Карпов , Әсия, Жантас, Айсұлу бейнесі арқылы өз ойларын оқушысына жеткізген. Мұнда да кейіпкер протиптерінің аттарының бас-аяғындағы бір-екілі әріптері өзгертіліп, өмірдегі Захан Искендиров- кітаптағы Ақан Сұлтановқа, Әлім Ерімбетов-Сәлім Бегімбетовке, Қаржаубек Жарқынбеков-Алмасбек Жайдыбековке, Әбентаев-Есентаевқа, Қаспанбетов-Есдәулетовке, Тасанбаев-Мұхитовқа, Қолдасбаев-Алмановқа айналып, көркемдік кеңістікке жол тартады . Кейіпкер мен прототип мәселесі Т.Әкімовтің «Даналық мәйегі» (Алматы.»Ана тілі»1997.189 бет) деген еңбегінде жан-жақты айтылған. Романның көркемдік әлемін тұтастырып тұрған түп тұлға-кейіпкерлердің бейне-болмысы, адами қасиеті, кәсіби шеберлігі, кісілік ерекшелігі, мінез-құлқы бәрі де өмірдегідей өрнек алып, деректік жанрға тән сипат сақталған. Көркем шығарма өмірге келгенде кейіпкерлердің дені өзін танып, авторға алғыстарын білдірген деген де әңгіме бар.
Және де Оңтүстік Қазақстанға барғандағы сапарында жол серік болып, кейін ой-мақсаты бір тілеулес жолдастар ретінде жазушы – Виктор Иванович Макаровты, Қайырғали Байғалиевті, Григорий Николаевич Осадчий, Әшір Момынов, Яков Давыдович Печенюк, Хамит Жұмаділдаев, Айтқожа Жүсіпов, Луганов, Сәрсенбаев, Сүлейменовтерді атайды (564-бума,20-б). Бұлардың барлығының тұсына «бәрімен де сөйлестім» деген сөзді жазып қойып отырған.
Мұрағаттанушы Т.Әкімовтің «Өскен өркен: Өмір материалдары және оны көркемдікке айналдыру жолдары» деген тарауында бұл шығармаға материал жинау мерзімі 1959 жылдың қыркүйек-қазан,1960 жылдың мамыр, қазан және 1961 жылдың сәуір айлары болса, сол мол мұраны қарап, жүйелеп, көркем қиялмен қайта қорытып, жазуды қолға алған күні тамыз айының 31-де басталып, қайтыс болған күні арасында небәрі 4-5 ай ғана еңбектенгендігі жөнінде нақты мәліметтер айтылады (118 бетінде).
Жазушы шығарманың бас жағына болашақ кейіпкерлерінің аты-жөнін, қызметін, жасын, кәсібін, туыстық қатынастарын қысқаша түрде түсіріп алады: «Нил Петрович Карпов – болашақ хатшы, 45 жастарда Жандос Асанович (Жәке)-65 шамасындағы пенсиядағы қызметкер. Әсия Әлімова-жас әйел, жауапты қызметкер, т.б…» (362-бума,1-б). Бұл тәсіл жазушының драматургиялық жанрдың қыр-сырын, жазылу әдістерін терең меңгергендігінен мағлұмат беретіндей. Кейіпкерлерінің есімдерін де оның шығармадағы алып жүретін көркемдік міндеті мен адами қасиетіне лайықтатып өзгертіп отыруы да әлемдік әдебиет тарихында бар тәжірибе.
Және бір тоқталар жәйт – жазушының шығарманы жазу барысында үнемі облыс басшыларымен хабарды үзбей, бұрынғы өзінің жазып алған фактілерін қайта-қайта нақтылап, кеңейту үшін хат алысып тұруы дер едік. Осылардың ішінде облыс басшылары Искандиров пен Жарқынбеков, ауданнан Ысмайылов, Манасов, Сасбұқаев, облыстық газеттің редактары Әділбек Омаров болды. Жазушы сұраған материалдар , деректерін олар дер кезінде сапалы орындап, жіберіп тұруды өздеріне зор мәртебе санады. Мәселен, жазушымен жүздесіп, шаруашылық жөнінде көптеген мәселелер жайында сұхбаттасқан Сасбұқаев Әділ зоотехник, қоғам қайраткері болған адам. Әуезовтің «Өскен өркен» романына қажетті көптеген материалдар жіберген әрі роман кейіпкерлері прототиптерінің бірі болған. Жазушы 1959 жылы облысқа келген сапарында ол Түркістан аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарса, 1960-61 жылдары келгенде Созақ аудандық партия комитетінің 1-хатшысы қызметінде болған. Сол сапарлардың бәрінде серік әрі жақын жолдас болып кеткен ол кейін де жазушымен хабарласып, хат жазысып тұрған. Айталық, 1961жылғы 27 ақпан күнгі жазған хатында : «Қадірлі дос Әділ! Әнеугүнгі жіберген деректеріңе сонша зор ырза болдым. Маған қазіргі істеп жатқан жұмысымның тұсында ең қымбат керекті деректер осындайлар еді. Осы қағазды жазған адамың аса ұқыпты, байыпты, білгір адам екен. Ауданды қандай жақсы біледі. Енді мен сол өзің жіберген қағаздарды бірнеше дана ғып көшіртіп, обкомда Жарқынбековке, Шаянда Ысмайыловқа жібердім. Шаяннан дәл сондай деректерді мол етіп, нақтылы фактілерін көп етіп жазып жіберсін деп сұрап отырмын. Сен жіберген қағаздарды мысал етіп әдейі жібердім. Ал енді өзіңнен бір өтініш…Екінші өтінетінім…Үшінші…Міне осы деректерді жақында жаздырып жіберсең және де көп алғыс айтар ем. Достық сәлеммен Мұхтар Әуезов» ,- деп, достық ниетпен өтініштер білдірген ( 366-п. 385-бума,8-9 бб). Өзі мен өзгеге де талап қойғыш қаламгердің әлгі жауаптағы асқан білгірлікті, ең бастысы жоғары жауапкершілікпен тиянақты орындалғанына ризашылығын ғана білдіріп қоймай өзгелерге үлгі ретінде ұсынуы ұқыптылықты ұнататынын көрсетеді. Мұхтар Әуезовтің өте талғампаздығы осы әрекетінен жақсы танылады. Өзіне де өзгеге де талап қойғыштығы, қай іске де асқан жауапкершілікпен қарайтындығы кімге де үлгі.
Осы оңтүстік сапарында танысқан мемлекет және қоғам қайраткері Тілеубердиев Ыдырыспен де Әуезов бірнеше жылдар бойы дос, пікірлес болған. «Оңтүстік сапарынан» деген очеркіндегі Әуезовтің: «Қала халқын, көшелер аралағанда екінші секретарь Тілеубердиев Ыдырыспен жүрген едік»,-деген сөздері соның дәлелі болса керек. «Оңтүстік жайынан роман жазар болсам ,ең қымбат жас геройларым бірін-бірі алғаш сүйгенде,осы Кентауда сүйсін дер едім», – деген арман-тілегі де осы Тілеубердиевтің көркем қаланың келешегі жайлы әдемі әңгімелеуінен туған әсер сияқты. Сәулетті де сұлу, сәнді бітімді, социалистік қоғамның жаңа жемістерінің бірі ретінде жаңа өндіріс орындарымен өң алып, реңі кіріп, құлпырып тұрған Кентауды патшаның тәжіндей асқақ балама тауып, теңеуі де тегін емес. «Өскен өркенді» де осы Кентау қаласына келіп жазуды ниет етіп, хат жазуы да соның куәсі: «…Ыдырыс мен келсем келесі жазда келемін, маған қонақ үйінде емес, қала, өндіріс орындары көрініп тұратын көп қабатты үйлердің біреуінен ыңғайлы бөлме дайындатарсың» .
Жазушының замандасы, жоғары білімді, ұзақ жылдар шаруашылық, кеңсе, партия орындарында еңбек еткен Сыпабек Тілеуовтің «Оңтүстік Қазақстан» очеркі мен көркем шығармаларының кейіпкері болуы Әуезовтің достыққа адалдығын, материал жинауда кездескен, сұхбаттасқан адамдарының көркем шығармасында эпизодта болса да ескеріп отыратын әдеби әдебін де әйгілейді. 1959 жылдың қыркүйек айында жазушы облысқа келген сапарында сол кездегі совхоздың төрағасы Сыпабектің үйінде болып, оның анасы-Көркем кейуанамен сұхбаттасып, келешек романына материалдар алғаны жайлы деректер де бар (К.Сыздық).
Замандас әріптесі Қажым Жұмалиевке (Е.Ысмайыловқа ма?? жазған бір хатында: «…Бірақ бәрінен де ұдайы сау, сергек кеудемен, әсіресе өмірді таза, мол сүюмен өтіп келемін. Солай топшыласам: күйгенімнен сүйгенім көп, түңілгенімнен де сенгіштігім көп, жиренгенімнен гөрі құмартқаным көп, бүгінгі өмірді шабыттана сүюім, шексіз қызыға сүюім анық мол»-деп жазғанындай, адамдарға деген сенгіш адалдығы мен алдан күтер үміті мол М. Әуезов жаңа қоғамды да қаламының қарымымен құруға құлшына кірісіп, өз өлкесінің өсіп-өркендеуіне деген ризашылығын танытуы табиғи заңдылық еді (50 том…бет). Өзі көрген қуғын-сүргінге қарамай , үнемі үрей мен үстемдікті сезінсе де туған халқының мүддесіне адал қызмет етуден айнымаған оның шығармаларында адамның еркі, рухани бостандығы, ой тәуелсіздігі сынды құндылықтар мәселесі өткір қойылатыны да сондықтан болса керек. М.Әуезов тек қазақ халқының ғана емес, әлемдік деңгейдегі ел тыныштығын, бейбіт өмірді ойлайтын кең ұғымды ұлы дарын иесі. Тегінде, оны тебірентпейтін тақырып жоқ-ты. «Абай жолы» роман-эпопеясынан бастап бүкіл көркем шығармаларының арқауы болған қазақтың қасіреті мен қамы, ұлтының рухани құндылықтары мен халқының бүгіні мен ертеңгі мүддесі «Өскен өркен» романындағы жаңа өмір, жаңа кейіпкерлер тағдырына телініп, тың көркемдік құбылыстарға ұласқаны белгілі. Кеңестік дәуірдегі қазақ халқының саяси-экономикалық, тұрмыстық-әлеуметтік, психологиялық-моралдық жағдайларының көркемдік шежіресі жан-жақты бейнеленген романда ауыл мен шағын елді мекендердегі шопандар өмірі, өндіріс орындарындағы жұмысшылар тағдыры, олардағы ұлттық кадрлар мәселелерін шешудегі әділетсіздіктер ақиқаты кәсіби шеберлікпен шынайы суреттеледі. Қиян шеттегі, қия беттегі жайылымдарға радио, кітап, газет жеткізу керектігі, ауылдық жерлердегі әйелдердің ауыр тұрмыстық жағдайы секілді толғақты ойлар да жазушы назарынан тыс қалмаған. Небәрі 23 жасар кезінде «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп ұран тастаған жас ұланның ұлт пен ұрпақ мәселесін шешетін негізгі тұлға – әйелдердің жағдайы түзелмей елдің ертеңі болмайтынын әр шығармасында ескертіп отыруының өзі оның шын мәніндегі ұлтжанды суреткер екендігінің айғақсыз дәлелі. Жаңа романында көтерілген ауыл адамдарының тұрмысын жақсарту, оларды жалпы адамзаттық мәдениеттің ең жаңа көріністеріне ие ету жолында да ол рухани күресті таңдаған. 1940 жылдары-ақ өндіріс ошақтарына жол тартып, жұмысшы жастардың қатарын ұлт кадрларымен толықтыру , олардың рухани жағдайын жақсарту мәселесін алғаш көтеріп, мемлекет алдына қойған сөз өнерінің ірі өкілі М.Әуезов 1948 жылы өнер қызметкерлерінің республикалық мәжілісіндегі сөзінде: «…По поводу пьес на современные темы, по поводу успешного выполнения тем я бы назвал три необходимых условия. Во-первых, надо глубоко изучить жизнь. Не изучив жизни, не показа действительности, мы не напишем большого художественного произведения. В частности, прав был тот человек, который говорил: прежде чем ,написать большое художественное произведение, надо знать столько, сколько он должен выпарить из каждой поры вашего организма. Следовательно должны быть накоплены знания, чтобы написать произведение. Вы должны закончивать последнюю строку и чувствовать, что у вас осталось еще много материала следующего произведения. Вот с таким обогощенным жизненным материалом можно писать большие художественные произведения», – дегені бар (49 томда74 б). Тап осы талаптарды талантты туындыгер өзінің шы ғармашылық өмірбаянында да қатаң сақтап отырғаны хақ. Өмірді білмей, халықтың тұрмыс-жағдайымен жете таныспай, өмірлік мол тәжірибе, терең білім жинамай ешқандай көркем өнер дамымайтынын білгірлікпен дәлелдейді. Білім мен тәжірибе қай саланың да қазына байлығы, таусылмас шикізаты.
Жазушы ойлаған мақсатына жете алмай кеткенімен осы романдағы тың авторлық идеяны, жаңа қаһарман таңдау мен бейнелеудегі көркемдік ұстанымындағы жаңашылдықты, қала мен ауыл проблемаларының алшақтығы мен қайшылықтарын, қоғаммен бірге өзгерген адам санасындағы қақтығыстарды батыл көтерген шешімдерін айту парыз.
Әуезовтің әр кезеңдегі суреткерлік өсу сатылары осылай өмірді тануы мен көркемдік кеңістігінің өрістеуімен, ғылыми ойының кемелденуімен өзгеше бір эстетикалық көркемдік тұтастық әлемін құрайды. 1956 жылы жазған «Өмір мен шығарма» атты мақаласында: «өмір фактісін білу бар да, тереңдей ұғыну бар», … « қысқасы, бар тынысы балқыған жазушылық жүректен ғана шын шығарма туатынын», «…өзің талдап алған материалды сүю ғана емес, барлық шетін, нәзік жайларына шейін түгелімен қиялдап та іштен кешіру шарт», – екенін өзінің шығармашылық өмірбанындағы әдеби әдістері мен бай тәжірибелері арқылы ақиқаттқа айналдырғаны да анық. (Уақыт және әдебиет.А.1962.395 б) .
Әрбір суреткер әр кейіпкерге табиғи болмыс бітімін, іс-әрекет, қимыл-қозғалыс, сөйлеу мәнерінің ерекшеліктері мен эмоциялық-сезімдік, психологиялық құбылыстардың құпия қалтарыстарын, ішкі қайшылықтарын қадағалай зерттегенде ғана көркем шындықтың нанымдылығы мен шыншылдығы шынайы көрініс табатынын, жаңа заман тақырыбы мен жаңа кейіпкер мәселесін теориялық және практикалық жағынан шешудегі жазушының шешімі ең алдымен, сол дәуір жүгін көтере алатын кейіпкерді табу қажеттігі деп біледі.
Осы ретте Әуезов: «Мені әлі де сол бұрынғыша, бүтін бір дәуірлік оқиғаларды терең, мол қамтитын кең құлашты роман қызықтыра береді…Бүгінгі күн тақырыбын игеруге де осындай кең құлашты роман ыңғайлы, заңды сияқты»-дей келе,- «…Заман шындығын, замандас сырын толғайтын тың творчестволық туынды туралы толғаныс үстінде біз жаңа дәстүр жасаудан, кеңқұлашты күрделі роман түрін қалыптастырудан және оны жете меңгеруден бас тартпауымыз керек. Өз геройым туралы да әлі де айтарым көп-ақ, бірақ қанша айтқанмен, тоғысар түйін біреу ғана: мінез парасаты қилы-қилы үлкен тұлғаның бейнесін жасау керек, өйткені алпысыншы жылдардағы совет адамының өзі де дәл осындай»-деп түйін түйеді.
