Ясауи мұрасы

Қожа Ахмет Ясауи, Ақсақ Темір және Түркістан мәдениеті

Қазақ халқының тарихында Отырар мен Сайрам ғана емес, сонымен қатар Түркістан қаласы да ежелден-ақ маңызды қызмет атқарған. Өйткені Еуропадан Азия арқылы Үнді, Қытай еліне баратын керуен жолы тап осы Йасы арқылы өтуші еді. Тоғыз жолдың торабында тұрғандықтан да бұл шаһар күні кешеге дейін түркі халықтарының үлкен рухани, мәдени орталықтарының бірі болды. Мұнда белгілі тарихшылар, жылнамашылар, ғалымдар, әдебиетшілер мен ақындар жиі бас қосатын. Йасы сондай-ақ Дәшті Қыпшақ даласын Самарқан, Бағдад шаһарларымен және сонау Солтүстік Африкадағы Мысыр елімен де жалғастыратын.

Бұл қала жайлы алғашқы деректерді біз IX ғасыр жазбаларынан кездестіреміз. Ол әуелі Шауғар делінгенмен, кейінірек Йасы боп аталған. XV ғасырдан бастап Түркістан атауын алды. Осындай терең тарихы мен өзіндік бай дәстүрі бар Шауғар-Йасы-Түркістан орта ғасырларда Оңтүстік өлкесінде Отырардан кейінгі дәрежеде тұрғанымен әдебиет пен мәдениет бесіктерінің бірі болды.

Оның аты жазба әдебиеттерде әдетте Орта Азия мен Таяу және Орта Шығыс жұртын Ақсақ Темір (1336-1405) билеген ксзде жиірек аталады. Иә, осы бір дала қыраны аталған қаһарлы әмірші XIV ғасырда Иран мен Тұран жерінің дүбірі басылмаған аламантасыр жылдары өмір сүрді. Жер қайысқан қол жинап, қатаң тәртіп орнатып, кіндік қаласын Самарқан еткен қолбасшы Ауғанстан мен Үндістан, Таяу және Орта Шығыс елдерінде жеңіс жалауын желбіретіп, Ресейге де ат басын бұрған. Әсем нақышты зәулім сарайлар салдырған. Бұхара мен Самарқан, Түркістандағы талай сырды ішке бүккен өрнекті де айшықты ғимараттар тап осы Ақсақ Темір әмір жарлығымен тұрғызылған.

Ақсақ Темірдің қазақ халқының тарихына да тікелей қатысы бар. Халқымыз ұлт болып қалыптасып тарих сахнасына көтерілер кездегі сан алуан оқиғалар оның қатысуынсыз өткен емес. Ақсақ Темір құзырына қараған жамағат пен қисапсыз қолының ішінде қаңлы мен қыпшақ, арғын мен найман, дулат пен коңырат һәм олардан шыққан баһадурлар мен сарбаздар да көп еді. Сол себепті халқымыздың әдебиеті мен мәдениеті, рухани өмірі сөз болған тұста Ақсақ Темірді аттап өту әділдік те емес.

Иә, Ақсақ Темір әсіресе түркі халқының ұлы ақыны Сайрамдық Қожа Ахмет Ясауиге ерекше ілтифат, құрметпен қараған. Оның басына көгілдір күмбезді ғажайып ескерткіш тұрғызған. Өзіндік архитектуралық ерекшелігі, қайталанбас өрнегі және бай тарихымен болсын бұл өзі бір дара дүние. Сондықтан да кесене десе есімізге алдымен Ақсақ Темір түседі, сол тұстағы әдеби, мәдени өмір елестейді.

Десек те, әуелгі сөзді Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармашылығынан бастайық. Өйткені ол Қазақстанмен Орта Азиядағы сопылық поэзияның көрнекті өкілі, уәлі ауыз дана, кемеңгер ойшыл.

Ахмет 1093 яки 1094 жылы ежелгі Исфиджаб Сайрам шаһарында туылған. Өйткені оның ата-анасы Ибраһим мен Қарашаш осында тұрып, осы жерде қайтыс болған. Олардың зиратына орнатылған күмбездер де осы Сайрамда тұр.

Араб, парсы биографтарының жазбаларына қарағанда Ахметтің әкесі өз заманының сауатты, көзі ашық адамы болған секілді. Бала Ахметке араб, парсы тілдерін таяу жатқан Иран, араб жұртындағы Исфаһан, Бағдад шаһарларынан ұстаз жалдап оқытады. Он алты жасының өзінде-ақ жас Ахмет шығыс поэзиясын, әдебиетін, фәлсафасын жетік меңгереді. Он жеті жасынан бастап өзі де өлең жаза бастайды. Өз жырларын сол кездегі шайырлар секілді араб, парсы тілдерінде емес, өзінің ана тілі – түркі тілінде жазған. Ясауи шығармашылығының құндылығы да осында.

Жауқазын гүлдердің әдемілігін тамашалап, өмірді жырлаған ақынды арада біраз жыл өткен соң араб елдерінен сыңсып жеткен сопылар поэзиясының үні мен жаңғырығы өз «қайығына» отырғызбай коймайды. Ол Бұхараға барып дәріс алуға тілек білдіреді. Онда _ парсы жұртынан келген оқымысты Әбу Йағкуб Йусуф әл-Хамаданиден (?- 1140) тағылым алып, білімін молықтырады. Соңыра туған жеріне кайта оралып, сопылыклен айналысады.

Ахмет ел ішінде әділдігімен де аты шыккан адам. Шешендігімен де жерлестері арасында сый-құрметке бөленеді. Ахмет айтып еді деген қанатты, ғибратты, діни өсиет-насихатқа толы сөздер елден-елге тарайды.

Қожа Ахмет өмірінің соңғы жылдары Мауараннаһр даласында дүрбелең, аламан тасыр окиғалар көбейген кезенде өтті. Мұны Орта Азия халықтарының тарихын көп зерттеген ғалым, академик М. Е. Массон да растайды. Ол «Қожа Ахмет Ясауидің заманында Орта Азия шығыстан келген мұсылман емес халық – қытайлардың (қарақытайлардың) шапқыншылығына ұшырады. Олар әуелі Шу бойын басып алып, онда орныққан соң, 1137 жылы Ходжент қаласының маңында Самарқанның ханы Махмудты (1137-1141), ал, 1141 -жылы Қатауан даласында самарқандықтар мен селжүктердің сұлтаны Санжардың (1118-1157) біріккен әскерлерін жеңіліске ұшыратты. Қарақытайлар өздері басып алған жерлерде мемлекет құрды. Олар бірте-бірте мұсылмандардың дініне шек қойғандықтан ислам өзінің бұрынғы беделінен айрыла бастайды» деп жазды.

Бірақ арада көп уақыт өтпей-ақ халық жатжерлік басқыншыларға қарсы көтеріледі. Міне, осындай күреске Қожа Ахмет тілектес болған. Сондықтан да оның халық арасындағы қадір-құрметі бұрынғыдан да арта түседі.

Қожа Ахмет 1157 жылдар шамасында алпыс үш жасқа толғаннан кейін «пайғамбар жасына жеттім, бұдан әрі әмір сүруім «күпірлік» деген оймен осы күнгі өзінің кесенесінен оңтүстік шығысқа қарай жүз, жүз елу метрдей жерден жер астын қаздырып, Аллаға құлшылық ететін бір кісілік жер асты жертөле мешітін салдырады. Күні бүгінге дейін сақталған бұл үйдің ортаңғы бас бөлмесінің кендігі 2×2, ал биіктігі бір жарым метрдей, яғни орта бойлы адам еркін жүре алатындай. Бөлменің екі қабырғасында шам қоятын текшелер де істелген. Ахметтің бұл жер асты мешітін жергілікті халық араб сөзімен «халуат» (место уединения – Ә. Д.) деп атаған. Қазіргі тарихшы ғалымдардың жазбаларында осы сөз «хильвет» деп бұрмаланып жазылып жүр. Міне, алпыс үш жасқа толғаннан кейін Қожа Ахмет бар дүниені тәрк етіп, осы халуатына түскен.

Халық аңызына карағанда Сайрамнан басталатын жер асты жолының бір шеті осы Түркістандағы Қожа Ахметтің халуатымен жалғасып жатқан. Ал, кейбір деректерге карағанда Қожа Ахмет халуатта күні бойы құдайға құлшылық етіп, ал ымырт қараңғылығы түскен соң, өзінің жер асты мешітінен әрі қарай қазылған жолмен Йасыдан он үш шақырым ұзап шығып, жусанды даланың жұлдызды түндерінде таза ауамен тыныстайды екен.

Халуатга ғұмыр кешкен он жылдың ішінде Қожа Ахмет өзінің атакты «Хикмет» («Даналық сөздер») деп аталатын циклды өлендерін жазған. Ақын өз бәйіттерінде:

Құл Қожа Ахмет әрбір сөзің дертке дәрмен,

Тәліптерге (шәкірттерге) баян етсем қалмас арман.

