Сыр-сұхбат

Кенесарының денесі қайда жерленген?

«Оңтүстік Қазақстанда өмір сүріп, әлемнен озған Мәделі батыр Жүсіпқожа ұлы 1816 жылы дүниеге келіп 1888 жылы 72 жасында қазіргі Бадам станциясының маңында «Ақ бұлақ» деген жерде дүниеден өтіп, Қарабастау деген жердегі «Мәлім мола» атты қорымға өзі көзі тірісінде салдырған кесенесіне қойылған.

Мәделі қожаның бірінші алған жары  ұлы жүз Шымыр ішіндегі Мәмбеттің Байтерегінің қызы «Ерке» мама. Мәмбеттің дәулетін ақынның жиені Майлықожа:
Күнгейдегі Шымырдан,
Оздырды Құдай Мәмбетті.
Екі болыс ел дейді,
Мәмбеттен туған әулетті,
Байтерегі хан болған,
Байзағы асқан даң болған.
Батыр басы Ақ молда.
Төрт жағы құбыла жан болған-деп дәріптейді.

Екінші әйелі – Қасымханның қызы, Кенесарының қарындасы Қалипа. Мәделі қожа екі әйелінен де перзент көріп, осы күні өсіп өніп отырған әулет.

Біздің әңгімеміз Халипа жайында. Халипа ханша Мәделіге Кенесары дүниеден өткен соң қосылады. Бұл әулеттер бірін-бірін бұрынан білген, араласып жүрген. Оған Майлықожамен айтысқан Айман қыздың:
Сегіз жыл жолын күткен Халипаның
Жігіт болсаң сертке жет Мәделідей,-деп Майлықожаны қайрағаны куә болады.

Бірақ Қасым ханың қызы, Кенесарының қарындасы Қалипа Мәделіқожаға екі сертпен тиеді. Біріншісі – мен хан тұқымынан болғандықтан еш уақытта тоқал болып аталмауым керек. Яғни мені ешкім тоқал демесін. Екіншісі – менің екі ағам, бір інім – Кенесары, Наурызбай, Ержан Қырғыздың қолынан қаза тапты. Маған солардың сүйегін алып келіп бересің, өз қолыммен арулап қоямын дейді. Мәделіқожа екі сертті де мойнына алады.

Арада уақыт өте ерте көктемде Сырдың бойында көшіп жүріп, бір күні Мәделіқожа үйінде жалғыз қалады. Бір нәрсе керек болып «Әу, қайсың барсың?»-деп дауыстайды, тым-тырыс.  «Қалипа, Қалипа» деп бірнеше рет дауыстайды, ешкім келмейді. Назаланған Батыр, «Қап, балақтағы бит басқа өрмеледі деген осы да, тоқалда әлде қандай болды ғой»-деп дауыстап орнынан тұрып жатқанда Халипа мама келіп қалған екен. Сөзді есітіп: «Қожа сөзіңнен айныдың, енді мен саған жоқпын» деп өзін Сырдарияға тастайды.

Сол кезде Мәделіқожаның інісі Кенжехан, тарихқа белгілі Шұбар атқа жайдақ мініп дарияға түсіп Қалипаны шашынан ұстап, судан алып шығады. Халипа оған да көнбей көп қиғылық көрсетіп барып зорға тынады-мыс. Бұл жайдан хабарланған сол кездегі Шымкент оязында кеңесші болып істеп жүрген Кенесарының баласы Ахмет төре Мәделіқожаның үйіне келіп-« Апам суға батып өліп кеткенде  құнынан құтыла алмайтын едің»-деп ызбарланғанда ақын:
Төренің түп атасы қалмақ еді,
Өлерінде кебінін жалмап еді.
Өзі құлап өлседе менен көргін,
Жемеген басқа боғың қалмап еді-деп уәжден жеңеді. Дегенмен ол басындағы айтылған серттің біреуі орындалмағаны үшін жай көзбен қарағанда «тоқал» деген сөзге бола өзін өлімге қиюға барған – төре тұқымына тән тәкәппәрлік бір сөзділіктің белгісі емес пе?!

Анамыз кезінде атқа мініп жауға аттанған деген сөз бар. Ол ортадан төмендеу, жауырынды, сал бөксе, сырт қарағанда тұқыштау көрінеді екен.

