Соғыс ардагері, ақын, жазушы Әдіһам Шілтерхановтың шығармашылығы мен қайраткерлігі
Райхан Досжан, А. Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын, жазушы, оңтүстік өлкесінің тумасы, құрметті азаматы, қоғам қайраткері Әдіһам Шілтерханов туралы айтылатын сөз де артында қалдырған естеліктер мен мұрасы секілді ауқымды болады деп ойлаймыз. Қоғам қайраткерінің100 жылдық мерейтойы Ұлы Абайдың 180, өзі қатысқан Екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығымен сәйкес келіп отыр.
Әдіһам Шілтерханов Соғыстың сұрапыл қиындықтарынан өтті. Ауыр жараланып, елге оралғаннан кейінгі өмірін елінің еңсесін көтеріп, белін тіктеуге арнады. Аға буын өкілінің өшпес ерлігі, еңбек жолы мен шығармашылық жолы – кейінгі ұрпаққа ұлағат.
Еңбек жолын ауыл мұғалімі қызметінен бастаған Әдіһам Шілтерханов 1943-1944 жылдары даңқты Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияның құрамында Ұлы Отан соғысына қатысты. 1945-1969 жылдар арасында Бәйдібек ауданында мұғалім, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Красная-Нива ұжымшарында партия комитетінің хатшысы, одан кейін сол ұжымшардың төрағасы қызметтерін атқарды. Негізгі мамандығы – агроном. 1961 жылы Алматы Ауыл шаруашылығы институтын бітірген. 1969-1985 жылдары Отырар ауданындағы «Арыс» ұжымшарының директоры, аудандық тұрмыстық қажетті өтеу комбинатының директоры болып жемісті еңбек етті.
1985 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. 1988 жылы «Жалын» баспасынан «Үш бәйтерек», 1993 жылы «Ақжалдың ақыры», 1995 жылы «Атамұра» баспасынан «Аталы сөздер», 1995 жылы «Рауан» баспасынан «Саттар Ерубаев» атты кітаптары жарық көрді. 2000 жылы «Ордабасы» баспасынан шығармаларының 2 томдығы басылып шықты.
Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президумының Құрмет Грамотасымен, І дәрежелі Отан соғысы орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.
Бүгінде жазушының шығармалары оқырмандардың жүрегінен орын алып отыр. Көзі тірісінде-ақ жазушының шығармалары әдебиетсүйер қауым тарапынан оң бағасын алғаны белгілі.
Ә. Шілтерхановтың 100 жылдық мерейтойында айтылуы тиіс ұсыныстардың бірі – жазушы шығармаларының тілін тану мәселесі. Ақын, жазушылардың шығармашылығы жайлы сөз еткенде, оның суреткерлік келбеті, тілдік шеберлігі, тіл орамдарының тілдегі сапалық өзгерістерге мұрындық болатын даралық стилі жайлы дүниелер талдануға тиісті.
Жазушының сөз өнерінің қадірін түсінетіндігі, ерекше қастерлейтіндігі, әр сөзге мән беретіндігі оның шығармалары тілінен аңғарылады. «Қажымұқанның тойы» атты әңгімесіндегі балуанның аузымен айтылатын мына бір үзіндіден де сөзге деген құрметті аңғаруға болады: «Нағыз күштілік те, қуаттылық та сөзде. Кеше Абай тойында болдым, менің балуандығым Абай ақындығының қасында не тұрады? Абай сөзін тау десек, менің күштілігім соның бір тасындай да емес. Абайдың әрбір сөзі, нақылы кәрінің де, жастың да аузында. Бізден кейін де солай қала бермек. Халық аман тұрса – Абайға өлім жоқ. Ал, күрескендер туралы: «Мынау Қажымұқанның әдістерін қолданды. Мынау тәсіл қажымұқандық қой» – дегенді ести алмадым. Мүмкін, бұл шәкірттер алдындағы парызымның өтелмегені шығар. Меніңше, сөздің күшіне табыну әлдеқайда дұрыс сияқты», – дейді. Қажымұқан – ерен күшімен, балуандығымен халық құрметіне бөленген адам. Дегенмен жастайынан сөз өнеріне мән беріп, «екі сөзінің бірін тақпақтап, өлеңді қиып салып, құрай беретін» балуанның сөзінен сөз өнеріне деген құрмет байқалады. Автордың бейнесі, айтпақ идеясы оның шығармадағы тілі арқылы көрінеді.