Төрт мың төрт жүз хикмет айт хақ, пәрменімен,

Дәрмен болса, өлгенше жырласам мен,- деп даналық сөздерінің 4 мың 400 екендігін ескерткен. Бірақ, өкінішке орай, шайырдың «даналық сөздерінің» түпнұсқасы сақталмаған. Ал, бізге жеткен варианттары XV және XVII ғасырларда көшірілген нұсқалары ғана.

Қожа Ахмет Ясауи хикметтері Қазан төңкерісіне дейін Қазанда (1889, 1902), Стамбулда (1901), Ташкентте (1902, 1911) бірнеше рет басылды. Бір қызығы Қазан басылымында татар, Стамбул нашриятында түрік, Ташкент жарияланымында өзбек тілінің элементтері басым боп келеді. Бұл біздіңше хаттаттар (көшірушілер) қаламының әсері болса керек. Әйтсе де, ақын бабамыздың өсиеттері күні бүгінге дейін егжей-текжейлі терең зерттелген жоқ. Соңғы жылдары белгілі ақын Ә. Жәмішев адалдық пен ақиқат жолын толғаған ойшылдың I, 45-49, 51-54,63 хикметтерін тәржімалап өз оқушыларымен таныстырса («Заман-Қазақстан», №13, 9-шілде, 1993 ж.), әдебиетшілерден X.Сүйіншәлиев Ясауидің даналык сөздері жайлы өз пайымдауларымен ой бөлісті.

Дей тұрғанмен ақынның ғибратты дүниелері жайлы соңғы жүз жыл ішінде Россия шығыстанушыларынан Е. Э. Бертельс, А. Н. Самойлович, С. Е. Малов, А. К. Боровков, Ә. Наджиб, түрік оқымыстыларынан Ф.Куприлизаде секілді т.б. ғалымдардың еңбектері жарияланды. Мысалы мәскеулік Ә. Наджиб Қожа Ахмет Ясауи «Жинағының» ғасырлар бойы толықтырылып, өзгеріске ұшырап отырғандығын айта келе «қазір ақын хик- меттерінің қайсысы оның өз қаламынан туған, ал қайсысының өңі өзгертілген, немесе шәкірттері тарапынан жазылғандығын айту қиын. Ясауи мен шәкірттерінің өлендерінің тілі қарапайым, формасы жағынан ол халық ауыз әдебиеті үлгілеріне жақын. Араб-парсы тілдерінің элементтері онда аз, бірақ «Құтадғу білікпен» салыстырғанда араб-парсы сөздері басым түсіп жатады, аруз өлең өлшемімен жазылған жыр жолдары да жоқ емес»2, – дейді. Сондай-ақ ол бабамыздың ғаклияларының оғыз-қыпшақ тіліне сай келетіндігін ескерте отырып, сол заманда карлұқ-ұйғыр әдеби тілімен қатар кыпшақ-оғыз сияқты екінші түркі әдеби тілінің де болғандығына назар аударады.

Қожа Ахмет поэзиясын кеңес дәуірінде өзбек ғалымдарынан Э. Рүстемов, Н. Маллаев, И.Хаккұлов және тағы басқалар біраз зерттеді. Ақын жырлары өзбек әдебиетінің антологиясына кіргізілді. Соңғы автор Қожа Ахмет хикметтерін 1983 жылы Анкарада шыққан басылымы негізінде (алғысөз, түсініктеме және арабша түпнұсқаның кейбір үзінділері) 1991 жылы Ташкентте нашрияттады. Одан ақын хикметтерімен қатар, ойпаздың «Мінажаттары», «Миғраж хикаяларын» да ұшыраттық, Қожа Ахмет жырлары әділдік, шапағаттылық, мейірімділік, тақуалық, шыншылдық, ойлылық, тазалық секілді игі істерге, яғни Абай айтқандай «бес нәрсеге асық, бес нәрседен қашық» болуға шақырады. Оны өзінің парасатты пайымдаулары мен байлауы мол бағамдары, өмір мен тұрмыс, тіршілік туралы топшылаулары арқылы баяндайды:

«Бисмиллаһ»,- деп сөз бастап, хикмет айтып,

Шәкірттерге дүррі гауһар шаштым міне.

Тақуалық жолын тұтып, қайғы жұтып,

«Дәфтарсәни» беттерін аштым міне.

 

Сөзімді айтам зейін қояр барша жанға,

Жан жылуын, жүрек отын аңсағанға.

Демеу болсын ғаріп, пақыр, шаршағанға,

Кекірейген кердеңдерден қаштым міне.

 

Қам көңілдің қайғысына дауа болғын,

Жолда шаршап шалдыққанға сая болғын.

Махшар күні2 мархабат ет, пана болғын,

Мейірімі жоқ менмендерге қаспын міне.

 

Расул қолдап кілең пақыр, жетімдерді,

Миғраж шығып Алланың ақ жүзін көрді.

Оралған соң тіпті көп түсті мейірі,

Ізгі жолға мен де аяқ бастым міне.

 

Үммат болсаң, ғаріптерге көңіл бөлгін,

Аят’, хадис айтқандарға зейін қойғын.

Ақ ниетпен ас бергенге пейіл болғын,

Мен де ақ пейіліммен шарабын іштім міне.

 

Расул қанша Мәдинада болды ғаріп,

Сол себептен «Алла досы» атанды анық.

Жаратқанға жалбарынды қолын жайып,

Мен де сондай боп тұрмын міскін міне.

 

Ақыл алсаң, ғаріптердің қамын ойла,

Мұстафадай бойлай бер қалың ойға.

Дүние парас жаһілдерге қайым болма,

Бойым таза, шалқи тасып, көңліммен көк құштым міне.

Жаратушы көрсетті бір елес маған,

Топыраққа айналарым болды аян.

Исрафилды3 дауылы соқты жаман,

Каусап денем қалмады еш ұсқын міне.

 

Зейнім қатты, тілім ащы болдым залым.

Құран ұстап оңдырмас жалған ғалым,

Мал мүлкім жоқ, садақа ғаріп жаным,

Хақтан қорқып, отқа түспей пістім міне.

 

Алпыс үшке жетті жасым, өттім ғафил4

 Алла әмірін атқарған мен бір жаһил.

Ораза, намаз дегеннен жұрдай тақыр,

Үсті-басым баттасқан кір, күспін міне.

 

Уа, дариға, махабаттыц дәмін татпай,

Жар да сүймей, үйді ойлап, дүние таппай.

Ойсыз, қамсыз, шайтандықтан бойды тартпай,

Жан берерде жанталасқа түстім міне.

 

Қашты иманым, қасіретке батты ділім,

Жылдам жетті-ау әйтеуір кәміл пірім.

Шайтан лағнат зыта қашып жоғалтты ізін,

Бихамдуллаһ, иман нұрын құштым міне.

 

Кәміл пірім қызметінде тынбай жүрдім,

Дамыл таппай, көз ілмей зырлай жүрдім.

Әзәзілдің арбауына қыңбай жүрдім,

Сосын да мен қанат қағып ұштым міне.

 

«Ғаріп пақыр, жетімдердің көңілін көтер.

Қамқоршы бол, жаныңды да пида етер,

Тапқаныңды аузына тос, тұрма бекер»,

Естіп осы Алла сөзін ақ жолына түстім мен де.

 

Ғаріп, пақыр, жетімдерді кім аяса,

Разы болар Пәруардігер оған аса.

Үммат болсаң сен әманда сауап жаса.

Мұстафапың өсиетімен ақ жолына түстім мен де.

Қожа Ахмет Ясауи хикметтері тақуалық ғұмыр, ғаріп, пақыр, жетімдергс пана болып, қамқорлық жасау, Алла елшісінің жолын ұстау, өмірді босқа өткізбеу һәм Құрани Кәрімнің сүре, аяттарындағы уағыздар мен Мұхаммед пайғамбарымыздың касиетті хадистеріндегі өсиетнамаларды еске түсіреді. Сайып келгенде ұлы ақын бұрынырақ ғұмыр кешкен мұсылман шығысының ойпаздары мен даналарының кәміл адам тәрбиелеу туралы идеясын алға тартады, әрі ол сопылық тағлым, дәстүрмен сабақтасып жатыр.

Ұлы кемеңгер жеті жасқа жеткенде, Арысланбап бабаның Мұхаммед пайғамбар атынан өзіне құрма бергенін, сонан бастап өзінің тәңірі жолына түскенін айтады:

Сол заматта-ақ кеудемде бір шырақ жанды,

Еркелете шақырып қасына алды.

Мектеп барып, бек қуанып тұрдым мен де,

Кітап ашып, сүрелердің мәнін сұрап.

