Киелі орындардың туризм нысанына айналдыру мәселелері
Әмина УАЙСОВА, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті

Қазіргі қоғамда сананың өзгеруі, өткен дәуірлердің бай рухани мұрасын түсіну, адамдардың өз өмірінің рухани өлшеміне деген қажеттілігі, оны жоғары, қасиетті мағынамен үйлестіруге ұмтылу, еліміздің мәдени және ұлттық құндылықтарын білуге деген қызығушылық байқалып жатыр. Бұл үлкен қызығушылыққа түрткі болған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламалық мақаласы және одан әрі өрбіген «Қазақстанның сакралды географиясы» мемлекеттік жобасы еді. Жобаның мақсаты— халықтың ұлттық танымындағы киелі, сакралды ұғымдардың мәнін қалыптастырып туризм мен рухани жады байланысатын жерлерді анықтау [1]. Аталған жоба барысында Қазақстанның республикалық деңгейде маңызы бар 100 сакралды нысандары анықталып, бірнеше топқа жіктелді, олар: сакралды табиғи мұра ескерткіштері, археологиялық және сәулет ескерткіштері, ірі ортағасырлық орталықтар, зиярат ету орындары болып табылатын діни және ғибадат орындары, тарихи тұлғалармен байланысты киелі орындар, тарихи және саяси оқиғалармен байланысты жерлер. Сонымен қатар өңірлік деңгейде жаңа сакралды нысандар анықталып жатыр. Сакралды жерлерді зерттеуге Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы да өз үлестерін қосты. Зерттеу нәтижесінде Қазақстан аумағында жалпы саны 731, оның ішінде 216 жалпыұлттық және 515 өңірлік маңызы бар сакралды нысандар анықталды (сурет 1). Сакралды нысандардың әлеуетін, санын, тығыздығын көрсететін географиялық карталар жасалды [2].
Зерттеу нәтижесінде Түркістан облысы мен Қарағанды облысында сакралды нысандар басымдылық танытты. Аталған облыстардың әлеуеті сакралды туризмді дамытуға қолайлы екені дәлелденді. Ал, Қызылорда облысы бойынша 48 сакралды нысандар картаға белгіленді. Олардың басым көпшілігі зиярат ету орындары болып табылатын діни және ғибадат орындары екен. Бұл да өңірдің өзіндік ерекшелігін көрсетеді.
Атап айтсақ, археологиялық орындар және ортағасырлық қалалық орталықтар: Ширик-Рабат қалашығы, Жанкент қалашығы, Сығанақ қалашығы, Жент қалашығы, Арал асар (Кердери 2 елді мекені және кесенесі), Жетіасар (археологиялық кешен), Баланда 2 (ғибадатхана ғимараты), Тагискен (қорым), Сауысқандық (петроглифтер), Күйіккен (қалашық), Бабиш -Молла (қалашығы).
Зиярат ету орындары болып табылатын діни және ғибадат орындар: Қорқыт ата мемориалдық кешені, Бегим ана мұнарасы, Хорасан ата (кесене),Төлегетай-Қылышты ата кешені, Құтқарушы Мәсіхтің ғибадатханасы, Окшы ата кесенесі, Құттыбай ата (кесене), Марал ишан (кесене), Қалқан ишан (кесене), Қөтібар батыр (мұнара), Айтбай (мешіт), Мулқалан Әулие (кесене), Сараман – қоса мұнарасы, Қарасопы күмбезі, Ақтас (мешіт), Айқожа ишан (кесене), Ганибай (мешіт), Қосым қожа (мазар), Қожаназар ишан (мешіт), Мүсірәлі әулие (кесене), Иманқұл (мешіт), Тумен Әулие (кесене), Кожжан қожа (кесене), Құлболды ишан (кесене), Оразай ишан (кесене), Сунақ ата (кесене), Белен ана (жерленген жер), Алы тагы (жерленген жері).
Тарихи тұлғалармен байланысты қасиетті орындар: Жанқожа Нұрмұхамедұлы (кесене), Бұқарбай Естекбайұлы (кесене), Ганибай керуен сарайы, Қалжан Ахун (мешіт-медресе),Ахмед ишан (кесене).
Тарихи және саяси оқиғалармен байланысты қасиетті орындар: Байқоңыр Ғарыш Айлағы, саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық кешен, Мәңгілік Даңқ Мемориалы.
Негізі тарихы терең Қызылорда облыс көлемінде 560 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекет қорғауына алынған, оның ішінде 31 республикалық, 256 жергілікті маңызы бар және 273 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын-ала тізіміне алынған [3].
Сонымен, сакралды нысандар дегеніміз не? Қазақстанда сакралды туризм даму мүмкіндігі бар ма?
Жалпы сакралды нысандардың өзіндік тылсым қасиеттері бар. Сакралды түсінігі немесе киелі, кейде қасиетті деген синонимдермен қатар айтылып жатады. Сакралды түсінігі латын тілінен «sacer» бағышталған, тағайындалған, қасиетті, құрметті, ұлы, сиқырлы, жұмбақ, қарғысқа ұшыраған, жер асты құдайлары, жазаланған деген мағынаны білдіреді. Ежелгі мәдениетті сакралды түсінігі құдайға қатысты рәсімдермен байланыстырылады. А. Завгородныйдың анықтамасы бойынша, сакралды география – бұл әртүрлі географиялық объектілердің, географиялық кеңістіктердің белгілі бір әлеуметтік-мәдени шындықпен, атап айтқанда қасиетті категориялармен байланысы туралы білім жүйесі. Қасиетті ұғым, ең алдымен, дінмен және оның мистикалық жағынан тікелей байланысты. Қасиетті деген ұғым әрдайым трансцендентікпен, мистицизммен және құпиямен байланысты екенін білдіреді [2].