Барлық еңбек жолын ауылды гүлдендіруге, ауыл шаруашылығын жетілдіруге арнаған Ә. Шілтерханов әдебиетке кеш келгенімен, оқырмандарының жүрегіне жол тартқан деректі, көркем туындылар мен ғылыми зерттеу мақалаларын ұсынды. Оның ізгілікке, имандылыққа, ақыл-парасатқа үндейтін «Аталы сөздер» атты кітабы 1536 нақыл сөзден және бата, баллада, өлеңдерден тұрады. Бұл еңбекті автордың өзінің ой толғамдарын халық даналығымен ұштастыруы, өмірді түсінуі мен түйсіну сезімдерімен бөлісуі ретінде бағалауға болады. Әрине, мұндай аталы сөздерді жазуға бір ай немесе бір жыл да аздық етуі мүмкін, себебі даналық адамға жылдармен келеді. Ал жазушылық, ақындық ол адамның о бастағы болмысына берілген қабілет болса керек.
Ә. Шілтерхановтың бұл еңбегін, екінші жағынан, артына ғибратты сөз қалдырған ғұлама ойшылдар мен ақындардың ежелгі үлгісіне ұқсатуға болады. Мысалы, бүгінге жеткен даналық кітаптардың бірі «Қабуснама»-ны патша 1082-1083 ж. 63 жасында өзінің ұлы Гиланшахқа арнап жазған. «Өмірдің жалғандығын риясыз мойындаған Қайқауыс патша да өзінің қартайғандығын баяндай келіп: «Балам, менің дүниедегі жиып-терген ең қымбат, асыл заттарым – саған арнап жазған осы үгіт-насихат кітабым», – деген екен [1, 115 б.]. Қайқаус патша. Қабуснама. – Алматы: Қасиет, 2011. – 128 б.
Қайқауыс патша – сөздің қадірін терең түсініп, жоғары бағалаған адам. Өмірдің мәнін түсінуде данышпандардың сөздерінің қаншалықты маңызды екендігі туралы былай дейді: «Адамның адамдық қасиетіне орай жұмыс істе. Данышпандар айтыпты: «Даналардың ақыл-насихаты көңілдің көзін ашып, жан-дүниеңді раушан етеді. Өйткені ақыл, насихат данышпандық көзінің ағы мен қарасы, сүрмесі әрі тотыяйыны». Демек, даналар сөзін ұғып тыңдағаның жөн. Даналар сөзінде ізгі ниет, үлгі өсиет мол» [1, 96 б.].
Ә. Шілтерхановтың да «Аталы сөздер» атты кітабы қоғамдағы келеңсіз дүниелерді, адамдар арасындағы әртүрлі қарым-қатынастарды сөз етеді. Нақыл сөздер, негізінен, адамға бағытталып айтылады, сондықтан да болар тақырыптардың ортақтығы көрінеді (жақсылық, жамандық, шындық, өтірік, достық, жолдастық, еңбек, білім т.б.). Ақын бұл еңбегінде өмірден алған тәжірибесінің жиынтығы, ой-тұжырымының қорытындысы ретінде қара сөз не өлең түзілімді, әдемі ұйқасты, көркем бейнелі, қысқа да нұсқа нақыл сөздер береді. Ол өзінің аталы сөзіндерінің бірінде:
– Қарттықты қасірет дейтіндер жаңылысады, денедегі күш-қуатыңның кемитіні болмаса, бұл ақыл-ой қуатының толысатын шағы, даналықтың дер кезі. Адамның әр шағының өзіндік бақыты, қызығы бар. Егер қартаятыныңды бала кезден ойласаң, оның да сыйлайтын қайталанбас қуанышы көп, – дейді [2]. Шілтерханов Ә. Аталы сөздер.