 

Ұққанымша асықтым әзер шыдап,

Қол қусырып, ұстазымның сөзін сыйлап.

Балам-ау, бұл былай деп айтты, білдім,

Одан соң да сан сауалды қойып жүрдім.

 

Күндер өтті, әзәзілді ұстап міндім,

Сом темірмен сойылдап ұрдым мен де.

Зікір салып, диуанамен жүрдім бірге,

«Алла» деуден бір тынбадым күндіз, түнде.

 

Шам айналған көбелектей түстім күйге,

Жалын атып, от боп жанып күйдім мен де.

Бұрынғымнан күрт өзгеріп бөгде болдым,

Алла түспес аузынан пенде болдым.

Міне, осылай Тәңіріге деген сүйіспеншілігі арқылы адалдық пен ақиқат жолын тандаған ақын ақыры сопылық жолға түсіп, өзі айткандай «әділ сөйлеп, адал жүрер жерде болып, тазалық тұрағына енген».

Ақын баба өз хикметтерінде атын атап, түсін түстемесе де, өзінен бұрын өткен даналар сөзіне зейін қойып, олардан үйренгенін жасырмаған. Құрани Кәрімнің сүрелері мен аяттарын жадына сақтап, хадис пен суннаға мойынсұнғанын жиі еске алады, оны өзгелерге түсіндіріп, уағыздайды, өмірді бос, мағынасыз өткізбеуге шақырады. Сондай-ақ ол жи- ырмаға жуық хикметтерінде 63-ке толғанда жер астына түсіп, халуатты мекен ету себебін, Жебрейіл періште һәм Мұхаммед пайғамбармен қалай тілдескені, хақ жолын қалай тандағанына тоқталады. Сонан 78 шумақтан тұратын тағы бір хикметтерінде дүниеге келгеннен 63-ке толғанға дейінгі өмір жолына үңіледі. Соған қарағанда Қожа Ахмет Түркістанға 17 жасында келген, 26-ға аяқ басқанда сауда-саттықпен айналысыпты, 28 жасында ғашықтық отына шарпылып, 34 жасында ғалым, дана атанған, хикметтер айта бастаған. Сөйткен ақын өз ғибратнамаларында тағы да өмірді мәнсіз, мағынасыз, қызық қуумен өткізбей, хақ жолына түсуге, қиыншылыққа төзуге, шыдамды болуға, адал өмір сүруге, имандылық пен қайырымдылыққа шақырады.

Ақын хикметтерінің бірқатары ғашықтық жайын да сөз етеді. Бірақ онда әдеттегідей жігіттің қызға, қыздың жігітке деген сүйіспеншілігі емес, керісінше – әңгіме ақынның Алла тағалаға, яғни Жаратушыға дсген махаббат, іңкәрлігі туралы. Сопылық поэзия өкілдерінің махаббат, шарап жайлы жырларын оқығандардың кейде осы поэзиянын қыр-сырын білмей, байыбына бармай тұрып, айтылар ойдың тереңін емес, бетін ғана қалқитыны бар.

Қожа Ахметтің даналық сөздерінің көпшілігінде ұстазы Арысланбап жиі еске алынады, ақын ұлы ойшылдың айтқандарына құлақ қойып, ой жібере қарауды ұсынады. Менмен, көрсеқызар, кеудемсоқ, дүниеқоңыз болмауға, тәубаға келуге ақыл-кеңес береді, яғни бабамыздың хикметтері толған ғибрат, мәнді де мағыналы пікір, адамгершілік мұраттарына толы.

Қожа Ахмет базбір хикметтерінде надандарға сөзінді қор етпе, мейірімсіздерден қайырым күтпе, кісі ақысын жеме, арамдықпен мал жима, өтірік айтпа, дүние-байлыққа қызықпа, оның бәрі өткінші, мәңгілік ештеңе жоқ, дүние жалған ешкімге де опа болған емес, дүниеқоңыздықпен мәңгілік өмір сүргісі келген һарун (қазақ түсінігіндегі Қарынбай), пырғауындар заманындағы Хоман, немесе халық сүйіктілері Фархад-Шырын, Ләйлі-Мәжнүн қайда қазір, олар неге мәңгілік ғұмыр кешпеді, Алланың қаһары түссе, бәрі де бір сәтте-ақ жермен-жексен болады дей отырып, жұпыны өмір, қанағатшылдыққа, кедейлікке арланбауға, басқа түскен ауыртпалықты мойымай көтеруге шақырады һәм қолына тәспі ұстағанымен, кәззап аулына тұрақтаған молда, муфти, қазы, имам, арам әмірші, қиянатшыл бастық, дәруішпін деп елді алдаған ашкөздерге күндердің күнінде зауал болмай қоймайтынын ескертеді.

«Диуани хикметте» сюжетті аңыз-әңгімелер де ұшырасады. Одан араб, парсы, түрік, ауған, үнді, қазақ, өзбек, татар, түркімен ауыз әдебиетінен де аты таныс Исмаиыл, Ахмад шайқы, Хаким Қожа Сүлеймен, Сопы Мұхаммед, Ахмет ата, Йусуф Байдауи, Баязид, Жүсіп-Зулейха, Ләйлі-Мәжнүн, Фархад-Шырын, Қызыр Ілияс, шаһ Мансур мен оның пірі Зуннун шайқы және Микаил мен Исрафил іспетті періште аттары да аталады.

Ал енді «Диуан» соңындағы «Мінажаттар» жинақтың сөлі мен нәрі сияқты. Ақын онда өзінің терең ойы мен түпкі мақсатына, хикметтерінің асылы мен ақығы, жауһары мен дүрі, қадыр, қасиетіне пайымдап, парасаттылықпен қарауға, өсиеттерінің інжу-маржандарын тере білуге шақырады. Хикметтерін зерделей алған адамға ойшыл бабамыз шапағат етіп, иман байлығын беруге уәде етеді, бата берген секілді:

Менің хикметтерімді дана естісін,

Сөзімді дос қылып, мақсатына жетсін…

Қияметтс оған жетекші болармын,

Егер дертті болса, дәрі болармын.

Егер ол жүз жылдық ғұмыр тапса, қартаймас,

Егер ол жер астына кірсе, шірімес.

Ясауи хикметін дана естісін,

Естімегеннің бәрі қасіретте қалсын.

Кұлаққа ілмес бұл сөзді надан,

Оны адам деме, оның жынысы хайуан.

Менің хикметтерімді уайымсыздарға айтпаңыз,

Теңдесі жоқ гауһарымды наданға тек сатпаңыз, – дейді ұлы кемеңгер.

Ақын 44-хикметінен бастап Мұхаммед пайғамбардың өмір жолын қысқаша суреттеген. Онда пайғамбарымыздың анасы Әмина, әкесінің аты Абд Алла екенін, бірақ оның туылмай жатып әкесінен айырылғанын, сол себепті бабасы Абд әл-Мутталиб тәрбиесінде өскенін еске алады. Мұхаммед жетіге толғанда бабасы да көз жұмады. Өлер алдында ол жасөспірімді інісі Әбу Тәліпке (Әбу ибн әби Талиб) аманат етеді. Әбу Тәліп оны көпті көріп, өнеге алсын деген оймен қайда барса да өзімен бірге ертіп жүреді екен.

Мұхаммед он жетіге толып, ат жалын тартқанда Хадишаны (Хадиджа бинт Хууайлид) ұшыратады. 25 жасында үйленеді. Хадиша оған жас кезінде шетінеген бірнеше ұл және Рукайа, Умм Кулсум, Зейнаб, Фатима есімді қыз туып береді. Қырыққа келгенде ол хақ жолына түседі. Алла жар болып патша болады:

Расулға баршасы қызмет қылады,

Әдеппен жүріп ізет қылады, дейді ақын.

Қожа Ахмет пайғамбарымыздың әсіресе жетім-жесір, ғаріптерге ерекше мейіріммен қарағанына кеңірек тоқталған. Бірде оған жетім бала келіп, ғаріптік халін баяндайды. Мұхаммед оны аяп, мейірім, шапағатын төгіп, тілегін орындайды. Өзінің де жетім өскенін, жетімдікпен жетілгенін, жетімдер өзінің нағыз үмметі екенін айтады. Сөйткен ақын енді Әбу Тәліпұлы Әлі батырды сыпаттауға көшеді. Әсіресе, оның кәпірлерге келгенде ымырасыз, жаужүрек батыр болғанын тілге тиек етеді. Тұлпары Дүлдүлге мініп, Зулфикар атты қылышымен дұшпанына қйсқая қарсы шапқан Әліге ешкім қарсы келе алмаған. «Диуандағы» батыр Әліге арналған хикметтер тізбегі енді бір сәт Мұхаммед пайғамбарымызға арналған мадақпен кайта жалғасады.