«Сакралды» мәртебесі таулар мен өзендерге, үңгірлерге, тастар, тоғайлар, жолдар, ұлы адамдардың өмір сүрген орындары мен зираттар, көне ғимараттардың қирандылары, кітаптар, храмдар және басқа да мәдени, тарихи және табиғи мұра ескерткіштерге беріледі. Сакралды нысандар халықтардың тарихи өзін-өзі анықтауының, олардың өзін-өзі бағалауының, ұлттық мақтаныштарының негізінде жатыр және олардың одан әрі дамуына үлкен әсер ететіні сөзсіз.
Қазақстанның сакралды нысаны – Қазақстан арқылы өткен Ұлы Жібек жолы, ортағасырлық қалаларымыз және сақтардың алып қорғандары: Есік, Берел. Алматы қала ретінде, петроглифтер, түркі киелі жерлері – осының бәрі тарихымыздың негізін құрайды. Ерекше топты түркі-ислам өркениетінің ұлы тұлғалары Қожа Ахмет Яссауи, Арыстанбаб, Үкәш ата, Гаухар ана, Домалақ ана, Бәйдібек ата т.б. құрайды. Сакралды туризм дегеніміз ұлттық бірегейлікті қалыптастыру және қоғамның заманауи санасын жаңғыртуға бағытталған сапарлар. Бүгінгі күні осындай сакралды бір нысанның ашылуына куә болып отырмыз. Шындығында, Айқожа ишанның өмірін, қызметін, тарихын зерттей келе, сол замандағы қазақ халқының өмірінің сипатын ашып отырмыз. Айқожа ишан тұлға ретінде де, дін өкілі ретінде де тарихта ізін қалдырған тұлға. Айқожа ишанның кесенесі (XIX) мемлекеттің қорғауына алынған ескерткіш. Осы киелі өңірге сакралды саяхаттар ұйымдастыруға болады. Сакралды туризмді дамытудың алғышарттарына қызығушылықты туғызатын нысандардың болуы, көлік, түнеу, тамақтану, экскурсиялық қызметтердің болуы жатады.
Сакралды туризмнің бірнеше түрлері бар. Тарихи және мәдени құндылықтарға деген қызығушылығынан туындаған тарихи-мәдени сакралды туризм. Оның ерекшелігі өткенге, тарихи-мәдени объектілер мен құндылықтарға, дін мен қызметке, әулие жерлерге саяхат жасау арқылы жасалады. Бұл туризм түрі танымдық мақсатты да қамтиды.
Келесі түрі археологиялық сакралды туризм, яғни тарихи орындарға, қалалық және діни ғимараттарға, сәулет құрылыстары мен ескі қалашықтарға саяхаттау қызығушылығынан туындаған.
Табиғи-экологиялық сакралды нысандардың табиғи-экологиялық туризмнің құрамдас бөлігіне жасалады. Бір ерекшелігі сакралды нысандар геологиялық ерекшелігі бар жерлерде орналасады, мысалы, үңгірлер, жерасты бұлақтары, ерекше «оқытылған» ағаштар, жартастар және т.б.
Ғылыми-танымдық сакралды туризм білім беру және ғылыми зерттеу жүргізу, туынды ақпарат жинау арқылы сакралды нысандардың тарихын зерттеу арқылы жалпыұлттық патриотизмді қалыптастырады. Ол көбінесе ғылыми және әдістемелік зерттеулер, конференциялар, семинарлар, көрмелер өткізу, экскурсиялар, туристік жорықтар жасау арқылы жүзеге асырылады.
Медиативтік-сауықтыру сакралды туризмнің тағы бір ерекше түрі. Қазіргі турист ерекше шынайы тәжірибелер мен идеяларды, даналық пен бірліктің ерекше тәсілдерін іздеуге талпыныс жасайда. Қазақстанда діни, зиярат туризмі жақсы дамыған.
Сакралды жерлерге саяхаттар халықтың ұлы рухани ұстаздары мен батырларын тануға, рухани тазару және тіршіліктің біртұтас негізгі құндылықтарын бағалау, саналы әлеуметтік бірлікке, мәдени шығармашылыққа және жеке жетілдіруге итермелейді.
Болашақтың жолы бүгіннен басталады деп, тарихи маңызы бар бүгінгі іс-шара жалғасын табады деп үміттенеміз.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
- https://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy
- Усубалиева С.Д., Уайсова А., Айтбаева Г.Д., Тусупбекова Г.М., Ракымжанова С.С. Сакральный туризм//Алматы: ТОО Издательство «Фортуна Полиграф», 2020.10,6 п.л.
- https://kyzylorda-pamyatniki.kz/kz/main/
АЙҚОЖА ИШАН ТЕМІРҰЛЫНЫҢ 250 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «АЙҚОЖА ИШАН ЖӘНЕ СЫР БОЙЫНДАҒЫ ТАСАВВУФ ИЕЛЕРІНІҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚИЛЫ ТАҒДЫРЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫНАН





