Ислам әлемінің алғашқы жорықтары

Қазақстандағы ислам тарихы әділетті төрт халифа дәуірінен кейін 661-750 жылдары пайда болған «Әмәуи халифаты» тұсынан бастау алады. Ғасырға жуық салтанат құрған осы кезең туралы Смайыл СЕЙТБЕКОВ қазақ тіліндегі қомақты зерттеуін жазып шығарған болатын. Әмәуи халифаты дәуіріне қызығушылық тудырып отырған себебіміз де осы тұста Орта Азияға араб әскерлерінің жорықтары басталып, көне Шаш, Илак, Фараб, Исфиджаб, Тараз өңірлерінде ислам есіктері ашылып, түркі халқы мұсылмандықты қабылдаған еді. Аталмыш елді мекендер қазіргі Қазақстанның жеріндегі басты орталықтар болып саналады.
– Әмәуилер әулеті Умәя ибн Әбдішәмс ибн Әбдіманафтан таратады. Меккенің тумасы, құрайыш тайпасынан шыққан, заманында дәулетті болған тұлға. Ол әулеттен әскери қолбасшылар да, аймақтарда әкім болып, билікке ұмтылғандары да көп болды. 644 жылы Әбдішәмс әулетінен шыққан төртінші халифа хазіреті Османның (р.а) халифа болуымен Әмәуи әулетінде көп өзгерістер әкелді. Оқырмандарға түсінікті болу үшін айта кетелік, Әбдіманафтан тараған төрт ұлдың бірі Әбдішәмс болса, кіші ұлы Хашимнен (464-498) Әбдімүттәліп, одан Абдулла, одан Хз. Мұхаммед (с.а.у.) тарайды. Осы екі әулеттің ұрпағы арасындағы шиеленістер ислам тарихында елеулі өзгерістерге әкелді.
– Әңгімеміз атақты әулет туралы болған соң, Муғауияның билік басына қалай келгені жөнінде мәлімет берсеңіз.
– Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайтыс болмастан алдын өзінен кейін мұсылмандардың басшысы ретінде ешкімді қалдырмады. Алайда сахабалар хазірет Әбу Бәкірді (р.а) халифалыққа лайық көріп, халифа сайлады. Хазрет Әбу Бәкір (р.а) және одан кейінгі халифа хазірет Омардың (р.а) Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туыстық қатысы жоқ. Ал хазірет Омар (р.а) өзінен кейінгі халифа болатын жанды таңдау үшін өмірінде жәннатпен сүйіншілеген 10 сахабадан тұратын артта қалған 6 адамнан құрылған «Кеңестің шешіміне» қалдырады. Кеңес шешімімен Омардан (р.а.) кейін Осман ибн Аффан (р.а.) халифа болып сайланды. Бүлікшілер қолынан қаза тапқан Осман (р.а) ешкімді тақ мұрагері етіп сайлап кетпеді. Халық хазіреті Алидің (р.а) халифа болуын өтініп, сайлайды да. Халифа Алиге де қастандық жасалып, әл үстінде жатқанда: «Балаң Хасанды халифа етіп сайлап кет» дегенде, ол: «Мен сендерге оны сайлаңдар деп немесе сайламаңдар деп те ешнәрсе айтпаймын», – деген еді. Дегенмен куфалықтар хазірет Алидің ұлы Хасанды (р.а) халифа етіп сайлайды. Ол алты ай халифа болып, елдегі күрделі саяси жағдайды ескере келе, өз еркімен билікті Муғауия ибн Әбу Суфиянға тапсырады. Муғауия өзінен кейін тақ мұрагері етіп, 676 жылы ұлы Язидті сайлайды. Язид ибн Муғауиядан кейін билікке келген халифалар өз балаларын немесе інілерін тақ мұрагері етіп қалдыру үрдісі қалыптасты.
– Муғауия ішкі жағдайды тыныштырған соң хазірет Османның (р.а) кезіндегі жорықтарын ары қарай жалғастырады. Шығыста Мауараннахр, Хорасан, Систан мен Синдқа (Пәкістан); Батыста Солтүстік Африка және солтүстікте Анадолы бағытында әскери жорықтар басталды ғой.
– Аталмыш бағыттарға жолданған әскер сол аймаққа жақын өлкеден жіберіліп отырды. Хорасан өлкесін бақылауға алуды жоспарлаған Муғауия үздіксіз жорықтар жүргізді. Мауараннахр аймағына жорық жасалды. Ирак өлкесінің атақты әкімі Зияд ибн Әбиһтің бұйрығына сай үш жыл бойы жоспарлы ұйымдастырылған жорықтар нәтижесінде ислам әскері Амударияға дейін басып алып, қала берді өзеннің арғы бетіне де өтуге қол жеткізеді. Әрине, бұл аймақты түрік тайпалары мекен еткені белгілі. Бұл жорықтарда шығыстағы шекара аймақты күшейту үшін жаңа әскери қосындар құрылды. Бұл шығыстағы жорықтарды жоспарлы әрі жүйелі жүргізу және әскери көмекті дер кезінде жеткізу үшін туындаған қажеттілік еді. 671 жылы Куфа мен Басрадан жасақталған 50 мың әскер Мары қаласында ашылған горнизонға орналасады. Бұл әскери орталық шөлде орналасқандықтан арабтардың өмір сүру табиғатына қолайлы еді. Бұл қазіргі Түркменстан жеріндегі қала. 676 жылы Саид ибн Осман ибн Аффан (р.а) Хорасан өлкесінің әкімі болып ағайындалады. Оның алдында Бұхара, Самарханд, Соғд, Карши, Термез қалалары тізе бүгіп, салық төлеуге мәжбүр болады.