«Миғраж хикаясы» атты бөлім хикметтері де қызық оқылады. Жебірейіл періште пайғамбарымызға Бурак (Пырақ) атты тұлпарды әкеледі. Мұхаммед онымен көкті шарлай өтіп, жеті қат аспанға көтеріледі. Ақырында Тәңірімен тілдеседі. Құдай тағала оны жақсы қарсы алады. Тілегін сұрайды. Пайғамбар өз үмметтері үшін әуелі қырық, сосын елу, сонан соң алпыс, ақыры жетпіс жас өмір сұрайды. Пайғамбар тілегі қабыл болады. «Миғраж хикаясының» қысқаша мазмұны осындай. 47-58 хикметтерде Мұхаммед пайғамбардан кейін билік құрған Әбу Бәкір Сыдық, Омар, Оспан, Әлі ибн Әбу Тәліп секілді төрт халифаларға да мадақ айтылған.

Ақын хикметтерінде жоғарыда айтылғандай кейде Құрани кәрім, хадистерден алынған түрлі аңыз әңгімелер, діни-мифологиялық оқиғалар да ұшырасады. Дей тұрғанмен, «Хикметтер» Құран сүрелері мен аяттарының аудармасы да, сол ауанда жазылған шариғат шарттары да емес. Кемеңгер бабамыз өз уақтысының шындығымен қоса өз өмірінің бүкіл болмысын, ғұмырлық тәжірибесін, ізденістері мен құлшыныстарын, Алланың ақ жолын – Ақиқат жолын табу мен тану үшін не істеу керектігін өлеңдік өрнекпен, ғұламалық терендікпен, шын мұсылмандық ұғыммен айтып отырған. Ана сүтімен, ата тәрбиесімен, ұстаз ұлағатымен, қаршадайынан қанына сіңген, бойына дарыған, жүрегінен жай алған ұлы Наным, оны осы Ақиқат жолындағы тынымсыз ізденіске түсірген, басынан кешкен барлық хикметтер туралы толғандырған, бүкіл ынта-ышқынмен, құштар көнілмен Ақиқат жолын тануға, табуға ден қойған, бұл мұрат жолында ол қиналыс пен қиындықтың қандайына болса да көнген, төзген».

Сөйткен бабамыз ұстанған, уағыздаған хақ жолы идеясы тек Қазақстан мен Орта Азия ғана емес, сонымен қатар бірте-бірте Үндістан, Пакстан, Иран, Арабстан, Кіші Азиядағы Түркия, Еділ бойы мен Кавказ тауларын мекендеген мұсылман жамағатына да жетіп, өз қостаушыларын тапқан.

Түріктің атақты ақыны, кемеңгер данагөйі Жүніс Әміре (1250-1320) де Қожа Ахмет Ясауиді өзінің рухани ұстазы санаған.

Йасылық шайыр сөйтіп жоғарыда айтылғандай 1167 жылы 73 жасында қайтыс болады. Жергілікті халық және оның ізбасарлары, шәкірттері, ақын денесін қазіргі ғимарат тұрған жерге жерлеген. Оның басына әуелде әдемі күмбез орнатылғанымен, монғол шапқыншылығының тұсында ол құлап қалады.

Он төртінші ғасырдың екінші жартысынан бастап Түркістан өлкесін Монғолдың түркіленген Барлас руынан шыққан Тарағай бектің баласы әлемге Темірлан (Ақсақ Темір – Ә. Д.) деген атпен әйгілі болған Орта Азиялық колбасшы биледі. 1370 жылы ол өзінің бақталастары мен негізгі қарсыластарын күйрете жеңгеннен кейін Мауараннаһр жұртына билік жүргізді. Орталық шаһары етіп Самарқан қаласын таңдап алды. Темір ғылым мен мәдениеттің өсуіне, өркендеуіне айрықша көп көңіл бөлді, әскери жорықтарда қолға түскен шеберлерге Орта Азия мен Қазакстанның қалаларында мешіт, медресе, кесене, ғимараттар салдырды. Соның куәсі – архитектураның тамаша үлгісі ретінде күні бүгінге дейін сакталған Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Жоғарыда біз Ясауи қайтыс болған соң ақын зиратының басына орнатылған күмбез құлап қалған дегенбіз.

Міне Ақсақ Темір жергілікті халықтың көңілінен шығып, оларды өз ықпалында ұстау мақсатымен 1395 жылдан бастап Түркістанда Қожа Ахметтің басына екінші рет ескерткіш орнатуды бұйырады. 1395 жылдан бастауда да көп сыр бар сияқты. Өйткені ол сол жылы ғылым, білім, өнерімен аты шыққан Иран еліндегі Исфаһан, Шираз қалаларын жаулап алып, өзіне бағындырған соң, ондағы қыш, ағаштан түйін түйген хас шеберлерді Самарқан, Бұхара, Түркістанға қаптатқан. Бұған екі дәлел бар: бірі – ескерткіштің солтүстік жақтағы сыртқы қабырғасындағы араб тілінде жазылған «бұл (ескерткіштің) шебері Худжа Хасан Ширази» деген жазу. Екіншісі – кесенедегі Қожа Ахмет зираты бар «Қабырхана» атты бөлмеге жарық беру ниетімен Темірдің әмірімен істелген биіктігі бір, бір жарым метр келетін екі мыс шырағдандағы араб тіліндегі жазулар. Онда «бүл шамдарды жасаушы Из ад-Дин бин Тадж ад-Дин әл-Исфаһани. 799 жыл» деп жазылған. һиджыраның 799 жылы біздің жыл санауымыз бойынша 1396 жылға сәйкес келеді, яғни бұл дата Темір 1395 жылы Иранды жаулап алғаннан кейін Исфаһанда Қожа Ахмет кесенеіне арнап шам жасатқан деген ойымызды қуаттай түседі.

Бірақ Ақсақ Темірдің өмірі мен жорықтары жайлы 1429 жылы жазылған Шараф ад-Дин Әли Йаз- дидің (?-1454) атақты «Зафарнаме» («Жеңіс нама») атты жылнамасы Қожа Ахмет Ясауи кесенеінің салыну тарихын мына жәйтпен байланыстырады: «һиджраның 799 (1396) жылының күзінде Моғолстан әміршісі Хызыр Қожа ханның қызы Түкелі ханымға үйлену мақсатымен Ақсақ Темір Самарқан маңында «Дилкуша» (жүрек қуанышы – Ә. Д.) деп аталатын мәуелі бақтың құрылысын аяқтатқан соң, болашақ жарын күншілік жерден күтіп алу үшін жолға шыкты.

Жолай қар жауып кеткендіктен салтанатты жасақ Аханғаран теңірегіндегі Шыназ қыстағына шатыр тікті. Ал Ақсақ Темірдің өзі Йасы шаһарындағы Қожа Ахметтің қабіріне барып бас иіп кайтпақ боп жүріп кетті. Мұнда келген соң таубе рәсімін бітіріп мазараттың күтушілері мен қамқоршыларына сый-сияпаттарын үлестірді. Содан Шыназдағы өз жа- сағына оралған жерде оған Түкелі ханым керуенінің жақындап калғандығы жайлы хабар жетті» дей келіп, жылнамашы өз хикаясын «Ақсақ Темір Иасыға келген дәл осы сапарында Қожа Ахмет мазаратынын үстінен кесене салуға жарлық беріп еді, бұл ғимарат содан бір жылдың ішінде дайын болды» деп аяқтайды. Бірақ М. Е. Массон «Зафар наме» авторының «кесене бір жылда салынып бітті» дегеніне шүбә келтіріп, оған үзілді-кесілді қарсы шығады. Ақсақ Темір Йасыға 1397 жылы келген кезде ескерткіш құрлысы біраз жерге барып калған еді, сондай-ак бұл ғимарат екі жылда емес, араға көптеген жылдар салып барып біткен деген жорамал ұсынады.

Массон пікірінің жаны бар. Өйткені, жоғарыдағы шамдағы «1396 жыл» деген дата да Массон жорамалын қуаттайды. Себебі, ескерткіш салынбай тұрып оған шам жасатты деу қисынсыз.