Мұқағалидың «Қасиетін сезем деп Ана тілдің, Қауырсыны қалмады қанатымның», – дейтін жолдары ойға оралады. Ақын үнінде сөздің сырларын сезінудің ауыр жүк екені меңзеледі, алайда ана тілдің қасиетін сезіну екінің бірінің қолына түсе бермейтін бақ. Тілдің мол мүмкіндігін пайдаланып, халықтың көкейіне қонатын сөз айта алу да аузы дуалы адамның маңдайына біткен бақ емес пе?! «Аталы сөздер»-ді оқып отырғанда, «мақал-мәтелдермен идеялық жағынан да, синтаксистік құрылым, құрамы жағынан да үндес екені» байқалады. Әйтсе де, мұндай ұқсастықтар тек қазақ тіліне ғана емес, дүниежүзі тілдеріне тән екендігі рас, себебі жалпы адамзат баласының арман-мақсаты мен ізгі-тілегі бір. Авторға қатысты алсақ, бұны адамзаттық деңгейдегі ой-толғам деп түсінуге болады, сонымен қатар өзіндік жеткізу тәсілі де бар. Мысалы: «Жер – жомарт, бермейтіні жоқ. Көп – қырағы, көрмейтіні жоқ». «Ақыл адастырмайды, Адастырса да шоқ бастырмайды», «Ақылыңа сенсең де, Ақылдаса жүргейсің. Жақсыларды жатсынбай, Жақындаса жүргейсің», «Жақсы «тәйт» десе, ойланарсың, Жаман «тәйт» десе, қорланарсың», «Табанының бүрі жоқ, тап бергенін қайтейін. Қасиеттің бірі жоқ, бақ келгенін қайтейін», «Жақсының өнегесін айтасың. Жаманның неменесін айтасың», «Шыдамда шек жоқ деме, момында кек жоқ деме», «Тартыса берсең, рахатың жоғалады. Айтыса берсең, парасатың жоғалады» т.б.
Мақал-нақыл түрінде ұсынған қысқа қайырылған құрмалас сөйлемдер – нағыз дидактикалық тәрбиелік мәні зор ақыл сөздер. Ақын байырғы шешендік өнердің тіл өрнегін жалғастырып, оның дәстүрін сақтаған. Мұнда ассонанс пен аллитерация сияқты дыбыс гармониясы бар: жер – жомарт – жоқ, ақыл – адастырмайды – адастырса, әр сөйлем сайын қайталанып келетін қайталамалар бар: жоқ – жоқ, жүргейсің – жүргейсің, «тәйт» десе – «тәйт» десе т.б. Поэзияда болсын, шешендік өнер, мақал-мәтелдерде болсын ұйқасты, ырғақты, әуезділікті туғызатын көбінесе қайталамалар болып келеді.
Нақыл сөздердің көріктеуіш атрибуттарының тағы бірі – параллель түзілімдер.
«Жақсы «тәйт» десе, ойланарсың, Жаман «тәйт» десе, қорланарсың», «Табанының бүрі жоқ, тап бергенін қайтейін. Қасиеттің бірі жоқ, бақ келгенін қайтейін», «Жақсының өнегесін айтасың. Жаманның неменесін айтасың», «Шыдамда шек жоқ деме, момында кек жоқ деме», «Тартыса берсең, рахатың жоғалады. Айтыса берсең, парасатың жоғалады». Мұнда ұқсас құрылымды сөйлемдер мен сөз тіркестері, тұлғалас сөйлем мүшелері қабаттаса қатар беріледі. Қатарласқан ұқсас түзілістер нақыл сөздің ұйқасын келтіреді. Параллель құрылымдар аз сөзге көп мағына сыйғызған астарлы, өте әсерлі болып келеді.
Шағын мақалада Ә. Шілтерхановтың «Қажымұқанның тойы» әңгімесі мен «Қамбар батырдың тұрағы туралы», «Мұңлық-Зарлық оқиғасы қайда өткен?» зерттеу мақалаларын негізгі нысан етіп алдық. Жазушының тілі жайлы сөз еткенде, оның тілдік шеберлігі мен сөз таңдауы, сөз қолданысы, сөз тіркестіру, сөйлем құрастыру сияқты синтаксистік құрылым ерекшеліктеріне мән беріледі.
