Ғалымның хаты

Тірінің қадірін біл, өлінің қабірін біл!

Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты

Адамшылық өлшемі осындай, өйткені «бәріміз де адамнан жаралғанбыз, ал адам топырақтан жаралған». Мұны дін де, дәстүр де айтады. Әр пендеге топырақ бұйырып жатса, ол — жаратылыс заңы. Адамның бүкіл ғұмырын екі ауыз сөзбен — «таңертең шықтым базарға, бір кебін алып қайттым мазарға» деп дәл суреттеген аталарымыз дүниеден озғандарға қатысты да жөн-жосықты дәстүр деңгейіне жеткізіп кеткені ақиқат. Сол мазарды, мазаратты, зиратты, қорымды қастерлеу, әруақты сыйлап, белгі (көк тас) орнату, әулиенің басына шырақшы қою сияқты сауабы мол істерді жүйесімен, қисынымен атқарған. Сондықтан да шығар, ел аумағында халқымыздың өткенін ұмытпай, жадын жаңғыртуға, бірлігіне сызат түсірмей, топтасуына тұғыр болып келе жатқан тарихи кесенелер мен кешендер аз емес. Оларды рухани дәстүрлеріміздің басты негізі деп бағалаған Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында киелі, қасиетті орындарға қатысты маңызды жобаларды іске қосуды ұсынған болатын. Ал Президент Қ.Тоқаев Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссияның жұмысын жандандыру қажеттігін атап көрсетті. Бұл жайдан-жай емес. Өздеріңізге аян, мұндай қасиетті орындарға қай заманда да басқыншы-отаршылдар, кісәпір пиғылды озбырлар қырын қарады. Әдейі бұзып, талқандады, қасақана бүлдіріп отырды. Пиғылы түсінікті — елдің сағын сындыру, рухын әлсірету, парасатты ұрпақ сабақтастығын үзу.
Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен кейін ғана өшкеніміз жанып, бүлінгеніміз бүтінделе бастады. Руханиятымыздың ұстындарын түгендеуді қолға алдық. Шынтуайтында, егемен ел ғана өз салт-дәстүрін, ғұрпын дамыта алады. Қайсыбір ағайын жеті ата, үш жұрт, түп-тұқиянын түгендеуде ғылымды місе тұтпай, жүйелеуді артық санаса, көп нәрсе ертегі-аңыз деңгейінен аспауы мүмкін. Олқы тұстар ортақ тарихымызбен үйлеспесе де, шежірелер түзу үрдісінде біршама игі іс-шаралар атқарылып келеді. Тағылымы да, жаңалығы да жетерлік, құндылығы да құптарлық, шапағаты да шүкірлік.
Ал біздің айтпағымыз — келелі істің қазір қолға алмаса кеш болатын, елімізде етек жая бастаған әттеген-айы. Солардың бірі — алыс-жақын жерлерде, сайын далада, жол бойында қалқайған ескерткіш белгілер, монументтер мен кесенелер ахуалы. Маңайының қараусыз қалуы, шөп-шалам, тікенек басуы немесе тозаңы шығып, құрылыс, тұрмыс қалдықтарына толып жатуы әлі де болса ескі сананың сарқыншағы мен кір-қолаңы тазармағанымыздай әсер қалдырады.
Әрине, әулие, ірі тұлғалар басына белгі қою, оларды ретімен ұлықтау — елдік дәстүр. «Тірінің қадірін біл, Өлінің қабірін біл!» деп аталарымыз бекер айтпаған болар. Тіпті жекелеген имани-мәдениетті, тарихи кешендерді көргенде, көңіл марқайып, ұлт үшін мақтанасыз, көзіңіз сүйсінеді, кеудеңізді ризашылық сезімі кернейді. Ал басым көпшілігінде жағдай жоғарыда айтқандай, яғни абаттандыруға, көгалдандыруға көңіл бөлінбейді, өліге иман тілеп, әулиелі жерлерді тірілер зияратына лайық орынға айналдырмайды. Ондай сиықтың көңілге қаяу түсіретіні жасырын емес.
Мәселен, кез келген белгі-ескерткішті, монументті, мұңтас-мұнақыпты орнатпастан бұрын уақыт, табиғат сынын ескерген абзал шығар. Әсіресе, жер-жерде, ел-елде, жұрт-жұртта, ауыл-ауылда, ата-атада білекті сыбана кететін белсенділері осындай істі қолға алғанда, оны әрі қарай ұзақ жылдар бойы күтіп ұстауды (эстетикасын сақтауды, көгалдандыруды) ұмытпағаны жөн. Құрылысты салуын салып, арнайы ас берілген соң, ондай орындардың көбі қайта жетімсіреп, егесіз жатады. Кімнің жауапкершілігінде (балансында) екені айқындалмайды, шырақшысы тұрақсыз болады, ұстау мен күтім шығыны ескерілмейді.
Сонда бұл кім үшін, не үшін? Ұрпақ үшін, ел үшін болса, неге тиянақсыз тірлікке жол береміз? Киелі орынға деген мәдениетіміз осылай қалыптаса ма екен? Мұндай бейәдеп, берекетсіздік бүгінгі заманға, елдікке лайық па? Ата дәстүрде ертеңін ойлап қана іс тындырылмайтын ба еді?