Асылы Ақсақ Темір ғимарат құрлысын 1395 жылы бастатқан. Ал, 1397 жылы Шыназ аркылы Йасыға осы құрлыстың қарқынын біліп қайту үшін келген сияқты. Бір қызығы Молла Имам Сығанаки атты шежіреші «Аусаф Хамид Сұлтан» («Хамид Сұлтанның жаугершілігі жайлы жазбалар») деген еңбегінде Қожа Ахмет кесенеі жайлы мына бір деректерді келтіре кетеді. «Алтын Орданың ханы Токтамыш Темір сұлтандығына жасаған кезекті бір шапқыншылығында ақынның мазары мен онда тұратын шырақшы-шайхылардың (мал-мүлкін) тонап алып кетті. Әулиені қорлағаны үшін Темір «асыл су» маңында татарларды қуып жетіп талқандады. Қазына, дүниелерді кайтарды. Осы жорықта колға түскен әскери олжаның қаражатынан Қожа Ахмет бейітінің үстінен кесене кұрлысын бастады. Әмірші сондай-ақ медресе де салдырмақ ойы бар еді, бірақ тұтқиылдан келген ажал оған ол ойын орындатқызбады»,- дейді. Ақсақ Темір Тоқтамыспен 1395 жылы соғыскан. Олай болса, жоғарыдағы Молла Сығанаки естелігінде де белгілі бір шындык бар деуге болады. Дегенмен бұл сияқты аңызы мен шындығы араласа келетін деректердің ақиқатын анықтау үшін де ұзақ іздену мен зерделі зерттеу қажет екені сөзсіз.

Бір қызығы ескерткіштің кірпіші Түркістанда жасалмаған сияқты. Оның құрамындағы топырақ Түркістанның батысында отыз шакырымдай жерде жатқан Сауран қаласының топырағымен дәл келеді. Ескерткіш кірпішінің құрамын зерттеген ғалымдар да мұны растайды. Шынында да жергілікті халық аңызының айтуына қарағанда, Сауранда жасалған кірпіштер Ақсақ Темірдің әмірімен Түркістан дейін қатар тізіле тұрған құлдардың қолдан қолға өткізуімен жеткізілген. Кірпіштің құрамына биенің сүті мен аттың кылшығы араластырылған деген де сөз бар.

«Құрылысты салушы архитектор жергілікті халық тұрмысын, олардын ескі сенімдері – шамандық түсініктерін, ою-өнерін жақсы біліп, сабақтастырған. Кейбір қабырғалардың оюы қазақтың киіз үйінің керегелерін, басқұрлардың әшекейлерін, кілем, текемет, түр оймыштарына еліктегендікті білдіреді… Құран аяттарын қабырғаларға әсем оймыштар арқылы сиыстырып, оны жазудан гөрі оюға ұқсатып жіберген. Яғни шебер шығыс құрылыс өнерін жергілікті халық өнерімен тамаша ұштастырған. Даланың табиғаты, өсімдік, гүл, шешек көріністері де құрлыс бойынан жарасымды орын тепкен. Мешіттің сыр бояуы сары даланың қуаң түрін бейнелесе, күмбезі көк жасыл көктемін, аспан алемін елестеткендей»1 деген проф. X. Сүйіншәлиев пікірінде де шындық бар. Осылайша, кесенедегі отыз беске жуық бөлмелер бірін-бірі қайталамай өрнектелген.

Әрбір бөлменің де өзіндік атауы бар. Мысалы, «Қазандық». Бұл құжыра – кесенедегі ең үлкен зал. Онын «Қазандық» аталуына осы бөлмедегі биіктігі екі жарым метрге жуык, жеті түрлі бағалы материалдардың қоспасынан Ақсақ Темірдіңәмірімен құйылған қазан себеп болған.

Бір қызығы «Қазандықтың» күмбезі Орта Азия мен қазақстандағы ғимараттар күмбездерінің барлығынан үлкен. Дәлірек айтқанда диамерті 18,2 метр. Жалпы көлемі 330 шаршы метр де, биіктігі 37,5 метр келетін осы үлкен залға кесенедің өзге кұжыраларының ішінен 14 есік келіп тоғысады. Күмбездің ауа алмастырып тұратын төрт желдеткіші тағы бар.

Қазандықпен дәліз аркылы жалғасып жатқан бөлмелердің бірі – «Асхана». Мұның құрлысы да Орта Азия ескерткіштерінің ешқайсысын қайталамайды. Асханада бықтырылған бидай мен жас еттен арнайы ботқа пісіреді екен. Дайын болған тағамды үлкен астауларға қотарып «Қазандықта» күтіп отырғандарға беретін болған. Кесененің оңтүстік жағына орналасқан бұл бөлме XVIII, XIX ғасырларда жатжерлік басқыншылармен болған соғыста біраз зақымданған.

«Кітапхана – кішігірім бөлме. Мұнда ертеректе ескі қолжазбалар мен кітаптар сақталған. Іс қағаздары да осында жүргізілген. Мұнда ежелгі жазба мұралар ішінен XII ғасырға жататын екі Құран мен Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметі» қойылған.

«Қабырхана» – кесененің оңтүстік батыс жағына, яғни Мекке тарапына орналасқан. Мұнда Қожа Ахмет жерленген. Бір ғажабы ақын кабірінің үстіне қойылған құлпытас өте қарапайым. Тіпті жазулары да жоқ.

«Үлкен Ақсарай» және «Кіші Ақсарай» атты ғимараттың солтүстік шығысына орналасқан бөлмелер де «Қазандықпен» дәліз арқылы жалғасып жатыр. Басында бұл бөлмелерде дәруіштер өздерінің діни жиындарын өткізгенімен, XV-XIX ғасырларда бұл құжыралар қазақ хандарының резиденциясы болған. Олар мұнда түрлі елдердің елшілік өкілдерін кабылдап, әскери, сауда келіссөздерін жүргізген.

«Құдықхана» – бұл да «Қазандықпен» дәліз арқылы жалғасып жатқан бөлмелердің бірі. Мұнда қазақ халқы XVIII ғасырда жоңғар басқыншыларымен күресіп жатқан жылдары істелген құдық бар.

Міне, ортағасырлардағы сәулет өнерінің биік шыңы іспетті осы ескерткіш 1395 жылы ірге тасы қаланып, бітуге бірер апта қалғанда, 1405 жылы Қытайға бара жатқан Ақсақ Темірдің қайтыс болуына байланысты оң қанатын сәулеттендіру жұмысы аяқталмай қалады.

XIX ғасырдың соңынан бастап бұл ғимаратты орыстың алдыңғы қатарлы шығыс зерттеуші-ғалымдары В.Радлов (1837-1918), А.Диваев (1855-1933), Е.Малов (1880-1957), А.А.Семенов (1873-1958), Н.Г.Маллицкий (1873-1947), М.Бекчурин, Г.Н.Ахмеров, М.Е. Массон және шетел окымыстыларынан швед саяхатшысы Генрих Мозер біраз зерттеді. Мәселен соңғы ғалым 1889 жылы Лейпцигте шыккан бір еңбегінде бұл зәулім ғимараттың кырық-елу шакырымнан мен мұндалап көрінетіндігін таң қала жазған.

Осы ретте тоқтала кететін бір жәйт – кесене эпиграфикасының мәселелері. Гимараттағы жазуларды алғаш тәржімалаушылардың бірі татардың XIX ғасырда өмір сүрген ғалымы, тарихшысы, тілшісі Гайнутдин (яки Гайнитдин) Назмутдинұлы Ахмеров. Ол татар тілі оқулығын жазумен қатар сол тілге байланысты бірқатар мақалалардың да авторы. 1894 жылы ташкенттік қазы Лутфулла қожа Атаказиев деген Түркістанға келіп, кесене эпиграфикасының бірқатарын көшіріп алады да оны 1895 жылы Қазан у шверситеті жанындағы археология, тарих, этнография институтына жібереді. Қолжазбаны карап шығу Г. Н. Ахмеровке жүктелгеннен кейін, аталған ғалым ол дүниені шұқшия қарап, кейбірін орыс тіліне аударған. Бірақ кесене эпиграфикасын зерттеушілер ол аудармада қателер кеткендігін айтады. Дей тұрғанмен, ол ағаттық Г.Ахмеровтың тәржімасынан емес, эпиграфиканы қолмен көшіргендердің катесінен болуы мүмкін екендігін есте ұстаған жөн. Өзі көрмесе де, колжазба бойынша тәржіма жасап шығудың өзі де сол кез үшін зор жетістік еді. Қазір ескерткіш эпиграфикасын зерттеушілер Г.Ахмеров еңбегіне соқпай кете ал- майды. Біз де өз жұмысымызда оған иек артқаңымызды атап өткіміз келеді.

Кесене – біз халкымыздың өз дәуіріне лайық туған мәдени мұрасы, асыл өнері, рухани байлығының бірі деп білеміз. Ондағы жазуларды діни реңкі басым екен деп өңін айландырып редакциялау, қазіргі заман ыңғайына бейімдеу киянат. Онда ол өзінің мән-маңызын, ерекшелігін жоғалтады. Сондықтан да оған біз тарихи қайталанбас жазба жәдігершілік ретінде қараймыз.

