Ясауи мұрасы

ТҮРКІСТАН: «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық экспедициясы Қызылордаға барды

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық экспедициясы Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Қожа Ахмет Ясауидің туған ағасы Садыр шайық пен одан тараған белгілі тұлғалардың кесенелеріне барды, деп хабарлайды «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі.

Тарихи деректерге сүйенсек, Ибрахимұлы Садыр шайық та дінге берілген тұлға. Алайда, Садыр шайықтың оқуы, білім алуы, Сайрамнан Түркістанға келуі, одан Сыр бойындағы Өзгент шахарына бас имам болуы жайлы тек халық арасында аңыз-әңгімелер ғана сақталған. Садыр шайық Жаңақорған ауданына қарасты Қожакент ауылында Қойлақы көлінің жанына жерленген.
-«Бүгін біз Садыр шайықтың мазарына келіп, құран бағыштап, тарихымен тереңірек танысу мақсатында жұмыс жасап жатырмыз. Тарихи деректерде Ибрахим шайықтан Садыр және Ахмет атты екі ұл тарағаны белгілі. Соңғы кезде Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың туған-туыстары жайлы кең түсінік жоғалып барады. Біздің мақсатымыз – Түркі әлеміне ортақ тұлға Қожа Ахмет Ясауи бабамызға қатысты барша деректерді жаңғырту,  іздестіру, зерттеу, халыққа кең көлемді насихат жасау, келер ұрпаққа толыққанды мәліметтер жинақтап қалдыру. Садыр шайықтың Жаңақорғанға қоныс аудару себебі жайлы көптеген аңыз-әңгімелер бар. Бір деректерде Қожа Ахмет Ясауидің ұлы Ибрахим Сұлтан кісі қолынан жастай қаза тапқан соң, күйінгеннен басқа тұсқа қоныс аударды делінсе, ал бір деректерде ел ішінде бір-бірінен кек алу қақтығысы тумас үшін туған бауыры Садырды Жаңақорған жеріне Ясауидің өзі қоныс аудартқан дейді. Бұл әрекеттерді іштей саралап көрсеңіз де өз ұлының қазасына жаны күйзелсе де бір-біріне деген мейірім мен тыныштықты көксеп,  жақсылық пен адамгершілікке шақырған ұлылық пен тектілікті,  тақуалықты аңғаруға болады. Қожа Ахмет Ясауиге құрметімізді бауырлары мен ұл-қыздарына да көңіл бөліп білдірсек деген ниетіміз бар. Жалғыз бауырының тарихы жоғалып барады»,-дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Қазіргі таңда Садыр шайықтың қабірі қараусыз жатыр, тіпті,  мемлекет қорғауына да алынбаған. Баба басына құран бағыштап бару бұрынғы және кейінгі қорымдар жатқандықтан аса қиындық тудырады. Бұған дейін Садыр шайықтың ұрпақтары жиылып баба қабірін ақ кірпішпен қоршап, құлпытас орнатыпты.
-«Садыр шайық – Ибрахим бабамыздың үлкен ұлы. Садыр шайықтың ұрпақтары Жаңақорған жеріне кең таралған. Баба ұрпақтарының ішінен қаншама әулиелер мен батырлар, шешендер мен бектер шыққан.
Садыр шайықтың «Қылуетті Шайық» деген де лақап аты бар. Ол ұлы Әзірет – Қожа Ахмет Ясауидің туған бауыры. Өкінішке орай, елеусіз қалып барады. Бабаның басына ақ кірпіштен төрт бұрышты кесене тұрғызылды. Кесене маңындағы көл Қойлақы деп аталады. Қойлақы көлінің атауы Садыр шайықтың Қожа Ахмет Ясауидің тәрбиесінде болып, ұлына айналған Мәулана Сафи-ад-дин Орын Қойлақымен байланысты қойылған.

Бұл көлдің арғы тұсында Қойлақының қабірі жатыр»,-деді Жаңақорған аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нәбихан Шалапов.

XI-XII ғасырда өмір сүрген Садыр шайықтың кесенесіне келушілерге арнап жол салу, жаңғырту, туризм нысанына айналдыру және тарихы мен есімін насихаттап, жандандыру бойынша «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі тарапынан жергілікті билік өкілдеріне ұсыныс жасап, жұмыстар жүргізу көзделуде.

«Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық экспедиция мүшелері Садыр шайықтың немересі, Қожа Ахмет Ясауидің ең сүйікті шәкірті әрі ізбасарларының бірі – Мәулана Сафи-ад-дин Орын Қойлақының және Үсен шайық пен Қара шайық және Бәймен қожаның кесенелеріне барып, тарихымен танысты.

«Насабнама» жазбаларының деректерінде Қожа Ахмет Ясауи дүниеден өтер алдында орнын туысқан інісі Маулана Сафи ад-дин Орын Қойлақыға берген. Ол 93 жыл өмір сүреді. Оның ішінде 50 жыл Қызыр, Ілияспен сұхбаттас, дәмдес болады. Жергілікті халық Сафи ад-дин шайықты «Қойлақы ата» деп атайды. Бұл кісінің атында көл де бар. Ел құрғақшылыққа ұрынғанда асасын жерге қадағанда, атқылаған судан Қойлақы көлі пайда болыпты деседі аңызда. Кейін өзінің мүрдесі де сол жерге қойылған. Әкесі Данышпан қожа ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген.

Ахмет Ясауидің жолын жалғастырушы, ағалы-інілі Үсен шайық пен Қара шайықтың кесенелері Аққорған ауылдық округіне қарасты Түгіскен ауылындағы Аққорған қорымында орналасқан.

Аққорған – ел мен жердің аты. Бейіт маңында ортағасырлық қираған қаланың орны жатыр. Бейітте ата-бабаларынан бермен қарай өткен ұрпақтардың қабірі орналасқан.
Аққорғандық қожалардың түп атасы Ысқақ баб болса, одан кейінгі ұрпақтары Садыр шайық, Сафуаддин шайық, одан өрбіген ұрпақтар өкілі ХVІ -ХVІІ ғасырларда өмір сүрген ағайынды – Үсен шайық пен Қара шайық.
Үсен шайық пен Қара шайық – Баһуаддин шайық әулиенің балалары.

Садыр шайықтан тараған ұрпақтардың әулиелік қасиетке ие болған соңғы тұлғасы ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХ ғасырдың 30-жылдары өмірден өткен – Бәймен қожа. Бәймен қожаның шын есімі  – Баймұхаммед. Ол Қара шайықтың ұрпағына жатады. Алла тағала ол кісіге көріпкелдік, емшілік қасиеттермен қатар ата-бабасының әруақтары арқылы Алла тағаладан аян алатындай дәрежеге ие еткен екен.

Сапар барысында ел ішінде жиі айтылмайтын, тың деректер мен аңыздар да жинақталды.

Гафура Асқарқызы

Дереккөзі: https://turkystan.kz/article/145413-ahmet-yasauidin-agasy-sadyr-shayyk-syr-boyyna-nege-konys-audardy

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button