Ақиқатында, автордың айтқанындай: «…Геройдың интеллектісі -көбінше жазушының өз интеллектінің тереңдігі мен кеңдігінің туындысы» . Олай болса, адам да, шығарма да өз дәуірінің туындысы. Көшпелі дәуірдің кемеңгер тұлғасы Абайды сомдаған суреткер енді өзінің кең тынысты эпикалық стилі арқылы өз замандасының, коммунизмді құрушы жаңа қаһарман образының жүрегін, жанын, сезімін толқытқан психологиялық толғаныстарын, олардың тағдыры мен ой-санасында жүріп жатқан сапалық өзгерістерді тереңдей талдайды. Адамды социалистік реализмнің жалған әдісіне салып, жағымды және жағымсыз деген тұрпайы түрлерге бөліп бейнелемей, біртұтас көркемдік құндылықта қарастыруды қолдайтын қаламгер бұл шығармасында да кейіпкерлерінің ішкі әлеміне көп мән береді. Әрбір әрекеттің себеп-салдары бар екендігіне мән берсек, ол сахнада ілулі тұрған мылтықтың қойылым соңына дейін әйтеуір бір атылуы тиістігіндей, шығарма соңына дейін белгілі байлау жасап, соның нәтижесінде мінез көрсетуі хақ. Ал, оқушыға ең керекті, ең қызық жай сол бүркемеде қалған қаһарманның ішкі жан әлеміндегі жасырын сырлар, сана қақтығыстары, іс-әрекет қайшылықтары емес пе!
«Егер басқаның жан дүниесін білгің келсе, өз ішіңе үңіл; ал өзіңнің ішкі дүниеңді білгің келсе, өзгелердің жан сезіміне үңіл» деген екен шығыстың дана ақыны Әлішер Науаи, кейіпкерінің жан дүниесін танытпақ болғанда, жазушы өзі де түгел ашыла, ақтарыла суреттеуі , шешілуі тиіс. Жүрекке жүрек ашылғанда ғана ақиқат орнығып, шынайы өмір шығармада нанымдылыққа ие болатынын Әуезов өз туындыларындағы баяндау структурасы, авторлық шешім арқылы жақсы танытып отыр. Суркеткердің болмысты көркемдік-эстетикалық тұрғыдан игеруінің кезеңдері «Өскен өркенде» жоғары кәсіби деңгейде өрнектелген. Жалпы шығарманың сәтті, сәтсіздігі суреткердің интеллектуалдық деңгейіне тікелей байланысты. М.Әуезовтің бұл шығармасында инттеллектуалдық прозаға қойылар басты талап-көргені мен оқығаны көп зиялы жанның баяндаушылық қызметі алдыңғы орынға шыққан. Жазушының өзі мақсат тұтқан кеңес заманының алдыңғы қатарлы басшысының бейнесін сомдау үшін баяндаушының да біліктілігі жоғары болуын көксеп, өз кезеңіндегі барлық саланың жетістері мен кемшіліктерін көңіл көзінен өткізуді мұрат тұтты.
М.Әуезов осы ретте Абай бейнесін жасаудағы өз тәжірибесі туралы айта келіп: «…Абая я должен, с одной стороны, изображать, как человека, сталкивающего с жизненными фактами, во-вторых, должен показать, как эти жизненные факты откладываются в его душе, и в третьих показать, как это виденное, наблюдаемое, переработанное в его творческой психологии получает творческое воплощение в этом произведении»,-дейді (Архив СП СССР, оп.26, №52, стр 90).
Алайда, алақұйын болып аяқ астынан өзгеріп отыратын саяси ахуалдар жазушының тыныштықпен шығармашылықпен айналысуына да мүмкіндік бере бермейді. 1951-54 жж. Әуезов саяси-идеология тұрғысынан тағы да қыспаққа алынып, оны «ұлтшыл-алашордашыл» ретінде жаппай сынау науқаны басталады. Оған «қазақ фольклоры мен эпостарындағы Ресейге қарсы жазылған, байшылдықты, батырлықты, ұлттық тәуелсіздікті жырлаған дастандарды жарыққа шығарды, Кенесары-Наурызбай көтерілісін жақтап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді, ғылымға қарсы Абайдың ақындық мектебі деген бағыт қалыптастырды; «Абай» романында феодализмді мадақтады; Құнанбайды халықтың қайраткері етіп көрсетті, «алашордашылдарды» шығармада жағымды кейіпкер етіп бейнеледі, Қазақстан тарихы мен қазақ әдебиеті тарихын бұрмалап жазды» деген сияқты көптеген айыптар тағылды. Мерзімді баспасөздерде Әуезов туралы сыңаржақ сындар мен «халық жауы» ретінде әшкерелеген мақалалар басылды. Алайда, бұдан зор құқайларды көріп жүрген алашшыл азамат ұлтжандық ұстанымынан айнымай, 1952 жылы Бішкек (бұрынғы Фрунзе) қаласында өткен «Манас»жыры туралы конференцияда сөз сөйлеп, қырғыз халқының ұлы эпосын ақтап алуға зор үлесін қосады. 1953 жылдың сәуір айының соңында қамауға алыну қаупі төнгенде , Мәскеуге жасырын аттанып кетуге, А.Фадеев, К.Симонов, В.Кожевников, Н.Тихонов іспетті орыс жазушыларының көмегіне сүйенуге тура келеді. Мәскеу мемлекеттік университеттің профессоры болып 1953-54 жж. «СССР халықтары әдебиетінің тарихы» деген арнаулы курс бойынша дәріс береді.
Ұлы жазушының 90 жылдық мерей тойында «Мұхтар Әуезов туралы сөз» деген баяндама жасаған ақын, ғалым, қайраткер Олжас Сүлейменов («Жұлдыз» журналы.1-қаңтар.1987 ж) Мұхтардың жансебілдігін, жанкешті еңбегін, оның жемісін көре алмаған кейбір көрсоқыр жандардың сорақылықтарын айта келіп: «…54-жылы, опера театрындағы Қазақстан Жазушылар одағының съезінде сөйлеген сөзінде, Қазақстан компартиясы ОК бірінші секретары Пантелеймон Кондратьевич Пономаренко, өзіне тән турашылдықпен, ғылым мен баспасөздің бұрынғы басшыларына қарата: «Социализм таланттарға аса зәру, сіздер талантты адамдарды іздеп тауып, оларды қолдауға міндетті едіңіздер, оларды кеңес өкіметіне қызмет етуге баулуларыңыз керек еді. Ал, сіздер болсаңыздар, алақандарыңыздағы аз таланттың өзін көрге тоғытып, масқаралап шығардыңыздар, оларға жұдырық сілтеу арқылы, сіздер халықтың болашағын, социализмді соққыға жықтыңыздар»,-деген еді
Сонда, тау қозғалса да қозғалмайтын Сәтбаев, залдың ішінде отырып, өзін – өзі ұстай алмай, алақанымен бетін басты»,- дейді (7 бет). Өзге ұлт өкілінен осындай ұлттың бетіне таңба боларлық сөз естірткен «ел ағаларының» жантүршігерлік масқаралығы бүгінгі ұрпақ алдында айтып ақтала алмайтын ақиқаттығы қаншалықты өкінішті десеңізші. Шынында да алақандағы аз академиктер – Сәтбаев пен Әуезовті сол кезеңде тұтқындауға ордер де дайындалып қойған еді. Екеуі де өз елінен жасырын Мәскеуге қашып кетпегенде бүгінгі қазақ ғылымы мен көркем сөзі қай қырда қалатыны белгілі еді. Тіпті осы баяндамадағы тағы бір ұлтымыздың ұнжырғасын түсіретін оқиға туралы айтқанда опасыздықтың неше түрі болатынына таңғалмасқа шараң қалмайды: «1987 жылы Қазақстан Жазушылар Одағынан «Дружба народов» журналы жеке басқа табыну тұсында жапа шеккен жазушылардың тізімін сұратып отыр. Солардың ішіндегі ең ұзақ тізімді біздің жазушылар мекемесі беретіндігіне ешқандай күмән келтіруге болмайды». Бұл факті де біздің ұлттың жылқы мінездес, яғни алыс жүрсе кісінесіп, жақын жүрсе тістесетін, Абай айтқан «қазақтың жауы қазақ» болып шығатынын тағы бір дәлелдегендей.
М.Әуезовке жасалған қуғындау қазақ әдебиетіне де жасалған қиянат еді. Соның салдарынан суреткер шығармашылық жоспарларын уақытша тоқтатуға, аяқталуға тиіс роман-эпопеясын сыдыртып қоя тұруына тура келді.Тек 1954 жылы Алматыға қайтып оралып, ақпан айының ортасында ғана жанкешті еңбектің арқасында «Абай жолы» роман-эпопеясын түпкілікті аяқтайды. 1955 жылдан бастап қана Әуезов өмірінің ең шуақты кезеңін басынан кешіре бастайды. Ал, оның себебін жазушының осы кезеңдегі бақытты шағының тірі куәгері болған стенаграфистикасы Данагүл Байқадамованың («Мен білетін Әуезов».-А: «Өлке», 2006.-192 бет ) бір үзік сыры ашып береді:
«…Ертеңгі сағат алтыдан, март айының 22-23 күндері звандап:
– Келіп кетіңізші, түнімен ұйықтағам жоқ…-дегенде «не боп қалды» деп жүгіріп жеттім. Есікті ашқан Мұхаң құшақтай алғанда, жүрегі дүк-дүк ұрғанынан «бір қуаныш бар ма» деп қалдым.
-Тісіңізден шығармаңыз!..Түнде телефон соқты Москвадан, комиссия қарап, менің романыма лауреаттық беретін болыпты… Әлі әйгіленбеген, тек қаралған. Шын достар қуантып, хабарлап жатыр. Партияның менің еңбегіме берген бағасы өзінен басқа, лауреат деген атақ «саған ешкімнің қолы батпайды» деген гарантиясы. Түрменің темір қақпасы мәңгі жабылды деген осы!-деп көзіне қуаныш жасын алып, – ақымақтар менің еңбегіме – үкімші, мен – ақталушы болып өліп едім. Партия, партия ғой, ғаділ бағасын берді ғой,-деп телефонның құлағына мінді…» /114 б/. Шын мәніндегі «ақ түйенің қарны ақтарылған» деген осы шығар?. Ұлт алдындағы ұлы мұраттарды орындау жолында неге болса да ұстамдылық көрсетіп келген ұлы адамның жас балаша аспанға секіріп қуанған сәтіне куә болған ол осыншама ауыр жүкті қалай көтеріп келгеніне қайран қалады. Шығармашылық тұлға үшін ой бостандығы мен рух тәуелсіздігіне жетер не бар екен?
Ұлт, қоғам, ұрпақтың тағдыры мен келешегіне енжар қарай алмайтын, оның жолында қандай қиындыққа да шыдас беретін шынайы талант иелері ғана өз жұртына жүрек жарды сөзін айтып, таза сезімімен елдің, оқырманының ойына қозғау салып отырады. М.Әуезов тап осындай ұлтжанды шын мәніндегі дарынды дара тұлға-тын.
«Қазіргі роман және оның геройы» деген мақаласында: «… Аяулы Абайыммен қош айтысқаныма міне екі жыл; содан бері бүгінгі шындықтан шығарма жазсам деген ойдан бір күн ажырап көрген емеспін…»,-деп өзінің ішкі құпия сырларын ақтарыла айтуы да соның айқын дәлелі.
М.Әуезов «Өскен өркенге » өзек болар өмір шындығы мен жаңа кейіпкер тағдырын іздеп Оңтүстік өңіріне 1959-1961 жылдары бірнеше рет, ал 1960 жылдың мамырында, соңғы рет 1961 жылдың сәуірінде сапар шегіп, 4 очерк, 2 әңгіме жазады. Келешектегі күрделі көркем шығармасына барлау жасалған бұл дүниелерде де қаламгер іздеген жаңа қаһарман бейнесі сомдалған. «Өскен өркен» романының мазмұн күрделілігі, мағынасының көпқабаттылығы ондағы баяндау жоспарына да тығыз байланыстылығы осынау ойлы очерктердегі эскизі жасалып, олардың астары ашылмай жатқан сезімдік-экспрессивтік қызметтерінде көрініс табады. Алайда, олардың бәрі автор жоспарлағандай инттеллектуалдық деңгейде, шынайы көркем сөз шеберлігінде, биік көркемдік әлемде ашылмай қалғаны аян.
Осы орайда сапарлас, пікірлес болған Жұмабай Еділбайдың «Ұмытылмас сәттер» атты естелігіндегі мына сөздер біздің ойымызды толықтырып, нақты деректермен дәйектей түседі: «…1961 жылы апрель айында жолыққанда оңтүстікке жол жүргелі отырғанын айтып: «…Замандастар жайлы жазатын жаңа кітабым ертелі-кеш тыным бермейді» (198 б). Суреткердің соңғы он жыл бойы жазылған ғылыми зерттеулерінде де, мақалаларында да осы ойлар үнемі айтылып, жазылып жатады. Бұл жазушының ойында ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде жүргізілген ізденісті, тақырып төңірегіндегі тынымсыз толғанысты, үзілмеген шығармашылық үдерісті көрсетеді.
Міне, осынау шығармашылық мазасыздық «Өскен өркен» романының тез жазылуына, айтпағын асығыс жеткізуіне себеп болды. Әсіресе, елдің үлкен өркениетке қадам басқанын көрсететін ірі өндіріс орындары бар қалалардың бой түзеп, оларда мәдениет мекемелерінің, өнер ордаларының орын алуына шын ниетпен қуанып, әдемі әсерлерін «Өскен өркенде» кеңінен жазылды да. Сөз арасында қаланың жақсы тәртіппен салынып жатқанын, жалпы келешегін ойлаған халық мәдениеттің, ғылымның, өндірістің ірі рухани орталығы болатын қалалардың құрылысын бей-берекет салынуына жол берілмеуі керектігін қала басшыларына құлаққағыс ете отырып, кейін романда да оны мемлекеттік деңгейдегі мәселе деңгейіне көтереді. Сонымен бірге барлық салада ұлттық кадрлар даярлау, жас мамандардың тұрақтауы, малшылардың тұрмыс жағдайын жақсарту секілді күрделі мәселелерді де жазушы әрбір сөйлеген сөздерінде ойға салып отырды : «…менің геройларым мал да бағады, мақта да өсіреді, әйтеуір шаруашылық пен мәдениет құрылыстарының бәріне араласады», «…олар балалар бағын да, облыстың жетіжылдықтағы социалистік міндеттемесін де орындайды. Бұл адамдар-заводтардың, аудандық партия комитеттерінің, обкомдардың, халық шаруашылығы советтерінің қызметкерлері, тың көтерушілер», «.. көбі саяси һәм қоғам қайраткерлері. Оқиға-қаракет барысында олар жиналыстарда, конференцияларда сөз сөйлейді, шаруашылық, саяси мәселелерді шешеді» («Қазіргі роман және оның геройы»).
Бұл пікір жазушы көздеген мақсатының кейіпкерлер тағдыры арқылы романда көркем мәтінге айналғандығын анықтайды. Осы романның жазылу тарихына, кейіпкерлер тағдырына қатысты жазушының өз жолжазбалары, сапарнамалары, хаттары, қойын дәптерлері, романның алғашқы нұсқалары және онымен серіктес, сапарлас болған замандастарының, әріптестерінің, кейіпкер прототиптерінің естеліктерінде осы мазмұндас қаншама мәтіндер, тарихи құжаттар, әдеби деректер, ғылыми мәліметтер баршылық.
Өз заманының ұраны болып күн тәртібінен түспеген жетіжылдықтың жемістері жайлы 4 кітаптан тұратын кітабына кең эпикалық ауқымды қамтитын кеңестік дәуір тарихын жазуды жоспарлаған жазушы сандық көрсеткіштерді желбіреткен жеңіл жолмен емес тек өзіне тән биік көркемдік-эстетикалық талғам, биік интеллектуалдық деңгеймен кейіпкерлерінің ішкі жан дүниелеріндегі жаңа психологиялық құбылыстарды, советтік идеологиямен тәрбиеленген адами қасиеттерін, тәрбие, мінез-болмысындағы ерекшеліктерді зерттеуге зейін қояды. Қоғаммен бірге өзгерген адамның санасындағы өзгерістерге мән береді. Жаңа заманның саяси және қоғам қайраткерлерінің , зиялы қауым өкілдерінің бейнесін сомдайды.
Жалғандыққа жаны қас жазушыны Қазақстан қалалары мен ірі өндіріс орындарының қарыштап дамуы дарынына дем беріп, қаламгерлік қуатына қарқын қосады. Қаламгердің қазақ халқының осынау қарыштап дамығанын өз көзімен көріп, жүрегімен сезінуі үшін де бәлкім, таза жергілікті ұлт өкілдерінен тұратын Оңтүстік облысты таңдауы да тегін емес-ау деген ой келеді, кейде.