Қабырханаға кіре берістегі зиратхананың сол жағындағы қабырғада жерден үш, үш жарым метр биіктікте дуалға ойылып араб тілінде мынадай сөйлем жазылған: «Ла иллаһа илла Алла Мухаммадан расул Алла…» яғни «Алладан баска жаратушы жоқ, Мұхаммед оның (Алланың) елшісі…» Бұл жазулардағы әріптердің биіктігі елу сантиметрге жуықтайды. Ал, одан төменіректе диаметрі екі-үш сантиметрдей етіп ұсақ әріптермен тағы да сол тілде: «Мұны жазған ұста Мұхаммад Нияз бин ұста Мұхаммад Назар Марғилани. 1303 жыл» деген жазуды да байқадық. Жоғарыдағы бірінші сөйлем ертеректе XV ғасырда, яғни осы ғимарат салынған кезде жазылған сияқты, ал төмендегі Марғилани деген кісі һиджыраның 1303 яғни 1835 жылы жазуларға жаңа өң берген. Осы «Қабырхана» есігінің оң жағындағы кабырғаға да ойып төрт бұрыш салынған. Оның ішіне арабтың Куфа жазу өрнегімен Құранның 112-сүресі жазылған. Қабырхананың есігі де өзінің әдемі әшекейімен, ою-өрнегімен кез тартарлык. Ағаштан түйін түйетін нағыз шебердің қолынан шыққан дүние. Есіктің өне бойы бірнеше бөліктен тұрады. Мәселен жоғарғы бөлігіне ойып шеңберлі өрнек жасалған. Соның ішіне:«Йа сұбхан», «Йа бурһан», «Йа Ханнан», «Йа Маннан», «Йа Дийан», «Йа Рахман», яғни Алла тағаланың тоқсан тоғыз атының эпитетінің алтауы жазылған. Бұл есік те Исфаһанда жасалса керек. Өйткені мұнда да осы есікті істеген «Из ад-Дин бин Тэдж ад-Дин Исфаһани» деген жоғарыда аты аталған ұстаның есімін тағы кездестірдік. Сондай-ак онда «һиджраның 799/1396 жылы» деген дата да қоса көрсетілген. Сонымен катар осы есікте араб тілінде мынандай сөздер жазылған: «(Бұл есік) жаратушы Алланың сыйы, соның әмірі бойынша (шебер) Алланың ең тандаулы есігін (әлі) іздейді». Бұл сөйлем «Осы есікті жасаушы шебер, бұл есік жасалып біткенімен, ол тағы да Аллаға қатты ұнайтын басқа да есіктер жасау үшін ізденеді» деген ойды білдіретін сияқты.

Ақсақ Темір кезінде Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін Меккеден кейінгі әулиелік орын деп жариялаған. Өйткені, Меккеге зират ету үшін мындаған шақырым жол жүріп, бар дүниесін шығындап, арып-ашып баратын Орта Азия мен Қазақстандық халық енді алысқа артынып, тартынбай-ақ Түркістанға келсе, ниеті қабыл болатын болды. Әрі әулиеге сиынуға келгендердің де шығындары Темірдің қазынасына науадай құйылады. Сондай-ақ бұл алып ғимарат бітсе, өзіне көл-көсір абырой келетінін Темір болжаған. Сондықтан ол «Қабырхананың» как маңдайшасына, яғни жақтауының үстіне жиырма, отыз метр жерден анық оқылатындай етіп ірі әріптермен араб тілінде төмендегі сөздерді жаздырған: «Бұл қасиетті қабырхананы салдырған ұлы әмірші, барлық халықтардын қожасы. Мейірімді Алла (ісіне) жар болған Әмир (Әмір) Таймур (Темір) Гураган бин Тарағай (Тарағай үлы) бин Әмир Барқал бин Әмир Әйланкар бин Әмир ал-Джалил бин Әмир Қараджар. Алла тағала оның әкімдігі мен патшалығын мәңгілік етсін».

Ақсақ Темір мұндағы «Гураган» (қазақша «көреген») деген лақапты (псевдонимді – Ә. Д.) Ә. Диваевтің пікірінше Шыңғыс ұрпағы біреуінің қызына үйленгені үшін алған.

Қабырхана есігінің жақтауларына жапсырылған қаңылтырда да қола сарғыш бояумен жазылған жазулар бары байқалады. Бірақ олардың көпшілігі уақыт тезіне төтеп бере алмай тот басып кеткен. Дегенмен кейбірін окуға мүмкіндік болды. Мысалы «Білім іздеу (алу) әрбір мұсылманның (қасиетті) борышы. Алланың елшісі (Расул Алла) дұрыс айтады». Тағы бір сөйлем былай тәржімаланды: «Мәңгілік тыныштыққа бөленгір пайғамбар былай деп еді: «Мезгілін өткізбей намаз оқуға асығыңыздар, өлім қуып жетпей – тәубаға келіңіздер. Алланың өкілі (Расул Алла) дұрыс айтады». Сондай-ақ бір жерде тағы бір сөйлемді: «Дүние (өтіп бара жатқан уакыт секілді), сондықтан оны дұрыс пайдалан. Алланың өкілі (Расул Алла) дұрыс айтады» деп аударсақ, ал енді мына бір жазулар: «(мәңгілік) тыныштыққа кенелгір пайғамбар былай деп еді: «Бұл өмірде (атақ) данқ байлық арқылы келеді, ал о дүниеде (атақ) даңқ қайырымды істер арқылы келеді. Алланың өкілі дұрыс айтады» деген мағына алды.

Кесене шығыс жаққа қаратып салынған. Мавзолейдің осы шығыс жағындағы негізгі қақпаның (екі) бірінде де жазулар бар боп шыкты. Онда былай деп жазылған: «Ұлы адамдардың есігі бақыттың кені. Ұлы адамдардың махаббаты (яки мейрімі немесе қайырымы – Ә. Д.) бақыттың кілті. Жігіттің (бойындағы) күш-қуаты – байлықтың желі».

Кесененің ішкі қабырғалары мен есіктегі кейбір жазулардың сыры міне осындай. Ал, сыртқы қабырғаларына Құранның 6-сүресінің 58-аяты жазылған. Ол арнайы кірпіштермен өріліп, көгілдір бояумен көмкерілген.

Кесенеде ХҮ-ХІХ ғасыр аралығын камтитын атақты кісілердің қабырларының басына койылған құлпытастар да сақталған. Олардың жазуларының барлығы араб тілінде. Бұл тастардың кейбірі сол ғасырдың өзінде-ақ осы ғимарат ішінде болса, ал кейбіреулері далада тозып кетпес үшін кесене ішіне кіргізілген.

Бұл тастар мен олардағы жазулардың да тарихы қызық. 1405 жылы Отырарда Ақсақ Темір дүниеден қайтқан соң Орта Азия мен Қазақстан территориясындағы ол құрған империя құлады. Темір ұрпақтарының арасында таққа таласқан қан төгіс шайқас басталды. Иран елінің бір бөлігі, Ауғанстан және Орта Азияның бір қатар жерлері Темірдің бір баласы Шаһрух мырзаның (1377-1447) қол астына қараса, ал Мауараннаһр елін Шаһрухтың баласы яғни Темірдің немересі Ұлықбек (1394-1449) биледі. Бірақ 1469 жылдардан бастап Темір әулетінің мемлекеті де біржола ыдырады. Сондай-ақ Алтын Орда хандығының да іргесі шайқалып бытырай бастаған тұста Шыңғысханның көп ұлдарының бірі Жолшы Шыбаннан (араб, парсы жазбаларында Шайбан болып келеді – Ә. Д.) тараған ұрпақтары (Шайбандар әулеті) он бесінші ғасырдан бастап Түркістан өңіріндегі Дәшті Қыпшак даласының билігін өз қолына алды. Түркі тайпаларының бүгінгі қазақ, өзбек халыктары жеке отау тігіп, ұлт болмай қоян-қолтық араласып тұрған кездері осы Дәшті Қыпшақ даласының ханы Әбу-л-Хайр (1412-1468) болды. Ол қайтыс болған соң, хан ордасы оның зиратына мрамор тас қойған. Кесенедегі бұл мәрмәр кұлпытасты жергілікті халық «айна тас» дейді.

Шынында да 600 жыл өткеніне қарамастан бұл тас пен ондағы жазулар да өте жақсы сақталған. Құлпытас үңілген кісі жүзін көретіндей тап-таза. Ондағы жазуларды ана тілімізге аударғанымызда мынандай мағына алды. «Бұл мәртебелі таза зиратхананың иесі хазрет, атақты хан, даңкты патша (ма лик), Алла (тағаланың жердегі) өкілі, жер бетіндегі жомарттардың жомарты, ұзындығы мен көлденеңі (жағынан ұзақ) мемлекеттің қамқоршысы, сұлтандардың сұлтаны, екі батыс патшаларының тірегі, әміршілер мен қазылардың уәлісі, бүкіл жиһан патшаларының патшасы, сұлтандық тақтың лайықты мұрагері, Алламен көршілес бола алған патшаның нақ өзі, патша ретінде нығая да қайырымдыланған, Алланың рахымы түсіп күнәсі кешірілген Әбу-л-Хайр хан ибн Хан. Әбу-л-Хайр хан өзінің касиетті жомарттығы мен табиғи нәзіктігі жағынан (нағыз) мұсылманның өзі. Оның кабірі жәннәт бақтарының бірі».