Алайда, ұятымызға қарай, аталған үрдіс тоқтаусыз жалғасып келеді. Жалпы мұндай белгілер қою ісінде неге заң, ереже, норма талабы жоқ? Бар болса оны реттейтін тиісті орындар ай қарап отыр ма? Көпшілік жиналатын орындардың қауіпсіз әрі эстетикалық жағынан көрікті болуын кім бақылауы тиіс?..
Халық орынды айтып жүрген тағы бір сын — белгі қою кей өңірлерде ат жарыстан атан жарысқа ұласа бастағаны. Иә, бұл үрдіс қызды-қыздымен Адам Ата мен Хауа Анаға барып тірелуі ғажап емес. Қазір санамызда «Неге біржолата сол әуелгі пайғамбар ата мен бастау-тұма анамызға алып ескерткіш орнатып тынбаймыз?» деген ой да жаңғырып жүр. Шартты түрде алсақ, кеме қалған десетін киелі Қазығұрттың басына қойылатын Адам Ата мен Хауа Ана монументіне дүние жүзі құрлықтарынан адамзат ұрпақтары сабылып келіп жатса деп қиялдайсың… Оның үстіне Президентіміз Қ. Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өткен жөн» деп, қалың қауымға ой салғаны да рас. Мұны ендігі жерде орындалуға тиіс тапсырма деп қабылдаған дұрыс. Мемлекет басшысының тағы бір тың ұсынысы — Жошы хан кесенесін туристер іздеп келетіндей ету мәселесі ғалымдардан бастап түрлі сала мамандарын жаңа ізденістерге жұмылдырып отыр деуге болады. Шыңғыстың өзінен бастап әулетінен шыққандардың қайсысының зираты осылай сақталғаны, оның басқа аумақта емес, нақ қазақ жерінде бүгінгі заманға жеткені туралы тарих тағылымы әлемді дүр еткізетін, дүние жүзін ойландыратын тақырыптың бірі емес пе?
Әне, солай әлемдік туризмге жол ашсақ, кім қой деп отыр? Әлде ондай деңгейге жету үшін міндетті түрде Елбасы, Президент, Үкімет арнайы тапсырма беру керек пе? Көрші мемлекеттер көзін тауып отырған іске неге селсоқпыз?
Жалпы елімізді танытатын Рухани жаңғырудың осындай жобаларын отансүйер кәсіпкерлер мен іс адамдары неге іліп әкетпей жатыр?
Әлемдік эко-этнотуризм менеджментінің, технологиялардың қарқынды, жылдам дамып жатқанын ескеріп, іс жасамасақ, туризм көші мен керуендері елімізді айналып өтетін жағдайға тап болатынымыз бесенеден белгілі. Иә, өзгеге айтуға жалықпайтын, өзімізге келгенде қолымыз тие бермейтін мәселе туралы қам жегенде, мәдениетімізді, санамыздың сапасын күрт көтеру керектігі күн тәртібіне шығады. Сондай адамзаттық құндылықтарды меже етпесе, балаларымыздың балаларының балалары да жайбырақат дағдымен, сарытап әдетпен, ескі сүрлеумен жүре беруі әбден мүмкін.
Ал әзірге еліміздің аумағында көркемдік деңгейі әр қилы, үзіліп-жұлынған шежіредей әр жерде бір қарайған ескерткіштер бізге «әуелі біліміңді тереңдет, ғылым мен өнеріңді дамыт!» деп ескертіп тұрғандай көрінеді. Шеттен келетін туристерді былай қойғанда, тәуелсіз еліміздің ертеңгі ұрпағы үшін атқаратын істердің сапасына көңіл бөлудің де көкейкестілігі артып отыр.
Шындығын айтар болсақ, әуелі барша қазағымыздың ортақ мақтанышы саналатын «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасына енген 100 нысаннан өзге 32 діни-ғибадат орнын, тарихи тұлғаларға қатысты 20-дан астам, ірі саяси, тарихи оқиғаларға байланысты 15 мекенді (мәртебесі барынан өзгесін де) сақтап қалып, қолдан келгенше абаттандырып, ұрпағымыздың қолына бүлдірмей, бүтін табыс ету — ең сауапты істеріміздің бірі деп білеміз. Өйткені халқымыздың басын қосатын, бірлігін арттырып, біріктіретін hәм бекемдей түсетін көне әрі маңызы бар мәдени мұрамыз татулығымыз пен тұрақтылығымызға, тұтастығымыз бен баяндылығымызға қызмет ететін болады. Бұл – Елбасы айқындаған мәңгі ел болу мұратының, Президент Қ. Тоқаев айтқан ұрпақтар сабақтастығының айқын дәлелі. Бұл — ата-баба аманатына, қадір-қасиетіне адалдық.
Ел рухын көтеретін ғылыми, мәдени-тарихи, қолданбалы жобаларды науқаншылықтан сақтап қалу, оларды ұзақ мерзімге шақталған үздіксіз үдеріске айналдыру мемлекетіміздің де, халқымыздың да кемелдік жолын ашатыны анық. Сонда Ұлы даламыздың қыры мен сырын танып меңгеруді — әрбір прагматик азамат өзінің перзенттік парызы санары сөзсіз.

Метки

Похожие статьи

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Кнопка вернуться наверх
Закрыть