Бір суреттің сыры

Көне күмбез құпиясы

Аңыз айтады…
Кең даланың төсін қуырып жатқан кұммен суыртпақтап соққан жел жеткiзген ұлы аңыз бар. Ол бозарып атқан таң мен көкжиегiне батқан күннiң келбетiн, дүниеге келген сәбидiң шырылын, түн қатып жол жүрген жас батырдың жорығын, қас сұлудың күлкiсiн, желмаяның жүрiсiн кең далаға қыл қобыздың үнiмен жеткiзiптi. Мына дүниенiң өткiншiлiгiн шер ғып тартқан қылқобыз үнiнен тiрлiк иесi түгелдей сiлтiдей тынып, қара жер тiтiркенiптi, ажалда айбарынан айныпты деседi. Сол ажал құдiреттi қобыз үнiн жақыннан естiмек болып жолға шыққан қырық қыздың бiрi ақсақ қыз кейпiнде қобыз үнi естiлген жаққа қарай жол тартыпты. Ажалдан қашқан Қорқыт мiнiп жер жаннатын iздейдi. Тау асып, тастан өткен Қария жолында небiр өзен-су кешiп, жаны жай таппай, Сыр бойына жетедi. Ақырындап жылжып Қорқыт отырған жерге жақындаған ажал-ақсақ қыз қобыз үнiн ести сала, қыз бейнесiн тастап жыланға айналса керек. Кенеттен үзiлген қобыз үнiнен құдiрет иесiн бiр көре алмайтынын сезген ақсақ қыз да сол жерде көз жұмады.
Деректер бойынша, Кезiнде Қорқыт Атаның денесi Сыр бойының жағалауында, оның оң жақ беткейiнде жерленген екен. Сол кездегi жұрттың хабарсыздығы болар, кейiн бұл зиратты қайта жерлеу қажеттiлiгi туындайтын ойламаған. Өйткенi физикада Кориолис күшi деген заңдылық бар. Бұл заң бойынша жер шарының солтүстiк бөлiгiндегi өзiндер оң жақ беткейiнiң, оңтүстiк бөлiгiндегi өзендер сол жақ беткейiнiң арнасын шайып отырады. Осы заңдылық негiзiнде Сырдың Қорқыт Ата жатқан жерi кемiрiлiп, қобызшының қабiрiне жақындаған, сөйтiп қайта жерлеу рәсiмi 1968 жылы қолға алынған болатын. Қазақ ССР Жоғарғы кеңесiнiң Қорқыт ата қабiрiнiң басына кесене орнатылсын деген қаулысы шығады. Бұл мiндет мүсiншi Бек Ыбыраевқа жүктеледi.
Сәулетші айтады…
Қасиеттi адамдар бұл дұниеден өткенде, олардың шарқ ұрған шыбын жаны ешқашан оны тастап кетпейдi екен. Қарапайым адамның санасы жете бермейтiн басқа бiр болмысқа айналып, о дүние мен бұ дүниенiң арасындағы байланыстарды бойынан өткiзетiн таңғажайып сипатқа ие болады. Бұл туралы әлемде жинақталған мәлiметтер бар, оны бiлу-сезу жай пендеге мiндеттi емес, бiрақ сескену керек. Қасиеттi аруақтардың бiрi Қорқыт атаның кесенесiн жобалауға үлкен толғаныспен, рухани дайындықпен кiрiстiм десем, артық айтпаспын. Оның қалдырған мұрасына тереңдеп, қобыз күйлерiнен жүрек толғанысы мен шерiн түсiнуге тырыстым. Ақырында ескерткiш тек қана музыка аспабы үлгiсiндей болуы тиiс деп ойладым. Құлағымнан кетпейтiн қобыз үнiн жеткiзгiм келiп талай мамандармен ақылдастым, оның да сәтi түстi.
Жетпiсiншi жылдардың соңы, коммунистердiң айдарынан жел есiп, халықтың да Ұлттық санадан алшықтап, өз болмысына жатырқай қараған кездерi едi ғой. Кесененi салу кезiнде де жергiлiктi қызыл комиссарлардың түртпектеуiнен талай түсiнбеушiлiктер туындады. Олардың қаупi де орынды, халықтың тағзым өтiп күш алатын, жоғарыда айтылған қосмостық қуаты бар орынның айналасында күмәндi алып-қашпа сөз туындатып, қарапайым халықты дүдәмал халге жеткiзу оларға үлкен пайда. Бұл
көп жылдар көлемiңде сынақтан өткен үйреншiктi тәсiлдер екенiн кейiн түсiнiп жатырмыз. Жұмыстың барысында, осындай қиыншылықтардан шаршап, қолымды бiр сiлтеп, бәрін тастап, жүк поезына отырып үйге қашып келген кезiм де болды. Сонда шешем:
-Жұмысынды бiтiрмесең неге келдiң, еркек басыңмен. Мұңынды шағынуға келдiң бе?-дегенде ұялып, қайта оралғанмын.
