Ғалымның хаты

Исламофобия – тәңіршілдік желеуі ме?!

Құдияр БІЛӘЛ: Исламофобия – ислам дініне қарсы күштердің бүгінгі қол жеткізген жетістігі. Бұл термин айналымға 1991 жылдан бастап шыға бастады. Содан бергі уақытта олар едәуір жетістікке қол жеткізді. Иламофобияның шарықтау шегі – 2001 жылғы 11 қыркүйекте Нью-Йорк қаласында орын алған оқиға. Сол кезде екі ұшақ Халықаралық сауда орталығының екі ғимаратына келіп соғылып, екеуін де жойып жіберген болатын. Бұл террорлық іс-әрекетті кезінде «Әль-Каида» ұйымы өз мойнына алды. Рас, өз сырын ішіне бүккен көп құпия жәйттар әлі күнге дейін ашыла қойған жоқ. Егер әсірелеп айтар болсақ, осы оқиға исламофобиялық «танымды» одан әрі кеңейтіп, оған қарсы күштерді жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптатып жіберді. Бүгінгі күні біздің елімізде бой көрсетіп жатқан тәңіршілдік сол қаптаған «саңырауқұлақтардың» тек біреуі ғана. Ал оларды қаржыландыратын – «жаңбыр» иесі. Біз әсірелеп айтып отырған «жаңбыр» иесі, әуелгіде, олар әлі де ол ниеттерінен бас тартқан жоқ, Ұлыбритания болса қазір оларға АҚШ жетекшілік етеді. Тәңіршілдерді де қаржыландыратын солар. Сол қаржылық мүмкіндіктеріне орай қазіргі кезде тәңіршілер де белсенділік таныта бастады. Олар Қырғызстанда тіпті билікке де араласуда. Бізде де едәуір күшке ие. Әйтсе де олардың тәңіршілдік туралы түсініктері тым жұтаң. Соған орай тәңіршілдер біздің дәстүрлі дініміздің кейбір элементтерін өздеріне иеленгісі келеді. Тіпті салт-дәстүрімізді де өздеріне телиді. Ал бұған көзжұмбайлықпен қарауға болмайды. Себебі бұлайша үй ішінен үй тігуге ұмтылу, ұлттық тұтастыққа нұқсан келтіреді. Сонымен қатар олар өз уағыздарын ислам діні қағидаттарын жоққа шығару арқылы жүргізеді. Ал бұл деген, біз жоғарыда тілге тиек еткен исламофобияны қалыптастырған күштер қызметіне үн қосу деген сөз. Сондықтан да оларды діни ағым деп емес, тәуелсіз мемлекетіміз тұтастығына нұқсан келтіретін сыртқы күштердің құрамдас бір бөлшегі деп қабылдағанымыз жөн. Мемлекеттік құзырлы органдар да оларға қарсы осы танымдық тұрғыда әрекет етуі тиіс.

Мұхиддин ИСА: Иә, осындай сұрақтың шығуының артында үлкен әсер тұр деп ойлаймын. Қандай әсер десек, бүгінгі таңдағы тәңіршіл атеисттердің шығуы, оның алдындағы радикалдық ағымдардың пайда болуы осы сұрақты туындатып отыр. Бұлар қазақтың дініне жат ұстанымдарды алып келді.Солардың  «Ислам діні қауіпті» деп айтқаны үшін ата-баба дінінен бас тартасың ба?

Ислам дінінен бас тартсақ, ұлт боп қалыптасамыз ба? Иә, сен 70 жыл бойы ислам дінінен бас тартып келесің. Қызылдың қылышы қынабынан шығып тұрған заман болды. Оны Мәшһүр Жүсіп те айтып кетті. Осы кезде сен өзіңді қаншалықты ұлт ретінде сақтай алдың? Ұлт боп тек халықтың ішінде ғана сақталды, ал жалпы сол кездегі қоғамға, әсіресе «патриоттарға» ұлт керек болмады. Оларға орыс керек болды. Құдай-ау, отыз жыл өтсе де, әлі күнге дейін орысқа жалпақтау бар. Түрі қазақ болса да тілін жоғалтқандар бар. Дінін жоғалтып еді, міне, тілін де жоғалтты. Тек ауыл адамдары ғана дінін сақтап қала алды.