Жазушының сөз таңдауы немесе шығармалары тіліндегі сөз саптауы ондағы қолданылған тұрмыстық, жергілікті немесе кәсіби сөздерді, көне және сирек қолданылатын сөздерді проза жанрында қаншалықты, қалай пайдаланғаны маңызды. Табиғатты әсем суреттеуде, кейіпкерлер портретін көрсетуде, оқиғаның барысын баяндаудағы сөз қолданыстарының өзіндік мәнері еріксіз көңіл аудартады. Солардың маңыздыларының бірі – адам психологиясын, оның ішкі жан дүниесін, сезім-күйін, толқынысын, табиғатын дәл беруі, әрекет-қимылын көрсетуі. Мысалы, ала құйын әлемінен сыр бермеуге тырысу, сөзін ауырлатып аяқтау, көзін жартылай жұмдырып қойған айғыршық кісілігі, текешік неме; түлкінің шолақ құйрығындай бұлғақтаған; алдамшы елес сағымдай толқып, мазалауын бір қоймайды; сөз балуаны, өмір арқаны есіліп біткенде, тағдырдың тұзағы тарылу; ұрланып кеткен қарттық; мәрі нардай шөккен күні сияқты сөз тіркестері мен сөз қолданыстары қазақтың бай сөздік қорын орнымен қолдана білгендігін көрсетеді.
Адам мінез-құлқын дәл беріп, психологиясын көрсетуде қарапайым күнделікті қолданыстағы сөздерді ұтымды пайдаланып, адам бейнесінің шынайылығына сендірудің өзі – автордың шеберлігі.
Әшейінде үйреншікті жерінен ұзамайтын жануары таптырмай, кешігіп шыққан Қажекеңе ауыл шетінде колхоз бастық кездесіп, бір сағаттай ұстады. Сондағысы қырсыздау бір-екі адамның тіл алмағанын, барған жұмысын бітірмегенін әйелдерше майдалап айтып, бір әңгімесі бір әңгімесіне жалғасып, зорға аяқталды. Осы бір шағын үзінді адамға біршама ой салады. Үзіндіде әйелдерше майдалап айтып, бір әңгімесі бір әңгімесіне жалғасып сынды фразалар арқылы адамдардың типтік бейнесі дәл беріледі. Іскерлігінің жетпегенін мойындай алмай, өзін ақтап алудың «тамаша» жолын тауып тұрғандай көрінеді. Ақтап алу ғана емес, бұл жерде Қажымұқан сынды беделді тұлғаның алдында есеп беріп тұрғаны да байқалады. Осы сөйлемдердің құрылымы мен мағынасы арқылы беріліп тұрған ақпараттардан колхоз бастықтың бейнесі төмендей түсіп, Қажымұқанның беделі зорайып тұрғандай көрінеді.
Жазушының тіліне тән көркемдегіш тілдік құралдардың бірі – теңеулер құрылымы жағынан күрделі болып келеді. Мысалы: тоғаны ашылған арнаның суындай; құмайы тазының төсіндей омырауы; сауыры түз қоянының сауырындай жұп-жұмыр; тақымы тастай жігіт, тағаты таусылған қыз тамырына су тимеген гүлдей күннен-күнге бозарып, сола бастайды; халық қалаларымен, мал-жанымен түгел құмға айналып кеткендей; оларды күн күйдіріп, жел домалатып, Тянь-Шань тастарымен қосып үгіп жібергендей; жыл өткен сайын жуандайтын емен сияқты, бұрынғыдан ірілене түскендей; жүк машинаны құйрығынан тартып, бұзаудай тоқтатты т.б.
Теңеулерді беруде де жазушы оларды жалаң бере салмайды, алдынан бір немесе бірнеше анықтауыш сөздер қойып, оның әртүрлі қасиеттерін бейнелеп, көркемдеп, жан бітіріп, әсерлі ете түседі. Теңеулерінің дені табиғат көріністерінен, адам бойындағы қасиет, сыртқы келбет, қимыл-әрекеттерінен, тұрмыс-салтынан, тіршілік-әрекеттерінен алынады. Мысалы: төртбақ, шымыр, таудың тобылғысындай жігіт; қартың бүркітше қомданып, жігіттерше жіті қимылдап; көңілі өсіп, жалы жалбырап т.б.