Сөйтiп, ескерткiш орнатылатын Байқоныр мен Қармақшы аудандарының ортасында кесене салу жұмыстарын бастап та кеттiк.
Қарап отырсақ, құрылысқа кiрiскен топты бiрқырсық қатты айналдырған сияқты. Шығармашылық тобымыздың арасында ши жүгiрткен органдардың әрекетi, ерекше тылсым күштiң көлеңкесiнде айдалада қалды. Құрастырушы, салушы, темiршi, тас қашаушы сияқты әр тұрлi мамандардан тұратын үлкен ұжымның кейбiр мүшесiнiң отбасында қайғылы оқиғалар бола бастайды. Сап-сау жүрген жүргiзушi бiр күнде жынданып кетедi. Екi қалада бiр күнде, бiр сағатта екi бiрдей азаматтың әйел-баласының тосынан қазаға ұшырағаны туралы суық хабар мүлдем есеңгiретiп жiбередi. Әрине, әлдеқашан о дүниелiк болып кеткен адамдардың түсiн түстеп, мазасын алу ойымызда жоқ, сол себептi мезгiлсiз қазаларға көп тоқтамай, себебiн бiлуге тырысайық. Содан архитектор Бек бастаған бiрсыпыра азамат ел арасында аты шығып жүрген жетi жасар көрiпкел қызды тауып алып, жолығып, себебiн бiлмек болады. Жас бала: «бiр апаны көрiп тұрмын» деген сөзден басқа маңдыртып ештеңе айтпайды. Жергiлiктi ақсақалдардың кеңесімен, мүсiншiлер Қорқыт қабiрiнен қашықтау жерде жатқан Ақсақ қыздың жартылай бұзылған моласын тауып алады. Аңғарған адам бұл қабiрдiң табиғи құбылыстың салдарынан емес, әдейiлеп техникамен бұзылғанын бiле қояр едi.Осыдан кейiн қабiрдi түзетiп, бастапқыда жобада ескерiлмеген болса да, Ақсақ қызға арнап белгi қоюға шешiм жасайды. Бiр қызығы, осы сәттен бастап елдiң үрейiн алған оқиғалар сап тиылады. Тек қана Ақсақ қыз мазары жасалып бiткенде ұста мен оның әйелiнiң бет-аузы қисайып кеткен екен. Тегi, мазарының төбесiн түзу салмай, қисық қалаған ұстаға көрсеткен Ақсақ қыздың ашуы шығар, кiм бiлсiн… Бұл кұнде соққан желмен бiрге күңiренiп күй шертетiн Қорқыт қобызы өткен-кеткен жолаушылар мен халықтың зияарат ететiн қасиеттi жерiне айналған. Көрмеген-бiлмеген ел даурықпа сөзге құмар, бiрақ бар қасиетiн iшiне бүккен ескерткiштiң бiзге белгiлi тұстары осы едi.