Ислам дінінен бас тартатындай ол саған қандай қасірет әкелді? Сонау әл-Фарабиден Қожа Ахмет Йассауиге дейін исламды ардақтап, Құраннан ілім алды. Ислам діні Американың экономикасын дамытуға себеп боп жатыр. Онда неге қазақ халқы ата-бабалардың дінінен бас тартуы керек? Қайдағы бір «шала сауаттылардың» кесірінен дінінен бас тарта ма?

Қуаныш ТОҚСАНБАЙҰЛЫ: Соңғы кездері қоғамда «тәңіршілдер» атты атаумен  исламофобиямен жүректері ауырған топ пайда болуда. «Исламофобиямен ауыратын» деп сынауымыздың негізгі себебі өздерінің нанымдарына қарағанда әлдеқайда басым форматта тек исламға тиісуі. Түріктер мақалдарында  «адамдар жемісі бар ағашқа ғана тас атады» деп айтқандай, өзің еш жеміс өсірмей, тек өсіп тұрған жеміске тас ату қашан да оңай, әрі атағыңды шығаратын жеңіл жол.

Әрбір ұлттың мақтана алатын және айтса ұната қоймайтын әлсіз тұсы болады, мысалы біз тектілігімізбен мақтанғанымызбен сол тектілігімізді сақтайтын руды айта бастағанда ұлтқа қарағанда кейде тек өз руымыздың мүддесін жоғары қойып жатамыз. Міне осы мақтайтын тұсымызға кім басымдық беріп, асыра айтып, сөзінің соңында өз жеке идеологиясын тықпаштап жіберсе, көпшілік байқамай, оны да өзінің мақталынатын тұсы ретінде қабылдап, марқайып, соңында қалай басқа идеологияның жетегінде кеткенін білмей қалып жатады. Тура осы секілді тәңіршілдің «Тәңір», «Әруақ»  т.б. қолданысымызда бар сөздерді қолданып, соңында бұл қасиетті ұғымдардан бездіретінін байқамай қаламыз. «Бездіретінін» деп айтуымыз, олардың айтуынша «Тәңір» бар, бірақ дұға қылсаң жауап бермейді, Оның қалауы адамдар қалауынан төмен, қарапайым басшы да көп қалауларын қол астындағыларға істете алады, ал Тәңір қаласа да адамдар қаламаса іс орындалмайды, адамдарды аштықтан құтқара алмайды, өйткені уақыты жоқ -мыс. Осы секілді көптеген сөздерімен Тәңірге мемлекет басшысы түгелі, мекеме басшысынан төмен функция береді.  Міне осы тынымдар арқылы кез келген «тәңіршіл» тек атеистке айналады. Тәңір де аруақ та жайында қалады.

Олардың тағы бір ұстанымдары Тәңір мен Алла арасын бөледі. Арабтың «Алласы», біздің «Тәңіріміз» деп құдайды жекешелеп алу қай тарихымызда орын алып еді. Зиялыларымыздың кезіндегі діни сауатсыз кадрларды сынағанын білеміз, бірақ олар ешқашан Тәңірді қазаққа жекешелеп, пайғамбарға балағат, сын айтпаған. Қазақ о бастан Тәңір ұғымымен бір Алланы түсінген, екі сөзді бөлек қарастырмаған.

Қазақ о бастан тәңіршіл десек онда Әл-Фарабиді, Бұхар жырауды, Майлықожа мен Қожа Ахмет Яассауиды, «зар заман ақындары» мен алаштанушы реформаторларды (ислам дінін өзгерткен жаңашылдар емес, бәлки оқыту әдіснамасы мен дипломатиялық қарым-қатынасқа жаңашылдық әкелгендерді), Абайдың оқыған діни медресесін, Құранмен ұштасқан қара сөздерін, Шәкәрімнің «Үш анық», «Мұсылманшылдық шарты» еңбектерін, Ыбырайдың «Мұсылманшылдық тұтқасы» еңбектерін т.б. көптеген еңбектер мен зиялыларымызды қайда қоямыз. Әлде олар интернет дамымаған заманда өмір сүргендіктері себепті көп дүниелерде қателесті деп, сегізден аса тіл белген интеллегенттерімізді жерге ұрып, өзімізді керемет ақылды санаймыз ба?!

Егер расында да тектілігімізбен шынайы мақтансақ, онда бізге дейін жүздеген жылдар бойы бүлінбеген, дақ түспеген тектілеріміз ұстанған ислам жолынан айырылмайық, осы нағыз ақыл иелері болған зиялыларымыз ұстанған жолдан адасу, сол адасқан адамды ақылды санау ешқашан дұрыс жолға бастамайды. Батыр бабамыз исламды ақыл таразыларына салып, жүрегіндегі дүниетанымымен салыстырып, көңіліне орныққан, нағыз тізбекке сүйенген жүйелі білім болғандығы себепті де қабылдаған және ғасырлар бойы сақтап, тіпті кей уақыттарда ресми мемлекеттік дінге де айналдыра білген.