Л.Н.Толстойдың «О литературе» (статьи, письма, дневники. Госиздхудлитр. Москва,1955.760 стр) деген көлемді еңбегінің «Литературно-эстетические взгляды Л.Н.Толстого» деген кіріспесінде ұлы жазушының 1909 жылы күнделігіне жазған мынадай сөзі келтіріледі: «Произведение искусства только тогда настоящее, когда воспринимающий не может себе представить ничего иного, как именно то самое, что он видит, или слышит, или понимает. Когда воспринимающий испытывает чувство, подобное воспоминанию,- что это, мол, уже было, и много раз, что он знал это давно, только не умел сказать, а вот ему и высказали его самого». Л.Толстойдың адамның рухани қызметінің ерекше түрі болып танылатын әдеби шығармашылықтың оқырманға әсері туралы бұл сөзі М.Әуезовтің өз заманының шындығын шын пейілмен қабылдап, жазуы арқылы «Өскен өркендегі» көркемдік шешім де шынайылығымен оқырман ойынан шыққандығын дәлелдеп, ұғындырады . Көркем әдебиетте қоғамдық сананың айрықша көрінісі екендігі, сөз өнерінің әсіресе кеңестік кезеңде идеологияның басты қаруы болғаны белгілі. Ал М.Әуезовтей суреткерлік шеберлігі сирек таланттардың қай тақырыптағы туындылары да талай әлеуметтік талғам сүзгісі мен тарих сынағынан өзінің инттеллектуалдық өресімен өте алатынын уақыт төреші айқындап келеді.
Суреткер осы сапарында бір тұтас ұлы «кеңес» денесінде күре тамыр болып бүкіл жұрттың біркісідей қимылдап, еңбек етіп жатқанын, сол ерен еңбектің арқасында өздері де қоғам үшін күресе білетін сауатты, күрескер елге айналғанын көріп, жүрегі толқиды. Жазушы өзі мен өз замандастарының осы ұлт тағдыры, оның бақытты келешегі жолындағы күрескерлік еңбегінің , қуғын-сүргінде көрген небір азаптарының бүгін бір жемісі мен жеңісін көргендей ерекше бір желпіністе, шабыттың шарықтау шегінде болуы табиғи заңдылық та .Оның: «Шымкенттен шығып, облыс аудандарын аралауға беттегенде, біздің сапарымыздың өзі де барған сайын қызуы, қызығы үдей, дами түскен кейбір оқиғалы шығарманың бітім-болмысы тәрізденді»,- деуі де бекер емес (119 б, «Оңтүстік сапарында»).
Әсіресе, Әуезовті ерекше әсерге бөлеген жәйт -10 жыл ішінде көңіл мен көзді қызықтыра қуантқандай болып туған тамаша қала Кентаудың әсем көркі мен архитектуралық әсем стильмен салынған айшығы. Алматы турасындағы бірнеше мақалаларында сынға ұшыраған қаланың жүйелі жоспармен салыну мәселесі мұнда оң шешім тауып, кәсіби білгірлікпен, көркем- эстетикалық талғаммен орындалған сыңайлы. Бір түзу көше бойында көз сүйсінерліктей архитектуралық ерекше ансамбль айшықтарымен айрықша көзге түсетін жаңа әрі жас қаланың мәдени болмысы қаламгерді қатты толқытады. Сондықтан да суреткер «Оңтүстік сапарының» «ІІІ.Қаратау тәжі-Кентау» деген тарауында ертегідей екпіндеп өскен қаланы: «Жас қала болса да, балғын, жақсы көрікпен жайғасқан жұрттың қадірлі, мол мекенін айқын танытады.: Сонда арғы-бергі замандарда болып өтті деген Саудакент, Құмкент,тағы әлденеше «кенттердің» бәрінің дәуірін өткен-кеткен аңызға айналдырған қиялдың біздің социалистік алтын дәуірімізде ақталған арманы-осы өскелең қаланың өзіндей»,- деп толғануы да нанымды (138). Және қала құрылысына қатысты ойын бөліскенде ел басшыларына ескертіп: «Облыс орталығы Шымкент қана емес, Қазақстанның өнерлі үлкен астанасы Алматының өзінде де дәл осындай, Алтынсарин атындағы мектептей қазақ мектебін көрген емеспіз» деп жоғары баға беруі жазушының жүрек түкпіріндегі қалалы жерлерде қазақ мектептерінің тапшылығы турасындағы қасіретінен хабар бергендей (140). Елі мен жеріне қатысты қай мәселеге елгезектік танытатын тұлға еңбек адамдарының тағдырына да енжар қарамайды. Очерктің «ІҮ.Баға жетпес қасиеттер жайында» деген тарауында: «Басқа көп еңбек майдандарындай, мал айналасындағы еңбектің де анық үлкен геройлықты, қажымас қажыр қайратты , қала берсе, отаншыл зор азаматтық сананы талап ететін талай қысталаң қиын шақтары болады. Осындай ойдың өте айқын бір мысалдарын біз Шәуілдір ауданында еске көбірек алдық»,-дейді /143 /.
Шәуілдір өлкесінің өн бойында үздіксіз соғып тұратын қара дауыл, қайсар жел болатынын, оның кейде апталар бойы азынап соғып, адам мен мал жайын біраз қиындыққа ұшыратынын жазушы осы өлкенің бір ерекшелігі ретінде атайды. Мал шаруашылығымен, әсіресе күтімі күрделі қаракөл малын өсіретін Шәуілдірде шаруа жасау түгілі тұрудың өзі ерлік екендігін ескерсек, жазушы естіген, кейін «Өскен өркен» романының оқиғасы мен кейіпкерлер тағдырына айналған -шопандардың ерлігі біле білген кісіге Э.Хемингуэйдің Сантьяго атты балықшы шалының ерлігінің қасында нағыз қаһармандық дерсіз. Сантьяго бас амандығы үшін алып балықтармен алысса, М.Әуезовтің Шәуілдірдің жап-жас шопаны Төлеген Бойтанов совхоздың 100 қойын қақаған қыста, құтырған дауылда 18 күн мен түн бойы жалғыз өзі шығын шығармай аман алып қалуын қандай ерлікке баласақ та ерсі емес. Жапан түзде жалғыз болса да сенім мен үміттен арылмаған асқақ рухты азаматтың ерлігі жайлы ұлы суреткер керемет көркем шығарма жазуды жоспарлағаны да байқалады.
100 қойымен 18 күн қыстың көзі қырауда жалғыз қалған Бойтанов Төлегеннің Социалистік Еңбек Ері деген Отанымыздың жоғары атағын алуы сөз жоқ суреткерді мақтаныш сезіміне бөлейді. Жазушы тап осындай оқиғалы тағдырды малы көп облыстың бірі Гурьев облысында қысқы боранда аяғы ауыр шопан әйелдің 6 күн,6 түн бойында қоймен бірге ығып, ақыры күн ашылғанда малын аман алып қайтуын естігенде бейбіт ерліктің иелері туралы жазуды борышы санайды. Ерлікті тек қан майданнан емес, иегінің астынан, яғни ел ішінен іздеу керектігін еске салады, бұл оқиғалар. Дүниедегі ең ірі ерлік өзіңді-өзің жеңу болса бұл екі кейіпкер де өздерінің ішкі үрейлерін жеңудің арқасында ғажайып ерлікке жетіп отыр емес пе?
Ол жөнінде жазушының өзі де былай толғанады: «Шәуілдірдің шопан ері Төлегендер жайлы қандай қалың, оқиғалы, қызық тартысты романдар болса да, олардың талай беттерінде оқушыны толқыта толтырар мәні-нәрі бар дерсің! Кейде тіпті Хемингуэйдің бүгінгі бар әлем оқушысы таңырқай даңқтандырып жүрген «Шал мен теңіз» романына барабар тартыс жаңағы аталған адамдар жайынан да танылып тұрған жоқ па!»,-дейді /145/. Олай болса, қазақтың сөз өнерінің құнарлы топырағында өсіп, оны қайта түлетудің таңғажайып үлгісін «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы әлемге танытқан М.Әуезовтің «Өскен өркен» романы – кеңестік дәуірдің жасампаз жаңа қаһармандарының бейбіт еңбек ерліктерінің көркем шежіресі екендігі сөзсіз. Әр шығарма жазушының ұзақ жылғы ізденістері мен толғаныстарының туындысы. Сөз өнерінің құдіретін білетін кемеңгер суреткер өзінің әрбір көркем туындысы арқылы қоғамдық ойға қозғау салып, ұлты мен ұрпағына ненің жақсы, ненің жаман екендігін ұқтыра алса одан өткен қандай бақ болуы мүмкін? М.Әуезов, міне осындай ұлылыққа ие әлемдік дара тұлға.
Әуезов шығармаларының жазылу себептері мен тарихын зерттеу әрқашан ізденушісін жаңа да тың ойларға жетелеп, қызғылықты жәйттерге кезіктірері хақ. Жазушы мұрағаттарындағы құнды құжаттар, небір құпия сырларға толы қойын дәптерлер сыры, жолжазбалардағы жасырын ойлар, сапарнамалардағы сыр бүккен бүктеме ойлар, әр оқылған кітаптар мен қолжазбалардың бір шетіне қонжиып қонған «керек», «кейін қараймындардың» қатпарындағы тереңге тартқан ойлар, араб, орыс, қазақ жазуларындағы ой түрткілер, бәрі де бүгінгі оқырман үшін қызық әрі тағлымды. Мұнда ашылмай жатқан аралдар, ақтарылмай жатқан қаншама сырлар бар.
Бұлардың бәрі Л.Н.Толстойдың: «Как ни странно это сказать, а художество требует еще гораздо большей точности, чем науки»,-дегеніндей, бір ғана «Өскен өркенді» жазу барысындағы нағыз жанкешті шығармашылық ерлікті, тынымсыз ізденісті танытады емес пе? (М.Альтманның «Читая Толстого»,Тула-1966.167-с, 120-стр.). Ал, «Абай жолы» роман-эпопеясын жазудағы 20 жылға жуық табанды еңбегінің тағлымды тәжірибесі ше?
Ұлтжандылық қасиеттен туатын осынау суреткерлік қырағылық, ел үшін атқарылып жатқан істердің ешқайсысын елеусіз қалдырмай ел ағасы ретінде пікір білдіріп отыру үшін де өре, өз елі мен ұлтын өліп-өшіп сүйе алатын патриоттық сезім керек. Ұлттық мүдде тақырыбына белсенді қалам тартқан қаламгердің күнделікті ағымдағы құбылыстарға да тез үн қату, пікір айтуды парызы санаған.
Шілтерханов Әдірамның (Шығармаларының екі томдық жинағы.-1 том) хикаяттар мен этнографиялық әңгімелеріндегі қызғылықты деректің бірі (Ол сапардағы жолсеріктері-Шымкент облыстық партия комитетінің хатшысы-Қаржау Жарқынбеков, Шаян аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы-Мұхлиса Шакирова, аудандық Совет атқару комитетінің төрағасы-Қалыбек Манасов, журналист Алтынбек Жолдасбеков 234 б) – малдың қоңдылығына қызыққан қаламгерге Дөңбай шопанның мойнына қоңырау ілген серке қойдың сырын көне замандағы Әбу Ибн Синаның түрлі әуен шығаратын жез қоңырауларды әр түйеге тақтырып жел мен ойсылқараның маң-маң басқан ырғағымен даланы күйге бөлейтін аңызбен байланыстыра баяндауы. Және бұл тәсілдің малды шашыратпай жинақы ұстауда әрі ұры-қарыдан қорғап, ұзаққа кетпейтінін , олардың жергілікті жердегі қандай шөптерді сүйсініп жейтіндерін , табиғаттың төрт мезгіліндегі қиындықтарға да төтеп беретін төл бағудың қыр-сырын ашқан бай тәжірибесі суреткерді ерекше сүйсінтеді. Шопанның үйін көріп, тұрмысымен танысу жоспарында болған жазушы жер, су, мал, шаруа адамның жағдайын терең біліп, табиғаттың тілін жақсы түсінетін даланың данагөй қарты Дөңбайдың тартымды әңгімесінен көп тағлым алған жазушы «Өскен өркен» романында «Ноян ауданының үлкен абырой алып жүрген шопаны» деп дәріптеп жазады. Шынында да кейін Дөңбай шопанның еліміздің ең жоғары наградасын иеленіп, Қазақ КСР Жоғарғы Советіне депутат болып сайланады. Бұл жөніндегі оқиға осы кітапта жан-жақты баяндалған /238 б/. Қарт шопанның аузынан малдың қай шөпті қай мезгілде сүйсіне жейтінін, олардың қоңды болуының құпиясы неде екенін, табиғаттың қандай құбылыстарынан қалай қорғанудың жолдары бар екен деген мәліметтерге де әбден қанық болады. Оңтүстік өңіріне тән түрлі шөптердің аттарын тізіп, табиғатын таниды. Солардың бәрі кейін көркем шығарманың көркін ендіріп, оқушысын ойға қалдырды. М.Әуезовті елді мекендердегі мал шаруашылығының жай-күйі, ондағы шаруа адамдардың тағдыры, оларға жасалып отырған қамқорлықтың баяндылығы қызықтырды. Сондықтан барған жерінде шопан балаларының жататын , жуынатын, демалатын, ас ішетін бөлмелерінің барлығы, мектеп-интернаттағы оларға жасалып отырған қамқорлықтың деңгейі секілді өзгеге ұсақ болғанмен өз ұрпағы үшін өзекті деген мәселелер төңірегінде аудан, облыс басшыларына орынды сауалдар тастап, олардан нәтиже шығаруды талап етіп отырды. Кейін бұлардың бәрі «Өскен өркеннің» көркемдік әдемінде бүкіл қазақ ауылының ауыр тағдыры, әлеуметтік тұрмыстық жағдайы, оларға жасалып отырған партиялық қамқорлықтың жетістігі мен жетімсіздігі ретінде күрделі мәселеге айналғаны ақиқат.
Өз заманының нағыз шындығын дәл тауып, тану үшін әрбір детальға, дерек көздеріне, өмірлік фактілерге өмір беру керектігін тереңнен сезінген суреткер М.Әуезов өз туындыларында оларды тізбелеп, тірілтуді емес, күрделі сезім қайшылықтарынан тұратын ұлы тартысты талап еткен.
Жазушының «Өскен өркен» романына жинаған материалдар мен дерек көздеріне бір сәт көңіл бөліңіз сандық көрсеткіштерден көзіңіз сүрінеді. Суреткерлік сүзгісінен соң сұрыпталып қалғаны да қаншама? Астың дәмін кіргізетін тұз секілді өнер туындысының өзегі де – тарихи дерек, өмірлік факт екендігін жақсы білетін М.Әуезов «Өскен өркен» романын жазу барысында жинаған мәліметтері әрине мол. Кейіпкерлерінің тағдырын, өмірін, күресін, өскен ортасын, кешкен тіршілігін нақты деректер арқылы тарихи жағынан дәл және нанымды етіп суреттеу суреткер үшін үлкен жауапкершілік .
«Өскен өркен» романы мен «Оңтүстік сапары» атты очеркіндегі ұлттық мүдде мәселелері » деген тарауда ұлы суреткердің осы романды жазудағы жоспары, мақсаты, шығармашылық психологиясы мен жазылу тарихы, осы реттегі ізденістері жөніндегі мәселелерге тоқтала келіп, енді осы шығарма өзегіне айналған ,бірақ бұрындары арнайы қарастырылмаған ұлттық мүдде, ұлттық кадр, ұлт пен ұрпақ тағдырына жауапты әйел-ана тағдыры, қазақ тілі сынды ұлттық құндылықтарымызға тікелей қатысты жазушының құнды ой-пікірлеріне тоқталмақпыз.
«Ұлы адамдар өз ескерткішінің тұғырын өзі орнатады, ал мүсінін болашақ соғады» деген В.Гюгоның сөзін еске алсақ, М.Әуезов өзінің тарихтағы ескерткішін ел қамы, ұлт мүддесі, қазақ тілі мен қазақ мамандары мен қазақ әйелдерінің тағдыры, жалпы ұлттық руханият саласындағы салиқалы ойларымен салып кеткен суреткер.
Ұлт барда ұлттық мүдде, ұлттық руханият, ұлттық құндылықтар деген түсініктер қатар жүреді. Ал, М.Әуезовтің зерттеулері мен көркем шығармаларындағы басты мұрат та –осы ел егемендігі мен ұлт тәуелсіздігін құрайтын ұлттық құндылықтар. Оны бүгінгі күн тұрғысынан тану үшін «Оңтүстік күнделігіндегі» (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 40-т.-Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2009.-280 бет) (137-239 беттер) жазушы ойларына қайта бір ой жіберу қажет-ақ. Мұндағы мақсат-жазушының негізгі ұстанымы мен көркем шығармаларында көкселген ұлттық құндылықтардың «Өскен өркен» романында қалай жалғасын тауып, өміршеңдігін танытуын өз тарапымыздан талдауға талпыныс .