Жазушы шығармаларындағы ерекше көзге түсетін суреткерлік амал табиғатты, жыл мезгілдерін суреттеу мәнерінен көрінеді: «Аңызақ жел тиген жерін оттың жалынындай жалап, күйдіріп барады. Тірі жәндік көрінбейді. Бәрі бұта түбін паналап не інге жасырынған. Көмпіс дала мен оның боз жусаны ғана үнсіз мүлгиді; өзеннің арнасы ит тұмсығы өтпейтін дүлей тоғай, сәмбі талдар» осы бір үзіндіде «тым аңызақ-қапырығы көп жаздың бір айын» суреттейді.
«Қаратаудың көк торғынға бөленген тәтті бұлақтары сылдырай аққан осы бір әсем жері мың жылдан қазағымның тіршілік етуіне, өсіп-өнуіне шынында да алтын бесік жер екен-ау. Аңыз, ертегі, жырлар осында туылып жатса, оған таңданатындай ештеңе жоқ шығар деп ой түйдім» дейтін үзіндіден туған жердің әсем табиғатын жан-жүрегімен сезіне білу, оны көркем жеткізе білумен қатар, туған жерге деген ыстық махаббат, халқына деген мақтаныш сезімін аңғаруға болады.
«Осы таңбалардың маңында, етектегі бұлақ суына сүйірлене түсетін жонның күнгей бетіндегі екі жүз шаршы метрден астам жер үлкен қалақ тастармен мұқият көмкерілген. Бейне бір жазылмай қалған тас кітаптың ақ парақтары тәріздес. Сақ дәуірінің осы ескерткіштерінен сәл төмен, Көкшенің Оқжетпесіндей аспанға шаншылып Үсіктас тұр».
«Қаратаудың Үсіктас тұрған осы бір өңірі жатағандау, бір-бірімен жарыса қабаттасып жатқан жондардан тұрады. Бұлақтары ғана ол жондарды жыраландырып, кейде бір-бірінен бөліп тастайды. Тауға тән асу бермес шың, шатқал, құз жоқтың қасы».
Бұл суреттерден табиғатты көріп тамсанып, үлкен әсермен өте шыққан адамның емес, сол табиғатпен етене бірге жасап, барлық қыр-сырына қанық суретшінің әсерлі, әдемі картинасы көз алдымызға келеді.
Жыл мезгілдерін де жалаң бере салмай, айшықты анықтауыштармен, бейнелі баяндауыштармен, әдемі суреттермен беруге тырысады:
«Қыстың азапты ұзақ түндері де артта қалып, құлпырып көктем келеді. Бірақ, көңілге шуақ ұяламаса, көктем де шаттық әкеле бермейді екен». «Мамыр айының орта шамасында, жон-жотаның гүлге бөленіп, жасанып тұрған шағында; Науқан саябырсыған берекелі қара күздің жаймашуақ күні» т.б.
Халқымыздың замандар бойы қалыптасқан тіршілік қағидалары мен салт-дәстүрінен біршама қолүзіп қалғанымыз рас. Шығармада қазақ халқының ертеден келе жатқан ат жарыстыратын дәстүрлі ұлттық ойыны бәйгенің өтуі жайлы жақсы айтылады. Мұндағы бәйге атын суреттеуі де ерекше: «Торының құмайы тазының төсіндей омырауы салыңқы. Алдыңғы аяқтарының арасы алшақ, тыныстығы кең, салпы еріннен жоғарылау біткен танау жұдырық сиярлықтай үңірейеді. Жауырын мен жамбас сүйектері көлбей түскендіктен, бет белі қысқа, бауыры жазық. Алдынан қарасаң, артқы сан еттер біріне-бірі жанасып, құйрығын көрсетпейді. Ат танитын адам ол бұлшық еттерде қандай күш жатқанын бірден аңғарар еді. Жануардың түгі жалтырап, Күн көзіне шағылысады. Сауыры түз қоянының сауырындай жұп-жұмыр».
Одан кейінгі жерде:
«Ең шетте кішкене көріксіз қаракөк құнанның үстінде кіп-кішкентай, он бірдегі қара бала қаршығадай сергек отыр. Құмалақтарын санап, бір қалтасынан екінші қалтасына ауыстырып салып, артығын тастады. Қойнынан аттың бір топ құйрық қылын шығарып, аузына көлденең тістеді. «Қыл ауызда тұрса, сілекей бөлініп, шөлдемейсің» – деген әсте үлкендердің кеңесі болу керек». Бұл бәйге кезінде қолданылған халық тәжірибесінен туындаған дәстүр болу керек.
Ә. Шілтерханов – жер жағдайын, туған жердің сай-саласын, сайын даласын, ой-шұқырын, өзен-суын, бұлақ-бастауын жақсы білген адам. Жазушы туған жердің табиғатын жалаң суреттеп қана қоймай, жер-су атауларын, көпшілікке таныс емес көне қалалардың, елді мекендердің аттарын беріп отырады. Мысалы, бір ғана «Қамбар батырдың тұрағы туралы» зерттеуінде: Үсіктас, Қаратау, Одаман, Өтеген, Қалабай (бұлақ), Қызылбұлақ, Шилібұлақ, Қызәулие (бұлақ), Қамбарсай, Шақпақ, Бүркітті (бұлақ), Арыстанды (өзен), Батпақсу-Изенді (жон), Бабата (қала), Көсеге (жон), Саудакент (көне қала), Құмкент (көне қала), Темірқазықты, Қызылкөл, Үшбас (өзен), Көкарал – Жанкент (Х ғ. дейін Варахш атанған), Тараз, Билікөл (өзен), Жетіасар мен Алтыасар (көне қалалар), Сыр, Қуаңдария және Жаңадария (Сырдың көне арналары), Сулытабақ және Сусызтабақ (төбелер), Қазалы, Қармақшы, Құланды, Нарқамыс, Хазар көлі / Арал теңізі, Сарысу, Қоңыр (шөл), Шайырлы (дала), Көк Домбақ (төбе), Қамбартөбе, Күлтөбе, Қарақұр (өзен), Жетісу, Ертіс, Ақ қияс (жайлау), Атбасар мен Есіл (даласы), Алтай, Ащы мен Бадам (өзендері), Көкібел, Алатау, Аққой (аңғар), Сүлікті, Каспий, Шолаққорған, Созақ, Қайнар, Түркістан, Отырар, Көкарал / Ақарал (көне қала), Шабақты (өзен) т.б. өзен, бұлақ, қала, жон, көне қалалар мен өзен арналары, төбе, шөл, дала, жайлау, аңғарлардың атаулары аталады және олардың жер жағдайы, қай мекенде, қандай аралықта, арақашықтықта орналасу ретін көрсете отырып, көз алдыңа әдемі табиғатпен ұштасқан жергілікті үлкен бір аумақтың картасын сөзбен сызып тастағандай болады.
Енді мына бір абзацтағы көл атауларына көңіл қойсақ:
«Шығыстан Талас, Қаратаудан Бүркітті мен Шабақты өзендері тасығанда, Саудакент пен Құмкент аралығының терістік жағындағы Домалақкөл, одан төмен Бестамкөл, Бүйреккөл, Ақкөл, Орқазанкөл, Егізкөл, Қоржынкөл, одан әрі Теріскөлдерді толтырады. Ескі жырлардағы «Қоғалы көл, Қулы көл, одан әрі сулы көл», – деп келетін Қоғалы көл де осында. Бұлардың бәрін жинақтап, ілгеріде Нудың бойы, Нудың көлі деп топтап бір-ақ атайтын. Біз жиегінде Әзімбай («Қамбар батыр» жырындағы) отырды-ау деген Қызыл көл де тасығанда осы нудың көлдеріне қосылады.
Осынша көлдің ортасында тұрған Құмкент қаласын Көкарал десе де, Ақарал десе де жарасып жатыр, – дейді [. 16-17]. Шілтерханов Ә. Шығармалары. Хикаяттар мен әңгімелер. І том. – Шымкент: Ордабасы, 2007. – 432 б.