Ағылшын шығыстанушысы К.Э.Босворт өз зерттеуінде «Әбу-л-Хайр Хорезмнің әміршісі еді, сонда тұрған» десе, орыс шығыс зерттеушісі, атақты тарихшы В.В.Бартольд «Әбу-л-Хайр һиджыраның 833 (1429-30) жылының мешін айында хан болып жарияланған. 1430-31 жылдары ол Хорезм өлкесінің бас қаласы Үргенішті басып алғанмен, онда ғұмыр кешкен жоқ, қаланы тастап Сыр өзенінің оң жағына өтіп кетуге мәжбүр болды» деп жазды. Ия, сонымен Әбу-л-Хайрдың Түркістан өлкесінде тұрып 1468 жылға дейін патшалық құрғаны, сонда дүниеден қайтқаны белгілі болды.

Әшекей-өрнегі жағынан Әбу-л-Хайр ханға қойылған мраморлы құлпытаспен таласа алар тағы бір құлпытастан мынадай жолдарды оқыдық. «Бұл касиетті зираттың иесі (Алланың) рахымы түсіп, ісі оңға басқан Рабиа сұлтан Бике. Ол аяулы ағзам әл-Хакан Әмір Темір Гураган баласы Шаһ Рух мырзаның ұлы ардакты да атақты ағзам, сұлтандардың сұлтаны Ұлуғ Бек Гураганның қызы. Алла Тағала олардың зиратына нұрын төксін. Ол (Рабиа) 870 (1465) жылы қайтыс болды.» Иә, Рабиа Сұлтан Бике – атақты астроном Ұлықбектің кызы.

Ұлықбек Ақсақ Темірдің Шаһрухтан туған немересі екенін жоғарыда айттық. Әйгілі Әмірші сүйікті немересіне Мухаммад деп азан шақырып ат қойып, өз әкесі Тарағайдың есімін коса бергенімен, сарай маңындағылар оның зеректігін, ақылдылығын байқап, болашағынан үміт күтіп, оны жас күнінен-ақ » «ұлы бек» (великий князь – Ә. Д.) яғни «Ұлықбек» деп атап кетеді.

Атасы оны көзінен бір елі де таса етпеген. Оған өзінің болашак ізбасары Ұлықбек болар деген сеніммен караған. Бірак ол Темір күткендей әскер басы болмай, жиһанға мәшһүр ғалым болды. Міне, осы Ұлықбектің сүйікті қызы Рабиаға Әбу-л-Хайр үйленген. Тарихи деректерге карағанда Рабиа Әбу-л-Хайр қайтыс болған соң, 16 жылдай күйеуін аза тұтып тұрмысқа шықпаған. Тек 1465 жылы өзі де дүние салған соң, оның балалары мен хан сарайы Қожа Ахмет кесенеінің оңтүстік батысына карай отыз, қырық метрдей жерден Рабиаға арнап күмбез салдырды. Түркістанды 1864 жылы Россия әскері жаулап алған соң 1895 жылдың тамыз айында Рабианың кесенесін «ескі, бір күні құлап калуы мүмкін» деген сылтаумен қиратқан. Ал, жергілікті халық оның құлпытасын Қожа Ахмет Ясауи мав- золейіне кіргізген.

Әбу-л-Хайр хан мен Рабианың Сүйініш Қожа хан атты баласы болған. Сүйініштен Келді Мухаммад Сүлтан, Мубарак шаһ сүлтан атты екі ұл және Мастура ханум атты қыз туған. Оған дәлел осы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі мына бір үш кұлпы тастардағы жазулар. Бірінен: «Бұл зират (Алла тағала тарапынан) кешірім көріп, мейірімге бөленген Құл Мухаммед сұлтан келді Мухаммад ұлынікі. Ол (Келді Мухаммад сұлтан) қайырымды патша ағзам Әбу-л-Хайр ханның ұлы Сүйініш Қожа ханның баласы» деген жазуды оқысақ, ал екінші таста: «Бұл қабырдың иесі (күнәсі) кешірілген, (Алла тағаланың) мейірімі түскен, ісі алға баскан жасөспірім Мубарак шаһ сұлтандікі. Ол Әбу-л-Хайр хан баласы Сүйініш Қожа ханның ұлы Келді Мухаммад Сұлтанның перзенті. 925 (1519) жылы қайтыс болды» деп жазылған. Келді Мухаммадұлы Мубарак мұндағы жазуларға қарағанда жастай кайтыс болған секілді. Әрі оған койылған кұлпытас та өзге тастарға қарағанда кішілеу. Ал, мына бір үшінші тастан: «Бұл зираттың иесі әл-Мастура ханым Келді Мухаммад Сұлтанкызы. Ол касиетті әл-Хақан Әбу-л-Хайр ханның ұлы Сүйініш Қожа ханның баласы. (Мастура ханым) 915 жылы қайтыс болды» деген жазуды оқыдық. Мұнда көрсетілген дата біздің жыл санауымыз бойынша 1508 жылға сәйкес келеді.

Сонымен Әбу-л-Хайр ханның немересі Келді Мухаммад Сұлтанның перзенттерінің ішінен әуелі қызы Мастура ханум 1508, ал ұлы Мубарак шаһ 1519 дүниеден кайтқан. Ал үлкен баласы Құл Мухаммадтың басына койылған кұлпытаста неге екені белгісіз ешкандай дата көрсетілмеген.

Осы ретте айта кетер жәйт халкымыздың тұңғыш тарихшысы Мухаммед Хайдар Дулатидің (1499-1551) жазбаларына қарағанда Әбу-л-Хайр өз хандығының туын қазақ жеріне тіккенімен Хорасан жұртына, яғни Иран еліне көп мойын бұрған. Тіпті өзін де араб, парсы әдет-ғұрпына жақын ұстаған адам. Әрине, қол астындағы түркі рулары бұған шоши қараған. Ақыры осындай және басқа да наразылық 1456 жылы Шу бойында қазақ хандығының құрылуына әкеп соқтырды. Өйткені Әбу-л-Хайр хан тарапынан көп қысым көрген Жәнібек хан мен Керей сұлтан Шу бойына ауа көшіп, сонда ту тіккен. Міне, дербес қазақ хандығының тарихи аренаға көтерілуі осылай басталған. Бұл жәйтке шұқшия токталуымызға себеп болып отырған да тағы бір құлпытастағы жазулар сыры. Кесенедегі «Қазандык» атты сарайда өзінің өрнегі, оюы, көлемі жағынан Әбу-л-хайрдың әйелі Рабиа сұлтан Бикеге қойылған кұлпытастан кем түспейтін тағы бір мраморлы құлпытас тұр. Одан мынандай жазу- ларды окыдык: «Бұл зираттың иесі (күнәсі) кешіріліп (Алла тағаланың) рахымы түскен, өмірдегі тірлігі алға баскан Аман бике Барақұлы Жәнібек кызы. Ол шарафатты раджаб айында 925 жылы дүниеден кайтты.» Мүнда көрсетілген һиджыраның 925 жылы 1518 жылға дөп келеді. Бүл жылдары Жәнібек хан Шу бойына өз алдына отау тіккенімен, туған кызы Аманбикені Түркістандағы Қожа Ахмет кесенеіне қоюды ұйғарса керек. Аманбике кұлпытасы музейді жөндеу кезінде азын-аулак закымданғанымен, ара- да бес жүз жылдай өтсе де жаксы сақталған.

ХҮІ Ғасырға жататын құлпытас ішінен тағы бір ёкі тас ерекше назар аудартады. Біріншісі «Джалал ад-Дин бин Амир Хусайн Кунграти 942 (1530) жыл» деп сыр ашса, екіншісінен «Шуджа ад-Дин һилал Амир ибн Джалал ад-Дин ибн Хусайн Кунграти’. 942 (1523) жылы қайтыс болды» деген жазуларды оқыдық. Бұл екеуі де ХҮ ғасырда өмір сүрген Әмір Хусайн атты кісінің немересі мен шөбересі сияқты. Бірак бұлар кімдер? Зираттарына мәрмәрден кұлпытас қоятындай Түркістан тарихында кандай роль атқарған? Ел қадірлейтін уәлі ауыз шешендер ме, жоқ, әлде ел бірлігін корғаған батырлар ма? Ол жағы әзір белгісіз.