Ұлы тұлғаның ұлт тағдырын құрайтын кадр даярлау, қазақ өмірі мен тұрмысындағы кез-келген кәсіпте жергілікті халық өкілдерінің басым болуы және олардың жәй қарапайым жұмысшы емес, білікті де білгір басшылық қызметтерге тартылуы керектігі секілді мәселелерді жолжазбаларында ашық жазғанын аңғаруға болады. Мәселен, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ұлы Абай дәуірі туралы жинаған тарихи деректерінің өзінде де ұлт мәселелеріне, ондағы ұлт саны мен оның тізгінін ұстар кадрлар жайына аса мән бергенін байқаймыз. «Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904)» деген монографиялық зерттеуінде М.Әуезов Абайды тудырған дәуірі, тарихи ортасы, сол кезеңдегі қоғамдық қарым-қатынас, ондағы отарлау саясатын ойдағыдай жүргізу үшін патша өкіметі қазақ жайлаған өлкелерге мемлекет аппаратын құрып, ХІХ ғасырдың орта кезіне дейінгі жүргізіліп келген округтерге бөлінуі шегеріліп,1868 жылғы жаңа тәртіп бойынша, қазақ даласындағы патшалықтың әкімшілік аппаратының басқа түрлі болғандығын тілге тиек ете отырып, 1870-1880 жылдары қазақ қалаларында (Орынбор, Омск т.б) орысша оқытатын училище, түрлі деңгейдегі мектептердің көптеп салыну себептерін ашып, былай түсіндіреді: «..Бірақ, патшалық өкіметтің бұл школдарында қазақ баласын оқытудағы ниеті қараңғы елді ағарту емес, өзінің ояздық, облыстық, чиновниктік кеңселеріне жергілікті халықтан көмекші боларлық тілмәштар, ұсақ чиновниктер әзірлеп алу мақсаты ғана болатын» /22 б/. Сөйтіп, патшалық отарлау саясаты қазақ халқының ең шұрайлы жерін ғана емес, санасын да отарлап, тілмәштықтан арыға жібермей рухани құлдықта ұстауды мұрат тұтқанын ұғындырады .
Осындайда ойыңа Анахарсистің: « …Митилен жұрты өздерінен сырттай бастаған одақтастарын бағындырып алған соң, олардың балаларын оқытпауды, ештеңеге үйретпеуді үкім еткен. Оларды (жауларын) надандықта қалдырудан асқан құлдықта ұстаудың ұтымды жолын таппаған», «Надандық-құлдық.Ұлттың санасыздығы-ұлттың құлдығы»,- деген сөзі оралады . Абайдың « хакім дегендер әрбір істің себебін іздеушілер» , (Абай 38 сөз) деген даналығынан дәріс алған Мұхтар Әуезов те өз ұлтының ойшыл-хакімі ретінде қазақты қараңғылықта ұстап келген, оқығандарын басшы іске араластырмай, ойы озығын, бас көтерер рухани көсемдерін толқын-толқынымен саяси қуғын-сүргінге ұрындырып, жан түршігерлік үрейде ұстаған отаршылдықтың саяси әрекеттерін әшкерелеп, елінің санасын оятуды парыз санаған. Халықты ұлт деңгейіне көтеруді көксеп, ой мен сана мәдениетіне үлес қосты. Көркем шығармалары мен әдеби зерттеулерінде Алаштық рухтан арылмаған Мұхтар Әуезовтің ұлттық мүддені басты назарда ұстап отырғанын осы «Оңтүстік күнделіктері» («Өскен өркен» романының деректері) » деген жолжазбасы тағы бір дәлелдеді. Оған көз жеткізу үшін жолжазбадағы 139 беттегі сандар сырына үңілейік:
«…Цех бастығы жалғыз-ақ қазақ. Қобдабергенов. Сауық, кружок, қазақтан мүлде жоқ. Оларды ешкім тыңдамайды дейді…Киоскаларда «Қазақ әдебиеті» жоқ. Сейфуллин кітабын қырғын очердпен алдық. Қазақ тілінде ешкім сөйлемейді… сөйлесе аудару жоқ. Жас кадрды тәрбиелеу, өсіру жоқ ….» ,-деген үзік-үзік ойлар кім-кімді де ойландырары хақ (148 б) .
Жазушыны толғандырып отырған ұлттық кадрлар тағдыры және ол олқылықтардың бәрі жұмысшылар тарапынан айтылған. Жазылу стиліне қарағанда елден естіген сөздер, «..қырғын очердпен алдық» деген сыңайлы ауыз екі сөйлеу тілінен байқалады. Өз елінде отырып өзге ұлт өкілдерінен көрген өктемдік, барлық жеңілдіктерден қағу, басшы қызметке тартпау, билік бермеу, орыс тілін білмейсің деп кемсіту, олардың кәсіби деңгейінің өсуіне жанашырлық танытпау секілді толып жатқан тарихи фактілер жолжазбада жетерлік.
Асығыс түскен тіркестердің өзі кеңестік кезеңдегі отаршыл саясаттың салқынын, жергілікті жұрт пен жазушы жүрегіне түскен салмақтың қаншалықты ауырлығын сездіртеді. Оңтүстік сапарында көзімен көріп, көңілімен куә болған кемшіліктердің келешектегі көркем шығармасына енбесін сезсе де ұлт тағдырына қатысты құнды ой қозғауға тамызық болар тарихи деректер ретінде тізіп отырғаны анық. Үнемі бақылауда отырған жазушының бұл деректерді жинауының өзі ерлік еді, ол кезде. «Оңтүстік күнделігіндегі» сырын бүккен цифрлар тек бүгінгі тіліміздің тұсауы кесіліп, рухани еркіндікке ие болған тәуелсіздік тұсында ғана ол шындықтың ақиқаты айтылып, жабық тақырыптар жарияланып жатыр емес пе?.Қарапайым жұмысшылар емес, елдің ар-ұятына айналған атақты жазушы, сол кезеңдегі ең ірі мемлекеттік наградалар Лениндік және Сталиндік сыйлықтардың лауреаты Мұхтар Әуезовтің өзі жазып алғанымен жариялауға жүрегі дауаламай, жинаған деректерде жабық күйінде қалған көлеңкелі жәйттердің басына бүгін күн түспегенде қашан түсуі тиіс?. Кемеңгердің көңілін күпті етіп, еңсесін езген ел мүддесі, ұлт тағдыры, ұрпақ келешегі, кадр мәселесі төмендегідей түйіндерде тізбектеліп, оқырманын еріксіз ойға тірейді:
«Байділдаев Орынбек 12 жылдан бері смена мастері, өзгермейді. Неге оқытпайды, өсірмейді. 1935 жылдан істеп келеді. Кешкі техникумда оқиды. Без отрыва, веч. Политехникум, тоғыз жыл оқыды, бітіртпейді. Оқуға барарында орнында істейтін адам болмай қалады. Кадр, директор, начцехтар жауапты» (148 б). Жазушы өз тарапынан кеңінен толғайтын түсінік (комментарий) бермесе де әрбір сөз-демінен, ондағы дауыс, дыбыс ырғағынан, сырын ішке бүккен әрбір үтір, деректік деталь, нық қойылған нүктенің өзінен өзегін өртеген өкініш пен ыза ызғары сезіледі емес пе? Байділдаевтың 12 жылдан бері қызметінің өспеуі – жол кесудің, өсірмеудің амалы. Байділдаевтың тағдыры – қазақтың тағдыры, ұлт кадрының тағдыры. Сегіз сөйлемге коммунизмге, интернационализмге, теңдікке, жарқын болашаққа үкілі үмітін артқан бүкіл қазақтың тағдыры сыйған.
«Өскен өркен» романының жазылу барысы жөніндегі ғылыми түсінігінде Т.Әкімов те жазушының ұлт кадры мәселесіне ерекше көңіл бөлгендігі, алайда шығарманың жазылу барысында өзі көріп куә болған мәселелердің көбі алынып тасталғанын мұрағаттағы құжаттар негізінде мәлімдейді: «…Осындай шындықтарды ақтара ашып суреттеген тұстары роман жеке кітап болып басылғанда да, одан кейінгі жинақтарда да қамтылмай, қысқарып қалды. Оған кітапты дайындаушылардың мұндай жайттар өз уақытының талап-тілегіне қайшы келеді деген көзқарасы себеп болған. Сонда: «Бұл жайдан басқа да Карпов танысып келе жатқан деректерде тағы бір ұдайы көрініп отыратын бір жағдай бар» деген жолдардан бастап, «…Осы күнде бірнеше жас инженерлер қазырдың өзінде кей цехтарда қара жұмысшыға жақын қызметте көптеп ұсталып келеді» («Жазушы».1980.7-т.174 –б) дегенге дейінгі аралықтағы мәтіндер жіберуге болмайды деп, сызылып тасталған. Одан ары кейбір сөйлемдерге мына төмендегідей өзгерістер енгізілген: «Ал зауыттың тарихын алсақ, алғашқы жылдарында бері де, көп уақыттарға дейін мұнда жергілікті қызметкерлер, жұмысшылар проценті бүгінгіден әлдеқайда артық болған» – «Сондықтан да соңғы бес-алты жыл бойында осы заводта, бір цехта бірде-бір қазақтан шыққан, завод өсірген адам жоқ деген» (174-175-бб); сияқты көптеген өзгерген мәтіндерді (175-176 бб, 176-177 бб,177 б,177-181 бб) мысалға ала отырып, «Бұлар жиырма томдық жинағында қалпына келтірілгенмен, түсініктерінде оның мән-жайы туралы сөз болмады, бұл осылай елеусіз кете берсін дегенді ойлағандықтан туған жайт еді.
Жалпы, шығарманың алдын ала бес тарауға бөлінген жобасындағы көріністер мен роман өзегіне айналып үлгерген желілердің арасында көзге ұрарлықтай айырмашылық байқалмайды, тек көп тұстарының әлі де жазылмағаны, жазылды дегендерінің өзі пысықталып, жетер жеріне жетпегені аңғарылады» (М.Әуезов .Шығармаларының елу томдық толық жинағы.39-т.Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі,2009.-296 бет.289 б). Зерттеуші Т.Әкімов суреткердің күнделіктері мен жолжазбаларындағы деректер мен олардың шығармадағы бой көрсетулерінің арасындағы айырмашылықтардың барлығын анықтай отырып, бүктеуі жазылмаған ойлардың, сыры ашылмаған сандық көрсеткіштердің көптігін мегзейді.
Енді «Оңтүстік күнделіктеріндегі» жазушының жолжазбаларына қайта оралсақ : «3.Аглоцех 33-тен бес смен. 400-ге жуық …..қол күші тегіс қазақ. (Көрдіңіз бе, жазушы көңілін аударған сандар қалай сөйлейді?. Осындағы әрбір цифр, сан көрсеткіштері ұлтжанды тұлғаның жанын жаралап, намысына тиіп отырғанын аңғартпай ма ?) Және осы бетте : «Он жеті партия ұйымы бар, біреуі қазақ емес. Директор, замком. Сухов, отдел кадрде Сивков, парткомда Бондаренко, тегіс бір адам жоқ (осынау толық айтылмай қалған жолдарды толықтырып жіберсек, «тегіс орыстар, бір қазақ жоқ» болып шыға келмей ме? Жазушы жолжазбалары жол жөнекей асығыс жазылған. Қаламгер толық жазуды мақсат етпеген де болуы мүмкін, кейін бүктеулі ойдың бүкпесін жазып алармын деген ой болуы да кәдік. Жалғасын оқып көрелік: «Бас инженер орынбасары – Малкин, Великов – пәтер бөлімі бастығы. Квитко (әйел), отдел труда, Линчевский-еңбек, жалақы, еңбек бақылау, отдел труда и зарплаты…» (147 б).
Көрдіңіз бе, бәрі кімнің билігінде болған?. Жайлы орын, басшылық қызмет, билік те, пәтер де, жалақы да, еңбекті бақылау, бәрі де бөгде жұрттың қолында. Қаламгердің қытығына тиген де осы қиянаттар. Бүкіл қазақтың қасіретін өзінің қасіреті деп ұғатын ұлтжанды перзентті осы цифрлар қатты қапаландырғаны байқалады. Міне осы жайды жазушы романда облыс хатщысы Карпов пен қалалық партия комитетінің секретары Сидеркин арасындағы диалог арқылы әдеби әдіспен әспеттеп, дәмді сөзбен демдеп , дәлелді деректермен береді: «-Заводта қазақ жұмысшысы аз екені рас. Мамандық басшы орындарда және жоқ. Бірақ бұл жайлардың себебі де бар. Рас, соңғысы мен Базарбаевтың айыбы деймін. Сол өндірістің өзінде цехқа дейін көтеріп қоярлық екі-үш кісі бар. Жас инженерлер болса да тәжірибе алып өсіп кетуге болады, – деп, ол әңгімені біраз мамандарды жаңғыртып қою жағына көбірек бұра бастап еді. Карпов онысын тура жауап көрген жоқ» (62). Қаламгер екі өзге елдің өкілі арасындағы өзара пікірлесуді бере отырып, жеке көзқарастан гөрі советтік интернационалистік пиғылды жоғары қоятын шын мәніндегі жаңа совет адамының бейнесін беруге тырысады. Кадр мәселесін биік мемлекеттік мүдде тұрғысынан талдаған Карповтың көкейіндегі ой автордың арманымен астасып жатыр. Сидоркиннің сөз сықпытынан сандық көрсеткішке сүйеніп, нақты жауаптан сытылып кетуді, арғы ойында жергілікті халық өкілін өсірмеуге деген өктемдіктен көрінуін екі басшының сөз бен пікір қақтығыстары арқылы ашады. Ол, біріншіден, сол заман талап етіп отырған халықтар достығын алға тарта отырып, совет адамына тән өз ісіне берілген идеалды, интеллектуалды кейіпкер бейнесін жасауды мақсат тұтқан. Мемлекеттік істің үлкен тізгіні қолына берілген кейіпкер – Карпов шынында да үлкен идеяның, кең ауқымда ойлайтын білімнің иесі. Автор кейіпкерінің: «…ауыл қыстақтағы қазақтың малдан басқа ешбір еңбек түріне үйрене алмай жүрген еркек, әйел жастарынан неге көп адамдарды әр алуан азын-аулық мамандыққа тартып, үйретіп отырмайды» деген ойларын алға тартады (64). Осындай отты ойлар мен ұлт тағдыры туралы толғаныстардың тасасында Карпов кейпіндегі суреткердің өзі тұрғандай әсер береді.
Өзі көріп, куә болған өмірлік материалдардың жүйеленіп, суреткер сүзгісінен өткізіліп, сұрыпталуы – автордың жаңа заман адамын бар болмысымен, табиғи тіршілігімен, іс-әрекеттерінің әр қырымен, қоғаммен бірге өзгерген сана қақтығыстарымен, тартыс қайшылықтарымен бейнелеуге бейімдігін байқатады. Жолжазбада соншалықты мән беріліп, көріне қоймаған облыс хатшысы романда нағыз интеллектуалды, рухани тұлғаның типтік өкілі болып өрнектелген. Оқушыға да оның көркем бейнелік болмысы, үлгі аларлық басшылық іскерлігі, адами қасиеттерімен құнды.Автор бүкіл бір дәуірдің қоғамдық-әлеуметтік, саяси және рухани жауапкершілігін көтере алатын жаңа кейіпкер Карпов арқылы кеңестік өмірдің шындығын, күнгейі мен көлеңкесін реалистік қалыпта жинақтап көрсетеді. Қаламгерді қапалы ойға қалдырған кеңестік кезеңнің кейбір кемшін тұстары көркем мәтінде астарлы түрде түрленіп, типтік характер жасаудағы ізденіс талпыныстарынан танылып отырады.
Біз қарастырып отырған «Оңтүстік күнделіктеріндегі», яғни 100 беттен аса жазылған жолжазбадағы бірде қысқартылып, кейбірін тек түртіп, ойға түйіп алған деректері шынында да үлкен кеңістік пен уақытты талап ететін эпикалық жанрдағы шығармаға жүк боларлық дүниелер екен. М.Әуезовтің 40-ыншы томына енген «Оңтүстік күнделіктері», «Өскен өркен» романының деректері» деген жолжазбасына жазылған Талат Әкімовтің ғылыми түсініктемесінде келтірілген: «Бұл әзірге керек», «кейінгі бөлімге», «Ең соңғы бөлімге керек», «Осының бәрін Карпов біліп көруі керек» деген сияқты жазушы қойған белгілерден бұл жоба-жоспардың ұзаққа жасалғанын ұғамыз. Жолжазбадағы өмір мен өнер ақиқаттары өз замандастарының тағдырына телініп, жаңа қоғамдағы өзгерістер көркемдік құндылыққа ұласқан.
Екі жылға жетер-жетпес уақытты қамтитын Оңтүстік сапарында өзі көріп, куә болған тағдырлар тарихы қаламгер қиялының қазанында қайнап, «Өскен өркенде» өмір шындығынан өнер шындығына өріс алады. Романның көркемдік құндылықтарын құрайтын ұлттық кадр мәселесінің құпия қалтарыстары мен жасырын жәй-жапсарлары жазушы мұрағатындағы 362, 363, 364, 538, 539, 543, 544, 545, 562, 564 – бумаларында түйіліп, тәуелсіздік күні туғанша шаң басып шешілмей жатқаны да шындық.
Ұлт болар мемлекеттің мүддесі мен мәңгілікпен мазмұндас ұлттық мақсатты көздеген кемеңгер суреткердің жүрегін толқытқан құнды ойлар осылай құндақтан құтылып, өз оқырманына жеткен мезгіл де –осы тәуелсіздік кезеңі. Жылдар бойы әдеби, ғылыми, тарихи айналымнан алыстап қалған жолжазбалар М.Әуезов шығармаларының 50 томдық толық шығармалар жинағында алғаш рет толық нұсқада жарық көріп, өз оқырмандарымен қауышты.
Қай кезде де ақылының қуатымен, қаламының қайратымен қоғамның рухани күші, адамзат санасының сәулесі болған Мұхтар Әуезов : « Писатели-огромная сила каждом обществе. Словом своим , книгой они воспитывают в народе благородные или дурные чувства , сеют пшеницы или плевелы, служат добру или злу. Именно поэтому честные писатели не могут молчать в пору, когда речь идет о судьбе народа и народов, о судьбе ценностей, созданных человечеством за века упорного и кропотливого труда…От нас, писателей, зависит многое…» ,- («Мы хотим слышать и ваш голос» ,42 /,- деген болатын. Өз дәуірінің шындығын ұлт тағдыры ,ұрпақ тәрбиесі, ел мүддесі жөніндегі өз сөзін де ол «Өскен өркені» арқылы жеткізді, ұрпағына. Өзінің кісілігі мен кәсіби ісі де оны ұлттық мүдденің мәңгілік мағынасын мансұқтауға міндеттеген-ді.
«Оңтүстік күнделіктеріндегі» өмір деректерінің негізіндегі мақалаларында ұлттық кадр мәселесі айтылғаны, оларға тиісті орындардан шара қолданылғаны , яғни сол кездің өзінде облыстағы өндіріс орындарында ұлттық жұмысшылар құрамының 40 пайызға көтерілуі М.Әуезовтің қаламгерлік және қайраткерлік қызметін абыроймен атқарғанының айғағы емес пе? (39-т. «Өскен өркен» ғылыми түсініктеме.289 б). Міне, бұл деректің өзі «Өскен өркен» романының авторы үшін үлкен жетістік. Және елім деген ер еңбегінің еш кетпегені, ірінің артынан қалған із. Ұлт тағдыры-ұлт кадрларының қолында екендігін ұмытпағанымыз абзал. Жалпы, жолжазба мәтіні қатып қалған дүние емес, жанды көркем жүйеге ұласып, ол автор , оқырман және мәдени контекс арасындағы сұхбатқа ұласары сөзсіз. Мәтінді психологиялық талдау арқылы мәңгілік маңызды құндылыққа айналдыру да автордың, яғни суреткердің кәсіби шеберлігі мен талантының құдіретіне тән көркемдік құбылыс.
Біз М.Әуезовтің бұрындары оқырман қауымға беймәлім болып келген, тек 50 томдық толық шығармалар жинағы жарияланғаннан кейін ғана қолжетімді болған ұлт кадрына қатысты құнды деректерінің әрбір сөйлемнен сыр суыртпақтап, тереңінен ой тартып, оның астарындағы ақиқаттарды ашуға тырыстық.
Бүгінгі жариялылықтың нәтижесінде толық нұсқасында жарияланып, ғылыми айналымға алғаш түсіп отырған бұл жолжазбалардың жұмбақ сырлары әлі де зерттеуді қажет етеді. Жазушы қолжазбалары мен «Оңтүстік күнделіктерінде» күні бүгінге дейін не ғылыми, не әдеби айналымға түспеген тұстары , беймәлім беттері, эпистолярлық мәтіндер мұрасы мол. Мұхтар Әуезовтің 50 томдық толық академиялық шығармалар жинағына енбеген мұражайдағы араб, латын таңбаларымен қағазға түскен көптеген қолжазбалары мен жолжазбаларын да бүгінгі әріпке түсіріп, жүйелеп, жариялау келешектің ісі.
Ендігі тоқталар күрделі мәселенің бірі- М.Әуезовтің үнемі ұлт тағдыры, ұрпақ қамы мәселелерімен үйлестіріп, үзбей назарда ұстап отыратын нәзік тақырыбы- қазақ әйелінің тағдыры.
Тұңғыш рет баспа көрген «Адамзаттың негізі-әйел» атты мақаласында-ақ ұлт пен ұрпақтың мәселесін тұтас алып, өсер ел ең бірінші бесігін, ал ол үшін әйелдің халін түзейтінін төрткүл дүниеге небәрі 23 жасында жар сала жария еткен М.Әуезов публицистикалық, көркем, драмалық мәтіндерінің бәрінде Әйел-Ананы асқақтата марапаттады. Адамзат жаратылғалы бергі әйел адамның отбасынан басталатын бала тәрбиесіндегі рөлін дәріптеді.
Ең бастысы, қай қоғамның да мәдениеті мен рухани өскенін, адамзат атаулының жан мен тән тәуелсіздігін танытатын ер мен әйел затының теңдік мәселесін алғашқылардың бірі болып дәріптеп, далалықтарға даналықтың дәнін себуге тырысты. Бүткіл дүние біткеннің бақыты мен бейбітшілігін бүтіндеуге, ел тұтастығын еншілер тіршілік тұтқасын ұстар әйел-ана қадірін түсініп, оның өз құқығына ие табиғи тұлғасын туған топырағымызда тұңғыш рет тілге тиек етіп, тура сөйлеген де Абай еді. Ұлы Абайдың алып келген жаңалықтарын санамалай келіп, Мұхтар Әуезов өзінің атақты «Абай Құнанбаев творчествосын зерттеудің маңызды мәселелері» деген зерттеуінде зейін қояр зерделі сөздер мен теориялық тұжырымдар жасайды: «…Семьяға, ата-анаға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, әсіресе әйелге жаңа көзқарас қазақ әдебиетінің тарихында тұңғыш рет соншама айқындықпен, соншама моральдық тереңдікпен айтылады.
Шығыс әйелдерінің халық поэмалары мен тұрмыс-салт жырларында суреттелетін қайғылы, бақытсыз халі Абай творчествосында жаңа мағынаға ие болады. Өз поэзиясында Абай әйелдің жан-жүйесін көрсетеді, ал бұл жөнінде бұрынғы поэмалар мен жырларда аз айтатын да, әйелдің қасіретті тағдырының сырт жағына баса көңіл бөлінетін. Абай сүйген адамын өзі қалаған әйелдің махаббаты қаншалықты жан тебірентерлік, кіршіксіз таза, терең болатынын, оның қиыншылықпен қолы жеткен, бақыты үшін күресте қажырлы, берік екенін көрсетеді. Абай қазақ әйелін, ананы семьяның тірегі ретінде жырлайды, оның жанқиярлығын, даналығын, шын көңілмен берілген достыққа беріктігін, оның адал, тамаша жанының тұтастығын мадақтайды. Қалыңмалға, көп қатын алушылыққа, әйелді күңдікте ұстаушылыққа жан-тәнімен қарсы шыға отырып, ақын өлеңдерінде әйелдің қоғамда тең праволы болуы үшін күреседі», – деген сөзінде феодалдық ескілікті ақынның қатты сынға алғанын айта отырып, осыны өзі де жарасымды жалғастырады (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 31- т .2008.-402 б.106 б. ). Өзінің рухани ұстазы әрі өмірлік зерттеу нысанасына айналған Абай шығармашылығындағы шоқтығы биік әйел тақырыбын Мұхтар Әуезов атақты «Абай жолы» роман-эпопеясында ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ еліндегі жағдаймен байланыстырып бейнелесе, одан ой мен нәр алған , өзінің де шығармашылығын да сол сөлді де құнарлы тамырдан таратып, соңғы жазған романы «Өскен өркенде» әйел-ана тақырыбын қазақ әдебиетіне алғаш рет Абай алып келген арнадан кеңейтіп, советтік кезеңдегі, яғни жаңа заманның оқыған, интеллектуал қазақ әйелінің бейнесін сомдады. Ал ой-өрісі өскен, жан-жақты білімді, жоғары мәдениетті, өз ортасында болып жатқан барлық өзгерістерге немғұрайды қарай алмайтын іс-әрекеті де, түсінік-танымы да жаңаша жаңа заман кейіпкерін-жаңа коммунистік қоғамның құрушысы-әйел азаматтарды бейнелеу Мұхтар сынды ғұлама ғалым, әлемдік даналықты меңгерген мұхит тектес дарын иесіне де оңай соқпағаны белгілі. Ол турасында қаламгер «Қазіргі роман және оның геройы» (М.Әуезов.Шығармалар. 12 томдық. 12-т.-Алматы. «Жазушы» баспасы.-1969.-532 б.) деген мақаласында: «…Тарихи тақырыптан бүгінгі шындыққа бір-ақ секіру, шұғыл ауысу қаншалық қиын екенін, көп нәрсені қайта қарау қажет болатынын айтып жату артық. Алғашқы бетте анық қызыл әскерлер, қым-қиғаш ойлар, бұрын кездеспеген қиындықтар қоршауында қалғаным бар. Бір мәселені шешсем, екінші мәселе, бір қиындықтан өтсем, екінші қиындық көлденең тартыла береді…»,-деп ағынан жарылды (514 б). Әрине, заманмен бірге өнерге деген талап та, жалпы қоғам мен адамзат санасында да өзгерістер болуы табиғи заңдылық. Олай болса, адамның өзі емес, санасындағы өзгерістер қалай жүріп жатыр деген сауал қызықтыруы тиіс, қаламгерді. Өз заманы алдындағы жауапкершілігін терең сезінген жазушы «Заман шарты»деген мақаласының «Біз жаңалық табу жолындамыз»деген тараушасында: «…Бүгінде оқушының ең алдымен тосып отырған адамы-ой еңсесі биік адам, интеллект иесі адам….», «…Міне әдебиеттік шығарманың ең қасиетті міндеті- дәл осындай адамның жүрегін, жанын, жалынды ойын кең де терең күйде ашып бере білуде»,- деп, « өз заманы үшін ұлы жауаптылық сезіміне берілген» бүгінгі күннің кейіпкерін өмірге әкелуге тырысады (496- 497 б.б).
Жазушы 50-жылдардан бастап, қазақ әйелдерінің тағдыры жөнінде шығармалар жаза бастады. 1953 жылы «Жұлдыз» журналында «Алуа» атты сценарийдің алғашқы нұсқасы жарық көрді. Бұл киносценарийдегі кейбір сюжеттік желілері кейінірек жазушының «Өскен өркен» романына енгізілді. «Алуа» сценарийінің тағы бір нұсқасы «Әйел жолы» деген атпен жазушы мұражайында қолжазба түрінде сақталған. Ал, оның алдында ғана М.Әуезовтің «Өскен өркен» романының желісімен Қалтай Мұхаметжанов «Айсұлу» сценарийін жазған еді. Ол экранға 1965 жылы «Шыңдағы шынар» деген атпен шықты. «Райхан», «Абай әні» фильмдері экранға шыққаннан кейін Әуезов көптеген киносценарийлер жазды. Солардың қатарында «Дала батыры» (1942), «Алуа» (1953), «Біздің совхозда» (1954) болды. «Райхан» пьесасы 1939 жылы жарияланған бәйгеде 30 шығарманың ішінен озып, жүлделі орын алған. Кинодраматургияның заңдылықтарын сақтай отырып, қазақ киносына тарихи – ғұмырнамалық жанр- «Абай әні» фильміне сценарий жазуда жазушы сюжетті өрбітудің тағы бір жаңа қырын танытып, Айдар мен Ажар арасындағы махаббат сезімі арқылы бүтін бір дәуірдің мәселесін көтереді.
Жалпы, қай жанрда да, ұлттық руханияттың қай саласында да көштің басында жүріп, соның негізін қалап кеткен М.Әуезов қазақ киносының да қалыптасуына зор үлес қосқан қайраткер. 1944 жылы Қазақ студиясы жеке бөлінгенде ұлттық кино өнерінің өсуіне бағыт-бағдар берген бірден-бір тұлға. Осы орайда өткен алғашқы конференцияда «Әдебиет және кино» деген тақырыпта баяндама жасап: «..Кино өнерімізді өрге алып кетудің бірден-бір жолы- ұлттық әдебиетіміздің төл туындыларынан нәр ала отырып, өз халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің ғасырлар қойнауынан бүгінгі күнге жеткен тарихын пайдалана отырып, өз республикамыздың бүгінгі өмірін сипаттау, тек сипаттап қана қоймай, өз киномыздың ұлттық сипатын сақтай білу, сол дәрежеде оны әлемдік кино шығармалар үлгілерінің дейгейіне жеткізуге тиіспіз», – деген сөздері әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ» (322/.
Әлемдегі ең аяулы да мәңгілік тақырыптардың бірі – махаббат мәселесі айналасындағы машақаттарға, қайғы-қасіретке толы тағдырлар толғанысы Мұхтар Әуезовтің Абайдан алған азаматтық ұстанымы бойынша әйелге жаңа көзқарас тұрғысынан жалғасып, жаңа заманның жас қызы – Айсұлудың жан тебірентерлік тағдыры мен қоғамдағы тең праволы қазақ әйелінің- Әсия Әлімованың қайраткерлік, күрескерлік, даналық қасиеттері дәріптеледі. Қазақ әдебиетіндегі тұңғыш қайраткер қыздың бейнесі болып бейнеленген Әсияның тынымсыз ой толғаныста жүретін зиялылық болмыс-бітімі психологиялық талдау өнері арқылы өрнектеліп, өзіндік ерекшелікке ие болған.
Роман аз уақытта жазылды дегенімен суреткердің санасында ұзақ жылдар бойы сәулеленіп, образдарын да ойша, жанында жүрген замандастарының жан дүниесінде болып жатқан өзгерістерге үңілу арқылы зерттей жүріп жазғанын ұғынсақ керек. Отбасы мен Отанымыздың тіршілігі мен берекесін енгізіп, ұлт пен ұрпағымыздың тағдыры мен келешегіне екі бастан жауапты жандар – әйелдер мәселесі Әуезовті әуелден ойландыратын-ды.Қазақ қоғамы әйел баласының ұлтымыз бен ұрпағымыздың саны мен сапасына жауаптылығын сезінген сәттен бастап өркениет өлкесіне қадам басатынын үнемі ескертіп отырды, ол. Жаңа заманның ой еңсесі биік , үлкен интеллект иесін бейнелеуді ойлағанда да ол ең бірінші, өзгерген өмірмен бірге білімі де, санасы да, талабы мен тұрмысы да өзгерген , ақыл-парасаты өскен Әсия Әлімова секілді қоғам қайраткерін, Айсұлудай сұлу да білімге құштар жасты жазуға құлшынды. Жазушы «Біз жаңалық табу жолындамыз» деген мақаласында келешек кейіпкерлерінің образын былайша мүсіндеп береді: «…Ол коммунизмнің құрушысы, бейбітшілік үшін алысушы, болашақ заманға бой ұрған, тек бүгінгі күннің барымен ғана бақыт таптық демейтін, алға қарай даму жолындағы кемшілік, олқылықтарды да терең сезінетін адам. Қай жерде, кім болып, не кәсіппен айналыспаса да, оның жұмысы болмайтын мәселе жоқ. Себебі оның иығына артылған жауаптылық күшті. Ол-тарих арнасында, сол тарихтың тізбегіне өзі де кіретін жан» (М.Әуезов. «Шығармаларының елу томдық толық жинағы.40-т.-Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі,2009.-280 бет.96 б).