Қазақ тіл білімінде географиялық атауларды зерттеуге ерекше мән беріліп келеді. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да ұшан-теңіз. Ең алдымен, ірі нысандарға берілген макротопонимдер тізімге алынып, зерттеу нысаны болғаны анық, ал микротопонимдер бүгінде ел аузында жүргені болмаса, тізімделіп, тұрған жері белгіленген жоқ. Ұмытылып қалғандары қаншама? Осы тұрғыдан қарағанда, Шілтерхановтың артында қалған мұрасы алдымызға лингвистикалық әрі географиялық міндеттер қойып отырғанын да байқаймыз. Бұлақ, жон, өзен арналары, төбе, шөл, дала, жайлау, аңғарлардың атаулары оқырманын жетелей отырып, сол өлкені аралатады. Өлкенің жер-су атаулары сонымен қатар жазушы шығармашылығының жан-жақтылығын, кеңтыныстылығын көрсетеді. Өмірдің сырлары мен табиғат тылсымын жадында түйген жазушының білім әлемі осылайша атаулар жүйесі арқылы да толыға түседі.
Ата-бабаларымыз көшіп-қонып жүріп ірілі-ұсақты барлық географиялық нысандарға атау берген. Жер-су атаулары – бір ғасырдың ғана жемісі емес, мыңдаған жылдардан бері келе жатқан халық мұрасы, халықтың жүріп өткен жолын, мекен еткен жерін айғақтайтын тілдік деректер. Сондықтан сырын аша білсек, олардың астарында халқымыздың тарихынан, мәдениетінен, таным-түсінігінен, дүниетанымынан мәлімет беретін ақпараттар жатыр. Бірден-бірге жеткен аңыз әңгімелердің шындыққа жанасымдылығы көпшілікті қызықтырғанмен, оған дәйекті дәлелдер келтіру оңай емес. Әдіһам Шілтерханов топонимдердің бойындағы осы бір қасиетті жақсы түсінген. «Қамбар батыр» жырындағы бас кейіпкер Қамбардың тұрған жері мен батырдың тұрағы жайлы айтылған кереғар пікірлермен келіспей, оған қатысты өз зерттеуін ұсынады. Батыр қабірінің Үсіктастағы Қамбарсай қорымында жатқанын дәлелдеу мақсатында жер-су атауларын жырдағы жер-су атауларымен салыстырады, табиғаттағы ұқсас дүниелерге де ерекше мән береді. Ол: «Жырдың бар болмысынан Сыр, Арал, құм табиғаты емес, таулы жер суреттері анық көрініп тұрғанын» дәлел ретінде ұсынады. Сол сияқты Шардара жолының бойындағы Мұңлық-Зарлық қорымы, Шаншархан ордасы, дария ортасындағы Қаншайымарал – бұның барлығы топонимиялық дерек. Көзінің тірісінде осы жайлы біршама пікір білдіргендер тарапынан оң баға алғаны белгілі. Сондықтан көркем шығармалардағы топонимдерді болашақта халықтың бай шежіресімен, аңыз әңгімелерімен, эпостық жырларымен байланыстыра зерттеу, жазушының зерттеулеріне ғылыми тұрғыдан баға беру тарихи тұрғыдан нәтижелі болмақ.
Өзге облыстарға қарағанда оңтүстік өңірінде ерте замандардан келе жатқан көне сөздер мен диалектизмдер айрықша көзге түседі. Әдетте, жазушылар диалектизмдерді сол өлкенің тұрғыны екенін көрсету мақсатында кейіпкерлер тілінде береді. Ә. Шілтерханов шығармаларында мұндай сөздердің қатары біршама, оларды автор сөзінде де, кейіпкерлер сөзінде де беріп отырады. Кейбіреулерін жергілікті тілдік қолданыстағы сөздер деп түсінсек, енді біреулерінің мағыналары беймәлім, тіпті сөздікте де кездесе бермейтіндігін аңғардық. Солтүстік батыста жуан айтылатын біраз сөздер оңтүстікте жіңішке айтылады. Мысалы, әбіржіп сөзін жазушы кейіпкерлердің тілімен сөйлетеді:
Бәкірдің шәй, тамақ қамымен кіріп-шығып жүрген әйелі мейманының қабағы түсіңкілігін, өңі бозарып, әбіржігенін бірден байқады…
– Астаналық қайным-ау, немене, әбіржіп кеткен сияқтысыз? …
– Әбіржімей қайтейін, жеңеше, ит пен құсқа ұтқызудамын.