Бірде Майлықожаға Мәделіқожа жиен осы жеңгеңді бір ауыз сөзбен сынап берші дегенде:

Ассалаумы әлейкум, Мәделі батыр мың басы,

Қазақы бие секілді Халипаның тұлғасы- дей бергенде, Батыр: «болды, болды арғы жағын қожыратпа» деп домбырасын ұстай алған екен дейді. Егер Кенжехан Халипаны шашынан емес қолынан ұстап құтқарғанда, қарулы Қалипа дес бермей Кенжеханмен бірге суға кетуі мүмкін еді деп ескілер айтып отыратын.

Міне, осы жерде екінші серт туралы, яғни Кенехан, Наурызбай және Ержанның сүйегі туралы тағы бір кезде болған әңгіме еске түседі.

1995 жылы ел болып Майлықожаға ескерткіш сағана салуға кірісті, мен сол жұмыстың басында тұрдым. Майлықожа, Мәделіқожаның қасына жерленген. Барлық жұмыстың көлемінде Мәделіқожаның шөбересі Жұмабек және Мақсұтхан түгел атқарып шықты. Бір күні кешке әңгіме құрып отырып Кенесары туралы, сүйегі жауда қалғаны жайлы сөз болғанда Мақсұтқан Пәрменәші атасынан естіген бір жайды айтып еді. Қалипа сұлу бір күні Батырға Кенехан, Наурызбай, Ержан жайынан және айтқанда Мәделіқожа ойланып отырып:

– Халипа осы сөзді сен тағы айтып отырсың, қазір «Қара балта» маңында сол соғыста шахид болған адам көп, солардан үшеуінің мүрдесін алып келіп бере салсам қайтесің?-дегенде Қалипа мама: «Мені олай алдай алмайсың, мен түсімде Наурызбайдың мойын омыртқасының қалай шабылғанын көргенмін. Қайсысы да болса сүйектерін танимын» деген екен деді. Халипа Мәделіқожадан кейін дүниеден өткен, демек 30-35 жыл отандасқан. Бірінші серт орындалмай  «Тоқал» деген сөзге бола өзін өзі суға тастап жүрген жанашыр жанның  аға-бауырлары үшін отқа да түсуге әзір ғой. Және Мәделі қожаның «сен осы сөзді тағы да айтып» дегеніне қарағанда  бұл жиі-жиі қайталанып отырған болуы керек. Мәделі қожа өмірінің соңында кесел болып үйінде отырып қалған. Халипаның қолында болған, тату-тәтті өмір кешкеніне қарағанда, хан қызының арманы орындалған секілді.

Дегенмен,  батырды іздеген жалғыз бұлар емес. 1887 жылы Сыздық төре Қашқардан бері қайтқанда Алтай таулары арқылы Орман ханның ордасына келеді. Кенесарынын көкжалын тірі көрген Қырғыздар «қоқи-қоқи» деп үдеріп кетті дейді. Сонда Сыздық: «Сендер босқа үрейленбеңдер, әркімнің өз заманы бар. Біз хан тұқымы атқа мінгенде, өз мақсатымызға жете алмасақ осы жолдағы өлімді мойнымызға  алып тәуекел етеміз. Мен сендерден құн даулап келген жоқпын. Бірақ ханның ізін сұрап келдім. Жүзігін беріңдер қолыма салайын, «Сары ала ер» деген ер бар, тауып беріңдер атыма ұрайын» дейді ғой.

Орман ханың үйінен ханның жүзігі шығады. Сыздық жүзікті көзіне сүртіп тәу етіп қолына салады. Тез арада «Сары ала» ер де келеді. Сыздық сұлтан қонышынан қанжарды алып ердің қасынан қақ жарады. Ердің қасына үш собық сап алтын орнатылған екен. «Ханның өзін өлтіргенімен қазынасын алуға ақылдарың жетпепті, бұйырған дүние ғой» деп қалтасына салады. Сыздық сұлтан Кенесары өлімінен соң  40 жылдан кейін іздеп барған.

Ал құпиялы сапарды Мәделі қожа да «осылай болды» деп ешкімге айта алмайды.