Ел билеген басшылар мен де, кез-келген кәсіптің білгір иесі-мамандармен де терезесі тең кісіше барлық тақырып төңірегінде ой бөлісе білетін Әсия шынында да биік интеллект иесі. Оның араласпайтын шаруасы жоқ және солардың жолында кездесетін барлық кедергілерге, сол саладан хабары бар мамандай өзі «жөн» деп білген мәселесін жанқиярлықпен шешіп, әділеттілікті алға тартады. Әсияның шын мәніндегі қайраткерлікке жетуіне Айсұлу тағдырына қатысты «тар жол, тайғақ кешуі», жесір әйел Нұрбибі мен жетім қыз қасіреттері мен арманда кеткен балғын жас Арман ажалының себебін іздеу сәтіндегі қақтығыстар себеп болады. Шығарманың сюжеттік желісін түзген Айсұлу тағдыры көркем әдебиетке Н.П.Карпов сынды партия талабына сай, өз ісіне адал, коммунизмнің нағыз құрушысы мен заман артқан жауапкершілікті жете сезінетін, өз ұлтының тағдырына қатысты кез-келген әділетсіздікке төзбейтін Әсия сияқты қайраткер қыздың бейнесін сыйлайды.
Алматының Алатау бөктеріндегі демалыс орындарының біріне келген «Өскен өркен» романының негізгі үш кейіпкері – болашақ Баскент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.П.Карпов, тәжірибелі дәрігер, ғалым Жандос Асанов, оқыған, жауапты қызметкер Әсия Әлімованың өзара таныстығы оқиғаның одан әрі өрбуіне өріс ашады. Әуезов Әсиядай бүгінгі заманның зиялы кейіпкерін бейнелемей тұра олардың жаңа қадамына қарсы тұратын ескі көзқарастағы әйелдерге тән мінездерді міней кетеді. Әлі де ауыл аралық әңгімелерден арыға бармай, сырт тұрпаттары өзгергенімен, санасы мен сауаты ашылмаған ауыл басшыларының сылқым әйелдерінің сиқын жазушы өзіне тән өткір тілімен түйрейді. Әсия мен дәрігер Жандос арасындағы диалог болашақта болатын келеңсіздіктерден, Айсұлу тағдырына қатысты қанды оқиғаның орын алуына себепкер болар осындай өсек-аяңдардан хабар беретіндей. Осындай қазақы орта психологиясына қанық Әсияның осы мінді түзейтін сын сөздері де шығармада шынайы күрескерліктің алғашқы белестерін танытатындай. Әйелдер арасындағы әңгімелерден жоғары тұратын Әсия тұлғасы қасындағы замандастары –бүгінгі өскен елдің кең өрісті ақыл-ой иелері- Карпов пен Жандостар арасындағы кілең жоғары интеллекттілікті танытатын тарихи, мәдени мәліметтерге құрылған мәні мен маңызы зор сұхбаттарда ашылып, даралық қасиеттерге ие болады.
150 мыңдай халқы бар Баскент қаласына обком секретары болып сайланған Карповтың Әсиямен қоштасарында: «-Сіздермен осында танысып, сөйлесіп жүру, маған таныс емес әр жайларды білу аса қадірлі болды. Қазақ совет жұртшылығының сіздей боп өскен салмақты, білгір, мәдениетті жас әйелімен танысу маған өте бағалы…»,-деуі де тегін емес (32 б). Өйткені, өткен ғасырдың екінші жартысында Әсиядай білімді, жоғары қызметтегі қазақ қыздары сирек болатын. Және Әсия тек білімді ғана емес, бүкіл дүниежүзілік руханияттан хабары бар, жан-жақты мәдениетті, әділетсіздік пен қиянатқа жаны қас, мемлекеттің барлық мүддесіне өзін жауапты санайтын нағыз ұлтжанды жас. Қаламгер жаңа заманның білімді қызын осылай көреді және солай бейнелейді. Әсия бейнесі осылай, өмірдің әрбір қиын өткелдері сайын ысылып, тәжірибесі де тұлғалық қасиеті де биіктей түседі. Романның өн бойында жазушы жинаған өмірлік фактілер мен тарихи мәліметтер көркем мәтінге айналады. Романның негізгі мотиві де көбінде осы Айсұлудың тағдырындағы түрлі түйткілдерді таратып талдауға арналған.
Баяғыда Алматыға оқуға түсуге барғанда жолы болмай әкесінің жолдасы Жандостың өтінішімен Айсұлуды шығарып салған жас маман дәрігер Ілияс «Қызыл Жұлдыз» колхозында дәрігерлік институттың ұжымымен мақташыларға қызмет көрсетіп жүргенде кездейсоқ қолы шығып келген Айсұлумен ұшырасады. Алматыда алғаш көргендегі көңіл сезімдері мұнда одан әрі жалғасқандай болғанмен, оқиға барысында өрбімей белгісіз күйде қалып қояды. Ілиястың Айсұлуға деген сезімі қыздың періштедей таза сұлулығына қызығып, тамсанудан аспайды. Ал, дәрігер жігітті естен тандырып, тәнті еткен Айсұлудың келісті келбеті мен көркемдігі әлемдегі ең сұлу әйелдерді бейнелеген атақты суретшілердің таңғажайып туындыларындағы әдемілікпен салыстырылуы Ілиястың білімдарлығын танытатын деталь ретінде қарастырылған. Суреткер кейіпкердің көркем бейнесін тек сыртқы сұлулықпен емес, ішкі бір табиғи тазалығымен, адами қасиетімен ажарлап, оның өз қатарларынан ақыл-ойдан да озық екендігін кәсіби шеберлікпен нанымды бейнелейді. Қыздың сондағы сұлулығына сүйсінген екінші жанның бірі- Сағит болатын. Дәрігерлік көмек қажет болып келген жігіт періштедей перизатты бір көргеннен ғашық болып, Айсұлудың тағдырын түбірінен өзгертіп, өмірін өкінішке ұшыратады. Шығарма сюжетін шытырман желіске бұрып жіберетін Сағит образымен ойда-жоқта шиеленісіп кеткен қайғылы оқиғалар тізбегі оқырманын бей-жәй қалдыра алмайды. Мәтіннің әрбір жекелеген эпизодтарында мифологиялық сипаттағы көріністер елес беріп отырады. Бұл оқиғалар өзара күрделі қарым-қатынасқа түсіп, мәтіннің барлық элементтерінің байланысын күшейтеді. Жолжазбадағы өмірлік фактілер мен ресми деректер жеке адамның жан-дүние – сезімдерін тереңдей талдап, психологиялық тұрғыдан бейнелеу идеясына ұласып жатады. Жазушы үшін өмір шындығы ұғымы – аллюзиялар, реминисценциялар, интермәтіндер деп түсінсек, кейін олар көркемдік тұтастыққа ұласып, бүтін бір мәтінді құрары хақ. Суреткердің міндеті осынау мол ақпараттарды шығармашылықпен меңгеру арқылы кейіпкердің тағдырына қатысты тарихи шындықты шеберлікпен бейнелеп, өзінің жеке көркемдік әлемін таныту. Сөйтіп, автор жаңа заманмен келген қоғамдағы сыртқы құбылыстарды кейіпкердің санасындағы өзгерістер арқылы өрнектей отырып, өмірдің өнерге айналған өміршеңдігін дәріптейді. Романдағы қала мен ауылдағы жаңа тұрмыс, өндіріс орындарындағы жұмысшылар өмірі, колхоз – совхоздардағы мақта шаруашылығы, ондағы жастар өмірі мен өзектесіп жатқан көнеден келе жатқан Бабаата мешіті жайлы аңыздар, оны Алматыдан келген археолог әйел Агееваның қаздыруы секілді фактілер –совет кезіндегі бейбіт өмірдің, әйелдер теңдігінің жарқын мысалы ретінде баяндалады. Осы жерде Карповқа облыстық кәсіпшілер одағының бастығы Алмасбектің « Алуаның ажалы» атты әңгімені айтып беруі, бұл интертекст ретінде романда сәтті пайдаланылуы шығарманың көркемдік маңызын арттырады.
Қазақ даласында әлі де орын алып отырған әйелдер теңсіздігін 70-тегі шал Қанай мен 19-дағы жас Алуа сұлудың тағдыры туралы тарихи оқиғамен тарата отырып, ой тарқатуы да жазушының жақсы пайдаланған интерпретациясы. Алайда, осы оқиғаны алу-алмау туралы автордың алуан күй кешуі жөнінде көрнекті ғалым Айқын Нұрқатов : «…Жақын достарының айтуынша жазушы осы қайғылы аңызды роман желісіне енгізу немесе енгізбеу жайында қатты ойланып-толғанған. «Мұндай қатал оқиғаны келтірсем, еліміздің атына нұқсан келіп жүрмей ме, халқымызға тас бауыр деп қарамай ма? Бірақ, жер жүзі әдебиетінің үлгісін алсақ, оларда да трагедиялы жайлар аз ба? Соларға қарап халықтың қасиетіне мін тағуға бола ма?»-деген.»,-М.Әуезовтің сөзін келтіреді (А.Нұрқатов. «Жалғасқан дәстүр».Алматы.2010.-396 бет-«Суреткер шыншылдығы»-256 б). Дегенмен романдағы оқиға діңгегі болған Алуаның бүгінгі таңдағы тағдыры есепті Айсұлу басындағы келеңсіз оқиғаның баяндалуы шығарманың ерекше эстетикалық табиғатын танытады Адамзат өміріндегі махаббат сияқты мәңгілік құндылықтарға қарсы амбиваленттілік (махаббат-жеккөру, қуаныш-қайғы, ) сезімдер қайшылығын тудыратын оқиғалар желісі адамдар қарым-қатынасының күрделілігінен хабар береді. Сөйтіп, ескі сананың бейнелері жаңа мазмұн динамикасының салдарынан адамның тылсым дүниесіне, яғни архетипке айналып, аңыз ретінде жаңа өмірден алыстатылады . Кеңестік мәдениеттің кеңістігінде орын берілмейтін мұндай келеңсіз көріністерді кінәлау мен сынау бұл шығарманың да негізгі нысаны.
Сондай-ақ сырт оқиғаны қызықтап, кейіпкердің ішкі әлеміне ену мен олардың жан-дүниесі мен ой санасындағы сезімдік, психикалық құбылыстарды қалтарыста қалдыруды қолдамайтын қаламгер әрдайым өзіне қояр көркемдік талап бойынша осынау ауыр қасірет айналасындағы адамдардың тағдырын баяндауда көркемдік-эстетикалық талдаудың үздік үлгісін көрсетеді. Кейіпкердің жүрегін, жанын, жалынды ойын кең де терең күйде ашып бере білуді – жазушының басты міндеті деп санайтын Мұхтар Әуезов үлкен іс-әрекеттерге бастайтын санадағы сан алуан сезімдік құбылыстарды нанымды беруге о бастан шебер.
Өзінің алғашқы шығармаларынан бастап-ақ шытырман оқиға қумай, адамның ішкі әлеміндегі қайшылықты, сезімдер қақтығысын, көңілдегі кірбіңдер мен іс-әрекеттердің себеп-салдар сырын ұғуға, соны ашуға ұмтылуы «Өскен өркенде де» өріс алып, өзіндік стилдік қалып танытатыны табиғи заңдылық. Асығыс жазылса да адам жанының дүлей дауылдарын, әр түрлі психологиялық сәттердегі сезім құбылыстарын қазбалай, бүкіл болмысымен бейнелеуі , әрине, екінің біріне бұйыра бермес шеберлік .
Автор советтік замандағы әйелге берілген теңдіктің тікелей жемісі деп көрсеткен Әсия бейнесі арқылы қазақ қыздарының да жоғары білімге, үлкен дәрежелі қызметке жетіп, өз замандастарына көмегін көрсете алатын күрескерлігін ажарлап ашып береді. Және оның мінезін де мейлінше мейірбанды, қайсар жан етіп көрсетеді: «Ал тегінде көзі жетіп тұрған әділетсіздік алдында көлденең оралып, қиянат көрген әлсіз жақ мұның әділ, адал көмегін тілеп күреске шақыратын болса Әсия ондайдан бас тартамын, тайқимын деп ойламайды. Затында бұл қорқақ емес, қорғаншақ, сақтық, ойлағыш та, кейбір мансапқор әйелдерше жалтаң ұсақ есепқор болмайтұғын»,-деп мінездеме береді жазушы. Айсұлудың Сағит тарапынан аяусыз жәбір көруі мен Арман өліміне байланысты әділетсіздікті сезіп, өз бетінше зерттеу жүргізген Әсия талай ақиқаттың бетін ашып, әділ сот боп есептелетін мекемелердің өзінен соншама қиянат, әділетсіздік, жалған ақпараттар берген жалаларды естіп- білген, танысып түсінген Әсия бұл істің әділ шешілуі үшін бар күш-жігерін жұмсап, барлық мекеме есіктерін ашуға, қайта істі қарауға себепші болады. Осы жолдағы табандылық, қайсарлық, күрескерлік, адалдық пен кәсіби шеберлік, адамгершілік қасиет –міне бұлардың бәрі жазушы көксеген жаңа кейіпкерлеріне тән мінездер болатын. Қаламгер армандаған өз заманының жаңа адамдары – Карпов, Әсия , Айсұлу бейнелері арқылы советтік кезеңнің жаңа көркем шежіресін жазды.
Тағы бірде Әсияның интеллектісін оның ішкі жан дүниесіндегі сұлулықты сипаттау арқылы ашады: «Тегінде әйелдің сұлулығын ,көркем әсемдігін, нәзік әсерлі жарастығын әйел бағалап тамашалағанда көп кітаптарда жазылмайтын өте шетін де нәзік бір аңдаулар болады». Әсиядай көп оқыған және әлемдік көркемөнер туындыларынан жан-жақты хабардар жанның нәзік жас Айсұлудың сұлулығы мен күрделі тағдырын жазылмаған романның, бұрын суреттеліп көрмеген ғажайып бейнеге теңеуі оның тұлғасын одан әрмен биіктете түскендей. «…Бұл сезімдердің үстіне Әсия азамат, ол партияның, саналы үлкен ортаның жауапты өкілі».
Абай поэзиясында алғаш рет жеке тақырып деңгейіне жеткен әйелге деген жаңа көзқарастың енді Мұхтар Әуезовтің «Өскен өркенінде» тың мағынаға ие болуы, сөз жоқ, қазақ әдебиеті үшін үлкен көркемдік құбылыс.
М.Әуезовтің әуелден көтерген әйел мәселесі осылай соңғы шығармасына дейін жалғасып, « ұлт пен ұрпақты ұлықтайтын болсақ, ең бірінші әйел ананы ардақтап, соның жағдайын жасауымыз керектігін» мәңгі көкейімізге құйып кетті.
М.Әуезов өзінің өмірінің соңында жазған «Өскен өркен» романында өз дәуіріндегі замандастар бейнесін бар қайшылықтарымен бейнелей отырып, өз кезеңінің көркем шежіресін жасады.
«Мәдениеттің шырқау шыңы ең алдымен, әйелге деген қарым-қатынастан көрінеді» (М.Горький) дегендей, Мұхтар Әуезов те өзі сомдаған көптеген әйел-кейіпкерлерінің қатарына жаңа заманның адамы-Әсия мен Айсұлу бейнелерін қосып, әдебиетімізді бар қазақ қауымы үлгі тұтар әйел тағдырымен толықтырды. Мұхтар Әуезов осы романы арқылы қазақтың ақыл-ойы мен мәдениеті жете қоймаған тың асуларды, әсіресе ұлттық көркемдік ойлау жүйесіндегі жаңа жанрлар , ойлы образдар, соны стильдік тәсілдер, бұрын-соңды көтерілмеген тың тақырыптар мен идеялар, сол талапқа сай тегеурінді теңеулер сынды сөз өнерінің кеңістігін кеңейтіп, тынысын ашты.
