Ғалымның хаты

Ақтас мешіті мен Айқожа ишан кесенесінің жағдайы алаңдатарлық

Ақтас мешіті мен Айқожа кесенесінің жағдайы алаңдатарлық. Ескерткіштерді сақтау үшін не істеу керек?
Айқожа ишанның 250 жылдығына орай мерекелік шараларды ұйымдастырушылардың бірі белгілі журналист Айгүл Уайсова телефон соғып Қызылорда обл. Жаңақорған ауданында орналасқан Ақтас ескерткіштерін көріп олардың жағдайы қалай, Ақтас мешітінде пайда болған өзгерістер туралы пікіріңізді білейік деп шақырған соң барып қайттым. Сол сапардың кейбір нәтижелерімен бөліспекшімін. Алдымен Ақтастағы мешіт Қазақстан аумағындағы байырғы сәулет ескерткіштердің ішінде айрықша құрылыстардың қатарына жататынын айтқым келеді. Біріншіден, бұл мешіт Қызылорда облысы бойынша байырғы құрылыстардың ең биігі. Қазақстан көлемінде бізге жеткен санаулы зәулім ғимараттардың бірі. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің биіктігі 40 метр болып қазіргі заманғы 10 қабатты үйге тең болса, Ақтас мешітінің биіктігі 20 метр, яғни ол биіктігі жағынан қаладағы 5 қабатты үймен пара – пар. Зәулім болумен қатар құрылысты салған шеберлер оның басқа ғимараттарда кездеспейтін тәсілдермен өңдеп ерекше көркем болуын қарастырған. Белгілі сәулет өнері тарихын танушы ғалым Ескендір Бәйтеновтың жазғандарына сүйенсек, бұл құрылыс қазақ даласындағы бірегей ескеркіштер қатарына жатады. Зерттеушінің жазуынша Ақтас мешітінде жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін михрабтың айналасында болған ою-өрнек пен төрт қабырға бойында болған көк түсті панельден айрылып қалыппыз.
Қазіргі жағдайына тоқталсақ, біздің бірінші байқағанымыз ғимарат қабырғаларына төменнен ылғал, зәк өтіп жатқаны, оның құздай бастағаны байқалады. Ылғалмен көтерілген тұз бас есік қабырғасы жағынан сыртта бес алты кірпіш қатарына дейін көтерілгені көрініп тұр. Аппақ болып тұз түйіршіктері анық көрініп тұр. Тұз кірпіштерді ұсақтап бұза бастайды. Бұл ғимараттың іргесінің беріктігіне әсер етеді. Негізі зәк, ылғал белгілері ғимараттың басқа да сыртқы қабырғаларында байқалады. Бірақ олар бас есік орналасқан қабырғадағыдай бес алты кірпіш деңгейінде емес.
Ылғал мешіттің ішкі қабырғасына дейін көріне бастаған. Мешіт ішіне ылғал әсер етіп үлкен күмбездің ортасының әктелген жерлері түсе бастаған. Күмбезге сызат түскен, жарыла бастағандай.
Менің пікірімше, Ақтас мешітіне ең үлкен зиян абаттандырудан келіп тұр. Көпшілік келіп шомылатын шипалы су да, абаттандырылып жатқан аймақ та мешіттен жоғарырақ орналасқан. Шөлді жерде мешітке дейінгі жолдың бойына түрлі ағаш егіп оларға жіберілген су жер астымен мешіт ғимараты іргесіне барып тұр. Шомылатын орынды да, мешітке апаратын абатандырылған жолды да басқа жаққа көшіру керек немесе олардың суын ескерткішке жеткізбейтіндей етіп дренаж жасау қажет. Мешіт іші үнемі желдетіліп ауа алмасып тұруы керек.
Ескерткішті аралау барысында шырақшы қызметін атқаратын Асқар деген адамнан 2005 жылдары реставраторлар жөндеу жүргізгенде мешіттің төменгі іргесіндегі кірпіштері алынып Айқожа кесенесінің күмбезін жөндеуге жұмсалғанын естігенде таңғалдық. Бұл үлкен сорақылық. Ескерткішке қолдан зиян келтіру деп түсінетін жағдай. Бір ескерткіштің кірпіштерін сөгіп алып екінші ескерткішке қолдану дегенді бұрын-соңды естіген емес едік. Шырақшының реставраторлардың осы ақылға сыйматын істеріне наразылығын қабылдамапты.
Айқожа ишан мазарының қабырғаларында кейбір кірпіштері босап қалған орындарды цементпен сылап қойыпты. Бұл кесененің сақталуына кері әсер етеді. Ескерткіште тек өзінің байырғы сылағындай ерітінді пайдалану керек. Шырақшы кесененің бұрыштарындағы ағаштарды сары құмырсқа жеп жатқанын алға тартты. Кесененің өрілген күмбезі осы ағаштарға негізделгенін ескерсек, бұл үлкен қауіп келтіретін жағдай. Арнайы маман шақырып сары құмырсқаны жоятын амал тәсілдер жасау керек. Ескі бөренелерді қаншалықты бүлінгенін (жегенін) анықтау қажет.
Өкінішке орай, Ақтастағы тарихи ғимараттардың, һәм киелі орындардың бұндай жағдайы Қазақстанда ескерткіштерді бақылау, күтіп ұстау өз дәрежесінде емес екенін тағы да айғақтап тұр.

 

 

ҚОЖА МҰХТАР БАХАДЫРҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Мұхтар Бахадырұлы – Қазақстанның ортағасырлық қалаларын археологиялық зерттеуімен айналысатын белгілі ғалым. Республикалық және халықаралық археологиялық экспедициялардың жетекшісі және қатысушысы.

Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (Түркістан) Археология институтының аға ғылыми қызметкері.

2019 жылы «Күлтөбе қалажұртының тарихи орындарын қалпына келтіру» жобасының ғылыми кеңесшісі болды.

Ғалым түркі өркениетін түсіну, оның қалыптасу кезеңдері мен процестері, түркі халықтарының тарихы, мәдениеті бірлігін ашуда көптеген ғылыми еңбектер жариялады.

Олардың ішінде: «Оғыз бата оқу храмдары», «VIII ғасырдағы Ферғана, Чача және Таяу Сырдария аймақтарындағы арабтардың жорықтары», «Сарайшықтың таңдаулы діни кешені», «Қазақстанның сағанада жерлеулері туралы» және басқалар.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button