«Ақсарайдағы» тағы бір екі тас та назар аудартты. Бүлар – ХҮІ ғасырда ғұмыр кешкен Мулла Мир Килан (яки Калан) деген кісінің Баки Сүлтан ныспылы баласы (датасы жоқ) мен Дана Биби атты 1007 (1597) жылы қайтыс болған қызына койылған кұлпытастар. Олардың да кім екендігі әлі әзір белгісіз. Бір қызығы мұндағы жазу стилі мен ою-өрнектері жоғарыдағы тастардан алшақ емес. Барлығы бір қалыптан шыққандай.

1978 жылдың жазында Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін реставрациялау, зерттеу жұмысын жүргізуге көп еңбек сіңірген, белгілі тарихшы, сол кездегі Қазак ССР Мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз маған Ақсақ Темірдің Қожа Ахмет Ясауи кесенеіне берген парсы тілінде жазылған грамотасын (қолқатын) көрсетіп, тәржімалауды өтініп еді. Мұнда Ақсақ Темір мавзолейдің иесі етіп мұрагерлік правомен Қожа Ахметтің ұрпағы Мір Әлі Қожа шейх деген кісіні тағайындайтынын, ал Әміршіге дұға бағыштап тұру және кесенедің іс қағаздарын жүргізуді Хазрет Даруиш Әлиге және оның ұрпақтарына тапсыратынын жазып қалдырғанын оқығанбыз. (Ол жайлы төменіректе жеке әңгіме болады). Бұл жәйтке тоқталуымызға себеп болып отырған да кесенедің шығыс жағындағы бас дарбазаның маңында жаткан құлпытастардағы жазулар. Бірінен «Xуджа Хаджи Мухаммадұлы Худжа Даруиш Мухаммад 921 (1525) жылы офат болды» деген жазуды оқып жоғарыдағы Хазрет Даруиш Әлидің ұрпағы деген ойға келдік. Ал, «Худжа Худайберді ұлы Тоқтасын. 950 (1543) жылы қайтыс болды» деген жазуы бар құлпытас иесінің кім екені әлі әзір анықталған жоқ.

ХҮІ ғасырдың басында болған түрлі тарихи жағдайларға байланысты Мауараннаһр өлкесінің атақты қаласы Отырар құлдырай бастады. Ал Йасы Оңтүстік өлкесінің әкімшілік орталығына айналды. Мұнда ертеректе Отырардағы сияқты ақшалар жасала бастады. Қаланың аты да Түркістан боп өзгертілді. Осы Түркістанға 1675 жылы орыс елшілігін бастап Қытай еліне бара жатқан Спафари деген дипломат керуенімен тоқтап, түстеніп, қаланың жай-жапсары жөнінде өзінің қызықты деректерін қалдырған. 1762 жылы Орынбор өлкесінің топографиясын жасаған П. И. Рычков (1712-1777) та өз жазбаларында Түркістан, Сауран, Отырар шаһарларының салыну тарихына баса назар ауда рады. «Ертеректе дейді ол – бұл өлкенің (Түркістанның) қалалары отызға жуықтайтын, ал қазір (1761 жылды айтып отыр – Ә. Д.) онға да жетпейді. Бұл қалаларға қырғыз-қайсақтар иелік етеді».

XVIII ғасырда Түркістанда саяхатта болған тағы бір жиһангез – Тоболдың татар текті көпесі Тауыш Мерген деген кісі Сыр бойының қалаларын аралай келіп, Түркістан жайлы былай дайді: «Түркістан (шаһарының) үйлері негізінен күйдірілген және сабан қыштан салынған. Қалада үлкен мұнара мен төрт қақпа бар. Мұнда (1000-ға) жуық қазақтар тұрады. Олардың заңымен салынған мешіт те бар. Түркістан қаласының маңы жазық дала».

Қожа Ахмет Ясауи кесенеі соңғы ғасырларда тек діни орталық қана емес, сонымен қатар қазақ хандарының резиденциясының да қызметін атқарған. Сондықтан да осы кездері кесененің төңірегінде қожалар мен қазақтың үш жүзінің де бірнеше руларынан шыққан көптеген атақты адамдардын сүйегі қойылса керек. Олардың басына қойылатын қүлпытастар көбінесе Самарқаннан әкелінетін болған. Бұлар ХҮ-ХҮІ ғасырларға жататын жоғарыда айтылған мәрмәр тастардан тым өзгеше, көлемі кішкентай. Тіпті кейбірінің ұзындығы елу-алпыс сантиметр де, ал салмағы он, он бес килограмнан аспайды. Мұндағы жазулар біздің ғасырымыздың басына дейін қазақ сауаттылары қолданған арабтың кадим (көне – Ә. Д.), жадид (жаңа – Ә. Д.) жазуларын еске салады.

Сонымен қожалар құлпытастарындағы жазуларға үңілейік:«Джунайдулла Худжа Нақиб ибн Бадшаһ Нақиб ибн Джунайдулла Худжа Нақиб ибн Алим Худжа Накиб ибн Асадулла Худжа Нақиб. 1284 (1886) жылы дүниеден қайтты».

Орта ғасырлардағы араб дәстүрінде кісінің текті екендігін фамилиясына қарап білетін болған. Егер неғұрлым ныспысы ұзақ болса, ол адамның тегі де жоғарылай бермек. Жоғарыдағы тастардағы ұзақ фамилиялар да соның куәсі іспетті. Сондай-ақ осы жазулар ішінде бірнеше рет «накиб» деген сөз қайталанған. Араб тіліндегі осы сөз «старшина», «глава» деген мағыналарды береді. Сол себепті жоғарыдағы нақибтар Түркістанда тұрған қожалардың әлеуеттілері болуы керек деген ойға кеуіміз де осыдан. Өзге тастардағы жазулар төмендегідей: «Сұлтан Махмуд төре ибн Ата Худжа. 1288 (1870) жылы шаһит болды,» «Исхак Худжа шайху-л-Ислам ибн Афдал (Абзал – Ә. Д.) Худжа шайху-л-Ислам ибн Азамат Худжа шайху-л-Ислам» (датасы жоқ – Ә. Д.), «Ибн Худжа Хамид Файзулла ұғлы Йағкуб Ата» (туған яки өлген жылы көрсетілмеген – Ә. Д.), «Ислам Таһур Худжа бин Мухаммад Таһур Худжа. 1299 (1872) жылы қайтыс болды».

Мұсылман Шығысы халықтарының әдетінде егер қайтыс болған кісі әулиенің қасына жерленетін болса, онда ол о дүниеде Алла тағала тарапына жақын бола алады деген сенім – наным кең етек алған-ды. Ал, Қожа Ахмет қасиетті деп саналғандықтан да осы ғасырдың басына дейін өз жақындарын осында жерлеуге құштар болғандар көп болған. Бірақ олар- дың ішінде тек дәулетті, тұрмысты кісілер ғана өз ойларын жүзеге асыра алған. Ол үшін кесенедің шырақшы шайқыларына дүние береді. Ал, тіпті түн ішінде жасырын көміп, ізін де білдірмей кететін жәйттер де кездескен.

Қазір кесенеде XIX және XX ғасырдың бас кезін қамтитын бірқатар құлпытастар бар. Олардағы жазуларды егжей-тегжейлі баяндап жатпай-ак топ- тап, аты-жөні мен даталарын ғана келтіре кетейік. «Ұрығы Ақтаз Уайс Бабахан баласы. Мархұм 1294 (1876) жылы офат болған». «Бекболат ибн Күшетғали, Найман еліндегі … руынан», «1294 (1874) жылы офат болған Құрбан Қонысбай. Алла тағаланын рахымы түскір руы Жабай еді», «Спан Мырза ибн Қорасбай. Алла тағаланың мейірімі түсе көрсін», «Қамбар – Арғын Талипбай (баласы). 1318 (1826) жылы қайтыс болды,» «Ұрығы Жаппас – Құрманай Талип Тұрдыкүл баласы…» Соңғы қүлпытастың жартысы сынып қалған екен, сондықтан жалғасын окуға мүмкіндік болмады. «Қонысбай ибн Тангирберді», «Әли Бабур Баһадур Бөкеншібай (ибн) Темирбекбай (баласы). 1281 (1864) жылы дүниеден қайтты». «Ұрығы Арғын-Шыныби Серке үлы. 1295 (1877) жылы сафар айында офат болды». Шыныби Серке ұлының басына қойылған құлпытас кесененің күншығыс жағында жатыр. Тегінде оның зираты кесененің ішінде емес, сыртында болуы керек деген жорамалға келдік. Соған қарамастан жазулары жақсы сақталған.

Міне, Қожа Ахмет Ясауи кесенеіндегі алды ХҮ, ХҮІ, соңы XIX ғасыр аралығын қамтитын кейбір құлпытастар мен ондағы жазулар сыры осындай. Көненің көзіндей осындай асыл мүліктер қазір мемлекет қарамағына алынып, халық мұрасы ретінде көздің қарашығындай сақталуда.

Әбсаттар қажы Дербісәлі, шығыстанушы 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button