М.О.Әуезов бүкіл өмірбойы өз ұлттының рухани мұрасын, мәңгілік құндылықтарын, мәдениеті мен әдебиетін байытудың жолдарын қарастырумен болды. Солардың бірі- тіл тазалығы, яғни әдеби тіліміздің байлығы. Өз ұлтының рухани қазына-байлығы сөз өнерінде екендігін білген Мұхтар Әуезов өз уақытысында қазақтың әдеби тілі туралы көп жазды. Айталық, «Қазақ әдебиет тілінің кейбір мәселелері жайында» (1951), «Некоторые вопросы развития казахского литературного языка» (1951), «Көркем әдебиетінің тілі туралы»(1954), «О значении русского языка для нашего народа» (1956) деген мақалалары мен зерттеулерін атауға болады . М.Әуезов : «Жазушы өз дәуіріндегі әдебиет тілін өсіруге, саралауға, шеберлендіруге міндеткер…Романдар оқушыға тіл де үйретеді, өз тілінде кенеулі ой таратып, көрікті, шешен, шебер сөйлеуге баулиды»,-деуден жалықпаған жан («СҚ»,1954,24 февраль). Өз замандастарынан, әріптес қаламгерлерден кейіпкерлерінің әр түрлі сезімдік жағдайларындағы көңіл-күйлерін, ой толқыныстарын, дауыс ырғағын, психологиялық тартыс пен тайталастарын тек өзінің тілдік өрнегімен және стилдік, көркемдік құбылыстарымен ерекшеліктендіріп бергенде ғана нағыз кәсіби шеберлікке жете алатын айтып, соны күтетін-ді. Әлбетте, мұнда әдеби тілдің атқарар көркемдік қызметі зор екендігі мәлім. Әрбір саналы адам, ең алдымен ана тілін ардақтай білуге міндетті деп түсінген Мұхтар Әуезов « Ана тілі әдебиетін сүйіңдер» деген мақаласында : «… өз тілін , әдебиетін білмеген адамды толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңаржақ болады» деген мәселені қояды.
Тіл заңын еркін меңгерген, көбінде жаңа сөз жасауға ұмтылатын Мұхтар Әуезов орыс тілін ана тілінен артық білмесе кем білмейтін, кез-келген тақырыпта төгіліп сөйлейтін тұлға болған. Бірақ, ол орыс тілінде шығарма, роман-эпопея жазған жоқ. «…Шешен, тапқыр, ойлы сөйлейтін . Орысшасы да сондай болатын. Бірақ бүкіл ойлау жүйесімен қазақ еді. «Орысша жақсы білесіз, неге орысша жазбайсыз»деген сұраққа:
-Пәлі, орысша жазу үшін орысша тіл білу жеткіліксіз. Орысша түс көру керек. Мен ылғи түсті қазақша көремін,-деп жауап берген екен» (С.Қирабаев. «Мұхтар Әуезов» атты мақаласы «Өмір өткелдері» деген естеліктер кітабында.-А:»Білім»,2006.-480 б). Бүгінде мәтелге айналған бұл сөз жазушының тілге деген аса жауапкершілігін танытпай ма?
Және өзінің әрбір сөзіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын жазушы әдеби тілдің маңызына ерекше мән беріп, ондай сауалдарға : «-Не хватает словаря. Проза требует такого количества и качества слов, каким владеет не каждый смертный, даже весьма образованный и самый интеллигентный. Язык-это особая эрудиция, особый опыт. Опыт всей жизни. Если искать сравнения, то язык оратора это по сути язык одной личности и одного времени…Язык писателя- это язык множество лиц и индивидуальностей, язык масс, язык народа и- не одного, а многих времен, если пишешь историю, пишешь революцию»,- деп жауап берген екен. («..»..107 стр).
Әлемді мойындатқан Әуезовтің әдеби тіл әлемі сөйтіп, қазақтың сөз өнерінің қазыналық қорын байытты емес пе?
Сондықтан да бізге бір ғана Мұхтар Әуезовтің бүткіл көркем шығармалар тілін толық қамтыған сөздік жасау жалғыз әдебиеттану ғылымының ғана емес, жалпы қазақ ұлттық руханият саласындағы (оның ішінде әсіресе әдебиет пен тіл білімі ) кезек күттірмес көкейкесті мәселеге айналғалы тұр. Мәселен, профессор Қ.Б.Бектаев пен А.Б.Белботаев жасап, 1988 жылы М.О.Әуезов атындағы Шымкент педагогика институты шыққан «Өскен өркен» романының алфавитті-жиілік сөздігінде» романда барлығы 7713 реестрлік сөз 20588 сөз формасында 90929 рет қайталанып қолданған , жалқы есімдер тізімі мен географиялық атаулар тізімінде барлығы 213 атау бар. Көбісі 1-2 рет қана аталады. Ал,1979 жылы «М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясының жиілік сөздігі» (сөздікті филология ғылымдарының докторы, математика кафедрасының профессоры Қ.Бектаевтың басшылығымен ҚР ҰҒА-ның А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері жасаған) деген еңбекте 4 томдықтағы жеке атау сөздерінің саны 16983-ке жеткенін анықтап бергенде, бұл ғылыми фактіні барлық жерде алға салып, мақтаныш ететініміз де өтірік емес. Өйткені, әлемдік деңгейдегі әйгілі классик В.Шекспирдің барлық шығармаларында 18000, ал, атақты ақын А.С.Пушкиннің бүкіл академиялық жинағында 22000 жеке сөз қамтылғанын ескерсек, біздің ана тіліміздің байлығын айдай әлемге бір ғана «Абай жолы» эпопеясының жиілік сөздігі» тағы бір нақты ғылыми – әдеби дерек ретінде дәлелдеді емес пе? Және осы сөздіктегі «…16 мың 983 сөздің 8698-і тек бір не екі рет қана келетіндері, яғни 50 пайызын құрайтындығы, ең жиі қолданылған сөз де етістігі (9828 рет), төртінші орында Абай жалқы есімі (6747 рет)» т.т екендігін қоссақ, қазақ тілінің байлығы ұшан-теңіз деген сөз (Р.Сыздық «Сөз құдіреті»А.Атамұра,2005.-272 бет,15 б). Ал, егер кеше ғана толық жинақталып жарық көрген жазушының «Шығармалар жинағының елу томдық толық жинағындағы» жеке сөздер , өзі жасаған фраземалар, Тіл білімі институты жоспарындағы «Әуезов тілінің түсіндірме сөздігі», «Әуезов тіліндегі фразеологизмдердің сөздігі» жарық көрсе ше? Әлем жұртшылығы тағы бір қазақ әдеби тілінің қазына байлығына тамсандырар едік. Ол олжаға 50 томдыққа енбей қалған, әлі де Әуезовтің жеке мұрағатында шаңы қағылмай, не бүгінгі әріпке көшірілмей, не ғылыми, не әдеби айналымға түспеген қаншама қолжазбалары мен жолжазбалары, жеке қойын дәптерлерін қоссақ ше ? Осындай мол мұраны қайта тірілтуге қауқары да дайындығы да бар ескі араб, латын тілдері мен, әсіресе ұлы жазушының кез-келген кісі тани қоймайтын қолтаңбасына жақсы қанық маман қазір тапшы. Олардың бәрін игеріп, жарыққа шығарсақ, қазақтың әдеби тілі бұдан да әрі әрліленіп, байи түсер еді. Өйткені, М.Әуезов айтқандай, «Әдебиет-тілмен әдебиет». Замандастарының естелігінде ескертілгендей Мұхтар Әуезовтің әр жиында, қолынан қаламы түспей ,тіпті елдің аузынан елең етерлік тың тіркес, жаңа сөз, өзіне бейтаныс бір бейнелі ұғым, тосын теңеу, соны суретті сөздер естісе де жалма-жан жазып алатын әдетін ескерсек, қойын дәптерлерінде қаншама тың, біз білмейтін, тіпті естімеген де сөздер болуы да мүмкін ғой. Өйткені, Мұхтар Әуезов өзімен бірге бүкіл қазақ әдебиетін, ұлттың сөз өнерін өрге сүйреген, әдеби тілімізді әрлеп, қазыналы сөз байлығын жаңартқан, түрленткен, ересен байытқан бірден-бір жазушы.
М.Әуезов қазақтың көркемдік ойлау жүйесін әлемдік биікке көтеріп, қазақ тілінің барша сұлулығы мен құдірет күшін, мазмұн байлығын, әдеби тіліміздің мол мұрасын өзінің ересен өрнекті тілімен, бітімі бөлек бейнелі сөздерімен байытып, жаңа нәр берді. Әуезовтің «Тіл және әдебиет мәселесі» деген мақаласында: «Бүгінгі біздің жазушылардан байқалатын бір олақтық- көп жазушылардың сөздігі шағын, тілі кедей. Бірталай ақындарымыздың көптен жазып жүрген еңбегі сөздік қорға келсек, жиыны 5-6 мың сөзден аса қоймайтын мүлкі ғана бар ма дерсің. Бұл кемшіліктен жас жазушылар ғана емес, егде жазушылардың да сау емесін айту керек»,-дей келіп, бірқатар қаламгерлерді сынға алады. «Көп ізденіп, ғылым, техника сөздіктерін және бүгінгі Қазақстанның бар өлкесіндегі халықтардың тіл байлықтарын мол пайдалану мәселесін үнемі шартты талап етіп, сынап отыру керек»,-деген пікірі де әлі маңызын жойған жоқ.
Ұлтының тағдыры тығырыққа тірелген қай тұс та да тайсалмай тіл қатып, қаламын қару ете білген Мұхтар Әуезов 1951 жылы «Дружба народов» журналының №6 санында «Жолдас Сталиннің тіл білімі туралы еңбегіне сәйкес қазақ әдеби тілінің мәселелері» («Вопросы казахского литературного языка в свете трудов И.В.Сталина по языкознанию») деген мақаласында («ҚазКСР ҒА хабаршысының» 1951 ж.№3 санында қазақ тілінде жарық көрді) Сталиннің тіл туралы айтқан пікірлеріне сүйеніп, социалистік қоғам кезіндегі тілдің дамуы мен әрбір ұлттың әдеби тіл қорын тек бір тұлға төңірегіне топтастыруға болмайтынын, орыс әдеби тілін тек Пушкинмен, қазақ әдеби тілінің тарихы мен түрленіп, дамуын жалғыз Абаймен ғана байланыстырып қоймай, өзге де сөз өнерінің ірі өкілдері бар екендігін сол кездегі саяси жағдайға байланыстырып сөз етеді. Бір бұл емес, соңғы он жылдар көлемінде жазушы қазақтың ұлт болып сақталып қалуында айрықша рөл атқаратын ана тілдің тағдыры, әдеби тілдің барлық мәселесіне атсалысып, белсенді ой-пікірін білдіріп отырды. «Тіл жоқ жерде, ұлт та болмайтынын»(М.Жұмабай) жастайынан қаперінде ұстаған қаламгердің шығармашылық өмірбаянындағы басты ұстанымы да –осы, ұлттық рухани құндылықтың іргесін құрайтын тіл тағдыры жолында жанкештілікпен күресе білді. Айталық,1955 жылы «Мәлік Ғабдуллинге хат» деп жазған мақаласында: «…Мысалы, прозаиктердің поэзияға мүлде қатысы жоқ па екен? Сол прозаның өзінде, тегі, поэзия аз ба? Сіздер іздейтін сан сезімдер поэзиясы, бейнелі-образды сөздер, ырғақты шешен де шебер сөз құрамдары, теңеулер, өрнектер аз ба прозада? Еміренген сезім мен тебіренген сырлар ретінде, табиғат, махаббат, тағы талай армандар прозада болмай ма екен? Онда поэзиядағы кейбір өлең қатарындай келісімдер, құйылыстар, сиқырлы сөз құбылыстары аз кездесе ме? Ендеше, прозаиктердің ізденуі өздеріңіздің ізденулеріңіздей емес пе? Қатарында, қасында келе жатқан жоқ па? Иық сүйесіп, бірге іздесіп, қатар табысып келе жатқамыз жоқ па?»,-деп қапалануы қазақ тілінің тағдыры әрбір қазақтың мақсаты екендігін ескертетіндей ( М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. Алматы . «Жібек жолы», 333-том. 2008.-432 бет. «Мәлік Ғабдуллинге хат» 74 бет).
Және осы хатында жазушы сол кезеңдегі сынның жәйін, әсіресе «сын алдында орынсыз сыңғақ болғыштар мен жеңіл жарақаттанғыштардың» көбейіп, « поэзия жөнін еркін, кең сөйлесу үшін, дос талапты қатаң айту ..» ,-қиындағанын айтады. Сондықтан сынның шын, шынның сын болғанын қалайды. Әуезов шағын мақала көлеміндегі жауабында Мәлік Ғабдуллин сұрап отырған поэзия жайындағы түбірлі проблемаларды түгелдей қозғай алмайтынын, ұлттық характер мен ақындық образ мәселелері төңірегіндегі ойларын ғана ортаға салуды жөн санайтынын, ұлттық дәстүрдің үнемі қозғалыста, өсу мен өзгерісте болатынын, әдебиетті дамытудағы аударманың ықпалын, Абай мен Пушкин шығармашылығындағы дәстүрдің дамуын, тіл мен түрдің байытылу тәжірибесін айта келіп: «…Сол дәстүр мен түрдің сөз мәдениетіндегі, тағы бір ең үлкен құдіретті элементі-тіл. Ол тілдің де жайын, жөнін жаңағы ұлттық дәстүр турасында сөйлегендей, өткеннің мол қазынасын мейлінше баурап, ілгері қарай дамыта байыту міндетімен қатар алсақ, біздің көп ақындардың тілі де маған бай көрінбейді»,-деп сөздік қоры тым тапшыларды өткір сынмен түйреп өтеді. Тілсіз әдебиеттің жасалмайтынын әрдайым ескертіп отыратын жазушы ол ақындардың өлең түрлері де, тіл сөздігі де, шама шарқы да шамалас ,тақырыптарының таптаурын ,бір сарынды болатынын, поэзияға жетпей жатқан парасаттылық, терең философиялық ойлардың ойсырауынан сапасы жоғары, сап таза келісімдердің кемдігі көптігін алға тартады. Сондай-ақ, сөз басындағы автордың Тоқаш Бердияровтың «темір ми» деген теңеуінен үркудің жөн еместігін айта кеп: «..Достоевский прозаның өзінде «Карамазовтардың арының маңдайы жез еді» дейді. Ардың маңдайы боп, оның жез болғанын неше атадан көріп ек? Образ жөніндегі және түр тұсындағы ізденулерге соққанда, тегі, біздің сыншылар, әсіресе әдебиет сабағын жүргізетін оқытушыларымыз үйреншіктіден басқаны жатырқағыш мінезді аз қолдануы керек»,-дейді (81 бет). Әйгілі әдебиеттанушы ғалым М.Әуезов бұл мақаласында әр поэзияда әр елде жақсы да, олқы да бар екендігін, олардың барлық мәселесін бір кезде қамту мүмкін еместігін, алайда тіл мен теңеу, түр мен дәстүр дамымай сөз өнері, өлең өріс алып, өспейді деп түйін түйеді.
1951 жылы жазылған «Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романы туралы» атты рецензиясында талантты, ізденгіш прозаиктің өндіріс тақырыбындағы табыстарына тоқтала келіп, тіл қолданысындағы кейбір кемшіліктерге тоқталады: «Жалпы, қайталап айтатынымыз-орыс адамдарын орысша ойлатып, орысша сезіндіріп, анық орысша сөйлету керек. Ол образдарды осылай шығармау біздің бауырлас елдер әдебиеттеріміздегі жетіспеген кемшілік есепті боп келген. «Қарағанды» сияқты үлкен реалистік романнан осы жағын ойдағыдай аңғаруды социалистік реализмнің орынды талабының бірі дер едік.
Бұдан соңғы кемшіліктердің көбі кейбір сөздердің, мінездерінің жасандылық, қонымсыздығында. Кей жерлерде асығыстық себебінен солай жеткендері де бар….» (84-85 бб). Бұл сілтеме нақты мысалдармен мінеудің, сауатты сынның үздік үлгісін көрсетеді. Әдетте , әдебиеттегі әрбір кейіпкер өз заманының, өмір сүрген ортасының тілімен сөйлеуі заңды. Әуезов Мұстафин кейіпкерлерінің өзінің табиғатына, тегі мен тәрбиесіне, өскен ортасы мен жасына, қоғам мен әлеуметтік орнына сәйкес ойланып, соған сай сөйлеуі тиіс екендігін туындыға қойылар көркем- эстетикалық талап пен теориялық шарт тұрғысынан талдап, түсіндіреді. Шындыққа жанаспаса шығарманың көркемдік құны да болмас еді.