Енді бір алуан сөздер бұл күнде сирек кездеседі, мән-мағынасын да көпшілік түсіне бермейді. Құшхана (мал соятын жер), шартақ (бәйге аттары келетін қарақшы, мәре), тоғанақшылар, мәрі, жаушы, жыраландыру, салткерлік (кәсіптің негізгі түрі), соңырақ (кейінірек), үйіншек (Түркм., Красн., шөмеле, шөмеле үйіндісі), шоқат (Қ.орда, Арал, төбешік, төбешік құм), оман (үлкен, кең) арық, жүзімдіктердің палдамалары (жүйек, жол, атыз болу керек), құмыра күйдіретін үлкен құмдан, кәріқұлақтылар, шәйланып (шәй ішіп) т.б.
Көп қолданыла бермейтін әбжіл (ар. іске епті, қимылы ширақ, икемді) сөзін қолданады.
Төлеби Шымкент төңірегіндегі Ақбұрқан ордасында қазаланғанда қаза болғанда, мәрі нардай шөккен күні фразасындағы мәрі дегенді мәресі, межесі деп түсіндік.
«Бұған той басындағы тоғанақшылар келісті» сөйлеміндегі тоғанақшылар сөзінің тоғанақ түбірі жауап, қару айту, тиек болу (Ақт., Ключ.) мағыналарын білдіреді.
Ә. Шілтерханов еңбегінің үлкен бір бөлігін нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер құрайды. «Жақсы адам қартайса, дана болады, жаман адам қартайса, бала болады» деп халқымыз тегін айтпаған. Өмірден көргені, естігені, естіп қана қоймай көкірегіне түйгені мол қалам иесі шығармаларында нақыл сөздер мен қанатты сөздерді кеңінен пайдаланады. Осы бағытта көп ізденіп, арнайы еңбек еткені көрінеді. Мақал-мәтелдер мен бейнелі фразеологизмдер орнымен жұмсалып, шығарма тілін әрлендіре түседі.
Мысалы: Өлместі Құдай жаратпас, сынбасты ұста соқпас; Өлімді айтса – тірінің берекесі қашады; Жоғары шық демесе – орын таппайтын, жол болсын демесе – сөз таппайтын қазақпыз ғой; Ақырын ойлау – өлімнен қашқандық емес; өлімнен қорқу – есуастық; Жетпіс бес – жақсыға мерей, жаманға – үрей; Қосқаны – әркімнің өзіне тұлпар; Ат таңдасаң – торыдан, Нар таңдасаң – қабырғалы зорынан; Алдыңда ағаң барда – тоған бардай; Қазанаттың құйрығы – әрі жібек, әрі қыл. Қас жақсының белгісі – әрі мырза, әрі құл.
Жазушы жалықпай ізденіп, сөздерді талғап, таңдап қолданған.
Қаламгердің дүние танымы, өмірлік тәжірибеден алған ой түйіні аталы сөз болып өрілді.
Жазушы Әдіһам Шілтерхановтың шығармашылығы публицистер, жазушылар, кейбір ғалымдар тарапынан айтылған оң пікірлерге арқау болғанымен, әлі өз деңгейінде зерттеу нысанына айнала қойған жоқ. Соғыс ардагері, қоғам қайраткері, білікті басшы, жетекші ретіндегі тұлғасы – өз алдына бөлек әңгіме Бұл – келешекте жүзеге асуы тиіс үлкен істердің бірі. Біз өз тарапымыздан болашақта атқарылуға тиіс жұмыстардың ізашары ретінде кішкентай ғана өз үлесімізді қосуға тырыстық.