Сәулетші айтады…
Осыған ұқсас оқиға 1993 жылы Мемлекеттiк тарихи мәдени және әдеби-мемориалды Жидейбай-Бөрiлi мұражай-қорығында, Абай-Шәкәрiм мемориалды кешенiн салу кезiнде қайталанды. Тағы да үлкен жұмыс екi заманның өзгерiп, жолайырыққа тірелген тұсына тап келдi. Архитектураға қажеттi сапалы құрылыс материалдары түгiл, дүкен сөрелерiнде кәдiмгi кiр сабынның қат болған тұсы. Ескерткiшке бөлiнген мемлекет қаржысы күннен кұнге құнсызданып, ескерткiштiң бiтер-бiтпесiне күмәндi көзбен қарай бастағандардың қатары көбейе түскен. Тобымыздағы маман жiгiттердiң де мазасы кетiп жұргенiн сезсем де үндемеймiн. Осыған дейiн Қорқыт Ата, Алтын Емелдегi Шоқан ескерткiшiн салғанда жинақтаған тәжiрибем бар, аруақтардан бiр белгi болатынына iштей сенемiн. Бiр күнi ұйықтап кетсем түс көрiппiн. Өзiмiз жұмыс iстеп жатқан цех екен деймiн. Айналадағы қара көлеңке бiртiндеп сейiлiп, Абайдың биiк бейнесi көрiндi, үнсiз жымиып, басын сәл изегендей болды. Көрген түсiмдi жақсылыққа жорып, жiгiттерге сабыр берiп, жұмысымыз жақсы бiтедi деп сендiрген болдым. Абай-Шәкәрiм кешенiн жобалауда халқымыздың түсiнiгiне жақын әлемтануының космологиялық дәстүрлерiн негiзге алдым. Ұзындығы 200 метр, енi 65 метр, биiктiгi 5 метр платформа ой бойынша Абай мен Шәкәрiм екеуiнiң қабiрлерiн бiрiктiредi. Оның екi ортасының ара қашықтығы 140 метр. Бұл ұзындық қазақ аңыздарына сәйкес дүниенiң үш деңгейiн білдiретiн үш қабатқа, ярусқа бөлiнген. Кесенелер мұнара тектес, алайда, орналасуы мен мұнарасының бiтiмiмен ерекшеленедi. Абай мұнарасының биiктiгi 32,5 ал Шәкәрiм мұнарасының биiктiгi 31,5 метр. Қабырғасына тоқсан тоғыз қасиеттi пайғамбардың аты ойылып жазылған. Кесенелердiң еденi мәрмәрдан мозайка техникасымен төселген. Жалпы композицияны төрт бұрышты мұнара аяқтайды. Бұл қазақтардың Ұлы аруақтардың рухынан денсаулық, бiрлiк-табыс сұрау ұшiн тағзым ететiн орны деп белгiленген. Құран оқып, түнеуге мұнара iшiнде орын белгiленген. Әңгiме осы жөнiнде болмақ. Қазекемнiң әдетi ғой, үлкен iстiң бiтуiн ойламай, сынап-мiнеп, шығармашылық адамның шамына тиiп, көсемсiп кететiн. Осындай көреген кiсiлерден бұл ретте де арыла алмадық. Ақырында мұнараның не керегi бар едi деген сөзге де қалдық. Оқып зерттегенiмiз бар, қазақтың қалыптасқан дәстүрi бар, ертең зиярат етiп келгендердi қайда орналасады, осыларды ескере отырып, бұл мешiтiмiздi де алып қалдық. Жобаны қалған құрылысшыларға табыстап, өзiм атқаратын шаруаларды реттеп, Алматыға оралғам. Жұмыстың шамамен бiтедi-ау деген уақытында соқсам, мұнара бастапқы жоба бойынша дөңгелек емес төрт бұрышты болып қаланыпты. Адамның пендешiлiгiне не айтарсың, әрiптесiм өзiнiң қолтаңбасын осылай қалдырғанын жөн санаған болу керек. Мен не дейiн, қайта тұрғызбасым анық: Болары болған екен, әдiлiн аталардың өзi айтар-едiм.
Көп уақыт өтпей, әлгi әрiптесiмнiң басына бөрене құлап, бет-жүзiн жаншып кетедi, тағы бiр әрiптесiм ауруға шалдығады. Мұны бiреудiң шамына тиейiн деп, не болмаса өткен оқиғаны қайталап еске алайын деген ойым жоқ. Қазақта қарапайым тiршiлiкте айтылатын аруақ ұрған деген ұғым бар. Оның ғылыми негiздерiн дүние жүзiнiң мәдениеттанушылары-жақты зерттеп, оның әр түрлi дiн ұстанушылар үрдiсiнде әрқалай сипатпен көрiнiс табатынын айқындап-та қойған. Ұлы Абайдың «Ақырын жүрiп аңық бас, еңбегiң кетпес далаға» деген сөзiнен артық ешкiм айта қоймас.
…Аңыздан ақиқатқа айналған Қобыланды батырға Көктім-Аймақ хан «Ұлым менің, сенің төбеңде төрт шуда бұлт жүзіп барады. Саған бергенім сол. Жазда да қыста да олар сені жауыңнан қорғайды» деген екен. Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Жиренқопа жерiнде батырға қойған кесененiң үстіне батырдың бойтұмар-бұлты қайта оралғандай болды. Батырдың дулығасындай бейнеленген кесененiң сәулетшiсі – Бек Ибраев.
Абызы мен Ақынына, Батырына кесене салып, Ерлігі мен Ерігі, Махаббаты мен Намысын ұлықтап, қазақы Мәнін айшықтап, Аңызын тірілткен сәулетшінің шығармашылғының нәзік тұстарының шымылдығын түріп, үңілуге тырысқан жайымыз деп ұғарсыздар, қалың оқырман.

Ұқсас мақалалар

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button