– Әмәуи әулетінің шыққан 14 халифа ғасырға жуық билік құрды. Шығысқа беттеген жорықтар Уәлид ибн Абдумаликтің халифалығымен (705-715 ж.) қайта жаңғырды ма?
– Халифа Уәлидтің кезінде батырлығымен, қайсарлығымен, әскери дарындылығымен танылған әрі ислам дінінің қанат жаюына еңбек сіңірген төрт қолбасшыны ерекше атап өтпеу – тарихқа жасалған қиянат болмақ. Мауараннахр мен Түркістан өлкесін алған қолбасшы Құтайба ибн Муслим, Синд (Пәкістан, Үндістанның солтүстік батысы) өлкесін алған қолбасшысы Мұхаммед ибн Қасым, Армения мен Анадолы өлкесін бағындырған қолбасшы Мәсләма ибн Абдумәлік, Испанияны алған қолбасшы Тарық ибн Зияд.
– Құтайба ибн Муслим туралы кеңес ғалымдарының пікірлер бір жақты болып келді. Сіздің еңбегіңізде атақты қолбасшының өмір жолына жан-жақты тоқталған екенсіз.
– Еңбегімізде Құтайба ибн Муслимнің жорықтары арнайы айтылды. Ол 669 жылы Басрада дүниеге келген. Қайс тайпасының Бахила руынан шыққан. Әкесі сол рудың көсемі болып, батырлығымен танылған. Әкесінің жанында бірнеше шайқастарға қатысып, әскери тәжірибеде шыңдалған Құтайба Хорасанға келгенде аймақ шекарасымен көршілес екі ел тұратынын білді. Бірі – Амудария өзенінің орта бөлігінен бастап таулы аймаққа орналасқан Тохаристан өлкесі. Оның орталығы Балх қаласы. Екіншісі аса қауіпті болған Мауараннахр аймағы. Екі өлкедеде де түркілер мекендегендіктен, билік түркілердің қолында болды. Бірақ түркі тайпалары арасында саяси ауызбіршілік болмағандықтан, жеке дара сұлтандық, әмірлік, қағандық ретінде билік жүргізіп отырды. Әмәуи халифаты Хорасан мен Мауараннахр аймағын көп уақыттан бері бақылауына ала алмай келген еді. Сол олқылықтарды ретке келтірген дарынды қолбасшы Құтайба ибн Муслим 714 жылы Ташкент арқылы Испиджабқа (Сайрам) жетіп, оны да алады, осылайша халифат шекарасын қытай шекарасына дейін ұлғайтады. Орта Азия халқының, соның ішінде түріклердің исламды қабылдауында Құтайба ибн Муслимнің еңбегі ерекше екені анық.
– Мұның бәрі Халифа Уәлидтің дәуіріндегі жетістіктер ма?
– Халифа Уәлид – әлем тарихында ең үлкен атақ пен беделге ие болған патшалардың бірі. Билігі шығыста Мауараннахрдан бастап, батыста Францияға дейін, солтүстікте Анадолыдан бастап оңтүстік шығысы Үндістанға дейінгі ұшқан құстың қанаты талатын, жүгірген аңның тұяғы сынатын ұлан-ғайыр аймаққа жүрді. Халифаттың ұстанымы ретінде қол астындағы өлкелердің барлығына исламды үйретіп, әһлі сүннет сенімін насихаттап, діндарларға құрмет көрсетті. Оның халифалық кезеңі Әмәуи халифатының шарықтау шегі еді. Ол дәуірде ислам әлемінде өнер, сәулет пен ғылыми зерттеулер жандана түсіп, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Жорықтардың нәтижесінде олжа мен салықтан қазынаға мол қаржы түсіп, мұсылмандардың дәулеті асты. Халифа Уәлид он жыл халифа болып, 715 жылы аяқастынан науқастанып қайтыс болады.
– Оның орнына таққа отырған Сүлеймен ибн Абдумәліктің кезінде шығысты ұстап тұрған Құтайба ибн Муслимнің басындағы бағы тайды ғой.
– Биліктің басына ағасынан кейін келген Сүлеймен сыртқы саясатта ағасының жолын ұстауға тырысты. Ал ел билеуде кері бағыт ұстанды. Ол қолайына келмеген Құтайбаны бірден қызметтен алып тастау оңайға соқпайтынын білді. Өйткені Құтайба Хорасанда әскери тұрғыда өте күшті жағдайда еді. Сол себепті қулыққа басып, әскер ішінде алауыздық туғызып, ыдыратуға тырысады. Мұны кеш түсінген қолбасшы өзін сатып кеткен сарбаздардың қолында 715 жылы майдан алаңында ерлікпен қаза табады. Осылайша шығыстың даңқты, дарынды қолбасшысы болған Құтайба ибн Муслим жау қолынан емес, мұсылманның қолынан қаза табады. Сүлейменнің ең басты қателігі халифаттың өркендеуі үшін еңбегі сіңген әкімдер мен қолбасшылардың елеулі қызметтерін елмеген еді.
Ислам тарихындағы Әмәуи халифатының шығыс жорықтарын зерделегенде тағы да шайқастар болып, түркілер бірде басым түссе, жеңілген шақтары да болды. Мұның бәрі мұсылман араб әскерінің жорық жылдарының ең алғашқысы, ерте бастауы еді. Кейіннен өлкедегі тыныштықты сақтау үшін күшке емес, ақыл мен ымыраға негізделген саясат та жемісін берді. Хорасан мен Мауранахр өлкесі Ирак аймақ әкімі тарапынан тағайындалған әкімдер арқылы басқарылып, өлкелік әкімшілігіне қарағандықтан саяси тұрғыдан өзіндік орны болды.
Айгүл УАЙС