Жалпы Халипа мама Мәделі қожаға тым беріліп құрмет еткен жан. Мәделі қожа заманы атыс-шабыс, барымта-сырымта дәуірі болды. Ел азаматы болған соң бұл адам ешбір оқиғаға араласпады деп ешкімде айта алмайды. Батыр сондай бір жорыққа аттанып кеткенінде қашан оралғанша Қалипа мама шапаның желбегей жамылып қолына домбырасын тастамай бір ішекпен іліп бір сарында мұңлы күйді тартып есігінің алдындағы қарауыл төбеге бір түсіп, бір шығып тыным таппайды екен. Кешігі күнгі қариялар бұл жайды; «қайтсын бейшара, әкесін, ағаларын, інілерін жауға берген, секемшіл көңіл бұдан да айрылып қаламын ба деп үрейленеді ғой» дейтін.

Соңғы кезде ел арасында Халиф-Қалыш атты бір күйді біраз адамға таңып жүр. Бұл тура емес, Халиф-Қалыш Орда маңының күйі. Олай болатын себебі: Халипа Мәделі қожаға келген соң артынан Қалыш балдыз апасын іздеп келеді. Арқаның ақ сүйек, алты бақанын көрген Қалыш діндар қожа аулындағы тым-тырысты көрген соң жездесіне «ауылдарыңыз азалы ма? Немене, ойын сауық деген, қонақ күту, көңіл көтеру деген қайда деп қыйғылық салғанда, сол кезде бала жігіт, су жұқпас жорға болып танылып келе жатқан Арын ақынды шақыртады. Арын қожа әулетіні Сунақ-Сыйық атасынан еді. Арын ақын Қалыш құдашасына бұлай деп сәлем беріп амандасады.

Уә-Ассаламу Әлейкум

Халипа төрем, Қалышым.
Халипа жеңгем айтпаса,
Қалыш жан қайдан танысын?
Мен бір жүрген жорға тай
Көрсеткелі келіп ем.
Аяғымнан шалысын.
Дабысыңды есітіп,
Амандаса келісім
Мәделі ағам алдына
Ала таудай өрісім
Халипа жеңге-ау, нұсқашы
Қалыш бір тұрып, көріссін-дейді. Ханша Қалыш полский кроватта шалқасынан түсіп жатқан күйінде қолын созады:

Арын:

Жаманды көрсем тебісем
Жақсыны көрсем өбісем
Затым араб құрайш
Басыңды көтер, Қалыш жан
Құшақтасып көрісем-дегенде Қалыш орнына тұрып Арынмен құшақтасып көріседі. Сонда Арын ақын:

Уа, Амансың ба Ханзадам!
Ала таудай айбатың,
Мәделі ағам алдында
Қайтпас болат-қайратым.
Азырақ тоқтап тұрыңыз,
Бұлбұлың біраз сайрасын,
Бабаң Абылай өтіпті-ау,
Халықтың көріп пайдасын.
Кенесары, Наурызбай.
Батырлар өтті-ау дүниеден.
Қанға бояп найзасын,
Шолпан жұлдыз туғандай.
Жарысып қапты-ау үніміз
Ханзадам бұрын қайдасың.
Асылған болат пышағың,
Сүйсініп тұр құшағым.
Жайлы күйлі жүрмісің,
Қорада қоңыр тұсағым.
Ханзадамен көрісіп,
Ілгері өткен Қыз-Жібек
Төлегенге ұқсадым.
Сүйегі болат әсілден,
Қашырған жауды тәсілмен
Не байлармен, не датқа.
Қошемет етіп асылған
Қырық мың үйлі солтыны
Қайраты мен қашырған.
Күнгейде жатқан қырғызды
Теріскейге асырған.
Сол секілді ерлердің
Топырақ бетін жасырған-деп көңіл айтып құшағын жазарда:

Ертең ерте шақырған
Молдалардың азаны-ай,
Айтқанмен ада болмайды.
Батырлардың ғазалы-ай,
Қалғаның отырып айталық
Құшақты енді жазалық-ай!

(Қазақстан Республикасының ғылым академиясы ғылыми кітапханасы. Сирек қолжазба қоры. Кәрібай Шәменов тапсырған). Бұл жерде Хан ордасы ойын сауықтан кенде болмаған және өнерпаздан кенде емес. (Арын ақын 33 жасында өмірден озған. Су жұқпас жорға болғанымен артында жазылған сөз жоқ).