Тілші ғалым М.Балақаевтың «Көркем әдебиеттің тілі жайында» деген мақаласына жауап ретіндегі «Тағы да көркем әдебиет тілі туралы» (М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы.Алматы ,»Жібек жолы»,31-том.2008 ж.-402 бет, 57 -74 бб) еңбегінде зерттеушінің көп мәселенің басын бір шалғанын, халық тілінің заңын, оның қалай жазылу жайын , стиль жөнін, тарихи шығарманың тілін, ұзақ сөйлем мәнін , жазушы мәдениеті секілді келелі мәселелерді қамтығысы келгенін айта келіп: «…Дау жоқ, атаған әр жайы да жеңіл емес. Соның бәрі ақталса, жауапты жайды сөз қылған деуге сыяды. Бірақ жылтырдың бәрі асыл емес, жазғанның бәрі ақыл емес, жауапты жайларды қопсытқанмен, М.Балақаев сол өз міндетіне алғанын жауапты шеше алмаған. Бірнеше мысалын ғана атап өтейін: ол әуелі мәдениетті айтады, бірақ өзі сол мәдениеттілікке ерсі, шалғай мінездер көрсетеді. Ең әуелі сол мақаласында «Абай» романы мен «Жұмбақ жалау» романынан келтірілген цитата сөздерінің бірде-бір кез кітаптағы беттерін атамайды…Өзің талдап отырған еңбектің ішінен сынға алып отырған жерлерің болса, оны нақтылап тап, көзеп беру әрбір айтыстың әділ шарты еді.. »,-деп өзі көрсеткен сынның этикасына лайық әдісті, яғни кемшілікті мәтіндегі мысалды ала отырып, ойын дәлелдеудің дұрыстығын айтады .Өз жұртының ой, сана мәдениетіне атсалысып, үлес қосып жүрген Әуезов «мен момын ізденуші, өз саламда тырбанушы еңбекші қайраткермін» дей келе тілді өсіруге себепші әрі үлес қосушы екенін ескертеді : «Өзге болмаса да, сол Балақаев И.В.Сталиннің атақты еңбегінде Пушкинді еске алғанын ойласа қайтеді. Өзге емес, екі ғасырдың тілін Пушкиннің тілі деп атады ғой. Талай тілші мен әр түрлі «заңшының», Пушкиннің өз заманында, оның тіліне байланысып, балағаттап, ылапыттап та сөйлегендердің ешбірін әділ тарихтың елемегенін көрсеткен жоқ па? Кейінгі ұрпақ нәсілге, тарихқа, ғасырларға Пушкиннің шығармалары мен оның сол шығармаларында қалыптап берген көркем шебер тілі қалды». Тарих пен уақыт сынының әділдігін әспеттейді. Абай мен Мұхтардың қазақ әдебиетіндегі орны мен олардың шығармаларындағы шебер жасалған қазақ әдеби тілінің қазыналы байлығына бағаны да тарих таразылап, кейінгі ұрпақ беретінін ұқтырады.
Осы ретте ұлттық сөз өнеріндегі өрісі кең әдеби тіл әлемі де Әуезов те екендігін зерделі зерттеуші, жазушы Зейін Шашкин «Мұхтармен кездесулерім» деген естелігінде ғылыми-теориялық тұрғыдан талдап береді: «…Әуезовтің тілі-мейлінше әрлі, әсерлі, терең, мазмұнды. Роман майталман шебердің, толысқан шешендік, жалаң жалтырақтық жоқ. Адамның ішкі жан күйін, тебіреніс толқынын беру үшін жазушы айқын образдарды, нақтылы дәлме – дәл сөздерді тапқыр қолданады. Бұл ретте Әуезов өзінің психологиялық суреттеудің нағыз шебері екенін танытты, қазақ прозасындағы психологиялық мектептің шын мәніндегі көш басшысы бола білді. Сонымен бірге, Әуезов-прозадағы суретші. Оның бояулары мен сырлары Рубенстің бояуларындай қанық, дәл,таза, нәрлі. Мейлі портреттерді өрнектесін, мейлі табиғат көріністерін берсін-оларды бір-бірімен контраста алады.
Стилистік ерекшеліктері жағынан Әуезовті прозадағы жаңашылдармен қатар қоюға әбден болады. Әуезов өзінше дара, оның тілін ешкіммен шатастырмайсың.
Әрбір халықтың тілі-қисапсыз қазына. Оның бәрін меңгеру, түгесу мүмкін емес. Сөзді, бейне шахмат фигуралары сияқты, мыңдаған қалыпта, сан түрде қолдануға болады. Әуезов бұл салада өзінің асқан білгірлігін, тілші, ғалымдығын таныта білді. Сөйлемдердің бірыңғай көмекші етістіктермен аяқталуы оны жұтаң тартқызып,қарабайырлап жібереді.Әуезов сөйлемдері ондайдан мейлінше таза.Ол етістіктерді өткен шақ формасына бере біледі,сөйтіп көмекші етістіктер өз-өзінен түсіп қалып отырды. Әуезов қазақ тілінде сиреп бара жатқан заттанған етістіктерге қайта жан бітірді. Әуезов қазақ тіліне етістік сөйлемдер әкелді.Рас,мұндай жаңалық нашандары тілімізде бұрын да болған. Бірақ, ғалым,жазушы соны түбегейлеп,ғылыми, әдеби системаға айналдырды.
Түркі тілдеріндегі сөйлемнің зат есімнен басталып,етістікке аяқталу нормасын Әуезов бұзып-жарып жаңаша қолданды. Ол зат есімдерді, көбіне, сөйлем ортасына апарды.
Мұхтар Әуезовтің шығармасы жайлы көп жазылып, көп айтылар.Менің өз басым «Абай» романының сансыз оқырманының бірі ретінде, Мұхтар Әуезовтің қазақ тіліне енгізген жаңалықтары жайлы айтуды мақсат тұттым».,-дейді /76 б/. Шынында да әлі күнге дейін жазушының стилдік ерекшелігін дәл мұндай нақты, дәл, теориялық тұрғыдан талдап, даралығын анықтап берген емес. Әуезовтің қазақтың сөздері мен сөйлемдерін жаңаша құрудың, күрделі құрмалас сөйлемдер құру арқылы ойды тереңдетіп жеткізудің жаңа да жарқын жолдарын тапқанын Зейін Шашкиндей кәсіби білгірлікпен талдап, түсіндірген де зерттеуші сирек. Тілші маман М.Балақаевтың бүйректен сирақ шығарған шикі сыны әлдеқашан ұмытылып, тарих өз таңдауын өзі жасады.
Мұхтар Әуезовтің өз халқына, ана тіліне деген шексіз сүйіспеншілігі – оның энциклопедиялық терең білімі, өзі айтқандай «момын ізденушілігі», табанды да «тырбанушы еңбекші қайраткерлігі» арқылы жүзеге асқаны ақиқат.
М.Әуезов шығармаларында ауызекі сөйлеу элементтерін, жергілікті тіл ерекшеліктерін, әр алуан көркемдік стильдік мақсатта пайдаланған. Көркем шығарманың кәсіби шарттары болып табылатын белгілі бір дәуір, белгілі бір орта, өлке тұрғындарының өздеріне тән сөйлеу мәнерін кәсіби шеберлікпен пайдалану кейіпкер характерін нанымды бейнелеп, образын ашудың тамаша тәсілі. Бұл тәсілді жазушы «Өскен өркенді» жазғанда оңтүстік өңірі халықтарына тән тілдік өзгерістерді, сөйлеу мәнерін әдеби тілді байытып, құнарландыру мақсатында қолдана білген. Мәселен, осы Оңтүстік Қазақстан облысына барған сапарынан жазған «Білекке білек» әңгімесінде 30-ға жуық диалективизмдер қолданылған. Мұның өзі М.Әуезовтің қазақ әдеби тіліне енгізген зор байлығы деуге болады.
Л.Н.Толстойдың «О литературе» (статьи, письма, дневники. Госиздхудлитр. Москва,1955.760 стр) атты еңбегіндегі: «Художник только потому и художник, что он видит предметы не так, как он хочет их видеть, а так, как они есть»,-деген пікіріне сүйенсек, М.Әуезов те өз кейіпкерлерін тек өзіне тән тілімен сөйлеткен. Шығарманың шырайын ендіретін де баба тілі мен бала тілінің шатысып кетпей таза өз жасына, ортасына, өмір сүрген кезеңіне, сол сәттегі көңіл-күйіне, психологиялық жағдайына байланысты шынайы өрнектелуі десек өтірік емес.
Ел аралап жүріп, тілдің жауһарлары мен асыл түйірлері-халықта екендігін жақсы түсінген жазушы сол халық жасаған сөз өнерінің небір нәрлі нақыштарын тауып әдеби тілдің әрін енгізуге көп еңбек сіңірген М.Әуезов Мұқағалиша айтқанда «қазақтың қара өлеңіне қара шекпен кигізіп өзіне қайтарып», жергілікті жұрттың тіл ерекшеліктері мен сөйлеу элементтерін халық тілінің қазыналы бай тайқазанында қайнатып, қайта жаңғыртып, жасартып қолданудың хас шебері болған. Әдеби шыншылдық-фактілер мен характерлерді іріктеп алуда және оларды әркім-ақ көре сала шынайы екен деп есептерліктей бейнелеуде екендігін Әуезов те әуелден-ақ жақсы меңгерген. Сондықтан да оның шығармаларындағы шұрайлы тіл мен арнасынан асып, ағытылған эпитет, метафоралардың символикалық сырлары мен қырлары көп. Оның терең ойға құрылған сөйлемдерінің сөз саптасы соны, түзілімі тың. Жазушы тіпті ауруханада жатқанда да қолынан қаламын тастамай : «-Жанға бататын сырқат жоқ, оңаша бөлмеде «Өскен өркенді» өңдеу үстіндемін. Бірінші кітабын қайта редакциялап болуға жақынмын. Жазушы сарыла отырып, әр сөзді аударып, төңкеріп қарап, ауыр жүк артып, ұзақ жолға аттандырардай жабдықтамаса болмайды ғой,–деп жұмысын жалғастыра берген ғой (194-195 бб).
Жазушының Оңтүстікке сапарында қатты қызықтырған мәселенің бірі де – осы тіл мәселесі болды. Тілді жасайтын халық, оны бейнелі, түсінікті, өміршең ететін де халық. «Ел іші-өнер кеніші» дегендей, небір асыл ойлар да дана сөздер де, тың тіркестер де, әдемі теңеулер де осы халықтың ішінде жасалып, шеберленіп, өрнектелері сөзсіз. Оның ажарын да ашатын сол халық, онда даланың даналығы дәнін сепкен, сондықтан да әдеби тіліміз әрлі де сәнді, мәнді де мағыналы, тағлымды да тәлімді, терең. Халықтың ішінен, ел адамдарынан маржан тергендей ерінбей жазып, жинаған сөз байлығы жазушының ойын да байытып, сөзіне ажар бері отырған. Мұхтар Әуезовтің құнарлы тілі, күрделі ойға құрылған құрмалас сөйлемдері, өзіндік жазу стилі, қайталанбас қолтаңбасы әрқашан зерттеушілерін қызықтырып келеді. Жазушының көркемдік бейнелеу мүмкіндіктерінің сырын ашып, жазу мәдениетінің ерекшеліктерін еншілеген әдеби тілі өзінің өрнектілігімен, көркемдік-эстетикалық құндылығымен бағалы.
Тегінде, талантты жазушының табиғаты мен тілі де өз кейіпкерінен қашық кете алмасы анық. Сондықтан да ұлы суреткердің тілі мен танымы, мақсаты мен мүддесі бүкілхалықтық, мемлекеттік тұрғыдан, дүниежүзілік мәдениет биігі мұнарасынан мен мұндалайтындығы мәлім. Адам баласының көркемдік дамуы жеткен биіктік- Мұхтар Әуезовтің әрқашан нысана еткен өлшемі -тін.
О.Сүлейменов «Выступительное слова на торжественном вечере в Каменном зале г.Москвы» деген баяндамасындағы : «…Ауэзову довелось первым показать миру художественное богатство казахского языка, его способность выражать самые древные и новые обшечеловеческие понятия. Он доказал современность отчей речи, которая, благодаря известным причинам, утрачивала государственное значение переходила в разряд общественно пассивного, бытового наречья.
Замечу, кстати, что сегодня в республике многое делается для повышения престижа казахского языка. Благодария Ауэзова, творческая и гражданская о многом говорит нам, его современникам и читателям»,- деген жоғары бағасы тегін берілмесе керек-ті /297/.
Мұхтар Әуезов туралы естеліктерде жиі айтылатын блокнотын тастамай, үнемі бір нәрселерді түртіп алумен болатын әдеті бойынша ел ішіндегі жаңа сөзді, теңеулердің небір шұрайлыларын терген. Жазушының азығы сөз екендігін, егер де оны да іздеп, таппасаң, тілің жұтаң, сөзің саяз, әдеби тілдің әрі кететінін үнемі ескертіп отырған.
Бұл қасиеттердің бәрі жазушының нағыз еңбекқор, суреткерлік саналы өмірінің соңына дейін сөз құдіретіне тәнті болып, тынымсыз ізденісте болғандығын дәлелдесе керек. Оның қай шығармасын оқысаңыз да қазақтың небір құнарлы сөздерінің қазынасына кез болып, тосын теңеулерді, тың тіркестерді, бейтаныс сөйлемдерді, соны сөздерді табар едіңіз. Халық арасында небір жаңа сөз, жаңа ұғымдар туып жатады, бұл табиғи процесс. Халықтың елегінен өткендері өміршеңдік танытып, өлмес мұраға айналса, кейбірі келмеске кетеді. Тегінде «сөздік қоры жағынан қазақ тілі ешкімнен кем де, кедей де емес, әдебиетіміздің қаулап өсуінің бір себебі осында жатқан сияқты» (М.Әуезов).
Тіл мен сөз құдіретін осындай ойлы мақалаларымен елге танытқан шығармашыл тұлға М.Әуезовтің 1950-1960 жылдары жазған әдеби тіл төңірегіндегі өткір пікірлері де күн өткен өзектілігімен өміршеңдік алып келеді. Әсіресе, тілді халық жасайды, халық оны бейнелі, түсінікті, шымыр, өткір, өміршең қалыпқа келтіретінін ескерер болсақ, сол халықтың тілін қолынан бір сәт қаламын тастамай жинаған жазушының әдеби қорын әлі де тереңдей зерттеу міндеті тұр.
М.Әуезовке дейінгі және сол замандағы, кейінгі қазақ әдебиетіндегі әдеби тіл, ондағы ұлттық дәстүр мен жаңашылдық мәселесі, екі ғасырдағы әдеби үрдіс сабақтары, қазіргі прозадағы көркемдік-эстетикалық ізденістер, прозадағы психологизм, модернизм, постмодернизм, нарратив, психологиялық талдау, кеңістік пен уақыт, әдеби тілдің көркемдік табиғаты, семиотика, структурализм, постструкруализм, қазақ прозасының көркемдік әлемі ,ұлттық құндылықтар бәрі де осы тіл төңірегіне топтасып, осыдан тамыр алып, тармақталып талданып, зерделенетін көркемдік құбылыстар.
Міне, сондықтан да М.Әуезов бүгінгі өмір жайлы роман жазбақ болғанда да , алдымен, сол дәуір жүгін көтере алатын кейіпкерді және оған тән ойлау жүйесі мен тілдік қатынасты, сөйлеу мәдениетін таңдап табу қажеттілігі туғанда да «…бұрынғыша, бүтін бір дәуірлік оқиғаларды терең, мол қамтитын кеңқұлашты роман қызықтыра беретінін,…бүгінгі күн тақырыбын игеруге де осындай кең құлашты роман ыңғайлы»,- екендігін ескере келіп, … «..заман шындығын, замандас сырын толғайтын тың творчестволық туынды туралы толғаныс үстінде біз жаңа дәстүр жасаудан, кеңқұлашты күрделі роман түрін қалыптастырудан және оны жете меңгеруден бас тартпау керектігін»,-өсиет етеді.
М.Әуезовтің 1950-60 жылдардағы өмір ақиқатын осылай бағалап, «Өскен өркен» сынды күрделі тарихи роман тудырып, ондағы замандас бейнелерін өзі мақсат тұтқан деңгейде қазақтың қазыналы сөз құдіреті арқылы бейнелеп, ұлттық құндылыққа мол мұра қосқаны әмбеге аян.