Кеңшілік ТЫШҚАНҰЛЫ: Дін тақырыбы қоғамда ең көп жазылатын, талданатын тақырыптардың біріне айналғалы қашан?! Бұл тақырыптың алдыңғы қатарға шығуына үлес қосатын факторлар көп. Біріншіден, дінді ұстанушы адамдардың басқа адамдарды шақыруы, уағыздауы. Кез-келген дінің ішкі мәнінде бұл қағида бар. Яғни, дінге шақыру ізгі амал болып саналады. Екіншіден, қарсы тараптағы адамдардың көңіл-күйі. Қазіргі заманда уағыздалған дүниелердің барлығына бас изеп, мойындай беретін адамдардың саны көп емес. Ой, талғам, ғылыми тұжырымдар, дүниеге құштарлық т.б. көптеген факторлар адамдардың дінге қатысты ортаға тастаған пікірлеріне сыни қарсылық тудырады. Үшіншіден, радикалды топтардың әсіре діншілдігі. Қалыпты, өз ағысымен, хикметке негізделген діннің таралуын місе тұтпайтын кейбір ағым өкілдері тез арады барлық қоғамның өздері ойлағандай «діндар» болуын қалайды. Осы миссияның жолында не кедергі болса, соның бәрін жау көреді. Ақырында бұл агрессиялық ұстаным діннің таралуына емес, керісінше жек көрушілік пен діннен безушілікке әкеледі. Төртіншіден, жоғарыдағы жағдайлардың бәрін сыртынан бақылаған кейбір адамдардың дінсіздігі. Кейінгі кезде атеизм, тәңіршілдік атымен жалаң ұлтшылдық бейнесін жамылып дінге, дін адамдарына жасалып жатқан шабуылдар.

Міне, осылардың барлығы қоғамда дінге қатысты тақырыптардың желі бетіне жиі шығуына, көптеген талқылауларға себеп болуда. Бірақ, сырттай қарағанда үлкен қайшылықтар сияқты көрінгенімен мұндай жағдайлар қоғамдағы дін мәселесінде жақсы дүниелерге де себеп болады. Мәселен, радикалды формадағы ұстанымдардың шығуы қалыпты дін өкілдерінің діни сауаттылығын арттыруға түрткі болды. Ал дінге орынды-орынсыз жасалып жатқан шабуылдар еліміздегі әртүрлі жамағаттарға бөлінген ислам өкілдерін бірігуге итермелеуі мүмкін. Сондықтан, қоғамда дін мәселесін заң аясында реттеуден бөлек, қоғамдық ұстанымдар да өз деңгейінде реттейтіндігіне көз жеткізудеміз. Ал карантин жағдайында еліміздегі радикализммен күрес мәселесі, теріс ағым өкілдерінің таралуы мен оңалту жұмыстары ақсағандығын назарға алсақ, бұл мәселенің соңы әзірге көрінбек емес.

Төрәлі ҚЫДЫР: Ал, біздегі бүгінгі тәңіршілдердің жөні тіптен бөлек. Тәңіршілдікті кеңінен насихаттап жүрген біздің «оқығандардың» басым бөлігі өз айтқандарына өздері толық сене қоймайды. Сенімдерін шыңдап отыру үшін, өз иланымдарындағы құлшылықтың жөн-жоралғысын да жасамайды. Тек қана жазады. Онда да өз сенімдерін негіздеп, ғылыми еңбек жазбайды, тек қана айтады. Айтқанда да, көпшілігі ғылыми ортада емес, әлеуметтік желілерде жасырын, бүркеншік атпен «сүйкейді». Біразы аты-жөндерін ашып жазбайды. Ашып жазса, «пәленшенің баласы кәпір» екен деген сөзден аяқ тартады. Ертең өлсем жаназам шығарылмай, ислами жөн-жоралғысыз жерленуім мүмкін деп шошиды. Себебі ұстанған бағыттарының түбі шикі екенін өздері де біледі. Содан әлеуметтік желіде бірнеше парақша ашып алып, дін туралы жазғандарды «аңдиды». Басқа дінді ұстанатын өзге ұлттарды емес, өзінің мұсылман қазақ бауырларының намысына тиіп, имани сенімін аяқасты еткісі келеді. «Бас тәңіршінің» Исламды қаралап жазғанына өз сенімін қорғаштап бір мұсылман жауап жазса, бірнеше парақшаларды «ойнатып» отырған фейк авторлар шиебөрідей жабылып, табалайды. Дәлел-дәйексіз, көбінесе сөзді ойнатады. Өкінішке орай, біздегі тәңіршілдердің кейпі осындай бүгінде.