Бұл жайдан біздің бір байқайтынымыз  хан ордасы Мәделі қожаға өкпелі емес. Жадырап жайнап, ойнап күліп келеді. Екінші көңілдері тоқ, көңілдің бір түкпірінде кірбің болса, ойын-сауық іздеп желікпесе керек-ті.  Біздің айтып отырғанымыз болжам ғана. Қолда нақты ештеңе жоқ. Бірақ арада 40 жыл өткенде іздеп келгенге табылмай кететін Кене хан көптің бірі емес. Қырғыздың өзі ақ барып келіп жол қылып жіберсе керек еді. Дегенмен кім біледі?» деп аяқталған  шежіреші Сейт-Омар Саттарұлының бұл болжамы бізді де ойландырған еді.

Ағамызбен байланысып, қайда әкеліп жерлеуі мүмкін деп  сұрастырғанымызда мына болжамға қанықтық. Кенесары қолға түскеннен кейін  оның айналасындағы  туыстары  Созаққа Қызылкөл деген жерге келіп  отырады. Ол маңдағы аралас қауымға батырлардың  денесін жерлеу онсызда иненің ұшында отырған төрелерді қатерге тікпес еді. Негізгі төрелердің  қорымы Қарабұлақ жақтағы Ханқорған тым ескі қауым, бір түнде үш мола қатар түссе де күмән туғызуы мүмкін.

Ақсақалдың айтуынша Бадамның Қарабастауындағы Мәлім молада түнделетін көр қазып, жасырын әкеліп жерлеуі ақылға қонымды.  Кейіннен Мәделі қожа да көзі тірісінде осы қауымда өзіне  сағана тұрғызып сонда жамбасы жерге тиген. Бұл жерді таңдауы батыр Мәделінің алдынан  кісі өтпейтіндігі, сыбыр сөзді тия алатын жұртына ие болып, еліне сенгендігі болса керек деп шамалайды.

Сейітомар аға сол Мәделі ауылының қызы бертінде 96-ға келіп дүниеден өткен Әпін әженің мына естелігін еске алды. Қанипа анамыз жыл сайын Құрбан айтының алдындағы арапа күнінде дауыс салып:

Арқада өскен  бозқурай,

Басына қонған бозторғай.

Орыстан барып мал алған,

Қырғыздан барып жан алған

Кенесары-Наурызбай» деп жоқтау айтады екен.

Әпін әже біразын ұмытып қалдым десе де, ұзақ толғауды жатқа айтқанын естіген екен.

Одан бөлек, Қанипа анамыздың Арқадағы төркіндері жыл сайын  «қожаның соғымы» деп он шақты ірі қара мал мен жылқысын жіберіп, жазда «қант-шәйі» деп ақша жеткізіп тұрған екен. Мұндай құрмет ұзатылған қыздың екеуінің біріне жасалмайтыны анық.

Әрине, бұл дерек Кенесарының денесін тауып беруге ілік бола алмайтынын білеміз. Қанипаны Кенесарының қарындасы  десек те  қолымызда  Қасымханның не нақты төре тұқымының шежіресі жоқ. Аңыз болса да асыл туған қарындастың керек кезінде амал тауып ағасының сүйегін жаудың аяғына таптатпауға барын салған, қайсарлығы мен қасиетін білеміз.

Тіпті аңыз болса да осындай аналарымыздың қасиеті үшін бұл дерек  газет бетінде жарияланып, оқырман назарын аударуға тұрарлық деп шештік.

Ресми дерек не дейді?Алаш ардақтысы  Х.Досмұхамедов Ке­несары мен Наурызбайдың қалай қырғыздар қолына түскенін, қайда жерленгені туралы былайша жазады. «Кенесарыны Сарбағыш Тастанбек балалары, Наурызбайды Сарбағыш Тілеуқабыл балалары жабылып өлтірген. Екеуі екі бөлек қойылған. Кенесары Борды деген сайға көмілген. Борды Тоқмақтан жиырма бес шақырымдай Буамға жүретін қара жолдың оң жағы болады. Наурызбайдың қайда көмілгені әлі анық емес 1847 жылы көктемде соғыстың мықты болған орны – Самсы (Шамшы) асуы, Ержанның қолға түскен жері де осы Самсы асуы» (Досмұхамедов Х. «Кенесарының соңғы күндері).

Кейін тәуелсіздік алған жылдары осы өңірге арнайы экспедиция жасаған ғалымдар да батырлардың қайда жерленгені туралы бір тоқтамға келмеген көрінеді.

 

 

 

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Сондай-ақ, оқыңыз
Жабу
Back to top button