Тәңіршілміз дегені бер жағы, шын мәнісінде көпшілігі сол сенімнің артына жасырынған дінсіздер, ғылыми тілде айтсақ, атеистер, мұсылманша атасақ, кәпірлер. Олай деуімізге себеп, сол «жазғыштардың» өзі тәңірлік сенім бойынша да құлшылық қылып жарытпайды. Немесе жүрегінде Жаратушыға деген титімдей иманы бар адамның басқа дінді ұстанушының сеніміне, оның ар-ұжданына тиісудің күнә екендігін білсе керек-ті.

Жалпы, бізде Исламға дейін түркілердің бәрі тәңірлік дінін ұстанып, тұтастай бір сенімде болған деген жалаң пікір қалыптасқан. Егер түркілердің бәрі өз сенімдеріне берік болса, онда Исламға дейін-ақ христиандық, буддалық, манихейлік діндердің киелі мәтіндерін арғы бабаларымыздың көне түркіге аударуында не қажеттілік туындады екен? Манихейлік дінін насихаттайтын «Хуастуанифт», Христианның неостариан ағымын үгіттейтін «Абыздардың құлшылығы», Буддалық мәндегі «Алтын Жарық», «Майтри симит ном бітік» жазба жәдігерлері түркітануда көп зерделенген. Зерттеушілер кейбір түркі тайпаларының осы діндердің иланушысы болғанын алға тартқан. Яғни, киелі кітабы һәм пайғамбары жоқ тәңіршілдік сол замандағы діндермен бәскеге түсе алмаған. Сондықтан да Исламға дейін-ақ түркі тайпаларының кейбірі тәңіршілдікке «қиянат» жасаған еді. Түркілердің басым бөлігі бертін келе шынайы имани сенімді Исламнан тапты. Ислам өркениетін жасаушылардың бірі болды. Ортағасырлық Ислам тарихы, шын мəнісінде, мұсылман түркілер тарихы екені белгілі.

Исламды қабылдаған түркі халықтары үшін, тәңіршілдік – өтіп кеткен кезең. Яғни, тәңіршілдік түркілердің балаң кезеңі болса, Ислам – кемелдену кезеңі. Сондықтан да бүгінгі қоғамда тәңіршілдікті дін ретінде насихаттаудың қажеттілігі де шамалы.

Смайыл СЕЙІТБЕКОВ: «Тәңіршілдік наным-сенімі тек түркі халықтарының соның ішінде қазақ халқының төл діні емес. Бұл ежелгі барлық қауымдардың ортақ нанымы.

Діни атрибуттары мен институттары жоқ нанымды ұлттық дінге айналдыру барып тұрған надандық. Сондықтан ғасырлар қойнауына кеткен нанымдарын тек атаумен ғана шектелуде.

Сондай нанымның бірі – тәңіршілік. Ал кейбір тұлғалар тарих қойнауына кеткен тәңіршілдікті қайта дін ретінде қалыптастыру қажеттігін алға тартады. Ұмытылып бара жатқан салт дәстүрді жаңғырту мүмкін болмағанда, дінім –  ислам, құдайым – Алла, пайғамбарым – Мұхаммед (с.ғ.с.), қасиетті кітабым –  Құран деген халықтың ұмытылған нанымын қайтпек? Әлде құдайды да жекешелендірмек пе?

Түркі халықтарының ешбірі «біздің ұлттық дініміз, ата-баба дініміз тәңіршілдік» деп ұрандап жатқан жоқ. Тәңіршілдік барша түркілердің ортақ нанымы екенін ескерсек, расында да ақиқат дін болса өзге бауырлас түркілер неге жаңғыртуға тырыспайды? Өйткені, ол күлкілі әрі надандық.

Атышулы Рим империясы пұтқа табынған, парсылар отқа табынған. Дамыған бұл елдер сол байырғы дінін қайта тірілтуге құлықты емес» дейді.

Ашық басылымдардан алынған піікрлер бойынша дайындалды

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button